Саршұнақ аяз

Адам баласының басынан өтетін қилы-қилы тағдыр жолдарын автор қызықты етіп суреттеп ұсынады.

25

Саршұнақ аяз - adebiportal.kz

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтың 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Бүгіннен бастап түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отырады. Оқырман порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

Сарышұнақ Аяз

(немесе құйын қуған қария хақындағы хикая)

Сағым... Көз алдыңда көлбеңдеген көк әлем... Сілейіп тұрасың да қаласың... Бұлдыр да емес, бу да емес... Арасына арбап шақырар елес те емес... Қол созсаң ұстатпайтын, жақындай түссең жуытпайтын жұмбақ құбылыс та емес... жазғы шілденің ыстық торы. 

Шаңқай түсте дала дірілдеп, көкжиек құбылып жатады. Жанарыңдағы жарты әлемде беймәлім тіршілік иелері бірде көкке, бірде жерге қарай жүзіп жүргендей көрінеді... енді бірде дөңгелек нүктелер дүниені басып жатқандай күй кешесің. Тылсым әлемге еніп, қиялдағы таңғажайып бар арманыңды орындағың келеді. Орындасам дейсің... орындалса дейсің... осындай бір ойдың жетегінде тұрған Мұратты көлік дауысы елең еткізді. Қаладан қиырда жатқан ауыл үшін көлік түгілі, атты адам келсе де жаңалық еді. 

30-ға жуық үй тұратын Еспе совхозы оңтүстіктің шөлейт аймағында орналасқан. Таулы деп айтуға келмейді. Жайылып жатқан жазығы бар. Жота, төбе, шоқы болып жалғасып кете береді. Қыры мен қыраты да көп. Ауыл жұрты қашықтықты қырмен өлшеп үйреніп қалған. Біреу біреудің малын сұраса, алты қырдың ар жағында жайылып жүр деп жөн сілтейді. Әр қыр, әр сай, әр шоқыға ат қойып тастаған. Дүкенбайдың жотасы, Естеместің шоқысы, Сырлыбайдың қыры, Тасқұдық, Кендірдің жырасы, Кемпірөлгенсай... деп кете береді. Совхоз да екі қыр ортасындағы алақандай жазықта орналасқан. Қаладан келетін қара жолдағы қыр биіктеу-ақ. Жолы да қия түскен. Қыстыгүні көліктің өзі қиналып шығады, кейде жете алмай жататын. Дәл осы жолмен шаңғытып, құйындатып екі көлік келеді. 

Ауыл балалары күннің ыстығын елесін бе?! Қара ағаштың көлеңкесіне жиналып, күндегі әдеттеріне басқан. Айтатын әңгімелері, ойнайтын ойындары таусылған емес. Мұрат көліктерді қырдан қылтиып шыққанда-ақ көрген. Сағым арасындағы қою бір қара нүкте шығар деп елемей, қиялына шомып тұра берген-ді. Барлап енді қарағанда, бәрі түсінікті болды. Еспеде мұндай көліктер жоқ. Кімде қандай көлік, тіпті, қаладағы туыстарында нендей көлік барларын да біледі. Ал мына көліктерді алғаш рет көріп тұр. Аудан орталығындағы интернатта оқып жүргенде де байқамаған. Ауылға жақындағанда көліктер жылдамдығын азайтты. Жолайрықтан өтіп кетпей, қара ағаш астында ойнап жатқан балаларға қарай бұрылды. Мұрат көліктердің маркасын енді толық аңғарды. Бірі – волга, бірі иномарка екен. Ондай иномарканы ауыл жұрты «шетелский» дейтін. Ал мұндай «шетелскийді» Мұрат бұрын-соңды көрмеген еді. Терезесі ашылғанда бәрі телміре қарады.

– Балалар, бұл қай ауыл? – деп сұрады көлік алдында отырған етжеңді

қараторы жігіт. 

– Еспе совхозы, - деді жапатармағай. 

– Еспе болса, онда Аяз атаның үйін кім біледі? Балалар үнсіз қалды. Әлденеден соң: 

– Аяз ата біздің ауылда тұрмайды, - деді Қырмызы қысыла сөйлеп. 

– Бізге Еспеде тұрады деп айтты ғой, - деді қараторы жігіт жүргізушісіне

қарап. Жүргізушісі үндеген жоқ. Аздан соң Қырмызы «Аяз ата бізге қыста ғана келеді...» – деп қалды. Қараторы жігіт те, жүргізушісі де мырс етіп, артынан қарқылдап күлді. 

– Аяз ата... Аяз ата... атына мән бермеппіз ғой. Бізге де дауа жоқ. Шілденің шіліңгір ыстығында айдаладағы ауылдан Аяз ата іздеп жүрміз, иә. Үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді ғой, - десіп, тағы күлді. Сосын барып ересектеу Мұратқа қарап: 

– Аяз деген үлкен қария. Бірер жыл бұрын, мүмкін одан ерте қайтыс болған. Сол кісінің осында әйелі, үйі бар деп естідік. Соны іздеп жүрміз, - деді. 

Мұрат көрші қарияны іздеп келгенін енді ғана ұққандай болды. Бірақ ауыл

жұрты оны өмірінде Аяз ата деп айтқанын естімеген еді. Оны бәрі сарышұнақ Аяз дейтін. Үлкендердің өзі осылай атайтын. Арагідік құйын шал, кезбе шал деп айтатындар да бар-ды. Аяз би деп әйелі Дәмегүл ғана айтатынын біледі. 

– Мен үйін білемін, - деді Мұрат аздан соң. Балалар да таңырқай қарады.

– Ее, бәсе. Сонша жерден келгенде таппай кетеміз деп ойламап едім. Жаңағы кісілер жақсы жөн сілтепті. Олай болса, баста, бала, - деп

қараторы жігіт көліктің артқы есігін нұсқады.  

Мұрат міз бақпай тұрып қалды. Мінгісі келіп-ақ тұр. Ол үшін көліктің іші бөлек бір әлем болып көрінді. Тапа тал түсте келген таныс емес көлікке мінуге жүрексініп те тұр. Үлкендер балаларға «бейтаныс көлікке мінбеңдер, жөйттер ұрлап кетеді, біз таппай қаламыз» деп ылғи ескертіп отыратын. Мұрат мұның барлығын білсе де, балалардың алдында батыр болып көрінгісі де келді әрі арасындағы ересегі де өзі. Аяғын қалай алға басып, қолы қымбат көліктің есігін қалай ашқанын білмей де қалды. Балаларға бір қарады да, мініп кетті. Ұрлап кетсе, үйге хабар беріңдер дегені көзінен-ақ көрініп тұрды. Көлік қозғалғанда, балалар «Мұратты алып кетті» деп үйлеріне қарай жүгіре жөнелді. 

Қос көлік қатар келіп тоқтағанда Дәмегүл түскі ұйқысынан енді оянған еді. Жан-жағынан орамалын іздеді. Шалы қайтқалы әл-дәрмені азайғандай сезініп жүр. Әлі күнге дейін есік алдынан тысырлаған дауыс естілсе, Аяз биім келіп қалды ма деп елегізеді. 

Бұл жолғы көлік дауысы қаттырақ шықты. Терезе пердесін түріп қарағаны сол еді, сойталдай-сойталдай жігіттер көліктен түсіп жатыр екен. Арасынан Мұрат үйіне қарай жүгіріп бара жатты.

Кеңес Одағы кезіндегі үйлердің өз ерекшелігі бар. Мұраттың әжесі тұратын үй мен Дәмегүлдің үйі жапсарлас орналасқан. Бұрын жұрт Аяз бен Ахаттың үйі дейтін. Мұраттың атасы дүниеден қайтқалы 2 жылдан асты. Аяз да жалғанмен қоштасқалы биыл, бірінші жаз. Екі үйдің шатыры бір, бір шаңырақ астында орналасқан, ортасын қалың қабырға ғана бөледі. Ал пеш түбінің қабырғасы жұқа. Кей дауыстар естілетін. 

Мұрат үйге кірген бойда жалма жан пеш түбіне жүгірді. Жаңа ғана машинада отырған түрі сұсты кісілер Дәмегүл әжеге не айтар екен деп тыңдауға асықты. Суыт жүрулеріне қарағанда маңызды шаруамен келгендері анық байқалады. Ал көліктің ішін айтсаңшы?! Бір көзін ашқанда өзін суда жүзіп бара жатқандай сезінді. Ауылдың ой-шұңқыр жолын ішінен сезген де жоқ. Орындығы қандай жұмсақ. Оны қойшы, далада қырық градус ыстық болғанда, ішінен салқын леп ұрып тұруы ғажап емес пе? Еспеде ара-тұра еспе жел тұрғаны болмаса, ондай салқын леп соқпайтыны хақ. Жақын маңда өзен де, көл де, теңіз де жоқ. Жаздыгүні ыстықта балалар тасқұдықтың жанындағы әуітті мұздай ащы суға толтырып салқындағаны болмаса, басқаша салқындауды елестетіп көрмеген де еді. Ал мына көліктің ішіндегі салқыннан сыртқа шыққың да келмейді. Одан кейін қараторы жігіт ұсынған тәтті кәмпитті алмағаны еске түсті. Ол кезде расымен қорыққан. Ал енді соны аңсап отыр. 

Екі көлік екі сағаттан кейін қайта қозғалды. Мұрат қабырғаның ар жағындағы күңгірлеген дауыстан ештеңе аңдаған жоқ. Басында біраз тыңдап, кейін одан да жалықты. Төр бөлмеде ұйықтап жатқан әжесінің жанына барып, жантая кеткен. Ал сол күні Дәмегүл бұл үйге бас сұғып келмеді. Мұраттың әжесі Айғаным да қаладан қонақтар келгенін естісе де, баруға асықпады. Ал сол бір күннің ішінде аядай ғана ауылда алып-қашпа әңгімелер желдей есіп жатты. 

Аяздың алыстағы ағайындары іздеп келіпті. Қалада бай-қуатты тұрады екен. Дәмегүлді алып кетеміз депті. Бірақ қартайған кемпірді олар не қылмақшы дегенде бәрі тосылады. Екі ешкі мен бір сиырын дәметіп келгені ме? Әлде қалаға алып барып, бала бақтырғысы келе ме екен? Әркім әрқалай болжап бақты. Енді бір өсектің ұшы алтынға барып тірелді. Аяз кезінде осы адырдан ат басындай алтын тауып алған деседі. Соны біртіндеп қалаға алып барып, сатып отырған көрінеді. Алтын алып бармаған соң, сол кісілер іздеп келген екен деген қауесет те тарады. 

Мұратқа бұл қауесет шындай көрінді. Ауылда оны Мұраттың атасынан өзге ешкім тыңдай қоймайтын. «Қойшы, сол саршұнақ Аязды» деп қол сілтей салатын. Кейбіреулерін кекететін, кейбіреулер мұқататын. Тек Ахат қария ғана арқасынан қағып, айтқанын асықпай тыңдайтын. Мұны Мұрат көрші болғасын, болмаса, жарымжан пенде болғасын мүсіркейтін шығар деп топшылайтын. Бірде атасына сарышұнақ Аяз айдалада түнде қалқып бара жатқан шар көргенін айтқан. Тұтығып отырып әрең түсіндірген еді. Сөзінің соңын екі рет қайталайтын. Мұрат та сол кезде атасына арқан есіп көмектесіп отырған. 

– Мен, мен бар ғой, кешее, кешее түнде анаааау қырдың астында жанып бара жатқан шар көрдім, шар көрдім, - деді. 

– Содан оны не істедің? – деді Ахат. 

– Мен алыстан, алыстааан қарап тұрдым, сосын пері қызы олай келмейді дедім де, қайтып кеттім, - деген-ді Аяз. 

– Еее, ол алтын көші ғой. Баяғыда ақсақалдар осы далада алтын бар деуші еді. Жүз жылда бір көшіп тұрады. Соны көрген шығарсың...

– Алтын, алтыыын, алтын, - деді де таңырқап, Аяз орнынан тұрып кете барған. 

Осы әңгімеден кейін Мұраттың да алтынға ынтасы ауып, атасынан алтын  көші жайлы сұраған. Сол кезде атасы айтқан кей сөздер ойынан әлі шыққан емес. Қараңғы түнде, ай жарықта, алтын көшетін көрінеді. Ол жаңағы Аяз айтқандай, шар тәрізді ауада қалқып, сосын орын алмастырады. Соны көрген адам, сұқ саусағын тіліп, шардың үстіне қанын тамызса, алтын сол жерге тоқтайды-мыс. Мұратқа сол күннен бастап алтын көшін көрсем деген қиял біткен. Ал мына жұрттың «Аяз алтын тауып алған» дегені, оның қиялын ұрлап кеткендей көрінді. Шынымен, Аяз сол күні қыр астына қайта барып, сол шарды қойнына қысып қашып кеткендей күй кешті. 

«Аяз шетелдің тыңшысы болыпты» дегендер де табылды. Өтірік жынды болып жүріп, осы өңірдегі бар ақпаратты жансыздарға жеткізіп жүрген десті. Енді біреу «оның ауыл сыртындағы ескі қорымда арнайы базасы бар екен» деп бөсті. Мұны екі көлік Дәмегүлдің үйінен шығып, Аяз жатқан бейітке бет түзегенде байқапты-мыс. Естігеннің бәрі «о, тоба», «о, тоба» деп бет шымшыпты. Мұратты бұл қауесет те таңғалдырмады. Аяз расымен жұмбақ жан болды. Оның бар мінез-құлқын, әр ісі мен қимылын, күнделікті шаруасы мен ішіп-жемін Мұрат назарда ұстайтын. Интернаттан үш ай жазғы демалысқа келгендегі бір ермегі де осы еді. Бірақ одан тыңшы шығады деген ой келмепті. Ол қайта өзін тыңшымын деп ойлап жүрген. 

Бірде жеті түнде Дәмегүл апа үйіне балық алып келгені есіне түсті. Атасы Ахат қайтқалы Айғанымның жабырқап жүрген шағы. 

– Әй, Айғаным, әлі жатсың ба? Мынаны балаң екеуін қуырып жеңдер, -деп бір табақ ала келіпті. 

– Аманбысың, Дәмегүл?! Не алып келдің, біз бейбаққа? – деп әжесі басын көтерді. 

– Балық алып келдім. Сазан деген балық. Қуырсаң тамаша ас болады, - деді. 

– Ойбай, о заманда, бұ заман. Балық дегені несі? Біз деген балық жеп көрген дейсің бе?

– Оның дым қиындығы жоқ. Ұнға бір малып аласың да, қызып тұрған майға салсаң болды, асың дайын, - деді Дәмегүл. 

– Мейлі, бірдеңе етіп пісірерміз. Пісіруді қойшы, балықты қайдан алдың, көрші?

– Ее, балықты Аяз биім алып келді. Ол екі аптадан бергі алыс жолдан оралды. Жолай аулапты, - деді. 

– Мен білсем, жақын маңда су атауы жоқ. Сенің шалың ұзаққа кетеді екен. Тыңшы екен ғой, - деп Мұраттың әжесі күлген-ді. 

– Мен саған ылғи айтамын ғой, Айғаным. Мені тентек шалым өлтірмейді. Өзі өлсе де мені өлтірмейді. Ол перінің қызын іздеп дала кезіп кетсе де, мені аш қалдырмаған. Мені тентек шалым өлтірмейді... – деп шығып кеткен. 

Мұраттың сонда айтқан әжесінің тыңшы дегені еске түсті. Бірақ Аязды өзінен артық танитын ешкім жоғын тағы ойлады. Тыңшы дегенге қимады. Қайтіп қисын, Аяз оны бірнеше рет ажалдан аман алып қалған пенденің бірі еді...

****

Еспе «совхоз» болып тың игеру жылдарында құрылды. Оған дейін қаладан жырақта жатқан шағын ғана ауыл еді. Аяз бұл совхозға ертеректе-ақ келген. Ертеректе болғанда, бала кезінде. Үлкендер ашаршылық жылдары анасымен бірге келіп, осында қалып қойған деседі. Енді біреулер анасы осы ауылға тұрмысқа шыққан, артынан келген ұл дейтін. Екеуі де шындықтан алыс емес. Анасы осы ауылдағы бір жылқышыға тұрмысқа шықты. Аяз болса, бозбала кезінде ауылда болған жоқ. Қайда болғанын ешкім де білмейді. Біреулер нағашыларының қолында болды десе, енді біреулер Сталинград жақта бір жамағайын қолында болған дейді. Бәрінің білетіні біреу ғана. Ол жырақта жүргенде сарышұнақ пен аламан аулайтын бригадада болған. Буыны бекіп, сүйегі қатпаған бозбала сол жақта жүріп ауру тапқан. Ауру болғанмен, аты жоқ ауру. Үлкендер «салқын тиген» деп қана «диагноз» қойыпты. Анасының алып бармаған тауы, түнетпеген тасы қалмады. Енді одан да алысқа алып баруға шамасы жетпеді. Өгей әкесі соғысқа кеткенде «анаңа бас-көз бол» деп тапсырған. Ол үддеден бірде шықты, бірде шықпады. Жастайынан совхоз жұмысына да жарамай, жынды деген жарты парақ қағазымен ғұмырын жалғастыра берді. 

Аяздың жұмысы көп. Ой мен қырды, сай мен саланы, жыра мен ойпаңды кезіп жүретін дала кезбесі. Еспеде ол білмейтін ұя, ол білмейтін аңның іні жоқ. Жұрттың жоғалтқан малын тауып беретін жақсы қасиеті де бар. Мал іздеуге көмектескенде ынты-шынты, бар ықыласымен кіріседі. Тіпті, бірде бір жоқшымен ірі қарасын іздесіп бір ай жоқ болып кеткені де бар. Күн демей, түн демей, аптап демей, аяз демей дала кезіп жүре береді. Оның бұл әдетіне үй-іші түгіл, түгел ауыл үйренген. 

Еспенің қырына саңырауқұлақ пен қозықарын көп шығады. Көктем шықса, саңырауқұлақ, қозықарын тереді. Ең сүйікті ісі осы. Ал қайда көп шығатынын Аяздан артық ешкім білмейді. Кейде енді өсіп келе жатқан саңырауқұлақтарды өскенде теріп аламын деп шөппен жасырып кететіні де бар. Ол жасырған саңырауқұлақты екінің бірі таба алмайды. 

Саңырауқұлақтың маусымы аяқталып, күн ысып, шөп қурай бастағанда Аяздың тағы бір сүйікті жұмысы басталады. Жұрт «Аяз әдетіне басыпты», «Аяз екі шелегін алып шығыпты» дейтін. Ол тасқұдықтан ерінбей су тартып, қыр-сайдағы бүкіл сарышұнақ ұясына құйып шығатын. Аяздың бұл қылығын ешкім қойдыра алмады. Анасы қанша жалынса да, өгей әкесі қанша тепкінің астына алса да, тіпті апталап үйге қамап қойса да, Аяз сарышұнақ ұясына су құюын қойған емес. Бірде совхоз басшысы келіп, ауыл ақсақалдарына базына айтқан. «Мынаның күшін совхоздың өсіп-өнуіне салу керек қой, ағайын. Не деген қара күш, не деген шыдамдылық. Мынадай ыстық күнде бүкіл інге су құю оңай деймісіңдер. Одан да алдына мал салып, қойшы етейік. Болмаса, шөп шабуға шығарайық. Басқа да шаруалар көп қой, бұл жасайтын. Бұлай далада тентіреткенше, тентекті тезге салып, тезірек жұмыс беріңдер» - деп тапсырған. 

Аязға ағайын жұмыс беріп те көрді. Қойды қуып, өкпесін өшірді. Шөпті шауып, шөмеле жасағанда, өртеп жіберді. Құдық қаздырып та көрді. Ел болып әрең шығарып алғаны бар. Соғысқа барып келген, тентек деген Тастемірдің өзі ұрып-соқса да тілін алдыра алмаған. Көп көресіні сол көрсетті. Кейін Аяздың қылығына совхоз басшылары да көндікті. «Бір тентектің еркелігін көтереміз де» дейтін болды. Сарышұнақ та егіске көп залал келтіреді, олардың көзін жойған жақсы деп үндемейтін-ді. 

Сарышұнақ пен аламан ауыл шаруашылығы үшін ең зиянды тіршілік иелері. Соғысқа дейінгі жылдары, одан кейінгі уақытта, тың игеру кезеңінде де бұл жануарлармен арнайы күрес жүрді. Әсіресе, Аяздың бозбала шағында 5-6 адамнан тұратын бригада құрылатын болған. Ол бригада сарышұнақ пен аламан аулап, оны сойып, терісін өткізеді. Жылдық жоспарлары да болған. Ең көп тері өткізген бригадаға үкімет сый-сыяпат жасаған. Қаржылай қомақты сыйақы бөлген. Аяз құрамында болған бригада осындай жетістікке жетіп, газет-журнал бетіне шыққан да екен. Оны ауылдағы бір кісі қалада жүргенде газет қиындысынан көріпті. Аяз екенін бірден танып, ауылға алып келемін деп жүргенде жоғалтып алыпты. 

Сарышұнақты қалай соятыны жайлы Аяздың Ахат атасына айтып отырғанын Мұрат талай естіген. Ол бригада құрамында «қасапшы» болыпты. Сарышұнақ аулайтындар бөлек, соятындар бөлек, ал оның терісін кептіріп, ретке келтіретіндер бөлек болады. Аяз екінші тобында болған. Бозбала үшін басында қызық көрінгенмен, кейін аяушылық сезімі оянған. Тіршілік иесін тірідей өлтіру оңай ма? Жұмыстан бас тартқан. Басшысы қайта жеккен. Болмаған соң оған сарышұнақты өлтіріп беретін болған. 

  • Бізде бес түрлі сарышұнақ түрі бар, бес түрлі, бес түрлі, ең көөөбі осы бесеуі - деп Аяз бес саусағын арбыйтып айтатыны Мұраттың әлі есінде.

Ылғи, келген сайын айтатын әңгімесі осы.  

  • Олар қызғылт, тарғыл, сарғылт, ұзын құйрықты және Батыс Сібір деген түрі бар, - дейтін. 

  • Ал мынау бізде жүргені қайсы, - дейтін Ахат қария әңгімені жалғап. 

  • Бізде, бізде жүүүргені, мынау біздегі, ол сарғылт, арасында қызғылты да бар. Свистуны көп. 

  • Білесің бе, Ахааат? 

  • Нені?

  • Бұлардың дауысы захардай ғой?

  • Әй, осында қанша жыл өмір сүріп, осылардың дауысын есітіп көрмеппін. Сен ғой оны есітетін, сен ғой олардың қас жауы.

  • Жооо, жооқ, жоооқ, олай деме, олай деме. Мен олардың қас, қааас жауыыы емеспін! Досымын мен, досымын мен. 

  • Жарайды, олар қандай дауыс шығарады?

  • Олар, олар, кәдімгі бала сияқты шырылдайды. Бірі үшін бірі жан беруге даяр. Білесің бе? Олар бала сияқты шырылдайды.

  • Енді соны білсең неге шырылдатасың?

  • Жоооқ, жоооқ, мен оларды шырылдатпаймын. Тек, тек, теееек баяғыда шырылдатқанмын.

  • Неге шырылдаттың?

  • Мм, мменн, оларды соятынмын...

  • Қалай соясың?

  • Оларды союдың екі әдісі бар... мен, мен біріншісін таңдайтынмын. 

  • Ол қандай әдістер?

  • Жерге, жерге бар ғоой, қазық қағасың. Оған 25-30 сантиметрдей тұзақ жіп алып, сарышұнақты артқы және алдыңғы бір аяғынан керіііп тұрып байлайсың. Сосын, сосын... тірсегін тіліп жібересің. Сосын, сосын...

  • Сосынмен аяқтай сал, ар жағын айтпай-ақ қой. Сонша байқұстарды не үшін соятын едіңдер?

– Ахааат, Ахатт, сен білмейсің ғой... сарышұнақ бір жылда 10-15 кило егіс дәнін жейді. Ол деген шаруашылық үшін үлкееен шығын ғой, шығын.

Егістің жаңа шыққан сабағын қиып, ө-ө-өзегін сораады, сосын егістің дәнін жейді-і-і, - дейтін. 

Мұраттың ес білгелі еститін әңгімесі осы болатын. Бірде сарышұнақты союды айтса, бірде терісін қалай баптап күтетінін, енді бірде бейкүнә тіршілік иелерін қалай аулайтыны жайлы айтатын. Ахат қария да тыңдаудан еш жалықпайтын. Әсіресе, қалай аулайтыны жайлы жалықпай сұрай беретін. Ондайда Аяз да аянып қалмайтын, бар білгенін айтатын, кейде көзі шапыраштанып кететін. «Қайтсін, жастығында көрген жақсылығы ғой» деп Айғаным мүсіркей қарайтын да, шай беретін. 

  • Сарышұнақты қысқы ұйқыдан кейін аулау керек, - дейді Аяз бір келгенінде. 

  • Неге? – деді Айғаным.

  • Ол кезде сарышұнақтар інінен көп шығады. Аулау жеңіл. Әрі бар ғой, әрі жүні қалың, терісі құнды болады. 

  • Онда осы сен неге қазір ауламайсың?

  • Қазір ауламаймын... ауламаймын... 

  • Әлде аулауды ұмытып қалдың ба? Бұрын қалай аулайтын едіңдер? Аңшы кезіңде қалай аулайтын едің? – деп әжесі күлетін.

  • Сарышұнақты ұстау оңай. Қақпан құрасың, жіп тұзақ, сым тұзақ жасайсың, болмаса, болмаса су құйып шығарып аласың. От қоясың... көп қой әдістерііі.

  • Ее, атакәсібіңді ұмытпапсың, - деп бір күлетін. 

Мұрат мектепке барар жылдың жазында қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Екі беті албырап, қызуы түсер емес. Басы солқылдап, көзі шүңірейіп кетті. Ахат пен Айғаным аудан орталығындағы таныс дәрігеріне де қаратты. Бір дәрілерді берген. Одан беті бері қарай қоймады. Үйге келіп кетіп жүрген Дәмегүл де бәйек болып, бар білгенін жасап бақты. 

  • Бұған күн ө-ө-өткен, - деді Аяз бір келгенінде. 

  • Өтсе өткен шығар, күні бойы далада ойнайды. Ойын көрмегендей, - деп әжесі кейіді. 

  • Көз тиген, - деді Дәмегүл. 

  • Көз тиді ме, сөз тиді ме? Ее, Жаратқан баламның дертіне шипа бере гөр, деп Айғаным қолын жайды. 

  • Әке-шешесін сағынып ішікті ме екен? – деп Дәмегүл тағы бір дүдәмал болжам жасады. 

  • Ее, оларды сағынатын болса, әлдеқашан жіберетін едік қой. Мұрат ата-апасының баласы. Әкесін әке, шешесін шеше деп айта алмай жүр ғой бұл. Одан қалса, адырда не қызық бар дейсің? Жалғыздан жалғыз іші жарылар. Олар кейінгілеріне де қарап қарық қылып алсын, - деп Айғаным бір кейіді. 

  • Мен кешкее көөөөп шөөөөп алып келемін, соған шомылдырамыз, - деп Аяз шығып кетті. 

Айтқанындай кешке 3-4 түрлі шөп теріп келді. Оның бұл ісін Айғаным ақыл көрді. Арасынан шашыратқыны бөліп алып: 

  • Әй, баяғыдан осыны неге ойламағанбыз, Ахат? Аяздың алып келгені жөн болды. Кішкентай кезімізде бізді осыған шомылдырып жатушы еді ғой. Қазір ұмытып та қалыппын. 

  • Ем болсын, оны қайнатып, таң атпай шомылдыратын. Солай жаса. Шомылдырған соң суын сүртпе, денесіне сіңсін. 

  • Ахаааат, Ахаат дұрыс айтады. Таңда шомылдыру керек, - деп Аяз шығып кетті. 

Ертесі таңда әжесі Мұратты ерте оятты. Күншығыс жақтан таң енді ғана қылаң берген. Ұйқылы-ояу жатқан күйі шешіндірді де, кіре беріс бөлмеге көтеріп келді. Арасында «бір уыс болып қалыпты» деп күбірлеп қояды. 

– Құлыным, ем болсын! – деп бір ожау суды үстіне құйып жібергенде,  Мұраттың денесі тітіркеніп сала берді. Бейне бір бар ауруы сол бір ожау сумен ағып кеткендей күй кешті. Одан кейін талықсып бара жатқаны әлсін-әлсін есінде. Көзін ашқанда Мұрат мүлде басқа күйде оянды. Көрпесі малмандай су, әжесі болса басында бір дұғаларын іштей күбірлеп айтып отыр. 

– Әже мен сап-саумын, тіпті ауырмаған да секілдімін, - деп айтқысы келіп барып, тілін тістеп қалды. Бал қосылған шай ұнап қалған. Жазылдым десе, шайсыз қалатындай. 

– Шай беріңізші, - деп жай ғана сыбырлады. Әжесі жалма-жан атып тұрды да, сыртта сарнап тұрған самаурыннан бір шәйнек шай демдеп келді. Оған бал қосып, тағы бір шөп араластырып, немересіне ұсынды. Шайдан бір сіміріп алып, «қарным ашты» деп тағы еркеледі. Әжесі Мұрат ұйықтап жатқанда кеспе көже пісіріп қойыпты. Иісі мұрын жарып, дәмі тіл үйіреді. Мұны ішкен соң Мұрат безеріп жата беруді жөн санамады. Алдымен үй ішінде ойнап, ақырындап сыртқа қалай шығып кеткенін өзі де байқамады. Сол күні кеште Айғаным көршілерді кешкі шайға шақырды. Алғыс айтқысы келген. Дәмегүл жалғыз келді. Аяз болса дала кезіп кетіпті. 

– Ата-бабамыз қандай көреген, ә? Әр шөптің қасиетін білген. Шашыратқы болмаса, Мұраттың дертіне шипа табар ма едік? – деп Айғаным сөзін бастады. 

– Оның рас. Бұл шөп жайлы ұмытып та кетіппін. Әуелі, Жаратқан, одан кейін Аяз биімнің есіне түсе қалғанын қарашы, - деді Дәмегүл. 

– Аяз қайда? Мына ыстық астан дәм татады деп күтіп едім. Әлгінде ғана аулада жүр еді ғой?

– Ее, ол перінің қыздарына кетті... соларды іздеп асанқайғыланып барады.

– Әлі таппады ма? – деп күлді Айғаным.

Мұрат болса көрпесін қымтап алып, пері қыздары, хор қыздары жайлы ойға шомды. Қиялына ерік беріп, арман теңізінде жүзді. Пері қыздарының сұлулығын елестете алар емес. Көршінің қызы Гүлайдай болар. Әттең жасы сәл үлкен демесең, хас сұлудың өзі ғой. Бірақ пері қызының сұлулығында мін болмас. Гүлайда қандай мін бар? Бірақ оны таппай әлек. Кенет түнеугүні көшеде ойнап жүргенде бәрінің қара сағыз шайнағаны есіне түсті. Гүлай бұрын-соңды сағыз көрмегендей шайнаңдап, езуін бір жимаған. Аузын жауып шайнаса қайтер еді деп ойлаған. Міне, мін таптым деп қуанды. Бірақ ол қылығының өзі Гүлайға жарасатындай көрінеді. Иә, иә Гүлай қандай қылық, қандай наз айтса да өзіне жарасатын сұлу. Жоқ, пері қызы бәрібір сұлу болу керек. Осы ойымен тағы арпалысады. Айтпақшы пері қызында да мін бар емес пе? Олар сөйлей алмайды. Иә, иә сөйлей алмайды. Гүлаймен әңгімем жарасып-ақ тұр. Осылай ойының түбіне сүңгіп жатып Мұрат ұйықтап кетті. 

Түсінде пері қыздарын көрді. Кемпірөлгенсай жақта керуен көшіп барады екен. Сырнайлатып, кернейлетіп той тойлайды. Жүрексінбей жақындап-ақ барды. Барлап қарап еді, о, тоба арасында сарышұнақ Аяз жүр. Бірінен-бір асқан хас сұлулар Аязды кезегімен биге шақырады. Жай билемейді, ұзын етек көйлектерімен орап алып, бір сәт құшақтарында қалқалайды. Құшақтары айқаса кетіп, көз қарлықтырар нұр шашырайды. Махаббат деген осы болар?  Артынша Аяз жарқ етіп, жасарып шығады. Сылтып басатын аяғы, бетіндегі әжімнен із де жоқ. Ол пері көшінің нағыз ханзадасы іспетті. Биі өзіне жарасым тапқан. Сылқым сұлулардың сыңғыр күлкісі мұны да арбап барады. Қолын созып біреуін биге шақырғысы келді. Жоқ, Аяз келіп қармап кетеді, билейді де, бар бақытын сыйлайды. Мұраттың олай билеуге денесі ерік бермейді. Қолын тағы бір созғанда, әжесі басын сипап оятты. 

– Құлынып жаман түс көрдің бе? Шошып қалдың ба? Кел, таңдайыңды басайын? – деп қасығын ұстап отыр екен. 

– Жоқ, әже. Бәрі жақсы. Мазаламай тұрасыз ба? – деп көрпесін оранып алды. Тәтті түстің әсерін қиғысы жоқ. Бар ойы қайта ұйықтап, пері көшіне ілесіп кеткісі бар. Ұйықтап кетсе, қайта арасына қосылам деп сенді. Ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп ұйықтай алмады. Аяздың жап-жас бақытты жүзі көз алдынан кетер емес. 

Елең-алаң шақ. Мұрат далаға шықты. Ұйықтай алмаса да, өзін сергек сезінді. Жаздың соңы, таңғы шақ салқындап та қалыпты. Арасында қораздардың шақырғаны естіледі. Ал көше басында қарауытып біреу келе жатыр. Мұрат жүрісінен бірден таныды. Ол – Аяз еді.

– Қайдан келесіз? – асығып аптыға сұрады. Аяздың жауап бергісі жоқ. Елемегендей, естімегендей жанына өте шығып, үйіне беттеп барады. 

  • Пері қыздарын көрдіңіз бе? – деп сұрады сосын. 

– Пері қыздарын, пері қыздарыыын. Иә, иә, иә көрдім, - деді кілт тоқтап. Мұраттың өңі қуарып, дегбірі қашты. Сонда мұның түсі шын болғаны ма? Аяз сонда түнімен пері қыздарымен ойын-сауық құрып келгені ме?

– Қайдан көрдіңіз? 

– Кемпірөлгенсай жақтан...

Үнсіздік. Сосын барып: 

– Сееен, сеен де көрдің бе? – деп сұрады Аяз саусағын шошайтып. Мұрат үнсіз ғана жүрексініп қалды. 

– Жоо-жоооқ, көрмедім. Сіз іздеп жүр деп естідім, - деп міңгірлегендей болды. Бірақ денесі мұздап сала берген еді. 

– Мееен, меен оларды көрдім. Бірақ мен іздеген пері қыздары олааар емес. Олар даланың перілері. Мееен, меен су перісін жақсы көремінн, - деп Аяз кері бұрылды. 

– Олардың не айырмашылығы бар? Бәрі пері қызы емес пе?

– Жоооқ, олай қателеспе. Даланың перісі 50 жылда бір-ақ рет кеееледі. Сосыыын, сосыын адамзат баласынан ұрпақ алып кетеді. Ал мен су перісінің қызын тапсам, ол менің жанымда қалады. 

– Әжем ше?

– Әжең үйде өзі күтіп отыр ғой. Біз қыз етіп асырап аламыз, той жасап ұзатамыз, – деп күбірлеп кете барды. Ал оны жұрт пері қызын әйел етіп алғалы жүр деп ойлайтынын қайдан білсін?

Сол таңдағы оқиға Мұраттың ойынан көпке дейін кетпей жүрді. Бірде Айғанымнан пері қыздары жайлы, сарышұнақ Аяздың айтқаны туралы сұраған. Әжесі «тәйт, титтей болып сондай ойлай ма екен?», жындының сандырағын қайтесің деп тыйып тастаған. Содан бері бала көңілінде пері қыздары жайлы беймәлім түс пен Аяздың айна-қатесіз айтқан сөздері қалып қойды. 

Сиыр жылының көктемі тым кешігіп келді. Қыстың қары ерімей жатып алды. Ерігенмен қара суық шаруаларды қажытып, көтерем шыққан мал-құсқа қиын тиді. Алтын күректің аязы аяқ алып жүргізбей де қойды. Нағыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Осы кезде барып қана сарышұнақ мойнын қылтитты. Мұны көрген Аяз алдымен көршісі Ахаттан сүйінші сұрап келді. 

– Ахаааат, әй Ахаат, сүйінші! Сүйінші!

– Сүйіншің дайын! Сүйіншіңе тоғыз өрім қамшымды берейін! Айт, енді!

– Көктем шықты!, - деді Аяз. 

– Көктем шыққанын білем ғой, мен басқа нәрсе біліп келді ме десем?!

– Қайдан білесің, ал айтшыыы

– Ее, ол сөз бе? Бүгін сарышұнақ көрдім. Ұясынан алыс шығыпты. Демек көктем келді. Бірақ айтқанымда тұрайын, мына бір қамшымды саған берейін, - деп сыйға тартты. 

Қамшы сыйлаған жылдың жазында Ахат қария дүние салды. Атасының қазасы Мұратқа ауыр тиді. Ол үшін адамдар өлмейтіндей көрінетін, болмаса солай сезілетін. Алғашқыда атасы әні-міні келіп қалатындай күйде жүрді. Кейін көңіл шарасыздан көндікті. Бір күнде есейіп шыға келді. Қабірінің басына барып, топырақ салды. Көрін сарышұнақ Аяз қазыпты. Жұрт жерлеу рәсімінен кейін «жақсы адам еді, жақсы адам еді» деп тарқасты. Ақ өлім ғой деп бет сипады. 

Жерлеуден кейін Мұратты әкесі ала кетті. Ауыл сыртындағы мола басында соқа басы сопиып Аяз ғана қалды. Ол көлікте артқа қараған күйі қабір басына қойылған белгі ағаш пен Аяздан көз алар емес. Бәрі көрген түстей өте шықты. Кенет Аяз қабір басында тізерлеп, көкке қолын жайды. Мұны көрген Мұрат еріксіз еңірей берді, еңірей берді. 

Сол жылы көктем кеш шықса да, шөп қалың біткен еді. Ауылдың күнбатыс бетін қаулап шыққан бидайық теңіздей толқиды. Жел тұрса, бетінде толқын ойнап шыға келеді. Бір қызығы, бидайық шыққан жерде өзге шөп түрлерін көп кездестірмейсің. Арагідік ажырық болмаса, қылтық шөптің қылқасы да көрінбейді. Шаруалар егіс те бітік шықты десті. Көз тиді ме, сөз тиді ме, сол жылы ауылға бір нәубет келді. 

Түс ауа ауыл шетіндегі қырқа астынан қою қара түтін көрінді. Бастапқыда жұрт мұны елемеген. Артынша азан-қазан болды да қалды. Шілденің шіліңгір ыстығында өрт шықты. Еспе желмен тұтанған от таудай-таудай болып қыраттан шыға келгенде, жұрт тұрған орындарында семіп қалды. Бұрын мұндай сойқанды көрмеген-ді. Ауыл іргесінде жүрген азын-аулақ мал мен тауықтарын үйлеріне қуып келіп те үлгермеді. Жалын аждаһадай ысылдаған күйі қарсы беттегі қырдан бір-ақ шықты. Одан кейін қақ жарылды да, жан-жағын жайпай жөнелді. Шөптің қалың біткені соншалық, алапат оттың биіктігі 5-7 метрге дейін жетті. Ал ауыл сыртында күзетшідей қатар түзген қара ағаштарға келгенде 10 метрден де асты. Мұндай тілсіз жаудың алдында техника да қауқарсыз болып шықты. Үй-үйдің арасы жол болғандықтан, өрт ауылға кірген жоқ. Қара түтінге көмді де тастады. 

Сол апаттан ауыл ұзақ уақыт ес жия алмады. Еспенің ен даласы 3 ай бойы өртеніп жатты. Сөнеді, желмен қайта тұтанып түтіндей береді, артынан лаулап кетеді. Әсіресе, ауылды қыста ызғардан қалқалап тұратын қара ағаштардың жанғаны жанға батты. Олар 3 ай емес, жылдап жанып жатты. Түнде құдды бір Шыңғыс ханның әскері түнеп жатқандай көрінетін. Түбін кеулеп, тамырына дейін жанды. Қыстыгүні ірі ағаштар түбін шұқысаң, түбінде шоқ жататын. Егіс те, жайылымдық жер де бір сәтте жоқ болды. 

Даланың жан-жануар мен жәндіктерін айтсаңшы?! Бәрі тірідей өртенген. Өзі жай жүретін тасбақа қайда барып тығылсын, сауытында да жан сауғалай алмаған. Басын көкке жаншып, ирелеңдеген жыландар жатыр. Ініне жете алмаған сарышұнақтар, тісін ақситқан күйі ажал құшқан. Шегірткелер шөпке жабысқан күйі күлге айналған. Түлкі, қарсақ, қасқыр мен борсықтарың тірідей пісіп қалған. Мұның бәрін Мұрат көзбен көрді. Әкесіне көмектесіп, совхоз қойын алысқа айдап, апталап жайып келетін болды. Басқа амал да жоқ еді? 

Сол өрттен кейін сарышұнақ Аяз жоғалды. Дәмегүл ары іздеп, бері іздеп, сабылды да қалды. Есін жия алмай жүрген жұрттың Аязды іздейтін шамасы да болған жоқ. Бір қырда өртеніп өліп қалды ма деп Айғаным екеуі қыр мен сайды, сай мен саланы кезіп шықты. Ізім-ғайым жоқ. Арасында әкесінен сұранып, Мұрат та іздеуге көмектесті. Кейін ауыл болып іздеді. Табылмады. 

Бір аптадай уақыт өткенде Аязды ауылға Өстемір деген бай алып келді. Ол Еспеден 50 шақырым жерде тұратын еді. Осы ауылда тұратын, Аязға күн бермейтін Тастемірдің ағасы. Ауыл жұрты «жынды болса да, тірі екен», «іздеп жүрген періштесі қаққан болар» деп сөз етті. Ал Өстемір болса, Аяздың үйіне келіп мал сойып, бір бұзаулы ірі қараны есік алдына байлап кетті. Оның бұл ісін жұрт кейін естіді. 

Аяз өрт болатын күні Өстемір байдың ауылына жақын жүрген екен. Алыстан келе жатқан жалынды көре сала, түскі ұйқыда жатқан қойшы, жылқышыларды оятқан. Өстемірдің өзі де сол жерде болған деседі. Аяз болса жалма-жан өртке қарап, қарсы от қойған. Өстемір тракторына отырып, жерді жыртқан. Алдынан мал айдатып, өрттің күшін барынша әлсіретуге тырысқан. Бәрінен Аяздың жасаған тәсілі оң болып, жалыннан жайылымдық жер мен мал-жан аман қалған. Осылай бір күн арпалысып, өртті ауыздықтапты. Содан кейін келген беті сол болып шықты. Ал осы оқиғадан кейін Тастемір мен оның балалары Аязға орынсыз тиісуді азайтқандай болды. 

Күзге салым Аяздың анасы өмірден өтті. Ол ауыл шетінде бөлек тұратын. Кейінгі жылдары ғана Дәмегүлдің қолына келген. Бар өмірін совхоз жұмысына арнады. Бар арманы Аязды үйлі-жайлы қылып, балалы-шағалы болғанын күтті. Үйлі-жайлы етті, Дәмегүлді өзі тауып, өзі қалап, өзі қосты. Аяз да, анасы да Дәмегүлді еш ренжіткен емес. Көңіліне келетін сөз айтып, көкірегінен кері итермеген. Немере сүймесе де, Дәмегүлге разылығын еш жерде жасырмаған. Совхоздың бар жұмысын істеп, келінін ешкімнен кем етпеді. Арасында келін орнына сиыр саууға да шығып жүретін. Аяздан екеуі де қайыр күтпесе де, үйдің ері деп арқа сүйейтін. 

Анасы қайтқаннан кейін Аяз өзгерді. Томаға-тұйықталып, өзімен-өзі сөйлесетінді шығарды. Күн жылына қыр-сайдағы сарышұнақ ініне су құюмен қатар, құйын қуалайтын әдет шығарды. Иә, кәдімгідей аулада құйын көрсе, тұра сала қуа жөнеледі. Кейде ортасына тұрып алып, ахахахалап күлгенде зәре-құтыңды қашырады. 

Еспе жазықта орналасқандықтан мұнда құйын көп. Әсіресе түскі уақытта даладағы шаң-тозаңды көкке көтеріп бара жатқан кемі 3-4 құйынды көресің. Мұратқа атасы да, әжесі де құйын көрсе «бісмілләсін» айтуды ертеректе-ақ үйреткен. Құйын жайлы хабары көп-ақ. Ырым-тыйымдарды да есітіп өсті. 

Ен даланы екпіні қатты құйындар да кезіп жүретін. Бірде атасымен келе жатып, сондай бір құйынға тап келгені бар. Атасы алдымен бісмілләсін, сосын  «тфə!», «тфə!», «тфə!» деп жерге үш рет түкіріп, «таздың үйіне бар, таздың үйіне бар» деп рәсім жасағаны есінде. Құйынның бағыты өзгеріп, басқа жаққа кеткенін көзімен көрген. Енді бірде әжесі, «құйын – жын-ойнақтың мекені», үйіріліп келе жатқан құйын ішінде сан алуан мал мен жанға зиянкес күштер жүреді деген-ді. «Құйын соққанда маңайында болған, арасында қалып қойған адамды құйынның жыны соғады, бет-әлпеті қисайып қалады» дегенді де естіген. Одан қала берді көрші ауылдағы бір бақсы адамның дертін құйынға көшіреді деп айтқанын да құлағы шалған. Тіпті, көшеде балалар ойнап жүргенде құйынды көре сала, «құйын, құйын соқ, пəленшенің үйін соқ» деп айқайлай жөнелетіндері де бар. Ал ақ шашу, пышақпен қуу деген секілді ырымдары есінде қалмапты. 

Ахат қарияның құйынға қарап қыстағы ауа райын болжайтын қасиеті де бар еді. Бірлі-екі белгісін Мұратқа үйреткенсіген. Ол үйреткені сол үйреткен жерде қалған. Енді келіп Аяздың құйын қуалап шыға келгені ауыл жұртына аң-таң іс болды. Ол құйынды жай қумайды, айқайлап қуады, кейде күңіреніп қуады, кейде бар жылдамдықпен қуып озып та кетеді. 

– Ооо, даланың демі, 

– Ала кет, мені, алаа кеееет, менііі, - деп айқайлағанда құйқаңды шымырлатады. Басында бұл қылығына бәрі таңғалған. Кейін сарышұнақ ініне су құйғандай, оған да үйреніп кетті. Жалғыз өзі шаңқай түсте Еспенің адырында екі өкпесі өшкенше қуатын да жүретін. Ондайда аяғының ауыратыны, сылтып басатыны ұмытылатын. Оған еріп көшеде ауылдың есерсоқ балалары да құйын қуатын әдет шығарды. 

Мұрат бірінші сыныпқа қаладағы интернатқа барды. Ауыл балаларының көбі сонда оқиды, сонда оқыған. Ал Еспенің өзіндегі мектеп бастауыш сыныппен аяқталады. Ахат қарияның ақырғы аманатының бірі де Мұраттың қаладағы интернатта оқуы еді. Бірінші сыныпқа өзім алып барамын деп күтіп-ақ жүрген. Амал бар ма? Ол күнге жете алмады. Мұрат болса қала өмірі мен интернат тынысына тез-ақ үйреніп кетті. Арасында ауылды сағынып, қарны ашқанда әжесінің құрт-майын аңсайтыны болмаса, ол жақтан да жақсы достар тапты. Ұзақтау каникулдар болмаса, апта сайын ауылға келмейтін. Арасында демалысқа келгенде сарышұнақ Аязды сұрайтын. Соңғы рет атасын жерлегенде қабір басында, қайтар жолда қолын көкке жайып молада жалғыз қалғаны еске түсті. Одан кейін интернатқа кетіп бара жатқанда алыстан ғана көрді. Көктемде саңырауқұлақ қаптап шығатын қызыл қырдың етегінде құйын қуып барады екен. Бір сәт аяп, бала көңілі біртүрлі күй кешкен. Бұдан кейін көрмейтін де шығармын деп, ойлағаны да бар. Енді, шынымен көрмейтіндей күй кешкен. Ол ойдың қайдан оралғаны өзіне де беймәлім. Кейде, расымен бір адамдармен солай іштей қоштасасың. 

Жазғы шілде басталып келеді. Шөп былтырғыдай бітік шықпаса да, тіршілік қалпына қайта оралғандай болды. Ауыл халқы алапат өртті ұмыта қойған жоқ. Ауыл маңы мен егістің жан-жағын ерте көктемде-ақ трактормен айдатып, жерін жыртып тастады. Айына бір рет тағы жүріп өтуге уағдаласты. 

Ен дала болса әлі де күйік сасиды. Бетін шөп басқанмен, топырақ бетінде әлі күлі жатыр. Ауыл сыртындағы қара ағаштар қатар тізілген қада іспетті. Тіршілік үшін күрес бір сәт те тоқтамаған, енді бірінің түбінен жаңа өркен көктеп те шыққан. Алыстан қарасаң қылышын жерге сүйеп тұрған қарауылға да ұқсайды. Енді бірінің қыс бойы жанып шыққан ортасы үңірейіп, кей тіршілік иелерінің жайлы мекеніне айналған. 

Еспе жұрты қолындағы азын-аулақ мал-жанын ауыл етегіндегі тасқұдықтан суғарады. Жұрт солай атап кеткен. Ауыл қарттары үшқұдық деп те атайды. Онда расымен үш құдық болған. Біріншісінің орны ғана бар, көктемде шөп қаулап шыққанда білінбей де қалады. Оны кім, қашан қазғанын ешкім де білмейді. Үлкендердің айтуынша, ол құдықтың ішін жыңғылмен шегендеген. Ал бұл өңірде жыңғыл өспейді. Сонда үлкендер сол жыңғылды алып келіп, оны асқан шеберлікпен өріп шыққандарына таңданып отыратын. Одан кейін жыңғыл арасында жылан көп болатын дейтін. Кейбір пысықайлар «бұл құдықтың түбіне алтын көмген, жылан бекерден-бекер болмайды» деп сөз таратып, кезінде түсіп көргісі келгендер де болған көрінеді. Одан кейінгі құдықты Мұраттың атасы Ахат пен замандастары қазған. Мұнда, шамамен 15 метрден кейін ғана су шығады. Құдықтың ішін таспен өріп, шегендеп шыққан. Тасқұдық осы еді. 

Еспе совхоз болып қайта құрылғанда үшінші құдық қазылды. Бұл кезде тасқұдықтың бір жағы жаңбыр суынан опырылып түскен. Моторлы құдық қосылғаннан кейін тасқұдықтан ешкім су тартпайтын болды.  Жылдар өте ол құдық та көміле бастады. Жан жағындағы тасынан түк қалмай, алып апанға айналған. Аса терең де емес, түбі анық көрінетін. Мал-жан түссе, шыға алмайтыны анық. Ауыл жұрты көміп тастауға бірнеше рет оқталған. Алайда құдықтың іші өзі бір әлем, өзі бір тіршілік ортасына айналған. Түбіне шөп өскен, ал жан-жағын көкқарға мекендейді. Үлкендер бұл құс та киелі, обалына қалмайық деп көмдірмеген. Ал олар жылы жаққа ұшып кеткенде көбінің қолы тимей қалатын. Тек жан-жағы қоршалып қана тұратын. 

Айғаным көкқарғаны ауылдың сәніне балайтын. «Өзі бір қырағы, өзі бір сұлу, ұшқанда суда жүзгендей қалқиды» деп сипаттайтын. Мұрат та бұл құсқа басында мән бермепті. Әжесі айтқан соң бақылайтын болды. Күн түсіп шағылысқанда түсі мың құбылады. Кейін барлап қарағанда ғана қанаты қоңыр, ал құйрық жағының қауырсыны қара түсті болып келетінін аңғарды. Кейін-кейін одан да көп түс барын көрді. Тұмсығының жаны сары, бауыры ақ, қомы күлгін көрінді. Ұшқанда түсі мың құбылады. Аса сақ құс, ұстатпайды. Бірде әжесінің «осы жасқа келгенше қолыма ұстап көрмеппін, аса сақ құс» дегені бар-ды. Мұны Мұрат есіне сақтап, әжесінің арманын (арманы деп ойлаған) орындауды ойлап жүрген. 

 Мұраттың әкесі ағайын-туыспен ақылдаса келе Ахат қарияның асын жыл толмаса да, шілдеге жеткізбей өткізді. «Күн ыстыққа қалдырып елді де қинамайық» деген шешімдері еді. Ал шілдеде Мұратты қойшы ауылдан әжесінің жанына жеткізіп, осында қолғабыс болсын, әрі әжесіне қарасын, көңілін ауласын деп әкеліп тастады. Әйтпесе, қойдағы ауылға нағыз керек күштің өзі еді. 

Мұрат осы күнді асыға күткен. Түсте әжесі «мызғып аламын» деп төргі бөлмеге барып ұйықтайтын. Не құдіреті барын, сол бөлме сап-салқын. Терезесін қараңғылап қойсаң, одан кейін далаға шыққың келмейді. Әжесі ұйықтады-ау дегенде есікті ептеп қана ашып, далаға шықты. Күннің ыстығы тас төбеден ұрып тұр. Су алғысы келіп еді, шөлдемеспін деп ойлады. Әжесінің жіп салатын дорбасын қалтасына тыға шықты. Қора іргесінде жатқан арқанды алды да, ауыл етегіндегі тасқұдыққа тартты. Бұл жоспарын ешбір досына айтқан жоқ. Жеткенше құдық басында ешкім болмауын тіледі. Тілегі қабыл болды ма, әлде сәті түсті ме, құдық басында адам түгілі мал да жоқ екен. Мұрат қуанып кетті. Тасқұдық басына келді де, қоршауды аттап өтті. Қоршаудағы қадаларды ырғап-ырғап, арасынан берік тұрғанын тауып, оған арқанды байлады. Атасы үйреткендей, күрмеп байлады. Ары-бері тартып еді, қада қозғалған жоқ. Ендігі жоспары – көкқарғаны ұстау. 

Тасқұдықтың жары шұрық тесік. Ал сол тесіктердің бәрі көкқарғаның ұясы. Қателеспесе, түс уақытында бұл құс та ұясында болады. Көбіне күннің ыстығы қайтып, кешкі салқында шығатын, әрі шілдеде олардың жұмыртқа басатын уақыты. Жан-жағын арлы-берлі қарап, шырыштың қураған таяғын тапты. Бір емес, бірнешеуін алды. Одан кейін арқанды құдыққа тастап көріп еді, түбіне дейін жетеді екен. Құдық түбіне қарап еді, шөп, бір бұрышынан жылтылдаған су мен жыбырлаған тасбақаны көзі шалды. Бір бұрышында иттің өлексесі жатыр. Ал жан жағы көкқарғаның қауырсындары мен саңғырығына толы. Аса терең емес, 4-5 метрдің шамасы деп топшылады. Қайта арқанды тартқанда құлаштап санауға ерінді. Бар ойы – көкқарғаны тезірек ұстау. Арқанды атасы үйреткендей беліне байлады. «Бісміллә» деді де, аяғын құдықтың қабырғасына тіреп түсе бастады. Басқан жері морып түсіп, аяғы тайды. Сол кезде ғана арқанды артық алғанын түсінді. Жалма-жан қайта шығуға тырысты. Әбжіл-ақ екен, жылдам қайта шығып алды. Бұдан кейін өзіне деген сенімділігі артты. Көкқарғаның ұясы көбірек жерді бағамдап алды да, арқанды сонда жететіндей етіп қысқа байлады. Сол жерге жеткенде ұяға дорбаны тосып, таяғымен құсты түртеді, сол кезде құс мұның дорбасына сүңгіп кетуі керек. 

Мұрат қайта түсті. Бұл жолғы қимылы шапшаң, аздап шөлдегендей, ерні кезере бастады. Құлдилай түсіп, діттеген жеріне жетті. Жеткен жері құдықтың ортасынан төменірек, арғы жағы шамамен 2 метрге де жетпейді. Бір ұяны шұқып көріп еді, құстың бары байқалмады. Екіншісінен де ештеңе шығара алмады. Кей ұядан құстар ұшып шыға бастады. Үшінші ұяның аузын жапқанда, көкқарға дорбасына ене кетті. Қуанғаны сол еді, аяғы тайып, бар күш бірден арқанға түсті. «Күн жеп қойған» арқан үзілді де, Мұрат төмен қарай құлдилады. Құдық түбі борпылдақ екен, Мұрат еш ауырсынуды сезінбеді. Атып тұрды да, дорбасына ұмтылды. Көкқарға ұшып кетіпті, болмаса ішіне кірмеген. Ендігі ойы құсты ұстау емес, құдықтан шығатын жол іздеу. Ішінен күлімсі иіс шығады. Мұраттың көзі енді үйрене бастады. Құдық емес, апан дерсің. Жан-жағы опырылып тұр екен. Бір бұрышында ірі қара малдың сүйектері жатыр. Арғы тұсынан қу бас көрінеді. Ортадағы шөптің арасы жыбырлағандай болды. Жылан емес, манағы тасбақа деп ойлады. Жылан болса қайтем деп, жан-жағынан таяғын іздей бастады. Таяғы деген күл-талқан болыпты, шырыш қайбір таяқ болсын. 

– Ааа, кім бар?! Құтқарыңдааар! Құтқарыңдаааар! – деп бір айқайлады. Келгенде ешкім болмаса деп тілеп еді. Енді адам келгенін күтіп отыр. Күн төбеден өтіп барады, ал көлеңке тұсына барайын десе, жүрегі дауаламады. Оның үстіне табан асты борпылдақ, үңгіп түсіп кете ме деп, қимылдауға да қорқа бастады. 

Мұрат «Аааааай», «Еййй, Ейй», «Аейй» деп айқайлай берді. Сөз айтса, шаршап қалатындай көрінді. Оның дауысынан көкқарғалар ұясын тастай қашты. Бір мезетте «бұ, кім ейй, бұ кім ей?» деген дауыс шықты. Басында өз дауысы деп ойлап қалды. Артынан «мен ғой», «мен ғой, мен» деп қайта айқайлады. Құдық аузына қарап еді, тура төбесінде сарышұнақ Аяз тұр. Мұрат бұрын-соңды бұлай қуанбаған шығар, сірә. 

– Ата, ата мені шығарыңызшы, шығарыңызшы, - деп жылап жіберді. Манадан бері қорыққаннан жылауды да ұмытқан. Аяз бір көрінді де, жоқ болды. Ары-бері күтіп еді, келер емес. Қайтадан айқайға басты.

– Әйй, бала, әйй балаа – дегенде ғана қайта есін жиды. 

– Арқанмен шыға аласың, шыға аласың ба? – деп сұрады. Мұрат басын изеді. Аздан соң өзі әкелген арқанды әр жерінен түйіндеп, басына шелек байлап, құдыққа түсірді. 

– Сосын, сосыыын, анау шелекке көкқарғаны қауырсындарын жинап салшы, - деді. Мұрат айналасындағы қауырсындарды жинап, шелекке салды. 

– Шыға беееер, сені тартуға шамам жетпейді, - деді сосын.

Мұрат бір терең тыныстап алды да, жоғары өрмелей бастады. Түйін-түйіннен ұстап, өзі ойлағаннан да жылдам шықты. Сарышұнақ Аязды құшақтап алғысы келіп еді, батпады. Бұрын-соңды әрең қол алысып амандасатын, құшақтап алғыс айтудың амалын таппады. Өзі де теріс қарап отыр екен. Құдықтан шелекті тартып алды. 

– Ата, рақмеет! Рақмеет! – деді ерні жыбырлап. «Сізді қай құйын айдап алып келсе де, алғыстан басқа айтарым жоқ» дегісі келді де, үндемей қалды. 

Аяз бұрынғыдан әлдеқайда жүдеу көрінді. Өзі көрмеген бір жыл ішінде жағы қуарып, көз-жанары солып, шүңірейіп кеткен. Бұрын етжеңді, жүрісі ширақ, қолы қауқарлы, жүзі нұрлы еді. Бірде ауыл балалары болып, сарышұнақ ініне от жағып, түтін түтеткен. Сонда Аяз шал бәрін бір сықпыртқаны есіне түсті. Сол кезде жігіт ағасы секілді еді. Қазір қаусыраған қара шал отыр қасында. Анасының қазасы қабырғасына қатты батса керек. Одан қала берді, таңнан бері құйын қуса, қайбір жетісер дейсің? Аздан соң: 

– Құдықтан бір шелек су тартып берші, - деді. 

Мұрат айтқанын орындады. Барды да жаңа құдықтан бір шелек су алып келді. Сірә, моторы істемей қалған секілді. Мұрат келгенде Аяз көкқарғаның қауырсындарын қалтасына салып жатыр екен. 

– Оны не істейсіз?

Аяз біраз уақыт жауап бермеді. Сосын барып: 

– Жөтеліп жүрмін, қайнатып ішемін, - деді де шелектегі суын алып сарышұнақ ініне кетті. Мұрат қайтып кеткісі келсе де, артынан ерді. Бір шетінен шөл де қысып барады. Ал құдықтың суы ішуге жарамайды. 

– Бұларға су бермегелі көп болды, - деді Аяз. Мұрат болса ойланып қалды.

– Не дедіңіз?

– Не дегені несі? Бұларға су бермегелі көп болды. Қазір құдықтан су тарта алмайтын болдым. Мотор деген бәле болды, шелекпен ішінен су алу ыңғайсыз, - деді. Бейне бір есі дұрыс, еш жері ауырмайтын жандай сөйледі. Арасында кекештеніп, арасында сөзін жұтып қоятыны, болмаса соңғы сөздерін екі-үш рет қайталайтыны бар еді. Бұл жолы оның ешбірі байқалмады. 

– Сонда сіз сарышұнақтарға су бересіз бе?

– Иә, иә, мен сарышұнақтарға су беремін. Олар – менің достарым ғой, олар менің достарым ғой, достарым ғооой, - деп бұрынғы әуезіне басты. Артынша шелекті тастай сала, «ооо, даланың демі, ала кет мені, даланың демііі, ала кееееет мееенііі» деп қарсы беттегі құйынға жүгіре жөнелді. 

Мұрат үйіне жетуге асықты. Аяздың сарышұнақтарды өлтірмейтінін, оларға су беретінін әжесіне айтқысы келді. Қайта бұрылып, артына қарады. Ал құйынды неге қуып жүргенін сұрағысы келген. Құйын мен Аяз қыр асып барады екен. 

Бұл соңғы кездесу еді. Мұрат одан кейін Аязды көрмеді. Күзде интернатта жүргенде ауыл балаларынан қарияның көз жұмғанын естіді. Бетін сипады. Кешкісін көрпе астына бүркеніп алып, егіліп жылады. Екі туып, бір қалғаны болмаса да, ішін күйініш кернеді. Неге сонша жылағанын өзі де түсінбеді...

 

***

Сарышұнақ Аяздың үйін қаладан екі көлік іздеп келген жылдың күзінде ауыл жұрты күтпеген тағы бір оқиға болды. Сол екі көлік қайта келді. Бұл жолы тиеген жүктері бар. Бұған дейін неге келгенін Дәмегүлден бәрі естіген. Дәмегүл болса бұрынғыдай даудырап айтуды қойған, келгендегі түпкі мақсаттарын бүгіп қалған еді. Одан қала берді, сеніңкіремеген, көңілі бір ұшты болып жүрген. 

Екі көліктен түскен жігіттер сол күні көрші-қолаңды жинап, шағын ас берді. Қариялардан бата сұрап, Аяздың басына көк тас орнатқалы келгендерін айтты. Жиналған жұрт аң-таң. Бірде-бірі «не үшін, қай жақсылығына» деп сұрауға бата алған жоқ. Бас шұлғысты. 

Бір жыл бұрын ғана Еспенің ойы мен қырында, сайы мен саласында сарышұнақ ұясына су құйып, қартайғанда құйын қуып жүрген бейбақ еді. Ауыл жұрты алақанына салып, төбесіне көтермек түгілі, бар-жоғын елемейтін. Сырттағы ел Аяздың ауылы ғой десе, намыстанатын. Енді келіп ешбірі көрмеген біреулер басына Самарқанның көк тасын қойғалы жатыр. Аяз Қамбарұлы деп жаздырып, бәрін дайындап келіпті. Ауыл жігіттерінің қолы да тиген жоқ. Өздері қазып, өздері жан-жағын қоршап, бәрін кеш батқанға дейін бекітіп шықты. Ауыл зиратында одан асқан биік көк тас, одан сәнді қоршау болмай қалды. Кей жұрт арнайы барып көретін де болды. Тіпті, көрші ауылдан келіп көріп кететіндер бар. Көрген соң, басына құран оқып қайтатын. Бұл не құдірет болды, десеңші?! 

Сол күні кеште Дәмегүл Айғанымға келді. Жалғыздан жалғыз қалған екеу ұзақ мұңдасты. Жылады да, күлді де, өткенді еске алып шүкірін айтты, «тәубе» деді. 

– Мені тентек шалым өлсе де өлтірмейді деуші едім. Айтқаным айдай келгені-ай, - дейді Дәмегүл. 

Айғаным да алай-дүлей көңілінің аптығын баса алмай, ұзақ отырды. Бір-біріне басу айтты, бір-біріне разылық көңіл айтты. 

***

Келер жылы көктемде Тастемір Еспе совхозының директоры болды. Орталыққа бір барғанында ауылға бір министр келетінін есітіп, бөсіп келді. «Мені сол кездесуде арнайы сайлайды, министрдің өзі келіп маған бұл қызметті тапсырады» деп жалпақ жұртқа жар салды. 

Тастемірдің совхоз директоры болғанына көбі разы бола қойған жоқ. Оның қызметінен бұрын, Наурыз мейрамын қайта тойлауға рұқсат бергенін естігенде үлкендер бөріктерін аспанға атты, өлгені тіріліп, өшкені қайта жанғандай болды. 

Еспе совхозында да Наурыз тойланатын болды. 22 наурыз күні бұл өлкеде тап наурыздың ауа райы болады. Үлкендер бұл игі іске шын қуанды, балаларға той болса, болды. Оларға ойын-сауықтың орны бөлек. Тастемір наурыздағы бар жөн-жоралғыны жасатты. Айғаным мен Дәмегүл басты ұйымдастырушылар болды. Министр келетін болған соң, аянып қалмады. Алты қанат екі киіз үйді азсынып, орталықтан үш бірдей үлкен киіз үй алдырды. Ауыл маңындағы қызыл қыр нағыз мейрам алаңына айналып шыға келді. 

Наурыз күні де келіп жетті. Күткен министр мен басшылардың қарасы көп. Бәрі бір-бірін қаумалап, шүйіркелесіп жүр. Тастемірдің екі езуі екі құлағында. Министрге сөз беретін сәтті асыға күтіп жүр. Содан кейін ат мінгізсем деген ниеті де бар. Жабуын жауып, дайындап қойған. 

Министр ұзын бойлы, кең иықты, түр-тұлғасы сымбатты кісі екен. Жасы елуден асқан ер ағасы. Үстіне киген кәстөмі денесіне құйып қойғандай. Спортпен шұғылданатыны көзге көрініп-ақ тұр. Бидай өңді, қалың қасты, қыр мұрынды. Қойған мұрты өзіне жараса қалған. Ол Тастемірдің сөз бергенін күтпеді. Жұрт алдына шықты да, Наурыз мейрамымен құттықтады. Өткен тарихты қаузап, бүгінгі сәтті бақытқа балады. Содан кейін барып, өз оқиғасына көшті.

– Қадірлі жолдастар, төккен тері адал еңбек адамдары! Бүгін мен мұнда бір тапсырмамен, болмаса жоспармен келіп тұрғаным жоқ. Мұнда бүгін мен бір кісіге алғыс айтуға келгенмін. Өкінішке қарай, ол кісі бүгін арамызда жоқ, - дегенде жанына жақын барып үлгерген Тастемірдің бет-жүзі өзгеріп сала берді. 

– Мені және ұлымды ол кісі осыдан, қателеспесем, 9-10 жыл бұрын өлімнен құтқарған, ажалдан аман алып қалды. Аязды күні ұлыммен аңға шығып, адасып қалдық. Жан-жақты барлау мүмкін емес еді. Түс қайтқаннан түннің бір уағына дейін жүрдік. Шақырымдар артта қалды. Сондай боранды түтекте алдымыздан бір жаяу шықты. Жол бастады. Тағы ұзақ жүрдік. Оны адам емес-ау деп ойлай бастағанда, осы ауылға жеттік. Үйіне түсірді, қонақ етті. Жалғыз қойын сойып, бас ұсынды. Мен сонда бұл жақсылығын қайтарамын деп уәде бергенмін, бірақ кеш қалдым. Кейін қай ауыл екенін де таппай қалдым. Аты Аяз екенін ғана білетін едім, - дегенде жұрт ішектерін тартты. 

Министрдің сөзінен кейін ауыл қариялары сөйледі. Аяқ астынан Аяздың жақсылығын, әр отбасыға тигізген шапағатын тізіп шықты. Расымен, Аяз сарышұнақ ініне су құйып жүрсе де, елсізде, жапанда қалған талай жанға көмек қолын созыпты. Сол Наурызда бәрі де Аяздың кемі бір жақсылығын еске түсірді. Аңдаса, шынымен бәріне бір қиын сәтте көмектескен екен. Бірінің баласы ауырғанда, бірінің малы жоғалғанда, тағы бірін ен далада ит-құстан құтқарғаны бар. Осы ауылдың көр қазушысы да Аяз еді. Ол ауылда болса, адам дүниеден қайтқан күні айтқызбай дайындап қоятын. Әулие ме дерсің, өзі қайтыс болғанда көрін өзі қазып алдын ала дайындап қойған. Ел ескі түсірді де, «апыр-ай, ә» десті. О баста атын Аяз емес, Қыдыр деп қою керек еді дегендер де болды.

Наурыздағы жиында Тастемірге сөз соңында тиді. Ол министрге алғысын айтып, совхоз директорлары беретін есебін оқыды. Ұзақ созбалақтады. Соңында «Аяз жақсы кісі болды. Ауылда сарышұнақ аулап, зиянкеспен де күресті. Ол да – ерлік. Құйын қуып, оны ауылымызға жолатпады, шамасы. Ол да жақсы іс шығар, бәлкім. Бұрын Аяздың ауылы десе намыстанушы едік, енді намыстанбаймыз», - деп сөзін аяқтады. 

Министр Наурыздан кейін Аяздың басына барып құран оқып, одан ары қалаға кетті. Ал Тастемір жабуымен тұрған жүйрігін министрге мінгізбеді. Бұл кейін өзіне таяқ болып тиерін білмеді, шамасы. Білсе де, бір мәнісі болар деген шығар...

Сол Наурызда Мұрат та болды. Демалысқа келген. Ол да Аяздың өзін екі рет құтқарғаны жайлы жұрт алдына шығып айтуға батпады. Тастемір Аязды «сарышұнақ аулаушы» дегенде жарылардай күй кешті. Ол «сарышұнақ аулаушы емес, асыраушы» деп айқайлағысы да келді. Айқайлай алмады. Бір өксік тамағына келіп тығыла берді, тығыла берді. 

Бүркенші есім: Жанайдар

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan