Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Серік Мұқыш. Менің де бір биік тауым бар еді (эссе...

09.07.2024 941

Серік Мұқыш. Менің де бір биік тауым бар еді (эссе) 12+

Серік Мұқыш. Менің де бір биік тауым бар еді (эссе) - adebiportal.kz

Бүгін нағашы ағамның мерейтойы болып жатыр, той болғанда да үлкен той – жетпіс жасқа толған мерейтойы. Бұл күні шынында ең қуанатын адамның бірі мен болатын едім, Өйткені ол менің ең биік тауым...

Әлқисса...

ХХ ғасыр. 1970 жылдардың соңғы кезі болатын, Біздің үй Алтай аймағындағы Алақақ деген ауылдың шетіне ала тұратын-ды. Ауыл балаларымен бірге сиыр айдау, бұзау жаю менің мектепке барудан тыс күнделікті жұмысым болған. Бір күні, балалармен бұзау айдап үйге қарай бара жатқанда, ауылдың жоғарғы жағынан келе жатқан екі атты кісі көзімізге ерекше көрінді. Үлкен кісілер екен, үлкен болғанда кәрі адамдар емес, денелері үлкен, дәу көрінді. Ауыл адамдарына мүлдем ұқсамайды, киімдері әдемі, жүрістері де бөлек. Қолдарында әдемі шабадандары бар. Бізге қарай келе жатты. Иә тура біздің үйге қарай. Шошығаным ба, таңғалғаным ба білмеймін, бұзауларды тастай сала үйге қарай жүгірген қалпы шешеме жеттім:

 - Шеше! Біздің үйге бөгде кісілер келе жатыр! Бойлары ұзын соқталдай, денелері үлкен дәу кісілер... 

Шешемнің көзі жарық ете қалды да, қолындағы илеп жатқан нанды қоя салып, беліне байлаулы шалғышын шешуге де үлгірместен, ұн жұққан қолын сүртпей тысқа қарай ұмтыла жөнелді. Мен шешемнің мұндай лыпылдап жылдам жүргенін көргенім осы екен, мен де соңынан ере шықтым. Шешем келген екі кісінің бірін бас салып құшақтай алды да бетінен сүйді. Көзінде жас бар. Таң қалдым, шешемнің бізден басқа біреудің бетін сүйгенін көргенім осы екен!? Шешем сәл ыңғайсызданып ұялып қалғандай бізге қарап күлімсіреп көз жасын сүртіп: «Айналайын, менің бауырым ғой! Бауырым болғанда бірге туған бауырым!» - деді шешем дауысы дірілдеп. Мен:

- Қалай бауырыңыз, сізге ұқсамайды ғой... Оның денесі дәу, қолдары да үлкен, білектері тіпті менің санымдай ғой? - деймін дым түсіне алмай. 

- Жас кезімде мен де дәу болғам, қазір қартайдық қой -деді шешем маған қарап: 

- Ол бала кезінде спортшылыққа таңдалып ауылдан кетіп қалған. Менің бауырым ғой, Бүгіндері Үрімжі қаласында тұрады... Бейжің қаласында да болды. Ол үлкен спортшы, халқына, еліне талай рет үлкен абырой алып берген. Шешемнің сөзінен ұққаным ол дәу жігіт шетелдерге барып, ел намысын қорғаған азамат!? Шешем бауырының ерлік еңбектерін айтып мақтанып айтқанда онсыз да мейірімді жүзі жадырай, жарқырай түсті.

Шешем бауырын мақтаған сайын, менің де жас жүрегім бір түрлі тулап сала берген. Тұла бойым біртүрлі қозып, тұрған жерімде ыршып-ыршып түстім. Қуанышымда шек жоқ! Бір түрлі мақтаныш па, шаттық па, жоқ әлде анау даңқ абыройдың шапағаты ма, әйтеуір бір шарапат тұла бойымды керней жөнелді. Көзімде ыстық тамшы жас парлады!!!

***

Менің осындай бір үлкен, абыройлы, тау тұлғалы нағашы ағамды көріп, ауылдағы бірге жүрген балалардың бәрі де біліп, тәнті болды. Ия содан бастап бірге ойнайтын балалар ортасында болсын, мейлі мектептегі көп ортада болсын, мен тек нағашы ағаммен ғана мақтанатын болғам. Содан бастап, нағашы ағам менің жас кеудемдегі Алтайдың үлкен бір биік тауындай айбарлы тұлға секілді болды. Мәңгі менің кеудемде лапылдап жанып тұрған өшпес алау, от-жалындай болды! 

Сол сәттен бастап мен, сол биік таумен мақтанамын әр қашан, сол биік шыңға қарап өстім, ержеттім, жетілдім.

Кейін келе есейдік, кәсіптік білім іздеп мектепке түстік, қоғамдық жұмыстарға араластық. Мейлі қай жерде болсын, алдымнан кез болған «мықтылардың» барлығын да осы осынау еңселі де биік таумен өлшеу – әдетіме айналып кеткен еді. Ия, сол менің кеудемдегі ең биік тауым!

Сондықтан да болар, кейінгі кезде осындай бір жеке дара орқаш тау, ондай биік тау тұлғаны жолықтыра алмаған тәріздімін. Мүмкін кез болған да шығар, бәлкім нағашы ағама деген ерекше құрмет, ерекше сый мен табынушылығымды өз алдына биіктетіп тұрған да болар. Байқауымша нағашы ағам, менің өмірлік бағдар шамыма айналған сыңайлы. Сол кезден басталған болар, мен өзімді сол биік таудың өлшемімен өлшейтін болыппын, әрбір жұмысымды, табысымды, жеңісім мен азды кемді жетістігімді. 

Фотоөнердің жолында

1990 жылдардың басы, мен фотографиялық кескін өнеріне қатты әуес бола бастадым. Бұл өнерге құштар болғаным соншалық, бұл өнерге жабысқаным жабысқан, одан қол үзе алмайтындай күйге түстім. Бұл өнермен табысқаныма 30 жыл болыпты. 

Әйтеуір әліге дейін жүрміз бірімізге біріміз «серік» болып... Осы бір құдіретті өнер өзіме қатты ұнайды. Айта берсем бұл өнердегі 30 жылдың алғашқы 20 жылы: өзім үшін аса қызғылықты өткендей. Қызығы бар болсын, сол қызыққа берілгенім соншама, фото өнерінің мәні емес сәніне қарай терең беріліп кеткен секілдімін. Мұндай жағдай жалпыға ортақ науқанға айналарын білемін... Мен мұны соңғы кезде байқадым және оны маған төбемнен ұрғандай білдірді ғой тәңірім! Өйтсе де сол 20 жыл бойы фото өнерінің әдемілігін, сұлулығын, сол бір тәттілігін ғана бойлап жүре беріппін. Кеудемдегі биік таудың сағынышты сағымын, сол өңірден іздеп кеткенімнің тағы бір қыры осы болар. 

Қызықты жылдар

Мың сиқырын қыр гүлінің қызығына түстім бе, әлде шыжығына түстім бе? Оны өзім де дұрыс аңғармаған секілдімін. Қыр гүлінің, бұлақ суының, асқар таудың, әсем жайлаудың бәрінің сәнін ғана сезініп, сұлулығын ғана іздеппін. Сол тәтті суреттің бал құшағында мажаурап, мас болып қалып қойғанмын. Өткен 20 жыл уақыт осылайша, бал-шырын, тәтті тұман арасында зу етіп өте шығыпты. Бір қызығы, қарап тұрсаң, фото өнері ғажайып өнер, нағыз қазаққа ғана жазып қойған өнер ме деп қаламын кейде. Себебі, қолыңа осы құдіретті жалғыз көзді жұмыр темір «камера» тиген заман, ата қоныста асқар тауларға қарай тартасың, сол әсем жайлаудың сұлу көріністерін қалай жақсы түсіруді ешкім үйретпесе де, санаңа жазып қойғандай сайрап тұрсың. Сондықтан да тауларды бетке алып, биігіне қарай беттегің келіп тұратыны бар. Бейне таулардан бір құдірет көрініп тұратындай!?

Тау биігіндегі ой

Тауды көрсем қашан да жақындағым келетін, жақын барсам биігіне шығатындаймын. Ал зау биігіне шықсаң ар жағынан одан да биік-биік тауларды көресің. Сол көрінген биік таулардан бір түрлі қорек алатындай, мол тыныстайтын боласың. Ия сол көрінген таулардың бәріне де барғым келеді. Бірақ, ол тек арман. Қиялдап қана қоясың. Арманың тым алыста болғандықтан ба? Қажетіңді тау бөктерлеп іздейді екенсің. Бірақ ол ұстатпайды, таппайсың. Сосын биігіне қайта-қайта телміре тамсанасың, күрсінесің. Сондағы - қолына фотокамера алған жігіт, бұл таулардан не іздеп жүр екен? Арман ба, сағыныш па? Жоқ әлде ол, махаббат па!? Таулардың биігін аңсау, армандау деген болады ғой әркімде, бірақ оны бағындыру, оны жеңу, айта салғандай жеп-жеңіл іс емес екен ау!? Оған уақыт керек, тек уақыт емес, оған үлкен «дайындық» керек. «Дайындық» деген ол: ішкі түйсік, білім қорыңның дайындығы, ол жинаған тәжірибенің дайындығы. Ол үлкен белес, үлкен сын. Қаншасы бар бойыңда, барлығын белгілейтін міне солар ғой. Мен нағашы ағамды сол тауларға теңейтінім де сондықтан болар. Қызығы сол биіктерге, заңғар тауларға барғым келеді де тұрады. Менің байқауымша сол тауларға шыққысы келетіндер аз емес... Бірақ та сол шыңдарға шығып, оны бағындырып жүргендер көп көрінбейді көзіме. «Дайындығы» барлардың көп емес екендігі де содан болар. Мен сол тауларға шығудың жолын іздедім, ұмтылдым, бірақ жете алмадым. Өйткені менің жасаған еңбегімнің, жаратқан шығармамның, қорытқан тәжірибемнің жеткіліксіздігін, түсірген суреттерімнің сол дайындыққа сай келмейтіндігі белгілі болды. Фотографиялық негіздік өлшемдерге сәйкес келмейтіндігі көріне қалады!? Бір қарасаң анау мықтылардың түсірген тауларының мәні бар сияқты, ал менікі оларға мүлде ұқсамайды. Бейне бір қолдан жасап қойған эскиздерге ұқсайды, сонда бұл менің, биікке шыққанды қойып, жақындауымның да мүмкіндігі жоқ екенін білдіргені ме?-деп алаңдадым, сөйттім де мен суреттеріме әр қашан күмәнмен қарайтын болдым...

Тағы бір сана

Солай, 2000-жылдардың басы, фото суреттің қызығына, қызығы болғанда көріністің сұлулығы мен тәттілігіне берілгендер, соған кіріп соңына түскендер өршіп тұрған кез еді. Сол фотосуретшілердің де, басқалардың да тәтті көрініске, сұлу табиғатқа аңсары ауып, бастары айналған кез еді. Сол фотосуретшілердің қатарынан орын алу абырой саналатын ол кезде. Топ-тобымен түсірілімге шығып, тәтті суреттің бәсекесінде жүрдік. Сол ортаны жарып шыққан маңдай алды туынды жаратқандарды жоғары бағалайтынбыз. Солардың қатарында менің де өз көлеңкем жүрді, ал менің артымнан ергендер де аз болмаған, әрине мен оның бәрін бірдей заңғар таумен өлшемеймін, бәрі де ұшпаққа шыққысы келетіні белгілі, дәмелі. Бірақ, бәрі бір ол тек арман болып қала береді. Қолындағы жұмыр темір мен тауларды бағындырам деу, тәтті суреттер мен жалпақ елді мойындатам деу шындыққа қанша жақын екенін айта алмаймын. Тым бұлыңғыр көрінеді санаға. Бірақ сол заманның ұраны сондай еді. Француз мүсіншісі Огюст Роден: Өмірде сұлулық аз емес, сол сұлулықты көретін көз аздық етеді – деген екен. Көпшілік үйреншікті, кейде құлаққа әбден сіңісті болып кеткен бұл сөздің бір ғасырдың алдында айтылып кеткенін, әлемдегі өнер туралы негізгі түсінік ендігәрі тек сұлулық емес екенін естен шығарып алған тәрізді, әсіресе өнер адамдары үшін. Сондықтан өнерге деген танымды өзгерту үшін, алдымен өнер тарихы мен өнер философиясын түсініп алсақ, сонда ғана әлемде өнер тарихы да өнер философиясының өзі де өзгеріп жатқанын байқайтын болар едік. Ия бұл менің бүгінгі санамдағы танымым саналады. Сол себепті шыңға шыға алмаудың себебі неде екенін кеш болса да түсіндік-ау әйтеуір. Осылайша есе тәтті фотоның құшағында жатып 20 жылдың қалай өте шыққандығын өз басым білмей де қалыппын. фотографияның мәнін әсемдіктен, айбынды таулардан іздеп, соншама уақытты өткізіп алған соң барып санаға фото суреттің сәнінен гөрі мәніне үңілудің қаншама маңызды екені жөнінде ой түскен.

Әлем және әлем

Фотография мен көркемөнер арасындағы байланысқа қатысты Жан БодлерJean Baudrillar)1929-2007 Қазіргі заман Батыстың ойшылдары ішінде өз орны бар ойшыл, фотожанашыр философ, француз жазушысы, постмодерндік теоретик, бір кездері постмодернист діни қызметкер деп аталды) мынаны ескертеді: «...Қауіптілігі сол, көркемөнердің жайпауында, фото өнері көркемдік негізге қарай бұрмаланып барады. Фотография да антропологиялық елес болғанымен, егерде ол сұлулық жағынан үңіліп кірісетін болса, онда ол антропологиялық қасиеттерінен айырылғаны». Атақты фото жанашыр философтың ескертпесін ескергендер болды ма сонда?

Беу, махаббат!

«Музыка» атанып кеткен Моцарт сияқты, «әдебиет» аталып кеткен Кафка, өнерден махаббат іздеген. Ол университеттегі шәкірт кезінде, бойында сурет салу қабілетінің бар екенін білген Кафка: «...сурет салғым келіп тұрады, оны көргім келіп тұрады, көрген соң оны ұстағым келіп тұрады...», - дейді екен. Ол қанша тырысқанымен одан нәтиже шықпаған. «Махаббат ақ қағазда емес, хак жүректе» - деп, салған суретін достарының қаншама тамсана, таңғалғанына қарамастан, оны басқа ешкімге көрсетпестен жыртып тастап отырады. Ақыры суреттен таппаған ол, махаббатты әдебиеттен тапқан еді. 

Ия, даналар махаббатты өнерден іздейді екен, біз қайдан іздеп жүрміз. Тауда да бар шығар махаббат, бірақ ол саған қарай ма? Сенің сырыңды тыңдайма? Өйткені оның тілін таппайсың. Сыры жоқ жерде махаббат болама? Содан да болар, менің тау бөктерлеп іздегенім. Сол таудың басынан емес ау, етегінен тапқаным, 20 жыл бойы іздегенім - тау көрінісінің сәні емес кереметтей мәні болды.

Тағы да осы ХХ ғ.1950 жылдары Францияның танымал деректі фото шебері Марк Рибоуд батыс Еуропа елдерінен Азиядағы қытайға фотосурет түсіруге рұқсат алған тұңғыш фотосуретші. Қытай билігі оған жаңадан салынып жатқан Ухань Янцзы өзені көпірін түсіруді міндеттелген. Алайда ол фотокамерасын айбынды да көркем көпірге емес, көпір астындағы тозығы жеткен желкенді қайықтарға туралаған болатын. Сонда Марк Рибоуд көпірдің сәнін емес, мәнін сол көпірдің астынғы өңін тапқан еді.

Нағашы сана

«Бір өнердің шын мәні сол өнердің өзінде емес» деген байырғы қағидат көне теория бар, сол бойынша қарасаң фотоөнерінің де мәнін фотографияның өзінен таппайсың, яғни алып шыңның да мәні тұлғасында болмағаны ғой сонда. Нағашы ағамның менің санамдағы биік тау тұлғасы тек сыртқы бейнесі мен алыптығында емес екенін содан бастап түсінгендей болдым. Осыны түсінуге барымды салып тырыстым да, өйткені менің арманымның «бойына құдіреті бөлек, қасиеті өзгеше поэзия өнері бар екенін ол жас кезінде байқаған, ол өлеңнен махаббат іздейді» - дейді менің нағашым. Сондықтан да болар, оның кесек-кесек 6 том өлеңдер жинағы бірінен соң бірі, таласа жарық көргені. Сондықтан да мен нағашы ағамды «үлгілі» жан есептеймін.

«Батырды ана туады, ақынды құдай жаратады» деген асыл сөз бар екен дана халқымызда. Ал менің кеудемдегі осы кісіні «тау тұлға» десем артық та кем де болмас. Ендеше батыр болсын, ақын болсын, сол «тау тұлғаны» туған анадан менің де анам туған ғой!? Иә осының бәрі-бәрі, 30 жыл бойы кеудемде сақталған, бірақ мен түсінбей келген биік таудың мәні де, сыры да енді-енді ашылғандай сыңайлы. Сол мәннің, сол сырдың бірі – кітап оқуда. Қазіргі қолына кітап алғанның орнына телефон ұстаған дүйім-дүние сиқыр да сырлы заманда, кітап оқып отырғанды көрсек таңғалуды шығардық... Ендеше таңғалсаң соған таңғал, менің нағашы ағама таңғал. Қашан көрсең қолынан кітап түспейді, өнердің биігіне жетелейтін тек білім. Есімде «білім күш» деген осы бір сөз бар әлі де, сонда білімі бар кісінің, күшті «қуатты» болғаны ма? Сонау жастық шағымызда бұл сөз ұран секілді болып бойымызға сіңген еді, алайда кейінгі кезде бұл сөзге күмәнмен қарайтын болғаныма өзім де таңқаламын!? Қайсы кітаптың жігін жатқызып, қырын сындырып жүргендер аз емес ау, арнайы ЖОО тауысқандардың қатары да жетеді. Бірақ та солардың бәрінің бойларына өнер тамып тұрғаны шамалы, өз маңымнан да көп екені көрініп тұрған жоқ, сондағы менің білгенім: білімнің өзі күш емес, білімді санаға тоғытып, қорытып, тәжірибелер арқылы ақылға, даналыққа айналдыруға болады, ал күш деп отырғаны осы даналық болар.

Мен бұны нағашы ағамнан сезіне алатынмын, ол сонысымен өзіндік болмысын қалыптастырған секілді. Өйткені мен де кітапқа жақынмын, сол биік тауға жақындауымның өзі де сол білім іздеуімнің арқасы болар. Жастайымнан тіл сауатын өз ана тілімде емес, басқа тілде ашқанымның зиянын шеккен болсам да, соңғы кезде пайдасын да көргенім бар. Бір жағынан ұлт мәдениеті мен әдебиетінен, тарихы мен дәстүрінен кенделеу сезінгеніммен, енді бір жағынан өзге тілдің игілігін еселеп көрдім десем артық айтқандық болмас. 

Дегенмен де

Екі тілмен ізденіс жасаудың арқасында, бір қанша сәттерде мұнша жоғымды тауып алғандай болдым. Осындай ізденістер арқылы деректі фото өнерінің қос қанаты – поэзия мен философия екені туралы танымдар қалыптаса бастаған. Содан бастап бір түрлі мол байлыққа ие болған адамның күйін кешкен де кездерім болды. Ия  білімнің күшке айналауы дегені осы болар, мен бұны нағашы ағам арқылы сезінген едім. Өйткені ол менің бағдар шамым, ол менің бағдарым деген сенімнен айырылған емеспін. Білімнің күшке айналғаны соншама құдіретті сенім мен қуат пайда қылғандай бойыңа, ғажайыптығы сонша, білім іздеуді бір сәт тоқтатуыңа мұрсат бермейтіндей сезіледі. Ғажайыптығы соншама, білім алған сайын надандығың байқала береді екен ау тәйірі... Ежелгі грек ойшылы, философ Сократтағыдай (469-399 жж): «өз надандығыңызды білу - ең үлкен даналық...».  Бұ ғұламаның: «басқалардан артықшылығым-өз надандығымды білемін» -деген сөзін оқығанда оған көзім де ойымда жетпейтін еді. Тіпті сенбейтінмін де. Ия мен бұл жерде өзімді ұлылар қатарынан елестеткім келіп отырғаным емес, тек ұлылардың ізіне көз салу. Ал нағашы ағамның да елден ерекшелігі оның қашанда өзін төмен ұстайтындай көрінетіндігін еске алмай тұра алмаймын.

Заманның өзгерісіне сай, соңғы кезде күрделі өнер жолының өзі адамды да оның жүрген жолын да талдайтын сыңайлы, мысалы мен көбінде ежелден келе жатқан «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген атам қазақтың айтқаны бойынша жүрген едім, оның нәтижесі қандай болғанын көрдік, айтып та бердім. Ия көппен жүрем деп адастым мен, ол бәлкім өз нашарлығымнан да болар, Кейде мен өзімді кінәлаймын, өйткені, егер де көп адасса, мен неге көппен бірге адасуым керек? 

Кінә кімге тағу керек...

Мені өнер іздеу жолынан адастырмай әкелген не құдірет!? Ол осындай талпыныстардың арқасы ма деп ойлаймын. Өйткені маған кез болған жол, түзу емес, тура емес, бұраңдау болса да, ол өмірдің тәттісі де, ащысы да көрсететін жол екенін білдірген осы күш. Таулардың құр қаңқасын емес, оның төңірекке берген жылуын, күші мен қуатын байқауға мүмкіндік тудырды... Әсте бұларды байқау қиын емес секілді, бірақ оны түсініп, бойыңа сіңіру оңай бола қойған жоқ. Ал енді үңіліп жан - жағыңа қарасаң, мен жүрген бұл жол да, менен басқа ешкімде көрінбейді, жапан далада жалғыз жүргендей өзімді біртүрлі сезіндім. Бар жолдасың уайым мен алаң, жалғыздық пен үміт, бұл жолға қалай түсіп кеткенім бір өзіме ғана мәлім... Әрине бұл жолды ойлаған да, талдаған да өзім ғой!!! Бұл жолды таңдауыма себеп болған алдыңғы 20 жылдық фотоөнердің тәжірибесі деп қайталай айта бергім келеді. Солай ақ болар өзімнің де көздегенім. Өмір бойы санамда қасқайып тұрған сол бір биік тау, өмірлік қадамыма өлшем бола қалған ау.. Ендеше сол сананың қуаты осы жолға түсуге мәжбүрлеген секілді.

Дүние құбыл – Уильям Эглстон

Бір досы орманға нендей сурет түсіруге барғанын сұрағанда, Ол: «Мен демократиялы жерден бірдеңелер түсірдім...» деп жауап беріпті. Ол қандай суреттер? Қандай мәні бар?-деп сұрағандарға Уильям Эглстон (William Eggleston 1939 американдық түсті фотосуреттің әкесі): «Мен ағаштар мен оның балшықтарын қоса түсірдім, және жердегі асфальттер бар», - деп жауап береді. Ия бұл ойды оқығаннан кейін, таң қалатын шығарсың... Бұл да құдды Эглстонның көптеген шығармалары секілді, түсініксіз, жұмбақ тәрізді. Мәтел, қарасөзге ұқсайтын әңгіменің бұл түрі түсініксіз болатын. Ал Хайдеггердің «Ормандағы жол» шығармасын оқығандар болса: есіне еріксіз бірден түсіреді: «Сары орман арасынан екі айрық жол кез болды, екеуімен де жүре алмайтының өкінішті-ақ. Мен сол қиылыста ұзақ тұрдым, жол сорабы көзімнен жоғалғанша, қадалып қарап тұра бердім, тұра бердім...». «Ормандағы жол» тақырыбын түсінуім – егер де жолдардың анығына жете алмасаң, бұл жолға қашанда сене салуға болмайды деген ишарат. Орманда жолдар бар ау, тек тәжірибеге сүйенгенде ғана адаспайсың. Иә, бәрін айт та, бірін айт ұлы Абайдың шынын айтқаны да, дәл осындайда еріксіз есіңе оралады: Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Оның аты Лүи Нән (Lu Nan) 呂楠

Қытай әлеміндегі ел арасынан, мен білетін сол биіктік өлшемімен өлшене алатын, фотоөнеріндегі ұлыларды да іздеп көрдім, таптым да. «Қытай ұлттары» журналында 5 жыл қызметтік жұмыста болған, жұмыс орыннан қол үзіп, тәуелсіз фотосуретші жолына түскен бір тұлға бар. Оның аты Лүй Нән (Lu Nan). Осы жолда жалғыз өзі, неміс ақыны, философ Гетенің шығармасын жанынан тастамай серік қылып, фотокамерасымен бірге алып, тибет даласын кезіп, таулардың биігіне сапар шеккен жан. Ол Гималайдың кең үстірті мен жазығын кезіп жүрді, жалғыздық пен уайымы да болмаған тәрізді онда. Әлемдегі ең биік таулар мен жоталы қыраттар мен Цинхай-Тибет Qing hai xi zang青海西藏, үстіртін жалғыз өзі шарлады. Өйткені ол бәріне дайын еді. Басқа ұлт, бөтен діндегілерді жау санайтын тибеттер өңіріне батыл қадам тастаған бұл фотосуретші, тибеттер өңіріне үзбей 5 жыл бойы барып жүрді. Оның бұл сапары 15 жылға жалғасып, соңғы қорытындыда ілгерінді-кейінді «Тибеттегі төрт маусым», «Қытайдағы дөңестер (төбелер)», «Ұмытылғандар: Қытайдағы психологиялық науқастардың жағдайы» сынды 3 кесек шығарманы түсірген. Оның бұл шығармалары қытайда фотоөнер саласын қатты сілкіндірді. Әлемдегі ең әйгілі фотоөнер ордасы – «Магнум» фото агенттігінің де ерекше көзіне түсіп, сол себепті ол «Магнумның» қытайлық бірден-бір өкілі болды.

Ву Джиа Лин 吴家林

Бұдан тыс айналып өтуге болмайтын басқа да ұлылар бар. Солардың бірі Юнь нан провинциясындағы өте танымал деректі фотосуретші Ву Джиа Лин (Wu Jia Lin  吴家林).

Ол Қытайдағы ең жоғарғы фотоөнер одағындағы мамандардың «халық өмірінің ащысы емес, көркемдігін көрсету керек» деген сынына ұшырап, «толымсыз шала шығарма» қатарына енгені бар. Оның тау ішіндегі қарапайым халықтың шынайы өмірін бейнелеген «Юньнан тауының адамдары» шығармасы, 1997 жылы АҚШ-та әлемдік ірі сыйлыққа ие болып, дүние жүзіне ең танымал 83 фото шеберлері қатарында атақты «қара тысты кітапқа» енген бірден – бір қытай фотосуретшісі болған. Міне осыдан мен қытайдағы фотоөнеріндегі үлгі тұтар адамдарды тани бастадым. Әрине фотоөнеріндегі таулар әлі де шексіз. 

Роберт Франк Robert Frank

Ал әлемді сілкіндірген деректі фотошебер Роберт Франкты (Robert Frank 1924-2019) айтпай өтуге болмайды. Оның осыдан 70 жыл бұрын түсірген – «Американдықтар» фото шығармасы жұмбақтығымен (сырлылығымен) фото өнерінің «інжілі» атанып, әлем фотографиясының бағытын өзгертіп кеткен... Ол дүниежүзілік фотоөнерінің ескерткіші, ол әлемдік биік тау, оның әлемдік биік тұлғаға айналуының сыры тереңде жатыр. Алайда тағы бір жағынан оның жас кезінде, Нобель әдеби сыйлығының ең жас иегері, франциялық жазушы, Абсурдтық ойдың философы Альбер Камюдың (1913-1960) шығармаларын үнемі оқитынына да байланысты болар. Оның шығармаларынан Альбер Камюдың көлеңкесі көрінеді (көлбеңдейді).

Мен жайлы сынға жауап

«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі баиқалмайды» деген өлең сөз, ежелден құлағымызда жаңғыратын. Алайда бала кезімде таңқалып көргендіктен болар, сол асқаралы тұлғаларды ерте сезінгенім. Алып шыңды бағындыратын кісі асқақтыққа жақын жүреді, соның сырын біледі, сонда ғана таудың құдіретін түсінеді. Сондықтан да құлшыныстардан жалықпауға тырысқам. Талаптың қамшысын ұстап, биіктерді бетке аламын. Алайда, менің іздегенім таулардың басынан емес, етегінен табылған. Сол бір қазақ малшыларының шынайы өмірін бейнелейтін шығармам анау Юнь нань провинциясындағы фото суретші Ву Джиа Лин (Wu Jia Lin  吴家林) цензурасы мені де айналып өтпеді.

Беу, «жарамсыз шығарма» атанған жұмыстың күйін кешкендей сыңай да танытқаны кезде болған... Мысалы,  «...қазақтың көшін жұпыны көрсетіпті...  Кигіз үйлерінің құрамы ағаш емес, темір болып кеткен бе? Көш салтанатты жақсы болмай қалыпты... Бояуды тек ақ пен қарамен көрсеткені несі..... Қазақтың күйінің жыртығы жалпы ұсқыны нашар көрсетіпті... Сыйлықты осындай тәсілмен алатын болыпты ғой ... ». Ия, түсінем, олардың нені айтқысы келіп тұрғанын, жақсы түсінем... Анау қытайларда да өзінің ерекше алып тұлғаларын тергеп, тектеп, етектен тартушылар аз болмаған. Мысалы, кинодан «Қызыл сорго (сырған)» Берлин халықаралық 38-ші кино фестивалінде «Алтын аю» жүлдесін жеңіп алған. Ал осы жүлдені жеңіп алған алғашқы азиялық фильм және А санатындағы халықаралық кино фестивальде ең жоғары сыйлықты жеңіп алған алғашқы қытайлық фильмнің режиссері Чжан Имоу (Zhang Yimou) мырзаны және, Қытай тарихындағы тұңғыш Нобель әдеби сыйлығының иегері Мо Ян мырзаны: – Қытайлар өмірінің ащысын айтып, жыртығын көрсеткен, артын ашқандығы үшін осындай мәртебеге жеткен... - деп, жоқ жерден мін іздеп таққан. Бұл жерде өсек айтып сөгетіндер, шыңғырып айтқан шындықты ескермейді қашанда, Нобель сыйлығының әлемдегі шындықпен бірге ерекше бейнелеу тәсілі, аса шебер сөз саптауының бағаланатыны олар үшін мүлдемге маңызды емес сияқты. 

Ия бұл жерде менің шығармам жайлы айтып жүргендер, қазақ малшыларының шынайы ащы мехнатты өмірін емес, тек тәттілігін татып, көріп жүргендер. Олар малшылардың малын сойып жеп тамағын ішіп алып: «көш байсалды болсын...» деген бір ауыз тілектен соң, олар мен бірге тауға қарай емес мүлдемге кері бағыт, ойдағы қалаға қарай зыта жөнелетіндер еді. Егер де бір рет, қазақ малшыларымен бір рет еріп көшіп-қонып, олардың нақтылы, шынайы өмірін көрер болса, дәл солай көр-соқырлық болмайтынына кепіл берер едім.

Шынымды айтсам, соңғы кезде мен де көп ойланып қалатын болдым, шығармам туралы да суреттеріме қайта-қайта үңіліп, тексеретін болғам... Расында біреулердің айтқанындай тым елден даралау қалып қойғам жоқпын ба? ортадан алыстап кетпедім бе!? Бір түрлі бұлыңғырлық, бір түрлі алаң санамды торлағандай. Төңірегімдегілердің бәр-бәрі тәтті фото түсіріп жүреді, сол маңдағы жоғары мәртебеге солар ие болады!? Құрметтеліп жатқандар да солар, сыйлықтан-сыйлыққа секіріп иеленетіндер де солар... Ал, мені, менің шығармам туралы ешбір баға, баға емес ау, еш бір дыбыс-үн болған емес!? Сонда мен  олар неге ащыны жақсы көрмейді, деймін. Шындықты білгісі келмей ме!? Егер қанша айтып жатсаң да еш өнімі болмаған да (тыңдайтын құлақ болмаса) өз мінезің, өз майданың, өз көзқарасың мен түсінігің бірте-бірте бұрмалана бастайды екен ау!?. Бұл жағдайды көзім көрді, бірақ мен өз таңдаған жолымнан адаспауға тырыстым. Өйткені тау биігіне шығып, алыстарды көремін. Алыстаған бір суреттер таулардан көрінеді, өйткені онда да жатқан тарам-тарам жолдар бар еді. Содан көретінмін, білетінмін. Менің де бір биік тауым – сол маңда дәл сонда еді. 

Көрініс алаңы

Тәтті көрініс, сұлу тауларға көзі үйір болғандар, тек сұлулықты, дәмді тәттіні көреді, сезінеді. Қанша шындық болса да, көзге тәтті болып көрінбесе, бәрі бір, көңіліңе қонбайды. Өйткені сұлу бейне, сырты мейірімді тұлға мен шектеусіз мадақтау, олардың бойтұмарына айналған ғой. Ия, бұларды айта берсең – «Платон үңгірі» еріксіз еске түсіп кете береді. 

Түйсігіме, санама, ақылыма кейде нақыл сөздер жиналады. Кейде олар мазамды алады. Кейде содан жүрер жолдарым анықталады:

Көпке шындықты айту – әділдіктің бір түрі, 

Көпке түсінгеніңді айту – міндетіңнің бір түрі. 

Көпке көрген құқық бұзушылық, 

Кінә әрекетті айту - ар-ұжданның бір түрі. 

Көпке өз білгеніңді айту-қасиеттің бір түрі.

Көпке естіген өтіріктерді(әшкерелеу)айту – адамгершіліктің бір түрі. 

Көпке басыңнан өткен азабыңды айту – ескертудің бір түрі. 

Көпке іздеген ақиқатты айту – сенімнің бір түрі.

Кейбір ащы шындықты көресің, білесің, бірақ оны басқаға өткізе, жеткізе алмайсың... Бұл жерде орайы келіп тұрғанда тағы да айта кету артық болмас. Таулардан жаңғырығып құлаққа тиген, көкейімде көп жүрген, есті сөзді естіп көрші, зияны тимейді деп анық айтар едім:

Өтірікке сенбесең, 

Өтірік шындыққа айналады. 

Күмәнді елемесең, күмән әдепкіге айналады. 

Үнсіздікті таңдасаң, үнсіздік сыбайластыққа дос қылады.

Айыптаудан бас тартсаң, 

Айыптау арандатуға апарады.

Қиянатқа бейімделсең, қиянаттық моралыңа айналады. 

Құқықтарыңнан айырылсаң, құқық құлдыққа айналады. 

Ал құлдыққа көне берсең, құлдық құрдымға айналады. 

«National Geographic журналы»

2016-жылы жазда, маған «National Geographic журналынан» (Бұл Американың Ұлттық географиялық қоғам демеушілік ететін ресми география журналы, 1888 жылы негізі қаланған. Журнал дүние жүзінде қырықтан астам түрлі тілде шығады.) Қазақ журналының тұсау кесеріне арнайы шақыртуы түсті, мен барып қатыстым. Бұл салтанатты рәсімнің толық күн тәртіптерінде толығымен болдым. Соңғы Бурабайда өткізген фотосуретшілер мен және олардың шығармаларымен танысу рәсімі жасалды. Шығарма таныстырудың ең соңында менің «Біз көшкенде өмір бірге көшеді» атты шығармам ортаға салынды. Басқаларды білмеймін, әйтеуір өзім таң қалдым. Вашингтоннан келген журнал жауаптысының пікірі залды шулатып жібергендей болды да қайта – қайта шапалақ дауысымен жаңғырықты. Оларды таңқалдырады деп кім ойлағам. «National Geographic журналы» жауаптысы сол ортадағы көптеген фотосуретшілердің алдында өз әріптестеріне, менің шығармамды көрсетіп тұрып: «Біздің журналға осындай суреттер ұнайды, осындай фотосуретті түсірген фотосуретші ұнайды» - деп айтты деген тәржімагер аударушының үні ағылшыннан орысшаға, орысшадан маған жетті ау осылайша... Кеудемді қуаныш кернеп тұрды. Бірақ әрекет-бейнемнен еш сездірмеуге тырыстым. Өйткені менің нағашы ағам, өзін сабырлы ұстайтын. Иә басқасы емес, басқасы емес ау, таңдаған жолымның теріс бағытта болып кетпегенің білудің өзі үлкен қуаныш еді маған. 

Он үздікті іздеу

2017-жылдың соңында Қытайда – «Әлемдегі 10 үздік фотосуретшіні іздеу» атты фотобайқауы болады деген хабар келді. Мен екі ой үстінде жүріп уақыттың көбін өткізіп алдым. Ақыры не де болса шығармамның бағын сынайын деген оймен бұл ірі байқауға қатыстым. Соңғы нәтижеде көп ұзамай: «Шығармаң сыннан өтіп, әлемдік 10 үздік фотосуретшілер қатарына есімің қалды» - деген сүйінші хабар келіп түсті. Көзім жарық етті, жүрегіме ащы өксік келіп тығылды, жылағым келі. Көз алдымда: Ащы өмір, ащы сурет, ащы еңбек... ащы өксік... ащы... ащы...  Қуандым, рас қуандым, бірақ қуаныш күйімді ішімде қалтырдым. Өйткені бұл кешегі еңбектің нәтижесі. Өйткені «Атаңды, Қаратауда бір жыққам»  деген атадан қалған бұл дағды, дәл осы өнерге жараспайды. Өйткені нағашы ағам мақтаншақтықты ұнатпайды.

Чен Сяобо ханым

2018 жылы Синьхуа ақпарат агенттігінің аға редакторы, аға фоторедактор, Синьхуа ақпарат агенттігінің «Ұлттық мұрағат» фотоальбомы желілес қысқа деректі фильмінің редакторы әрі баяндаушысы, Нанкин коммуникация университеті фотосурет институтының деканы Чен Сяобо ханым «біз көшкенде өмір бірге көшеді» фото шығармамды көргенде қатты әсерленіп «бұл шығарманы бұрын неге көрмегенбіз, асыл туындылар сурет қалпында емес, кітап қалпында қалуы керек еді» - деп үлкен ұсыныс тастап, менің шығармамды өзінің телефонындағы достар топ ортасына тастаған. Осы нәтижеде ол «бомба» болып жарды десем артық айтқаным емес. Содан бастап қытай фото басылымдары, фото сайттар мен фото мамандары арт – артынан маған байланысқа шығып, менің шығармамды таласа жариялап кеңінен насихаттау болды. Сөйтіп айды аспанға бірақ шығарғандай болған едім. Чен Сяобо ханымның: «100 жылдан кейін де көрермені бар мұндай шығарма, кітап қалпында қалуы керек» деген ұсынысын дұрыс қабылдадым. Мұны нағашы ағама сүйіншілеуге батпадым, себебі ол кісі өзін қашанда сабырлы ұстайтын, «Ұлы жетістікке жету үшін алдымен өзің биік тау болуың керек» деген сөзін енді-енді түсініп жатырмын әрі солай ұстанғым келді. Бұл да менің өзімді көрнектендіруім емес, қайта сол биік таулардан қалай нәр алуды үйренуім ғой. Жүздерінде үміт оты жанғандар, олар әр қашан аты аңызға айналған – «тау тұлғаларға» қарап бой түзегендер. Шеберлер қашанда алыптың иығына шығып арманына қол созады, жетеді де. Биік тауға жақындағысы келмейтін адам, таулардың биіктігін де бағалай алмайды.

Наполеон Бонапарт

Наполеон Бонапарт: «Генерал болғысы келмейтін солдат, жақсы жауынгер бола алмайды» - деп. Ал, мен болсам – нағашы ағамның иығына шығам деп, өмірім құлшыныстар жасаумен келеді. Алайда тура жолын таппаған шығармын, алыптың иығына шығудың талаптары бар болар, бәлкім оған да ұзақ уақыт, көп білім, мол тәжірибе керек шығар. Мен оған әлі дайын емес те болармын. Алыптың иығына шығып биікке қол созу – бұл бұрыннан келе жатқан дарындылар салған дара жол. 

Британдық физик Исаак НьютонIsaac Newton1643-1727). Атақты британдық физик және математик: Менің алыстарды көре алғаным, алыптардың иығында тұрғаным «Егер мен басқаларға қарағанда алысты көретін болсам, бұл мен алыптардың иығында тұрғаным», - деп айтып кеткен ғой.

Тағы да

2020 жылы «біз көшкенде өмір бірге көшеді» атты фотоальбом қытайша, ағылшынша екі тілде жарық көрді. Альбомның алғы сөзін, қытайдың аса көрнекті фотоөнертанушы, танымал фотосыншы Бао Кун мырза жазған. Қытайда фото кітаптың сын және алғы сөзін бұл кісіге жаздыру арман екенін соңғы кезде қытайдағы мықтылардан естідім де таң қалдым, қуандым. Иә мен бұл кітаптың алғы сөзін жазғаны үшін мақтанып отырғаным жоқ, мақтансам бұл шығармамды кітап ретінде қалғанына мақтанамын. Менің нағашы ағам керемет кітаптың әлде талайын жазып жариялап тастамады ма! «Өнердің өзі тек таза адамның көкірегінен шығады» дейді. Ал ХІХ ғасырдағы ең логикалы эстетик, Францияның символизмшіл ақыны, ақындардың сұлтаны (королі) атанған Стефан Малларме (1942-1898) «Әлемдегі барлық нәрсе бір кітапқа жиналу үшін жаралған» дейді!?  Ал американдық жазушы, өнертанушы, сыншы Сьюзан Зонтаг Susan Sontag (1933-2004) «Әлемдегі барлық нәрсе бір фотосуретке жиналу үшін жаралған» деп тұжырымдаса ше!?. 

Өнер мінез бе!?

Америкалық деректі фото шебері Льюис Хайн (Lewis Hine 1874-1940) осыдан бір ғасыр бұрын:  «Егер де тіл барлығын жеткізе алса, камера көтеріп нем бар еді!?» деп өсиеттеген. Сол айтқандай, тіл жеткізе алмаған көріністі, жұмыр темір арқылы жеткізуге құлшыныс жасап жүрген менің бұл жетістігімді, менің биік тауым, иә менің қадірменді нағашы ағам білген болса ғой!!! Содан үлкен болар еді менің қуанышым? Содан үлкен менің бақытым болар ма еді? «Шығармашылық деген сол өмірге кіру деген сөз, сол өмірді кешу деген сөз, сол әлемге ену деген сөз. Шығармашылық азап, бірақ азап болғанда да рахат азап»... 

Ал менде болса, фотоөнер шығармашылыққа деген ізденісті жалғастырудамын. Бұл өмірде адамдарда әсіресе өнердегі кейбір асыл даналардың меңзегені бойынша алған жолымнан таймаймын деп ойлаймын. Өмірдің өзі қиын... Сансыз сынақ пен сыннан тұрады. Беталыс пен бағдар таңдау алғашқы сын болса, дұрыс жол тауып жүру, қиырдың қиынына төзу, көздеген жерге жету үлкен сын, ал алғашқы аз болса да еңбек жемістерін көргеннен соң кез болатын шындықтың ащы сыны бұлыңғырланып көрінеді. Мінеки әрине оны көретін бар, көре алмайтындар да бар... Білім бар, бірақ мәдениет жоқ ортадамыз. Технологиялық шеберлік бар, бірақ, парасат (сауат) жоқ. Мамандық бар (кәсіби ), бірақ идея жоқ...  Мінеки бұл жетістікке жетер жолдағы үлкен сын, үлкен асу.

Ұлы Абайдың «Ортаға өнеріңмен емес, мінезің мен сиясың» деген асыл сөзін өнер адамдары, әсіресе «тау» болып жүрген «тұлғалар» маңдайшасына жазып қойғаны жөн деп ойлаймын бұны. Үйден кірген - шыққан сайын санаңды жаңғыртады бұл сөз... 

***

Мен үйде отырмын, нағашы ағамның дабыралы өтіп жатқан мерей тойына барып келдім. Құтты болсын айттым. Иә айттым, айтқан шығармын, айттым ба ол кісі біле бермейтін  айтқым келген көкейімде ұзақ жүрген құпиямды, сырымды. Иә, сол бір айтарымды бәрі-бәрі жетті ме білеймін... Тағы нені айттым?

Той үстінде

Қуана-қуана бардым, той ауылда болып жатыр екен. Ары-бері сапырылысқан ауыл адамдары, жүздерінен тойлы ауылдың бейкүнә бейнесі көрінгендей. 

Шыны керек, түнімен ұйықтай алмай шықтым. Аяулы анашымның жақсы көретін бауыры еді. Елге де абыройлы кісі ғой, бір ауыз ыстық сәлемімді дұрыстап жеткізейін. Жүректің түбінде жатқан сол бір сыбыр сырды қайтып жеткізсем деген ой тербеліс, түнімен мазамды алды.

Тойға кешігіп қалмайын деп асыға жеткен едім, ауылдағы үлкен бір дәмхананың алаңында жұрттың сәлемін қабылдап отыр екен – нағашы ағам. Аса бір асыққан адамдай тура алдына  жетіп бардым, бардым да біртүрлі қорыққан кісіше, сілейіп тұрып қалдым!? Уа, қалай екенін білмеймін көзімнен бір тамшы ыстық жас ыршып кетті... Қонақтары үсті-үстіне келіп жатыр, сәл бір саябырлай қалған сәтте, нағашы ағамның алдына жетіп бардым, құшақтай алғым келді... Бірақ, түйсігім оған жібермеді... Жүректің бұл қалауын ақылым, санам қабылдамағанына қайран қалам, неге тежеліп қалдым, өзім де біле алмаймын. Нағашы ағама – бағыт бағдарыма қарап телміріп тұрып қалдым.  Бейне ұзына уақыт көрмеген кісіше, кеудемде бір түрлі сағыныш!? Құрмет пе? Жоқ әлде махаббат па? Көрінбейтін сезім толқып тұр. Ол кісі қолымды қатты қысты. Елден сәл оңашалау жерге бардық, мен батылдыққа салынып түнімен ойлап шыққан сөздерімді нағашы ағамның жалғыз өзіне ғана айтқым келді. Иә жалғыз өзіне ғана. Алайда, тілім күрмеліп, жағым қарысып айта алмадым. Дайындаған сөзімнің бірі де жоқ, не болса да аузыма келген сөзді айтайын деген бекімге де келдім. Дәл сол сәтте, бар сөзімді айтқызбай, көлденең ойлар салып мазамды алған санамда, түйсігімде: Жоқ, жоқ, неге жалғыз өзіне айтуым керек, көкейімде соншама уақыт сақталып жүрген асылдай сырымды біліп қалсын, қуанып та қалатын шығар, жұртпен бірге естісін, жазайын дедім. Осындай ойлардың түрткісімен, нағашы ағама дәл сол сәтте батылдықпен, үлкен мықтылықпен бір өтініш, үлкен өтініш жасадым...

Бұл әлемде мен білмейтін, мен түсінбейтін нәрсенің көп екені белгілі, бірақ ең бастысы мен өзімді-өзім әлі білмейді екенмін тәйірі. Сахнаға бірінен соң бір көтеріліп жатқанын көріп сезгендеймін бәрін. Өңшең мықты сойлардың ортасында оларды көріп тұрудың өзі мәртебе сыңайлы. Тойға жиналған жұрттың ортасынан небір жақсы мен жайсаңдарды көрдім. Халықтың оларға деген қошеметін көрдім. Дәл сол сәтте ақымақ сезіндім өзімді. Жүрек сөз деп, жалаң ғана бірер ауыз тілегіңмен, мұндай ортаға, мұндай өңшең марғасқалардың қатарында қалай ғана жүректілікпен шықпақсың? Бұл сахна саған сәл биіктеу емес пе? Шығуы шығасың ау, (шығуын шықсаң да, түсінуің қиынға соқпай ма?). Бірақ түсінуің қиын боларын ойладың ба? Сол қиынға соқпай ма!? 

Бірақ... амал нешік енді басқа айтарым қалмады, мен өзім бағалайтын, биік тауымның алдында, өзімнің соншама нәзік, сонша ма аласа, әлсіз екенімді сол сәтте жақсы сезіндім. Мен өзімді ұлы адамдар қатарына тым жақындатып жіберген секілдімін. Өзімді ақымақ санағым келеді осы кезде. Қанша біле тұрсам да, кейде сол «жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі...» дегенді естен шығарып қоятын сияқтымын!?

Қолымдағы фотосурет

Қолымдағы суретті қашаннан ұстап отырғанымды білмеймін, отыздағы кезім, нағашы ағам мен бірге түскен жалғыз ғана фотосуретім еді бұл. Суреттен де нағашы ағамның тұлғасынан да аса бір жылылық бар екені сезіледі білген кісіге. Ол кісі менің осы бір ішкі сезімімді, ішкі сезімім емес ау, осындай бір шын сырымды білмейді ғой. Өйткені бұл тек менің ғана құпиям, менің ғана сырым, сыр болғанда да асыл сырым, алтын сырым болып қалды ғой қазір. Бұл менің сырым ба? Құр қиялым ба? Құпиям ба? Жоқ әлде байқалмаған-бағаланбаған байлығым ба ? Бәлкім күмәнді жатқан сырлы үн болар. Өйткені менің нағашы ағам мен туралы, қолына жұмыр темір ұстағандардың қатарынан ғана елестететін болар. Ол кісі 15 жыл, 20 жыл бұрын, тәтті сезім, сұлу көрініс қуып жүрген албырт бейнемді ғана білетін шығар. Менің 30 жыл бойы бұл өнердің соңына түсіп ізденістер жасағанымды, ол өзінің біреудің асыл арманы, бағыт бағдары екенін – жол нұсқаушысы екенін білмейді ау.  Ия бәрі- бәрі менің ғана ішімдегі құпия болып қала бермек... Ол қала береді, бірақ бір күні ашылады, ол қашан деме, бір күні жарып шығады. Өйткені ол - бағалы сыр, ол алтын үн ғой, жатпайды қап түбінде мәңгілікте. (Мәңгілік сыр түбінде жатпайды.) Ол ашылмаған кен сияқты тек маған ғана тән. Биік таулар білсе де таңқалмайды, олар үшін бұл құнды емес те шығар. Өйткені олар нені білгісі келсе де, қайда қараймын десе де, сұрамайды біреуден. Иә  иә сондай болар, бірақ ұлы тұлғалар қайда қарайды? Тауларға ма? Жерге ма? жоқ әлде аспанға? 

Есімде...

Бала едім бір кезде асқаралы шыңдарға таңырқаған, бүгінде жер ортасы жасқа да жетіппіз ау. Дүние танымы, өмірге деген көзқарасы және құндылықтар жөнінде білім мен таным өзгермеді ма талай, тәжірибелер мен практикаларды көрген шығармыз. Өмір өтуде, заман өзгеруде, қоғам ілгері басуда. Бәрі-бәрі орнынан жылжыуда. Тек осы бір менің ішкі дүнием, жан дүнием сол қалпында қозғалмады. Нағашы ағама деген осы бір құрмет сыйым ба, құпия сырым ба? Жоқ әлде асқақ алғысым ба? Бұл осылай қала берді. Иә, ол жатпас, әйтеу бір айтылар, әйтеу бір ашылар деп күтумен келемін, 70 жас мерей тойы өтті ғой, 80-ге де келер, 90-ға да жетер, ғасыр тойын тойлайтын шаққа да енер. Өйткені ол биік тау ғой. Биік таулар мәңгілік дейді, бірақ сол биіктіктің аясында, саясында жүргендердің уақыты санаулы боларын солар білетін шығар ау? Сонда осылардың бәрін олар білеме? Ал білмесе ше? Білмесе? Иә онда таулардың биіктігі кімге керек болғаны? Олардың асқақтығы адамға ғана әсер етер, олар адаммен ғана құдіреттілігі білінер. Оны басқалар да сезеді?! Сезбесе де көреді. Мен естігенмін аспанға қарайтын да таулар бар деп, тауларға да қарайтын, бірақ ондай таулар көлеңке секілді, сағым болып қалар еді, егерде көбейсе. Ал менің биігім мәңгі құламайды, өйткені ол менің бағдар шамым, өйткені ол менің, тек менің ғана нысанам!

Бір қызығы, мен жақында естідім, мен үлгі көріп жүрген адамымның да үлгі тұтар адамы бар екен. «Ең биік тауым» деген шығармасы жарық көргені туралы хабар тарап жүрді қалада, ауылда да. Тек нағашы ағамның қартайған шағында қандай жан оған бағдар болғаны, қызық та, сырлы да болып сезіледі маған. Иә «ең биік тауы» қандай дана екенін білу маған жұмбақ болып қала берді. Ол өзінің біреуге аласармас шың екенін білмейді ғой, ол тек менің құпиям, ал оның заңғар тауы кім екені маған жұмбақ. Біреуі жұмбақ, Біреуі сыр. Адамдар өмірі осылайша бірде күдік, бірде жыр.

***

Қолымдағы фотосуретке көп телмірем, сурет те маған қарайды. Фото өнерінде соншама уақыт жүрсем де, нағашы ағаммен бірге естелік қалтыруды бір ескермеппін-ау!!! Мына фото естелік, бір кездейсоқ жағдайда, 1990 жылдары Үрімжі қаласында көше фотосалонында түскен естелік еді. 

Фото өнердің ең құдіреттілігі – ол өмірдегі сол бір қымбатты сәттерді көбірек оята алады, сағыныш, тәтті естеліктер сомен бірге келеді... Биік таулар мәңгілік, олар құламайды. Құласа да нағыз биік таулар емес, олардың көлеңкесі құлайды. Ал, көлеңкенің құлағанын кім көріпті... Ал, сол асқардың етегінде тауға қарап, таңырқап, тамсанып, табынып жүргендерді сезіне ме? Өмір бойы оларға қарап бой түзеп жүргендердің бар екенін білсе ғой!? Мен дәл солай деп сезінгім келеді, өйткені менің де бір биік тауым бар еді. Өйтпегенде, олар кімге керек? Бәлкім жұмбақ болып қала берер (ме еді) бәрі де. Алайда мен ойлаймын, мықты адамдар да өмірді түсінер деп... Таудың да өмірі болады деп еститінбіз. Әрине таулардың да өз тәңірі болады... 

Американың «жабық аспан» киносында, романның авторы Пол Боулз (Paul Bowles1910-1999) шешен филімде өзі шығып, басынан бәрін өткізген дана болып көрініп, көрерменге романдағы ең классикалық үзіндіні оқып тұр. Ажал қашан келетінін білмейтіндіктен, өмірді біз суы сарқылмайтын құдық секілді санаймыз. Бірақ, бірақ бәрі де белгілі бір санға белгіленіп қойған. Ол тым аз ғана болмашы ғана сан цифр. Бұл ақиқат. 

Балалық шақтағы сол бір күнді неше рет ойлай алар екенсің, сол бір ұмытылмас сәттерді. Егер ол болмаса, өміріңнің соңғы кезін елестету тіпті қиын. Бәлкім бар шығар, бес рет, төрт рет, одан да аз болар. Бірақ, біз оны әр қашан таусылмайды, сарқылмайды, ол шексіз деп ойлаймыз .

Сәтті қадамдар

Бүгінге дейін сәтті қадамдар жасап жатқан жағдайым, аз да болса жетістіктерге жеткенім, жол бағытынан адаспай, адассам да тауға қарап бағдарымды түзетіп, іздегенді тапқанмын. Бойыма күш-қуатты дәл солардан алғанмын. Сол бір сырлы жолдың бастауында, нелер сын да көрдім, шыңды да елестеттім. Аспанға тіреліп тұрған, аспанға телміріп тұрған тауларды да көрдім. Бұл менің құпиям болар, сырым болар, оның да әйтеуір ашылатын күні болар. Дүниеде сарқылмайтын құдық жоқ ғой. Оны мен де ерте сезінгенмін, мен оған сенемін, таулар да оны біледі, осының бәрі - бәрі белгілі еді, өйткені оның бәрін білетін менің де бір биік тауым бар еді.

Оймен оңаша

Үйде жалғыз отырмын. Бұйығып бірде терезенің алдына барамын. Айна даланы көрсетеді, терезе әлемді көрсетеді-деген бар еді!? Мен өз тереземнен әлемді де, даланы да көргендей болып тұрмын. Алыстау көрінген Алтайдың таулары көзіме әлемді көрсеткендей көп нәрсені елестетеді. Ал жақыннан мен мұндалап тұрған тұлғалы Қаратау, дана-тұлғаны елестетеді маған. Мен одан көп нәрсені сезінемін. Иә бұл қара тау біздің үйдің жанынан да, ол менен «10 жас үлкен».

Бірақ ол біз жаққа қарамайды, таулардың бәрі биік. Биік таулардың сыры басқа... Олар бірі-бірімен үнсіз үндеседі. Биіктігін көрсетеді, мен тауларды толық сезіп білдім десем артық болар, бірақ менің жүрегім оларды сезеді.

Ақырғы елес

Ауылдан апайымды күйеуге ұзатып, кіші әкеме еріп, алғаш рет Алтай қаласына келгенімде 10 жаста едім. Сол кезде дәл осы қара тауды көргенде таңқалғанмын. Ол жақын ғана жерден тұлғасымен анық көрінеді. Сонда кіші әкем «бұл Алтайдағы ең биік тау» деп айтқаны есімде. Біздің үй тұрған Алақақ ауылында, таулар тым алыстан көрінетін, сондықтан да маған бұл Қаратау ерекше тұлғалы болып асқақ көрінген. Кейінірек, бұдан оншақты жыл өткен соң, біздің үй ауылдан көшіп, дәл осы мені таңқалдырған Қаратаудың етегіне келіп қоныстандық. Сол кездегі ауылдан ұзатылып келген апайымның үйлері осы жерде тұратын еді, бәлкім соны көздеп барған да болармыз. Он жасымда көрген бұл дәу қара тау, әлі сол қалпында. Содан бері 50 жыл өтті, мен үлкейдім, өстім, өзгердім. Алтай да, қала болып кеңейді, ұлғайды, өзгерді. Жалпы әлем де дамыды, құлпырды, өзгерді, тек осы Қаратау, мына тұрған менен он жас үлкен қара тау ғана әлі сол Қаратау қалпында. Үйден әрқашан шыққанда ең алдымен көзге көрінетін сол сом тұлғалы сол Қаратау. Мен ойлайтынмын, егерде бұл жерге ертерек келгенімде, ол мені жатырқамайтын, жатсынбайтын болар ма еді, бәлкім дос болып да кетер ме едік... Бұл Қаратауға алғысым шексіз. Өйткені оны көрсем нағашы ағам есіме оралады. Нағашы ағамды көрсем де, сағынып жүріп қаншама уақытта әйтеу бір көрер едім ғой. Ал бұл дәу қара тауды күнде көремін. Сондықтан да, нағашы ағам үйден шықсам - кірсем есімнен бір сәтте кетпейді, маған әрқашан сергек болуға жебеуші болған нағашым. Бірақ, бірақ бұл қара тау тәкаппар, мен оған кейде жақын барамын, оның биіктігі, ірі тұлғасы сол қалпында, өзгермейді. Сөйлемейді. Алайда үй есігінен аттап шыққан әр сәтте, көзге түсетін бұл қара тау, темірқазық бағдарымдай, назарыма, санама ес болады да тұрады. Сондықтан да қара тауға алғысым ешқашан кем болмайды. Ол әрқашан санамды сергітіп тұрады. Өйткені ол, бала кезден санамда қалған таулардың зау биігі, ол таулардың биігін үнемі ескертеді... Ол әлемді көрсетеді, алыптықты даналықты меңзеп сездіреді, Қаратауым маған үлкен асу, ескерткіш, үлкен белес... Ең биік асқаралы белес!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар