Қанат Тілеухан. Керек адам
Қызылағаштан бірінен соң бірі орысы, немісі, шешені бар үдере көше бастады. Әр үйдің ауласында бір күйбең: біреу дүние-мүлкін буып-түйіп жатыр, біреу үйін саудалап әлек, енді біреу бос қалған құжырасына қимастықпен қарап тұр. Сол көштің арасында жалғыз бір үй асықпады.
Ол – Вовканың үйі.
Ескі қорасының шатыры шұрық-тесік. Шарбақтың бір жағы қисайып кеткен. Бірақ Вовка соның бәрін біртіндеп жамап-жасқап, күндегідей тіршілігін істеп жүре берді. Ешқайда жиналмады. Ешкімге қосылмады.
«Қырықтан асқанда қайда барамын», – деді біреу сұрағанда. – «Туған жер осы.» Сол сөзімен қалды.
Қалғанымен қоймай, байқатпай жүріп ауылдың тірегіне айналды.
Жарық өшсе, Вовканы іздейді.Телевизор мен радио істемей қалса, Вовкаға апарады. Пеш түтіндеп, үйді басып кетсе, Вовканы шақырады.
Ауыл халқы оны «алқаш» деп сөгеді. Балалар жағы да қалыспайды:
– Орыс, орыс оңбаған, он шошқаға тоймаған! – деп сыртынан күледі.
Бірақ сол сөзді айтқан баланың әкесі ертеңіне-ақ Вовканың есігін қағып тұрады.Күні туған соң, амалсыз барады да.
Вовка ешқашан шікірейіп қарсы алмайды. Керісінше, бір сөзін бөлмей мұқият тыңдайды. Сосын үндемей киініп, еріп кете береді.
Вовка ішеді. Ішкенде әкесін тантып тұрып ішеді. Оған ілесетін жан да жоқ. Жалғыз «шабады». Алдынан арқан керіп тоқтатпаса айлап көсілетіні бар. Айтпақшы, ішкенде ешкіммен жаға жыртыспайды, төбелеспейді. Үйді шулатпайды. Бала-шағасының мазасын алмайды.
Тек... жұмыс тоқтайды.Свет жанбайды. Пеш тартпайды. Трактор оталмайды.
Ақшасы таусылса, Вовка жер төлесіндегі картобын сатып, соған ішеді.
Сол кезде ғана әйелі Таняның дауысы шығады.Зарлайды-ай кеп.
Бұл үйде Вовканың ішкенінен ең көп зардап шегетін – Таня.
Ал ауылда бәрі.
– Вовка алқаш емес, ол керек адам, – деді мұғалім Тоқтар бір жиында.
– Иә, керек адам, керек адам – деді өзгелер Тоқтарды қостап.
«Керек адам» деген сөздің ішінде көп дүние бар. Вовканы бір жағынан ақтап алу болса, бір жағынан мойындау сияқты.
Бұл ауылда Вовка десе кірпідей жиырылатын бір-ақ адам бар.
Ол – Серікбай әкім.
Вовканы соншалықты жек көрмейді. Жақсы да көрмейді.
Себебі Вовка бар жерде, оның «әкім» деген дардай атағы мазаққа айналады.
– Әй, Серікбай, бұл ауылдың әкімі сен бе, Вовка ма? – дейді көрген жерде құрдастары күліп.
– Мен, – дейді ол қысқа ғана.
– Қайдам... сенен гөрі жұртқа Вовка керек сияқты ғой.
– Сен конторыңда қағаз шұқылап отырасың. Ал ол бүкіл ауылдың шаруасын шешіп отыр.
–Вовка болмаса, сені орныңнан алып тастайды ғой.
Серікбай мұндайда ашуланып кетеді.
– Атаңның басы! – дейді.
Сосын тағы бірдеңе айтқысы келіп барып, тоқтай қалады. «Әкім мен алқашты қатар қоясыңдар ма?» деген сөз тілінің ұшына келеді де, жұтылады.
Өйткені, іштей өзі де бірдеңені түсінетін сияқты. Шынында да, Вовкасыз ауылдың күні қараң.
Көктемде қар еріп, жол батпаққа айналғанда, совхоз тарағанда талан-тараждан аман қалған ескі тракторларды тірілтетін – Вовка.
Тракторды жасап бітпейінше астынан шықпайды. Бір күн жатады, екі күн жатады. Үшінші күні мотор гүр ете қалады. Оны бүкіл ауыл естиді.
– Жүрмейтін техника жоқ, – дейді ол май-май қолымен махоркасын орап жатып, өзіне риза кейіпте.
– Қалайша? –дейді қасындағылар жапа тармағай.
– Тілін табу керек. Кейбір адамның тілін тапқанша трактордың тілін табу оңай, – дейді Вовка шылымын будақтатып.
Ол «сварканың» да шебері. Үлкендер жағы талай темірші ұсталарды көріп едік. Бірақ бір-біріне жалғап темірді тіккен адамды көруіміз осы деп таңырқайды да отырады.
Бұл сөздер әкім Серікбайдың құлағына тисе, жыны келеді. «Жаман алқашты әулие тұтқан өңкей топас» дейді ішінен зығырданы қайнап. Сосын «шынымен бір маскүнемге мұқтаж ауыл болдық па?» деп ойланып кетеді. Қашанғы солай жүрсін. Әкімдіктегі күн ұзақ жұмысына кіріседі. Ал Вовка... тағы бір жерде керек болып жүреді. Ол керек адам ғой.
Сол күні Вовка ұйқысынан түсте бірақ тұрды. Бас деген сынып барады. Көзін әрең ашты. Терезеден түскен күннің әлсіз сәулесі көзін қарып өткендей болды. Бас сүйегінің ішін біреу бұрғылап жатқандай. Ауызы құрғап, тілі ісіп кеткендей. Орнынан сүйретіліп әрең тұрды. Тамақ ішпек болды. Тәбет жоқ. «Уды у қайтарады. Ол уды қайда табам»? Ескі күпәйкесін киді де әкім Серікбайдікіне тартты.
Кеше әкімнің үйі құда күткен еді. Серікбай әуелде Вовканы шақырғысы келмеген. «Жарық сөніп қалса, бұл алқашты қайдан іздеп жүремін. Одан да көз алдымда жүрсін» деп оны да шақырды. Әйелі қарсы болып еді. «Бұл Қызылағаштың желі соқса, жарық сөніп қалатынын білесің ғой. Вовка керек. Әмбе, құдалармен бірге дастарханда отырмайды. Ет жайғайтын жігіттердің қасында самауырын қайнатып жүреді» деді. Әйелі одан ары қарсыласпады.
Вовка ілдебайлап, ауылдың бір шетіндегі әкімнің үйіне әрең жетті. Кеше ғана құда күтіп, думанға толған меймандос шаңырақ бүгін момақан күйге түскен. Оты сөнген қазан-ошақ пен шетте қалған бір-екі самауырын «қызметімізді атқарып біттік» дегендей үнсіз тұр.
Вовканың көзіне кеше өздері ішкен арақтың бос бөтелкелері оттай басылды. Кеше ғана олар бір топ еркектің ортасында жарқырап тұрған еді, ал қазір жерде домалап жатыр. «Кеше шетімізден бізді домалатып едіңдер, енді өздерің домалап жатсыңдар ма?» деді ішінен Вовка.
Есікті қақты. Үн жоқ. Тағы да қақты. Кетуге болмайды, бас жазбаса, жаны шығып бара жатқандай.
Ақыры есік сықырлап ашылды. Бағила Вовкаға жиіркене көз тастады.
– Серікбай үйде жоқ. Шұғыл ауданға кеткен. Саған беретін арақ та жоқ, – деді ол салқын ғана.Сосын жауап күтпестен есікті қайтадан тарс жапты.
Осыдан соң Вовка Сағабүйенге қарай аяңдады. Неге бара жатқанын өзі де анық білмейді. Бәлкім, мұздай суға түсіп, бойын сергіткісі келген шығар. Бірақ қыстың қытымыр күнінде оған қалай түспек? Күн де еңкейіп барады, қысқа ғұмыры таусылар шаққа жеткендей, жарық та тез солғындап, дала өңі бірте-бірте сұрғылт тартты.
Оның санасын бір ғана ой билеп алған: бір шөлмек… жоқ, тым құрыса елу грамм болса да жетер еді. Бас жазбаса, дүние төңкеріліп, жүрегі ауызынан ытқып шығатындай.
Өзенге жетті. Су әлі тұтас қатып үлгермеген екен. Жағаға еңкейіп, бетін жууға оқталған сәтте-ақ, бойы мұздап кетті. Амалсыз уыс-уыс қар алып, бетін ысқылай бастады.
Сол кезде көзі су бетіне түсті. Дөңкиіп бір қара тайынша жатыр. Вовка кідірген жоқ. Етігін шешпестен өзенге қойып кетті. Белуардан келетін суға малтығып, итшілеп жүріп, өлексені әзер дегенде жағаға сүйреп шығарды.
Кімнің малы, қалай өлген оған мүлдем бас қатырған жоқ. Қонышынан пышағын суырып алды да, тайыншаның терісін сыпыра бастады. Кеш батуға таяу. Асығу керек. Бас жазу керек.
Ішінен бір арам үміт жылт етті: «Мынаның терісіне бір емес, екі бөтелке алармын…»
Бұл оқиғадан кейін Вовканың басы жазылуы жазылды ғой. Бірақ өзеннің суы сүйегіне дейін өтіп, бір ай төсек тартып жатып қалды. «Әкең арақтан өліп пе еді?» деп қатыны Таня зар жылады. «Вовка өлмейді, жаны сірі» деді ауыл халқы. Мұғалім Тоқтар Серікбайға да, оның әйеліне де ренжіді. Вовка болса, ешкімге өкпе артқан жоқ. Серікбай Тоқтардың ренішін түсінген жоқ. «Елмен бірге ішті. Енді оның басын жазып беруге міндетті емеспін. Әйелім өтірік айтқан жоқ. Сол күні ауданға кеткенім рас» деп Тоқтарға бет қаратпады.
Вовка жазылды. Тағы да баяғы күйбең тірлік басталды. Бір-біріне ұқсас ауылдың күндері сырғып өтіп жатты. Бір сарынды, бір қалыпты. Ауыл адамдары әдеттегідей Вовканы іздеп келеді. Ол да ешкімнің бетін қайтармай, қолынан келгенін жасап береді.
Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Вовка Серікбайдың өтінішін кері қайтарды.
Серікбай аң-таң қалды. Қанша жалынса да, Вовка райынан қайтпады. Бірде жағынды, бірде жалынып көрді. Сөз өтпеді. Іштей намысы да жібермейді: әкім басымен біреудің аяғына жығыла қойсын ба, оның үстіне Вовканың алдында... Соған қарамастан, тығырыққа тірелген соң, амал іздеді.
Ақыры ары ойланып, бері ойланып бір тыңдаса Тоқтарды тыңдар деп мұғалімді ертіп Вовканың үйіне барды.
– Вовка, сенің маған өкпең бар ма? – деді әкім, алдына қойылған борщтан дәм татқансып.
– Жоқ, – деді Вовка қысқа ғана жауап қайырып, қонағы әкелген шөлмектің аузын ашып жатып.
– Онда неге бармайсың?
– Ол жақта не бітірем?
– Ауылдың намысы дегендей… – деп Серікбай күмілжіді.
–Мен ауыл үшін аянып жүргенім жоқ.
– Вот именно! Сен нағыз ауылдың, елдің, жердің патриотысың. Саған ауданға бару керек, – деп мұғалім Тоқтар сөзге араласты.
– Ол не, патриоттардың жиналысы ма? – деді Вовка «ақаңнан» тағы бір стақан тартып жіберіп. Оның тілін табу үшін Серікбай да қалыспай алып отыр.
– Қайдағы патриоттар жиыны? Өткенде бәрін түсіндірдім ғой. Шақыртуды да көрсеттім, – деді әкім ренжігендей болып.
– Вовка, иә, патриоттардың жиналысы десе де болады. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген жиын. Облыстан басшылар келеді. Ауылдың жайын айтасыңдар, елдің жағдайын сөз етесіңдер, – деді Тоқтар сабырмен.
– Ауылдың жағдайын Серікбай айтып жүр ғой ауданға барып. Тоқтың сымдарын жаңартсын. Жарық сонда сөне бермейді, – деп Вовка бұрқ ете қалды.
– Ой, ол жерде сенің темір-терсегің айтылмайды. Үлкен мәселелер қозғалады. Түсінсеңші, – деді әкім күйіп.
Вовка бұл жолы тіс жармады.
– Вовка, тыңдашы. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Түрлі ұлтқа ортақ үй. Әр ауылдан сондай бір адам барады. Көрші Қопадан шешен Рамазан бара жатыр. Молалыдан татар Ахмет шал барады екен, – деп Серікбай әңгімесін жалғады.
Қызып қалған Вовка тек:
– Құя берші… – деумен болды.
Вовканы көндірмей қайтпаймын деп бекінген Серікбай да тартынбады. Ол да іше берді. Біраздан соң Тоқтар мұғалім:
– Ертең сабағым бар, – деп орнынан тұрып, қайтып кетті.
Екеуі ғана қалды. Екеуі де қыза бастаған.
– Вовка, сонымен барасың ғой? – деді әкім қойнынан тағы бір шөлмекті суырып алып.
– Барар едім… Мен орыс емеспін ғой, – деді Вовка қулана езу тартып.
– Енді кімсің?
– Шоқпармын.
– Шын шоқпарсың ба?
– Иә, міне, қолым!
– Онда менің бауырымсың ғой!
– Иә, – деді Вовка ыржиып.
– Шын айтып тұрсың ба? – деді Серікбай сенер-сенбесін білмейтін адамның кейпіне кіріп
– Шын. Руым – Матай. Матайдың ішінде – Шоқпар.
– Әй, әкеңнің ауызы қазақтың ішінде жүріп, ру жаттап алғанын қарашы! – деді әкім қарқ-қарқ күліп.
– Секе, біз сендер сияқты алпысыншы жылдары Қытайдан келгенбіз.
– Ол жақта не аталарыңның басы бар еді?
– Әкелеріміз ақтың атаманы Анненковтың әскерінде болыпты.
– Сонда соғысқан ғой? Мықты батыр болған екен! – деді әкім, оны әдейі көтермелегісі келгендей.
– Жоға, батрақ болған. Ақтар қашқанда жылқы айдатып, өздерімен күштеп алып кетіпті, – деді Вовка жай ғана.
Сәл үнсіздік орнады.
– Вовка, сен шынымен шоқпар болсаң, ауданға барып кел. Бармасаң, мына мен – бауырың – сөгіс аламын. Тіпті жұмыстан да қуылуым мүмкін, – деді әкім дауысы бәсеңдеп.
– Барсам, барайын… – деді Вовка ойлана.
Серікбайдың жүзі жадырап кетті.
– Қолды әкел!
– Міне, қолым.
– Тек бір шартым бар, – деді Вовка.
– Айт.
– Ертең басымды жазып бересің.
– Әңгіме жоқ.
–Ауданнан келген соң бір жарты құясың.
– Құямын.
Екеуі қол алысты.
Серікбай сүйретіліп үйіне қайтты. Ал Вовка түнді тойға ұластырып, таң ата бергенде ғана, әйтеуір басы жастыққа тиген еді.
Вовка аудан орталығынан абыроймен оралды. Мейманасы тасып-ақ келді.
– Мынау енді аттың басын жібереді, – десті ауылдастары.
Айтқандары келмеді. Вовка Серікбай әкімнің бір жартысымен ғана тоқтады.
Вовканың артынан көп кешікпей ауылға аудандық «Өмір нұры» газеті жетті. «Владимир Бервинов – керек адам» деген мақала жарияланыпты. Жарқырап Вовканың үлкен суреті тұр.
Әуелде, Вовка аудандық жиында елеусіз ғана залдың соңында отырыпты. Анаусы да, мынаусы да сөйлеген. Сөйлеп жатқандардың бірін де танымайды. Қанша зейінін салса да әңгіменің байыбын толық түсіне алмады. Ең көп естігені: «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген сөз болды. Осы сөз құлағын қажап, мезі етті.
Бір кезде мінберге көзілдірікті, ырғайдай мойнына қып-қызыл галстук таққан, көк костюм-шалбарлы кісі шықты.
– Құрметті жиынға қатысушылар! – деді шашын оң жаққа қайырып жіберіп. – Біздің күшіміз – бірлік пен татулықта. Қазақстан көпұлтты, көпвекторлы ел, – деп төпелей сөйлей бастады.
Бұған дейін сөйлегендер жолда қалды. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Сөз, сөз, сөз. Бітетін емес. Вовка оның бір сөзін ұқса, бір сөзін ұқпады. Ұзағынан сілтеген әлгі кісі:
– Қазақстан бәріміздің ортақ үйіміз, – деп барып, ақыры кілт тоқтады.
Осы кезде Вовка шыдай алмай кетті.
– Жолдастар, Қазақстан бәріміздің ортақ үйіміз деп жатырсыздар. Бұл үйдің иесі жоқ па? – деп орнынан атып тұрып, саңқ ете қалды.
Бәрі ошарылып Вовкаға қарап қалды. Залдың алдыңғы қатарында отырған маңызды деген адамдардың өзі демдерін ішіне тартып, үнсіз қалды. Жұрттың жапатармағай өзіне назар аударғанына Вовка алғашында сасып қалды.
Тыныштықты мінберде тұрған қызыл галстукті бұзды.
– Сіз кімсіз? – деді ол.
Вовка тосылған жоқ.
– Мен керек адаммын, – деді.
– Керек адам, керек адам, – деп отырған жұрт гуілдеп кетті.
Қызыл галстукті:
– Керек адам? – деді кекесінмен. Керек адам болсаңыз, сахнаға шығыңыз, – деді күліп.
Залдағылар да күлді.
Вовка алшаң басып сахнаға шықты.
– Бағанадан бері бәріңіз «Қазақстан – ортақ үйіміз, ортақ үйіміз» дей бердіңіздер. Бұл шаңырақтың иесі кім? – деді маңайына сұраулы жүзбен қарап.
Жұрт тағы да сілтідей тынды. Ырғайдай мойнын ары-бері бұрып, қызыл галстукті:
– Білсең, өзің айтшы ал, керек адам, – деп жымиды.
Өзгелер де күлгендей болды.
Вовка жауапты көп күттірген жоқ.
– Мен, – деді шірене. – Сосын енді мен ғана емес, мен сияқты адамдар, – деді сөзін жалғап. –Ауылдан ел жаппай кетіп жатыр. Ауыл деген – алтын бесік! Қайда кетіп жатыр? Еш түсінбедім. Қалада адамдар тауық сияқты бірінің үстіне бірі қонақтап отыр. Не өмір? Екі аттасаң ақша. Әжетханаға барсаң да ақша керек. Бәрі ақшадан өлген, – деп бір тоқтады.
Көпшілік қол соғып, күліп жатыр.
– Мен осы Ақсудың суына шомылып өстім. Қызылағашта тудым. Бұл жерден ешқайда кетпеймін. Кететіндер кетсін. Ауылда пеш қалаймын, телевизор жасаймын, тракторды оталдырамын, жарық өшсе тоқ жалғаймын. Қой кезегін де бағамын. Мен керек адаммын десем, күліп жатырсыздар. Мені ауылдағылар шынымен керек адам дейді. Бұл лақап атты мұғалім Тоқтар қойған. Ал шын атым – Вовка. Енді аздап ұрттағанда «алқаш» дейтіндер де бар. Енді шаршағанда ішесің. Өздеріңіз де сөйтесіздер ғой, – деп Вовка сөзінің соңын қипақтай аяқтады.
Жұрт тағы да қол соғып, қыран-топан күлкіге қарық болды.
Вовка аудан орталығынан келгеннен кейін бір апта өткен соң Қызылағашқа облыстық газет журналистері келді. Оларды ауыл болып күтіп алып, ауыл болып шығарып салды. «Жерұйық» газетінің тұтас бір бетіне Вовка шықты. Бұл жолы жалғыз өзі емес, әйелі Таня мен екі баласының суреті де жарияланды.
Арада бір ай өткенде телеарна журналистері жетті. Бұл жолы эфирден Вовканың өзі де, әйелі де, балалары да және ауыл адамдары да көрінді. Әрине, бүкіл ауылдың адамы экранға сыймады. Түспей қалғандардың ішінде өкпелегендер болды.
– Әй, біздің Вовка аман болса, тағы да келеді ғой. Келесіде түспей қалғандар түседі, – деп үлкендер жағы ренжігендерді жұбатты.
Үлкендер қателеспепті. Телеарналар тағы да келді. Келген журналистердің бәрі Вовканы жарыса мақтап жазды. «Неткен еңбекқор, неткен патриот жан!» деп таңдай қақты. Өзі де, бала-шағасы да қазақшаға судай екенін айтып, бүкіл республикаға үлгі етті.
Серікбай әкім де Вовкамен шындап санаса бастады. Вовка ұрттауын азайтты. Әйелі Таняның жүзіне бақыт ұялады. Ауылдастары Вовкасын төбесіне көтерумен болды.
Әкім Серікбай енді оған «Владимир Петрович» деп сөйлеуді шығарды. Вовка болса:
– Петрұлы, – деп түзетіп қояды.
Күз келіп, Қызылағаштың қауындары алтындай жарқырап, қарбыздары пісіп, шытынай жарыла бастаған шақта Вовка аудан орталығы Жансүгірге көшті. Ауылдастары улап-шулап қимастықпен шығарып салды. Вовканың өзі де туған ауылын қимай қоштасты.
Көп ұзамай Владимир Петрович аудандық мәслихаттың су жаңа депутаты атанды. Бастапқыда жаңа қызметіне үйренісе алмай біраз қиналды. Мойнына қып-қызыл галстук байланды. Қылқынып әрең жүретін. Уақыт өте оған да көндігіп алды.
Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығына барып сөз сөйледі. Жұрт жапырылып тыңдады. Журналистер қуып жүріп сұхбат алды.
Владимир Петровичтің саяси карьерасы Ер Төстіктей шапшаң өсті. Жансүгірден Талдықорғанға көшті. Онда көп аялдамай Алматыға аттанды. Алматының өзі оған тарлық еткендей, ақыры Астанадан бір-ақ шықты.
Бервинов Владимир Петрович енді – Мәжіліс депутаты. Бұрынғы қаңғалақ мінезінің жұрнағы да қалмаған. Өте байыпты. Өзін сабырмен ұстайды. Көзіне көзілдірік тағатын болған. Оқтын-оқтын республикалық телеарналардан сағаттап журналистердің сұрағына жауап береді. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайды. Халықпен жүздеседі, зауыттар мен шаруа қожалықтарын аралап көреді.
Қызылағаш үшін Владимир Бервинов – зор мақтаныш. Серікбай әкім:
– Вовкадан депутат жасаған менмін, – дейді шікірейіп.
Тоқтар мұғалім оған:
– Бөспе! – деп қысқа қайырады.
Ауыл жұрты біресе Серікбай жағына шығады, біресе Тоқтар жаққа ауады. Бірақ сөздің соңы бәрібір тұрмыстың тауқыметіне тіреледі.
– Вовка тезірек келіп, трансформаторларды ауыстыртып берсе ғой. Мына жарық өше береді. Үйдегі техника күйіп жатыр, – деп мұң шағысады жұрт.
Сосын:
– Вовкамыз өзімізге керек еді. Жел соқса, үңгірде отырғандай қараңғыда қаламыз, – деп тағы да өкініс айтады.
Сонда Серікбай ашуға мінеді.
– Е-е, сендер не білесіңдер?! Біздің Вовка үлкен шаруаларға керек! Оны депутат қылған менмін! – деп тағы да мақтана бастайды.
Ал Тоқтар мұғалім оған келіспейді.
— Вовканы депутат қылған — қазақ тілі. Бұрын орысша білмесең, адам қатарына ілігу қиын еді. Қазір қазақша білсең, депутат боласың. Міне, біздің тіліміздің құдіреті! — деп күн ұзақ басын шайқап, тамсанып отырады.
