Мереке Құлкенов. Аймүйіз

«Аймүйіз» әңгімесі жайында кеше ғана порталымызда жазушы Асылбек Ихсанның «Аймүйіздің азап вагоны» деген мақаласы жарық көрген еді.  Онда автор: «Ай мүйіз» атауы – трагипоэтикалық образ тудырады. Автор мистикалық көңіл-күй беретін, тылсымы мол аспан денесі – айды ақ қошқарының басына қондыру арқылы ұлттың тотемдік түсінігіне жүгіне отырып, әңгіме кейіпкерін басқа қошқарлардан ерекшелеп аспан әлеміне апарып қояды», - дейді  Бүгін, міне, оқырмандарымыз оқысын деп әңгімені де қоса жариялап отырмыз. Бұл әңгіме биыл жыл басында «Таңшолпан» журналында жарияланған екен, Асылбек Ихсан ағамыздың өтінішімен журналға да сілтеме беріп қоялық.

82

Мереке Құлкенов. Аймүйіз - adebiportal.kz

Әңгіме

– Тұр, оян, тұра ғой, мал қораға барайық, – деді әжем, жып-жылы демімен құлағымның түбінен иіскеп, – желіндеп тұрған саулықтарды қарайық, таң атып қалды.

Мен тәтті ұйқымды қимай оң көзімді әрең ашып, мұрыным тыржиып, қараңғыда киімдерімді қармалай тауып алып, созбалақтай киінген болып, әжемнің соңынан ілестім. Аяғымды дәлізде тұрған етіктеріме сұға салып, есік алдына шыққанымда түн етегі түріліп, таң себезгілеп енді атып келе жатыр екен, айнала бозаң тартып, мұрыныма таңғы ауаның тап-таза, тәп-тәтті, сап-салқын жұпар иісі келді. Мен бір сәт көзімді жұмып, жүзімді таң нұрына аймалатып тұрып қалдым. Таңғы салқын денемді шарпыса да бойым сергіп сала берді. Шалт қимылдайтын, шапшаң жүретін әжемнен қалып қоймайын деп мен де тез-тез басып қораға беттедім.

Қораның іші қараңғы, көң иісі мүңкіген қапырық, жатқан малдың күйіс қайырғаны мен пысылы ғана естіледі. Мен шам қосқыштың түймесін бастым.

Әжем қораның түбінде екі бүйірі солқылдап ентіге дем алып, көлбеп жатқан ақ тұсақтың жанында тұр екен, мен жеткенше аппақ кішкене шарананы «биссімилла, жаратқан ием» – деп суырып алды да көзін жұмып, шырыш шуға оралып жатқан кіп-кішкентай тіршілік иесінің аяқ-қолындағы орамасын қолымен сыпырып тастап, ұртына ауа толтырып алып, қошақанның кіп-кішкентай ауызын ашып, бірнеше қайтара үріп еді, ол «м-ә-ә» деп әлсіз маңырады. Қораның ішіне «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі алтын құйрықты, құндыз жүнді арғымақ құлыны туғандағыдай бір алтын сәуле алып кеткендей болды.

– Қарағым, Мұратжан, «ауызын үріп, аяғын сыпырған ақ-адал мал» деген осындай болады. Сен келесі жылы он үшке толасың, қазақта «он үште отау иесі» деген мағыналы сөз бар, мына ақ қошақан сенің алғашқы ақ адал малың болсын, деді әжем ақ тұсақтың жанында күйбеңдеп отырып.

– Ақ-адал мал деген не сөз әже? – дедім мен түсінбей.

– Өзің бағып, қағып өсірген жануарың ақ-адал малың болады, балам. Сен біліп жүр, төрт түлік мал адам баласына Алланың берген сыйы. Есіңде болсын Алла Тағала Ибраһим иіне «туған ұлың Исмайылды құрбандыққа шал» деп әмірін бергенде ол айтқанын бұлжытпай орындап, баласын құрбандыққа шалуға алып келгеніне риза болып, Исмайылдың жанын кешіп, оның орнына құрбандыққа шалуға Алла тағала биіктен жуан қой түсіреді ғой. Сондықтан да қой төрт түліктің ішінде ең қасиеттісі, – деді әжем қан аралас ауыр нәрсені тұсақтың жанынан бері алып жатып. Әжемнің білмейтін әңгімесі жоқ, қашан, кімнен естігені белгісіз, көкірегі алтын қазына сияқты аңыз әңгіме, ертегі, жыр ағылады да тұрады, құдды өмірі таусылмайтын жұмақтың зәмзәм суы тәрізді.

– Қолыңа күректі ал, мынаны апарып көміп тасталық, – деді әжем жаңағы малдың ішек-қарынына ұқсайтын нәрсені шылапшынға салып жатып, – мына қошақанның шуы ғой, кейбір қойлар туғаннан кейін біртүрлі әсерде болып төлінің шуын жеп қояды...

Әжем екеуміз қораға қайтып келсек ақ тұсақ қасында жатқан қозысын емірене жалап-жұқтап тұр екен. Ақ қошақан да үсті басы шырыш-шырыш болып орнынан тәлтіректей тұрып, тілерсегі дір-дір етіп енесінің бауырына ұмтылды.

– Қарашы, деді әжем маған күле сөйлеп, – тірі жан деген осы, сәл шыдасаң енесінің желінін соруға кіріседі, енді бір айналғанда шапқылай бастайды.

Кешке ақ тұсақтың сүтінен жасалған тіл үйіретін уыз көже ішіп отырғанда әжем, дастарқан басындағы әке-шешем мен аға-апаларыма ақ қошақанды маған деп атағанын айтты.

Ақ қошақан маған, мен оған әбден бауыр басып алдық. Мектептен келіп, үй тапсырмасын орындап болған соң ермегім ақ қошақан. Ол да мені ерекше жақсы көреді. Мектептен келе жатқанда алыстан көреді де тұра шабады, келдің бе дегендей «мә, мә» деп қоңыраулата маңырайды. Төрт аяғын дік-дік еткізіп секіріп-секіріп қояды.

Алдымнан ойнақшып, шапқылай шыққанда «Қошақаным» әнін жәмән дауысыммен беріле айтсам болды, мойнын едірейтіп, көзін бақырайтып, құлағын кекшейтіп тұра қалып тыңдайды. Мен әнді айтқан сайын сөйтеді. Меніңше бар ғой, қазақтың ақылсыз, надан адамдарды, «әй мынау қой сияқты иіс алмас» немесе «қой аузынан шөп алмас» дейтіндері ең алдымен қой малын кемсітуі деп ойлаймын. Әрине мен қой біткеннің бәріне араша түсе алмаймын, алайда менің қошақанымның ақылды екеніне ешкім шүбә келтірмесін.

Мен де ақ қозымды кішкентай бөпемдей еркелетемін. Кейде қолыма көтеріп аламын, кейде мойыныма салып жүремін. 

Бірде менің ең үлкен ағам Медет қошақанымды мойыныма салып көтеріп келе жатқанымды көріп:

– Мұрат сен мына қошақаныңды күнде таңертең мойыныңа салып ал да он бес-жиырма рет отырып, тұр. Содан бірте-бірте жаттығудың санын жүзге дейін жеткізсең, соңыра қошақаның дәу қошқар болғанда да көтере бересің, – деді. – Кавказда тұратын тау халықтарының ең күшті адамдары өгізді мойнына салып оп-оңай көтереді, өйткені олар өгізді бұзау кезінен күн сайын көтеріп жаттығады. 

Медеттің айтқанына құдайдай сендім де күнде оны мойныма салып алып отырып-тұрып жаттығатын болдым. Кавказдың алыптарын қайдам, ал мойны сорайған, құлағы қалқиған, аяқ-қолы шидиген, тыриған арық, ерні жырық жылтыр қараға жаз жетіп, ақ қозы отыға бастағанда, оны мойынға салып отырып тұру оңайға соқпады. Оның үстіне ақ қозы күннен күнге құйрығы дөңгеленіп қоңдана бастады. Қоңыр күздің жайма шуақ әсем күні үйреншікті әдетіммен ақ марқамды мойыныма салып көтермек болып едім орнымнан қозғала алмадым...

Онымен мен кішкене қошақан кезінде сүзісіп ойнайтынмын. Ол дөңес маңдайын менің басыма тақап бар күшімен тіресіп тұратын да кенет кейін шегіншектеп барады да алдыңғы екі аяғын көтере секіріп, мойнын күжірейтіп келіп менің басымды ұратын. Мен мәз бола күліп, кішкене қошақанның еркелігін шыбын шаққан құрлы көрмейтінмін. Күндердің бір күні әдеттегідей сүзісіп ойнап жатқанымда оның қатты сүзгенінен көзімнің оты жарқ етті. Содан кейін онымен сүзісуді қойдым.

Біздің «Ертөстік», «Кер құла атты Кендебай» сияқты ертегілерімізде батырлар ай сайын емес, күн сайын өседі; алты күнде күледі, алпыс күнде жүреді, алты жылда алып жігіт болады, жойқын күшке айналып, алысқанын алып ұра береді, күрескенін шалып жыға береді, шыңырау құдыққа құлаған атанды жалғыз тартып шығарады. Мен де сол Керқұла атты Кендебай сияқты он үш жасымда алып жігіт болсам деп армандаймын, бірақ екі қолым шілмиіп, екі иығым ілмиіп әзір дәу бала қоятын түрім жоқ. Есесіне күні кешегі ақ қозым енді міне, құйрығы тегенедей ақ марқа болды, басына айдай болып екі мүйіз шыққан.

Келесі жылы жазда ақ марқам мүйіздері қайқайған ақ қошқарға айналды. Ауылдағы еркек қойлардың бәрін шыдатпай сүзіп тастайды, ұсақ біткеннің әммесін қуып кетеді. Ойқастап, қоқырайып жүреді, өзі қатарлас жас қошқарлардан тұрқы биік, ерекше мал болып өсті. Тіпті ауылдың иттері де менің ақ қошқарыма тіке шауып үре алмайтын. Иттердің ішіне кім кіріп шығыпты, бәлкім сыйлайтын шығар. Адамдар да оқшау мінезді, асқақ, тәкаппар кісіден айылын жиып тұрмай ма?

Биылғы көктем ерекше шықты. Қардың көбесі сөгілген бойда ақ жаңбыр бірнеше күн қатарынан жауып, қар суына жаңбыр қосылып, сай-сала көлкіді де жатты. Содан соң күлімдеп күн шығып, қырат біткен қып-қызыл, сары-ала гүлге толып, айнала жап-жасыл, көкмайса кілем болды да кетті. Дала хош иіске тұнып, қозы, лақ, бұзау, құлын, бота-тайлақ ойнақтаған ғажайыпқа айналды. Ауыл балалары, біз де таңның атысы, күннің батысы үй көрмей далада асыр саламыз. Әр қайсымыздың да ермегіміз далаға мал өргізу. Менің ақ қошқарым былтырғыдан да серейіп өсіп, ай мүйіздерін кербездене шайқайтын, айналасын байыппен байқайтын, елден ерек жануарға айналған. Былтырғыдай ойнақтап ойнамағанымен, мүйіздерін шалқайтып, үстіңгі ернін созып, екі танауын делдитіп жайылып жүрген қойларға қарап, жер тарпып тұрып алатын сәті көбейді. Маған күн өткен сайын ол бойы таралып, жүдеп бара жатқандай көрінетін...

Бір күні әжем сөз бастады:

– Мына Мұратжанның ақ қошқарын, ақтап жібермесе болмас, зәрі бойына тарап, етінің дәмі кетіп қалар, – деді әлденеге мазасызданып. Ертең Елеусіздің қолы босаса шақырарсың. – Әкем шайын бір ұрттап басын изеді. «Ақтағаны» несі деп ештеңе түсінбей аңырып отыр едім. «Ақ қошқарың піштірілетін болды», – деп қасымдағы Медет ағам құлағыма сыбыр етті.

Елеусіз біздің ауылдың мал дәрігері. Бұрын совхозда бас дәрігер болған, Алматыдан жоғары оқу бітірген. Ауылдағы мал біткеннің жалғыз пірі сол. Совхоз бар кезінде бәрін тегін істейтін. Қазір еңбегіне аздап ақы алады. Кейде берген 500-1000 теңгені қалтасына салып жатып, «Қара қазан, сары баланың қамы ғой» – деп сықсиған оң көзін қысып қоятыны бар. Үстінен үнемі спирттің иісі шығып тұрады. Жазғытұрым ауыл адамдары Елеусізге малын бүрсүлезге қарсы ектіруге кезекке тұрады. Әжем айтады: «Елеусіздің бір жақсысы бұлданбайды, ешқашан жоқ деп айтпайды, кезегің келгенде мал басына нақты ақшасын алады да, уколын салып береді». 

Солайы солай ғой, бірақ малын ектіретін үй Елеусіз келерде дастарқанын жайып, бір шөлмегін қойып күтіп отырады. Содан қорадағы малға укол салып болған соң, Елеусіз қолын асықпай жуып, төрге дастарқан басына келіп отырады. Асықпай шай ішеді, тағамнан қарбыта асайды, бір-екі рөмкені тастап-тастап жібергеннен кейін: 

– Қазақтың жаны мал, – деп әңгімені бастайды – Атам қазақ амандық-саулық сұрасқанда: «Мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Өйткені біздің ата-бабамыз малдың қадірін білген ғой. 

Содан Елеусіз ұзақ әңгімені үзбейді. 

– Несін айтасың, совет үкіметінің кезінде дала толы мал еді ғой. Қой дейсің бе, сиыр дейсің бе, жылқы дейсің бе, түйе дейсің бе мыңғырған есепсіз мал еді-ау шіркін. Ол кезде мына бізбен басшы біткеннің бәрі санасатын. «Елеке, Елеке» деп ел елпілдеп тұратын. Қазіргі жеке байлар керек кезінде шақырып алып жұмысын істетеді де, қолыңа азын-аулақ ақша ұстатып, «ал енді бара бер», – дейді... Ол үнсіз қалып, қызыл қуырдақты қарбытып-қарбытып жібереді.

– Қой, Елеусізжан бұлай түңіліп сөйлеме, бүкіл ауыл өзіңе қарап отырған жоқ па, – деп әжем сөзге араласады, – Құдайға шүкір, сенің арқаңда қолымыздағы оншақты жандық індет-ауру дегеннен аман.

– Біздің ауылдың халқы Асхат (ауыл фельдшері) екеуіңе құдайдай сыйынады ғой білемісің, – деп әкем құрдастығына салып әзілдейді.

Елеусіз әкеме қарап ыржия күліп:

– Кел құрдас, елдің амандығы үшін алып қоялық, – деп қолындағы рөмкені басына бір-ақ көтерді. Сосын біраз түйіліп үнсіз отырады да әңгімесін әрі қарай жалғастырады. – Шеше, – дейді ол әжеме сүзіле қарап. – Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, ауылда мал ұстамайтындар көбейіп барады. Әсіресе жас отбасылары малға қарауды қойды. Күйеулері он бес күндік вахталық жұмысқа кетеді, әйелдері күні бойы ақақу-сәкәку. Күн сайын порошок сүтті, қаймақты, айранды тіпті етті дүкеннен сатып алады. Өздері сиыр сауғысы келмейді, май шайқап, құрт қайнатпайды. Менің түсінігімде ауылдағы малсыз үй – жансыз үй. Бүйте берсе қазақтың ауылына зауал келеді. Орысша айтқанда кранты. Менің жүрегім осыған қатты ауырады, құрдас! Ол алдындағы рөмкені тағы тастап жібереді.

Сәлден соң Елеусіз біздің үйден шығып, аяғын әр жерден бір алып: «Сағыз қайда, Жем қайда, Ойыл қайда? Өткір қылыш, жүйірік ат жанға пайда», – деп шырқатып бара жатады.

Келесі күні Елеусіз көрші үйдің малын егуге келеді...

Елеусіз ақ қошқарды ақтауға сәскеге жақын жетті. Қолында сырты ақжем болған қоңыр былғары сөмкесі бар. Әдеттегідей көңілді, үстінен дәрі мен спирттің иісі шығады. Әлдебір әуенді мұрынның астынан әндетіп қояды.

– Қане бала баста қораға, – деді ол үлкен аузын ыржита күліп, күрек тістері ақсиып, онсыз да ажарсыз жүзі тіпті үрейлі көрінеді. Әйтсе де Елеусіздің осы ыңғайсыз күлкісінде біртүрлі адал сүйкімділік бар сияқты.

Қорада жападан жалғыз тұрған ақ қошқарды көргенде:

– Па, па, мынауың ертегідегі ақ қошқар ғой! Мынауың қой емес тайынша ғой! Осы жасыма дейін мынадай ірі Шопан ата баласын көрмеппін. Обал болады ғой, мұны қалай тарттырамын! Қой қолым бармайды, қолым бармайды, – деп қолындағы сөмкесін жерге қойып, алға бір аттап еді ақ қошқар басын кекшитіп, ай мүйізін оңтайлап оған тұра шапты.

– Ойбай Мұрат, ұста мынауыңды, жазым қалып жүрер айдың-күннің аманында, – деп Елеусіз тұра қашты.

– Аймүйіз, аймүйіз, – деп мен қамқорси сөйлеп мойнынан құшақтап, арқасынан сипап тоқтаттым.

Елеусіз қолында арқаны бар, қорқа соқтап қораға қайта кіріп:

– Қане бала, мойынынан мықтап ұста, – деп өзі қошқарды айнала берді.

Қанша дегенмен мал дәрігері емес пе, Елеусіз әп сәтте ақ қошқарды жығып үлгерді де, үстінен тізесімен басып отырып, төрт аяғын байлады да тастады. Сосын сөмкесінен целлофан жайма шығарып жерге жайып, асай-мүсейлерін ретімен орналастыра бастады.

– Скальпельді бірінші қоямыз, одан қысқыш кетеді, жіп пен ине мына жерде тұрсын, – деп ыңылдай әндете сөйлеп Елеусіз ретімен жатқан дүниелерін спиртпен асықпай сүртуге кірісті.

Ақ қошқар бір жамандықты сезгендей байлаулы аяқтарын босатқысы келіп бұлқынып-бұлқынып қояды. Мұрынының астынан ыңылдай әндетіп отырған Елеусіз қолына шытырлатып резеңке қолғаптарын киді де:

– Бұл шаруада ең бастысы стерилизация, сонда бәрі о, кей болады, тез жазылып кетеді, – деді Елеусіз жымыңдап – Қане бала енді қошқарыңның барына назар аударалық, «бисімилла» деп ісімізді басталық. Сен, бар, қошқарыңның басына ие бол, мен жаққа қарама.

Кенет ақ қошқар басын кекжең еткізіп, қинала ышқынды. Бейқам отырған мені ұшырып жібере жаздады. Мен қайта ұмтылып бар күшіммен мүйізінен баса түстім. Құлағым шыңылдап, бойым дірілдеп, ішім алай-түлей. Пыс-пыс етіп, күйбеңдеп жатқан Елеусіздің:

– Па, па бар-ақ екен, дүние шіркін! – деген көңілді дауысы шыққанда ғана есімді жидым. Ақ қошқар да сұлық, қимылсыз жатыр.

– Бала, сәл шыда, қазір орынын әдемілеп тігемін де, әбден йодтап тастаймын, бәрі тамаша болады, – деді Елеусіз кенет көңілдене сөйлеп.

Мен де ақ қошқардың дөңес тұмсығынан сипап «Шыда, шыда», деп сыбырлап отырмын.

– Міне, жаңа ғана арқыраған қошқар еді, енді манаураған ісекке айналды, Мұрат, бері қара, анаған назар сал, – деді Елеусіз көңілді қалпын өзгертпей. Мен жұмып отырған көзімді жасқана ашып Елеусіз жаққа қарап едім, целлофан жайманың шетінде қаны сорғалап, буы бұрқырап түйетауықтың жұмыртқасындай екі жұмыртқа жатыр екен.

– Обал-ай! – деп ышқына айқайлап жібергенімді байқамадым, денем қайта дірілдеп кетті.

– Өмір ғой, бала, – деді Елеусіз көңілсіз күрсініп. – Мына екеуімен бірге талай қошақандарың келмеске кетті. Ол иегімен екі жұмыртқаны меңзеді. – Е-е, бала мал дегенің ризығың деген осы, түптеп келгенде осының бәрі тесік тамақтың қамы. Бағасың, қағасың, ит-құстан сақтап әуре боласың, ақыр соңында бір сыйлы қонақ келгенде соясың да тастайсың, – деді Елеусіз қолындағы басы имек инеге өткізген жіппен ақ қошқардың кесілген жерін қайта тігіп жатып.

Мен жүрегім қобалжып үндей алмадым. Самбырлай сөйлеген Елеусізді іштей қатты жек көрдім, жаман сөздер айтып тастағым келіп оқталып-оқталып, тістенген күйімде тіл қатпадым. Тек сұлық жатқан ақ қошқарымның жұмсақ жүнін дәрменсіздікпен сипалай бердім.

– Бала, жақсылап тіктім, йодпен әбден бөктірдім, бір аптада жазылып кетеді, тек шыбын-шіркей қонып, құрттап кетпес үшін мынаны анда-санда шашып қой, – деп маған бір құты дезодарант ұсынды.

Елеусіз ақ қошқардың байлауын шешіп еді, ол сұлық жатқан күйі қозғала қоймады.

– Не болды, өліп қалған жоқ па? – деп Елеусізге шошына қарадым.

– Жоға, қазір өзі тұрады, есіңде болсын енді бұл бұрынғыдай ойнақтамайды, енді бұл момақан көп ісектің бірі болды, – деді Елеусіз көңілсізденіп.

Ол қолындағы резеңке қолғапты шешіп, асай-мүсейлерін мұқият жинап, жаңағы екі жұмыртқаны да целлофан қапқа еппен салып жатып:

– Бізге бұның да қажеті болады, – деп ыржия күлді.

Содан жерге малдасын құрып отырып, қалтасынан темекі шығарып ауызына қыстырды да, шырт еткізіп сіріңке жағып тұтатқан бойда құшырлана сорып-сорып жіберді. Спирт құйған құтының резеңке тығынын тық еткізіп ашып, бір-екі рет қылқыта жұтып, қайта тығындады.

Езуіндегі темекісі будақ-будақ.

– Еркек қойдың ең қажет мүшесін кесіп алу маған оңайға түседі деймісің, жанымды жеп әрең орындаймын. Адамдарға солай істеген пайдалы, – деді ол мұңая сөйлеп.

Сәл үнсіздіктен кейін:

– Әй бала, сен еркек малдың екінші аттарын білемісің осы? – деп аяқ астынан көңілдене қалды.

– Текені – серке, қошқарды – ісек, бұқаны – өгіз, айғырды – ат, бураны – атан дейді, – деп шұбырта жөнеліп едім:

– Әй, жарайсың, малмен бірге өскен ауылдың баласы бәрін біледі. Қаланың балалары бұның бірін де білмейді. Анада Астанадағы ұлға Күләш (әйелі) екеуміз қонаққа барып келгенбіз. Сенімен қатар Дәмир деген немеремнен малдың жайын жаймен сұрап көргем, маңына жуымайды. Шүлдірлеп орысша жауап береді. Күндердің күнінде не болар екенбіз, бала.

Ол тұнжырай сөйлеп спирт құтыны қайта қолына ұстады.

– Сен қалай ойлайсың, мен жұмыр жердің бетіндегі ең жыртқыш, ең қанішер мақұлық адам деп есептеймін. Қара, аң-құстың, ең қандыауыз жыртқыштың еркектерінде екі ат жоқ. Екі ат тек үй жануарларының еркектерінде ғана бар. Өйткені олардың еті дәмді болу үшін, қолдан жуасыту үшін, ілуде ең мықтыларын ғана тиіспей, қалғандарын мына сенің ісегің сияқты дер кезінде тарттырып жібереді. Адамнан сұмдық артқан ба, сонау есте жоқ ескі заманда патшалар мен ханзадалар әйелдеріне күтуші етіп жас жігіттерді дайындағанда олардың бәрін мына сенің қошқарың сияқты тарттырып жіберген де құлақкесті құл қылған. Қой, адамның жауыздығына шақ келетін ештеңе жоқ, әлі күнге дейін сол. 

Елеусіз аға тағы қылқ еткізді. Көлбеп жатқан ақ ісек аяқтарын бауырына алып, бүктүсті.

– Қалайсыңдар Елеусіз шырақ, әлі бітірмедің бе? – деп қораға әжем кіріп келгенде Елеусіз аға да, ақ ісек те тәлтіректеп орындарынан тұрды...

Елеусіз ағаның айтқаны айдай келді. Ақ қошқарым ісекке айналғаннан кейін мүлдем танымастай өзгерді. Бұрынғыдай өзі барып өзге қошқарларға тиісуді қойды, қойлардан бойын аулақ салып, жеке жайылды. Жайылыстан оралып, су ішкеннен кейін, қораның көлеңкесінде дәу денесі ырсылдап жатып қалатын болды. Аз уақыттың ішінде бұрынғы ірілігі ірілік пе, жардай болып семіре бастады.

Онсыз да үлкен құйрығы тегенедей болып, жүрісі ауырлай түсті. Бұрынғыдай мені көрсе ойнақтап, ойқастап жүгіріп келетін әдетін де қойды. Ай мүйізі ширатылған бұйра жүнді қазан басын анда-санда бір шайқап қойып өрістен қайтқан ауыл жандықтарының ең соңында маң-маң басып келе жатқаны.

Сол жылы менің үлкен апайым Ұлдай мектеп бітірді. Қатарының алды, мақтаулы үздік оқушы еді. Емтихан кезінде бір сабақтан төрт алып қалды да, алтын белгіге іліге алмады.

Үйдің іші әбігер болды да қалды. Анам «қап әттеген-ай, институтқа емтихансыз түсетін еді ғой», – деп қамықты. Әкем: «Емтихан тапсырса несі бар, ең бастысы білімі бар ғой, тақа болмаса облыстың оқу бөлімін Халима қарындасымыз басқарып отырған жоқ па, бір жөні болар», – деп екіұштылау үн қатты.

– Қарағым бері жүрші, – деп әжем мені ертіп қораға алып барып, ақ ісектің мойнынан ұстап: – Мұратжан мынау саған аталған ақ адал малың, мына ақшаны (алақаныма қара бақар тиындар салып) Ұлдай апайың үшін «Ақсарбас, ақсарбас, ақсарбас», – деп үш қайтара айтып, мына ісегіңнің басынан үш айналдырып далаға шашып жіберші, – деді.

Мен қапелімде ештеңе ұға қоймасам да, әжемнің айтқанын бұлжытпай қайталап, уысымдағы тиындарды шарбақтан далаға лақтырдым.

– Иә, Алла, жасаған ием өлі аруақтар қолдай гөр, қызымызды, – деп әжем тағы бірдемелерді күбірлей айтып бетін сипады. Мен де солай істедім. Қорадан шығып келе жатып:

– Әже, ақсарбас деген не сөз? – деп сұрадым.

Әжем жұмсақ жымиып:

– Түріңнен айналайын сенің, қоңыр қозым, сен бүгін үлкен іс істедің, апайыңның жол оңғарымына ақ ісекті атадың, ақсарбас деген сол, – деді арқамнан құшақтап.

Менің жүрегім дір етіп, денем қалтырап кетті. Тамағыма өксік тығылып үндей алмадым...

Бәріміз Атырау қаласынан тағатсыздана күнде күтіп жүрген қуанышты хабар да келіп жетті. Біздің ақылды Ұлдай, үздік Ұлдай Атырау Педогогикалық университетінің «Химия-биология» факультетіне оқуға түсіпті. Қуанышымыз қойнымызға сыймай бәріміз мәзбіз.

– Халимаға рақмет, – деді әкем марқайып – Ұлдайдың біліміне сенем ғой, алайда жаны ашитын адамның да болғаны абзал.

– Е-е, құдай, бергеніңе шүкір, – деп әжем күрсінді.

– Енді қалаға ана малды жеткізудің қамын жасау керек, – деді апам дастарқан жайып жатып.

Мен анамның сөзінен секем алып, елең еттім.

– Біз Мұратжан екеуміз, ақ ісекті «ақсарбас» деп атап қойғанбыз, мына қараның (мені айтып отыр) ісегі майдан жатып қалардай семірді, алған адам ренжи қоймас, – деп әжем мақтана сөгіледі.

Мен бәрін енді түсініп, далаға атып шықтым. Ақ ісегім қораның көлеңкесінде жайбарақат күйсеп жатыр.

Атырау қаласы біздің Мұқырдан шалғайда – екі жүз шақырым жерде. Біздің ауылдың адамдары көбіне қалаға пойызбен қатынайды. Жол жаман болғандықтан совхоздың арнайы тапсырмасымен қалаға баратын жүк машинасы болмаса қалаға көлік шыға бермейді. Сондықтан ауылдан қалаға шаруамен баратын ауыл адамдарды негізінен Ақтөбе мен Атырау арасына күн сайын қатынайтын жолаушы пойызына отырады. Ақтөбеден Мұқырға кешкі бестерде келеді, кідіретін уақыты үш-ақ минут. Жолаушы адамдар жүктерін арқалап пойыз тоқтаған бойда вагондарға лап қояды. Келіп түсетін адамдар да жанталасып ұмтылады. Бірін бірі итерген, кимелеген жолаушылар, ұрсысып, айқайласып, пойыздан түсіп, пойызға мініп жатады. Ақтөбе жақтан пойыз Мұқырға түнгі үш жарымда келеді. Бұл пойызға отыру қиынның қиыны өйткені жолсеріктер түсетін жолаушы болмаса есіктерін тарс бекітіп ашпай қояды...

Үйдегілер ақылдаса келіп ақ ісекті Атырауға жүк таситын пойызбен жібереміз деген шешімге келді. Станса бастығымен келісуге кеткен әкем көңілді оралды.

– Түнгі сағат үште өтетін жүк пойызында бір вагон бос екен, соған тиейтін болдық, – деді әкем риза кейіппен.

– Бәтір-ау, – деді әжем, үрейлі дауыспен, – қойды қалай жалғыз салып жібереміз? Қасына бас-көз болатын біреу бару керек қой?

Үлкен ағам – Медет қырда шөп шауып жүр, үйдегі одан кейінгі бас көтерген мен.

Әжем, әкем, анам үшеуі есік жақта отырған маған қарады.

– Мына Мұрат отырған жоқ па, ақ ісекті осы апарады қалаға, – деді әкем мені иегімен нұсқап.

– Қой, ойбай, – деді анам шошына сөйлеп, – қаршадай баланы жалғыз өзін пойызға салып қалай жібереміз, жолда бірдеңеге ұшырап қалса.

– Бұл қоңыр қозым қазір жігіт болды ғой, – деді әжем мейірленіп. – Алды-артын ойлай алатын азамат өсіп келеді, не де болса тәуекел деп Мұратты жіберейік.

Олар біраз дауласып ақыры маған тоқтады. Мен сыр білдірмесем де, іштей қатты қуандым. Ата-анам маған сенім артқанына риза болып, бойымды мақтаныш сезімі биледі. Сонау ит арқасы қияндағы Атырауға маған үлкен сенім артып, жұмсап отыр.

Біздің Мұқыр деп аталатын ауылдың табиғатының бір жаман, бір жақсы қасиеті бар. Ауыл шұңқыр сияқты үлкен сайда орналасқандықтан ба таң атып, күн шыға бере оңтүстік жақтан ышқынған қатты жел тұрады да төңірек алай-түлей топырақ дауылға айналады. Көз аштырмайтын топырақ боран. Оған жаздың аптап ыстығын қосыңыз. Үйден шыққан адамның тамағын, кеңсірігін кептіріп дем алдырмай тастайды. Ал екпіндей соққан топырақ дауыл аузы-мұрыныңа кіріп, көзіңнен жас сорғалатып әбден ұйқы-тұйқыңды шығарады. Ауылға сырттан келіп, қыр басынан қараған адамға Мұқырдың барлық үйі, қора-қопсы, мал-жайы ышқына соққан топырақ дауылға қасқая қарсы тұрып, өршелене алға ұмтылып келе жатқандай көрінер еді. Менің түсінбейтінім: мына қатты жел мен дүлей дауылдың жаз бойы тоқтамай үздіксіз борайтындығы. Мен ылғи, «шіркін анау киноларда көрсететін орыс ормандарындай ауылды қоршап ағаш егіп тастасам» деп армандаймын. Бірақ бұл арманымнан тез қайтамын, өйткені ауылда су тапшы. Сонша көп ағаш ексем, суды қайдан табамын деп күйінемін. Өйткені біздің Мұқырдың тұрғындары ауызсуды сатып ішеді, малын да сол сатып алған судан суарады. Бір водовоз су біржарым мың теңге тұрады.

Ал мұнда Мұқырлықтардан басқа жан баласы білмейтін бір рақат бар. Ол – ауылдың мақпал түні. Күні бойы үздіксіз соққан топырақ боран қас қарая сап тыйылады. Тып-тыныш тылсым дүние. Ауыл түгелдей терезелеріне күннен қорғанып газет жапсырып тастаған қапырық үйлерінен шығып, кешкі астарын далада, сәкінің үстінде ішіп, далада ұйықтайды. Тәңірі күні бойы көрген азаптарының өтеуі болсын дегендей Мұқырлықтарға осындай ғажайып түн сыйлаған. Ауыл түгелдей мәре-сәре болып жатады, түнгі тынықты бұзған күлкілер, самбырлай сөйлеген сөздер, ара-кідік мөңіреген бұзау, маңыраған қозы-лақтың, боздаған ботаның, үрген иттің дауысы бәрі бәрі қосылып, осы момақан ауылдың арқайын өмірінен хабар бергендей болады.

Біз – балалар бір көрпенің астында жатып тұп-тұнық аспанға қараймыз. Жыпырлаған жұлдыздар, жарқыраған Ай біздің бала қиялымызды өсіріп жібереді. Құсжолын, Темірқазық жұлдызын тамашалаймыз. Артына ақ жолақ қалдырып, шамдары жыпылық қағып, ракеталар ұшады.

– Әне көрдіңдер ме, мынау Ресейден атылған ракета, соңыра Тайсойған құмына барып құлайды, – дейді кеше оқуға түскен Ұлдай апайым бір құпияның шетін шығарып.

– Ойбай, байқамай біздің үстімізге түссе қайтеміз? – деймін шошынып.

– Қорықпай-ақ қой, – дейді апайым күліп, – оның бәрі дәл есептелген, түсетін жері елсіз құмның іші. Оны полигон деп атайды, айналасы түгелдей тікен сыммен қоршалған мал да, адам да кіре алмайды. Бәрін әскерлер автоматпен күзетіп тұрады.

Түн ортасы ауа мақпал түнге, саф ауаға рақаттанған ауыл тұрғындары күні бойғы күйбең тіршілігін бір сәт ұмытып тыныш ұйқыға кетеді...

Біз Атырауға жүретін түн де ғажап болды. Ай сүттей жарық, жұлдыздар жымың қағады. Түнгі салқын ауа тынысыңды кеңейтіп жібергендей рақаттанасың. Ызыңсыз самал желден бе денеміз құс еттеніп, тоңа бастаған соң жылы күрте киіп алдым.

Шешем үйге Медеттің бес-алты досын шақырып қойған. Сосын ауыл поштасын таситын есек арбаны сұрап алып келген. Алты жігіт жан-жағынан қаумалап ақ ісекті әупірімдеп жүріп арбаға азар тиегені сол еді, көк есек басын төмен салған күйі ала жөнелді.

Үйреншікті жолымен стансаға қарай митың қағып салып келеді. Соңында дедектеп біз келеміз. Әшейінде жүрісі өнбейтіндей көрінетін көк есектің жүрдектігіне іштей таңғалдым.

Абырой болғанда пойыз бірінші жолда тұр екен. Алайда есігі жерден әжептәуір биік. Соны білгендей жігіттер бірнеше тақтай ала шыққан екен, соларды есікке қатар тізе қойып, ақ ісекті тиеуге кірісті. Біреуі ақ ісектің бас жібінен тартты да, қалғаны артынан итеріп, көп қиналмай вагонның ішіне кіргізіп, бас жібін вагонның қабырғасындағы белтемірге мықтап байлап, алдына үш-төрт құшақ шөп салды. Ауаны жаңа шабылған жусан мен ақселеудің, көкпектің хош иісі алып кетті. Бір бак суды әрірек қойды. Сосын мені қолтығымнан көтеріп, вагонның ішіне дік еткізіп кіргізе салды. Анам шай құйылған термос пен жолға деп салған тамақтарын беріп жатып:

– Қарғам, жолда абай бол, – деп көзі жасаурай маған тілегін айтып жатыр.

– Шамаң келсе ұйықтамауға тырыс, – деді әкем жөткірініп. – Сенің ұйқың қатты, ештеңені естімей, сезбей қаласың.

Пойыз бір шыңғырды да, вагондары салдыр-гүлдір етіп жылжи жөнелді. Оқыс қозғалған пойыздан ақ ісек құлап қала жаздап теңселе берді де, тұрған жерінде жата кетіп, шөпті қарбытып жей бастады. Мен су құйылған бакты қабырғаға тіреп тастап, отыратын жерімді реттедім. Алдымен шөп төсеп үстіне күртешемді жайып, жайғастым.

Вагонның іші қапырық екен. Абажадай кең вагонның бұрыш-бұрышы қап-қара болып үңірейіп үрей шақырады. Түнде осындай бос қуыстарға жын-шайтан жиналып, адам баласының есін ауыстыратын әрекеттер жасайды деген әңгімені достарымнан талай естігем. Денем түршігіп, үрейлене бастадым. Ақ ісек жатып алып шөпті күйсеуде.

Пойыздың доңғалақтары шойын жолды дүрс-дүрс соғып түн қараңғысына сүңгіп заулап барады. Вагон сақыр-сұқыр, салдыр-салдыр етіп өзінше ән салады.

О, құдайдың құдіреті кенет құлағыма таныс-бейтаныс дауыстар естілгендей, біреулердің сұлбасы елестегендей болды. Иә, иә дәл солай вагонның үңірейген бұрышынан маған таныс адамның нұрлы жүзі көрінеді, қасы-көзі қиылған, қияқ мұртты, дөңгелек құндыз бөрікті сұлу адам Сәкен Сейфуллиннің өзі. Қолындағы домбырасын асықпай шертіп, «мен келем тау ішінде» деп ән салады. Дауысы қандай қою, қандай әсем. Тура азап вагонында келе жатқандай. Екінші бұрыштан тағы бір таныс адамның бейнесі елестеді. Ол қоңыр дауысымен «Мен жастарға сенемін!» – деп өлең оқып тұр. Үшінші адам көзіндегі көзілдірігін түзеп: «Жайықтың бойы майлы қиян», – деп жыр оқи жөнелді, ол Халел Досмұхамбетовтың өзі. Мен қорқуды қойып ауызымды ашып қараңғы бұрышқа еміне түсемін.

Пойыз жүріп келе жатқан екпінін тежеп, салдыр-гүлдір етіп, кілт тоқтады да, маған көрінген елестер көзден ғайып болды.

Біраздан соң тық-тық еткен дыбыс естілді. Мен түсіне қойдым, кезекті стансаға тоқтаған екенбіз станса жұмысшылары қолында балғасымен осылай тық-тық етіп ұру арқылы вагонның дөңгелектерін тексереді.

Кенет тысыр-тысыр дыбыс шықты да қолында шамы бар біреу вагонға асыла қарап тұрды. Мен шошып кетіп атып тұрып, қолымдағы фонарды есікке асылып тұрған адамға түсірдім, ол селдір сақалды, көзі бақырайған қап-қара біреу екен. Таныдым. Біздің үйге анамның қолынан шай ішемін деп келіп жүретін көп нағашының бірі.

– Әй, әкет әрі шамыңды, – деді ол көзін қолымен көлегейлеп тұрып. – Қайдан келе жатқан адамсың?

– Мұқырдан, – дедім мен дауысымды көтере сөйлеп.

– Уә, түнделетіп пойызға тығылғаныңа жол болсын? – деді ол мырс ете күліп, енді қолындағы шамды менің бетіме түсіріп.

– Мен тығылып отырған жоқпын, жолаушылап барамын.

– Ой, шіркін-ай, жол болсын онда, қайда барасың сонда?

– Атырауға.

– Әй, шұбырып жатқан жолаушылар пойызына мінбей, тауарлыққа жабысқаның қалай, әлде әкең тас сараң ба?

– Қалаға мал апара жатырмын.

– Недейт! – деп ол фонарымен бос вагонды шарлап қарай бастады, – Мәссаған, мына жардай қошқарды апара жатырсың ба сонда?

– Қошқар емес, ісек.

– Мейлі ғой, әй, Мұқырда кімнің баласысың?

– Әбеннің!

– Мәссаған безгелдек! Өзімнің Таңсұлу апамның баласы екенсің ғой, жақында үлкен қызы оқуға түсті деп еді, түсінікті... Мына ісектің қайда бара жатқаны белгілі болды, – деп селдір сақалын қасып-қасып қойды. – Әй, жиен Әбеңнің тілінің қотыры бар, тілі мен жағына сүйенген баласы бар деуші еді, сол қу сен шығарсың?

– Болсақ, болармыз.

– Ендеше, мықты екеніңді айта жүрейін маған бірдеңе деші. 

Өзі сұранып тұрған соң несін аяймын.

– Әй, аттың к-нің көлеңкесі құсамай, кетші әрмен, әкеңді, – дедім дауысымды қатайтып.

– Мынау қайтеді ей! Болды, болды! Қой енді, – деп селдір сақал кеңк-кеңк күлді. – Шырағым, жиен әзіліңе ризамын, ал енді жолың болсын. Қазір Жамансорға бір тоқтайды, ол жерде қауіп жоқ. Ал енді бар ма Мақат пен Доссорда түн жамылған ұры-қары көп, сақ бол, ісегіңнен айырылып қалып жүрме. Біреу-міреу есіктен қараса әй-шәйға келтірмей қақ маңдайдан бір сал, жарай ма? – деп селдір сақал вагоннан секіріп түсіп қалды.

Пойыз бір кісінеп алды да қайта қозғалды.

Дөңгелек дүрс-дүрс. Жаңағы нағашым не деп кетті өзі деп, ойланып отырмын. Мақат пен Доссорда сақ бол дейді. Сонда мен не істеуім керек. Көз алдыма әртүрлі жағдайды елестетемін.

Вагонға түрлерінен адам шошитын еңгезердей төрт еркек кіріп келген екен деймін. Маған жақындап қалған бұжыр қараны қақ маңдайдан бір періп сұлатып түсірдім, екінші ұмтылған ұзын сарыны іштен соғып, тоңқалаң асырдым, үшінші тәпелтек біреуін аяғынан ұрып қан қақсаттым, төртіншісі маған батпай тұра қашты... Мен ана үшеуіне: «Жандарың барында қараларыңды батырыңдар!» – деп айқайлап қолымдағы таяғымды көтеремін. Олар «болды ағатай, болды, кешір ағатай, кешір», – деп бірін-бірі сүйрелеген күйі вагоннан сыпырылып түсіп қалады. Мен пойыз жүріп келе жатқанда осылай өзіме өзім риза болып масаттанып отырамын. Ал пойыз салдыр-гүлдір етіп тоқтай қалғанда, жүрегім дүрс-дүрс соғып, вагонның үңірейіп тұрған есігіне үреймен қараймын. Пойыз қайта қозғалғанда «Уһ» деп демімді аламын да, қолымдағы таяққа, сосын шілмиген екі білегіме кезек қараймын. Менің білектерімнен әлдеқайда жуан, әлдеқайда салмақты таяғымды қысып-қысып қоямын.

Кенет «Осы мен мына ақ ісекті қайда алып келемін?» – деп өз ойымнан өзім шошып, арқам терлеп кетті. Бұған дейін қалайша ойыма келмеген, мен мұны әлдекімге сойып алу үшін алып келе жатыр екенмін ғой. Мен сонда өзім бағып-қағып өсірген ақ ісегімді ажал аузына өз қолыммен апарып бермекпін бе?! Тамағыма өксік тығылып, жылағым келіп кетті. Адамдар сонда төрт түлік малды тек тесік тамағы үшін ғана бағып-қаға ма? Онда неге біздің аталарымыз «малды берсең қойды бер, ұлды берсең ойлы бер...», – деп толғанған. Әлде табиғаттың өзі адамды әлемнің иесі етіп, ойына келгенді жасау үшін, тесік тамағының қамы мен өзі бағып-қағып өсірген малын құрбандыққа шалуға міндетті ме? Білмеймін, осылайша ойға шомғанда, шақшадай басым шарадай болып, өз өзімнен құлази бердім.

Сол сәт ақ ісегім тұяқтарын тасұр-тұсыр еткізіп орынынан тұрды да сарылдатып ұзақ сиді, содан соң тырсылдатып, құмалақ тастады. Тымырсық вагонның ішін зәр мен нәжістің өткір иісі алып кетті де, көзімді қарып, ашытты. Мен есімді жиғандай болдым. Ақ ісек күйіс қайырып тұрып, сәл ығысты да қайтадан гүрс етіп көлбей жата кетті. Қаперсізін-ай жарықтықтың, деп ойладым мен бірте-бірте сабама түсіп.

Ұйықтап кеткен екенмін пойыздың гүрс етіп сілкініп, салдыр-гүлдір етіп тоқтағанынан оянып кеттім.

Таң атып қалыпты. Вагонның есігінен жаңа көтерілген күннің нәзік сәулесі сығалайды. Тамыздың таңғы самалы сезіледі. Біз көп жүк вагондарының арасына келіп тоқтаппыз. Біраздасын теміржолдың өзіме таныс қара май иісі мұрыныма келді. Аулақта әлдекімдердің қауқылдаса сөйлескені естіледі, сірә теміржолшылар шығар.

– Сақ болыңыздар, алтыншы жолдан жүк вагондары тұйыққа жөнелтілгелі тұр. Сақ болыңыздар – деген марғау, шаршаңқы әйел дауысы естілісімен, біздің вагон солқ ете қозғалып, зырғи жөнелді. Мен қолыма бір топ жусанды алып, ақ ісектің құмалақтарын сыпырып, есіктен асырып тастадым. Мүлгіген тыныштықты «Мына вагон шығар», – деген сыңғырлаған анық дауыс бұзды. Маған таныс туған апайымның дауысы. Қуанып кеттім. Шапшаң ұмтылып, есіктен қарасам, бір топ жігітпен бірге бізге беттеп келе жатқан Ұлдай әпкемді танымай қалдым. Ол осыдан екі ай бұрын, ауылдан оқуға түсуге аттанғанда, екі айырып өрген қос бұрымына ақ бантик таққан, көгілдір көйлегінің екі иіні түсіңкіреген кәдімгі ауылдың қара домалақ талдырмаш бойлы жасөспірім қызы болатын. Енді міне, үстінде қызыл гүлді шәйі көйлек, аяғында биік өкше туфли, тоқпақтай бұрымын алдына, оң иығына жіберіп, аққұба жүзі нұрланып, тостағандай көзі күлімдеп, маңдайы жарқырап түп-түзу аяқтарымен бұрала басып, қасындағы жігіттерді құрақ ұштырып бір сұлу келеді. Кешегі әдемі жүзін күн тотықтырған ұяң әпкетайым қалай ғана өзгеріп кеткен?

Ол жақындай бере:

– Сәлем Мекөш, аман-есен жеттіңдер ме? – деді жарқылдай күліп. Мен әлгі әсерден арыла алмай, басымды изедім.

– Бала, қой қайда? – деді жігіттердің біреуі вагонның тепкішіне аяғын салып жатып.

– Бар ғой, – дедім мен немқұрайлы.

Жаңағы жігіт вагон ішіне үңіліп, бүйірін соғып ырсылдап жатқан ақ ісекті көріп:

– Мәссаған, жігіттер мынау қой емес қабан ғой, – деп таңғала айқайлап жіберді. Қалған жігіттер де вагонның есігіне асылып, таң-тамаша болып, қауқылдасып жатыр.

Ұлдайға еріп келгендер шетінен ілмиген біреулер екен.

Ақ ісекті вагоннан әзер түсіріп алды. «Туғалы мал көрмеген тік бақайлар-ау», – деп ойладым. «Енді қайтеміз?» – деп қауқылдасып олар тұр.

– Мә, мынаны мойынына байлаңдар, – деп қолымдағы бас жіпті лақтырдым.

Ішіндегі пысықтау біреуі ақ ісектің мойынына жіпті байлап жатыр.

– Ал, біз кеттік, Ұлдай, түс қайта универде кездесерміз, мына қойды, тезірек иесіне жеткізейік, – деді манағы пысықтауы жіпті қолына алып. «Иесіне?!» Жүрегім солқ ете қалды. Осымен ақ ісектен айырылғаным ба? Көзіме жас үйірілді. Ақ ісек ештеңе түсінбегендей маңқиып маған қарайды.

– Қане жүре ғой, – деп манағы жігіт жіпті тартып еді, ақ ісек басын кекшитіп орнынан тапжылмады.

– Әй неғып тұрсыңдар селтиіп, айдаңдар мынаны, – деді жіпті тартып тұрған жігіт. Қалғандары «Тшеу», «Тшеу» деп ақ ісекті арқасынан түрткілеп, қолдарымен итеріп әуре. Енді біреуі «қап мынаны-ай» деп басы біздей туфлиімен ақ ісектің құйрығынан теуіп жіберді.

– Тарт аяғыңды, малды тебе ме екен! – деп айқайлап жібердім.

– Әй, мынауың қайтеді-ей, – деп жаңағы үрпек бас маған едірейе қарады – жүрмесе теппегенде қайтейін.

– Қазақ малды теппейді, киесі ұрады – деп байсалды жауап беріп едім, жігіттер ыңғайсызданып бір-біріне қарады. Жалма-жан қалтамнан екі түйір қант шығарып, – мә, мынаны тұмсығына жақындатсаң өзі жүреді, – деп қантты манағы жігітке ұсындым.

Шынында да қантты көрген ақ ісек бір мекіреніп алып, алға ұмтыла берді. Мен жаққа қараған да жоқ.

«Қайран ақ-адал малым-ай, тағы да мен алдадым-ау сені» – деп өксігіме тұншығып соңына қарап қала бердім.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan