Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Серпілт сәурік сезімді, сілкі қағыс ...

09.06.2022 5353

Серпілт сәурік сезімді, сілкі қағыс

Серпілт сәурік сезімді, сілкі қағыс  - adebiportal.kz

Абдирахманов Ислам Қабулұлы 1999 жылы, 15 тамызда Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық әдеби басылымдарда жарық көріп жүр. "Сыралғы", "Сәскедегі картина" жыр жинақтарының авторы.

Цифр мен Гүл

Сіз сөз арасында құйтырқы құбылдыңыз,

мен байқамаған

кейіп таныттым.

Жанымның ең нәзік қабатына үңілдіңіз,

байқамаған кейіп таныттым.

Сұрақтан жалтарып, тым оқыс бұрылдыңыз,

кейіп таныттым.

Жымысқы күлкінің артына тығылдыңыз,

Таныттым.

Кәрі ақындардай қажыған ы-логикаңыз,

буыны босаған – ойлар.

Ырғақ пен мәнге тым жұтаң мелодикаңыз,

бұл – өте ескірген мәнер.

Сасқаннан шылым сорғыштау – сүйкімсіз әдет.

неліктен сіздегі қимыл қисынсыз келед?

Сыры сақтаулы кеудемнің бүлкілін аңдып,

тамырды басу – сіздегі түлкі бұлаңдық.

Сіздегі қасаң қағидат жалпыға мәлім.

- өткен мен кеткенді көку?

- талқыламадым..

Әрненің басын шаласыз, әріден көріп.

бақылау,

үнсіз қоштасу,

мәмілегерлік!

Кетуге жиналғандайсыз, жеңіл адымдап,

бейнеңіз көмескіленді,

менің жадымда..

Өкшеңіз қоғамға бастар Құдайы өлген.

Кейіп таныту – айрылу шынайы рөлден..?

Бикеш?..

Құлазу – сағынышқа жұп.

Шексіз.

Опыну – жаңылысқа жұп.

Ретсіз.

Күнәңіз – нәпсі ұялас.

Тексіз.

Сұлулық айна алдында тұр.

Бетсіз.

Ойларың – дертіммен үндес.

Өрер.

Үмітің – көркем гүлдей-ақ,

Семер.

Жолдарың – баянсыз түстей.

Көрер.

Үрейің – қалтырайды осы,

Неге?

Ақиқат – құмыққан дауыс.

Әлсіз.

Жұбаныш – көзіңдей өлген,

Нәрсіз.

Ниет – сәбидей аңғал,

Қамсыз.

Бұл дүрмек – жалғыздығымдай,

МӘНСІЗ!

Бикеш?!

Жұпсыз ба едіңіз,

ал сіз?

***

оның бейнесі,

оның күлкісі,

оның елесі

ми ішін кезер түтіндей ырғала билеп,

шілтері күлгін көйлектің желмен желбіреп,

кірпігіндегі күн тамшысы бұлттарды түйреп.

сүйріктей саусақтарымен қолымнан сүйреп,

құпия толы қарасы нәзік қытықтап,

алқынған ақкөбік толқын балағында еріп,

тулаған теңіз тынысы сағағын өбіп.

естияр сәуле тұманнан нұр шашыратып,

көз ұшын көне шаһарлар тұрса мұнартып,

жаһанды шарлап, төрт дүние қақпасын ашып,

қарлы шыңдарды, аспалы көпірлерді асып.

сексеуілдің шоғына тағдыр қайнатып,

бархан құмның бауыры табан қыздырып,

тау-тасты, жота-жыраны жаңбыр жайратып,

қолшатырымның астынан қарар ма үздігіп?

қарар қыз күліп, ақпандай санамды ызғырып,

ләуқи-қиялым құлпырған кескініңді әрлеп,

бояулар сөйлей жөнелсе кенептен сусып,

жаныңды Күзге ұзатса, теректер сыңсып.

қалуға құмбыл төбеңе жұлдыздар қонып,

кезеңдерге аттар келесі талғам серпіліп,

жүзіңе тұнған шаттықтың сесін сезініп,

пернесін қайтем көңілдің талған шертіліп?

кеудеңдегі үміт бүр жарса қылтанақтанып,

түйсігім түсіңе құлар сырғанап барып...

***

Саф толғау,

бұл – сұқтаныс,

налыс толғау!

марқаю, жоқ, құлазу, намыс толғау!

Үзілдірген әуеннің ізін қуып,

ал әуен, іңкәрліктен жүзін бұрып,

әкетті де...

қаймығып қалыс қалды-ау...

қайдасың,

мен сенетін ғайып-тылсым..?!

сесі ықтырса сұлудың – айықтырсын.

лайық қылсаң – сабырым сақта оны,

тағаты таусылған шақ –

тайып тұрсын.

Дүрия-аңсар ілесіп ақ сағымға,

қайтсін құлдық жазылса Патша-мұңға?

албырт жастық бұлықсып, буырқанып,

сұлулықтың алдында ақсадың ба?..

***

Әулие күй толғатса – нар идірген,

Әулекі би ырғалса – ынтығар іш.

Өкпесін көк түтінге қариды дем,

Серпілт сәурік сезімді, сілкі қағыс.

Дүние кілті кеудеңде жасырынған,

Құпияңды оңаша толғадым көп,

Арнаңа тола-тола тасыдың ба?..

ақ махаббат селдетсең арманым жоқ.

Әлди-әлди көк теңіз, тула жаным,

Жағаңа жүрегімді жерледім мен,

Омырауыңды иітіп боз мая бұлт,

Ақ жауының төгілтші ең кемінде.

Мен өзімді көремін көп көздерден,

ал, сол көздер көре өзін менен?

Қарашықта – жат күмән,

от та өзгерген,

неге олар сезінбеген?..

Катарсис

Кір-қабырғаның күңіренер, даусы қарлығып,

Кірсіз не қалды? Көше де, көшедегі адам?

кір шалған жүрек,

кіршеңдеу қала ғұмыры,

шарасыз шамның жарығы таусылар күні?

Өше ме? Көше ме одан?

ғаламның кірі.

Әр қауым – ақыретінің құсни-құрдасы.

Таңдауым табалдырықтан таңырқай қарап,

игілігіме іштей мән үстеймін несін?

Мұз қатқан кірпік ұшында жаным тайғанап.

Әйнегі – айғыз автобус,

ағылған көлік.

Мүсіркеп, жанай өтеді көздер қарасы,

дінімнен безіп, қаралай қағымнан жеріп,

кемдік пен теңдік өлшемім өзгерді арасы.

Мезгіл әуені,

Вивальди!

Үскірік – толғам.

Сұп-сұрғұлт, суық шаһарда сүйретіп тәнді,

арылу,

аңсау,

тазару.

Қыстығып қалған,

кеңістігімді саз билер, күйретіп Мәнді.

Ауышу

жабылған жала, тағылған айып,

сабылған сана, арылған уайым,

ұжданнан аттау, уәдеден таю,

жұқарған жүйке, азапты ойын.

қамырық кеуде, сағынып демде,

тілемсек нәпсі, сұраншақ – мәжбүр,

тарқаған базар, және кептеліс,

табанды тоздыр, жазмышты жазғыр.

түйілген қабақ, иілген көңіл,

кие өлген қала үрейдей төнер.

ағыл да тегіл, арқырап төгіл,

ескідей жаңар, жаңадай көнер.

сенімдей сөгіл, үміттей үгіл,

шараптай ішіл, шылымдай шегіл,

мәніне зер сал, қарашығына үңіл,

бізге дейін де сүрілген Өмір –

сүйілген ерін, жүрілген жолдай,

келуің ұзақ, кетуің қысқа.

қолыңнан келсе тағдырыңды алда,

бұрылыс жаса, күтпеген тұста.

безерген жанар, кезенген саусақ,

жер тепкен өкше, ерте өткен марқұм,

күнәға таяу, жүректен алшақ,

Шымшыған аяз, неге тым салқын?

Құмығып қалып...

қалың жынысты тұманды ойдың ішінде кетсең адасып,

естеліктерің тырналай берсе, жаныңның ескі жарасын,

балғын күніңде бота-көңілің буынып қалып бір сөзден,

суынып кетсе, тістеніп іштей мұңаясың да қаласың...

сәби-танымың ең алғаш ірет әлгі сөз үшін бүлініп,

сусып ұшқанда батпырауығың ақ шарбы бұлтқа ілініп,

мінезі қатқыл қарлы нөсерге қарсы тұра алмай бұтағы,

бара жатады бір бала бейне, алқымына өксік тығылып.

...аспаннан ерген сәулелі Айға, шуақты Күнге тамсанып,

ауатын оның самал мен гүлге, жұлдыз бен құсқа аңсары...

зәресін алған зәрлі де кәрлі, сұсты да мысты құбыжық,

қиялындағы қайырымды, көркем, мейірлі әлемі бұзылып,

бұл – дәуірлердің сұрқай сөзіндей, іште қайнаған қыжылы,

Жадыңнан көшпес, парақтан да өшпес, әуелгі үрейдің сызығы.

мен содан кейін, қорғағым келді әрбір тамшысын жаңбырдың,

таңғы қауызын сақтағым келді бүр жара алмаған әр гүлдің..!

жазықтыларды ақтағым келді ұждан сотынан тағдырдың,

отқа тастаған боқтағым келді найсап ниеттің барлығын....

жұтынып көрші бұлақтай мөлдір, таңғы күміс шық ауаны,

асау теңіздің толқиды тартып тұңғиығына жамалы,

удай шаншиды есіме алсам бал-дәуренімнің көктемін,

салиқасы аздау ұмытылмады, сұқ-суық сөзі ағаның...

...аспаннан ерген сәулелі Айға, шуақты Күнге тамсанып,

ауатын оның самал мен гүлге, жұлдыз бен құсқа аңсары...

есейтті жылдар, сыртым – қыз-думан, ішімде тұлдыр әуенім,

дүниеге шексіз өлшей алмаймын махаббатымның көлемін,

алдыңнан шықса, күлкісі – аңғал, алаңғасарлау інішек,

жылы шыраймен ақырын аға басынан сипа әуелі...

Petricor

Жуынды жапырақ жауынның астында қалып,

көкірегін қарс айыра күн күркіреді,

Төбемнен төнсе түйіліп, қошқыл қара бұлт,

мен беймаза тірліктен қаштым қалалық,

кезекпе-кезек көңілді бір-бір тіледі..

Шықшытымнан ыршыған тердей – Уақыт.

Уақытқа сіңген аяулы сәттер сынығы,

кенезем кеуіп, жанарым шөлдейді қатып,

қайрылмай соққан сезімді жерлейді уатып,

өткелім өліараны өткерсін ұлы..

Іңкәрлік. Аңсар. Ынтызар. Толқыныс тербеп,

есейдім білем, сұлуға есімді ұрлатып,

сағынышымның шәрбәтін сарқып ішкенде,

күнәға ғашық санамды қорқыныш меңдеп,

қолыңды көктем көшкенде не үшін бұлғатып,

арнаңды мөлдір құрғаттың кесірлі бақыт?!

Сертті саудалап, сайтанға еркіңді саттың,

кеуде-түйіншегіңнің тартқылап дертін босаттың.

Қай иірімінде әуездің тотығар қисын?

бояуын құйып сияма кемпірқосақтың,

отырам жұтып, аңқыған

топырақ иісін.

Сұлулық симфониясын жоқтау

Құс үні ыршылардай көл бетінен,

Көрігінен,

Керімсал көздерінен,

Кермиық келбетінен,

Айырылды ол, көшердей жер бетінен.

Отқа өртеп қиқы-жиқы күнделігін,

Тәнінің сиға тартты, кімге күлін?

Қи сасыған жымиды, жұртқа құсып,

Шишасынан ләззаттың ұрттап ішіп,

Тілім-тілім жүректі жалмап тынып,

Қайырымсыз көшені қарғап тұрып,

Мимырттады,

Мойыды омырыла,

Жете алмаумен жалғанның жарығына,

Өткеннің көлеңкесін көрге көміп,

Алқымын тырмалады, демде кеміп,

Желге ұшты, қанша аңсары, қанша үміті?

Етегін жұлқылады жел де жерік.

Тәнін ақтап, сай-сүйек сырқырады,

Жанын ақтап, жан-жүйке бұлқынады,

Сенімді ақтап, өңеші қылқынады,

Өмірді ақтап, Өлуге ұмтылады.

Өлуге ұмтылды ол,

Ақырғы ірет.

Ақырғы ірет биледі бөлмесінде,

Ми ішінде дерт лаулап, әуез аңқып,

Махаббаты жас үзіп кеудесінде,

Көйлегінде,

Моншағы,

Әтірінде,

Түйреуіші,

Білезік,

Жүзігінде,

Сағынуы,

Күрсініс,

Күйреуінде –

Толқынды бара жатты діріл жүзіп,

Сан түрлі бара жатты ғұмыр жүзіп,

сұлулықтың ақырғы билеуінде...

Дориан Грейдің портреті

Эһ, Дориан!

Күлкісінен кептерлер үркіп қашқан,

Жамалынан мейірім әтірі аңқып.

Сұлулықтың сиқырын пір тұтпастан –

Дәуір көші келеді ақылы артық.

Екі қолың жуылған таң шығына,

Кәкір-шүкір дүниені мансұқ еткен,

Кәкір-шүкір дүниенің қаншығына,

Зұлымдықтың қанжарын шаншып өткен.

Сұлулықтың қанжарын шаншып өткен!

Қаншық иттің құйрығы бұраңдағыш,

Бұраңдағыш әрі олар сыр арбағыш.

Сен өлгенде жылайды бүкіл әйел,

Жылай-жылай сарқылып жылауға күш.

ЭҺ, Дориан!

Сұлулық Тәңірісі...

Тек сен емес, жеңілген ар сотынан,

Тек сен емес, жеңілген жан сотынан!

Жұлдыз жасын сығады, түн егіле,

Баянсыздау сілеме тағдырыңды.

Шаң тұныпты, тәкаппар гүл өңіңе –

Мөлдір шық шайып өтті, шаң ғұмырды.

ЭҺ, Дориан,

Сұлулық Тәңірісі

Көше. Көктем. Көңіл

Шыжалақтап қарайды, құлын жерге Бие күн,

Көкжиекке матырып, кемсеңдетер Иегін.

Албыраған алмадай, көгілжіген көктемдей.

Сұлу өтсе алдымнан көңіл қайтсін дерттенбей!?

Салған әні құстардың руxтардың тілі ме?

Аяғыма төгілген тал шыбықтың бүрі ме?

Көркем әні құмырдың ұзай-ұзай көкке енді..

Көркем әні құмырдың шақыра ма көктемді?

Қыз көктеммен қауышты, кеберсіген ерінім,

Сағыныштан сарсылтты, қылаң кербез елігім.

Жер ананың көйлегі ақша бұлт па кәлүңгір?!

Майда қоңыр самал жел аялардай тәніңді..

Мазам қашты күңгірлеп, көңілдегі қоңырау,

Кімді? Нені жоқтайды? Жүрек неге саңырау?

ЕҺ жүрегім, жүрегім ұясындай араның,

Талақ етер ме екенсің бұ күнәһар қаланы?

Ғаламда сиқыр бар беймәлім

Мүләйім толқындай жағаға жетпеген,

дүкеннен сатылмас бақыттай іздесең.

Бақсы мен балгердей шайтанды иектеген,

ол сиқыр: Көктем бе? Күз бе? Сен...

сиқыр бар беймәлім...

Іріңдей жарылар уақыты келмеген,

раушан гүліндей қауызын жармаған,

дәуірдей мәңгіріп, шындыққа шөлдеген,

жезөкше бикештей көзімен арбаған,

сиқыр бар беймәлім...

Тамырдың соғысы сағаттың тілінде,

қанымның ағысы шараптың буында,

сезімнің сыбдыры жапырақ үнінде,

қарғысы қарақұрт уында,

сиқыр бар беймәлім...

Ностальгия

Бұл әуен есіме салады өткенді,

Ескі уақ,

Ескі үй.

Зарыға күттірген буалдыр үміттей көктемді.

Бозамық сәріде ең соңғы сілемі

Жылжыған тұмандай қаланың төсіне,

Ең соңғы шылымын тұтатып баратқан,

Маскүнем ақынды салады есіме.

Метро алдында Шәмшінің әндерін,

Шырқаумен күн кешкен.

Ғасырмен тілдескен,

Дорбасын асынған,

Тағдырға бас ұрған,

Қайыршы қария түседі есіме.

Көкекті көшенің бойынан арылмас,

Ескі бір досымды, сағыныш сарындас,

Көмескі көрініс,

Сүреңсіз сәттерді...

Аяқсыз дастандай,

Баянсыз шағымдай ол менің.

Ұзатып салған сол сұлуды,

Мен қайтып көрмедім.

Келмеді...

Құлаққа талықсып жетеді ән демі..

Сәулеге еліту

Ай сәулесі қытықтап тереземді,

қалам ұшы тілгілеп түн түнегін.

ой кермегі кептіріп кенеземді,

ақ сезімнің күткендей сіркіреуін.

қыздиярлы бақтарда адасқанда,

жол нұсқаған – екі айырық, күлдібадам.

ыздияды жұлдыздар қара аспанда

айызымды қандырып, күлдім оған.

зәулім үйлер ұялып қарамайды,

күнәліні көруші Тәңір ғана.

жамылғысын жел ашқан қарағайдың,

көлеңкесі билейді қабырғада.

жел сазына билейді, жапырағы,

сөлекеттеу қимылы ербеңдейді,

бір бозбала тамсанып отырады,

бойжеткеннің көздері жер көрмейді.

жапырақ-қыз биіңді тарту еттің,

шашыңнан ай сәулесі төгіледі.

өмір деген ең әсем портреттің,

обыр-уақыт жиегін кеміреді.

ай тұмсығын жасырып маядай түн,

таң уызын тамызды таңдайыма.

күлімсіреп жанымды аялайтын,

жалғыз сәуле жығылды жар бойына

жалғыз сәуле тығылды тал бойына...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар