– Шархан аға, сіз Қазақстандағы танымал публицист екеніңізді жақсы білеміз. Бірақ бұған дейін ешқандай сыйлыққа да, атаққа да қызықпаған сіздің елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Меценат.кз» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атанғаныңыз айды аспанға шығарғанмен бірдей болды. Бұл сөзімізді жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанованың фейсбуктегі өз парақшасында қалдырған пікірі де растайды: «Күлпет» романы қазақ қоғамында айтулы оқиғалардың бірегейі болғаны рас. Ешкімді қайталамайды, ой ұрлығы да, сюжет ұрлығы да жоқ, жанын жеген кейіпкер арпалысы бар. Ол арпалыс күйзеліске емес, еркіндікке, адам жанының азаттығына ұмтылдырады». Сондықтан да ең алдымен роман жанрына қалай келгеніңізді айтсаңыз?
– Жазушы болуды соншалықты армандаған емеспін. Дегенмен, кейде жағдай бізден күштірек болады: пандемия кезінде уақытты өлтірмеу үшін роман жазуға бекіндім. Кез келген пенде құдайдың қалаған күні көрмеген көшесіне кетеді. Тіршілікте елдің есінде қалатындай іс тындырып кеткенге не жетсін?! Оның үстіне, мына қу тіршіліктің тәттісін де, ащысын да бір адамдай таттық. Өмірлік тәжірибе жинадық. Платонның сөзі бар: «Көрген-білгенін айтпаса, аға – кінәлі». Сол өмірден жиған-тергенді көркем шығарма арқылы жеткізгім келді. Бойда қуат бар кезде.
Бәріне белгілі, 60 жасқа дейін адам миының екі жарты шары алма-кезек жұмыс істейді. Ал алпыстан кейін екі жарты шары да іске қосылады. Қазақ қашан қалт айтқан: «Алпысқа келгеннен ақыл сұра». Дей тұра, мынадай да тәмсіл бар: «Қарттықпен бірге даналық кіреді, бірақ кейде қарттық жалғыз өзі келеді». Сондықтан да дәл осы кезде адам ой еңбегімен көбірек айналысуы шарт. Және оны тоқтатуға болмайды. Әйтпесе, нейрондардың байланысы үзіліп, адам тез қартая бастайды. Қартайған соң өзі қызық та қалмайды. Жалпы, адамға пайдаң тимесе, өмір сүрудің де мәні кете бастайды. Сондықтан да «Күлпет» дүниеге келмесе, қатты өкінер едім. Құдайға шүкір, абыроймен жазып шыққаныма қуанамын.
Әрине, роман жазу идеясы бір күнде келе қалған жоқ. Дегенмен, осал жазушы болғым келмеді. Сондықтан да көркем әдебиетпен айналысуға асықпадым. Жалпы бұл роман сексен жылдық тарихты қамтиды. Үш ұрпақтың өмірі ғой. Бірақ мұны толық жазып шықсаң, қазір оны он адамның өзі оқып шығуы – қиял-ғажайып ертегі. Біздің қазір кітап оқылмайды деуіміздің сыры да осы жерде жатыр. Әрине, көркем әдебиеттің формасы қазір ескірді. Біздің әдебиетімізге трансформация керек деп ойлаймын.
Сондықтан да «Күлпет» романын тек «Публицистика-Көркем әдебиет-Философия» симбиозы арқылы халықаралық форматта жазып шығу керектігін түсіндім. Бірақ романның аты – роман, бәрібір оның канондарын сақтау керек. Соған сәйкес публицистиканы сөз өнеріне жақындатуды, көркем әдебиетті сөз бен ойдың гармониясына ұштастыруды, ғылыми философияны дала философиясына бейімдеуді ең алдымен ойладым. Онсыз өзімнің роман жанрындағы талпынысымның күлі көкке ұшатынын сездім. Дегенмен, әлгі симбиоздың арқасында романды көркемдік және мазмұндық деңгейде алып шықтым деп батыл айта аламын. Әрине, тың талпынысты біреулер дұрыс қабылдауы мүмкін, біреулер жатсынуы мүмкін. Маған мұның бәрі маңызды емес. Өз ойымды жүзеге асырғаным маңыздырақ.
Бүгінгі таңда біздің елімізде ақылды адамдардың шетелге ағылу тенденциясы өте қатты байқалып отыр. Бұл – жалпы біздің мемлекет болып өркендеуімізге кедергі келтіретін үрдіс. Иә, мен түсінемін, әділетсіздіктерге құрылған елде мұндай жағдай орын алмауы мүмкін емес. Алайда, жазушының міндеті – сол шетелге кеткен ақылды қазақтардың туған жердің гравитациялық күшінің құдіретін күндердің күнінде түсінетінінен хабар беру, ең аяғы бөтен елден қайтпайтын болған жағдайдың өзінде қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға үндеу. Идентификацияның түпкі мәні осында.
Романның бас кейіпкері Әбужан Райыс – өмірде болмаған адам. Мен оны адамзат алдындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеу барысында ойдан сомдадым. Әрине, оны типтік образға айналдыру жолында көптеген адамның бойында кездесетін қасиеттер жинақталды. Романның фабуласын аш ішектей созып, айтып отырғым келмейді. Ең бастысы, романның композициясы, стилі мен тілі арқылы өз оқырманымды табатыныма күмән келтірмеймін.
– «Күлпетті» жазу үстінде не нәрсеге ерекше көңіл бөлдіңіз?
– Романда жаңаша стильге, қазіргі заманғы тақырыпты меңгеруге, тіл революциясы мен эволюциясына ерекше мән бердім. Өзім соншалықты бір пассеист болмасам да қазақтың көнеріп бара жатқан сөз тіркестерін кеңінен пайдалануға көп көңіл бөлдім. Бірақ бұл жағынан да өте сақ болғанымды жасырмаймын. Өйткені заман ағымына қарай бұрынғы сөз тіркестерімізді де електен өткізіп отыруымыз керектігін ешқашан қаперімнен шығарып көрген жоқпын. Бір ғана мысал. Қазақта «биттің қабығындай» деген фразеологиялық сөз тіркесі бар. Осыны Рахымжан Отарбаев «пияздың қабығындай» деп қолданды. Шынында да ХХІ ғасырда битті айтып отырған ерсі естіледі. Ал пиязды әлі күнге дейін қолданып жүрген бізге әлгі тың тіркес қолайлы екені даусыз. Міне, көркем әдебиетті заманға сай прогрессивті процеске бағындыру деп осыны айтар болар. Мен роман жазу барысында осы тезисті басшылыққа алдым. Үстіміздегі ғасырдың соңында басқа бір талантты жазушы бұл теңеуді «папиростай жұқа» деп ауыстырса, сол кездің әдебиет зерттеушілері де мен сияқты қуанатынына күмәнім жоқ.
– Романның атауы ерекше екенін мойындау керек. Қалай ойыңызға келді?
– Мен 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігімен көп жұмыс істеймін. Қазақ тілін бір адамдай меңгерсем де, күн сайын ұмытылған немесе қолданыстан шығып қалған 5-6 сөз табамын. Бұл сөздердің көпшілігі өте терең мағынаға ие. Романды жазып жатқанда оның атауын табуға асыға қоймадым, жұмыстың орта тұсында әлгі сөздіктің бір томын ашып қарасам, «Күлпет» деген сөз бар екен. Бұл – архаизм. Жан азабы деген мағынаны білдіреді. Менің шығармама таптырмайтын атау екенін ұқтым.
– Оқырмандар арасында романдағы Әсел бейнесі толық ашылмаған деген біржақты пікір де бар сияқты, бұған не айтар едіңіз?
– Көркем әдебиет «Адам-Кеңістік-Уақыт» үштағанына бағынып жазылуы керек екенін қолына қалам ұстағандардың бәрі жақсы біледі. Мұнсыз романның құрылымын жасау қиын. Бірақ мен қарапайым жолды таңдап алдым. «Жан-Локация-Жады» үштағанын қолайлы көрдім. Әрине, мұнда да әлгі классикалық канонның үш нысаны жасырынып тұр. Мен неге бұл жолды таңдап алдым? Біріншіден, маған солай ыңғайлы болды. Романда Адамның Жанын көрсетуге тырыстым. Кеңістік пен Уақытты Локация мен Жады арқылы жаңғыртуға күш салдым. Екіншіден, бұл әдісім заман талабына сай қысқа роман жазуға мүмкіндік берді. Джеймс Джойстың «Улисс» романы қанша жерден классикалық туынды болғанына қарамастан қазір оқылуы қиын. Мұндай кісі ұрып өлтіретін кірпіш кітаптардың мына заманда қажеті де шамалы болып қалды.
Көкірегі ояу, көзі қарақты оқырман байқайтыны сөзсіз, романдағы Әселдің образында ерекше мән жатыр. Бұл жанды образ арқылы мен жансыз образ ретіндегі Отанға тән ерекшеліктерді бергім келді. Әсел де Отан сияқты таза, Отан сияқты дана және Отан сияқты поэтикалық тұрғыда асқақ. Әселдің образында Ибсиннің «Пер Гюнтіндегі» Сольвейгтің тағдыры бар. Бір сөзбен айтқанда, Әселдің образы Отан деген ұғымның қастерлі екенін түсіндіру үшін керек болды. Әлгі айтқан «Жан-Локация-Жады» үштағанын қолданғандықтан Әселдің өмірін тәптіштеп жатуды артық көргенім рас.
– Жеңімпаз атанғаннан кейін өміріңіз өзгере бастаған болар?
– Әкем айтатын: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма! Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді. Қазықтың ұшы болсаң, жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды». Мен үшін осыдан асқан пәлсапа жоқ. Шынында да, алтын аралықта жүргеннен асқан жұмақ болсайшы?!
Өмір бойы осы принциппен өмір сүріп келгендіктен болар, «Күлпеттің» жеңісі өмірімді соншалықты өзгертті деп айта алмаймын. Бұған дейін қалай өмір сүрдім, солай өмір сүріп жатырмын. Мойындалып жатсам, қуануым мүмкін. Бірақ осы романның айналасында шоу жасаудан қатты қорқамын. «Күлпет» те басқа жазушылардың шығармасы сияқты қатардағы жаңалық болғанын қалаймын. Қалай айтқанда да, әр шығарма оқырманымен құнды. Оқырмансыз шығарма – тұл. Сондықтан да ай сайын беріліп тұрған грант оқырманыңның көп болуының қасында түк те емес.
Сөз жоқ, «Меценат.кз» ұйымдастырған әдеби конкурстың мақсаты – жеңімпаз анықтау емес. Керек десеңіз, хас жүйрікті өмірдің өзі аренаға алып шығады. Мәселе басқада. Меніңше, бұл әдеби байқаудың маңызы әріде жатыр. Қазақстанда роман жанрын дамыту, сол арқылы елден әлемдік деңгейдегі жазушыны шығару. Былтырғы конкурс өз дегеніне жетті. Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанда жүздің айналасында роман жарық көрсе, конкурс жарты жылдың ішінде бір алаңда жетпіске жуық шығарманың басын жинай білді. Бұл – үлкен сандық көрсеткіш. Аталмыш ірі жоба келесі жылдары сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткішке көтерілетініне де шүбә келтірмеймін. Егер осы конкурс жыл сайын дәстүрлі өткізілетін болса, Қазақстан жазушылары шын қамқорлықты сезінетіні даусыз. «Меценат.кз» сыйлығы осынысымен құнды. Сондықтан да бұл конкурстың жылдан жылға беделі арта беретініне сенімім зор.
– Жалпы шығармашылық деген категорияны қалай түсінесіз?
– Кез-келген мықты суреткеріңіз де өзіне дейінгілердің білімімен сусындау арқылы ғана шедевр жасай алады. Шынында да білім – баршаға ортақ. Басқа біреудің білімі деген жоқ. Тек адамзаттың білімі бар. Сол әлемге тиесілі білімді сіз де игересіз, санаңызда жинақтайсыз, уақыт өте келе ол санаңызда қорытылады, өңделеді. Содан кейін сіз оны өзіңіздікі ретінде пайдалануға құқыңыз бар. Шын мәнінде, шығармашылық дегеніңіздің өзі осы. Ол тақыр жерде пайда болмайды. Өзіңе дейінгілерді оқу-тоқу арқылы келетін дүние. Мен басқаша түсіндіре алмаймын.
– Шығармашылығыңызға қандай қаламгерлер әсер етті?
– Маған Шыңғыс Айтматов пен Нодар Думбадзенің өмірге деген философиялық көзқарасы қатты әсер етті. Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Төлен Әбдіктен де көп нәрсені үйрендім. Олар жер бетіндегі барлық адамдарды бір-біріне көмектесу үшін бірігуге шақырады. Осы философия маған өте жақын. Мұнда супергуманистік қағидаттар молынан табылады.
– Қазіргі заманғы қазақ жазушысын қалай елестетесіз?
– Көркем шығарма қалай жазылуы тиіс? Кез келген қаламгер ең алдымен осы сұраққа жауап іздеуі керек. Бұл туралы «Қылмыс пен жаза» романының авторы Федор Достоевский де өз кейіпкері Родион Раскольниковтың аузымен айтып кеткен: «Тварь ли я дрожащая или право имею...».
Иә, адам мына өмірге не үшін келеді? Миссиясы не? Бейшара болып өмір сүру үшін бе? Әлде Құдайдың сыйлаған өміріне лайықты жауап беру үшін бе? Адам жанын зерттегісі келген кез келген жазушы осы философиялық постулатқа жауап табуы керек деп ойлаймын. Қазақ жазушысы енді өз орбитасынан шығып, бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеуі тиіс.
Бірақ біз тек өз тамырымыздан үзілмегенде ғана өркениеттің биігіне жете аламыз. Сондықтан да қазақ жазушысы өз ұлтының бірегейлігін жоғалпай отырып, басқа ұлттарды мойындата алатынын ешқашан естен шығармауы шарт. Мұны неге айтып отырмын? Қазір біздің дүкендерімізде «Кока кола» сусыны самсап тұруы нені білдіреді? Бұл – сол сусын келгелі біз жаһандануға ендік деген сөз. Одан енді қашып құтылу жоқ. Бірақ сол жаһандануға жұтылып кетпеуіміз керек. Оның жолы бар ма? Бар. Адамдар осыдан елу жыл бұрын барлық халыққа ортақ тіл ойлап тапқысы келді: эсперанто. Мұның аяғы не болғанын бәріміз жақсы білеміз: эсперанто адамзат өміріне толық және түпкілікті еніп кете алмады. Олай болса, жаһандану процесінен сақтанудың шартты рефлекстерін өз бойымызда қалыптастыруға болатынына күмән жоқ. Біз қазір әлгі тажалға өзіміздің ұлттық құндылықтар мен ерекшелігімізді қарсы қоюымыз қажет. Сонда ғана мына алуан түрлі әлемде қазақ тұлпарлық та, сұңқарлық та қасиетін сақтап, алабөтен халық болып қалыптасады.
«Әдебиет – ардың ісі» деген ғажап сөзді аға буын жазушылар бекер айтып кеткен жоқ. Арға жүгінген жазушы ғана қоғамды алға жылжыта алады. Әділдік үшін күрескен жазушы ғана елінің көсегесін көгерте алады. Мен де басқа жазушылар секілді еліміздің еңсесі көтерілсе екен деймін. Тұғырлы мемлекет құрсақ екен деймін. Иә, біз – әділетсіздіктен зардап шегіп келе жатқан елміз. Бұл құбылыс біздің қоғамда өзінің апогейіне жетті деп айтуға болады. Оны неден көруге болады? Біз қазір тіпті әділетті шешілген нәрсенің өзінен әділетсіздікті көріп тұратын халге жеттік. Бұл – аса қауіпті белгі.
Өйткені мұндай жағдайда, әкем айтпақшы, басымызға балта да тиеді, жерге де кіреміз. Керек десеңіз, жоғалып кетуіміз де мүмкін. Айтары жоқ, әділетсіздікпен бұлай күреспейді. Біз біріміздің пікірімізді біріміз сыйлай білгенде ғана, өз пікірімізге монополия жасамауды үйренгенде ғана әділетке жете аламыз. Біз әділетсіздікпен ортадағы құдайшылық ойды айту арқылы күресуіміз керек. Әділетсіздікпен күресу мәдениетінің түп төркіні осы ойдың астарында жатқанын әркім қабылдай білсе екен деймін. Сонда ғана билік пен халық бірлесе отырып, қолға алып жатқан елдік шаруаларының нәтижесін көре алады.
– Көркем әдебиеттің құдіреті неде? Жазушы бақыты немен өлшенеді? Осы сұрақтардың төңірегіндегі ойларыңызды білсек деп едік.
– Әрине, қаламгер болған соң бұл хақында ойланбау мүмкін емес. Өз басым өмірдің өн бойында оқыған кітаптарымды уақыт өте келе ұмыта бастаймын. Сюжетін де. Кейіпкерлерін де. Оларды өмір бақи есте ұстап жүрудің де қажеті шамалы сияқты. Дәл осы жерде әлгі екі сұрақтың жауабын тапқандай боласың. Белгілі бір шығарманы оқып шыққаннан кейін сен ойға шомыла алдың ба? Аталмыш туынды сені ойлауға үйрете алды ма? Мәселе осында! Көркем әдебиеттің құдіретін осы жерден іздеген дұрыс.
Бұл ойымды тереңірек түсіндіру үшін әріден бастаған дұрыс. О басында адамдарды ойлануға мифология ерекше әсер еткенін қазір екінің бірі біледі. Одан кейін өнер көкжиегінен романтизм айқын көріне бастады. Бұл ағым адамдардың сезімі мен ақылының арасында алтын көпір болғаны тағы рас. Дей тұра, уақыт өте келе адамдарды ойлауға үйрететін жаңа бағыт керек болды. Жеке тұлғалар енді реализмді ойлап тапты. Соның нәтижесінде адамзат нақты ойлауды үйренді.
Алайда, келе-келе нақты ойлауды үйренген адамды енді реализмнің өзі селк еткізуі қиын жағдайға тап болдық. Дәл осы кезде абстракционизм сахнаға шықты. Осылайша бірден қабылдана қоймайтын ағым адамның өзіндік ойлай білуді үйренуіне жол ашты. Бұл жерде мәселе сол туындыға кіріге алуыңда жатыр. Иә, кірігу – қиын. Кіріге алсаң, миың қозғалысқа түсті дей бер.
Десе де, осы кіріге алмау абстракционизмнің түбіне жетті. Қазір адамдардың оған кірігуге мұршасы жоқ. Оның басты себебі қазір революциялық жаңалыққа айналған ақпараттық технологияның адами қатынастарды басып озғанында болып отыр. Бұл жерде абстракционизм моралдық тұрғыдан тозды десек, қателеспейміз. Басқаша айтқанда, қазіргі ақпараттар заманында адамдардың абстракция арқылы ойлауға үйренуіне уақыты да, ниеті де жоқ. Бүгінгі адамның экспрессиясы мен эпатиясы мидай араласып кетті. Шынында да ақпараттық технологияның адами қатынастарды басып озуының осындай жағымсыз жағы бар. Енді бұдан қашып құтылуымыз екіталай. Әдебиетке реформа керек деп отырғаным да сондықтан.
Сұрағыңыздың екінші бөлігіне, жазушы бақыты дегенге ойыссақ. Ағылшында ғажап сөз тіркесі бар: «Iarger than life». Идеома аударылмайтынын жақсы білесіз. Өмірдегіден де əдемі деген мағынаны білдіреді. Əбдіжәміл Нұрпейісов жасаған кесек образдар галереясы жер басып жүрген пенделерден әлдеқайда жанды көрінетіні осы ойымызға дәлел. Өмірдің тек ғана тотанақтан тұрмайтынына иландыра білген Əбенің ең басты кредосы əр адамның өмір сүруге деген құлшынысын арттыра түсетінінен анық аңғарылады. Жазушы бақытының мəңгілігі осы бір мысалдан анық көрінеді деп айтар едім.
– Қазір ел жазушылардан бұрын тобырлық өнердің өкілдерін тез танитын болды. Көбінесе соларға құлдық ұрып жатады. Осы құбылысты қалай түсіндірер едіңіз?
– Тобырлық өнердің бағы жанып тұрғаны мемлекеттік саясатымыздың дұрыс болмауынан, оған қоса қоғамның марғаулығынан екенін мойындамай тұра алмайсың. Үлкен өнердің тасада қалғанына өкінесің. Неге? Негесі сол, халықтың ұлылығы тобырлық өнермен емес, хас өнермен өлшенеді. Есі бар халық қашанда үлкен өнерін жоқтауы тиіс. Болашағын ойлайтын халық нағыз өнердің айналасын түгендеуді әдетке айналдыруы шарт. Сонда ғана ұлттығымызды ұлықтай аламыз.
Шын мәнінде тобырлық өнердің пешенесіне мәңгілік болу тәлейі ешқашан бұйырмаған. Ондай өнер белгілі бір уақыттың еншісінде жұтылып кететінін өмір талай дәлелдеп берген. Тобырлық өнер ешқашан дүниені өзгерте алған жоқ. Ол – адамдардың бір сәттік әлсіздігінен әрі асып көрмеген күйбең тіршілік. Тек ұлы өнер ғана адамзатты жасампаздыққа жетелей алады. Осындайда Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» әлі де жүз мыңдаған қазақтың оқымай жүргеніне қарның ашады.
– Осы құбылыстың себебі неде деп ойлайсыз?
– Тобырлық мәдениет – коммерцияға тәуелді. Ал хас өнердің қасқайып жатып жолын бөгейтін халтура идеологияға тәуелді. Тобырлық мәдениеттің мақсаты – халықты ойлауға үйрету немесе эстетикалық тәрбиелеу емес, жеке бастың баюы. Халтураның мақсаты маған тіпті де қызық емес. Биліктің ығына жығылып, атын шығару үшін жанталасып жүрген адамның тірлігі кімге керек дейсіз?! Тереңірек үңілсеңіз, екі жағдайда да мүддеге тәуелділік бар екенін байқайсыз.
Сондықтан да толыққанды тәуелсіздік тек нағыз өнер адамында болады. Біздің ең үлкен трагедиямыз коммерциядан да, идеологиядан да тәуелсіз нағыз өнерге ұмтылмауымызда жатыр. Мен осыдан қорқамын. Әрине, бәрі сауда-саттыққа құрылған заманда нағыз өнердің жалпыадамзаттық мойындалуы – өте қиын шаруа. Ал сөздің толық мағынасындағы ақық өнер – тобырлық мәдениеттің антиподы. Оның үстіне, ол идеологияға да бағынбай жасалады. Осындай таза өнер өз тамырынан ажырамай, әлемдік өркениетке ұмтылған суреткердің ғана қолынан келеді. Біз осы құбылысты бағаламай, көсегесі көгерген ел бола алмаймыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.