Бейбіт Бөжен.Шортан қармақ

«Шортан қармақ» және «Тин-дин». Қос әңгіме тұрмыстық драманы жеңіл де әуезді юмормен, кейде ащы сатирамен ұштастыра жазылған. Автор қарапайым халықтың күнделікті тіршілігін, мінез-құлқындағы түрлі оқыс оқиғаларды күлдіре отырып бейнелейді. 

19

Бейбіт Бөжен.Шортан қармақ - adebiportal.kz

(фельетон)

Екінтіден кейін құс көрпенің үстіне жайғасқан екі шал көк жәшіктің ішіне кіріп кетуге шақ отыр.  «Бюджет қаржысын опыра жеген шенеуніктерге қатаң жаза қарастырылмақ. Дегенмен қаржы полициясының өкілдері шортандар құтылып, шабақтар тұтылып жүргенін айтады» деген диктордың сөзі екі шалдың әп-сәтте ашуын келтіріп, жүйке жүйесіне бір есекке артар тұзды әкеліп төңкере салғандай болды.  Білегі мен балтырының қалыңдығына бола тапал шалды ел «Топай шал» атаса, сирағы ұзын сарыны «Сопай шал» деп айдарына қызыл жіп байлап қойған. Бірінің үйінде екіншісі апталап жатып алатын қос құрдастың қастасуы да, достасуы да тез, мінездері де желге тиген жібек орамал секілді. «Шортанға шамалары келмей жүр» деген сөз шымбайларына ши жүгіртіп, бақайшақтарының ұшындағы қанды төбесіне дейін тасытып қойғаны сонша, маңдай тамырларына дейін білеуленіп жарылуға шақ тұр. «Айналаның бәрі жыртып жеген, жымқырып жеген, қылғытып жеген таусылмайтын жемқор. Енді оларды танкімен атпаса, амал жоқ шығар» деген ортақ ойда. 

Алдарына келген ешкінің басының қос құлағын кесіп алуға қалталарынан бәкілерін суырғаны сол екен, жалқы бастың бір құлағы жоқ боп шықты. Ерте заманнан ешкі атаулы жаратылғанда басына екі көз, екі мүйіз, екі құлақ берілген ғой. 

– Кемпір, – деп айғай салды «Топай шал» тізесіне дейін сазға батып, тобығына тікен қадалғандай. Әншейінде мұз жаратын кемедей болып жүретін жуан кемпір көп күттірген жоқ, томпаң-томпаң етіп жепелемде жетіп келді. 

– Не болды, жүрегің жұтқыншағыңа тығылып? 

– Бас қайда? 

– Иығыңда тұр ғой? 

– Құлақ ше? 

– Қасында тұр.

– Ешкінің басы деймін,  менің басым орнында тұрғанын өзім де білемін. 

– Қап, қуарғыр сол! 

«Топай шалдың» асыранды баласының үйдегіні ұрлап кетіп, сыртқа шығып қылғытпаса ұпайы түгенделмейді. Әжесінің суытамын деп шығарып қойған бастың бір құлағын кесіп алып кеткенін кемпір бірден түсінді.

– Ана, саусағы  сумаңдап тұратын сумақай жайлағырдан келді.

Мұны естіген «Сопай шалда» ес қалмай тұншыға күлді. Қашанғы шыдасын, кеудесін кере демін ішке әрең тартып, үзіліс жасап, қайта күлкі қысып, қарқ ете қалғанда аузындағы протез тісі анадай жерге топ ете қалды. Дастарханның басынан не ұшып келер екен деп күтіп отырған тарғыл мысық ұшып түскен протез тіске жүгіріп барғаны сол еді, қақ шекеден мойыл таяқ тарс етті. Таяққа әбден үйренген байғұс мыңқ еткен жоқ, бұрылды да түк болмағандай кете барды. 

– Үйлеріңдегінің бәрі ұры боп кеткеннен сау ма? – деп тілін шайнап әрең сөйледі «Сопай шал» қайта малдасын қалай құрарынан жаңылып оң аяқ пен сол аяғын шатастырып. Сол кеште шай да дұрыс ішілмеді, ешкінің басынан басталған ерегестен кейін екі шал ерте жатып қалды.

Екі шал әтештен бұрын тұрып, алагеуім шақта қармақтарын түгендеп, ауылдың шетіндегі Үшайрық көліне қарай бет алды. «Сопай шал» келген бетте ине қармағының тереңдігін жерден тізесіне дейін өлшеп белгіледі де, тебен инеден иіп жасаған күршегіне шылаушын құрт іліп, ақ айдынның жиегіне бойынан асырып құлаштап лақтыра салды. Қаздың қанатынан жасалған қалытқы суға түскен бетте қақиып тігінен тұра қалды. Мақсаты – шабақ аулау. «Топай шал» болса асыққан жоқ. «Сопай шалдың» сол жағына жайғасып балдырлы, түбі қорыс, мүкті терең жерді құрығымен түрткілеп тазалап байқады да бірінші тары септі. Одан соң қармағын баптап, қалытқысын кеудесіне дейін тереңдетіп барып суға салды. 

– Жалаң құйрығыңды күн қақтағандай неменеңе жанталасып жүрсің? – деп күлді Топай Сопайды әжуалап. 

– Шабақ керек, жұтпаға бастыруға шабақ керек. 

– Шабақ байғұста ес болушы ма еді, қаңғалақтап жүріп түседі қазір. Ол мақұлық құрт та, жүгері де, шегіртке де жей беретін сорлы емес пе. 

– Кейде сол сорлың қармағыңа алтын жалатып қойсаң да түспей қояды, – деп жұмсара тіл қатты «Сопай шал». – Кеше сенің сойған ешкіңнің өкпесінен бір тілім кесіп алу керек еді. Шортан жыртқыш қой, қаба береді, – дей салды өткен күні болған оқиғаның қоламтасын қайта бықсытып. Бұл әңгіме басталғанда «Топай шал» тағы да күркетауық құсап алқымы бөрте қызарып, көтеріле бастап еді, соны сезген «Сопай шал» тығырықтан саңылау тауып шығып кетті. 

– Сен неге сонша баптандың? – деп сұрақ қоя салды. 

– Мен қара балық ұстаймын. Қазір «сезон» басталды, ал оған бап керек. Тіссіз қара балық салған құртыңды асықпай сорып тұрады, әбден дәмін алған уақытты кірш еткізіп баса салады, – деп әңгімесін жалғай берді. Қалытқысын сүйреп жүргенін қалт жібермеген «Сопай шал» қармағын көтеріп еді, шабақ ілініпті. Шортан қармағын тарқатып, үш айыр күршекке (якорь) шабақты қалың жон етінен ілді де, қамыстан асырып балдырдың ортасына лақтыра салды. Жұдырықтай қалытқыны шабақ байғұс әрең сүйреп жүр, күлтесін енді жайған түңғиыққа бір апарады, қамысқа тіреп қойып қармақтан босануға ышқынады. 

– Иә, қандыбалақ, қаба гөр! – деп аспанға бір қарады, сосын қасындағы серігіне сүзіле көз тастады «Сопай шал». 

– Түш, үндеме! Қара балық тыныштықты жақсы көреді, – деген «Топай шал» қармағының құртын тағы да бір тексеріп, қайта суға салды. 

– Ал балық, аузыңа сал балық, 

Күли, күли қара балық.

Кішкенең әрі тарт,

Үлкенің бері тарт, – деп қойды іштей осы ауылдың ырым-өлеңін қосып.

Самауыр қызатындай уақыт өткенде «Топай шалдың» қалтқысы түрте бастады. Тұнық көлдің бетінде араға минуттап уақыт салып бір түртеді, қалтқыдан дөңгелене тараған толқын жан-жаққа лезде тарайды. Қайта түртеді, қалтқыны жатқызады, қайта тұрғызады, қайта түртеді. Ақырын сүйреп жағаға әкелді, қайта түртті, жатқызды. Бір уақытта тік тұрғызды да су түбіне батырып ала жөнелді. Тірсегіне қыздырып тиын басып жатсаң да тырп етпейтін «Топай шал» осы кезде ғана қаратерек құрығын көтеріп еді, су сіңген басы майысып шыға келді. Салмақты екен, сол көтерген бойда жағаға лақтырды. Қара балық деп дәмеленген ол ирелеңдеген білектей мақұлықты көріп шошып кетті. 

– Шошыма, жылан балық қой мынау, – деді «Сопай шал» жолдасын сабасына түсіріп. – Мұны қазақтар «судың шошқасы», «судың құрты» деп жемейді ғой. 

– Жылан балық... 

– Бұрын жемейтін, мәйіт жейді дейді ғой бұны. Қазір жей береді, тұтас омыртқа, қабырға жоқ өзінде. Ухаға ашқылтым дәм береді деп  бауыры үшін аулайды орыстар, – деп мақтап тұрған «Сопай шал» қамыстың арғы бетіндегі балдырдың ортасында жатқан шортан қармағының қалтқысына көз жүгіртті. Жеңіл қалытқы балдырдың ортасында жүгіріп жүр, біресе қамысқа барып соқтығады, айналып барып балдырға оралады. Жетіп барғаны сол еді су түбіне жоқ болды. Соны күткен «Сопай шал» шалқалай лақтырмақ болғанда еліксирақ құрық бырт ете қалды. Жалма-жан өзіне қарай сүйрей тартқан бойда жағаға алып шыққаны сол екен, басы кешегі жеген ешкінің басындай, ұзындығына құлашы жетпейтін шортан тайдай тулап, жерден аспанға шапшып асаулық көрсетті. Жанына жетіп барған «Сопай шал» бастапқыда мойнын сындырып үзбек болған. Қолының күші келмеді де сынған құрықпен бастан бір қойды. Судың жыртқышы серейе қалды. «Шабақтар тұтылып, шортандар сытылып жүр» деген кешегі диктордың сөзі санасына сап ете түсті. Олжалы екі шал да ес қалмады. 

Үйге жеткеннен кейін екі шал әкелген балықтарының сорпасын ішпекке бекініп, аршуға кірісті. Тақтайдың үстіне шортанды көлденең жатқыза салып, қабығын аршыған «Сопай шал» көмейінен балықтың құйрығы шығып тұрғанын байқады. Қанжарын бырт еткізіп бауырына батырып ішін жайратып салып еді өз көзіне өзі сенбеді. Білекке жетер-жетпес шорағай. 

– Мә, мына шортан дегенің жыртқыш десе жыртқыш екен ғой. Шорағай дегенің өз тұқымы емес пе, жүрек жоқ екен мына бәлеңде, – деді таңданысын жасыра алмаған «Топай шал». Өзі мұндайды бірінші рет көріп тұрған «Сопай шал» шортанның ішінен шыққан шорағайдың езуінен қылтиып тұрған қара кендір секілді жіп тәрізді затты байқады. Оның да ішін жайрата жарып жіберіп еді сасық иіс мүңк етті. Қара тышқан, кәдімгі судың тышқаны. 

– Мә, дауа жоқ екен мына шортандарға, – деп салды «Топай шал». 

– Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дей ме. Қазір сенің жылан балығыңның ішін жарғанда көреміз, – деген «Сопай шал» уақыт күттірмей бауырын төменнен жоғарыға қарай жағалап жарып жіберді. Өз көздеріне өздері сенер емес, сақина шықты, кәдімгі алтын сақина. 

Кімдікі болды екен? 

***

Таңда аулаған шортан мен жылан балық түскі асқа дайын болған. 

Көк жәшікте түскі жаңалықтар. «Бүгін қаржы полициясы мамандары қала әкімін пара алып жатқан жерінде құрықтады. Шортандар біртіндеп тұтыла бастады» деген диктордың сөзі екеуін әжептәуір рахатқа бөледі. 

«Тин-дин»...

(әзіл әңгіме)

Қодар түні бойы арқасына қотыр түскен ешкідей қолы жетпеген жаурынын іргеге сүйкеп қасынып шықты. Қышыған сайын сүйкеніп, қасыған сайын жаны кіретіндей. Қасында жатқан әйеліне алпыста су перісіндей жасарып кетердей боп жасатып алған сояудай ұзын тырнағыңды жүгіртіп,  қаны шыққанша қасып жіберші деп айту қайда, өзін кінәлі емес күнәлідей сезінеді. Қырық жыл бұрын саусағына сақина сүңгіткелі мойнына да қамыт ілінген. Содан бері құлақ бауын босатқан емес. Әйелінің көзі жоқта құрдастарына «біздің қатын» деп қожыраңдап қоқилана сөйлеуші еді, елуді еңсергелі күні соған қарап «біздің бәйбіше» деп биязы болуды шығарған. Еркек егделенген сайын әйелінің кенже баласы секілді болып кететіні рас екен, бір нәрсе бүлдірсе бүгежектеп, қарсы келуден аяқ тартып тұрады. 

Кеше немересін ертіп алып балыққа барғанда қармағын сазан қауып, соғымға ту бие сойғандай секіріп қуанып еді. Қамыстың арасынан шықты ма, Құдайым білсін, балық инспекторлары жетіп келіп, қол таразысымен өлшегенде қуанышын су сепкендей қылды. 

– Аға, заң бойынша бір адам төрт келі балық қана аулай алады, ал сіздің мына сазаныңыздың салмағы алты келі екі жүз грамм екен. Сізге айыппұл салуға тура келіп тұр. 

– Ойбай-ау, балам, қармаққа түсетін балық - қораға қамайтын қой емес шығар. Әлде мен көлге сүңгіп, балықтың бәрін жинап алып жиналыс ашып, төрт келіден асатын семіздерің қармағыма түспеңдер дейін бе? 

– Аға, заңның аты заң, ол жағын білмейміз. Заңды шығарғандарға айтыңыз оны. 

– Онда сендер ана сазанның құйрығын кесіп алып қалыңдар, сонда төрт келі болады, – деген Қодар ашуланып, әрі әзілдеп. 

Езулеріне амалсыз күлкі үйірілген инспекторлар ештеңеге қарамай «протокол» салып, айыппұл арқалатын жіберген. Одан кейін сыңар көз «Комби москвичінің» көк түтінін будақтатып, көл жағасынан бұзау қуғандай болып күре жолға шыққаны сол екен, соңынан «гаишниктер» қуып жетіп, бақ еткен дабыл дыбысы жүрегін алқымына тығып: «Бір фарыңыз жанбайды», - деп екінші «протоколды» тарс еткізген. Өздері шекарадан контрабанда ұстағандай шіреніп селт етпейді. Бұрынғыларының иектері мойындарымен тұтасып, қарындарын белбеулерінің тілшігі соңғы тесігіне салынып көтеріп тұратын. Арық-тұрық «гаишниктерді» де көру біртүрлі екен. 

– Айналайындар-ау, ауыстыра қоятындай «ләмпішкесі» жоқ, қалаға барғаннан соң сатып алып ауыстырамын, – дегеніне көнбеген. Сол күйі Қодар тітіркенгеннен әр түгі тік тұрып бөрткен терісіне сыймай температурасы көтеріліп, аузына келген боқтықтың бәрін тауысып ызғытқан. Өзінен  басқаның бәрінің түгін қоймай боқтап-балағаттаған күйде қаланың кіре берісіндегі жылдамдық өлшейтін бейнекамерадан өтіп кеткенін байқамай қалған. Он минут өтер-өтпестен қалта телефонынан «тин-дин» деген дыбыс шықты. Бір емес, бірнеше рет шықты. Жолдың жиегіне тоқтамасқа болмай, хабарламаларды оқи бастады. «1414»-тен «Сіздің атыңызға Жол қозғалысы ережесінің 7 тармағы бойынша қарастырылған жылдамдық шамасын бұзғаныңыз үшін 18 мың теңге айыппұл тіркелді. Он төрт күннің ішінде елу пайызын төлеуге мүмкіндігіңіз бар» деген сыңайда хабарлама келіпті.  Одан кейін кредит алған банктердің бәрінен «тағдырлас» хабарламалар нөпірлеп түсіпті. 

– Мыналар ал десең сақ құлақ, бер десең салпаң құлақ болып қалады осы. Таза кісі өлтіргендей қылыпты ғой, – деді таңданысын жасырмаған ол атасының ашуланғанын алғаш көрген немересіне қарап қойды. Бір күнде екі рет айыппұл арқалап, қалтасы жұқарған Қодар қайта жолға шығып, тәртіп сақтауға тырысып келеді. Қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытқаны ойда жоқ. Үйінен аттап шықса сағат сайын кемпірінің қоңырау шалатыны бар. Дір-дір еткен телефон «Амал қанша...» деп әндетіп келеді. Алмасқа лаж жоқ. 

– Қайдасың? – деген арғы жақтан саңқ еткен дауыс. Иә жекігені, иә уайымдағаны белгісіз. 

– Бөтен кемпір алып қашып кетті әкеңнің. Миымды ашытпай кетші, – деп бірінші рет кемпірін боқтап жіберсе де, бұл «ерлігіне» өзі де риза болып, алпысты алқымдағанда еркек екенін сезініп, алдында тұрған бейнекамерадан шекті жылдамдықты сақтап өтті. Үйіне жеткені сол еді, қалта телефоны тыным таппай тағы да «тин-дин» деп сала берді, тоқтаусыз сарнады. Экранын ашқаны сол екен, «белдік тақпағаныңыз», «көлік рулінде қалта телефонын пайдаланғаныңыз үшін айыппұл» делінген сыңайдағы хабарламалар саулап түсті. Мыналар өлтіре ме дегендей ашуланған Қодар ерніне бір тал темекісін салды да жеп қоярдай құмарлана сорды. Ішін «кемпірге қалай айтамын?» деген сұрақ кеміреді. Көк түтіннен ашуы тарқағандай ма, сабасына түскен ол темекінің тұқылын атып жіберді де, қақырынып асфальтқа бұзау тайып жығылатындай етіп былш еткізіп бір түкірді. Подъездің маңдайшасындағы бейнекамера бәрін бақылап жазып тұрғанынан хабары жоқ. 

– Әкеңді, қалаға кіре берісте қырық «Ботагөз», қаладан шыға бере қырық «Қаракөз», бәрін түсіріп жазып тұрады. Бәсе, осы таксистер неменеге қымбат сұрайды десем. Олар да өлі балықтың күйінде екен ғой.

– Немене, суылдай жөнелдің? Камераға түсіп қалып, штраф келгеннен саумысың? 

– Жалғыз келсе жақсы ғой, бота-тайлағымен шұбырып әлі келіп жатыр. 

– Өй сорлы, байқамайсың ба! Жүр солай жалақыңның жартысын штрафқа беріп... – деп лезде долданып шыға келді бәйбішесі. Сол кеште турамшы кеспе түгілі шайға да шақырмады. 

Қодардың кемпірі шалы айыппұлға белшесінен батып келгенінен хабарсыз еді. Қодар бір қызып алса жұмыртқа тапқанын бөтен біреу көріп қалса қыт-қыттап қоймайтын мекиен тауықтай кемпірінің миын солқ-солқ еткізіп төмпештеп, құлағының етін жейтін үйреншікті ызыңына мән берген жоқ, қалта телефонын өшірді де жатып қалған. 

***

Ашуланғанда ұйықтап жатып тісін шықырлататын әдеті бар ол аузын ашып  есінемек болып еді жақ сүйегі ауырып қалыпты. Тісін тісіне егеп сарықайрақтай қылып тастағандай. Көнторғай тұрмыстан шаршаған Қодардың түні бойы ашудан аллергиясы ұстап, дыр-дыр қасынып тұра салысымен күнделікті әдеті бойынша қалта телефонын қосқаны сол еді, «тин-дин», «тин-дин», «тин-дин» деп сайрай жөнелді. Жүрегі шайлығып қалса да амалсыз хабарламаларды ашты. Екі айыппұл келіпті, біреуі темекісінің тұқылын лақтырғаны, екіншісі түкіргені үшін. Көршілердің бірі хабарлаған, жау алыстан келмегені анық. Отыз жетінші жыл болса көшіп келген күні атылып кетеді екен. 

– Язвити бас, – деп маңдайын бір ұрды. Құлағынан «тин-дин» деген дыбыс кетер емес. Таңғы тамаққа түні бойы тынықпаған соң мұршасы келмеді, тәбеті де қашқан. Миын кеміріп штрафтар тірідей жеп жатқанда қайтіп жайланып тамақ ішпек. Кемпірдің қарс айрылған қабағы анау. Осы үйде Қодардан басқа жексұрын адам жоқ әзірге. Бір шұлығын аударып теріс кигенін де байқамай далаға тұра шапқан. 

Көненің көзіне айналған «Комбиін» от алдырып, қыр жоннан көн, қу табаннан таспа алған тірлікті ойлап: «Көшедегі сұқкөздер мен «Ботагөз», «Қаракөздерден» жер астына түсіп жасырынбаса болмас», - деп ойланып тұр еді. Бірінші қабатта тұратын, сыңар езуінен сыпсың сөзі түспейтін, қашан көрсең де өзімен өзі «түтіндеп» ұрсып жүретін көрші кемпір терезеден баж ете қалды. 

– Что ты старый дымишь здесь, дышать ни чем, даже квартиру заходить, я буду жаловаться, – деп салды бақшасына бұқа түскендей. Ашулы адам тамақ ішіп тұрған ит секілді, алыс жүрмесең қауып алады. 

– Да пошла ты ... – деп үйреншікті сөз болса да өмірінде бірінші рет бөтен әйелді боқтап жіберген. Қашанға дейін басындырып бақайының ұшына қарап үндемей жүре беруге болады?!

Жол үстіндегі ендігі ойы әйеліне айтпай, банктен барып микрокредит алып, айыппұлдарын төлеп тастау. Тайтұяққа жетпесе де, ешкікөз алтын алуға жететіндей пұл жиналып қалғанын іші сезеді. Радиодан: «Енді көлігіңізді ұзақ уақыт қыздырсаңыз, экологияға келтірілген шығын үшін айыппұл арқалауыңыз мүмкін» дегенді естіп, сілекейіне шашалып қалды. Шашалғанын өзінше олжаға ырымдаған, бірақ жуық арада аяғы салбырап түсетін олжа жоқ. Жалақыға дейін үш апта уақыт бар. Сол күйі банктің алдына көлігін таңастырды да үйреншікті әдетпен несие рәсімдейтін бұйра бас келіншектің кабинетіне кіргенде тағы қалта телефонынан «тин-дин» деген дыбыс шықты. Іші қылп ете қалды. «Не боп қалды екен?» - деп ойланды сосын: «Көрші кемпір жалоба жазған-ау», - деп тон пішті де, алып ашып қарауға жүрексінді. Бірақ ол «Комбиін» мүгедектерге арналған көліктұраққа қойып кеткенін сезбеп еді. 

Тин-дин. Екінші хабарлама да көп күттірмеді. 

– Язвити бас, – деген Қодар әукесі салбырап бұйрабас келіншектің көзіне сүт сұраған мысықтай мүләйімси қарады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan