Талғат ағаны еске алғанда

Бүгін талантты жазушы Талғат Кеңесбаевтың туған күні. Ортамызда көзі тірі болса, жазушы асқаралы алпыс бес жасын атап өтіп жатқан болар еді. 1961 жылы қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Сарыжал ауылында дүниеге келген жазушының мынау қамшының сабындай бес күндік жалғаннан татар дәмі 2018 жылы 23 қазанда таусылған екен. Талғат ағаның өмірінің соңғы жылдары Астана қаласында өтті. 

Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,

Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін, - 

деген қазақтың Қадыр ақыны өлеңінің осы бір жолдары адам баласын жатсынуды, жатырқауды білмейтін, көңілі Қарт Шыңғыстың баурайындағы дарқан даласындай кең Талғат ағаның көпшіл де бауырмал мінезін дөп сипаттағандай сезіледі. Қазақ әдебиеті мен өнеріне небір алыптарды берген ең бір құнарлы да құйқалы топырақта тумасы Талғат Кеңесбаевтың да жастайынан әдебиетке құмар болып өспеуі мүмкін де емес еді. Мектеп қабырғасында жүрген шағынан-ақ әңгіме жазумен шұғылданған болашақ жазушының есімі оқырман қауымға 1980-жылдардан таныла бастайды. 1988 жылы шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанады.

1992 жылы өңірдің бас қаласы, қазақтың рухани астанасы Семейдегі қазіргі Шәкәрім атындағы университеттің филология факультетін бітіреді. Ол заманда тас жарған таланттар негізінен Алматыдағы әйгілі ҚазМУ-ді бітіргендер арасынан шығады дейтін санаға сіңді ұғым болғандай. Мемлекет қайраткері, журналист, жазушы Бауыржан Омарұлының өмірден ертерек озған тағы бір талантты жазушымыз Талаптан Ахметжанұлының шығармашылығы туралы «Сұлу әлемнің суретшісі» атты эссесінде мынадай жолдар бар: «...Жо-о-оқ, журфактың маңайына жоламағандар да ешкімнен кем қалам сілтемейтін көрінеді. Сол тұста еліміздің шығыс өңірінде туған үш жігіттің шығармашылығы өзіме едәуір әсер етті. Үшеуі де прозаик. Талғат Кеңесбаев, Асқар Алтай, Талаптан Ахметжан... Үшеуі үш түрлі. Мінезі де, мәнері де бөлек. Тумысынан романтик Талғат Кеңесбаев өте ақкөңіл. Қашанда қазақты ғана емес, күллі әлем жұртын аялап отырғаны... Үнемі құрбы-құрдастарына еркелейді де жүреді. Болмашы нәрсеге тез ренжіп қалады. Бірақ кешке дейін кек сақтап, тымырайып жүру әдетінде жоқ. Өз ұстанымы, өз философиясы бар. Өз әлеміне жан баласын жолатпайды. «Француз әтірінің иісі» деген алғашқы кітабы жарыққа шығып, көңіл күйі көтеріңкі жүрген шағы еді.»

Жазушы бір жас ғана айырмашылықтағы замандасының адами қалпы, тырнақалды кітабы жайлы осылай баяндап өтеді. 

Талғат Кеңесбаевтың есімі аталғанда әрдайым осы атауы ерекше «Француз әтірінің иісі» хикаяты ойға оралады. Адам бойындағы ар-ұят, адалдық, сенім, сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттердің ақша, атақ, мансаппен безбенделген кезеңде қаншама тағдырлар осыларға төтеп бере алмай күйрей жеңіліп, іштарлық пен аярлықтың құрбаны болатындығын жазушы мөлдірете суреттеген туынды. Жалпы «Француз әтірінің иісі» немесе «Гауһар», «Ойшоғыр», «Ұлу жылы», «Ақмарқа», «Түнде ұшқан қаршыға» хикаяттары мен «Моцарт» романы, «Лениннің бәтеңкесі», «Мұзайна», «Қанден», «Марафон», «Моншашы, «ұрланған қаздар» және мен» т.б. әңгімелерінің көбіне тән қолтаңба – еркіндік леп болса керек. Талғат Кеңесбаев – кейіпкерді беліглеп берген шеңберден шығандап шығаруға құштарлығы кемшін социалистік реализмнің көбесі сөгілмеген тұсында әдебиетке араласқан буынның өкілі. Солай болса да жазушы кейіпкерлерінің көбі-ақ біздің оқырмандық санамыздағы жағымды-жағымсыздық трафаретке үйлесе бермейтіні аңғарылып тұрады. Жазушы үшін басты ұстаным – кейіпкердің мінсіз тәртібі мен тазалығы емес, ішкі жан-дүниесін, сезім қатпарларын оқырманға сенімді түрде аңдату болса керек. Жазушы туындыларының арқауы – күнделікті өмірдің өзінен ойып алынған оқиғалар мен ортамызда жүрген сан қилы тағдыр иелері. Бұған қарап, жазушының жазғандары жеңіл де жайдақ екен ғой деуге әсте болмайды. Оқырманға ғибратты ой тастаса, эстетикалық әсерге бөлесе – ол сәтті шыққан туынды. Талғат Кеңесбаев прозасы осыған лайық. 

Замананың ащы шындығын, зобалаңды кезеңдердің ауыр салдарын, бүгінгінің адамының болашаққа деген алаңдаушылығын немесе баяндалып отырған оқиғаның түпкі шешімін туынды барысында бір ғана сөйлеммен елеусіз аңдатып өту – Талғат Кеңесбавтың шығармашылық машығына тән.

Қаламгер негізінен өзінің өскен ортасын, өмірін, көрген-түйгендерін шығарма арқауына айналдырады ғой. Өткен өмір жолымен аз-кем таныс жандар жазушының біршама туындыларынан осыны аңдары анық. Яғни әңгімелері мен хикаяттарындағы алаңсыз-бейғам, айтылар сөз келгенде ойындағысын іркіп тұрмайтын турашыл, үлкен мен кішіге қолынан келгенше қолғабыс-көмек қылсам деп алашапқын болып жүрген ақеділ, сабан астынан су жүгіртіп қулық сауған зымияндарға есесі кеткен ақкөйлек ашықауыз кейіпкерлердің іс-әрекетінде өмірдегі жазушының өзі  бар.

Талғат ағаның тағы бір қасиеті – әңгіме-сұхбат барысында да ашықтығы мен еркіндігі дер едік. Кейбір қаламгерлер өзінің таным-білім көкжиегін, нақтылай айтқанда ұлттық фольклор мен отандық әдебиетті немесе әлем әдебиетінен қаншалықты хабардар екендігіне қатысты бүркемелеуге, өзіне ыңғайлы ақпарат арқылы «Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігін» айналып өтуге бейіл тұратыны бар. Бұл – біршама жыл сұхбаттасу барысында ойға түйген жағдай. Осы тұрғыдан келгенде де Талғат аға ерекше жан еді. Барды бар, жоқты жоқ дей отырып, қазігі әдеби үдерістегі, шығармашыл ортадағы өзі бастан кешкен күйініш-сүйініштерді, өкпе-реніштерді қалтарыс-бүкпесіз ақтаратын. Оның дәлелі – жазушының «Әдебиет порталына» берген сұхбаттары. Кей-кейде шығармашылығына қатысты сұрақтарға әдейі қыжырта, қиясбайлата жауап қататыны да жарасып тұрғандай. «Мен Нобель сыйлығын алғаш алатын қазақ жазушысы боламын», «Мен әлі жазушы емеспін» т.б. айтылымдарын осыған жоруға болатындай.

Сұхбат демекші, Талғат ағаның шаңырағына бір топ бауырлармен бірге барып, көлдей дастарқанда әңгіме құруымыз – жазушының әдеби ғұмырындағы соңғы сұхбаты екенін сол сәтте білмеппіз. Атымтай жомарт, күрескер бабасы Ике Әділұлы туралы туындысы «Ұлт болмысы» журналы тағайындаған бас жүлде автокөлікке ие болған, ғұмырының мерейлі күндері еді. «Мейірім, Адам мейірімі. Дүние шуағы бір ауыз сөзден тұрады екен-ау...», деп «Француз әтірінің иісі» туындысында өзі жазғанындай, айналасына мейірім шуағын шашып, бір ауыз жылы сөз арнауды өмірлік мақсұтым деп білген ақпейіл жан, талантты жазушы көп кешікпей өмірден озды. Содан бері де сегіз жылдың жүзі болған екен. Зымыраған уақыт... Қалың елі, қаламдастары, оқырмандары, өзі мүмкіндігінің жеткенінше қамқорлық жасап, қанатының астына алған кезіндегі жас талаптар, бүгінде әдеби ортада өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген бір шоғыр қаламгер бауырлары жазушының есімін ұмытпасы анық. Сол бір шоғыр таланттардың өкілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Арман Шеризаттың Талғат ағасы туралы екі эссесін төменде қоса ұсынып отырмыз.

Ағаның қасқа құлыны

Семейден Қарауылға қарай шыққан жолда, Орда туының бауырында қасқа құлынның мүсіні бар. Сол жолмен әр өткен сайын Талғат аға әлгі мүсінге арнайы аялдайтын. Тіпті жолға шығар алдында-ақ соған дайындалып шығатын. Жақындағанда көлікті тоқтатып, әлгі құлынның өшіп бара жатқан қасқасын алақанымен баяу сипап, қайта жарқыратып қоятын.

- Мынау ескіріп, өшіп барады екен. Бұл – Орағамның «Қасқа құлыны» ғой, - дейтін ерекше тебіреніспен.

Сол сәтте ағаның жүзінен әлдебір сағыныштың табын көретінмін. Қасқа құлынның қасқасы ғана емес, уақыттың өзі өшіре алмайтын бір дәуірдің ізіне қол созып тұрғандай еді.

Талғат аға Оралхан Бөкейді, Олжас Сүлейменовті, Роллан Сейсенбаевты «менің ағаларым» деп айрықша құрметпен атайтын. Әңгіме арасында сол ағаларының адам таңғаларлық мінездерін, өзіне жасаған қамқорлықтарын, айтқан сөздерін еске алып, кейде күліп, кейде күрсініп отыратын. 

Ұстазы Қайым Мұхамедхановты, ағасы Мерғалиды сағынатын. Қарауылға барса, Төлеген ағаға соқпай кетпейтін. Алдынан шығып, аға алдында еркелегенін де көрдім. Үлкеннің алдын көріп, сөзін тыңдап, мейіріміне бөленудің өзін бір ғанибет көретін.

Бір кезде өзі сағынған ағаларының қатарына енді Талғат ағаның өзі де қосылды. Амал не, бүгінде Талғат аға біреуді сағынатын адам емес, өзі елдің жүрегіндегі мәңгілік сағынышқа айналды.

Астанада айтулы ақын Несіпбек ағаның да жан бауыры еді. Екеуінің арасындағы ағалық-інілік, ақындық һәм азаматтық байланысқа куә болған сәттерім бар. Талғат аға қайтқанда Несіпбек ағаның қалай қиналғанын көзіммен көрдім. Жүректегі шерін өлеңге айналдырып, Талғатты жоқтап жыр жазды. Сол кезде мен аға мен інінің арасындағы байланыстың сөзбен айтып жеткізгісіз тереңдігін тағы бір аңғардым.

Талғат ағаның болмысы осындай еді. Ол өзі жақсы көрген адамдарын жай ғана жақсы көрмейтін. Оларды жүрегінің төріне шығаратын. Ағасын аға тұтатын. Ұстазын ұлықтайтын. Қаламдасын қадірлейтін. Жасты бауырына басатын. Мен көрген Талғат ағаның бейнесі жадымда осылай қалды.

Бірақ Талғат ағаның болмысында мені әрдайым ерекше толғандыратын тағы бір қыры бар еді – оның азаматтығы.

Жастық шағында, Олжас ағаның тапсырмасымен Одақтың үлкен жиынында полигон мәселесі талқыланған кез екен. Жиын төрінде елге ешқандай зияны жоқ деген мазмұнда жалған баяндамалар жасалып жатқанда, жас Талғат сахнаға көтеріліп, шындықтың сөзін айтқан.

Абай даласында адамдардың өзіне қол жұмсауы көбейгенін, елдің қасіретін, даладағы киіктердің қырылып жатқанын айтып, дабыл қаққан. Ол кезде мұндай сөздің салмағын бүгінгі өлшеммен бағалау мүмкін емес.

Жас жігіттің үлкен мінберге шығып, дайын қалыпқа сыймайтын шындықты айтуы – бір ауыз сөз емес, азаматтық мінездің көрінісі еді. Ол мінездің өтеуі де жеңіл болмады. Талғат аға сол әрекеті үшін талай қиындық көрді. Тергеу. Қысым. Қауіпсіздік мекемелерінің назары. Әр күннің өз үрейі.

Тіпті сотталып кете жаздаған жерінен Олжас ағаның араша түсіп, алып қалғанын ағаның өз аузынан талай естідім. Сол әңгімені айтқанда Талғат аға ауыр күрсінетін. Күрсінісінің ар жағында сол бір жастық шағы, сол бір арпалыс, сол бір азаматтық таңдау жататын. Бәлкім, Талғат ағаның табиғатын түсіну үшін оның қаламгерлігінен бұрын осы бір оқиғаға қарау керек шығар.

Өйткені шын жазушы көптің айтпағанын айтады. Қорыққан жерде шындықтың жағында қалады. Ал шындықтың жағында қалудың кейде құны тым қымбат болады. Талғат аға сол құнды жас кезінде-ақ төлеген екен.

Сондықтан оның Оралханды «Орағам» деп сағынуы да, Олжасты «Олжас ағам» деп ардақтауы да, Ролланды ағасы санауы да, Қайым ұстазын, Мерғали ағасын аңсауы да тегін емес еді. Өйткені өзі де сол бір үлкен рухани әулеттің, азаматтық мінезі бар қаламгерлердің қатарынан еді.

Енді, міне, Семейден Қарауылға қарай шыққанда Орда туының бауырындағы қасқа құлынның мүсініне қарап, Талғат ағаның аялдайтын жерін іздеймін. Бәлкім, қасқа құлынның өшіп бара жатқан қасқасын қайта жарқырататын біреу табылар. Бірақ ағаның өзі енді қайтып келмейді.

Ал Қарауылға қарай созылған жолда, Орда туының бауырында қасқа құлын үнсіз тұр. 

Ағаның қолын күткендей.

Төртінші ферманың баласы

Жазушы Талғат Кеңесбаевтың өмірден өткеніне биыл сегіз жыл толыпты. Уақыттың өзі кейде адамның қайғысын жеңілдетудің орнына, оны тереңдете түсетіндей. Алғашқы жылдары адамның жоқтығына сенгің келмейді, кейін біртіндеп оның қайтып келмейтінін түсінесің, бірақ содан соң сағыныштың басқа бір кезеңі басталады: адамды жоғалтқаныңды емес, оның өзіңнің өміріңнің бір бөлігіне айналып кеткенін сезіне бастайсың. Талғат ағаны да мен дәл осылай еске аламын. Оны «жазушы еді» деп өткен шақтың өкінішті бір оралымына сыйғызудың өзі маған ауыр. Өйткені ол менің жадымда емес, жүрегімде қалған адам. Ал жүректе қалған адамның ғұмыры өткен шаққа көшпейді екен.

Талғат аға мен үшін қаламгер ғана емес еді. Ол – жастық шағымның бір кезеңіне жарық түсірген, әдебиетке енді ғана бойлай бастаған кезімде өзіме ағалық мейірім көрсеткен, көңіліме медет, жаныма жақын адам болды. Оның маған айтқан бір ауыз сөзі бар еді: «Төртінші ферманың баласы, өзіме тартқан қазанбасым». Қарапайым ғана еркелету сияқты көрінетін осы сөздің өзінде бүгінде мен үшін тұтас бір әлем жатыр. Туған жердің топырағы, ауылдың аңқыған иісі, балалықтың бейқам күні, ағаның әзілінің ар жағындағы мейірімі – бәрі сол бір ауыз сөзге сыйып кеткендей.

Талғат аға қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Саржал ауылында туған. Мен Саржалдан қырық шақырымдай жердегі Медеуде өстім. Бір кездері Медеу Саржалдың төртінші фермасы болған екен. Ол мені жай ғана Медеуден келген бала деп қабылдаған жоқ, өз ауылының бір қиырынан, өз топырағының табан ізі қалған жерден жеткен бала деп білді. Бүгінде «төртінші ферманың баласы» деген сөзді естігенде, мен ең алдымен өзімді емес, Медеудің боз жусанын, Саржалдың самалын, ауылдың кең тынысын, алыста қалған балалық шағымды көремін. Ағаның сол бір еркелетуі маған туған жерден жеткен аманат сияқты.

Талғат аға қандай кең адам еді десеңізші. Оның кеңдігі сөзінің көптігінде емес, жүрегінің адамға орын таба білетін қасиетінде болатын. Бір көрген жанын жатсынбайтын, көңіліне кірген адамын жүрегінің төріне шығаратын, ешкімді өзінен төмен қоймай, әр адамның жақсы қасиетін тауып сөйлейтін ерекше жұмсақ мінезі бар еді. Оның қасында отырған кезде өзіңді әлдебір үлкен үйдің, үлкен әулеттің ерке баласындай сезінетінсің. Әсіресе ақын-жазушы жастарға деген ықыласы бөлек болатын. «Ақын бауырларым», «бөлтіріктерім» деп еркелететін. Бұл сөздер сырттай қарағанда әзіл сияқты болғанымен, оның айтылу мәнерінен шынайы ағалықтың табы сезілетін. Біз оның жанында әлі қанаты қатпаған жас едік, ал ол бізге сырттай бақылап, алыстан жөн сілтейтін үлкен емес, жанына жинап алып, талабымызға қуанып, қателессек түзеп, көңіліміз түссе демеп жіберуге дайын тұратын аға еді.

Оның жазушылық болмысы да адамдық табиғатымен үндес болатын. Музыкасын қосып қойып, шығармаларын диктовкамен жазатын. Әңгіме жазып отырғанын алғаш көргенім әлі есімде. Маған ол кезде прозаның өзі музыкаға жақын дүние екені анық сезілгендей болды. Ол сөзді ұзақ іздеп, сөйлемді қиналып құрап отырған адамға ұқсамайтын, керісінше, көптен бері көкірегінде жиналып, өз уақытын күтіп тұрған бір әуенді сыртқа шығарып отырғандай әсер қалдыратын. Оның шығармалары қағазға түспей тұрып-ақ ұзақ уақыт бойы ішкі дүниесінде сапар шегетін. Әуелі жүрегінде туып, санасында пісіп, көңілінде толғатып, содан кейін ғана сөзге айналатын. Бір сәтте сол ішкі арнасы тасып, сөздің тиегі ағытылғанда, диктовкаға көшетін де, сөйлемдер бірінің соңынан бірі өздігінен туып жатқандай, бір деммен төгілетін. Құдды көкіректің тереңінде көптен бері буылып жатқан бұлақтың көзі ашылып, су өз арнасын өзі тауып кеткендей еді. Бірақ алғашқы шабыттың екпінімен жазылған дүниені сол күйінде қалдырмайтын. Көңілдің ыстығы басылып, алғашқы толқынның екпіні қайтқан соң қайта оралып, жазғанын қайта оқып, артық сөзін алып, орны толмаған тұсын толықтырып, сөйлемнің салмағын қайта таразылап, содан кейін ғана басылымға жолдайтын. Бұл  оның сөзге деген талғамын ғана емес, жазушы ретінде өз сөзіне артқан жауапкершілігін де көрсететін.

Семейдің қақ ортасындағы Шәкәрім көшесінде үш бөлмелі үйі болды. «Бұл үйді Олжас Сүлейменов сыйлаған» деп отыратын. Үйдің өзінде де бір дәуірдің табы бар сияқты еді. Балалары өсіп, қызметке орналасып, Астанаға көшетін болып шешім қабылдағанда, аға сол үйдің кілтін маған ұстатты. Мен ол кезде бірінші курстың студентімін. Жастық шақта адам кейбір күндердің кейін өміріндегі ең қымбат естелікке айналарын білмейді екен. Сол үйде ақын досым Бауыржан Игілік екеуміз үш-төрт ай тұрдық. Арман көп, қалта жұқа, ал көңілде әдебиетке деген шексіз құштарлық бар. Сол үй бірте-бірте біздің Семейдегі шығармашылық мекенімізге айналды. Бір бөлмесінде кітап, екінші бөлмесінде өлең, үшінші бөлмесінде арманымыз айтылатын. Түннің бір уағына дейін әдебиет туралы сөйлесіп, өлең оқып, болашақ туралы қиялдайтынбыз. Қазір ойласам, біз ол үйде жай ғана тұрған жоқпыз, өзіміздің жастық шағымыздың ең бір аяулы тарауын жазыппыз. Ал сол тараудың есігін бізге ашқан адам  Талғат аға еді.

Көшетін күні аға бізді шақырып алды. Жинаған кітаптарының арасынан өзіне керегін ғана алып қалып, қалғанын Бауыржан екеумізге қақ бөліп берді. Кітаптарын қимай тұрғанын сездім. Әр кітаптың өзімен бірге бір естелігі болады ғой. Өзінде қалдыруға болатын дүниені бізге беруі  бізді оқырман ретінде ғана емес, өзінен кейінгі бір буын ретінде қабылдағанының белгісі еді.

«Жақсының жаттығы жоқ» дейді қазақ. Талғат аға осы сөздің адам кейпіне енгендей еді. Оның бауыры болған жалғыз мен емес едім. Қазақтың талай талантты жасы ағаның ағалығын көрді, ақ көңілін сезді. Қалам ұстаған жастардың бірін «бауырым», бірін «бөлтірігім» деп жүрегіне жақын тартты. Өзінен кейінгі буынға сырттай қарап тұрған жоқ, солардың ортасында жүрді. Жастың қуанышын өз қуанышындай көрді, талабына қуанды, қанатының қатуына тілекші болды. Кейде адамның үлкендігі өзінің қанша кітап жазғанымен ғана өлшенбейді, өзінен кейін қанша адамның жүрегіне жылу қалдырғанымен өлшенеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Талғат ағаның ғұмыры бір адамның ғұмыры ғана емес. Оның жүрегінен өткен жастардың, өзіне бауыр санаған талай қаламгердің тағдырына сәуле болып түскен бір шуақты кезең сияқты. Біріне сөзімен демеу болды, біріне үйінің есігін ашты, біріне кітабын берді, бірінің талабын байқап, көңілін көтерді. Осындай қарапайым көрінетін жақсылықтардың бәрі уақыт өте келе адамның үлкен қазынасына айналады екен.

Сондықтан мен Талғат ағаны бүгін тек өмірден өткен жазушы ретінде еске алғым келмейді. Ол менің жадымда музыкасын қосып қойып, шығармасын диктовкамен төгілтіп отырған қалпында; жас ақындарды жанына жинап алып, «бауырларым», «бөлтіріктерім» деп еркелетіп отырған қалпында; кітаптарын қимай тұрып, бізге бөліп берген кең жүректі қалпында; Семейдің Шәкәрім көшесіндегі үш бөлмелі үйінің кілтін жас студенттің қолына ұстатқан қалпында қалды. 

Ал қасқа құлын ше?

Ол да әлі жоғалған жоқ.

Ол Қарауылға қарай созылған жолдың бір қиырында, Орда туының бауырында үнсіз тұрғандай. Бәлкім, бір кезде өзі алаңдап қараған сол қасқа құлын бүгін өзін күтіп тұрған шығар. Немесе бізге сізді ұмытпау керегін еске салып тұрған шығар.

Адамның артында кейде кітабы қалады, кейде сөзі қалады, кейде ісі қалады.

Ал кейбір адамдардың артында  сағынышы қалады.

Талғат аға, сіз сондай адамсыз.

Ал мен сол сағынышты жүрегінде сақтап жүрген төртінші ферманың баласымын.

Арман ШЕРИЗАТ

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Талғат ағаны еске алғанда - adebiportal.kz

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan