Қасымхан Бегманов поэзиясындағы тарихи сана мен ұлттық рухтың әлем әдебиетімен үндестігі
Қазақ поэзиясында ел тарихын жырлау – кеше ғана пайда болған үрдіс емес. Оның тамыры жыраулар дәуіріне барып тіреледі. Халықтың басынан өткен қилы кезеңдер, елдік үшін күрескен ерлер, азаттықты аңсаған азаматтар ұрпақтан ұрпаққа ең алдымен сөз өнері арқылы жетті. Сондықтан қазақ үшін өлең – сезімнің ғана емес, ел тағдырының да шежіресі.
Бүгін Қасымхан Бегмановтың «Хан Кене жайлы жыр», «Қараойдағы Махамбет қабірі басындағы ойлар» және «Топқа да кірем тартынбай» атты туындыларын сөз етпекпін. Ақынның бұл үш шығармасын да «қазақ тарихы мен дәстүрінің бүгінгі жалғасы» ретінде бағалауға болады. Ақын Кенесарыны, Махамбетті, Исатайды, Наурызбайды, Алашты, Жайық пен Еділді жырға қосу арқылы белгілі бір тарихи оқиғаларды қайта баяндауды мақсат етпейді. Оның негізгі нысанасы – сол оқиғалардың бүгінгі ұрпақ санасында қандай мағынаға ие екенін көрсету.
Бұл шығармаларда өткен мен бүгін бір-бірінен алшақ тұрған екі кезең ретінде көрінбейді. Керісінше, бір дәуірдің үні екінші дәуірге жетіп, сол тарихи тұлғалардың тағдыры қазіргі адамның ойына айналады. Осыдан келіп ақын поэзиясының негізгі арқауы айқындалады. Ол – елдік сана, еркіндік, ұлттық намыс, ата тарих алдындағы жауапкершілік және ұрпақ сабақтастығы.
«Хан Кене жайлы жыр» – біз сөз еткелі отырған туындылардың ішіндегі тарихи салмағы айрықша шығармалардың бірі. Кенесары Қасымұлы қазақ әдебиетінде аз жырланған тұлға емес. Бірақ тарихи тұлғаның әдебиетте қайта көрінуі ешқашан бір сарынды болмайды. Әр дәуір өз Кенесарысын өз сұрағымен іздейді.
Кенесары – қазақ тарихындағы аса күрделі тұлға. Ол – хан, қолбасшы, мемлекетшіл қайраткер, ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі. Бірақ ақын үшін осы анықтамалардың өзі жеткіліксіз болып көрінеді. Поэзияға тарихи тұлғаның ішкі трагедиясы, ел тағдырымен біте қайнасқан арманы, жалғыздығы мен жауапкершілігі қажет. Бегмановтың Кенесарыға келуінде осындай көркемдік ұстаным байқалады.
Кене бейнесі арқылы ақын жеке адамның тағдырын емес, ел тағдырын көрсетеді. Бұл шығармада ханның күресі – белгілі бір кезеңнің саяси оқиғасы ғана емес, қазақтың өз алдына ел болу мәселесінің көркем бейнесіне айналған.
Сондықтан Кенесары туралы жырдың бүгінгі оқырман үшін маңызы зор. Оқырман өлеңді оқып отырып: «Кенесары кім еді?» деген сұрақпен ғана шектелмейді. Одан да маңызды «Біз оның күресінің мәнін бүгін қалай түсініп жүрміз?» деген сауалға алып келеді. Ақын поэзияның құдіреті де осында жатыр. Тарих оқулығы оқиғаны түсіндірсе, өлең сол оқиғаның рухын сезіндіреді.
Кенесары тұлғасын әлем әдебиетімен салыстырғанда ең алдымен поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевич ойға оралады. Мицкевич шығармашылығының үлкен арнасын «туған елінің тағдыры мен ұлттық еркіндік» мәселесі құрайды. Яғни оның «Конрад Валленрод» поэмасында осы бір есім белгілі бір адамның өмірбаяны болып қалмай, тұтас халықтың тағдырын танытатын көркем бейнеге айналады.
Біздің Қасымхан Бегмановтың Кенесарысы да осы биіктікке ұмтылған тарихи тұлға. Әрине, Кенесары мен Мицкевич шығармаларындағы тарихи кеңістік екі бөлек. Бірі – қазақ даласы, бірі – Польша тағдыры. Бірақ екі қаламгердің шығармаларында көркемдік үндестік бар, яғни екеуінде де өткеннің қасіреті бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігіне айналады. Бұл – ұлттық әдебиеттің әлемдік әдебиетпен тоғысатын тұсы.
Кенесары да, Конрад Валленрод та «Өз басыңнан бұрын елдің тағдыры маңызды» деген ұлттық ұстаным иелері.
«Барлық сөзден де тәтті бір сөз бар. Жер бетінде оған тең келер махаббат сөзі жоқ, «Отан» деген сөзден басқа» деген Конрад шынымен-ақ біздің Кенесары тектес тұлға. Айырмашылығы – Кенесары Қасымұлы – нақты тарихи тұлға болса, Конрад Валленрод – тарихи аңыздардан нәр алған көркем тұлға. Сондықтан біздің Кенесарының тарихи маңызы өте зор. Қасымхан Бегмановтың бұл туындысының құндылығы да осында жатыр.
Әңгіме еді бұл, дүрлігіп халық, бақ тыңдар,
Сан ғасырларға аңыз боп қанат қақтыңдар.
Ұлы ұлысқа қасірет келген сол түні,
Хан Кенені емес, Тұранды сатты сатқындар! –
деп жырланған бұл туындыда ақынның тарихи танымы кең екені айқындала түседі. Бұл шығармада бір ғана тұлғаның тағдыры емес, халықтың басынан өткен дүрбелең, елдің өткені, тарихи кезеңдердің сабақтастығы алдыңғы қатарға шығады.
Тұран, Кене хан, Нысанбай тәрізді атаулардың қатар келуі де шығарма кеңістігін ұлғайта түседі. Шығармада Нысанбай есімінің аталуының өзі терең мәнге ие. Нысанбай жырау – Кенесары дәуірінің тарихи оқиғаларын жырға қосқан тұлға. Бегманов бір жағынан Кенесары кезеңіне, екінші жағынан сол кезеңді жыр арқылы сақтап қалған Нысанбай дәстүріне назар аударады.
Осы жерде қазақ поэзиясының үлкен ерекшелігі көрінеді, ол – ақынның тарихты сақтауы. Жырау ел басынан өткен оқиғаны жырлайды. Кейінгі ақын сол жырға қайта оралады. Ал қазіргі оқырман, яғни біз сол арқылы өткен дәуірмен танысамыз. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының көркем көрінісі.
Әдебиетте тарихты жырлау – өткенді қайталау емес. Тарихи тақырыптағы шығарманың басты міндеті – бұрын болған оқиғаны өлең жолдарымен қайта айту емес. Егер ақын тек деректі қайталаса, шығарма тарихи анықтамадан аса алмай қалады. Ал поэзияның міндеті – сол оқиғаның адамға әсерін, оның рухани мағынасын ашу.
Бегмановтың шығармаларында да тарихи тұлғалар құр дерек ретінде алынбайды. Олар бүгінгі оқырманға ой салатын көркем образдарға айналады. Мысалы, Кенесары – елдік идеяның белгісі, Махамбет – еркіндік пен азаматтық үннің символы. Исатай – күрескерліктің көрінісі болса, Наурызбай – тарихи трагедияның бір қыры. Ал Алаш – ұлттық сананың жаңа сапасы болса, Жайық, Еділ, Қараой – сол тарихты сақтап тұрған кеңістіктер.
Осылайша жеке есімдер мен географиялық атаулар да Бегманов туындысында бір-бірімен байланысып, тұтас поэтикалық әлем жасайды.
Сондай-ақ, жинақтағы «Топқа да кірем тартынбай...» деп басталатын туындыны да осы тарихи шығармалардан бөле-жара қарауға болмайды.
Топқа да кіргем тартынбай,
Аламандарда шапқанмын кеше алқынбай.
Сәулемді шашқам жарқылдай,
Туған жерім деп шырылдап, отқа да кірген, саз кешіп,
Не істеймін, қасиетті сәби сияқты халқымды-ай?! —
деп жырлаған ақынның мұнда жеке тұлғасы, лирикалық «мені» анық байқалады. Ол өзінен бұрын, сәбидей халқын поэзия құдіретімен тербетіп тұр. Яғни бұл «мен» де тек жеке бастың көңіл күйімен шектелмейді.
Қазақ поэзиясында ақынның жеке сөзі көбіне қоғамдық ойға ұласып жатады. Абай өз заманындағы қоғамды жеке адамның мінезі арқылы танытса, Шәкәрім адам мен ар мәселесін қатар қойды. Мағжан жеке адамның сезімін ұлт тағдырымен сабақтастырды. Бегманов шығармашылығындағы лирикалық «мен» де қоғамнан тыс тұрған адам емес. Ол – өткенге баға беретін, бүгінді саралайтын азаматтық тұлға. Сондықтан бұл туындының маңызы – ақынның өзін көрсетуінде ғана емес, замандас адамның ішкі үнін танытуында.
Сондай-ақ, мен жоғарыда атап көрсеткен үш туындының ішіндегі ең терең философиялық туындылардың бірі – «Қараойдағы Махамбет қабірі басындағы ойлар». Шығарманың атауының өзі ерекше көркемдік кеңістік қалыптастырады:
Қараой.
Қабір.
Ой.
Осы үш ұғымның өзі өлеңнің бүкіл философиялық мазмұнын аңғартады.
Қараой – жер.
Қабір – өлім.
Ой – тіршілік.
Ақын Махамбеттің қабіріне келгенде осы үшеуі бір нүктеде тоғысады. Тарихи ақын мен қазіргі дәуірде өмір сүріп отырған ақын арасында ғасырлар жатыр. Бірақ поэзия сол ғасырлардың арасын жақындатады. Махамбет физикалық тұрғыдан жоқ, бірақ оның сөзі, үні, рухы әлі де бар. Сондықтан ақын қабір басында Махамбетті жоқтап қана тұрмайды, онымен рухани сұхбатқа түседі.
Осы арқылы Қараой жай ғана жер атауы емес, қазақтың өткенін бүгінмен жалғастырып тұрған қасиетті кеңістікке айналып тұр. Ақын Махамбеттің бейітіне жай ғана тағзым ету үшін бармайды. Ол қасиетті мекенге өзіне етене жақын ағасымен бірге келеді. Осы сапардың бүкіл эмоциялық салмағы мына жолдарға сыйып тұр:
От шашырап, жалын атқан сөзіңе,
Бостандықтың жолында бассыз қалған өзіңе.
Бас июді парызым ғой деп білдім,
Екі жүз жыл өткеннен соң арада
Қараойдағы қабіріңе ағамменен кеп тұрмын.
Бұл жолдарда тарихи тұлғаға тағзым ғана жасалып тұрған жоқ. Мұнда ақынның Махамбетпен рухани сырласуы, сонымен бірге Қараойға бірге келген ағасымен ішкі мұңын бөлісуі қатар өріліп жатыр. «Ағамменен кеп тұрмын» деген бір ғана жол өлеңнің эмоциялық кеңістігін кеңейтіп жібереді.
Ақын Махамбет қабірінің алдында жалғыз тұрған жоқ. Оның жанында өзіне жақын адам бар. Ал, алдында – екі ғасыр бұрын өмір сүрген, бірақ сөзі мен рухы әлі өшпеген Махамбет тұр. Осы сәтте уақыттың өзі шартты ұғымға айналады. Қараойда ақын үшін екі ғасырлық қашықтық жойылып, Махамбет бүгінгі күннің адамына айналады. Өткен дәуірдің ақыны қазіргі ақынмен үнсіз тілдеседі. Ал ағамен бірге жасалған бұл сапар сол рухани сұхбатқа адамдық, туыстық, сырластық сипат үстейді.
Бұл тұста тағы бір тосын сәйкестікке назар аударуға болады. Махамбет – қырық төрт жасқа таяған шағында ғұмыры үзілген ақын. Қасымхан Бегманов – қырық төртке бет алған шағында Махамбеттің қабіріне келіп, оның тағдырына үңілген ақын. Ал қырық төрт жасқа толғалы тұрған мен осы екі тағдырдың арасындағы рухани байланысты бүгінгі күннен таразылап отырған жанмын.
Жалпы, Махамбет өлеңдерін ғасырлар бойы халықтың жаттап келуінің себебі – оның шығармаларында өз дәуірінен әлдеқайда биік идеялардың жатуында. Ол елдік туралы айтты, ерлік пен намыс туралы айтты. Еркіндік жайлы айта жүріп, Исатаймен бірге сол жолда күресті. Жеңілісті көрді, жалғыздықты да сезінді. Бірақ елдік сөзінен бас тартпады. Осы қасиеті оны қазақ поэзиясының ғана емес, әлемдік еркіндік поэзиясының биігіне көтерді.
Осы тұста Махамбет пен Байронды салыстыру өте орынды.
Байрон да еркіндік рухын, қарсылықты, тұлғаның ішкі тәуелсіздігін жырлады. Бірақ Махамбет – Байронның қазақша баламасы емес, оның тамыры – қазақтың жыраулық дәстүрінде, күресі – қазақтың нақты тарихи жағдайында. Оның сөзі – қазақтың ұлттық мінезімен біте қайнасқан. Сондықтан Байрон мен Махамбет арасындағы байланыс – еліктеу емес, адамзаттық еркіндік идеясындағы үндестік.
Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Махамбетті Исатайсыз түсіну мүмкін емес. Исатай – көтерілістің көшбасшысы болса, Махамбет – сол күрестің ақындық дауысы. Яғни Исатайдың ісі Махамбеттің сөзіне айналды. Ал Махамбеттің сөзі Исатай бастаған күрестің рухын кейінгі ұрпаққа жеткізді.
Сондықтан екеуінің есімі қатар келгенде қазақ тарихындағы сөз бен істің бірлігі тұрақты көрініс береді. Бегмановтың шығармаларында Исатайдың аталуы да осы идеяны күшейте түседі. Тарихта бір адамның ерлігімен ғана шектелетін оқиға болмайды. Әрбір үлкен қозғалыстың артында халықтың мұңы, арман-тілегі, әлеуметтік жағдайы тұрады. Сондықтан Исатай бейнесі – бір батырдың ғана бейнесі емес, ол – елдік мүдде үшін күрескен тұлғаның көркем белгісі.
Жалпы, Қасымхан Бегманов шығармаларын тұтастай назарға алғанда ақынның тарихи дүниетанымы айқындалады:
Махамбет.
Исатай.
Кенесары.
Наурызбай.
Қасым.
Алаш.
Бұл есімдердің әрқайсысы қазақ тарихының әр кезеңіне тиесілі.
Бірақ ақын оларды кездейсоқ тізіп отырған жоқ. Олардың арасында идеялық байланыс бар, ол – ел болу идеясы.
Қасым дәуірі – мемлекеттілік тарихының маңызды белесі болса, Кенесары – хандық дәуірдің соңғы ірі тұлғасы. Исатай мен Махамбет – халықтық қарсылықтың символдары. Ал Алаш – ұлттық сананың жаңа тарихи кезеңдегі көрінісі.
Осы тұлғалардың барлығын бір поэтикалық кеңістікке жинау арқылы ақын қазақ тарихын бөлшектеп емес, «сабақтас процесс» ретінде көрсетеді. Мәселен, Наурызбай бейнесі Кенесары тарихының аясын кеңейтеді. Тарихи тұлғаның жанындағы адамдар кейде негізгі тұлғаның көлеңкесінде қалып қояды. Ал әдебиет сол көлеңкеде қалған тағдырларды қайта жарыққа шығара алар қауқары бар өнер.
Наурызбай – Кенесарының туысы ғана емес, оның күресінің белсенді қатысушысы. Оның тағдыры Кенесарының тағдырымен сабақтасып жатқандықтан, екі тұлғаны қатар қарастыру – сол дәуірдің трагедиясын тереңдете түседі.
Осы арқылы туындыда бір адамның өлімі емес, тұтас бір буынның трагедиясы көрінеді.
Дәл осы тұста Бегмановтың тарихи поэзиясы «деректен көркемдікке» көтеріледі.
Мәселен, Кенесарыдан кейінгі тарихи кезеңде қазақтың елдік идеясы басқа сипат алды. Алаш қозғалысы ұлттық ойды саяси, мәдени, білімдік деңгейге көтерді. Сондықтан Бегманов шығармаларындағы Алаш ұғымы Кенесары мен Махамбеттен бөлек тұрған тақырып емес. Керісінше, солардан басталған елдік ойдың жаңа дәуірдегі жалғасы.
Кенесары – қарумен күрескен дәуірдің тұлғасы, ал Махамбет – сөзбен күрескен дәуірдің ақыны. Алаш – біліммен, саяси оймен, ұлттық жаңғырумен күрескен буын. Олардың тәсілдері әртүрлі болғанымен, мақсаттағы сабақтастық анық, ол – ел болу.
Сондай-ақ, ақын шығармаларындағы Жайық пен Еділ атаулары да ерекше көркемдік қызмет атқарады. Жайық – Махамбет пен Исатай тағдырымен біте қайнасқан өзен. Қараой – Махамбеттің соңғы мекені. Ал Еділ – қазақ тарихының кең географиялық кеңістігін танытатын өзен. Бұл атаулар шығармада жай ғана мекенді көрсету үшін қолданылмайды. Олардың әрқайсысы өткен дәуірдің ізін сақтап тұрғандай әсер қалдырады.
Табиғат пен тарихтың осылайша бірігуі әлем әдебиетінде де кездеседі.
Мәселен, Уолт Уитмен поэзиясында Америка кеңістігі халықтың рухымен бірге суреттеледі. Өзендер, далалар, жолдар мен қалалар жеке географиялық нысан болып қалмай, ұлттық болмыстың бөлшегіне айналады. Бегманов поэзиясында қазақ даласы да осындай қызмет атқарады. Бірақ оның даласы – нақты тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ даласы. Сондықтан Жайық пен Еділдің поэтикалық мәні географиядан әлдеқайда кең.
Ал Адам Мицкевичтің шығармашылығы мен Бегманов поэзиясының арасындағы ең маңызды үндестік – ұлттық сананы әдебиет арқылы күшейтуінде.
Мицкевич өз халқының басынан өткен тарихи қасіретті поэзияның үлкен тақырыбына айналдырса, Бегманов та қазақ тарихының күрделі кезеңдеріне қайта оралады. Бірақ мақсат – өткенді жоқтау емес, өткеннен бүгінге сабақ алу. Яғни тарихи тұлғаларды бүгінгі оқырманмен қайта кездестіру және олардың арманы мен бүгінгі қоғамның арасындағы байланысты іздеу.
Осы тұрғыдан «тарихи поэзияның» міндеті айқындалады, ол – өткенді тірілту емес, өткеннің мағынасын бүгінге жеткізу.
Ал Перси Биши Шелли поэзиясында еркіндік – адам рухының табиғи қасиеті. Махамбет поэзиясында да еркіндік сырттан берілетін сый ретінде емес, адамның және елдің табиғи құқығы ретінде көрінеді. Осы екі ақынның тарихи ортасы екі түрлі болғанымен, олардың поэзиясындағы еркіндік идеясы адамзаттық сипатқа ие. Бегмановтың тарихи жырлары да осы ұғымды бүгінгі санаға жеткізеді.
Кенесарының күресі, Махамбеттің сөзі, Исатайдың ерлігі – бұлардың барлығының түбінде бір ұғым жатыр, ол – еркін ел болу.
Ал Фридрих Шиллер шығармаларында тарихи тұлғаның жеке таңдауы мен қоғамдық жауапкершілігі қатар жүреді. Біздің Кенесары бейнесіне келгенде осы мәселе ерекше маңызды. Себебі тарихи тұлға белгілі бір кезеңнің қысымында таңдау жасайды, ол өз пайдасын ойлауы мүмкін немесе ел тағдырын таңдауы мүмкін. Кенесарының трагедиясы да осы тарихи таңдаумен байланысты.
Бегманов бұл тұлғаны бүгінгі оқырманға жақындатқанда оның тағдырын қазіргі адамға қойылатын сұрақпен сабақтастырады. Яғни ел тағдыры сынға түскенде адам қай жағында тұруы керек?
Бұл сұрақтың жауабы бір дәуірге ғана тиесілі емес.
Әлем әдебиетінің тағы бір үздігі Виктор Гюго шығармашылығында тарихтың көлеңкесінде қалған адамдардың тағдыры кең орын алады. Оның кейіпкерлері кейде қоғам алдында жеңілгенімен, рухани тұрғыдан жеңілмейді.
Кенесары мен Махамбет тағдырына да осы тұрғыдан қарауға болады. Олардың күресі жеңіспен аяқталған жоқ. Бірақ олардың идеялары кейінгі ұрпаққа жетті. Олардың есімі тарихымызда да, әдебиетімізде де сақталды.
Олардың сөзі халық арасында әлі күнге дейін өмір сүріп жүр. Демек, тарихи жеңіліс – әрқашан рухани жеңіліс бола бермейді. Бегманов поэзиясы да осыны дәлелдейді. Адам өледі, дәуір өзгереді, бірақ елдік идея өмір сүре береді.
Қасымхан Бегмановтың тарихи туындыларын оқығанда ең алдымен бір нәрсе анық байқалады: ақын өткен дәуірлерді бүгінгі уақыттан бөліп қарамайды.
Ол Кенесарыға қарап – бүгінгі тәуелсіздікті ойлайды. Махамбетке қарап – азаматтық ұстанымды ойлайды. Исатайға қарап – елдік мүддені ойлайды. Алашқа қарап – ұлттық болашақты ойлайды. Қараойға барып – уақыттың өткіншілігін ойлайды.
Сондықтан тарихи поэзияның негізгі нысаны – өткеннің өзі емес, бүгінгі адамның өткенге деген жауапкершілігі. Бұл жерде әдебиет тарихшының міндетін атқармайды, ол оқиғаның нақты датасын, санын, хронологиясын да бермейді. Әдебиеттің міндеті басқа: ол оқырманды ойландырады, сезіндіреді, салыстырады және өзінің бүгінгі орнын түсінуге мәжбүр етеді.
Жалпы, Бегманов шығармашылығына келгенде, оның туындыларын жеке-жеке қарастыруға болады. Бірақ олардың барлығын бірге оқығанда ғана ақынның тарихи тақырыптағы ізденісінің толық сипаты ашыла түседі. Бір-бірінің жалғасы іспетті дүниелер шетінен.
Кенесары – елдік пен тәуелсіздіктің белгісі. Нысанбай – өткенді сөзбен жеткізген жыраулық дәстүрдің жалғасы. Махамбет – азаматтық үн мен еркіндіктің символы. Исатай – әрекеттегі ерліктің бейнесі. Ал Наурызбай – тарихи күрестің трагедиялық қырын ашса, Алаш – ұлттық ойдың жаңғыруы болып көрініс береді.
Ал, жер-су атаулары, яғни Жайық, Еділ, Қараой – осы тұлғалар өмір сүрген тарихи кеңістіктің көркем белгілері. Бұлардың барлығын біріктіріп тұрған – қазақтың елдік санасы. Тек әлем әдебиетімен салыстыру арқылы Бегманов поэзиясының ерекшелігін анық көре аламыз.
Мәселен, Байрон еркіндік үшін күрескен тұлғаның рухын жырлады. Шелли адамзаттың азаттығын жырлады. Мицкевич ұлттық тәуелсіздіктің рухани мәселесін көтерді. Шиллер тарихи тұлғаның еркін таңдауын көрсетті. Гюго адам мен қоғам арасындағы әділет мәселесіне үңілді. Ал Уитмен халық пен кеңістіктің тұтастығын жырлады.
Осылайша, қазақ поэзиясында осы идеялардың өзіндік ұлттық нұсқасы қалыптасты: Махамбетте – ел еркіндігі, Кенесарыда – мемлекеттілік, Алашта – ұлттық жаңғыру. Ал Бегманов осы дәстүрлердің тарихи сабақтастығын көрсете білген ақын. Бұл – қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиеттен бөлек тұрғанын емес, керісінше, адамзатқа ортақ мәселелерді өзінің ұлттық болмысымен айта алғанын көрсетеді.
Жалпы, Қасымхан Бегмановтың қай тарихи туындыларын алсақ та, олар – қазақтың өткенін еске түсіру үшін ғана жазылған өлеңдер емес. Олардың астарында бүгінгі ұрпаққа қойылған сұрақ жатыр.
Біз Кенесарыны қалай түсінеміз, Махамбетті не үшін оқимыз, Исатайдың ерлігінен қандай сабақ аламыз, Алаш идеясын бүгін қалай бағалаймыз? Қараойға барып, Махамбетті еске алғанда біз оның тағдырын ғана ойлаймыз ба, әлде өз дәуіріміздің жауапкершілігін де сезінеміз бе?
Міне, ақын поэзиясының салмағы осы сұрақтардан көрінеді. Яғни тарих – өткенде қалған уақыт емес, ол бүгінгі адамның санасында өмір сүрген кезде ғана мәнді.
Кенесарының күресі – тәуелсіздіктің бағасын түсінуге шақырады. Махамбеттің сөзі – азаматтық үннің қадірін ұқтырады. Исатайдың ерлігі – елдік мүдденің жеке бастың қамынан биік тұратынын көрсетеді. Алаштың мұраты – ұлттық сананың білім мен ой арқылы биіктейтінін танытады. Ал Қараой – осының бәрін бір сәтке тоқтатып, өткен мен бүгінді бетпе-бет кездестіретін мекен.
Міне, әдебиеттің ұлылығы деген осы!
Ол өлген адамды тірілтпейді, бірақ оның сөзін тірілтеді. Ол өткен дәуірді қайта әкелмейді, бірақ оның тағылымын бүгінге жеткізеді. Ол тарихты өзгерте алмайды, бірақ адамның тарихқа деген көзқарасын өзгерте алады. Қасымхан Бегмановтың тарихи жырларының негізгі қуаты – осында!
Ақын Кенесарыны, Махамбетті, Исатайды, Наурызбайды, Алашты бір-бірінен бөлек тұрған тарихи есімдер ретінде емес, қазақтың елдік санасын қалыптастырған рухани тұлғалар ретінде қатар қояды. Олардың арасындағы ғасырлар поэзияда қысқарады. Қараойдағы Махамбет бүгінгі ақынмен тілдесіп, Кенесары хан бүгінгі ұрпақтың ойына оралып, Жайық пен Еділ тарихтың үнсіз куәгеріне айналады. Ал ақын сол өткен дәуірдің үнін бүгінгі оқырманға жеткізеді.
Сондықтан бұл жырлардың түпкі мәнін бір ғана ұғыммен түйіндеуге болады: тарихты білу аз, тарихтың тағылымын түсіну керек. Өйткені ұлттың болашағы өткенін қалай танығанына да байланысты. Ал өткеннің үнін бүгінге жеткізетін ең қуатты құралдың бірі – сөз өнері. Қасымхан Бегмановтың жырлары сол сөздің елдік салмағын тағы бір мәрте таныта түседі.
Бүгінгі таңда халықтың мұңынан гөрі өз мұңын дәріптейтін ақындар көбейді. Сол үшін бүгінгі қазақ поэзиясынан «ұлттық мүдде мен ұлттық құндылықтарды» ұлықтайтын туындыларды шаммен іздеп жүріп оқитын болдық. Қасымхан Бегмановтың «Құланиек құба таң» кітабында жинақталған туындылардың болашақ ұрпаққа берер тарихи тағылымы мол екені көңіл қуантады.
Бегманов поэзиясы осы қасиетімен бүгінгі қазақ поэзиясының ішіндегі «ең, ең, ең қуатты және айбатты құндылық екені» даусыз. Себебі нағыз поэзия ұлт мүддесі жолында арыстанша ақырып, жолбарысша атылып тұру керек. Неге десеңіз, поэзия – әлемдік кеңістіктегі ең мықты қару. Ал ақынның жеке мұңы бұл кеңістікте «әлсіз оқтай» тиеді.
Ал Қасымхан Бегманов поэзиясы төл тарихымыз бен ата-баба рухын бетке ұстай отырып өзі жырлағандай, сәулесін шашып жарқылдап тұр.
Гүлсара Байданова
