Ақсұңқарұлының өлеңдерін мамыражай, жаймашуақ күйде отырып оқу мүмкін емес. Оның өлеңдерінде теңіз ақтарылып, бұлт сапырылып, күн күркіреп, жылқылар дүркіреп жатады. Қалғып кеткен санаңды сілкіп-сілкіп алардай өткір. Жасындай жылдам. Оттай ыстық. Осының өзі аздай, осыншама аласапыран күйдегі өлеңнің астарынан сіз табиғаттың ауыр тыныштығындай қуатты ой мен салқын сабырды сезінесіз. Тұғыры – Күлтегіннің көк тасы. Тамыры – Алты Алаштың топырағы. Құты – Қара өлең. Ұраны – Ақиқат. Алтайдан ұшып, Ақсораңға қонған аймауыт елдің ай маңдай ақыны Ақсұңқарұлы биыл жетпістің биігіне шығып отыр. Құдай өзі көп көрмесін, ақынға Алладан ұзақ ғұмыр тілейміз. «Әдебиет порталы» ақынның мерейлі жасын құттықтай отырып, аз-кем әңгімеге тартқан болатын. Көрігі қызған сол сәулелі сәттің куәсі болыңыздар, қадырлы оқырман.
– Сіздердің буын әдебиетке «Соғыстан соң туғандар» деген атпен алмағайып шақта келді. Әлем әдебиетінде соғыстан кейінгі ұрпақтың жанкештілігі адамзат баласына ғаламат жасампаздықтар сыйлағаны анық. Отаныңыздың тәуелді және тәуелсіз кезеңдерін бастан кешкен адамсыз, әңгімеміздің әлқиссасын ақын мен заманның үндестігі мен қайшылығынан бастасақ, жетпістің биігінен қайырылып қарағаныңызда ұтқаныңыз бен ұтылғаныңыздың безбенін бағамдап бақсақ аға?
– Біз соғыстан соң туғандардың буынымыз. Біз 50-ші жылдары туғанда, соғыстың біткеніне бес-ақ жыл болған. Ата-бабаңның көрген көресісі, тарихтың таланы, қасіреті, қуанышы, күйініші, сүйініші бәрі де ақынның миында, кодында тұрады. Басқа адамның кодында тұрмауы мүмкін, бірақ, ақынның жадында тұруы керек. Мен негізі біреудің жалғыз ерке баласы болдым. Әкем колхоз басқарған, беделді, сыйлы адам болды. Бәрі есімде, әкемнің қасында жүремін, ел есін енді жиып, еңсесін тіктей бастаған кезі. Не көп жетім мен жесір көп. Сонда да көңілі жамау ел тойсыз отыра алмайды. Не бір зарлы, мұңлы халық әндері, ескі өлең жырлар айтылады. Сүйтіп өз көңілін өзі жұбатқан ел. Солардың зары мен сағынышы біздің кеудеге ерте ұялап, бойымызды да, ойымызды да ерте өсірсе керек. Әкем бір кезде райком секретары болған, мен туған кезде қолхоз басқармасы. Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиннің томдарын басыма жастап қоятын. «Сен генеральный секретар боласың» деуші еді... Содан мен жасымнан ақын болам деп емес, секретарь болам деп өскен баламын ғой. Секретарь бола алмаған соң, ерегесіп ақын боп кеттім...
– «Мен Алтайдан Ақсораңға кеп түскен, Қарағайлы қара орманның тұқымы»- деп жырладыңыз. Сізді өлеңге іңкәр еткен алғашқы бастау, өсіп өнген ортаңыз һәм сол қуатты тұқымның түптамыры туралы сөз қозғасақ?
– Өлеңмен жауап берейінші бұл сауалыңа?
Сарыарқа, самалынды есіп жүрдім,
Жауһардай жамалыңды кешіп жүрдім.
Кіндігі Әлиханның түскен жерде,
Ер жеттім,
Етек жаптым,
Есім жидым.
Бірінен бірі өтетін сорақысы,
Заманның көзбен көрдім не сұмдығын...
(Ақынның өлеңдер топтамасын мына жерден оқи аласыз)
– «Анти-поэзия кәріне мініп тұр»,- деп аһ ұрған шерлі хамсаңызды бала күнімде жандүнием шымырлап оқығам, кейін де көп парақтадым. Содан бері анти-поэзияның тақымы бекіп, тағы биіктеп, азу тісі ақсиып асқақтай түскендей көрінеді маған?
– Мен поэзияны сұлулық, асқақтық, жарасымдылық, гармония, адамгершілік, махаббат, әділдік деп ұғамын. Анти-поэзия сол сұлулыққа, махаббатқа киеге, түптамырға қарсы ұғым. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер болатын болса, анти-поэзия да сол алғашқы ақынмен бірге туған, содан бері өмір сүріп келе жатқан құбылыс. Орыстың ұлы ақыны Е. Евтушенко өлеңге қарсы күштер бар дейді. Сол қарсы күш бұрынғыдан әрмен есе алып бара жатыр. Нарықтық экономика келгелі, меншік ұғымы енгелі тіпті есіріп кетті.Төрт бірдей экономикалық-қоғамдық формацияны басынан кешкен адамзат тарихында саудагер-алыпсатардан өткен сұмырай, оңбаған, қауіпті, жеккөрінішті, жағымсыз тип болған емес; нанбасаңыз, сауданы тіршілік ету тәсілі көретін капиталистік жүйені көзі де көрмеген исі қазақтың солар туралы ана тіліндегі атауларына қараңыз: саудагер, алыпсатар, пайдакүнем, алааяқ, қу т.б. Енді орысшасына көз салыңыз: торгач, спекулянт т.б. –расчет,умысел направленный на использовние чего-н в своих корыстных целях (Толковый сдоварь русского языка С .И Ожегов и Н.Ю Шведова). Оның аты екі тілде де жетісіп тұрған жоқ! Меніңше, басқа тілдерде де – сондай! Бұлардың анти-адамзаттық болмыс-бітімін француздың ұлы жазушысы Онере де Бальзак «Человеческая комедия» ("Адамзаттың тәлкегі") атты дәуірнамасында жеріне жеткізе суреттеген еді. Әлемдік классикалық әдебиет – осы аждаха, алыпсатар, оңбағандардың кім екенін көзге түртіп көрсететін шарайна десе болады! Бірақ, оған қарап бойын түзеп, оны ой көзімен оқып жатқан ешкім жоқ. Бұлар түйені – түгімен, биені – бүгімен, ұлттық, адамзаттық асқақ құндылық атаулыны айпап-жайпап, сіміріп, жұтып, құртып жіберуге дайын тұр! Бұл тоғышар типтің өз идеологиясы, жандайшаптары бар, өз ақын-жазушы, журналистері де бар, тіпті! Ортега-и-Гасеттің «Тобырдың көтерілісі» ("Востание масс") осы типтердің ит тірлігі қахындағы дүние. Топас тобыр тұлғаның түбіне жеткелі жатыр ("Еденица болмаса, не болады өңшең нол?(Абай). Қазір бізде осылардың дегені жүріп тұр! Болмыс-бітімі адамзатқа керағар совет өкіметінің өзі бұл алыпсатарлардан ат-тонын ала қашып, олардың аяқ-қолын шандып байлап, қоғамды қонышынан басуына ресми түрде тиым салған-ды; бұлардың тұқым-тұяғын КГБ-ға да, разведкаға да алмаған көрінеді!
– Сізде балалық шақ болды ма? Балалық шақ деген риясыз сөзді естігенде көз алдыңызға келетін картина қандай?
– Керемет балалық шақ болды менде. Оған өкпем де, ренішім де жоқ. Бітпейтін сағынышым ғана бар. Бір шаңырақтың жалғыз ұлы болдым. Бәрі алақанына салды. Ешкім бетімнен қаққан жоқ. Ақын боп кеткенім содан ба деймін. Еңсесі биік, еркін ойлы адам ғана ақын болады! Менің 5 жастағы кезім еді. Қаратал колхозында тұрамыз. Әкем ауылсоветтің төрағасы. Бір күні үйге НКВД-ның бастығы қонаққа келді. Сол менің еркелігімді көтере алмай «Ей, бала, мазаны алмай тыныш отыр!»- деп жекіп қалған ғой. Мен ондайды естімей өскен баламын. Содан бишікті ала сап, начальникті сабай жөнелген екенмін...
Суретте: Ақын анасы Ғалифа Рамазанқызымен бірге
Хэмингуейдің «Жазушыға бақытсыз балалық шақ керек» деген ойымен келісе бермеймін. Ақын онсыз да – жетім. Онсыз да – жалғыз. Онсыз да – қорғансыз. Төрт құбыласы түгел, аға сұлтан Құнанбайдың ұлы Абайға не жетпейді дейсің. Абайды – Абай қылған қазақтың қайғысы мен қасіреті.
– Сізді үнемі жазуға итермелейтін қандай күш, неден қуат аласыз, жазудың ғадауаты мен махаббаты неде, жазудан ләззат аласыз ба, шабытты қолмен ұстағандай ғаламат күй кештіретін жазу процесі туралы айтып берсеңіз?
– Жазуға итермелейтін қандай күш екенін өзім де білмеймін. Оны ешкім де білмейтін шығар. Өзіңе белгісіз сезімдердің жетегімен ақ қағазға ықтиярыңнан тыс дүние жазасың. Оны сол сәтте толық бағамдай алмайсың. Мен үшін поэзия деген – Алланың хикметі. Тақпақ деген пенденің гөй-гөйі ғой?! Анау бір алыс әлемнен бір хабар келеді, сен соны қағазға түсірушісің. Мұқағали да, Пушкин де солай болған. Ал хальтуршиктерге бәрі бір...
Жазудың азабын бір кісідей тартқан адаммын. Жаза салып бірден шығара салмаймын. Көп қиналамын, қайта-қайта қараймын, көңілімнен шықса ғана жариялаймын. Өлеңнің бейнетін тартпай, зейнетін де көрмейсің. Шындап келгенде өлең деген – азап екен! Мұқағалиға таң қаламын. Ол кісі бір жазғанын қайта қарамаған. Ол ерекше жаратылған адам ғой.
– Дәуітәлі Стамбеков сынды ағаларыңызды үлкен сағынышпен еске алып отыратыныңызды білем, Замандастарыңыз сізге әсер етті ме?
– Дәуітәлі екеміз бір ауылда өстік. Менен үш жас үлкендігі бар еді. Дәуітәлі екеуміздің өлеңдеріміз Ақтоғай аудандық «Қызыл ту» (кейінде “Арқа еңбеккері”) газетінде шығып тұратын. Бірақ кездеспеппіз. Алғаш оны Алматыда көрдім. Өзімді Дәуітәліге мәңгілік қарыздармын деп есептеймін. Жамбылдың менің пірім – Сүйінбай дейтіні бар ғой. Менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі. Өйткені ол болмысы бөлек жаратылған ақын болатын. Мен 1975 жыл армияға кетіп қалдым, сол жылы «Көктем тынысы» деген ұжымдық кітап шығыпты. Шешем салып жіберді. Тұманбай Молдағалиев алғы сөзін жазған екен. Қолыма ұстап отыра кеткенім есімде. Иранбек, Жұматай, Несіпбектер бастап 40 шақты ақын шыққан әлманах. Бірінші Несіпбек Айтов, екінші мен тұрмын. Тұманбай Молдағалиев екеумізді ерекше атап айтыпты. Сол кітапқа жүгіріп жүріп, мені енгізген Дәуітәлі Стамбеков болатын. Алматыға барған сайын Дәуітәлінің үйіне барам. Ол мені Алматының әдеби ортасымен таныстырды. Бірінші жанашырым сол Дәукең еді, ертерек 53 жасында қайтыс боп кетті. Мына правинциядан шыққан ақындар, әдебиет тарихында бірін-бірі мойындай бермейді. Бәрі өздерінше классик... Ал Дәуітәлі артынан келе жатқан таланттың талант екенін мойындап, алақанына салған санаулы ақындардың бірі. 1986 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне өттім. Дәуітәлі болса тентек мінезінен одаққа әлі өтпеген болатын. Мен ыңғайсызданып: «Бірінші сіз өтіуіңіз керек еді ғой»- дегенімде, «Мені қойшы, сенің өткенің дұрыс болды, сен ауылдасың ғой. Мен осында болсам түбі өтермін»- дегені. Сондай жүрегі кең адам еді. Шын ақындарда қызғаныш болмайтыны содан.
Суретте: Ақынның пірі – Дәуітәлі Стамбеков
– Сондай ақынның шығармашылығы насихатталмай жатқан сияқты көрінеді?
– Біздің «Қасым» журналы үзбей жариялап келеді өлеңдерін. «Сарыарқа» сериясымен Дәуітәлінің екі томдығы шықты. Оны өзім құрастырып бердім. Біздің замандас ақындар бір-бірімен иықтасып, қатарласып, тең жүретінбіз. Бір-бірімізді көтеретінбіз, бір-біріміз туралы жазатынбыз, айтатынбыз. Мен қазіргі жас ақындарға таң қалам, қызғана ма? Бір-бірі туралы көп айтпайды, жазбайды да. Қазіргі жастардың алғашқы жыр жинағы Мұқағалидың «Өмір – дастанындай» боп шығады, ол Мұқағалидың таңдамалы жинағы. Біздің кезде цензура күшті болды. Кітаптарымыз уақытылы шықпайтын. Сол шыға алмағанымыз жақсы болды негізі. Шығар жол іздеп күні-түні ізденетінбіз. Тоқмейілсімей, жанымызды қоярға жер таппай, шарқ ұрып бүкіл әлем әдебиетін шарлап оқып шығатынбыз. Қазіргі жас ақындар Тұманбай, Қадырлардың өзін жөнді білмейді. Үстінен ғана шолып оқиды. Гомерден бастап Маралтайға дейін көздің майын таусып оқып шығуың керек. Сонда барып бірдеме шығады. Біздің алдымыздағы ең жойқын буын 60-ші жылдардағы Өтежан, Мұқағали, Жұмекен, Фариза, Сағидың буыны болды. Бұл буынға дейін поэзия тақпақ деңгейінде болды көбінесе. Соғыстан кейін Қасымның дәстүрін жалғастырған осы буын. Бәріміздің жолбасшымыз, алдымыздағы сере қарды бұзған Қасым. Ол кезде Мағжан қара тізімде. Оны ешкім оқи алған жоқ. 60-ші жылдардағы буынның бәрі Абай мен Қасымға қарыздар. Мағжанның мектебі енді қалыптасып келеді. 70-80-ші жылдар біз поэзияға келгенде алдымызда осы буын болды да, бізге оңайырақ болды. Біз солардан үйрендік. Замандастарымның ішінде мен Жарасқаннан да үйрендім. Ол керемет ақын ғана емес, ғажап аудармашы еді. Бір күні Жарасқан Алматыда «Аққу» кафесінде отыр екен. Палестин ақыны Муин Бсисуді аударып жүрген кезі. «Шіркін-ай, арабтан тумаған екенмім. Арабтан тусам мұндай болмас едім»- деп күйінгені есімде. Бодан елдің ақыны боп тудық, құлашымызды кең сермей алмадық дегені ғой. Муин Бсисудың орысшасын оқы да, Жарасқандікін оқы. Артық болмаса, кем емес. Қазір бәрі ашық. Жастар не жазам десе соны жазады. Бұл жақсы да шығар, бір жағынан жаман ба деп те ойлаймын. Өйткені цензура барда адам ізденеді, аяқ-қолың бұғаулы болса бұлқынасың. Дегенмен қазіргі жас ақындардың арманы жоқ. Егеменді елдің балалары. Бұлқынып, шырқай алмаса өз обалы өзіне!
– Сіздің шығармашылығыңызда «ХХ ғасырдың 20 сәтінің» жолы ауыр болды ғой?
– Мен 35 жасымда Жазушылар одағына әрең өттім. «ХХ ғасырдың 20 сәті» деген поэманы 1977 жылы жазып бітіріп, Ақселеу Сейдімбекке апарып көрсеттім. Ақаң ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болатын. Редакцияға кіріп барғанымда: «Серік, қайда жүрсің? Мен сені жоғалып кетті ме, неге жазбай кетті деп алаңдап жүр едім»- деді. «Аға мен бармын. Армиядан жаңа келдім, сізге поэма әкелдім»- дедім. Ақаң жымиып күлді де, «Серік-ау, біз поэма баспаймыз-ғой, бізде бес өлең деген рубика бар, соған өлеңдеріңді бере ғой»- дегені. «Жоқ, аға, газетке емес, алдымен сіз оқып көрсін деп әкелдім»- деп тастап кеттім. 5-6 күннен кейін барсам, Ақселеу аға дән риза боп отыр екен. «Кеңшілік те оқыды, керемет таң қалып отыр, поэмаңды тастап кет, кейін басамыз»- деді. Сол беті хабар жоқ. Содан бес жыл өткен соң бір күні Қарқаралы да «Социалистік Қазақстанды» ашып қалсам 4- ші бетінде «Құрлықтар» деген атпен менің поэмам тұр. Талып қала жаздадым. Іле-шала Ақаң үйге өзі телефон шалды. «Газетті көрдім, рахмет аға!»- деп айтып үлгіргенімше, «Рахметті келген соң айтасың, сені Алматыға шақырып жатырмыз. Маған әдеби қызыметкер боп келесің»- деп келте қайырды. Бұны тізіп айта берсең ұзақ әңгіме. Алматыға тұрақтап қалудың реті келмеді, сол да дұрыс болды ғой деп ойлаймын кейде. Қысқасы дәм айдап Қарқаралыма қайта келдім. Жалпы «ХХ ғасырдың 20 сәтінің» жолы ауыр болды. Сол кездегі бір ақсақал классик ақынның «...бұл бала мағжаншылап кеткен екен, поэманы тұтас жариялауға болмайды! Бір-екі өлеңін ғана жарялауға болады»- деген. Бірақ, Ахаң оны сен жоғалтып аласың деп маған бермеді, ол сол Ақаңның архивінде сақтаулы болуы мүмкін... Цензурадан қиылып, туралып, быт-шыт боп шықты. Кейін Ақселеу аға сол поэмаңды кемелдендіріп, қырқылған тұстарын қайта жаңартып жаз деп ұсыныс айтты. Мен қайта жазып шықтым. Ақаң оны көріп үлгіре алмай кетті.
– Жуықта Алаштың аймаңдай әншісі Мейірхан Адамбеков өмірден озды. Таңдайына мың бұлбұл ұя салған әншінің қадырын қаншалықты ұқтық, ол басқа әңгіменің желісі еді десек те, сіздің «Шайтанкөл» әніңіз Мейірхан ағаның көмейінен күллі Алашқа тарап еді. Бұл ән қалай туды? Музыканы, ән мен күйді (шын мәніндегі классикалық қазақ музыкасы туралы айтып отырмыз) түсіне білу ақынның тынысын тіпті кеңейте түсетін сыңайлы?
– Ақынның ән шығаруы таңғаларлық зат емес. Абайда да, Қасымда да ән шығарған адамдар. Жалпы музыка мен поэзия бір әлем, егіз ұғым. Формасы ғана басқа демесең тіні, өзегі бір. «Шайтанкөл» – Қарқаралыдағы Ләйлә деген қызға ғашық болған кезімде шығарған әнім. Онда мен жирма жастамын. Өзім әнші емеспін. Бұл әнді ешкімге үйрете алмай әуре болдым. Бір күні әнші Сейіл Аяған бауырыма ыңылдап үйретіп едім, алғаш рет сол інім эфирге шығарды. Бұл әннің ең кемелденген нұсқасы сол Мейірхан Адамбеков орындаған нұсқасы. Бұл әннің бағын ашып, маңдайын жарқыратқан сол Мейірхан марқұм. Ол өзі елден ерекше жаратылған, болмысы бөлек, бітімі бекзада, талғамы терең ғажайып әнші еді. Өкініш сол, тұтқиылдан кетіп қалды.
Суретте: Дәстүрлі әннің дүлдүлі Мейірхан Адамбеков
– Cіздің жазу үстеліңізде үнемі тұратын кітаптар қандай? Адамдық һәм ақындық ұстанымыңызды қалыптастыруға әсер еткен бес кітапты (тұлғаны) атап өтсеңіз?
– Менің жазу үстелімде Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» деген трагедиясы тұрады. Мұны қолына қалам алған әрбір адам оқуы керек. Мен үшін Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» әлем әдебиетіндегі теңдессіз шедевр дүние. Ол оқыған адамын ғаламат ойларға жетелейді. Көкірегін ашады. Шын ақын деген не? Дәлдүріш деген не? Соның аражігін ажыратып береді. Кейінгі кезде Сальери Моцартқа у бермеген деген әңгімелер айтылып жүр. Сальери Моцартқа у берді ме, бермеді ме, онда менің жұмысым жоқ. Пушкиннің трагедиясында ол Моцартқа у берген адам ретінде қалды. Еуропаның бір соты Сальериды ақтаған да көрінеді. Егер Сальериді ақтаса онда Пушкинді өлтірген Дантесті де ақтау керек. Шәкерімді атқан Қарасартовты да ақтау керек. Сондықтан Сальери Моцартқа у берген адам ретінде тарихта қалады. Ғажап поэма. Өзі қысқа, ықшам жазылған. Сосын менің үстелімде Абай жатады, мен Абайды кеш оқыдым...
– Абайды оқудан қорқамын деп жазғаныңыз есімде. Өзіңіз айтқандай, Алаштың Рентігені Абай айнасына тура қарауға әр саналы ғұмыр иесінің жүрегі дауалай бермейтіні анық. Сіздегі тартынудың сыры неде?
– Мен Абай мен Құранды оқудан қорқамын. Абайды ертерек оқып, ертерек түйсінгенімде мен қайтып өлең жазбас едім. Маған ақын болудың керегі жоқ еді. Өйткені Абай мен Құранда бәрі бар. Абайды, құранды кеш оқығанымнан «шатып» өлең жазып жүріппін. 65 жасымнан бастап Абайды шүйлігіп оқи бастадым, 70 ке келген жасымда енді-енді түсініп келе жатқан сияқтымын. Мен Мұқағалиды, Тұманбайды оқып өскен адаммын ғой. Ал Абайда бәрі басқаша. Абайдың Пушкиннан аударған өлеңдерін оқышы. «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар Айға алыс». Пушкиннің өзінде де, орыс ұғымында да жоқ таным. Соны қалай шебер берген кемеңгер. «Қобыланды» жырында «Тайбуырлының қырық үш күндік кемдігі...» хақында тегін айтылмаса керек; ақын болып туған соң Аға сұлтан Құнанбайдың баласы болмағаннан кейін біздің бәріміздің де «қырық үш күндік кемдігіміз» көзге көрініп тұрады...Оны өзіміз байқамайды екенбіз, Құдай Тағала ғана бәрін сезіп, біліп тұрады, сонан кейін көзі қырағы, көңілі жүйрік, Құртқа – Халық байқайды екен оны...
– Көгермеді көсегем де, Жақындаспай қайманам, –Қан бақиды осы өлеңге, Қайдан келіп байлағам? Өмір сүріп өлеңсіз-ақ, Болам, мейлі, баспақ бір; Қазақ жыры –Нобельсіз-ақ, Ақсұңқарсыз да асқақ тұр- депсіз? Қаламға қайтып қол салғың келмейтін көңілдің қағажу тартқан осындай алағайлы шақтары жиі болып тұра ма? Ондай кезде жаныңызды немен жұбатасыз? Нені алданыш етесіз?
– Нобельды айтқан себебім, ол сыйлыққа лайық ақын-жазушылар қазақта да көп еді. Басқамызды айтпағанда, империяның тілінде жазған Олжастың алатын жөні бар-ақ еді. Тіпті Олжастың поэзиясы үшін болмаса да, атом бомбысының сынақ алаңдарын тоқтатқан еңбегі үшін бере салуға болар еді ғой. Бермейтіні бұл біздің сыйлығымыз емес. Бұл исі түркі жұртын мойындамайтын мысық тілеулі жұрттардың сыйлығы. Осыдан 2-3 жыл бұрын Түркияға бардым. Сонда бір кездесуде айттым. Нобель сыйлығын түрік текті халықтарға бермейді. Бірақ, бермейді екен деп қарап отырмай, сол сыйлыққа пара пар, балама сыйлық шығару керек. Оның қаражаты Нобель сыйлығынан бір шама көптеу болғаны дұрыс. Сыйлық Тұранның ұлы ақыны Мағжан атында болса тіпті ғанибет. Исі түрік жұртын Мағжаннан артық жырлаған адам жоқ. Бұндай сыйлық бола қалса, оны әуелі қазақ ақындарына берген ләзім. Себебі, қазақтың қара өлеңімен тізе қағысатын әлемнің 30 елінде бірде бір ел жоқ. Соның ішінде мұны Темірхан Медетбекке беру керек дедім. Түркі топырағында Темірханның «Көк түріктер сарынындай» дүние жазыла қойған жоқ. Қазіргі түрік поэзиясының шыңы – Темірханның «Көк түріктер сарыны». Шын мәнінде бұл ойланатын іс. Түркі дүниесінің абыройын көтеру үшін, мәдени, рухани байланысын қоюлату үшін бұндай сыйлық керек. Мағжан атындағы түрік халықтарының әдеби сыйлығы болса, оның бағасын түсіріп хальтуршиктерге бермесе? Нобелдің өзін көшедегі көрінген алып кетті ғой? Сонда түрік жұртының еңсесі көтеріледі. Рухы асқақтайды.
Суретте: Ақын бір топ қаламдастары ортасында
Қаламды қайтып қолға алғым келмейтін сәттер жиі болады. Әсіресе «Фейсбуктағы поэзия фестивалін» көрген кезде. Осылармен таласып неменеге ақын болдым екен деп кейіп қаласың. Мен фейсбукте отырғаныма көп болды, тіпті «Фейсбуктағы фәни жалған» деген кітапта жаздым. Фейсбукта Темірхан, Есенғали, Жәркендер жоқ мысалға... ал ана, бала-шаға бірін-бірін отырып ап мақтайды кеп, «Ой, мынауың, классика! Ой, мынауың, ғажап! Сен құбылыссың!..»- деп. Осының бәрі маған батады. Анти-поэзия деген осы. Қазір неше түрлі экспериментке баратын ақындар бар. Кезінде менде барғам. Сонда Ақселеу Сейдімбек ағам «Ей, Серік, есіңде болсын, дүниежүзінде ең кемеліне келген өлең мәдениеті қазақтың қара өлеңінде»- деген. Қазақтың қара өлеңі өзінің потенциалын тауысқан жоқ. Оның куәсі кешегі Мұқағали. Қара өлеңді бүлдіруге болмайды. Осы балалалар қазақтың қара өлеңін тәрк қылған кезде, қағазға қарағың келмей қалатыным бар
– «О, Тәңірі» ой толғамыңызда: «Мұсылман дінінде «Иджаз» деген ұғым бар. Бұл – «Алладан асырып, бірдеңе жасаймын деме, - асылық болады» дегенді ишарат қылады. Алдарыңыздағы Құран-Кәрімнің жырға айналған қазақы түрі – мұсылман баласының тәубаға түсіп, тілін кәлимаға келтірген бір сәті ғана. Көкейден шығып, көңілді тап басса, аруақ, жебеп, Алланың алқағаны деп ойлаймын»- деп жаздыңыз. Жүректің қажыр қайратын, ар тазалығын, сана тұнықтығын талап ететін «Құран әуендеріне» қалам тартуға не түрткі болды?
– Алладан асырып бірдеңе жасаймын деу асылық болады. Мен өзімше тыраштанып, құранның 10 шақты сүресін поэзия тіліне түсіріп көрдім. Мен құранды шын мәнінде көктен, Алладан түскен кітап деп ұғам. Оған еш күмәнім жоқ. Оның құпиясына бойлаған, тылсымын ашқан әлі ешкім жоқ. Онда адамзаттың барлық ғұмырнамасы мен құпиясы жатыр. «Құран әуендеріне» келуіме «Молодая гвардия» баспасынан шыққан Валерия Порохованың ақ өлеңмен аударылған құранның мағынасы мен түсінігі туралы кітабы себеп болды. Ол барынша түпнұсқаға жақын және көркем нұсқасы. Сосын шешеме айттым, «Тәте, мен құранды аудардым»- деп? «Қой, балам, құран аударылмайды ғой»- деді. Сосын о кісіге құранның орыс тілінде шыққан 3-4 аударма кітабын көрсетіп, өзімнің аударғандарымды оқып бердім. Мен өзі әр жазған дүниемді бірінші шешеме оқып беретінім жасымнан сіңген әдетім еді. Тәтем: «... құранды да аударуға болады екен ғой?!.»- деді де қойды. Басқалар қалай ойлайтынын білмеймін. Поэзия деген ешкім ашпаған құпияны ашу ғой. Бірнеше аятын аударған соң, қоя қойдым. Құранды оқыған адам, түсінген адам тек қана соның илахи жолымен жүру керек екен. Ал, ақынға қиын...
– Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин: «Серік бауырым, сен Мағжаннан кейінгі екінші ақынсың»- деп алқалағанын жұрт аңыз ғып айтып жүр? Өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Иә, солай деп айтты. Мен қатты ыңғайсызданып қалдым. Бүгінгілерді айтпағанда Мұқағали қайда? Қасым қайда?... Көзі тірі менің қатарласым Темірханды қайда қоярсың? Өзіммен қанжығалас келе жатқан Есенғалидың өзі бір төбе ғой. Бір ғана Жәркен жыраудың өзі неге тұрады. Ұлықбектің «Киіз кітабы» қандай ғажап! Қазақта менен де мықты, менен де күшті ақындар көп қой! Мұхтар Мағауин деген бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен кемеңгер тұлға. Бұл Мұқаңның өзінің жеке пікірі. Өйткені, ол кісі ұлтшыл адам, ұлтшылдықты жақсы көреді. Ал менің өлеңдерімнің темірқазығы – Алаш! Ол кісі соған сүйеніп айтқан болар деймін. Мен оны маған деген ілтипаты, артқан сенімі мен жүгі деп қабылдадым. Жалпы мен мақтауға, мақтан сүйгіштікке қарсы адаммын. Жас күнімде «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып, таң ата тамамамдай бергенде, шешем келіп: «Әлі ұйықтамағансың ба, балам?»- деді. Мен: «Жоқ, тәте, өлең жазып отырмын. Ұлыңның алдына түсетін ақын жоқ қой қазір!»- дедім! Шабыт буып, шалықтап сөйлесем керек. Шешем сәл тіксініп, қабағын түйіп: «Не деп отырсың? Абай бар емес пе? Өйтіп айтпа, асылық болады!»- дегені. Содан бері мақтануды қойғам...
– Қазіргі қазақ поэзиясының хәлі қалай? Өзіңізден кейінгі әдебиетке келіп жатқан ұрпақтың шығармашылығына көңіліңіз тола ма? Қазақ өлеңінің алдағы бағыт-бағдары қалай болғаны жөн деп ойлайсыз?
– Қазіргі қазақ поэзиясы туралы ойларымды барлық жерде ашық айтып жүрмін. Біз енді дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп ентігімізді баса алмай келе жатқанымызға біраз болды. Түркияға барғанда олардың даму үрдісі бізден әлде қайда көш ілгері кеткенін байқау қиын емес. Кемі жүз жыл алдыда ма деп ойлайсың. Бірақ қазіргі түрік поэзиясынан қазақ поэзиясы әлдеқайда озық тұр. Дүниежүзі поэзиясында қазақ поэзиясымен үзеңгі қағыстыратын ел жоқ. Қазіргі қазақ поэзиясы толықсып, кемеліне келіп тұр. Мемлекет инвестицияны осыған құю керек. Ақын--ұлтының жүрегінің кардиограммасын қағазға түсіретін адам. Бүгінде оның еңсесі төменшіктеп тұрғанмен, күннің күні ол адамзат қоғамындағы өз орынына келмей қоймайды!
Атұстары әзер туып бір ердің,
Ат қоярда тығырыққа тірелдім.
Сасқанымнан Ақсұңқар түсіп аузыма,
Өз әкемнің атын қойып жібердім...
(Ақынның өлеңдер топтамасын мына жерден оқи аласыз)
– Қазақтың біраз мықты ақындарына Мемлекеттік сыйлық бұйырмай келеді. Ана бір жылдары өзіңізде бақ сынап көрдіңіз. Алдағы уақытта тағы түсу ойыңызда бар ма?
– Мемлекеттік сыйлық берудің украиндық дәстүрі бар. Украинада Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия бар. Комиссия тұрақты жұмыс істейді, айлық алады. Жақсы бір шығарма туды ма? Ешкімнің телефонына қарамай, комиссия оны өзі талқылайды, «Бармақ басты, көз қысты» болмайды. Шын мәнінде мықты шығарма болса бере береді. Күндердің күні бізде осыған келетін шығармыз. Бізде өзі жалғыз сыйлыққа бәрімізді таластырып қояды ғой. Биыл Абай жылының құрметіне, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық болып өзгерді. Бұл жақсы жаңалық. Енді осы сыйлықтың санын арттырса, кемі 2-3 мықты қаламгерге берсе, содан елдің байлығы кеміп қалмайды ғой.
– «Өмір деген – Сайтан менен Періштенің тартысы. Сүюмен өтті жартысы, Күюмен өтті жартысы. Күлумен өтті жартысы, Жылаумен өтті жартысы”- дейсіз? Бұл күнде неден күйінесіз, немен сүйінесіз? Өлімнен қорқасыз ба? Өлім туралы жиі ойлайсыз ба?
– Өлім жайлы ойланамын. Өлімнің келетіні хақ. Оған ешкімнің таласы жоқ. Ол ханға да, қараға да, ақынға да бірдей. Оның алдында бәріміз теңбіз. Өлімнен қорықпаймын. Өлімге дайындалу керек. Қамшының сабындай қысқа ғана өмірде, ештеңені бүлдірмей, еліңді ренжітпей, ешкімнің наласын арқаламай өткенге не жетсін!? Қазіргі қоғамды көзі ашық жұрт көріп отыр. Елдің жайы қалай болса, менің күйімде солай. Мұндай өткелектен елдің бәрі өткен. Біз де өтеміз. Ұзаққа созыла қоймас деймін. Анау, елдің бәрі жетіп жатқан өркениетке бізде жетерміз. Атыраудан Алтайға дейінгі өлкені сақтап қалған менің елім ол күнге қалай жетпесін. Заман түзеледі. Күреспен, біліммен, ғылыммен түзеледі. Қазақтың болашағы алда деп ойлаймын. Күдер үзіп, күйзеліске түсуге болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет аға.
Әңгімелескен: Ұмтыл Зарыққан
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.