Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Салтанат Қайырбек. Қазақ өлеңі көбіне сәтті метафо...

Салтанат Қайырбек. Қазақ өлеңі көбіне сәтті метафоралар мен ұйқастарға негізделген...

23.01.2026

5073

Салтанат Қайырбек. Қазақ өлеңі көбіне сәтті метафоралар мен ұйқастарға негізделген... - adebiportal.kz

Кеше әлеуметтік желіде Ықылас Ожайұлының «Әдебиет порталында» шығармашылық адамдарында болатын орта жастың күйзелісі туралы айтқанын тыңдап екі нәрсені ойға алдым. Біріншісі – әдебиеттегі тақырып проблематикасы, екіншісі – кризистің өзі туралы. Әуелі, тақырып турасындағы ойым – автор батыл да кесек ойыларын мейілінше деликатты түрде жеткізуге тырысқан.

Әр нәрсені өз атауымен атайтын болсақ, бұл – жалпы адам үшін ауа мен судай элементарлы қажеттілік – ішкі күй мен арпалысты басуы тиіс, жанды нәрлендіріп, ойды сусындатуы, жараны жазуы қажет.  Қазақша «әдебиеттің»  өз функциясын тиісінше орындай алмауы; құрылымдық және идеялық тұрғысынан көптеген тақырыптардың ашылмауы мен  қамтылмауы десек те болады. 

Әдеттегі «ұлылығымызға» салып, бұдан қандай жамандық көрдік? 

Қайта біз ұсақ-түйекті «жырламаған» халықпыз деп ақталу да  біздің танымға тән.  Мұның әлеуметтік Һәм экономикалық салдарын көру – көзі ашық адамға қиынға соқпаса керек еді. 

Тақырыптық кризис – тілдік қолданыстың проблемасына, тілдік проблема әлеуметтік-саяси, кейін экономикалық мәселелерге әкелетіні сөзсіз. 

Бұл ойды өзімнің бірінші курста «әйелдер поэзиясы» туралы сөз болғанда ортаға салғам. Әсте мені мұғалім де, топ та қолдамаған еді.  Мен қазақ тілінде жазылған өлеңдерінің идеясынан гөрі сипаттық құрамы басым екенін дәлелмен көрсеттім. 

Мәселен, әйелдің жылауы, күйреуі, аңсауы, өкінуі бар да ал ситуацияны талдау, одан қорытынды шығару өлеңдерде аса сирек. 

Қазақ өлеңі көбіне сәтті метафоралар мен ұйқастарға негізделген. 

Мысалы, жай ғана «Сильная женщина плачет у окна» сынды орыс өлеңі жеткізетін күй мен күрескерлік өрнектелген қазақша өлең таппадым. 

Бұл – әйелдің мықтылығы мен  әлсіздігін, күйреуін, мойындауын жеткізетіні сынды күрделі құбылыс қой.  Ал адам үшін осы сынды сәттерде өзі ғана емес, басқалардың да басынан өткенін білудің өзі, ұқсатудың өзі ішкі сырласу, өзін емдеу, түсіну болар еді. Ал әр реңіктегі көңіл күй, ана тілінде жазылмағандықтан да, халық импорттық шығармаларды тұтынуға мәжбүр. Әсте бұл – сындарлы ой болғанымен, ұстаздарымның көзінде бұл Алла Пугачеваны қазақтан биік көру, біздің классиктерге өреміздің әлі де жетпеуі сынды түзетулері мен ескертулерінен әрі ашылмады. Қазақ әдебиетінің өзегінде жатқан, бірақ көп айтылмай келген осындай шындықты күні кеше ашық айтуға тәуекел еткен Ықылас Ожайұлының сөзін бәз қалпында тілге тиек еткім келеді:

«Ғылымға байланбаған, уақытқа бейімделмеген әдебиеттің адам жанына түсірер еш жарығы болмайды. Мұны айрықша айтып отырғанымыз, орта жас, оның ішінде қырық жастың дағдарысы туралы психология ғылымында арнайы айтылады. Бұл білген адамға, шынымен-ақ, үлкен дағдарыс. Ең талантты қаламгерлердің өз-өзіне қол қатуы да өзге жаспен салыстырғанда осы кезеңдерде көп кездеседі. 

...Көбіне біздің мәдени мазмұн, оның ішінде әдебиет өркениеттік мұратқа емес,  ата-бабалар авторитетінің моделіне құрылған. 

Енді сол ата-бабаларымыздың аруағын аспандатып, (анығырақ айтсақ) ішін кептіріп тұрып мақтасаң, ең ізетті жан, ал кез келген көзқарасына сау ақылмен сындарлы қарай бастасаң адасқан, я қағынан жерінген бейбақтың біріне айналасың.Сайып келгенде мұның бәрі қазақ әдебиетіне интеллектуалдық сын, сондай-ақ ғылымдағы дискурс пен мәдени полемика ұғымдарының ауадай қажет екендігін айғақтайды».

Өлең құрылысы туралы өзім жазған «Поэтикалық аттракцион» атты еңбегімде  дағдарыстың өлеңге арқау боларлық келесідей реңктерін тізіп жазғаным бар:

1. Сарқылу

– жоғалған өжеттік

– «күн көруге» кеткен қуат

– қартаю

– мойындалмау

2. Махаббатқа өкініш

– «кейінге» қалдырылған сезім

– бастан кешіруге жүрек дауаламаған махаббат

– дұрыс таңдау, бірақ іші бос

– дер кезінде танылмаған кездесу

3. «Егер…» иллюзиясы

– балама өмірбаян

– өкініш – қиялдың бір түрі

4. Дұрыс, бірақ бөтен жолға өкініш

– менің дұрыс жолмен жүргенім өз жолым емес

– апатсыз, бірақ қуанышсыз жол

– тірі қалаудан биік тұрған ақыл

– қауіпсіздік – жоғалтудың бір түрі

– өзіңе сай келмейтін табыс

5. Үндемей қалғанына өкініш

– айтылмаған сөздер

– ішкі цензура

– күлкілі, артық, әлсіз болып көрінуден қорқу

6. Мағына таппай жоғалған иллюзиялар

– жұбанышсыз есею

– цинизмсіз түңілу

– жалтақтау

– орнын ештеңе баспаған ғажайыптың жоғалуы

7. Өзіне деген сағыныш

– қол жетпейтін қарапайымдық

– тәжірибе мен тіріліктің қақтығысы

8. «Кеш» деген сезім

– мүмкін болса да – енді құлқым жоқ

– мүмкіндік кеткен соң келген тілек

– жабылған есікке айналған уақыт

– іске асудан бұрынғы шаршау

9. Пайдаланылмаған талантқа өкініш

– хоббиге айналған дарын

– тағдырсыз қабілет

– тұрмыста жоғалған сый

– өз күшіңе жауапкершіліктен қорқу

10. Ақталмаған махаббат

– елеске арналған сезім

11. Кезінде қандай едім...

– күйреу

– сатқын болып көрінген уақыт

– «сол кез» бен «қазірдің» арасы

12. Драмасыз өкініш

– менде бәріқалыпты болды – мәселе де сонда

– тереңдікті жойған драманың жоқтығы

– құламай да, көтеріле де алмаған өмір

– бақытқа айналмаған бірқалыптылық

– тыныштықтың ішіндегі бос кеңістік 

Екіншіден, Ықылас Ожай қырықтың дағдарысын Карл Юнг арқылы түсінуге тырысқанын жазады. 

Ал мен Н.Н.Талебтің «Антихрупкость» кітабынан посттравматикалық өсу туралы құнды идеялар алдым. Яғни соққыдан кейін сынбау емес, сол соққының өзінен күшею. Жел – шамды өшіріп, өртті үдетеді. 

Гиперкомпенсация механизмінің шарты – белгісіздікті қабылдай алу екен. 

Дағдарыспен күрес тақырыбы өз алдына. Бұл рационалды қоғамда эмоцияналды тұрғыда «әлсіз» топ – шығармашылық адамдарының қажеті қанша? Бұл сұрақтың да саналы оқырманды ойландыруы заңды. 

«Талдау» жобасы аясында көбіне аналитикалық, кәсіби мәтіндермен жұмыс істеп жүріп, бір сәтте әдеби шығармаларды «пафос қана» деп қабылдай бастағанымды байқадым. Сол кезде америкалық ойшыл, математик, эссеист және тәуекел, ықтималдық пен белгісіздік мәселелерін зерттеуші Нассим Талебтің мына бір ойы ерекше назар аудартты: 

«Моя аллергия к бессмысленному и многословному исчезает, когда дело касается живописи и поэзии. Я встречал коллег, «рациональных», здравомыслящих людей, которые не понимали, почему я восхищаюсь поэзией Шарля Бодлера и Сен-Жона Перса или неясными (и зачастую необъяснимыми) сочинениями писателей вроде Элиаса Канетти, Хорхе Луиса Борхеса или Вальтера Беньямина. Они попались на удочку телевизионных гуру с их анализом или соседей на дорогих автомобилях с их подсказками и втянулись в покупку акций компаний, о которых не знают ровным счетом ничего. Участники Венского кружка с их жесткой критикой пустословной философии объяснили, что с научной точки зрения она – просто мусор, а с художественной – гораздо ниже музыки. Должен сказать, что чтение Бодлера для меня гораздо приятнее, чем повторы новостей CNN или передачи Джорджа Уилла».

 Әсте, күрделі мәтіндердің салмағы аңқылдақ шығармашыл көңіліме миықтан қарай бастағанда, бұл сөздер  өзімді қаламгер ретінде қанаттандырып Талебпен иық таластыртып, марқайтып қойды. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan