Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Салауат Кәрім. Лев Толстой және қытай философиясы...

Салауат Кәрім. Лев Толстой және қытай философиясы

10.10.2025

5344

Салауат Кәрім. Лев Толстой және қытай философиясы - adebiportal.kz

ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың  басында Лев Толстой Қытайда  әйгілі болды. 1910 жылғы  қазан айында  жазушының қазасын қытай газеттері мен журналдары «Ұлы философ», «Әдебиеттің әйгілі шебері», «Мартин Лютерге қарағанда тереңірек діни реформатор», «Ресейдің ұлы  данышпаны» деп теңеді.  Шанхайда шығатын «Минлибао» газеті «Менің сенімім неде?» деген Толстойдың рухани дүниетанымдық еңбегіне қатысты «Біздің қазіргі әдебиетімізде бұдан құнды кітап бар ма? Қазіргі қытай жазушыларының арасында Толстойға тең келетін, Толстой сияқты күшті, қорықпайтын жүрегі бар жазушы бар ма?» деген сұрақ  қойды.

Қытайда Толстойдың көркем шығармалары мен рухани дүниетанымдық - философиялық  еңбектері  қытай тіліне аударылып, көп тиражбен басылды. Қытайдың ең ірі жазушылары, зиялылары мен қарапайым қытайлықтар Лев Толстой шығармашылығына құрметпен қарады.

Лев Толстойдың Қытайға көзғарасы да, қытайлықтардың Толстойға деген  құрметі де  ерекше. 2010 жылы Толстойдың қазасының 100 жылдығы кезінде: «Ұлы орыс жазушысы қайтыс болғаннан бері 100 жыл өтсе де қытай оқырмандарының саны айтарлықтай.  Бұл оның ұлттан тыс және адамгершілік құндылықтарды бейнелейтін әдеби шығармаларына, сондай-ақ Шығыс және Батыс философиясындағы адамның рухани өмірін және ой санасын зерттеуге күш салған еңбегінің құрметі» немесе  «Лев Николаевич Толстой қайтыс болғаннан кейін жүз жылдан астам уақыт өтті. Бірақ біз ұлы орыс жазушысының дүниетанымы мен шығармашылығына тоқтала отырып, Толстой идеяларының конфуцийшілдік, моизм және даосизмнің Шығыс философиясының  қағидаларымен  ұқсастығын сөзсіз атап өтеміз, бұл Л.Н.Толстойды қазіргі қытай зиялыларына ерекше жақын етеді» деп атап өтті.  

Қытай  Ұлттық мұражайында  (Пекин) 2014 жылы өткен Л. Н. «Толстой және оның уақыты»  атты  ауқымды  көрмеден  көрініс

Өткен ғасырдың басында Толстойдың хатшысы болған Ф.Б. Булгаков:   «Ол (Толстой)  егер  жас болсам,  мен Қытайға барар едім», - дегенін  еске алып жазды. Толстойдың Қытайға баруға мүмкіндігі болған, Толстой 1855 жылы Ресей тарапынан Қытай әскерін үйретуге шақырылғаны туралы айтылады.  Жазушы Ресейде батыл офицер ретінде танылып, бірнеше ірі шайқастардан кейін «Ерлігі үшін» орденімен, басқа да бірнеше медальдармен марапатталған кезі болатын. Алайда Толстой Қытайға барудан бас тартады,  мұны өзінің 1905 жылы  еске алғанына  қарағанда: «Қырым соғысынан кейін Қытайға адамдар жіберілді. Менің  жолдасым артиллерия офицерлерін қытай әскерлерін үйретуге мені нұсқаушылыққа баруға көндірді. Мен қатты тартынғаным есімде, жолдасым  Балюзек Қытайға аттанды, бірақ оған «Шығыс халықтары айлакер!».... деп оған басқа да тапсырмалар берілді, ол кейінірек елші болды» дейді, «басқа да тапсырмалар» дегені Толстойдың тыңшылық қызметке шақырылғанына сілтеме жасап, Лев Толстой Қытайға бармады, себебі Сыртқы барлау қызметімен байланысқысы келмеді (нұсқаушы офицерлерге тыңшылық қызмет міндеттелетін) дегенді алға тартады зерттеушілер, ал кейбір зерттеушілер «Шындығына келгенде Толстой соғыстан әбден шаршаған еді, әскерден мүлдем кетіп, демалуды ойлады, біраз уақыттан кейін Толстой отставкаға кетті» - дейді.

 

                «Қытай  қорғаны» болған -  Толстой.  «Қытайға хат»

 

Әлем тарихына  Англияның Қытайды тәуелді елге айналдыру мақсатындағы «Бірінші «апиын» деген атпен енген соғысы  (1840 – 1842 жылдары) және  «Екінші «апиын» соғысы  (1856 – 1860  жылдары) бұл кезде Англияға Франция мен АҚШ  қосылып, сол кездегі Қытай ішіндегі азаматтық соғысты пайдаланып, 1856 жылы британдықтар Үндістанда өндірілген есірткіні  Қытайға еркін әкеліп, тұтас бір елді есірткіге «отырғызып» үлкен нарық жасағысы келді. 1862 жылы Лев Толстой ағылшын отаршылдарының басқыншылық соғысына наразылық білдіреді, «Бұл ағылшындардың Қытайға жасап отырған жексұрын  ісі» деп  әшекерлейді. Сондай-ақ  жазушы «Прогресс және білім беруді анықтау» (1862 жылы)  деген мақаласында: «Екі жүз  миллион  халқы барҚытай бізге жақсы мәлім, олар біздің  бүкіл прогресс туралы теориямызды  жоққа шығарады..., ал оған сенбейтіндер зеңбіректерімен  және мылтықтарымен  қытайлықтарға прогресс идеясын үйретпекші.... деп келеді де:  «Қытай мен үнді жерлеріндегі  жаңа Англия соғыстарына,  Ұлы Француз революциясынан кейінгі екі бірдей  Бонапарт құрған жаңа Францияға, құлдың құқығы үшін қатал соғыс жүргізіп жатқан жаңа Америка елдеріне  қарағанда Ежелгі Греция мен Римде  әлдеқайда  еркіндік пен теңдік болды», —  деп Батыс Европа отаршылдарына қарсы Қытай тәуелсізідігіне  араша түседі. 

Лев Толстой 1857 жылы жазған «Люцерн» әңгімесінде де еуропалықтардың қиянаты мен қатыгездікетерін  суреттейді.                    

Лев   Толстой 1906  жылы  оған «Et nunc, reges, intelligete. The moral causes of the Russo-Japanese War», Shanghai, 1906 («Қазіргі, патшаларойланыңдарОрыс-жапон соғысының моральдық себептері») және  «Papers from a viceroy’s Jamen» («Йемен вице-королінің құжаттары») атты қытай жазушысы Ку-Хун-Минге (Ku-Hung-Ming) жіберген  кітаптарына  үндеу хат түріндегі «Қытайға хатын» жазып жолдайды.       

Хат мақалада Лев Толстой қытай халқының өмірі әрқашанда оны қатты қызықтыратыны, қытай даналары — Конфуций, Менце, Лаотце  кітаптарымен және оларға түсініктемелермен танысуға тырысқанын, Қытай буддизмі, еуропалықтардың Қытай туралы кітаптарын  оқығаны жөнінде айта бастайды.

Толстой «Ежелгі замандардан бері бейбіт және еңбекқор адамдардың ортасынан зорлық жасағанды артық көретін, зұлымдықты таңдайтын,  жауыз адамдар болады, осы жауыз адамдар бейбіт адамдарға шабуыл жасап, өздеріне жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Бұл  Батыста да, Шығыста да, мемлекет болып өмір сүретін барлық халықтарда болды, мұндай ғасырлар бойы жалғасып келеді, қазір де жалғасуда.

Еуропа халықтарының азғындығынан зардап шеккен  қытай халқы соңғы кезге дейін оларға жасалған барлық жауыздыққа шыдамдылықпен жауап беріп келеді»  деп қытайлықтарға қолдау көрсетеді. Толстой еуропалық ұлттардың озбырлығына қарсы қытай халқын сабырлыққа шақырады, олардың момын табиғатына тәнті болады. 

Жазушы ағылшындарға қарсы соғыста қытай халқына жеңіс әкелетінін баса айтып,  ең қиын сәтте зорлыққа  деген көзқарастарын өзгертпеуге, зұлымдыққа зұлымдықпен жауап бермеуге «Батыс халықтарына  еліктемей, олардың қателіктерін қайталамай, олар секілді дөрекі, қарақшы, яғни азғын, зұлым болмауға», «Батыс Шығыс халықтары үшін үлгі бола алады, бірақ олардың істегенін істемеу керек, істемеу керектігінен үлгі алуы керек»  -  деген тілектерін  жеткізеді.

«Менің ойымша, қазіргі заманда адамзат өмірінде үлкен төңкерістер болып жатыр және бұл бетбұрыста Шығыс халықтарының басында Қытай түбінде үлкен рөл атқаруы керек» деп үміттенеді Толстой. 

  

              Толстойдың Шығысты іштен тануы

 

Лев Толстойдың 1850-1860 жылдардағы күнделігінде қытай философиясы  туралы алғашқы жазбаларды көруге болады. Әдебиеттанушы  Александр Шифман «Лев Толстой және Шығыс» деген кітабында: «Толстой қытай ойшылдары еңбектерінен өзінің діни-адамгершілік көзқарастарымен үйлесетін нәрселерді алды», екінші жағынан,  өзінің ішкі күйзелісі  кезінде Шығыс ойшылдары оның рухани  бетбұрысы кезінде  маңызды рөл атқарды»  дейді.   

Толстойдың қытай философиясына  жақындауы дүниетанымдық қажеттіліктерін дамытумен қатар, рухани күйзелістерден шығу үшін керек болғаны рас, өйткені жазушының  интеллектуалдық деңгейіне,  ішкі жан дүниесіне терең әсер етті, Толстой бұдан кейін күнделіктерінде қытай философтары туралы жиі айта бастады, қытай философиясын, әдебиеті мен фольклорын үлкен қызушығылықпен зертейді, Конфуций мен  Лао – цзы дүниетанымдық мұраларын орыс тіліне аударады.   

Батыс  Еуропа ағартушылары басында  Лев Толстойды «орыстың реалист жазушысы», «бүлікшіл жазушысы» деп қабылдады ағартушылығын кейін таныды,  ал Шығыс Толстойды бірден ұлы ұстаз ретінде қабылдады, бұл шындыққа  жанасады, дегенмен  Толстой Батысқа да, Шығысқа да тең қарады, оларды бөлген емес, Батыстың озбырлығын да, Шығыстың әлсіздігін де көрсетуден тартынған емес.

Толстой Шығыс пен Батыс ортасында дәнекер болды, Толстой  еуропаның отаршы елдер саясатының  Азия елдері халықтарын терең дағдарысқа ұшыратыны туралы көп жазды, Толстой Шығысты ішінен тануға ұмтылды.

Толстой Батыс  Еуропа ағартушылығын қабылдағанымен отаршыл Батыс Еуропа елдерінің прогресс үшін әрекеттерін, сондай-ақ евроцентристік, еуропалық мәдениеттің, тарихтың және құндылықтардың басқа мәдениеттер мен өркениеттерден артықшылығын көздейтін философиялық, идеологиялық тенденцияларды мүлдем қабылдамады. Толстой еуроцентризм  отаршыл елдердің  саясатын ақтаудың  ыңғайлы құралы деп санады.

Жазушының  Ясная Полянадағы иелігіне  Үндістаннан, Қытайдан және Жапониядан ағартушылар, жазушылар, гуманистік бағыттағы адамдар  жиі келді,  қытай жазушылары: Чжан Чин-тунн және Ку Хун-Мин, жапон жазушылары Кай Сенума, Токутоми Рокан, Абэ Исоолар Толстоймен аралысып, хат алмасып тұрды. Толстойдың бейбітшілік, соғысқа, зорлық-зомбылық қарсы идеялары  қытайлықтарға жақын еді.

 

«Қытай даналығы».  Конфуций  -  Ұлы ілім

 

1891 жылы Толстой  оның  дүниетанымына қандай  ойшылдар ең көп ықпал  етті деген сұраққа  Лао - Цзы  «орасан зор ықпал»  етті  және Конфуцийдің «өте үлкен әсерін» тигізді деп атап өтеді. 

Лев Толстойдың қытайлық философиялық ілімдері туралы 1884 жылы «Қытай даналығы» деген  жинағы жарық көрді, жинақ «Конфуций кітаптары», «Ұлы ілім» және «Ақиқат жолы кітабы» деген үш қысқа мақаладан тұрды. Толстой 1884 жылы  ақпанда еуропа аудармаларына сүйене отырып, ең алдымен ежелгі қытай философы Конфуций (б.з. д. 551-479 өмір сүрген)  ілімдері туралы тоқталады. 

Еуропалықтар  Конфуций ілімін философиялық деуге болмайды, ежелгі дәстүрлер мен рәсімдер жиынтығы деп санады, ал  Лев Толстой Конфуций ілімін: «Тыныштық пен тұрақтылыққа қол жеткізетін, адамның  өз жаратылысымен өмір сүруі»  деген бір сөйлеммен анықтады. 

Толстой Конфуцийдің «о середине и равновесии» («ортаны ұстану»  және «тепе-теңдік сақтау туралы»)   ілімін моральдық жағын былай тұжырымдайды: «Ішкі тепе-теңдікті  сақтау -  бұл адамның барлық жақсы іс әрекетінің күретамыры: ал ризашылық (қанағат, шүкірлік, автор) -  бұл барлық адамдардың басты заңы. Адамдар ризашылық күйде  болса  ғана бақытты, тәртіпті  болады, әлемдегі  барлық тіршілік иелері өркендейтін болады» деп анықтайды, Толстой  Конфуцийден өзіне жақын рухани негіздерді, ең алдымен адамгершілік құндылықтарды іздеді.

Конфуций іліміне қатысты Толстой «Адамзат адамгершілігінің (адамның моральдық- этикалық негіздері) жетілу процесі де шексіз, адам ешқашанда идеалға қол жеткізеді деп айта алмаймын. Алайда  адамның моральдық міндеті — өмір бойы білім алу және жетілуге  ұмтылу» деп анықтайды. 

Лев Толстой дүниетанымындағы рухани құндылықтар  Конфуцийге  өте  жақын еді, Толстой өмірінің соңғы жылдары Қытай данышпандарын бірінші орынға қояды.

Толстой күнделігінде: «Мен өзімнің адамгершілік жай күйімнің жақсы болуына Конфуцийге және ең бастысы Лао- цзыға қарыздармын» деп күнделігіне  жазады.

Толстойдың Қытай данышпаны Конфуцийді терең түсіндіргеніне қарағанда,  оның да адамгершілік танымдарын, қағидаларын аңғаруға болады.

Толстой қытай даналары еңбектеріндегі олардың идеяларын шебер жеткізген аудармашы, қытай данышпандарының стилдік, лингвистикалық және философиялық, мағыналық аспектілерінің күрделі мәселерін шешіп, ұлттық рухани танымдарды жақындастырады, оны Конфуций іліміндегі мына мәтін контекстерінен анық көруге болады.

 «Ежелгі патшалар, өз халықтарына аспаннан түскен ақыл нұрының бастауын ашқысы келгенде, ең алдымен, өз патшалықтарын жақсы басқаруға тырысты. Өз патшалықтарын  жақсы басқаруға тырысқандар, ең алдымен, өз отбасыларында тәртіп орнатқысы келді. Өз отбасыларында тәртіп орнатқысы келетіндер, ең алдымен, өздерін түзетуге тырысты. Өздерін түзетуге тырысқандар, ең алдымен, жүректерінде шындықты орнатуға тырысты. Жүрегінде шындықты орнатуға тырысқандар, ең алдымен, өздерінің тілектерін таза ұстауға тырысты. Өздерінің тілектерінің таза болғанын қалайтындар, ең алдымен, жақсылық пен жамандық туралы өз пікірлерін жетілдіруге тырысты. Жақсылық пен жамандық туралы пайымдауды  жетілдіру  - іс-әрекеттің басталуы, себептерді тереңірек ұғыну» - деп аударды.

Толстой Конфуции іліміне қатысты «Патшадан бастап соңғы адамға дейін әркімнің өзін-өзі  түзетуі және жетілдіруі», әйтпесе мұны оны  өзін-өзі жетілдіру деп қана айтуға болады. Бұл бүкіл адамзат баласы құрылысын жақсарту» деп  комментарии береді. 

 

              Лев Толстой   мен   Лао–Цзы  адам  жарытылысының  заңдары туралы

Қазіргі ғылым Лао Цзы ілімінің  өзегі - «Дао» - «Жол» деген мағынаны білдіреді, болмыс, ең жоғары ғаламдық заңдар жиынтығы, жарталылыс  бастауы, ақиқат көзі деп таниды. 

Даосизмнің  негізін қалаушы  Лао - цзы  жаратылыс жолын көрсетіп, зорлық  пен қиянаттан аулақ болу идеяларымен танымал болды, ал Лев  Толстой  жаратылыстың табиғи  заңдары мен тәртібіне үлкен мән берді, адам жарастықта өмір сүріп, жаратылыс  заңдарын ұстануы керек деп санады.

Лао - цзының  «Дао те цзин» кітабы 1870 жылдардың аяғында Толстойға ерекше әсер етсе керек , Лао – цзы трактаттарын  оқығаннан кейін  «Метафизикасы - ғажап», «Таңқалдырады», «Керемет» деп жазады.

Қазіргі зерттеушілер Толстойдың  Лао-  цзы аудармаларына   қатысты Толстой  ежелгі қытай данышпаны келбетімен  данышпандыққа  деген ұмтылысы еді дейді.

Лев Толстой  «Дао те цзин»  ілімін француз және неміс тілдері аудармашыларын салыстыра оқыды, орыс тіліне де аударуды көздейді, қытай тілін білмегендіктен жапон тілі аудармашысы Д. П. Конисиге аударма жасауды ұсынады. Осылайша «Дао те цзиньді» орыс тіліне алғаш  аударылды.

Л. Н. Толстой аударма редакциясында «Дао» мағынасы біріншіден,  рухани бастау, тіршілік иелері үшін рухани қағидалардың  заңдары, сондай-ақ  Дао «Ақыл-ой» деп те  түсіндіреді.  

1903 жылы Лев Толстой «Әр күнге арналған дана сөздер» жинағына   Лао-цзының  36 сөзі кірді, бұдан кейін Толстой  Лао – цзы  дәйексөздерін өзінің жинақтарына бірнеше рет енгізді.

1909 жылы  Толстой қалың  оқырмандары үшін «Дао те цзиннен» афоризм аудармаларын жасайды, қайтыс боларынан бірнеше ай  бұрын  1910 жыл шілде айында Лао – Цзыды мұқият зерттеген және аударып  редакциялаған  64 қысқа мәтінді афоризмнен тұратын шағын кітап шығарады, кітап оқырмандар арасында жылдам тарайды.

Қытайлықтар  «Лев  Толстой жазушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшыл, ол Шығыс философиясын, ең алдымен Конфуций, даосизм және Мо-цзы ілімдерін жақсы көрді. Лев Толстойдың сүйікті данышпаны Лао-цзы болды» - деп бүгінге дейін мақтан тұтады.

Сөз соңында  Қытайда  1950 жылдан  2004 жылға дейінгі аралықта  Лев Толстойдың өмірі және оның шығармалары туралы 500-ге жуық ғылыми мақала жарық көрді. 1978 жылдан бастап әйгілі қытайлық аудармашы  

Л. Толстойдың барлық шығармаларын қытай тіліне Цао Ин  жиырма жыл бойы аударып, оның аудармалары негізінде жалпы көлемі 4,5 миллион иерогливтен тұратын 12 томдық шығармаларының  толық жинағы шықты дейді.

(жалғасы бар)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan