Егер сүйікті кейіпкеріңізбен кездесіп қалсаңыз...

Оны бірден таныр ма едіңіз? Оған не айтар едіңіз? 

Егер сүйікті кейіпкеріңізбен кездесіп қалсаңыз... - adebiportal.kz

Өткен аптада Барыс Арена, Алау стадионы маңында бірнеше күн бойы аниме, комикстер образдары, мысалы, Өрмекші-адам, Гарри Поттер, баяғы біз танитын Мальвина, жаңа персонаждар (тағы бірі «Дом-драконадағы»  Алисента Хайтауэр  екен), «Звездные войндағы» тағы біреу,  біз білмейтін басқа да кейіпкерлер толып кетті. Сұрап білсек, халықаралық Comic Con Astana фестивалінің бесінші өтуі  екен, бұған жан-жақтан 76 мың адам қатысыпты.  Бәсе, бірнеше күн бойы мерекелік атмосферадан, көңілді жастардың күлкісінен айнала жарқырап кеткендей болып еді.

 Содан ойладық, осының арасына кітаптағы кейіпкерлерді, атақты романдардағы образдарды қосса, біз оларды таныр ма едік? Мысалы, Том Сойер мен Гекльберри Финнді көрсек ше? Шерлок Холмс пен доктор Ватсон көшеде сөйлесіп келе жатса ше? Алпамыс батыр, Ер Төстік, Қобыланды батыр, Қожа сияқты әдеби кейіпкерлердің образын дәл тауып киініп шықса, жанынан өтіп бара жатқан оқырман оны бірден тани алар ма еді? Мүмкін, бұл кітап насихатының өзгеше бір жолы болар ма еді. Кітапты насихаттау дегенде біз көбіне кітап көрмесін, кездесу кешін, пікірталасты, авторлармен жүздесуді елестетеміз, оның бәрі қажет, бірақ кейде кітапты адамдарға жақындату үшін оны сөреден алып шығып, көшеге де шығару керек сияқты. Балалар мен жастар өздері оқыған ертегі, роман, повесть кейіпкерлерінің образында киініп, фестивальге қатысса қандай керемет!  Бір бала сүйікті кейіпкерінің киімін киіп келеді, екіншісі ол кейіпкердің сөзін жаттап, сол кезде тағы бірі: «Бұл кім?» деп сұрап, сонда кітап туралы әңгіме басталар еді.

Сосын «Әдебиет порталында» «Егер сіз өз кейіпкеріңізбен кездесіп қалсаңыз» деген қызық сауалнама ұйымдастырсақ қайтеді деп ойладым. Несі бар, кейде бала шағымызға оралып, қиялға ерік бергеннің айыбы жоқ. Сүйікті кейіпкер біздің әрқайсымызда бар. Тіпті бірнешеу болуы мүмкін. Балалық шақта кітап кейіпкерлеріне сену оңай, өйткені ол кезде қиялдың шекарасы болмайды, кітаптағы кейіпкердің шынымен өмір сүретініне күмән келтірмейсің. Ол сенің досың сияқты, кейде өзіңмен бірге жүргендей болады. Мүмкін, ол бізге батыл болуды үйреткен шығар, мүмкін, ол бізге сенуді үйреткен шығар. Кейде біз кітап кейіпкерлерін олардан өзімізге ұқсастықты байқағасын да жақсы көреміз, сондықтан кейіпкермен кездесу дегеніміз, түптеп келгенде, өзімізбен кездесу болуы мүмкін. Мысалы, кішкентай кезімде Астрид Линдгренннің балақайына сендім, оны түсінген сияқтымын, өйткені өзім де үйде жалғыз бала болып өскендіктен менің де шатырда тұратын Карлсон сияқты досым болса дедім. Ал қазір кіммен кездескім келер еді? Ребеккамен (Дафна Дюморье). Оның Корнуолл графтығындағы өзінен-өзі тұнжырап тұратын Мэндерли поместьесін, әр бөлмесінде мистика бардай көрінетін үйінің оң қанатын, сол қанатын түгел аралап көрер едім, Ребекканың өліміне қатысты  түсінбей қалған сұрақтарымды  қояр едім. 

Ия, бізге олар бар сияқты көрінеді, мысалы, Шерлок Холмс Лондонның бір шағын кафесінде трубкасын  будақтатып қойып, кезекті жұмбақты шешіп отырғандай.  Бірақ Холмспен кездесуге, шынымды айтсам, жүрексінер едім. Ал Мисс Марплмен кездесуге болар еді, ол өзі ақкөңіл апай ғой. Әңгімелесуге мүмкіндік туса, Агата Кристи жазып үлгермей кеткен, аяқталмай қалған оқиғаңыз  бар ма деп сұрар едім. 

Ал сіз ше? Егер бүгін көшеде келе жатып, дәл қасыңыздан сүйікті кейіпкеріңіз өтіп кетсе, оны бірден таныр ма едіңіз? Оған не айтар едіңіз? 

Бұл жоспарымыз үшін жас және орта жастағы ақын, жазушы, аудармашы, актриса, әдебиетші мұғалім, суретші, тарихи тақырыпқа жазатын жазушыларға  хабарласқан едік,  олардың арасында өздері ертегі жазатын қаламгерлер бар (айтпақшы, біз хабарласқан жазушылар роман жазудан босамай жатыр екен), біздің өтінішімізді қабыл алып, ерінбей, ықыласпен жауап берген адамдардың әрқайсына алғыс білдіреміз. 

Күшіктің аты неге Вера?

 

Маржан Ершу, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының кандидаты: 

    - Бала кезімде ертегілерді көп оқыдым. Жаныма ертегі кейіпкерлері жақын еді. Қаламға жақындығым ертегіні жақсы көруімнен басталған шығар. Өлең кейде сезімнен, кейде өмірден туады. Өмірдің өзі – өлең. Өмірдің өзі – тақырып. Ең алғашқы ертегімнің дүниеге қалай келгені туралы бір дерек айта кетейін.

 Бірде көшеде келе жатсам, қарсы алдымда бір орыс кемпір «Вера, Вера» деп айқайлап тұр екен. Жан-жағыма қарасам, айналамда өзімнен басқа адам көрінбейді. Кемпір мен жаққа қарап айқайлайды. «Бұнысы несі» деп артыма қарасам, ешкім жоқ. «Вера» деген кішкентай немересі ме, құлап қалды ма деген оймен жерге қарасам , кішкентай ақ күшік менің артымда тұр. О. Тоба! Мен жүрсем жүреді, тұрсам тұрады. Әлгі кемпірмен құдды адамның баласы  құсап тығылыспақ ойнап тұр. Содан «бар, Вера» деп  кемпірге қарай қой айдағандай  қудым ғой. Күшікті жібімен сүйретіп кемпір кетіп барады. Маған бір ой келді. Екеуінің соңынан қалмай біраз жерге дейін еріп барып,  кейін қайттым. Ойлағаным: «Күшіктің аты неге Вера? Кемпірдің күшіктен басқа ешкімі жоқ па екен?

 Кемпір мен күшік ойымнан шықпай , біраз күн жүрдім. Ақыры тақырып таптым. «Ит пен бала туралы ертегім» осылайша дүниеге келді. Бұдан соң ертегі тақырыбына қатты қызығушылығым оянды. Ертегі оқып, радиодан  «Кешкі ертегі» хабарын тыңдау менің күнделікті дағдыма айналды. Бірде түн ортасында түсімнен шошып ояндым. Түсімде үстіне ақ шапан киген ақ сақалды ата маған арнап бір ертегіні жай дауыспен айта  бастады да, ұзақ уақыт үнсіз қалды. Мен үнсіз жалғасын күтем, бірақ,  әлгі кісінің даусы алыстап, еміс-еміс естіледі, мен құлағымды тосып естігім келеді, ести алмадым.  Бір кезде бетіме бір жылы жаңбыр тамшысы тамды. Оянып кеттім. Сыртта жаңбыр жауып тұр екен.  Естіген ертегімді есіме түсіре бастадым. «Ерте , ерте, ертеде бір жігіт үлкен шаһарға келіпті. Ол қара қобыздың әдемі үнін естіпті, содан» деп жалғасып кете береді де, жігіттің қобызды үйренгені туралы айтады , әрі қарай ести алмадым, дауыс алыстап кетіп. Содан бұл ертегіні қалай жалғастыруға болады деп ойлана бастадым. Ақыры шешімін таптым. «Құдыретті қобыз туралы ертегім» осылайша дүниеге келді. Қорқыттың философиясы  – мәңгілік өлмейтін өнер деген ойға келдім. Мен Қорқыттың қобыз күйін тартқанын көргім келеді қиялымда. Баланың да, ақынның да ең сезімтал мүшесі – жүрек қой.

      2002 жылы Астанадан  ауылға барғанымда, бір күні Нұрсұлтан деген кішкентай інім мектептен көңілсіздеу оралды. Сондағы айтқаны : «Бірге оқитын балаларға менің апам ақын деп мақтанып ем, балалар , «ақын екенін білеміз ғой, бірақ өлеңдерін түсінбейміз, бізге қызық емес» деп айтты. Біздің кластың балаларын қызықтыратындай ертегі таба алмайсың ба» деді. Содан ініме қызық қуаныш сыйлайыншы деп ертегілер туралы ойлана бастадым. Айналаңда идея айтатын баланың болғаны қандай жақсы! «Ит пен бала туралы ертегі», «Құдыретті қобыз туралы ертегі», «Терістік жел мен бала туралы ертегі», «Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі», «Терезе туралы ертегі», «Балта туралы ертегі» т.б ертегілер жаздым. Өлеңмен жазылған ертегілер болды. Бұл ертегілерім   2004 жылы шыққан «Шырақ» атты кітабыма енді. 

    Ұлы Абай: «Адамды махаббат арқылы тәрбиелеу керек. Махаббат әуелі адамның адамдығы. Ғақыл, ғылым деген нәрселермен бірге талап, ұғым, білім махаббаттан шығады. Қашан бала ғылымды махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген. Ыбырай Алтынсарин «Ықыласпен көңілге тоқу» деп  бала жанының ең бірінші  жүрегімен сезінер сезімі екенін айтқан.

       Батыс пен Еуропаның  атақты психолог-психотерапевттері, педагогтары бүгінгі  заманғы  бала тәрбиелеу мәселесінде құр айғаймен ақыл айтудың,  жазалау мен дауыс көтерудің тиімсіз екендігін айтады.  Қатал тәрбие мен дөрекілік, жеку жаһандану заманында көнерген, ескірген  әдістер болып отыр. Ертегітерапиясының маңыздылығы баланың санасын дамыту мен ой-өрісін биіктету,  көркемдік қиялы мен сезімін тәрбиелеуде жатыр. 

Дүниеқұмарлық  пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық ауруы күшейіп рухы әлсізді жазылмастай халге жеткізеді. Цивилизацияның күшті дамыған тұсында адамдардың  табиғи сезімдері сусыз қалған гүлдей қурай береді. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі кітаптан алыстай береді. «Кітап – білім бұлағы» десек, ертегітерапияның бүгінгі күнде қажеттігі сөзсіз.  Ұлттың рухани иммунитеті – рухани байлықтың аса маңызды ажырамас бір бөлігі  болса, рухани иммунитет  жанға азық  болар жақсы кітаптан дариды.

 

«Ертөстік» ертегісін қайталап оқып тұрамын

Дүйсенәлі Әлімақын, ақын, зерттеуші, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

-  Бір сәт бала болып, қиялға ерік берсем, ең алдымен бала кезіме қайта оралғым келеді. Ол кезде кітаптағы кейіпкерлердің бәрі шынайы өмірде жүргендей көрінетін. Бала қиялы үшін әдебиет пен өмірдің арасы соншалық алшақ емес қой. Бала кезімде Шоқан Уәлихановтың еңбектерін, Лу Шүннің шығармаларын көп оқыдым. Әрқайсысы менің дүниетанымымның қалыптасуына өзінше әсер етті. Бірақ бала кезімде кездескім келген кейіпкерлердің бірі – Ертөстік. Мен ол кезде Ертөстіктің шын өмірде болғанына сенетінмін. Оны ертегідегі ойдан шығарылған кейіпкер емес, талай қиындықты бастан өткерген, жердің астына түсіп, небір ғажайып әлемдерді аралап, қайтадан елге оралған нағыз батыр деп қабылдадым. Тіпті оның қай жерде жүргенін, қазір қайда екенін ойлап қоятынмын. Егер бүгін сол балалық қиялымдағы мүмкіндік беріліп, Ертөстікпен кездесуге жол түссе, оны қазіргі қаланың бір жерінен емес, кең далада, киіз үйдің жанында, ат байланған, кешкісін қазан асылып жатқан қазақ ауылында кездестіргім келер еді. Өйткені Ертөстікпен кездесудің ең табиғи ортасы да сол сияқты. Оған ең бірінші: «Сен шынымен барсың ба?» деп сұрар едім. Бала кезімдегі ең үлкен күмәнім де, қызығушылығым да осы болар еді. Сосын оның жер астындағы сапары туралы, Көлтауысар, Желаяқ, Таусоғар сияқты серіктері туралы сұрар едім. Қанша қиындық көрсе де, жолынан неге қайтпағанын білгім келер еді.

Мүмкін, ол маған: «Қорықпа. Адамның күші – жолдың жеңілдігінде емес, қиындыққа қарамай алға жүре білуінде», – дер еді. Ал мен оған бүгінгі заман туралы айтып берер едім: адамдардың аспанмен ұшатынын, алыс елдерге бір күнде жететінін, бүкіл әлемді алақандағы телефоннан көруге болатынын. Ертөстіктің бұған таңғалатыны анық. Бірақ ең қызығы – осы кездесуден кейін менің бала кезімдегі Ертөстік туралы түсінігім өзгермес еді деп ойлаймын. 

Себебі кейіпкерлердің шынайылығы олардың тарихта нақты өмір сүрген-сүрмегенімен өлшенбейді. Кейіпкер адам баласының қиялында өмір сүрсе, ол белгілі бір мағынада шынайы өмір сүріп тұр. Бала кезімде Ертөстікке сенгенім сияқты, кітаптағы кейіпкерлерге сену менің әдебиетке деген алғашқы махаббатымды қалыптастырды. Сондықтан бүгін бала болып бір сәт қиялға ерік берсем, мен Ертөстікпен кездескім келеді. Өйткені онымен кездесу – шын мәнінде, өзімнің бала кезіммен қайта кездескендей әсер болар еді.  Мүмкін соның әсері шығар, қазір де анда-санда өзіме фантазия жетіспесе, «Ертөстік» ертегісін қайталап оқып тұрамын.

 

«Мен де сен сияқты сиқыршы болғым келеді....»

Самал Зікірияқызы, жазушы, «Жетісу көктемі» проза конкурсының бас жүлдегері және Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған байқаудың 1-орын иегері:

- Әкем әдебиетші ғой, кітабы көп еді. Оқитынмын. «Шетел әдебиетін оқуды титтейімнен бастадым» – деп өтірік айтпай-ақ қояйын, Чехов, Крылов, Горький, Достоевский,  Пушкиннен басқа шетел, батыс әдебиетімен институтта оқып жүргенде таныстым.

Бірақ, «шетел халықтарының ертегілері» сияқты кітаптарым титтей күнімнен-ақ көп болды. «Бала күніңде әбден ертегі оқы» – дейтін әкем. Өзім де ертегі оқығанды ерекше жақсы көрдім. Ертегі миыма сіңіп кеткендей. Дүниеде ешбір ертегіні «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісімен салыстырмас едім. Алайда фольклордың ішкі композициясында, идеясы мен сюжетіндегі астасу – қалыпты жағдай ғой. Эпостық жырлардағы батырлардың ханшайымдарға жетер жолындағы кедергілері мен жетістіктері жесірдің жалғыз ұлының «От елі» патшасының қызы Күнекейге жету жолындағы машақатымен ұқсас. Десе де, Күнекей ертегісіндегі персонаждардың әсері тым бөлек. Әжем «Күн астындағы Күнекейім» – дейтін. Онда от елінен хабарым жоқ еді, 3-сыныпта оқыдым ертегіні. Содан бері алып от жұлдыздың жылжып барып тынымдайтын бір мекені барын білемін. Ол мекеннің таңғажайыбын көремін. 

Қиял деген шіркін бала кезде тұнық болады екен, мөлдір әлеміме біраз нұсқан келтіріп алғандаймын. Бірақ, Күнекейім өзгермеді. Қартаймады. Тірі пендеге айтпаған сырларымды соған ақтарушы едім. «Мәссаған, бір-бірімізге қандай ұқсаймыз!» – деп таң қалатынмын. Әлде… Бәлкім, мен ол шығармын… Бәлкім, ол мен шығар… 

Қиялдағы реалда Күнекейге: «мен де сен сияқты сиқыршы болғым келеді. «Алтын киік көңілімді» таптағандарды қасқыр мен түлкіге айналдырып жіберсем, бірін-бірі қуып кетсе, шіркін!» – дер едім…

 

 «Жасындай ақылды  болмаған соң, несіне жігітсің» деп тұратынмын 

Раушан Құрманғалиева, педагог-шебер, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы және білім беру бағдарламасы бойынша Педагогика ғылымдарының магистрі. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

- Біз ертегі тыңдап,  батырлар жырын жаттап өстік. Әдеби шығарманы жақсы көріп, әсерленіп оқыған әр адамда сол кейіпкерді өмірде болған, бар, шын адам деп қабылдау басым болады. Мысалы, Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқып Жасындай азаматқа лайық болсам деп - ой түзеп, Бағилаға қарап - бой түзеп өстім. Жастығым, әлде ғашықтық қызығушылығым ба көз салған, сөз салған  жігіт болса,  іштей «Жасындай ақылды  болмаған соң, несіне жігітсің» деп тұратынмын. Кейінірек Жасынның прототипі автордың өзі және Асқар Сүлейменов екені біліп, «Адасқақ» романы мен «Бесатарды» оқып шықтым.  Таңғалдым. Жазушының да жазушысы, ақынның да ақыны болатынына көзім жетті.  Сонша ақыл-білім, дарынды көтерудің салмағы ауыр келетінін  түсіндім бе, мүмкін  өз қабілет-қарымымды білетіндіктен дейміз бе, я  қаламгердің мысы басты ма;  өмірде көрсем,  сол шығарманы жазған қолын алып рақметімді айтсам,  мейлі алыстан болса да әңгіме айтып отырғанын тыңдап отырсам  деген арманымнан бас тарттым. Бірақ, жақсы шығармадан тапқан олжам -  әркімге бұйырған несібесі,  өзіндік тағдыр күні, ырзық шұғыласы барын түсіндім  және  шығармадан өзіңе керек білім мен ақылды сіңіруді, адам мінезін тануды үйрендім. 

Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» кітабы болған. Құз-шыңның басында қалған Қожажаш тағдырын сондай айықпас қасіретке душар еткен - өзінің шектен тыс қатыгездігі мен тойымсыздығы. Ол ай мен күндей сұлу сүйген қызына құда түсіртіп, барыс пен түлкінің жалт-жұлт еткен терілерін сыйға тартып, той күнін келіседі. Той шығыны үшін таудың бүкіл аң-құсын қырып, тау тағысының қарғысына ұшырайды. Қырғыз ертегісінің осы   кейіпкері - Қожажаш  есімді аңшы жігітті есіме жиі алып, реті келгенде қиял шылбырын ізгілік тауына қарай сүйреген балаларға айтып, өзімді де  қанағат сабырға шақыруға тырысамын. Десе де, елімізді, итшілеп нан тауып бала-шағасын асырап жүрген халқымды  Қожаштың зар-күйін кешуден   сақтасыншы! 

Жақсы шығарма классикалық ережелерге бағынбайды, онда керісінше, сезім сөйлейді. Оны оқып отырған адамның ойында әлемнің жанды суреті оянады. Есте қалған деу аз, санаңды сілкіп жіберетін  кейіпкерлер болады.  Бір жолы  Рақымжан Отарбаевтың «Шыңғысханның көз жасы»  кітабын сатып алдым. Қызықтым, бірақ Шыңғысханды  қатыгез хан ретінде ғана таныған стереотип сіңісті миым тақырыпты қабылдай алмай,  «сондай даңқты қолбасшы жылай ма?»  деп асығыс парақтай бастадым.  Автор шығарма идеясының жүгі ауыр екенін, тақырыптың тағы бір мағынасы «жоғалған  көшпенді рухының көз жасы» дегенді астарлап сипаттау арқылы Шыңғысханды мүлде басқа қырынан танытты. «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...». Еркіндік пен сұлулық қана емес, құрық көрмеген асаулық, шет-шегі жоқ кеңістік пен тазалықты автор  әр тараудың басында литмотив етіп  қайталап беріп, оқырманның назарын аударып отырады. Оның да ең қымбат балалық шағы бауырларымен шашылған тарыны теріп жеп отыратын бақытты сәттері түсіне кіретін. Сондай қаһарлы хан да сұлулықты сүйді, ғашық  болды, қорқынышты та  сезінді. Қасиетті қаламның киесі дарыған қаламгердің жазу шеберлігі болар, хикаятты оқып болғанша  қылпылдаған қылыш үстінінен жүріп өткендей күй кешіп отырасың. Шығармада терең танымды философиялық мағына мен мистикалық сипаттың көріністері өте әсерлі. Мұны сезіну үшін  оқу керек.

Суреткер – өз заманының ұлы, өз замандастарының үні. Кейінгі шығып жатқан кітаптар, кітап боп басылып үлгермей әлеуметтік желі беттерінде электрондық нұсқада жазылып жатқан түрлі жанр, түрлі формадағы шығармалардың ішінде таңдай қағып сүйсініп отырып оқитын тамаша туындылар бар. Әр шығармадан әр түрлі мінезді танисың. Өмірде бір жағдайға тап болғанда, мына әрекет адамның пиғылы - сол шығармада суреттелетін оқиға тәрізді екен,  я бір бейтаныс адамды көргенде - мына кісі сол шығармадағы сол кейіпкер ғой деп жанын түсініп, саралап салыстырып отырасың. 

Жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романында Мөлдірдің әкесінің ұстанымы, (мүмкін, біреуге Жеткен Бақыұлы қыңыр шал боп көрінер) кемпірінен бастап келін, баласына дейін әкеге қарсы келмейтін, аяқ ұшымен жүріп алдын кесе көлденең өткізбейтін  қаталдығы ұнайды. Болашақ күйеубаласы Нұржанмен танысқанда: «Дала төлқұжатына» тіркелмеген екенсің.  Тек қазақта ғана «Дала төлқұжаты» болады, шырағым. Қай-қайсымыздың да қай жүзге, қай руға, қай атаға жататынымыз ауыздан ауызға тараған сол құжатта жазылған. Алайда әкесінің кім екені белгісіз адам, оған тіркелмеген болып табылады. Яғни, мына сенің онда тіркеуің жоқ екен. Мүмкін анаң білетін шығар шыққан тегіңді? – деп Нұржанға қатқылдау айтты.»   Автор өзексізденген философияның құндылықтар жүйесінде өзек немесе діңгек іспеттес қызмет атқаратын елеусіз нормалардың бар екенін бірден байқатады. Әттең, өмірде  жетімдіктің зары кеудесін сыздатқан әкесіз бала болмаса ғой. Жалпы, салт – бұзылмай орындалуымен салт. Дәстүр – үзілмей жалғасуымен дәстүр екенін түсінгісі келетін оқырманға «Өмір бәйтерегін» оқы дер едім.  Қазақта қасиет тұтқан  шаңырақ, босаға, дастарқан дәстүрі сақталуы тиіс.  Намысты емес, табысты ойлайтын, салт-дәстүрді сақтауды емес, пайданың жолына түсіп, ардан аттауды көздейтін отбасы тағдыры немен аяқталары мәлім. 

Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» атты психологиялық параллелизмге құрылған туындысы бар  (шет тілінен тәржімалаған Құжырғали Төлеуішов). Қара шекпен – жаз өмірі өткен жайлау төрінде қалып, иттің  адалдығы мен адамның итке жасаған иттігін әйгіледі. Кейде жалғыз жүріп өтуге тура  келетін жолдар болады. Қоштасуға әкелетін жағдайлар бар. Еске алуға тұрмайтын оқиғалар бар.  «Иттік парызыма сатқындық жасамаймын, келер ұрпақ алдындағы абыройым үшін» деген Тұзардың да бар өмірі жалт етіп сол жазда өте шығады. Адамды да, аң-құсты да келбеті мен азулы айбары сүйсіндірген сүйікті Тұзар болатын. Шын өмірде сыртқы сымбаты ішкі тереңдікке сай кейіпкер Тұзардай адал досты аңсаймын. 

Бірер жыл бұрын, ажал айтып келмейді,  елде короновирус індеті жайлаған қиын  кезде ойламаған жерден 65 жылғы  туған бауырым  қайтыс болды. Марқұмға тие берсін, өте жақсы адам еді.  Ажал айтып келмейді екен, «Саған қиын болды деп, Алла әмірін өзгертпейді» де екен. Қайғыдан бүгілген белімді жаза алмай бүк түскенім аздай, бір жақ аяқ-қолым ұйып дұрыс істемей қалатын болды. Көзімнен жас шықпайтын, бірақ өкініш пен құсалықтан   ішім солқылдап езіліп тұратынын байқадым. Балаларым «мамалап» жылап жүргенін көргенде,  өз-өзімді тоқтатуға тезірек сауығып кетуге тырысып шыға алмай алпарыстым. Не көмектесті дейсіз ғой? Кітап.  Мо Янның «Өмір мен өлім азабы» романын бастап оқып, кәдімгі адамды жануарға айналдыру  абсурд жасау деп түсінбей жауып қойғанмын. Мо Ян  адамды аруаққа, одан хайуанға айналдырып діннен, елестен пайдаланады.  «Өмір мен өлім азабында» үш түрлі қатынас ортасы  байқалады. Адам мен құдайлық орта, адам мен адам, адам мен хайуан деген сияқты. Осы кітап тәубеге келуге септігі тиді.  Адам өлімді де дұрыс қабылдап үйрену керек екен. 

 

Өгей шешенің тас-талқанын шығарушы ем! 

Нұрлыгүл Достанова, Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының режиссері:

- Кітап – оқырманды өзі ойламаған саяхатқа апарар сана ішіндегі көлік. Бір қызығы, қай бағытқа, кімге бара жатқаныңыз белгісіз. Тек авторға сенім артасыз. Әсте ол, көліктің жүргізушісі емес пе? Әлем әдебиетіндегі ең алғаш сапарым, ағылшын жазушысы, журналист Джеймс Гринвудтің шығармасына болды. Дегенмен, автор менің бірінші рет келгеніме қарамастан қаталдық танытты. Біз қиял әлеміне тоғысқан ғажайыпқа яки күлкілі оқиғаларға ат басын бұрмадық. Тіпті, жоламадық те!   Автор, 19 ғасырдағы Лондондағы кедей балалардың ауыр тағдырына бір-ақ апарды. Қазір оқысам, трагикомедия деуші едім! Өгей шешенің таяғынан қашып, көше кезіп кеткен  – Джим Смитфилд. Бейшара Джимге жаны ашыған ұрлықшы балақай Рипстон мен Моулдиді айтсаңызшы. Бойына әбден суық өткен жетімекке көмектескен Арбашы ше? Егер дәл қазір, автор маған хикаятқа енуге рұқсат етсе, кездесуге мүмкіндік берсе, «Өгей бала» шығармасына бұзақы қыз болып қосылар еді. Өгей шешенің тас-талқанын шығарушы ем! Джимнің ештеңе ұрламағанын, оның тек махаббатқа мұқтаж екенін түсіндіруші ем. Кейін туған әкесіне:

 - Жарайды. Сіздің жүрегіңіз өз құлыныңызға жібімесе, мен Джимді өзіммен бірге алып кетем. Біздің қазақ жетімді ешқашан жылатпайды. Жесірді жалғыз қалдырмайды. Басымызға не түссе де, сырттан келгендердің бауырынан теппей, бір нанды екіге бөліп жеген халықпыз. Біздің арқамызда, кейбір ұлттар дін-аман қалған. Бір баланы құшаққа сыйдыру сөз де емес! –, деп айтар едім. Рипстон мен Моулди ше дейсіз бе? Оларды да, басқасын да алып кетемін!

  М.Мағауиннің «Бір атаның балалары»  шығармасының жаңа кейіпкерлері болар еді… Ахмет шал мен ауыл қазақтары оларды ең ақылды, ең зерек, ең мықты азамат қып шығарар еді.

Гамлет оқиғасын көзбен көргім келеді 

Абзал Мақаш, ақын, аудармашы:

- Ілкіде екі бақталас суретші өнер  жарыстырыпты. Екеуі жүзім дарағын айна қатесіз кескіндеуге уағдаласады. Сурет мүмкіндігінше шынайы болуға тиіс. Бірнеше күннен кейін уәделі күн де келіп жетеді. Қос суретші кенептерін перделеп келеді. Бірінші қалам иесі аса талантты, бірақ мақтампаз екен. Кенептен тұтып қойған пердені алып тастағаны сол еді, уылжып тұрған жүзімнің суретіне торғай келіп қонады. Халық дүр сілкініп, суретшіні алқай кетеді. Екінші өнерпаз да туындысын жартылай перделеп қойған еді. Әлгі мақтампаз суретші қарсыласының әлеуетін байқау үшін «пердеңді жартылай жаппай, суретіңді толық көрсет» дейді. Бірақ әлгі байсалды қалпынан танбай перденің қылқаламмен салынған бейне екенін, оны шынайы пердемен шатастырып тұрғанын жеткізеді. Осылайша екінші қаламгер жеңімпаз болған деседі. Мұны мен неге айтып отырмын? Әдебиет әлемінде де екінші суретшінің картинасы іспетті шығармалар көп. Біз оның шымылдығын түріп тастап, кескінге толық көз суарғымыз келеді. Алайда аңдап қарағаннан кейін ол «шымылдықтың» автордың өз қолымен яки қаламымен тұтылғанын көреміз. Сондай шығармалардың бірі – «Гамлет».

         Даңқы да, дақпырты да жетерлік Шекспирлік шедеврге бірден құмарлық құрығын сала қойғамыз жоқ. Бозғалдақ кезімізде «Гамлеттік сауал», «Гамлеттік тұйық», «Өлмек пе, қалмақ па?» деген сияқты санаңды осып жібертін тікенді тіркестерін жиі еститін әм оқитын едік. Ол кезде бұл шығарма сондай алыс әрі сондай биік көрінетін. Әлгі «Бұланай деген тау бар екен, бұлан деген аңы бар екен» деген сияқты. Содан М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрындағы «Гамлетті» көрдік. Құдайберген Сұлтанбаев, Болат Әбділманов сынды саңлақ сахнагерлердің сомдауындағы трагедия сөзсіз ғажап әсер етті. Ғажап деген сөз де тым жалпылама. Дұрысы әрі-сәрі күй кештіріп, танымдық азап арқылы көркемдік ләззатқа жетелеген хәл. Хамит Ерғалиевтің аудармасындағы кесек-кесек диалогтар да көкірегіңе кірш-кірш қадалады. Одан тырс-тырс қан тамады жүрегіңе. Артынша Әбіш Кекілбайұлының Григорий Козинцевтің режиссерлігімен жарыққа шыққан «Гамлет» фильмі жөнінде мазмұнды мақаласы трагедия туралы ойымызды тіпті байытып жіберді.

         Мәтіннің өзін оқып отырып, алыптар таңғалған құдірет неде деп іздеумен болдым. Тақ мұрагері Гамлет әкесінің өз ажалымен емес, залым көкесі Клавдийдің қолынан қаза тапқанын біледі. Білгенде де оны әкесінің әруағы жеткізеді. Шешесі болса күйеуінің топырағы суымай жатып, Клавдийдің етегінен ұстайды. Мұның бәрі Гамлеттің ызасын келтіреді. Бірақ айтайын десе, оны тыңдар құлақ бар ма? Запыранын шығарса, әкесін сағынған қайғылы баланың немесе пері соққан пенденің, есі екеу, түсі төртеу делқұлының санатына бір-ақ қосады. Марқұм әкесінің аянынан кейін Гамлет Клавдийді өлтіруді ойлайды. Бірақ қолдан келер қарекет пе мұнысы? Батылы бармайды. Шешесіне айту? Одан не өніп кетеді? Ештеңе. Театр әртістерін шақырады. Карольдің құлағына у құйып, тақты өзі иеленген залым туралы қойылым қойғызады. Сөйтіп сезікті адамын бірінші секірткісі келеді. Мақсатына жетеді. Жә, оның бәрін тәптіштеп не қыламын? Ақырында шешесі Гамлетке дайындалған у қосылған шарапты өзі ішіп, опат болады. Жекпе-жекке шыққан Лаэрт пен Гамлет бірін-бірі жаралап, олар да қиянаттың құрбанып болып кете береді. 

         Әгәрәкім, құдірет қуаты менде болып, кеңістік ауыстыра алсам, ғайыптан тайып дәл осы Гамлет оқиғасын көзбен көргім келер еді. Оның сыры Гамлет трагедиясының салмағын сезіну үшін. Сарай ауанын түсіну үшін. Өйткені дәуір доңғалағы айналған сайын, өткен күннің елесі бұлдырап, белесі мұнарта береді. Сөйтіп сол дәуірдегі алапат оқиға келешектің ауызындағы сөйлемдер арасында елеусіз құмығып қалады. Міне соның бәрінен аршып алып, мәтін рухын жан-ділмен сезіну үшін оны көзбен көрген керек те шығар. Әрине, қиялдап көрсек бір мезет. Бірақ көзбен көргеннің күннің өзінде оқиға шығармадан алған әсердей болмай қала ма деп және қорқам. Өйткені біз білетін «Гамлет» трагедиясы менің иә сіздің емес, Шекспирдің яки автордың сараптауынан өткен шығарма ғой. Ондай болса Гамлет оқиғасын ақыры көзбен көре алатын болсам, қасыма Уильям ағамды ертіп көретін едім. Әр оқиға сайын «сіз бұны қалай көріп тұрсыз? Оны қалай жазбақ ниеттесіз?» деп сұраушы едім. Бірақ әккі қаламгер шығармашылық зертханасын ақтарып салады дейсіз бе? Қазіргі жазушылар сияқты «кітабымнан оқып аларсың...» деуі де мүмкін ғой. Олай болса шығармашылық жүкті өз мойныма алып, бақылаушылық биіктен, қатынасушылық кейіпке түсуге тура келеді. «Өлмек пе, қалмақ па? Ендігі сауал екіұдай» деп тұрған шарасыз Гамлеттің қасына барар ма еді, шіркін. 

         – Не болып жүр?

         – Сізді не алаңдатады? – деп сұрасам қалай? Жауап бере ме екен? Әй, қайдам. Осы сауалды жанындағылар қоймады дейсіз бе? Жүр ғой, әне, Полоний, Гамлеттен суыртпақтап сыр тартып. Ал ол оған не деп жауап берді. Әңгімесі жүрді ме өздерінің? Тыңдайықшы.

         Полоний.   Не оқып тұрсыз, милорд?

         Гамлет.      Сөз, сөз, сөз...

         Полоний.   Не бар екен ішінде?

         Гамлет.      Кім мен кімнің аралығын сұрайсыз?

         Полоний.   Кітап сөзі не айтады екен дегенім ғой әншейін.

         Гамлет.      Айтатыны — жала сөз. Алаяқ сатириктің айтатыны: Шал сақалы ағарады, шал беті шалбар болады, көзінен көк май ағып, қара өріктің шырынын шығарады, борбайынан әл кетіп, ақылдан ада болады дейді. Шындығына сенсем де, сэр, осыларды жария жасау ұятсыздық деп білем. Өйткені, сіз де, сүйкімді тақсыр, түбінде бір қартайып, мына менше, шаянға ұқсап, кері қарай жылжисыз біржолы.

         Әнекей, Гамлет әкесінің уәзірі Полонийге де сұлық жауап беріп тұрғанда, маған тамырын ұстады дейсіз бе? Қайдам... Оның үстіне біз Гамлетпен бір жағдайда емеспіз. Ол өз тағдырын кешіп жатыр, ал мен оның соңын оқып қойғанмын. Мен оған не дейін? «Офелияны жіберме», «Полонийді өлтірме», «Лаэретпен дуэльге шықпа» дейін бе? Әгәраки, осының бәріне Гамлет құлақ асса, ол Гамлет болудан қалады. Трагедияның да ұлылығы осы шығар. Оқырман бәрін біледі, бірақ ешкімді құтқара алмайды. Өйткені, таңдамасқа болмайтын тағдырлар болады. Гамлет – сондай тағдырдың иесі. 

Қош, әңгімеміздің әлқиссасында айтқан екінші суретшінің пердесіне қайта оралайық. Шекспир де «Гамлеттің» алдына сондай бір шымылдық тұтып қойғандай. Ғасырлар бойы оқырман соны түріп тастап, ар жағындағы ақиқатты түгел көргісі келеді. Бірақ жақындап барып қарасаңыз, шымылдықтың өзі шығарманың бір бөлшегі екенін аңғарасыз. Оны сыпырып тастау мүмкін емес. Сыпырып тастасаңыз, суреттің өзін бүлдіресіз. Гамлеттің жұмбағы да солай. Оның шешілмей қалуы кемшілік емес, трагедияның табиғаты. Бәлкім, Шекспирдің құдіреті де бізге жауабын емес, сауалын аманаттап кеткенінде шығар. Сондықтан Гамлетпен кездескен күннің өзінде одан әлденені сұрап, сырын суыртпақтамас едім. Кейбір кейіпкерлерді түсіну үшін сөйлетудің қажеті жоқ. Кейде оның үнсіздігінің қасында үнсіз тұрғанның өзі жеткілікті...

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan