Қанипаш Мәдібаева. Боскеуде

Осындағы «замана табы» қолданысы Қанат Тілеуханның шығармашылығы тұрғысында осы бір шағын мақаланы жазуыма түрткі болды. «Жаназа» повесін оқып отырғанымда қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі (бірде роман аталады – Қ.М.), шығармадағы уақыт ойымнан шықпады. 

126

Қанипаш Мәдібаева. Боскеуде - adebiportal.kz

Жаратылысынан жазушы болып келген, жазу өнерінің алдынан көлденең өтпеген Жұмабай Шаштайұлы ағалық пейілі асып-төгіліп тұрса да Қанат Тілеуханның «Қараштың әңгімелері» кітабына артық сөз қоспай, алдаусыратпай, төрт аяғы тең, сыйымды Алғысөз – ақ тілек жазыпты.

Жұмабай достың ойы мен сөзі бірбүтін түсетін бөлек стилі... көзі жоқ болса да ендігіде сөзінен көрініп тұратын тұлабой бар болмысы...

Осы шағын тілек сөз, арнау жанрының бір түрі бәлкім, дүние сөз өнерінің тәжірибе, тарихындағы классикалық деп бөлінетін сападан.

«Қанат классиканы тереңдей оқып, өнер эстетикасына қаныға бастағанын әңгіме арасында айтуға әуес. Бұл – жауапкершіліктің алғышарты. Енді еңбек етудің мехнатты кезегі тұр. Несі бар, адам баласының қолынан аңдасаң не келмейді. Шеберлікке жету әйтсе де бұйыра ма, жоқ, қарабайыр ой ағынынан арылу қиын ба, бәрін уақыт патша көрсетеді. Қанат жаратылысы жөнінен жазушыға тән төзімді. Эпикалық тынысы да сезіледі. Шығармашылық лабораторияны Мұхтар Мағауин сияқты тану арқылы өмірлік мақсатқа пайдалана алса, біраз іс тындыратыны сөзсіз. Шығармашылық қысымнан бүлінбей аман-есен өтудің мәнақасы да жетерлік. Ізденістің азабын тәрк қып жеңілдікке ұмтылса – көптің бірінен еш айырмасы болмай қалады. Қанат бұл жағынан есейген қалпында түскендей. Соңғы жазған хикаятындағы желілік тұтастыққа селкеу түссе де, әлгі шынайылығы табиғи сақталған» (Тілеухан Қанат. Қараштың әңгімелері: Повесть және әңгімелер. Тілеухан Қ. – Алматы: «Баянжүрек», 2017. 120 б.) (аталған жинақ, 3-б.).

Жұмабай Шаштайұлы Қанат Тілеуханның осы кітабындағы «Қайтқан қыз» әңгімесіне ерекше ілтипат білдірген. «Қайтқан қыз» әңгімесі шынайылығы жөнінен қазақта Бейімбет Майлин, орыста Василий Шукшиннен кем соға қоймайды. Өмірді көру мен қайшылықты жеткізу жөнінен замана табы анық сезіледі. Шынайылық деген кейде өмірлік факторлардың күтпеген шешімі арқылы көрініс табатынының белгісі осы қаламгер қолтаңбасынан анық аңғарылады» (аталған жинақ, 3-б.).

Осындағы «замана табы» қолданысы Қанат Тілеуханның шығармашылығы тұрғысында осы бір шағын мақаланы жазуыма түрткі болды. «Жаназа» повесін оқып отырғанымда қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі (бірде роман аталады – Қ.М.), шығармадағы уақыт ойымнан шықпады. 

Екі жазушының шығармаларындағы кеңістік ортақ, уақыт алшақ.

Нақтылы бір географиялық аумаққа байланған «заман табы» аспан мен жердей әрі тұтас, әрі жетіп болмайтын шалғай. 

Айналасы 50-60 жыл, ілгерідегі идеология сайранын былай қоя тұрғанда, бір судың жағасында, бір таудың етегінде өрбіп өскен жұртты адам танымастай басқа сапаға алмастырған. Небір қаттыны көргенде ішкі мығым генефонды жоғалмаған елдің ендігі адамдары немене болып кетті?! Тек тамақ ішу, бірін-бірі қажау; далпылдап, арзанқол сый-сыяпатқа, ас, тойдың дастарқанынан талап алған «сарқытқа» толы әлем-жәлем пакет көтеріп дүниені тоқтамай кезу, не болса соны сөз ету, жаппай баюды көксеп жасамаған дәнеңесі қалмай дүбіліп жүру.

Қанат Тілеуханның «Жаназа» повесіндегі жұрттың ілуде бірі болмаса, барлығы біртүрлі осындай. Бұл адамдар бір аумақта ғана тұрмайды ендігіде, біріне бірі айна-қатесіз ұқсас таныс-бейтаныстар. Ішінде өзіміз бармыз. 

Қанат Тілеуханның жазушы ағасы Жұмабай Шаштайұлы «Қайтқан қызды» алабөтен атапты. Енді оқимын. 

Әзірге әңгіме «Жаназа» повесі бойынша. Шығарма атауы – адам пенде басына түскенде болмаса, былайшаңда көп айтпайтын сөз ғой. Жаназа. Тылсым құпия тасасында тұрады. Әкесі қайтыс болған жас адам.

Әжесі айтатын: «Өлген адамнан кеселді жан баласы болмайды», - деп. Қазаның артын күту. Ауыр. Бірақ Қарашқа да солай сезілген сияқты, ендігінің адамы – барлығына еті үйреніп кеткен жартылай «жасанды» адам.

Қастерлі дүние, шынайы күйлер тереңін қозғамайтындай. Әйтеуір бір шарттылық бар, барлық әрекетте. Жазушы Қанат осыны айтуды көксейді. Лев Толстойдың «Все счастливые семьи похожи друг на друга, каждая несчастливая семья несчастлива по-своему» дегенін шығарма эпиграфы етіп алғанымен де, Ремарктің «Мы в нашей семье не были особенно нежны друг с другом, – это не принято у бедняков...» деп айтатынын қосып, эпиграфта жеке отбасылық күйлерге екпін түсіруді көздегендей болғанымен де, мәселе зор әлеуметтік жағдайлардан. Жазушы жекелеп отырып жалпыны айтудың қылкөпір қиынын, шеберлік тосқауылдарын еңсерген. 

Бір үйлі жанның көксегені, қастерлісі, жан алаңы, жабыққаны, ұмтылған үміті «Жабайы алмада» «замана табында» жай табатын. Сенгенбіз. Сезінгенбіз. Егілгенбіз. Үміт жалғағанбыз. Бейтарап қалдырмаған. Қалдырмайтын қуатпен Сайын Мұратбеков жазған. 

Қанат Тілеухан осызаманғы адамды аса іштартпайды. Алдаусыратып әспеттеп әлек болмайды. Қазіргі ілуде бір «таңдаулы» құлдары болмаса, тоқсаныншы жылдарда бағыты бұрылған, сапасы бүліне бастаған жаппай бір жаңа өмір салтын қалпынша көркемдік шегарасынан өткізу мұратына белгілібір деңгейде жеткен. Ажырасу екінің бірінің дағдылы шешіміне ойысты. Түптеп келгенде киеліні жүрекке сіңіру, кеселден қашық болу тыйымы ендігі қазақтың қыз-жігітіне талайдан бері өтпейді. Өзекті емес.

Некені бұзу заңмен жазаланатын салтын бұзбаған елдер болған. Жасап отыр. Бетімен кеткен бей-берекеттің бәтуасыз, боскеуде, бейдауа өмірі Қанат Тілеуханның «Жаназа» повесінде дәнеңесі қалмай әшкереленеді.

Абыройды айран қылған арақ. Ұл әкені, қыз ананы ғана керек қылмайды емес, жаппай «еркіндік». Ата-ана мәртебесі мүлде болмағандай.

Аш-жалаңаш жүріп жүрек қызуын өшірмеген бұрынғының сарқындысы (Оралхан Бөкей сол заманда қауіп айтып, Сарқынды қарияны кеңістікке шығарып еді – Қ.М.) заты әйел болса да, Қараштың әжесі сынды тақуалар бірен-саран ғана қалған.

Қараштың Әсем атты әпкесі – дәтіміз барып айтсақ, бір мәнде ендігінің типтік бейнесі. 

Аштық, төңкеріс, соғыс, қуғын-сүргінде ибасын сақтаған қазақ әйелі («Жабайы алмадағы» ауыл әйелдерін еске бір алып қоялық – Қ.М.) енді ашынған, таусылған, тұрмыс құра алмай, қилы тұзаққа түскен, өз күнін өзі көрген, үй бетін көрмей ел кезіп, етік сатып кеткен әйел-«бизнесвумендер».

Байғұс ана балаларын бірде аяйды, бірде апарып тастайды.

Қанат Тілеухан шығармасын әлеуметтік нотада ұстағаны үшін «дандайсымайды». 

Жұмабай Шаштайұлы ағасы дөп басып айтқанындай, жазудың өнері, ондағы мехнатты жол Қанаттың таңдауы.

Шығармада дана халықтың жан жайландырар бір ауыз сөзін кіріктіріп отыру тәсілі құрдымға кеткені-ау деп түңілдірген тұстарда құтқарып қалардай дүр сілкіндіреді. «Спасает». 

Бәтуасыздау өмірді «қабылдаған» болып, безірейіп, бетбақтырмай жүретін Әсем дегеніне жеткендей мізбақпайды, жайбарақат. Бір үйлі жан іштен тынады. Негізі, іштен тындыратын гәп бұл отбасында жетіп артылады. Кім кінәлі? Неге? Не істеу керек?

Кетеуі кетіп қалған, қиюы қашқан жадау күнкөріс. «Алыстан кедейліктің алдынан шық» деген Көтеш ақын. Алдынан шығуға жағдайы келмей қалған тарихи сілкіністер қазақты көп шаршатқан. 

90-жылдар есін жуық маңда жия алмастай есеңгіретті. Қаршадай бала тентіреп қалды. Қайда барса, атадан қалған мұрасы жоқ, қазақтың алдынан Қорқыттың көрі шықты.

Үй-жай, жағдайлы тұрмыс, ішер астың молдығы, киер киім – барлығы тапшы болып кеткенде де, тарихи екпінімен қазақ баяғы бақуатты дәуренінде жүргендей болғысы келіп қарызға батып, тыртыңдап той тойлады. Сабылып, жөңкіліп асқа бара жатады, тойдан шықпайды. Тұрмыс тапшылығы қысқан үйден береке қашты. Шортанбай бабаның зар заманын зәрең ұшып еске аласың кейде.

Қанат Тілеухан «Жаназа» повесінде осыны көркем шығарма аясында, характерлер қақтығысы, кейіпкер тілі, ішкі толғаныс, деталь сөйлету, т.б. көркемдік тәсілдерде маңыздайды. Мінсіз шебер деп әсірелемейміз. Бірақ «тосынсыйға» толы өмір картинасы көзтартарлықтай сырлы, бояулы болып шыққанын да қадап айтамыз.

Қанат Тілеухан тоқсаныншы жылдардың жадта қалған қиғаш жолдарын тұтас қамтығандай. Барлығымыз ұялатындай бір сүйкімсіз өмір. Аулақ кетсінші дейтіндей боскеуде күнкөріс. Бұл повесте сыр ашпайтын Қараштың ара-тұра жылт еткен бір жарығы бар. Ананың бәйек жаны бар. Қалғанының барлығы сұрқай. Жұғымсыз қылық. Жұқару. Жүдеу. 

Адам қайтыс болған үйден ас ұрлау деген сұмдық сол тоқсаныншы жылдарда болды. Дастарханды талап салып әкету әлі жалғасуда. Атамыз қазақ ниет туралы айтқан. Ниетіміз бұзылған. Тармыз. Тапшымыз.

Ел күйі, жеке психологиялық қалып, жеңіл мысқыл араластырған қосақабат меңзеу, сипаттаулар қайсыбір тұстарда серпінін босатып алғандай көрінгенімен де жазушы көксеген көркемдіктің түпетегін бекем ұстаған.

Жазушы адам үшін алаңдайды. Елеңдейді. Адам пенденің кез келген шаруасына килігеді. Бей-жай қарап қала алмайды. Повесте ауған тақырыбы және бір ауыртпалықтарда баян тапқан екен. Бұл өзі енді-енді ес жиып келе жатқан елге ашық күнде жай түскен сұмдық болды.

Басынан кешпегені қалмаған халық табыт ашпай жақынын жерлеуге де көнді. Көнбеген, көрмеген несі қалып еді. Бар екен. Нарық келді. Қаныпезер капитализмнің мінезін жұқтырды. Материалдығы бар болсын, бүгін бар, ертең жоқ дүние ғой. 

Ізгілік, игілігінен, жан-жүрегінен айрылды. Осының барлығына қарамастан адам баласының рухани резерві, генетикалық діңі бас көтеріп қалатын тұстар бар. Бұл да біздің өмір туымыз. Жасампаздық коды.

Повестегі ененің келінге кезекті бір «соқтығу» эпизоды есте қалып қойды. Әңгіменің ауаны «келін» сөзінің этимологиясына бұрды. «Келін». Сенімсіздікке шырпы тұтатып тұрған сөз екен. Келген. Келімсек дегендей іштартасың. Бөтен деп бөліп тұрғаны анық. Шығармада кейіпкерді әсіре әспеттеп көтермелеу, керемет жасаудың «ескірген» мұраты тәсіл ретінде «күшін жойған».

Қанаттың айнала жақындары «заман табы» қанша бұрғанымен, жарық дүниенің игілігіне ұмтылып, баянды, маңызды, мазмұнды өмір сүруге жан-тәнімен құштар адамдар. Ауыл өмірінің көп қымбаты, жайсаң кісілер келеңсіз күйлерді баса-көктеп өтіп, жан қуанышына бөлейтінін де ауыз толтырып айту керек.

Сурет сабағынан беретін ағай: «Бағаны саған емес әкеңе қойдым», – дейді Қараштың әкесін, құрдасын құрметтеп.

Ауыл бір замандарда керемет гүлдеп, жасап еді. Герольд Бельгер: «Нет Аула – нет и казаха» деген. Бұдан артық айту қиын сияқты.

Ауыл аман болсын!

Адам сапасы сақталған құт қоныс! 

Қанаттың жеңіл юморы туралы айттық. «Біздің отбасымыз келген қонақтарға альбом көрсету әдеті бар-тын». Ортақ әдет еді.

Қараштың Алдаш ағасы. Өзі бір әлем. Оның қасіретін анасының:

«Соғыс көріп, қаны бұзылып келген» деп, әрбір келеңсіз әрекетін ақтап алуға бейім, қайта-қайта айтылатын араша сөзін жазушы юморға жыққандай етіп жадағайлағанда да кім-кімді де күлкіден гөрі тіксінтіп жеткізеді. Осы бір ауған темасына екпін түсіруінде Қанат Тілеухан қасірет, «заман табын» өзекті әлеуметтік кеңістікке шығарған.

«Тастағы жазу бескүндік жалғанның байламы» сынды тапқыр оралымдар қаламгер Қанат Тілеуханның өзіндік жазу тіліне ден қойғызады. Оқиға, әрекет, жеке бас даралық мінез қалпы, сөйлеу тіліндегі айрықшалықтар шығарманың ішіне қарай тартады. 

Ана байғұстың перзентін періштедей қорғамаған жері бар ма? Қызы Әсемді әпкесі Лекер сөгіп сөйлеген. 

« – Ой, мама, я Асема вообще не пойму. Өткенде маған бір орыспен келді. Аты Коля екен. Екеуі де қызып алған. Үйленеміз деген болатын.

Лекер бауырын жазып, ұзағынан енді сілтемек еді, шешем «е-е-е, баяғыда бір ханның қызы қырық байға тиіп, қырық бірінші рет тұрмыс құрғанда ақылы жер жаһанға тараған ғұламаны дүниеге әкеліпті. Бұның да бағы ашылар» деп әпкемнің сөзін үзіп тастады» (аталған жинақ, 13-б.).

Кейіпкер сөзін, артық-ауысты тұздықтап отырып нәрлендіруге келгенде де кәнігі шебер. Әлгі арашашы ана енді бірде қызына ауыр сөйлейді.

«– Мына қаншық кетсін! – Анам маған жүзін бұрмай, Әсемнен көз алмастан кесіп айтты. Әпкем қайтар емес:

– Кетпеймін. Ал не қыласың? Мен көшіп келдім. Жүктерімді гаражға түсіріп қойғам.

– Сен бұл үйге мың келіп, мың кеттің. Байыңнан ажырасқалы он жыл болды. Осылай көшіп-қонып жүресің бе? Өз жөніңді тап. Тышқанның да өз іні болады. Сен оның қасында адамсың ғой» (сонда, 38-б.).

Әр үйде бар, болып жатқан, болатын гәп. Үлкен балалар – үлкен мәселелер. Қанат Тілеухан кісі болмысының әрі-сәрі қалпын дөп басады. Ұдайы біржақтылық жоқ. Жаратылыстан Жармақ болып туған адам-пенденің қайшылығынан қашқақтамай, келістіріп жазу, бояуы онсыз да қалың өмірге бояу қоспай жазу – өнер. 

Осы бағытта Қанат Тілеухан адамның ұлы жаратылыс сынды тартылған, сарқылған, тебіреніп асып-тасқан шалқар күйін қай қалыпта да бүктемей, бұзбай жазудың шыны өнеріне түптеп бет бұрғанын Жұмабай ағасы «Қайтқан қыз» әңгімесінен танығанындай, «Жаназа» повесінен біз де аңладық.

PS. «Қайтқан қызды» оқыдым. Кейіпкерлерінің жыланбайтыны, күйзелісті қалпында қабылдауы, шешімді, кесімді істері, бауырмалдық, қанның тартып тұратын тылсымын жеткізе алу «айласы» – барлығы Жұмабай досым айтса, айтқандай, тастай екен. Қанаттың басқа шығармалары туралы ғұмыр болса, тағы жазылады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan