Алишер Файзуллаев. Әңгімелер

13

Алишер Файзуллаев.  Әңгімелер - adebiportal.kz

Файзуллаев Алишер Вафокулович – 1988 жылы Науаи облысының Кармана ауданында дүниеге келген. Өзбекстан Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. Бүгінде ол қазіргі өзбек әдебиетінің жас буынында өзіндік орны бар ақын, жазушы әрі аудармашы ретінде танылып келеді. Қаламгердің әдебиеттегі алғашқы қадамы «Тұңғыш батыр» шығармасымен басталады. Кейін оқырман назарына «Айдаһар әлемі» атты кітабын ұсынды. Сонымен қатар ол, әлем әдебиетіндегі Уильям Сароянның «Данышпан әңгімелер» жинағын және Эдуард Дюжарденнің «Даңқ гүлі солды» романын өзбек тіліне аударып, көркем аударма саласына да өз үлесін қосып келеді.

1. Балалық – алыста қалған елес

Кімнің де болсын бала кезгі тамаша күндері қиялының бір шетінде самсап тұратыны секілді, менің де балылық шағым осындай қызықты һәм көңілді күндерге толы өтті. Ол күндерді қазір өзім тұратын бас қала мен туып-өскен ауыл арасында, зулаған көліктерді күтумен өткен күндердің естелігінсіз елестету мүмкін емес. Өзімнің тұнжыр мінезім мен бойыма біткен монтаны әдетімнің арқасында ауылда «сараң» атанған мен, қалаға табан тіреген күннен-ақ өзін ақсүйек санайтын жарқылдақ қауымның аузында «ауылбай» болып шыға келдім. Кейін білсем, күндізгі қарбаласынан гөрі түнгі тыныштығы басым бұл өлкеде мен секілді алыстан келген талай «ауылбай» өз-өзінен «түйеқұсқа» айналып, үнсіз күн кешеді екен. Содан болар, біз тұратын көп қабатты үйдің балалары да өзгелерге қосыла қоймай, өз алдына бөлек ойнауды әдетке айналдырған. Шындығында бұл жайдың төркіні: біз тұратын пәтерді бұл өлкеде өзгелерден оқшаулау, айрықша тұспалдап көрсететін қыры да, дәл осы ауылдан келген отбасылар қауымы үшін деп арнайы салынған пәтер екендігінде еді. 

Ол қыздың маған шын ұнаған-ұнамағанын қазір өзім де айта алмаймын. Бірақ атам оның бойынан өзгелерден табыла бермейтін бір қасиетті аңғарған болса керек, сонда ол кісі: «Қалай болғанда да, осы қызға үйленетін боласың», – деп қалжың аралас сөз айтатын. Сол бір ғажап күндерден жадымда қалғаны – ойыннан өзгені білмейтін біздерді атамның ертіп алып, базарға апарып, балмұздақ әперетін сәттері. Міне, содан бері қаншама жыл сырғып өтті. Атамның да бұл дүниеден өткеніне көп болды. Ал маған бала күнімде биязы, біртүрлі жұмбақ көрінетін әлгі бойжеткен мектеп бітірген жылдың өзінде-ақ ауылдағы бір жігіттің жары атанып кете барды. 

Біз ол кезде бала едік. Кімнің туған күні болғаны қазір есімде жоқ. Әйтеуір дастарқанға жайылған түрлі тағамнан ауыз тиген соң – сол столдың астын өзімізге ортақ мекен етіп – кереметтей бір ойынға кірісіп кеткенбіз. Құдай-ау, сондағы ойынның қызығына қалай берілгенімізді айтсаңызшы! Қолымыздағы ойыншықтардың бәріне жан біткендей, сырттағы шын дүниені ұмытып, өзіміз ойлап тапқан әлемде өмір сүріп жатқандай едік. 

Бұл күннің өзгелердің есінде қалай қалғаны маған белгісіз, ал менің жадымда ол күн мәңгі өшпестей із қалдырды. Оның басты себебі: біз қалаға көшіп келген күннен бастап атамның маған «жар етіп алып беремін» деп әзілдейтін әлгі бойжеткені –  дәл сол ойын үйімізге айналған үстелдің астына тығылып отырып, көңіліне түйген сырын ашып айтқаны болды. Ол маған: мектеп, құрбылары, жақында ғана көрші пәтерге көшіп келген Әнуар жайлы әңгімеледі. Оның балаң көңілмен мейлінше шынайы сыр ақтарғысы келгені сондай – маған сөз кезегі тиген жоқ. Өзім де, сөзге үйір жан емес едім ғой. Бәлкім, осы сәтте – иығына түскен қолаң шашын саусағымен ақырын құлағының артына қайырып қойған – ұялшақ әрекетіне ешекше сүйсінгендіктен болармын. Өйткені оның: «маған ұнайсың», -деген сөзінен бөлек басқа айтқандары қазір есімде қалмапты. Әйтсе де, осы бала күнгі ғажап бейне әлі күнге дейін көз алдымда елестейді де тұрады. Мейлі, сондағы оның айтқандары балалық балғын сезімінен туған монтаны, кіршіксіз қияли ойдан бөлек түк те емес шығар. Сонда да, бейкүнә шақтың балғын сәтінен сарқыттай сақталған осы оқиға менің жадымда мәңгіге мызғымастай орын алды.  

Міне, ол – менің қасымда, жазу үстеліндегі көгілдір дәптерден көзін алмай ерекше ыждақатпен әлдеқандай сөздер шимайлап отыр. Сырттай қараған жан, бұл көріністен – өзі істеп отырған жұмысқа жан-тәнімен берілген жанның қоңыр бейнесін анық көретін. Менің осында келгенімді сезген секілді ақырын басын көтеріп маған қарады. Өзім де енді байқаппын, ол осылай баласының не інісінің үй тапсырмасын істеп отыр екен. Ықыласпен берілген тірлігіне кедергі келтірмейін дедім де, көрші бөлмеге қарай кеттім.

2. Бейтаныс өсімдік

Тағдырдың біздің отбасымызға тарту еткен тақсіретті күндердің күәсіна айналған бұл бөлме мен үшін өте қадірлі: ауданы бар болғаны 12 шаршы ғана. Дегенмен, осынау аядай бөлмеге кереметтей өзгеше мұңдық сыйлаған мұндағы жиғаздардың орны әлдеқалай бөлек. Есіктен кірген бойда бірден көзге түсетін дүние, қапталда орын тепкен көне шкаф, бөлмені одан сайын кішірейтіп, әлдеқалай тарылтып жіберген жиһаздың тағы бірі, ортада жайғасқан, екі кісілік шағын диван болатын. Оның үстінде – он сегіз жыл бойы жастығы мен көрпесін үнсіз сырласына айналдырып, ғұмырын төсекке таңулы күйде өткізген – інім жатыр.

Ол сол жатқанынан қайта жерге аяқ баспады. Оның жарық дүниеде өткізген соңғы күндері әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді: ондай қасіретті бұрын-соңды кім көрген дейсіз; дерт меңдеп, тәні әбден титықтағаны соншалық, денесіне саусақтың ұшы тиіп кетер болса-ақ – Құдай ондайды ешкімнің басына бермесін – інім жан төзгісіз азапқа түсетін. Әлі есімде: ұзақ уақыт бойы, бір орнында қимылсыз жатудың зардабынан сүйектері морт сынып, ақыр аяғында аяғы да сыр берді. Бір қырымен ұзақ жатқан інімнің тәнін төсек те аямады: бейне бір залым құрт тәніне жабысып алып, күн сайын іштен кеміре түскендей, денесін ойық жараға толып кетті. Ал, біздің – дәрігердің нұсқауы бойынша – жасаған емімізден ешбір пайда болмады. 

Інімнің тәнін меңдеген сол қасірет оның өзімен ғана шектеліп қалмады. Төсекте жатқан баласының күн сайын көз алдында солып бара жатқанын көрген әке-шешемнің тартқан азабы да, інімнің азабынан бір мысқал кем болған жоқ. Әсіресе, қашан көрсең көз жасына ерік берген анамның мүшкіл халін сөзбен айтып жеткізу қиын. «Ауруды берген Алла, емін қоса берер» деген жұбату сөздің өзінен үміті үзіле бастаған шақта, анам байқұс, жаратқаннан баласының жанын ауыртпай алғанын сұрап жалбарынатын болды. Ал әкем болса, қабырғасын қайыстырған қайғының бәрін ішіне жұтты. Сондағы дәрігерлердің – ендігәрі ем қонбайтынын айтып – інімді үйге қайтарған күннен бастап – шаңырағымызға тап келген қасіретті қаймықпай көтерген жалғыз жанның бірі – қарындасым ағасының жанынан ұзап шықпай,  қас-қабағын бағып, үнсіз жанында отыратын болды. Ал мен, інімнің көзіне тіке қарауға дәтім жетпей, оның жанарынан өзім мойындауға қорыққан шындықтан қашқан секілді үнсіз сырт айналып жүрдім. 

Асқынған ауру адам тәнін қалай күйретсе, қайғы да оның жанын солай күйрететін болар: мен оның  көзіне қараған сайын жанарында айтылмай қалған мұңды бір бейнені көруші едім; сондағы айтқысы келгені не, сұрағысы келгені не – бұл жағы мәңгі бегісіз қалды. Кейде ол маған – сөйлегісі келіп, әлденеге жалтаңдай, жалынышты жанарымен ұзақ қадала қарайтын. Сондай да, үйде ешкім жоқ кезді тосып, қасынан кетпей, қызық дүниелер жайында ұзақ әңгіме айтатынмын. Ондағы бар ойым, бәлкім, тіл қатып қалар деген үмітпен... Алайда ол – үнсіз төбеге көз салған күйі, салқын да, солғын қалпынан еш айнымады. Соңында, өзім күткен жайдан ешқандай айқындық таппай, күйреген көңілмен, көмейіме тығылған өксікті оған көрсеткім келмей бөлмеден асығыс шығып кетуші едім.

Ол сол кезде он сегіз жаста еді. Мен енді ғана жаңа телефон алып – көзіме түскеннің бәрін суретке түсіріп – қызыққа батқан кезім. Сондай күндердің бірінде қарындасым інімді суретке түсіргенімді қалады. Түсірдім. Арададан үш күн өткенде інім он сегіз жыл бойы жанын жеген дерттен біржола арылды. Сонда барып, өмірде көрінген қатерден келер қатердің күштірек, болатын жамандық – болған жамандықтан мың есе ауыр келетінін шынайы сезінген сәтім осы болды.

Базарда жұмыс істейтін кезім еді. Аптаның жексенбісі: таңғы сегіздер шамасы, әкем қоңырау шалып, «Балам, ініңнің халі болмай тұр. Үйге тез жет», – деді де, тұтқаны қоя салды. Даусының дірілдегені сонша, қатты қажыған адамның үніндей әлсіз естілді. Көңіліме күдік салған белгісіз уайым құшағында –  жарты сағатта жұмысымды аяқтап – үйге қарай асықтым. Дәлізде кездескен әкем: «Балам... ініңнен айырылып қалдық...», - деген де, жан-дүниемде күйреген сезімнің әсерінен пайда болған өксік, еріксіз жанарымнан ыстық жас боп тамшылап қоя берді. 

Мен оны көргенде бірден – бар болмысымен жоғарыға қарай ұмтылған жанның кейпіндегі – бейнені аңғардым. Өмірі төсек үстінде өткен інім, тым болмаса осы сәтте орнынан тұрғысы келгендей, маған мұңға толы жанарымен үнсіз қарап тұрған еді. Ақырын көтеріп, төсектің жоғары тұсынан көлденең тартылған кейкі арқанға сүйедім. Соңғы рет қарағанымда: оның бейнесі күлімсіреп тұрғандай сезіле берді. Сосын көз алдымда сағымдай бұлдырап, мәңгілікке ғайып болды.

Мұның қалай болғанын ұға алмай, еденге – дәл кілемнің үстіне – шалқамнан құлай кеттім. Жаным біршама жеңілдеп, көкте қалықтаған құстай екі қолымды екі жаққа жая, төбеге қарап жымиа жата кеткен болармын. Кенет әлдебір күбір-күбір еткен дыбыс құлағыма жетті. Есімді жиып, жан-жағыма үңілсем, кереует астында жатқан қораптарға жан бітіп, олар бір-бірімен қызу әңгімеге кірісіп кетіпті. Құлақ түріп тыңдай қалдым. Әңгіме үй иесі жайында екен. Қораптар бір-біріне сөз бермей, оның қандай жақсы адам екенін, мінезінің жайсаңдығын, жанының жомарттығын, өз ісіне деген адалдығын, теңдессіз шеберлігін жарыса-жармаса мақтаудан жалықпайды. Тіпті оның қолынан шыққан аяқ киімдердің математикалық һәм геометриялық тұрғыдан да мінсіз сапаға ие екенін айтып, таңдай қаға тамсанады. Әлгі адам маған бұрыннан таныс сияқты көрінді. Бірақ аты-жөнін қанша ойласам да, есіме түсіре алмадым. Менің осы күйімді аңғарғандай, қораптардың бірі кенет бар дауысымен әлдебір трамвайдың сол кісінің атымен аталатынын жар салды. Ақыры бұл жерде бір сәт те тыныштық таппайтынымды түсініп, орнымнан тұрдым да, басқа бөлмеге қарай кеттім.

Кейде бізге сондай бір шексіз бақыт сыйлаған жерлер немесе өмірде ғажап сәттердің күәсі болған орындар – біз білмейтін тамұқтың жалынды қызыл шоғындай азап шектірер кездер болады. Жаңағы орнымнан келгендегі мына бөлме маған осындай бір жанға жайсыз, көңілде мазасыздық ұялатқандай болды: мұндағы дымқыл иіс пен меңдеп тұрған қара көлеңке, кеудемді одан сайын қысып, тұншықтырып жіберді. Сөйтсем, бөлменің қақ ортасында көлемі жаңа туған сәбидей ғана кішкентай бейтаныс бір өсімдік өсіп тұр екен. Сондағы оның бейнесі маған – бар болмысымен жарыққа қарай ұмтылған да, алайда, болмашы сәуленің жылуына жете алмай, жарты жолда солған шөпшектей көрінді. Дәл сол сәтте ішімнен әлдебір дыбыс, оны түп-тамырымен жұлып тастауды бұйырды. Бір сәтте көңілімді түсініксіз мұң торлап – өзімді қаншалық қайтартты шабытқа шақырмайын – ішкі дауысқа қарсы келуге күш таба алмай, оның ығына жығылдым. Сөйтіп, санама тоғысқан қайшылықтар құшағында әлгі өсімдікті жұлып алғаным сол еді, мені қоршап тұрған қалың қабырғалар да онымен бірге көзден ғайып болды. Келесі сәтте айналаны ғажап нұр кернеп, өзімді кең жотаның үстінде тұрғандай сезіндім.

3. Үзілген үміттер...

Мұндай табиғаты көркем мекенді бұрын-соңды көрген емеспін: бір-біріне иық тіресе өскен долана мен бадам ағаштары үмітке толы кейіппен көкжиекке көз тіккен. Төмендегі кең жайлауда бір үйір жылқы еркін жайылып жүр. Сәл жоғарырақта мөлдір бұлақ сылдырай ағады. Өз арнасын өзі іздеген су жазықтың жүзіне жазылмас тыртықтай із қалдырыпты. Төбеден төгілген Күн-ана жан баласын алаламай, айналаға бірдей шұғылалы шуағын шашып тұр. Ал көгілдір аспанды көкқарға мен қарлығаштар еркін кезіп, кеңістікті тіршілік тынысына бөлегендей әсер қалдырады.

Бұл менің он алты жас – балалықпен біржола қоштасқан шағым еді. Мектепті тәмамдаған соң лицейге құжат тапсырдым. Сол кездері өзімді ер жеткен азаматтай сезінген шығармын. Бірақ, шынын айтсам, әлі де бала едім: балаларша ойлап, қиялымның тізгінін қоя беріп, арман жетегінде шалқып жүрген шақтарым; күллі әлем мен үшін жаралғандай, менің өмірге келуімді ұзақ күткендей көрінетін. Алайда өзім қатты қалаған лицейдің емтиханынан өте алмай, оқуымды басқа лицейде жалғастыруыма тура келді. Бұған аса мән бере қойған жоқпын. Көп ұзамай еңсемді тіктеп, жаңа ортаға да тез үйреніп кеттім. Сол жерде өміріме қымбат бірнеше дос жандар кездесті. Және... Ол да. Оны есіме алған сайын, көңілімнің түкпірінде әлдеқашан басылғандай болған сан қилы сезім қайтадан маздап, санамды сілкітіп қоя береді.

Уақыт дегенің кейде тым жүйрік екен. Артыңа бір бұрылып қарауға да мұрша бермей, зулап өте шығады. Көзді ашып-жұмғанша жиырма үшке де келіп қалыппын. Жүрегімді әлдебір ұлан-ғайыр қуыс, түпсіз қара құрдым өзіне тартып бара жатқандай, санамды көмескі ойлар мен орындалмас қиялдар жайлап алған. Өзім де сол күйіме селқоспын. Бейне бір белгісіз тұңғиыққа үн-түнсіз сіңіп бара жатқанымды сырттай ғана бақылап келе жатқан жан секілді. Кім білсін... бәлкім, сол түпсіз құрдымның қара құрсауына өзімді мәңгілікке тапсырар сәт те алыс емес шығар. Осындайда ернім әзер қимылдап, өзіме ғана естілер үнмен сыбырлаймын: – Қош болыңдар, үміттерім..., қош болыңдар, армандарым..., қош...

Санамда самсаған ойлар, көзім қадалған көгілдір аспанмен бірге қалықтап, арқамнан ескен тұнық жел, шексіз тыныштық сыйлап жатты. Кенет маған қарай төніп келе жатқан бір топ адамның қарасы көрінді. Қолдарында айыр, кетпен, күрек. Ал, көздерінде өшпенділік пен ызаның ыстық шоғы жылтырайды. Не болғанын аңғарып үлгермедім, сол-ақ екен, біреуі маған қарай тас лақтырды. Қашу керек!

4. Бәйге 

Мен қашып келемін. Артымнан қуған аяусыз тобыр өкшелеп келеді. Жалтақтай бір қарасам: айқайға басқан әлгі топтың арасында еркек те, әйел де, тіпті балалар да бар екен. Бәлкім, әлде оларды осы жынойнақ соңында болатын, қанды қырғынның қызығына куә боларлық әуестік жетелеп келе ме?

Бала кезден өтірік айту мен үшін қалыпты әдетке айналды: ол, кейде жасаған қателігімді жасыру үшін, кейде көздеген мақсатыма жету үшін. Кейін бұл қасиет жан дүниеме дендеп еніп, бара-бара айтқан әр сөзімнің өзегі өтірікке айналды. Сөйтіп, ақыр соңында, айналамдағы адамдардың маған сенбейтін ең биік дәрежесіне де «жеттім». Жүрегім нәзік ізгілікке толып тұрса да, істеген ісім нағыз жауыздікі тәрізді. Тіпті шындықты айтқан кезде де сөзіме ешкім иланбайтын болды. Сондай сәттерде ашуға булығып, кінәні өзгелерден іздейтін, болған жайдың бәріне солар себепкердей жазғырушы едім. Ал шын мәніндегі кінәлі – өзім едім. Ендеше, қара бұлттай қаптап қыр соңымнан қалмай келе жатқан мына қалың тобырдың көксегені не? Олар менен не қалайды? Неліктен көздері қанталап, соңымнан қуып келеді? Мен кімге нендей қиянат жасадым екен, осыншалықты өшігетіндей? Әлде... расымен-ақ мені өлтірмек пе?

Бейуақта дабыр-дұбыр дыбыстан үріккен болар, жылқы үйірі де дүрлігіп кетті. Тұяқ дүбірі барған сайын жақындап, артынша аттар көрінді. Олар да мен секілді әлгі қатыгез, мейірімсіз адамдардан қашып барады. Сонда, жалма-жан шауып келе жатқан ақ боз ат қайта-қайта басын изеп «артыма шық» деген секілді белгі берді. Мұндай сәтте ойлауға уақыт қайда, ажал аузынан құтқарар жебеушімдей көрінген тұлпардың жалына мықтап жармастым. Көп ұзамай айналам мүлде өзгеріп сала берді. Ал мен болсам қардай аппақ мойнын құшақтаған тұлпармен бірге алға ұмтылып, қырандай самғап бара жаттым. Сонда маған, жігерімді тасытып, бойыма әлдебір асқақ сезімдер сыйлаған дала дауысы естілді: «Бола ғой»!, «Міне, аз-ақ қалды... Берілме!», «Қолыңнан келеді, балам!». Айтары жоқ... сонда мен әлдебір мәре сызығын кесіп өткендей, айналам гүлге көмкеріліп, қол соққан, қошеметтеген халықтың үні дүниені жаңғыртып барады. Ал дауыс зорайтқыштардан менің және тағы екі жігіттің бәйгеде көш бастап, ел намысын қорғаған, перзенттік парызын абыроймен өтегені жайлы мақтаулы сөздер айтылып жатты. Боз аттың үстінен жерге түстім де, артыма бұрылып қарадым. Байқасам, әлгі екі жігіт менен әлдеқайда жас екен. Бірі қара атты, екіншісі жирен атты жетектеп, соңымнан еріп келеді. Алдымыздан қолдарына гүл ұстаған жұрт қуана қарсы шықты. 

5. Мен Тұңғыш батырмын!

Жиналған қауымның арасынан атып шыққан бір бала жақындап келіп, кеудеме әлдебір төсбелгі тақты да, жасаған әрекетіне өзі сүйсіне қарайлап қалды. Жанарынан арман мен қиялға толы балаң көңілдің сәулесі байқалған бала – қолымды қысып, көп бөгелмей шетке ығысты. Оның артынан еңгезердей, кесек бітімді кісі (түріне қарағанда, жоғары лауазымды шенеунікке ұқсайды) шықты да, байсалды тұрде құттықтап, ақырын, қолын иығыма артты. Сөйтіп, жүзіне жұмбақ мысқыл ұялата, сөзінің астарлы зілін көлгірлікке көлеңкелеп: – Сен кім едің? – деді.

– Мен Тұңғыш батырмын...

Задында, еріксіз ернімнен шыққан бұл сөздерді, бейуақта есіме түскен інілерімді ойлап, қайталап тіл қаттым: – Жалғыз қалған Тұңғыш батырмын!

Өмірімде юұрын-сонды дәл осылай ауыр күйде оянбаған шығармын. Бүкіл денем ине сұққандай шаншып ауырып барады. Жан терге түсіп кеткендігім сонша, тамағым кеуіп, жүрегім кеудемдегі торға қамалған құстай дүрсілдеп соғып маза берер емес. Ал санамда бір ғана сөз қайта-қайта жаңғырып тұр: 

«Мен Тұңғыш батырмын! Тұңғыш батырмын...»

Өзбек тілінен аударған Нұрғиса Камалбек

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan