Келіс Рахымжанов. Ұйықтамайтын күзетшілер

10

Келіс Рахымжанов.  Ұйықтамайтын күзетшілер - adebiportal.kz

Әңгіме сары балапан жөнінде болған соң сөзімізді бірден содан бастап кету керек. Сары балапан деген ұшатын құс та, еркелетіп сарыүрпек балапанға теңейтін кішкентай  бала да емес. Айта берсе оның өмір тарихының өзі біраз бетке созылып, бірталай әңгімеге арқау болар еді. Оны айтып жатпаймыз. Мұндай адам әрбір ауылда, кішкене қалада, тіпті үлкен қаланың базарында, кісі көп жерде кезіге береді. Не вокзалда келген-кеткеннің жүгін тасып жүреді. 

Қыркүйек айының соңына қарай кешкұрым мектеп деректірі Пошымқұл үйінде жатып досы Тергеубекке қол телепоннан қоңырау шалды. Бұл кезде Тергеубек көшеде тәкси боп жүр еді. Өздері петәк деп кеткен такси тұратын жерде ешкім болмаған соң сағатына қарап қойып пойыз келген мезгіл жақындаған сайын ол жаққа ала кетуге жолаушы тосып тұрған. Қоңырау шар ете қалғанға шошып қалып, кім болды деп қараса бастық екен. Бастығы өзінен берер жас кіші болса да - Бәке, - дейтін. Бәкеңнің сөзі қысқа болды. Тіпті қалай амандасқанын аңғармай қалды.

– Амансыз ба, Бәке, – дей бергенше, – Сен ана сар балапанды тауып мектептің есігін ашып қойшы. Біраз мәлімет жазылған қағаздар қалып қойыпты соны алу керек, – деп телепонды өшіре салды.

Тергеубек енді Сары балапанды іздей бастады. Сары балапанның шын аты Қозыхан болатын. Бала күнінен күлегеш, сары шашты, көзі көк болған соң солай аталып кеткен. Былайғы жұрт Сәке десе оған кәдімгідей разы боп қалады. Осы сенің шын атың кім десе, жымыңдап-Қозыхан ғой, Қозыхан,-дейді қайталап. Мектептің кілті құрғыры Қозыханда болатын. Тергеубек таңертең өткізіп беріп, Қозыхан қабылдап алып: – Ой Тәке, саған сенем ғой. Бәрі дұрыс шығар. Құдай сақтасын,–деп кезекшілікті қабылдап алған. Түнімен күзетте ұйқысын қалдырған Тергеубек енді такси болуға шыққан беті болатын. Балапан болса жоқ. Телефоны жауап бермейді. Мәшинемен жылжып со маңдағы мектепке келді. Кіре беріс есіктің сыртында үлкен қара құлып ілініп тұр. Күзетші Балапан жоқ. 

Сөйтіп тұрғанда Пошымқұл келді. Мән-жайды білген соң маңайға қарап біраз тұрды да шаруашылық меңгерушісін шақырып алып есікті ашқызды. Қасына Тергеубекті ертіп алған. Бірер сағаттан соң жұмысын бітіріп, сыртқы есіктің құлпын ауыстыртып, үйіне кетіп қалды. 

– Сен кешке қас қарая осы жаққа кел, - деді. Бұл неге деп сұрамады. Ішінен:

– Е, бітті ғой Сары балапан, ұсталып қалғанын қарашы. Шықты ғой енді жұмыстан, – деп ойлады. Бастықтан: 

– Кешке неге шақырдыңыз, - деп те сұрамады. Түнге қарай бірдеңе болатын сияқты сезіліп кетті. Со бойы жапондық ескі маздамен жолаушы тасуға шығып, қала аралап кеткен. Күздің күні салқын. Ызғырық жел де суық түсті дегендей соғып-соғып қояды оқта-текте. Кенет жылына қалып күн сығырайып күлімсірейді. 

Тергеубек қаланың ұңғыл-шұңғылын түгел біледі. Қалада бұл сияқты адам тасып нәпақа тауып жүргендер жетерлік. Тіпті күнделікті кәсібі десе де болады. Пошымқұл екеуі көп жылдан ежелгі таныс. Сәбет үкіметі құлаған соң сапқоз тарап, жұмыссыз қалғанда жолаушы тасып жүрген мұны Пошымқұл күзетшілік қызметке ескі таныс, сенімді адам ретінде өзі шақырып алған. Ойжазық 40 мыңдай тұрғыны бар шағын қала. Сонда да тіршілігі сабылып жатқан тынымсыз жер, қозғалысы біткен емес. Тоғыз жолдың торабы. Үлкен жолдың бойы болған соң жолаушы да, көлік те арылмайды. Күні-түні бірдей шуы басылмайтын мазасыз. 

Тергеубектің сұсты, қарасұр әлпеті жел қағып қоңырқай тартқан. Көше аралап, темір жол вокзалына келген жолаушыларды тасып, күндегі жүрісімен жүргенде бүгінгі ойы Балапанда болды. Әр жерде кезігіп қалып, сыртынан көзге шалынып, ескі ақ жигулиімен ендігі әлденеше рет байқалса керек еді. Зым-зия жоқ. Ондағы ойы –бастық сені іздеді, сақ боларсың,- деп ескертпек болатын. Күні бойы көзге түспеген соң бірер рет мектеп жаққа да соқты. Балапан жоқ. Есікте сол қара құлып әлі тұр. Күн кешкіріп, кәдімгідей күздің ұзақ мезгілі біртіндеп бітіп бара жатса да кеш соңы созыла түсіп келе жатқан қарбалас уақытқа белін бергісі келмей сол қалпынша тұрып қалғандай.

Кешті күткендегі Тергеубектің ойлағаны Балапанның жағдайы. – Әй, ит-ай, – деп қиналды. – Өзімен қоймай мені де бастыққа жек көрінішті қылды-ау. Тып-тыныш жүре бермей несіне соны ертіп әкеп адам тап дегенге онымен қоймай –сенімді жігіт, – деп кепіл бердім ғой. – Әй, аңқау басым-ай.

Тергеубек сөзінде тұрады. Қулық сап біреуді алдағанды ұнатпайды. Ондайға қаны қас. Кей-кейде Балапанның көп сөйлеп кететіні, күлдіргі әңгімелері ұнай бермейді. Естімеген болады көбіне. Өзінің аздаған қулығы барын да байқайды көкшиген көздері мен күлегеш бет әлпетінен. – Әй алпысқа келсең де адам танымай өттің ғой Тергеубек-ай. Енді қарашы міне. Ойламаған жерден ұсталып, бастықтың алдында жер болатын болдым. Тергеубектің күні бойы ойлаған ойларының ұзын-ырғасы осындай еді. Әйтсе де ештеңе бола қойған жоқ. Бастық сыралғы адам ғой кешке бір әңгіме өткізейін деген ғой деп ойлады. Қыркүйектің кеші баяулап қала үстіне алакөлеңке үйіріп алыстан шаң тәрізді қою тұман жинағандай тас түйін қараңғылыққа қарай жылжып келе жатты. Тергеубек үйге келіп тамағын ішкенде әйелі– немене алаңдап отырсың, бірдеңе болды ма?– деп бірнеше рет сұрап алды. Жауап ала алмаған соң таңырқап қарады да қойды. Тергеубек бұл мезгілде кешке бастықтың алдында беретін жауаптарын іштей даярлап отыр еді.

***

Бұл кезде Сарбалапан көлігі бұзылып темір жолдың арғы бетіндегі адам бармайтын шет көшеде дөңгелегімен әуре боп жүрген. Көп-көрім жүріп келе жатып, шұқанақтан өткенде дөңгелегі бір жағына қисая кеткені. Адамдарын барар жеріне жеткізіп салғаны мұндай абырой болар ма, сағатына қараса әлі ерте екен. Ақ жигулиін көшеде қалдырып, жолшыбай мәшинемен сандалып сайман сататын базарға келді. Қалтасында артық ақша да жоқ. Керегін сұрап әрі-бері жүрді де орыс зауытынан шыққан сайманды қымбат көріп, қытайдың арзан дұниесін әкеліп үсті-басы шаң боп алпарысып жүріп салып алды. 

Бұл кезде мезгіл түстен ауып кеткен. Қас қылғандай бұлттар да ыдырап күн шақшиып шақырая қалғаны, тер дегенің самайдан да, маңдайдан да кетті. Арқа жотасынан аққан терден көйлегінің өңірі мен арқасы денесіне жабысып, өңі қоңырқай тартып балбырап қызарғандай түске енді. Сарбалапан мұның біріне де қарамады. Ойы тезірек жөндеп жолға шығу. Ескі мәшине болса да Сарбалапан үшін бүйтіп жолда қалу жақсы нәрсе емес сирек кездесетін жайт. Былайғы көліктің даусына қарап-ақ дұрыс емес жерін біле қоятын кәнігі шопыр бүгін сүрініп-ақ қалды. Рөлге отырып ешкім жоқ тастақ көшемен былқылдап келе жатып демін алды. Бүйтіп шаршаса трәктір айдаған кезінде көлеңкеде шай ішіп отырар еді. –Болды қалған жұмысты ертең істерміз,–деп өзінің басқа шаруасымен кетер еді. Ол шаруасының түрі қарта ойнағандардың әңгімесін тыңдау немесе малдан ауылға келген қойшы мен қозы пішетін санитар, мал дәрігерінің жанында жүру. Сөйтіп жүріп өзіне ылғи оңай жұмыс тауып алатын. Мектеп бітіргенде бұған көпке дейін тірәктір де, мәшине де тимеді. Пермеде жүріп істегені үй көшірісу, етке мал айдасу, қой қырқу, қыста малшыларға жем тарату сияқты жұмыстар қолына көк тірәктір түскенше соңынан қалмады. Техниканы мен де айдасам деп қызыққанда  жол үстінде шаршаған тірәктәрісті қасына отырғызып қойып ұзын жолда олардың қолын босатқанға мәз боп жүрді. Үйрене келе қолдан келсе істейтін-ақ екен дейтін. Бұның да уағын өзі келтіріп, Себеп деген тракторшыны бірер ай ауыстырған соң бастық босаған техникаға Балапанды отырғызып жүріп, ақыры трактір беріп: – Менің кәдірім, – деп дәріптеп қоятын болды. Сар балапан да бастық жаққа келгенде мақтаудың сәнін келтіретін. Сенімге кіргенше сөйту керек деп қойып, ақыры осы жылпостықты мінез ғып алды. Қарап тұрса бұ оның кемшілігі емес, өзгелерге қарағанда анау-мынауға қона бермейтін басқа біткен артықшылық-ау деп қояды. Осы үшін қанша майда бастықтардан алғыс алды. Көре алмағандар сыртынан сыбап жүрді, –Сар жапалық, Саржалақ,–деп ажуалады. Оны естісе қызараңдап қалады. Айналасы бұған сенбеген сайын әркімге жағына жүрмесе ісі өнбеді. Күштіге жағына сөйлеп, бір ісіне қолпаш қылмаса көңілі орта боп қалатындай, керексіз шетке шығудан тайсақтап алға қарай басуға осы ғана жалғыз үміт сияқтанып жетектеп-ақ кетеді.

***

Оның бүгінгі түрі қарны аш, екі бүйірі жабысқан, әлі  бітіп, үсті-басы кірлеген, жүні  үрпиіп өлімші қалдегі балапанның кейпіндей. Әшейінде жайнаң қағып қарсы алатын қатыны да шай үстінде үнсіз. Бір бәлені іші сезгендей тым-тырыс. Осы қатынға қол жеткізем, бала таптырып асыраймын дегелі қолы бір қомақты нәрсеге жетпей-ақ қойды. Баяғы ауылда запқоз болған ыру-дыру шулы тірлігі жіңішкерсе де үзілмей тұр. Балапан әтеш болдым. Әтешің не қыран бүркіт болдым деп сөйлегені ойына түссе өзі ұялады сол бөспелігіне. Кейде қатыны мұқатып мазақ қылғанда іштей қылқынып өлердей қызарады. 

Пойыз келетін уақ болды деп вокзалды бетке алып келгенде тапқаны бір-екі саудагер қатын болып олар өзін жеп кетердей ақша берерде әбден саудаласты. Шопыр шалдың шалбар-шалбар әжімдеріне күле қарап. –Бұларда тойымдық жоқ. Түрің құрсын бар ары,– деп мыж-мыж мың теңгені қолына ұстата салды. 

– Мұндай қатты кемпірге шалы қалай шыдайды, - деді бұл.

– Біздікі сен сияқты емес, кең шал. Камаз айдайды.

– Берекесін берсін, берекесін берсін, - деп Сар шал сөмкесіне жармасып еді, кемпір күліп жіберіп: – Мәші, – деп  тағы екі мың теңге ұстатып жіберді.

– Әттең жегули, әйтпесе Мекеге дейін апар десе апаруға тұратын әйел екенсің. Жас күндегі өзімнің кемпірім сияқты.

– Сау бол сөйлеп қалған ауыз, -деп анау кете барды.

*** 

Күз айының суық кеші қатайып, желдетіп, ызбарланып барады. Күн кешкірді. Біртіндеп түнге ұласты. Қала шетінен орталыққа бұрылып, сар шалдың ойына күні бойы жұмысқа бір соқпағаны түсті. Демалыс күні кім тексеріп жатыр. Мектеп күзет болмаса да орнында тұратынын бұл біліп алған. Асыға қоймады. Вокзал жаққа тағы барсам ба деп келе жатқанда қарсы көлік бұған шамын жағып белгі берді. Көп таксистің бірі ғой деп тоқтап еді, ең қорқынышты хабарды сол жеткізді. 

– Ойбай сені таңертеңнен бері іздеп жүр шарқ ұрып. Бүкіл шопырлардан сұрап шықты. Саған мықты ашулы Тергеубек ағаң,–деді. Бұл сөздерді естігенде де Сарбалапан абдырай қоймады.

– Өзім де бара жатырмын,–деді.

Қала шамдары жанып, көшеде көлік те, жаяу жүргінші де азая бастаған. Мектептің ауласы жап-жарық екен. Көліктен түсіп таяп келгенде Сарбалапанның көзіне бұрынғы үлкен құлыптың орнына басқа құлып тұрғаны бірден түсті. Жалма-жан қалтасынан қол телефонын шығарды. Өшіп тұр екен. Қайта қосты. Телефон зырылдап ала жөнелді. Қосып көрсе Тергеубек екен. Жан таптырмай айғайға басты.

– Әй, Сардомалақ, сен неғылған алаңғасар, жауапсыз адамсың. Бастық таңертеңнен іздеп жатыр сені. Кірмесін деп құлыпты ауыстырып тастады. Мұратыңа жеттің, қош айтыса бер енді жұмыспен. Қазір келсең со жерде мені тосып тұр. Ақылдасу керек не айтатынымызды,–деп тоқтады.

Сөніп қалған телефонға қарап:

- Демалыс күні жұмысқа келмеуші еді пысықсып ол да бір деп бастығын сыртынан қыжыртып қойды. -Өй ала берсін сол отыз мың теңгемен кім байыпты, -дегенде өзі де біртүрлі ойланып қалды. 

Біраздан кейін күні бойғы ашуын кімнен аларын білмей Тергеубек келді. Екеуі таласып қап, дауласа келіп бастыққа не жауап беретінін ақылдасып біраз кеңесті. 

– Өмірі келмеуші еді. Неғып пысықсып жүр, – деген сөзге Тергеубек шыдай алмай тағы ашуланды. 

– Әй сенің басың анық істемей қалған екен. Немене бастықты таң атпай мен алып келді ғой деймісің. Әлде оның қай кезде келу керегін сен белгілеуші ме едің. Өзің әбден нығызданып алып жаныңа жуық келтірмей аса сөйлейсің ғой тіпті осы мектепті сен ұстап тұрғандай. Жаныңды бақпаймысың одан да мынадан қалай құтыламыз деп. Өрекписің келіп дәп бір сен емес деректір тәртіп бұзғандай.

– Олар тәртіп бұзса да жауап бермейді ғой, – деді шал дәп бір бастықтың тәртібін талқылауға келген кісіше.

– Әй саған дауа болмас тегі. Мылжың екенсің. Осынша жүргенде қалай білмегем мен.

– Мылжың болсам да күзетшімін ғой әзірше. Күзетші емес адамның мектепке келіп құлыпты ауыстырып кетуінде гәп боп тұр ғой, – деді саршал.

– Сен сонда не деректірді тексермекпісің. Әй жарқыным жаныңды бағып құтылудың амалын ойласаңшы.

– Ойлап тұрмын ғой. Әй, бір гәп бар. Қазір келсе өзінен сұрармыз.

- Сарбалапан өзі сен адамды сөз иесі деп тыңдаудан қалмаған болсаң күні бойы жұмыс бар деп осы маңға бір айналып соғар едің. Енді міне, қараш қосақ арасына мені араластырып тұрғаныңды. Бастық -тап әлгіні,- деді. Күні бойы сені таппай зыр қағып жүрміз. Сен болсаң мынау, осы мектептің деректірі сияқты сөзге қонақ бермей, аяғыңа келтірмей гәп бар деп қоймайсың. Байқұс-ау гәп сенде боп тұр ғой, - деді.

- Апырай Тәке! Өлімге қимайтын сеніп жүрген ағам едің. Не бопты ал. Мен ойнап жүріппін бе? Жоқ аң аулап, той тойлап кетіппін бе? Пошымқұл құсап. Алып жүрген отыз мың теңгеге не келеді айтшы. Оның он мыңына бензин құйыңдар деп шопыры келеді. Оңай олжаны тауып алған. Сол бастықты Тәке сен құрттың. Есіртіп басқа шығардың. Өстіп сүмірейе бермей осы жолы құтылайық осыдан. 

Осы жерге келгенде Тергеубек бөгеліп қалып, ашуын тежеп бейбіт қалпына келді. - Сен қой енді ушықтырмай. Сөз көбейсе босқа таяқ жейміз. Мүмкін ұрыспас. Ол да адам баласы ғой. Бәлкім дем алғысы келген шығар. Бізді ұстап алғанына қарағанда көптен аңдыған сияқты ғой.

- Е, бағанадан сөй демеймісің Тәке-ау босқа ежіреңдеп мені қысқанша. Осы айтқаның мөлшерге келеді. Бүгін тағы арақ тасып, нөкерлерді тойдырамыз деп алашапқын боламыз-ау осы. Сорлы басымызға тағы кімді әкеп үймекші екен маңызданып, нығарланып ит қылатын болды-ау ақшамызды сауып қарадай. Ай сорлы басымыз-ай! - деп Сарбалапан зарлап қоя берді. 

Осыны күткендей түн қараңғысын жарқ-жұрқ өткір жарығымен тілгілеп ақ түсті джип көлігі мектеп ауласының ішін өлі тыныштықтан тірілтіп кіре беріс есікке таяп барып тоқтады да ішінен шайқалақтап, теңселе басып екі-үш еңселі адам түсті. Олар қолында сөмкесі бар Пошымқұлға ілесіп сөйлесе жүріп ішке кіріп кетті. Қараңғы бұрышта тұрған екеуге адам екен деп назар да аударған жоқ. 

- Барайық, - деді Тергеубек ұзын бойы одан сайын жіңішкеріп, аласарып кеткендей. Оның жанындағы бәкене сары шал әкесіне ілескен бала құсап әлгілердің артынан екінші қабатқа көтеріліп, ұзын дәліздің соңғы жағындағы демалыс бөлмесінінің кіре берісіне келді. Қонақтар жайғасып дабырласып қонаққа келгендей әлденеге күліп жатыр. Тергеубек алдыға түсіп екеуі бөлмеге кіргенде Пошымқұл креслоға жайғасып, қалған екеуі диванда шалқая түсіп отыр еді.

- Келіңдер, - деді Пошымқұл көңілді дауыспен. -Бұлар менің қызметкерлерім  ғой,-деп екеуіне жайымен ұрыспай сөйледі. - Тауыпсыңдар ғой бір-біріңді. Дұрыс болған. Қайсың кезекші едің мә кілтті алыңдар деп Тергеубекке берді де - Әу Сәке сен өзі шаршап қалғанбысың қабағың пәс қой - деп күлімсіреп қойды. Біраз шуладық сен үшін ал енді мына жігітттерге демалыс жасап беріңдер әлі ерте екен ғой таңға дейін,-деп сағатына қарап, алдында жатқан сөмкені Тергеубекке ұстатты. Өзің ұғындыр анаған, - деп шығып бара жатқан екеуіне керек-жарақты қайдан алу керегін бірер сөзбен  қосып қойды.

***

Бастықтың жылы сөйлегені дем бергендей екеуі машинемен көшенің аяқ жағындағы үлкен дүкенге келгенде Сарбалапан күтпеген жерден- Ой бұл жер қымбат қой. Басқа жерге бармадық па?-деді. Тергеубек алайып бір қарады да -Осы сен аяқ астынан түк білмей қалатының не бұл бастықтың дүкені ғой осында барыңдар,-деді. 

- Бұл бізді сорды ғой,- деді Қозыхан.

- Ақшамыз келесі айдан бастап жетпіс теңге болды ғой соның өтемі шығар, - деді Тергеубек. 

- Өспей жатып алып алды ғой,-деді Қозыхан.

- Тағы зарлауға көштің бе ай саған дауа жоқ. Ауыс-түйіс деп қоймаушы едің осы емес пе, сен маған мен саған деген.

- Сөз табасың бастықты ақтауға оның бізден басқа ақша соратын кімі бар дейін десең байып алған біреу, ал біз болсақ мынау...

Тергеубек осы жерге келгенде біраз күліп алды. -Бай болмасақ та байдың жанында жүрміз оған да шүкір,- дегенде Қозыхан осыны сен айтып отырсың ба дегендей бұрылып қарады. 

- Жарайды біз де бір көңіл көтерейік, - деп осы сөзге тоқтап Тергеубек не айтса соны істей берді. Мұның күрт үнсіз қалып тілалғыш бола қалуы оған біртүрлі көрініп арасында әрнені айтып сөйлете берді. Сәл мақтап қойып еді ашыла түсіп сайрады. 

-Бәсе, сен бастыққа неге еркін сөйлейді десем бар құпиясын біліп ап үстінен басып жүр екенсің ғой,-деп еді жанып кеткендей болып екі беті қызарып әңгімесін соға берді.

***

Түнгі отырыс ұзаққа созылды. Екі күзетші қайта-қайта шай қайнатты. Кезектесіп бастықты мақтасты. Бұған екі қонақ риза болып олар да қыза келе әңгіме тиегін молынан ағытып бастықтың ата-тек, үрім бұтағын аралап қым-қуыт тариққа кіріп кетті. 

- Осы өңірде сізден асқан тамырлы биік бәйтерек бар ма? - деді денелі қонақ теңселіп тұрып. - Әрине жоқ. Осындай басына бақ қонған әулетке қызмет қып жүрген сен екеуің де тегін емессің. Осына ұмытпау керек, біле білсеңіз сіз біздің сүйеніш, асқар тауымызсыз, бізге жағдай туып бірдеңеге ұшырасақ қорғанымыз деп өзіңізге барамыз. Міне, сонда қабағының кішкене дір етуімен тағдырымызды шешіп айдақардың аузынан бауырым деп суырып алатын жанашыр құтқарушы бола алудың өзі қандай мәртебе. Біздің ағамыз осындай адам. Биік жердегі құрмет иесі. Сол үшін достар.

- Қандай керемет сөздер.

- Шынында қадірін білмей пенделік қыламыз-ау кейде.

- Ал сен пенделік қылма, - деді екінші қонақ Қозыханға саусағын шошайтып.

- Жо-жоқ, - деді Қозыхан қызарақтап. - Мен басекеңе шексіз берілген адаммын. Құдай куә. Он бес жыл жанында жүрдім. Тек жақсылығын көрдім. Лайым жақсылар жасасын.

- Енді жөніңе келдің, - деп қонақтар Қозыханды құшақтап арқасынан қақты. Осы думен түн ортадан ауып, қызу отырыс жалғаса берді. 

Бұлар шылым шегуге аулаға шыққанда әбден қызу, масайраған, буыны босап теңселе басқан шаршаңқы күйде еді. Сәл шеткері шығып қайтуға жиналған екі қонағын бастық өзі шығарып салып, олар кеткен соң Тергеубекті қасына шақырып, жайылып өскен биік ағаштың астында оңаша сөйлесті. Одан соң аула тына қалды да екеуі түк болмағандай қайта ішке кіріп кетті. 

Бұл кезде Қозыхан дастарқанды жинап, шылдырлатып ыдыс-аяқ жуып жүрген. Енді бір айналып келсе бастық диванда мүлгіп отыр екен.       Өзі жалғыз. Үстінде сықиған кәстөм-шалбары да жоқ. Галстук таңып киетін ақ көйлектің орнына жағасы тұйық тоқыма киіпті. 

- Сен бері кел, - деді бастық қырылдаған дауыспен. - Бері тая. - Қозыхан батылсыздау келіп анадай жерде тұрып қалды.

- Сен мені кім деп жүрсің? Мен кіммін саған?

- Қалай кіммін? Бастығымсыз.

- Сені жұмысқа кім алды бұл жерге?

- Тергеубек ертіп келді.

- Әй, желбас. Мен алдым сені жұмысқа и мен шығарам сені керек болса. 

- Басеке, -деді Қозыхан дауысы дірілдеп. - Мм-ені кешіріңіз. 

- Оны қоя тұр. - бастықтың дауысы зорая түсіп. - Сен мені ана қымыз сататын қара қатынға барып жүр депсің ғой.

- Құдай сақтасын. Айтпадым олай. Құдай куә.

- Ант ішпе. Ант ішпе антұрған.

- Аға, әкетай кешір. Мен бір жүрген пақырмын ғой сіздің көлеңкеңізді паналап. Ондай сөзді қалай айтайын. Сізді қаралауға аузым бата ма? Қате естіп бұрмалап алған шығар айтқан адам. Кім айтса да өтірік ағатай.

- Тергеубек, - деп айқай салды бастық. Ашық есіктен сұрақ белгісі сияқты иіліп Тергеубек келді. 

- Мынау не деп айтты айтшы.

- Қымыз сататын қара қатынға барып жүр, - деді.

- Ал не дейсің? - деді бастық Қозыханға шақшиып.

- Қара қатынға қымыз ішуге барып жүр, - дедім.

- Сосын...

- Сосын сол қымыз ішті, - дедім.

- А, қу неме бұрмалама сөзді алаяқ.

- Мен бұрмалап тұрған жоқпын.

- Сен сүмелектің күн сайын айтқан сөздерің жетіп тұрады маған білдің бе?

- Тағы не айтып жүр еді мынау, - деп бастық Тергеубекке қарады.

- Бастық маған сөйлей алмайды,-деді.

- Құдайға басеке айтпадым олай. Маған сенеді сенген соң ештеңе айтпайды дегім келген ғой. Сізге дұрыс жеткізбеген ғой, Тәкең қағыс естіп қалған ғой.

- Басеке, бұл сөзге ұстатпайды. Ары қарай тергеңіз. Бензинге ақша төлеп жүрмін, - деді ғой шопырыңызға.

- Иа басеке өзім де айтайын деп жүр едім. Әлгі сіздің шопыр айлық алғанда ылғи бастық бензин құйсын деп айтты деп менен елу летрге ақша алады. Оны шынында сіз жібердіңіз бе?

Бастықтың өңі күреңітіп кетті. Қалай ол өтірік айтып жүр, мен неге білмеймін,-деді.

- Басеке шындық осы. Тыйыңызшы оны құдай үшін. Сыртымыздан солай істеп жүр.

- Бұл әңгіме осы жерден шықпасын, - деді.

Осы жерге келгенде бастықтың бүкіл ашуы қолмен алғандай тарап сала берді. Қасында қалшиып тұрған Тергеубекке - әкелші әлгіңді, - деді. 

- Молырақ құй, - деп қырлы ыстақандағы тола құйылған арақты түбіне дейін ішіп салды. Арақ ішкен адамды бірінші рет көргендей екеуі көздері ежірейіп бастыққа қарап қалыпты.

- Немене адам көрмегендей, - деп өз қолымен екеуіне құя бастады. 

- Сен іш, - деді Қозыханды сұқ саусағымен нұсқап. Қорқып тұрған ол арақты шашала жаздап асығыс ішіп алды.

- Енді сен іш, - деді Тергеубекке. Ол да қылқылдатып жұтып салды. Мүлгіген тыныштық орнады. 

- Қозыхан,  Екі жиренді айт, - деді Пошымқұл диванға шалқая отырып.

- Айтсаңшы енді мелшимей, - деді Тергеубек қостап.

- Басеке сіз үшін неге болса да дайынмын ғой. Әттең дауыс жоқ әйтпесе.

- Қолдарыңнан түк келмейді өсек айтқаннан басқа. Ех, - деді Пошымқұл көздерін жұмған бойы басын шалқайтып.

- Біз өсек айтпаймыз. Тек шындықты айтамыз, - деді Қозыхан тек тұрмай.

- Ол қандай шындық, - деді - Пошымқұл дауысын зорайтып Қозыхан қарады.

- Ол сандырақтай береді басеке. Мас қой, - деді Тергеубек. 

- Бүгін таксиге бармайтын шығарсыңдар, - деді Пошымқұл бұлардың бар сырын білетін адамша. - Сендер темір адамсыңдар ғой берік жаратылған. Мен кеткен соң тып-тыныш жататын болыңдар. Менің арқамда дем алыңдар. Ертең болыңдар, такси болсаңдар. Сен мені үйге апарып салуға күшің келе ме? - деп Пошымқұл Тергеубекке сүйеніп қайтуға жиналды.

- Ал сен сарбалапан ба едің, шіби ме едің әзірше жұмысыңды істей бер. Қызметіңді тіліңмен емес ісіңмен көрсет қане кел, - деп екеуін екі жағына алып аулаға шықты.

Күздің суық желі көшеде дүрілдете соғып тұр. Тергеубек көлігін қыздырып бастық екеуі мектеп ауласынан шыққанда күнде тыным таппайтын Қозыхан бүгін шынында да күзет бөлмесінде алаңсыз ұйықтап дем алатынын ойлап күрсініп қойды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan