Шер-шеменін шығармаға айналдырып…
Қарап тұрсаң, өмірдегі қайғының көбінде логика жоқ. Біреу ерте қайтыс болады, біреу екінші біреуге опасыздық жасайды, біреу өмір бойы ауырады, біреу бала кезінде қиянат көреді... бірақ өмір біздің «неге солай болды, бұл әділетсіздік емес пе, жастай азап шегетіндей ол бейшараның не жазығы бар еді?» деген сұрағымызға жауап бермейді. Оны «өмір ғой» деп қоя саламыз…
Өмірінде болған бақытсыздықты, өз жеке қайғысын, трагедиясын шығармаға айналдырып, оны елдің бәрі оқып, әсерленіп, кей жеріне жылап, кей жеріне бас шайқаған жазушыларды сіз де танисыз. Біз олардың шығармаларын оқи отырып, автордың жан әлеміне үңілуге тырысамыз, оның өмір тәжірибесіндегі қателіктерден сабақ алмақшы боламыз. Бұл мүмкін бе, мүмкін емес пе, біреудің сабағы екінші біреуге сабақ бола ала ма, оны да ойлап жатпаймыз. Десе де, біреудің басынан өткен оқиға, біреудің мұңы мен шері жайлы оқыған бізге қызық.
Әрине, жазушының өмірінде болған нәрсенің бәрі бірдей әдебиетке айналады деуден аулақпыз. Өмірбаяндық шығарма деген бар, адамның жеке мұңынан туған шығарма деген бар, екеуі екі бөлек нәрсе. Кейде автордың өмірі шығармаға шикізат болуы мүмкін, бірақ әдебиет сол шикізатты басқа дүниеге айналдырады яғни жазушы басынан өткен оқиғаны күнделік сияқты тізбейді, кейде шығармаға оның өміріндегі бір кезеңі не бір сезімі ғана көшеді, ал кейде нақты оқиғаның өзі жоғалып кетіп, оның адам жанында қалдырған ізі қалуы мүмкін.
Кезінде тоқсаныншы жылдары ауылда оқитын түк таппайтынбыз. Ауыл кітапханасындағы су тигеннен беті сарғайған, жазуы өте майда, іріктеліп қалған ескі кітаптарды қайта әкелетінбіз. Қазір жеке кітапханамдағы кітаптарға қараған сайын жаным қуанады. Өзіңнің сүйікті жазушыларың тізіліп тұрғанда, олар сенің құрметті қонағың сияқты. Эмиль Золя, Стефан Цвейг, Фумико Энти, Кобо Абэ, Кафка, Жүсіпбек, Оралхан...
Осы кітаптарға қарап отырып ойға бір сұрақ келді. Неліктен жазушы адам өз мұңын, қайғысын кейде шығармаға айналдырады? Ішін босатып, жеңілдеп қалу үшін бе, сол арқылы ой айту үшін бе, әлде «өмірде осындай да болған» деп таңғалдырмақшы ма…
Жәндікке айналған жаралы
Мысалы, Кафканы көбіміз жақсы көреміз. Басқаша болғаны үшін. Ерекше болғаны үшін. Тосындығы үшін бе… Кейде ол шығармаларын өзінің жанындағы жарақаттың себебін онша түсінбей тұрып жазған сияқты көрінетіні бар. Рас қой, адамның санасында өзі түсіндіре алмайтын сезімдер болады, ол түсініксіз бір қорқынышы болуы, жалғыздықтан, өлімнен үрейлену, ешкімге керексіз болып қалудан қорқу болуы мүмкін. Кафка осыны көтергеннің өзінде «Құбылуда» «мен жалғызбын, мені ешкім түсінбейді, түсінуге тырысқан да емес» деп жазбай-ақ, бөлмесінде бөлектеніп жалғыз қалған, өзін ешкімге керексіз сезінетін кейіпкерді жасады. Қараңызшы, адам неге бір күні ұсқынсыз бір жәндікке айналып кеткені, не үшін айыпты екенін де түсінбейді. Бұл жерде мән беретін нәрсе, егер «Құбылуды» Кафканың әкесімен қарым-қатынасын білмей оқысаңыз, ол сізге фантастикалық, абсурдты шығарма сияқты көрінеді. Ал егер оның өмірбаянын, әкесімен қарым-қатынасын, өзін ылғи жалғыз сезінгенін білсеңіз, Грегор Замзаның жәндікке айналуына мүлде басқаша қарайсыз. Бұл жерде қорқынышты нәрсе кейіпкердің жәндікке айналуы да емес, адамның мына дүниеде ешкімге керексіз болып, тіпті өзінше қайрат көрсетіп, бірдеңе істеуге дәрменсіз болып қалуы. Бұнда «Егер мен адам ретінде өз құнымнан айырылсам, мені айналамдағылар бәрібір жақсы көре ме?» деген сұрақ тұр. Ал негізі бұл сұрақты Кафка ғана емес, адам баласының көбі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні өзіне іштей қояды. Көрдіңіз бе, бұл жерде Кафканың әкесімен қарым-қатынасы, жалғыздық сезімі, өзіне сенімсіздігі шығармаға тура көшірілмесе де,дүниетанымы ретінде көрінеді. Яғни ол өзінің өмірден алған сезімін шығармаға көшірген. Ұлы әдебиеттің парадоксы да осында, адамның ең ауыр жеке қайғысы кейде ғажайып шығармаға айналады. Деректерден білеміз, автор өмір бойы өзінен-өзі бөлектеніп жүріп, туберкулезден ерте қайтыс болады, ал оның үрей-қорқынышы, мына дүниені жатырқау сезімі «Құбылу», «Процесс», «Замок» шығармаларын тудырды.

Мүмкін...
Айтпақшы, жаңағы сұрақты ұмытып кетпейік: неліктен жазушы адам өз қайғысын шығармаға айналдырады? Әлде бұл адамның өз басынан өткен нәрсеге мағына іздеуінің бір жолы ма екен... Қарап тұрсаң, бұл өмірдегі қайғының көбінде логика жоқ. Біреу ерте қайтыс болады, біреу екінші біреуге опасыздық жасайды, біреу өмір бойы ауырады, біреу бала кезінде қиянат көреді... бірақ өмір біздің «неге солай болды, бұл әділетсіздік емес пе, жастай азап шегетіндей ол бейшараның не жазығы бар еді?» деген сұрағымызға жауап бермейді. Оны «өмір ғой» деп қоя саламыз. Ал әдебиет осыған жауап іздей алады. Жазушылар өз басында болған оқиғаны шығармаға айналдырғанда, болған-біткенді сол күйі беруді мақсат қылмайды, оған кейіпкер тауып, себеп-салдар, конфликт, әрі-беріден соң мағына береді. Осыдан келіп әдебиет кейде адамның өз өмірін түсінуге тырысқанда сүйенетін зертханасы да сияқты. Бұған келіспейтіндер болуы мүмкін, әрине. Бұл өз қисынымыз. Иә, қайғысын жазғанда сол адам содан міндетті түрде құтылады деп айтсақ келіспес, кейбір жазушылар өз ішіндегі жарақатын шығармаға айналдырып, одан кейін де сол ауырлықпен өмір сүре берген болуы мүмкін. Шығармаларында өмірдің мәнін іздегенімен, өз өмірінде бұл сұраққа жауап таба алмай кеткендері қаншама. Демек, әдебиет адамның қайғысын емдейтін дәрі емес, бірақ оның не екенін түсінуге мүмкіндік беретін құрал болуы мүмкін. Сондай-ақ өз оқиғасын жазу арқылы адам өзін сырттан қарай алатындығы да рас қой. Мысалы, адам өмірінде бір оқиға болды делік. Ол кезде ол тек зардап шегуші болады. Тек арада бірнеше жыл өткенде сол оқиғаны кейіпкерінің тағдыры арқылы жазса, өзі сол оқиғаға сырттай қарай алады. «Бұл неге солай болды?», «Мен ол кезде неге бұлай істедім?», «Басқа адам мені қалай көрер еді?» деген сұрақтар шығуы мүмкін. Яғни жазушы әуелі өзінің өміріндегі кейіпкерге айналады, кейін сол кейіпкерге сырттан қарайды.
Балалық шақ бақытсыз болмасын...
Әсілінде, адамның балалық шағы дұрыс болуы керек. Балалық шағы бақытсыз болғандардың, бала шақта қиын жағдайға ұшырағандардың көбінің психикасында бұның ізі қалады. Мысалы, (біз бұл мысалдарды интернеттегі дереккөздерден алғанымызды ескертейік) Вирджиния Вульф деген жазушы кішкентай кезінде туыс ағаларының зорлығына ұшыраған, содан өмір бойы бақытсыз болған, 1941 жылы өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты. Кезінде осы кісіге біршама қызығып, оқығанымыз бар еді (әйел жазушылардың дүниені көруінде ерекшелік бар ма дегеннен шыққан ғой). Оның «Миссис Дэллоуэй», «Толқындар», «Маякқа» шығармаларында жалғыздық, өлім үрейі, сананың шаршауы, адамның ішкі дауысы, психологиялық күйзеліс мәселелері ерекше орын алады. Оның өміріндегі психологиялық қиындықтар мен шығармаларындағы жалғыздық, сана ағысы арасындағы байланыс жайында көптеген зерттеу еңбектері де бар екен.

Атақты Кавабатаның шығармаларында да жалғыздық тақырыбы ерекше орын алады. Ол кісі де бала кезінде әке-шешесінен, туғандарынан бірінен соң бірінен айырылып, тұлдыр жетім қалады. Содан да оның шығармаларындағы жалғыздық дегеніңіз – ауыр үнсіздік, салқындық, адамдардың бір-біріне толық жете алмауы арқылы берілетін жалғыздық. Баяғыда оқығанда мағынасы болса да ойда қалатын сөздер болады ғой, «Мың қанатты тырнада»: «Смерть у нас за плечами. Нельзя думать о смерти, когда она у тебя за плечами. Нельзя без конца вспоминать умерших. Тогда начинает казаться, что ты тоже мертв» дегенде автор осылай деп өзін кейде тоқтатып, кейде суытатын секілді.

Эдгар Поның да шешесі ерте өліп, әкесі баласын тастап кетіп, одан бір бай кісі асырап алғанымен, балалық шағы тәуір болмайды. Ес білгелі өгейлік, қаталдық көріп өскен оның шығармаларында да бітпейтін жалғыздық, өлімнен қорқу, сүйікті әйелін жоғалтқандағы қайғысы көрініп отырады (ол өзі шешеден ерте қалғасын ұзақ жыл туберкулезден төсек тартып ауырған әйелінің өліміне қатты қайғырған дейді, әйелі оған анасындай мейіріммен қарап, жары ретінде аялай білген екен). «Падение дома Ашеров», «Қарға» деген шығармаларды оқысаңыз, жазушыны басқаша тани түсесіз.

Марсель Прусттың шығармашылығын да өмірінен бөлек қарамау керек шығар дейміз. Бала шешесіне қатты жақын болады, бірақ шешесі ерте қайтып, өзі әлжуаз, дімкәстау, тұйық бала ұзақ уақыт бөлмесінен шықпай, шешесі бардағы мұңсыз өмірін еске алумен болған. Жазушының еңбектерін зерттеген әдебиетшілер «Оның жеті томдық «Жоғалған уақытты іздеу» романындағы ең негізгі нәрсе де осы естеліктер», - деп тұжырым жасайды. Пруст үшін естелік жай ғана өткенді еске алу емес, адамның жоғалтқан дүниесін қайтадан табудың тәсілі. Сондықтан оның шығармасын оқығанда «адам шын мәнінде өткен өмірін емес, өткен өмірінің өз ішінде қалған ізін іздей ме» деген сұраққа тірелеміз.

Өмірдің ізі
Жазушы өзінің жеке жан жарасын жеткізе алған кезде, оқырман да өз ішін көреді. Мысалы, «Дэвид Копперфильд», «Оливер Твистің бастан кешкендері» дегендерді бәріміз оқыған шығармыз. Чарльз Диккенс неге балалар тақырыбын жазған? Себебі әкесі қарызға батып, түрмеге қамалған кезде 12 жасар баланы азапты жұмысқа баруға мәжбүр етеді. Күніне он сағат бойы ауыр жұмыс істеген бала кейін жазушы болып, атақты шығармаларын жазады.

Қазақ әдебиетінде жазушының жеке трагедиясы тұтас шығарманың өзегіне айналған ең айқын мысалдардың бірі Бибігүл Иманғазинаның «Тауқыметі» деуге болатын шығар. 17 жасында ауыр оқиғадан кейін мүгедек болып қалған қаламгердің өзі де шығармадағы оқиғаның өзінің басынан өткенін айтқан. Иманғазина өзі көрген азапты көркем сюжетке айналдырады, ал кейін сол жеке қайғысын мыңдаған мүгедек әйелдің тағдырымен байланыстырады. Жазушы өмірін жазбайды, сол өмірдің өзінде қалдырған ізін жазады деп отырғанымыз содан.

Жазуда тәсіл көп. Кейбір жазушылар өз өмірін жасырып, ойдан шығарылған кейіпкерге таңады, кейбіреуі керісінше: «Мен өзім туралы айтып отырмын» деп ашық айтады. Мысалы, біз Максим Горький туралы мектепте оқып, оның аянышты балалық шағы туралы біліп өстік. Автор өзінің балалық шағын бірінші жақтан баяндай отырып, кедейлік, қатал орта, жақындарының өлімі, аштық туралы айтқандары бізге әсер етті.
Сынбаған жазушылар
Олар өз шығармаларында жақынын жоғалтқандағы жан жарасын, өмірге құштарлығын жоғалтып алғандағы күйін, ішкі қайғысын, жалғыздық, ауыр сырқат, сәтсіз махаббат, жайлы жаза отырып, өмірдің мәнін түсінуге (бәлки түсіндіруге) тырысады. Мысалы, Шарлотта Бронте де шешесінен ерте жетім қалған. Туған бауырлары, екі сіңлісі мен інісі бірінен соң бірі туберкулезден қайтыс болады. Ол соқыр әкесімен бірге күн түспей тұнжыраған поместьеде жалғыз қалады. Оның «Джейн Эйр» романында осы жалғыздықты, кедейшілікті, жақындарына деген сағынышты бастан кешсе де мойымаған мықты әйелдің образы бар. Осы рухы оны әлемдік әдебиеттің классигі атандырды. «Виллет» деген романы да осы мазмұндас дейді, бірақ өзім оқыған жоқпын.

Мектепте Николай Островскийдің шығармасы басында қызықсыз болып көрінген. Бірақ орыс әдебиеті мұғалімі оның жас кезінде оқ тиіп, ауыр жараланып, соқыр болып, одан сал болып, өмір бойы төсекке таңылған адам екенін айтқан кезде шығарманы қызыға оқыдық. Бұл қай шығарма еді? Әлбетте, «Құрыш қалай шынықты?» дегені. Бұл сол замандағы адамдар үшін нағыз мықты ерік-жігердің белгісіндей еді.
Жазушы Франсуаза Саган көлік апатына түсіп, бір Құдіреттің күшімен аман қалады. Бірақ одан кейінгі өмірінде ауруды жеңілдететін дәрілерге, есірткіге тәуелді болып қалады. Жалғыздық, депрессия бәрі қосылып, адам өмірдің бір шетіне ғана әупірімдеп ілігіп тұрғандай кезінде қиналып жатса да шығарма жазады. Оның «Пособие по выживанию» дегені, «Смутная улыбка» дегені де осы өзінің қайғысына арналған екен (бұл шығармалар қолға түспеді, оқысам деп жүрмін, шешесінен айырылған 17 жасар Сесильдің өмірі жайлы «Здравствуй, грусть» есімде, осындағы меланхолиялық күй ұзақ уақыт есіңде қалады).

Бақылап және сезіне алатын адамдар
Таңғалатын нәрсе бұл. Жазушы өзінің өмірден көрген-түйгенін қиялмен, бақылаумен, басқа адамдардың тағдырымен араластырып, мүлде басқа көркем әлем жасай алады. Сондықтан кейде шығармадағы кейіпкерді автордың өзімен теңестіру де дұрыс емес, мысалы, Антон Чеховтың «Палата №6» деген шығармасы жай ғана психиатриялық аурухана туралы емес, Чехов дәрігер ретінде кедейлерді, ауру адамдарды, өлім аузындағы адамдарды күндеі көргендіктен де, оның шығармаларында адамның ішкі ауруы мен қоғамның ауруы қатар жүреді. Және осы шығарманы оқығанда жазушы сізге де бір роль береді. Оқып отырып адамды қоғамнан қалай бөліп тастайтынын көресің, адамның қадір-қасиеті жоғалған қайғысына сырттай бақылаушы болып қарай аласың, сосын өзіңнен өзің шошисың. Ондай жағдайға кез келген уақытта кез келгеніміз тап болуымыз мүмкін ғой!

«Қош бол, қару» бәрінің есінде, оны көбі оқыды. Эрнест Хемингуэй соғыстың ауыр зардабын бір кісідей тартқан адам. Оның жалғыздық пен үміттің күйреуін беретін «Шал мен теңізі» шынымен шедевр. Жазушының өмірінде көрген соғысы, жарақаты, ауыр психологиялық күйзелістері оның психикасына күш түсірген деген деректер бар. Оның тыңшы болғаны да айтылады, бұл да бір себеп болуы мүмкін. Жазушы 1961 жылы өзіне қол жұмсаған дейді.

Эрих Мария Ремарк те соғыста жараланып, окопта ас-сусыз, алғашқы көмексіз ұзақ уақыт жатып қалады. Артынша туғандарынан айрылып, нацистік Германиядан қуылады. «Батыс майданда өзгеріс жоқ» деген шығармасы осылай туады. Ол әдебиетте «Жоғалған ұрпақ» ұғымын әкелген жазушы ретінде қалды.

Федор Достоевскийдің де мұң-зары бір басына жетеді екен. Әкесі кедейлерге арналған ауруханада жұмыс істепті, өзі нағыз деспот адам болған дейді, бейшара кедейлерге істемегені қалмайды. Шешесі ерте өліп, ананың жылуы мен мейірімі жетпей қалған жазушы әкесінің қаталдығынан жаны жасып өседі. Бір күні ашынған кедейлер көтеріліп, оның әкесін өлтіріп тастайды («Қылмыс пен жаза», «Ағайынды Карамазовтарда» осы кедейшілік проблемасы көтерілетіні есімізде). Кейін жазушының өзі өлім жазасына кесіліп, төрт жыл каторгода өлім сәтін күтеді, бостандыққа шыққаннан кейін сырқатқа шалдығып, өмір бойы эпилепсияның зардабын тартады. «Идиот» пен «Өлі үйден жазбалар» солай жазылған.

Дағдарыстан туған шығармалар
Бәріміз білетін Толстой да соғысты көрген. «Соғыс және бейбітшіліктегі» соғыс көріністерінің шынайылығы - ол өзі Кавказдағы соғысқа және Қырым соғысына қатысқан дейді. Дворяндық ортаның ішкі қайшылықтарын білген, отбасы, неке, дін, өлім, адамгершілік мәселелерімен өмірінің соңына дейін арпалысқан Толстойда «Исповедь» деген шығарма бар. Ерінбесеңіз, екі рет оқып шығуға болады, өзі 5-6 беттік шығарма. Аздаған үзінді келтірсек: «Что же я делал во всю мою тридцатилетнюю сознательную жизнь? Я не только не добывал жизни для всех, я и для себя не добывал ее. Я жил паразитом и, спросив себя, зачем я живу, получил ответ: низачем. Если смысл человеческой жизни в том, чтобы добывать ее, то как же я, тридцать лет занимавшийся тем, чтобы не добывать жизнь, а губить ее в себе и других, мог получить другой ответ, как не тот, что жизнь моя есть бессмыслица и зло? Она и была бессмыслица и зло». Міне, жазушы осы өмірбаяндық-философиялық шығармасында өзінің рухани дағдарысын, байлықтан, атақтан, отбасылық өмірден, жазушылықтан көңілі қалуын, ең бастысы, «Мен не үшін өмір сүріп жүрмін?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналғанын баяндайды. Бұл адамның өмірдің мәнін жоғалтуын көрсетеді.

Джек Лондон «Мартин Иденді» жазды. Байқасаңыз, Мартин Иденнің ішінде кедей ортадан шыққан, өздігінен білім алған, жазушы болуға ұмтылған жас жігіт Джек Лондонның өзі де бар. Бірақ мұнда Лондон өз өміріндегі жетістікті ғана емес, жазушы болып танылғаннан кейінгі өзі өткерген рухани күйзелісті де береді. Мартин атаққа жеткенімен, сол атақ оның күткен бақытын әкелмейтін еді ғой…

Стефан Цвейг мөлдіретіп жазатын ғажайып психолог жазушы. Новелла жанрын соншама биікке көтерген адам. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Европаның күйреуін, эмиграцияны, өзінің баяғыдан үйренген ортасынан айырылғанын өте ауыр қабылдап, басқа жол таппай, әйелімен бірге өзіне үкім шығарып қайтыс болды. Ол туралы түсірілген жақсы деректі фильм бар, онда газға уланғаны айтылады. Оның «Кешегі әлем» деген еңбегі таза мемуар. Жазушы онда өзінің жас кезіндегі сезінген атмосферадан бастап, өзі көрген, таныған дүние, бейбіт өмірдің салтанатты шақтары, соғысқа дейінгі керемет кезеңдер айтылады. Бұнда өткен өмірді жоқтап отырып, бір адамның ғана қайғысы емес, тұтас бір өркениеттің жоғалуын азалайды. Жазушы Европаның трагедиясын жеке өмірінің трагедиясы деп біледі.

P.S. Сонымен оқырман, бірнеше жазушының атын тізгенде не айтпақ болдық?
Мұндағы жазушыларға ортақ нәрсе олардың бақытсыздығы емес, соны өнерге айналдыра алғанында шығар. Осы жерде «жазушыға өмірбаян керек» деген сөз ойға оралып отыр. Бір адамды қайғы тұйықтап тастауы мүмкін, екінші адам сол қайғыдан шығарма тудырады. Демек, бұл жерде шығарманы тудырып отырған трагедия емес, адамның ішкі қабілеті, бақылауы, қиялы, тілі керек. Біз шығармалардан тек жазушының айтпағын емес, өзімізді де оқимыз. Прусттың жоғалтқан уақытынан өзіміздің өткенімізді, Кафканың жатсынуынан өзіміздің ешкімге айта алмаған сезімімізді көруіміз мүмкін. Бір адамның басындағы қайғы мың адамның жүрегіне жетеді. Әдебиеттің құдіреті де осында шығар.
