Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Сіз осыған келісесіз бе?...

27.06.2025 709

Сіз осыған келісесіз бе? 12+

Сіз осыған келісесіз бе? - adebiportal.kz

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп қазақтың Шерағасы, Шерхан Мұртаза абыз айтқанындай, жылдың төрт мезгілі, айдың барлық күні, күннің қарағысы мен жарығында үздіксіз іс-әрекет жүзінде болып, қоғамымыздың барша маңызды тыныс-тіршілігінен ақпараттар дайындап тұтынушыларына ұсынатын журналистер қауымы да ақпарат қызметкерлері қатарында болғандықтан, бұл күн бізге де маңызды. 

Барша қаламдас, әріптестерімізді кәсіби төл мерекесімен құттықтай отырып, журналистік қызметке қатысты айтылымдарға құрылған төмендегі төрт сауалды ұсынған болатынбыз. Әріптестеріміз «Сіз осыған келісесіз бе?» деген сұрақ бойынша сауалдарға өз жауаптарын жазып ұсынды. Мархабат, оқыңыздар!

1. «Журналистикадан жазушылар көп шығады, ал жазушыдан журналист болу бар, бірақ сирек. Жазушының арғы атасы – журналист.» (Көпен Әмірбек)

2. «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық.» (Бернард Шоу)

3. «Ауыздың өтірік айтқанын мұрт біледі, журналистің өтірік айтқанын жұрт біледі» (Әзілхан Нұршайықов). 

4. «Блогерлік – нәсіп, журналистік – кәсіп». 

Айна Задабек, «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы

Жасанды интеллект журналистикаға үлкен мүмкіндік әкелді – Айна Задабек1. Көпен ағамыздың айтқанына келісу-келіспеу деген болмас. Сондықтан Көпен ағаның айтқаны рас. ең бастысы, журналистің де, жазушының да басты құралы – қалам. Сондықтан журналист болсын, жазушы болсын, оның қаламы ұшқыр болса, журналистен жазушы шығады. Ең бастысы – қаламы ұшқыр болсын!

2. Бернард Шоу – драматург әрі сыншы ғой. Сондықтан, оның стилінде жазылған пікірлердің ерекшелігі – сыншылдықта. Ол қоғамға деген көзқарасын әрдайым сын арқылы білдіріп отырған. Бұл оның шығармашылығының басты ерекшелігі деуге болады. Сонымен қатар, оның өмірбаянына қарасақ, журналистикаға аса жақын болмағанын көреміз. Тек бір кезеңде ғана Лондондағы бір газетте сыншы ретінде қызмет атқарған. Сол себепті, ол көргенін, білгенін ашық айтып, шынайы түрде жеткізген.

3. Менің пікірімше, журналист – бұл бәрін шала-шарпы білетін маман емес. Керісінше, журналист – барлық саланы жан-жақты зерттейтін, терең білімді қажет ететін ерекше мамандық иесі. Журналист экономист те бола алады, әлеуметтік мәселелерді де көтере алады, саяси тақырыптарға да пікір айта алады. Мысалы, қазіргі таңда елімізде де, әлемде де журналистердің депутаттыққа сайлануы немесе жоғары лауазымды қызметтерде отыруы – олардың жан-жақтылығын көрсетеді. Сондықтан, журналист бәрін үстірт біледі деу – дұрыс емес деп ойлаймын. 

Журналистің басты міндеті – жұртшылықты ақпараттандыру. Ол – халықтың алдында жүреді. Сондықтан оның жалған ақпарат таратуы мүмкін емес, себебі шындыққа сай келмейтін кез келген нәрсе бірден әшкере болады. Осы тұрғыда журналистика мен жалған сөйлеу бір-біріне мүлдем қарама-қайшы ұғымдар. Журналист ешқашан өтірік айтпауы керек. Бұл – осы мамандықтың басты талабы. Журналист барынша шынайы, адал болуы тиіс. Ақпаратты өзгеріссіз, нақты, шынайы жеткізе білу – бұл шеберліктің белгісі. Жалпы, журналистиканың басты талабы – дәлдік пен шындық.

4. Қазір журналистика күрделі кезеңде өмір сүріп жатыр. Өзімнің пікірім: журналистер мен блогерлердің арасын нақты айқындап, бөліп алу керек. Журналистердің мәртебесін көтеру керек. Яғни журналистің дәрежесі заңдық тұрғыдан кәсіби біліктілік талабы арнайы сертификатталуы керек. Мысалы нотариус, я болмаса адвокат болу үшін арнайы лицензиясы, сертификаты болатыны белгілі. Тура сол сияқты журналистің де арнайы сетификаты, болмаса лицензиясы болғаны абзал. Сонда журналистің мәртебесі өседі. Екіншіден осылай жасалғанда екінің бірі қолында телефоны, микрофоны бар блогердің өзін журналиспін деп айтуы деген мәселе де реттелетін шаруа болар еді. Сондықтан блогерлер мен журналистердің ара-жігін нақты заңдық тұрғыдан анықтап, екеуінің мәртебесін екі бөлек қарастыру керек. 

Махат Садық, ардагер журналист, «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, «Құрмет» орденінің иегері

1. Көпен дос-әріптес-замандас ағамызбен біраз жыл қызметтес болғанда осы тәмсілдің жілігін талай шаққан едік. Тек фактілерді келтірейін.

Алдыңғы аға толқыннан: Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкейлер журналистикадан жазушылыққа келді. Әрі ғұмырлық шығармашылықтарында журналистиканы қатар алып жүрді. 

Жүсіпбек Қорғасбек, Роза Мұқанова, Дәурен Қуаттарды олардан кейінгі толқын десек, бұлар да журналистикадан жазушылыққа келгендер. Журналистиканы да тастап кетпей, өзекті ойлы мақалаларын жариялап тұрады.

2. Бернард Шоу көке өзін жамандаған журналистерге өкпелеп бір сәттік эмоциямен жазғаны ғой.  Негізі «бәрін шала-шарпы білетін» журналистер аз емес. Солай да болуы заңдылық шығар. Жұмыс кестесіне орай оқырмандарына әртүрлі тақырыпта материалдар жазатын журналистерге тақырыпты егжей-тегжейлі білу шарт емес деп ойлаймын. Спикердің журналист сұрақтарына жан-жақты жауап беруі міндет. Бұл өмірде бар саланы толық меңгеру мүмкін бе? Әрине жоқ!

Аналитик-сарапшы журналистер тақырыпты зерттеп-зерделесе онда толыққанды дүние жазылады.

3. Әз-ағаң мұны өз өмір тәжірибесі, шығармашылығындағы жәйттерден білгенін мәтелдеп келтірген болар. Тапсырыспен жазылатын дүниелерде жалған әпсаналар болады. Бірақ оны жұрт білері анық. Ал енді бұл жерде «жұрт» деген сөз көзі қарақты, оқыған-тоқығаны мол азаматтарға қатысты қолданылып тұр. Жалпы қазақи мағынада Жұрт сөзі – Зиялы деген мағынаны білдіреді. Қазір мысалы «АБЫЗ» сөзін ғаламат данышпан деген мағынада қолданамыз. Ал бұл сөз бізге татарлардан келген. Татарлар абыз деп оқыған білімді Молданы айтады.

4. Заманына қарай адамы... Уақыт өткен сайын таным да өзгеріп келе жатыр. Ақша қай жерде мол әрі тез табуға ыңғайлы, міне сол жерде кез-келген кәсіп иесі табыла қалады. Сондықтан журналист кейде блогер болып кетеді деп табалау қажет емес. Министр мен әкім болғандар да әлеуметтік желіде Блогер болып жүргеніне куәміз. Өткенде сондай бір азаматқа:

- Сіз кезінде талай рет әкім де, министр де болдыңыз. Осылай әлемжеліде бұрқыратып жаза берсеңіз, қайтыс болғаныңызда кейінгі ұрпақ сізді блогер деп танитын болады. Әкім-министр қызметіңіз ұмыт қалады, - дегенім бар, әзілдеп. Өйткені адамның ғұмырлық қызмет жолында тек табысты және халық көңілінен шыққан еңбегі ғана ұзақтау мерзімге есте сақталып қалады.

Алтынбек Құмырзақұлы, «Тарих порталының» бас редакторы

1. Көпен Әмірбектің бұл пікірінде үлкен мән жатыр. Шындығында, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің басым көпшілігі бастапқыда журналистикамен айналысқан. Бұл оларға өмір шындығын көркем суреттеуге, оқиғаны шебер баяндауға, әрі халықтың психологиясын терең түсінуге көмектесті. Мысалы, қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Жайық Бектұров, Жұмабай Шаштайұлы сияқты тұлғалар журналистік қызметті әдебиетпен қатар алып жүрген. Әлем әдебиетінің классиктері Эрнест Хемингуэй мен Марк Твен сынды жазушылар да шығармашылық жолдарын журналистикадан бастаған. Ал керісінше, жазушыдан журналист болу сирек кездеседі, себебі жазушы көбінесе ішкі әлемді, қиялды суреттеуге бейім болса, журналистке нақты фактілерді талдап, жылдам әрі дәл ақпарат тарату маңызды. Сондықтан, «жазушының арғы атасы – журналист» деген пікір шындыққа жақын сияқты. 

2. Журналистика – терең ізденіс пен кәсібилікті талап ететін, қоғам алдындағы жауапкершілігі зор мамандық. Екінің бірі журналист бола алмайды. Журналист деген – үнемі ізденісте жүретін, қысым мен стресске төзімді, жаңа технологиялар мен трендтерге бейім, жауапкершілік пен этиканы сақтай білетін кәсіп иелері. Шынында да Бернард Шоудың кестелі сөзі сөз зергерлері үшін кеудеден мәңгі өшпейтін тәмсіл. Бернард Шоудың бұл сөзінде ащы әзілмен қатар, терең ақиқат бар. Журналистика табиғаты бойынша универсалды мамандық. Журналист деген саясаттан бастап спортқа дейінгі, тарихтан бастап әдебиетке дейінгі барлық салалардан хабардар болуы тиіс. Дегенмен бұл жан-жақтылық кейде үстірт білімге әкелуі мүмкін. Себебі, журналистің басты міндеті – ақпаратты жедел жеткізу, ал бұл кейде терең зерттеуге мүмкіндік бермейді. Мысалы, ақпараттық сайттар мен жаңалық тарататын медиа арналардағы тілшілердің білімдері кең, бірақ көбіне тереңдігі жетіспейтіні байқалады. Бірақ кәсіби журналист әр тақырып бойынша тиісті мамандарға жүгініп, шала-шарпылықтың алдын алуы тиіс.

3. Әзілхан Нұршайықовтың бұл пікірі журналистің адалдығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Журналистің әр сөзі көпшілік алдында жарияланатындықтан, оның қатесі де, өтірігі де қоғамға тез тарайды. Сондықтан журналистің басты ұстанымы – адалдық пен шыншылдық болуы шарт. Әлемдік тәжірибеде де, мысалы, BBC, New York Timesтың стандарттары мен этикалық кодексі журналистерге өтірік пен бұрмалаудан аулақ болуды міндеттейді. Қазіргі әлеуметтік желілердің дәуірінде ақпарат тез тарайтындықтан, журналистің бір қателігі халық алдында үлкен сынға ұшыратады. Сондықтан журналистикада өтірікке орын жоқ.

4. Батыстық журналист Дебора Кемпбеллдің «Журналистка – бұл миссия» сөзі бар. Сондықтан тілші қауым өкілдері журналистиканы мамандық ретінде ғана емес, қоғам үшін үлкен миссия жолында жүк арқалағанын міндет етеді. Әсіресе, бүгінгідей дүбір-дүрбелеңді кезеңде ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарып жатыр. Қазіргі цифрлық дәуірде блогерлік пен журналистиканың шекарасы бір-біріне жақындағанымен, бұл екі саланың арасында түпкі айырмашылық бар. Блогерлік көбінесе жеке көзқарасқа, субъективті пікірге негізделген. Блогерлердің негізгі мақсаты – аудитория жинап, сол арқылы табыс табу, яғни кәсіп. Журналистік қызмет болса, белгілі бір кәсіби стандарттар мен этикаға бағынады, қоғамдық жауапкершілікті арқалайды, әрі кәсіби дайындықты талап етеді. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің концертінен жеке әсерімен бөліскен блогер мен концерттің маңызын, өнерпаздың кәсіби деңгейін, оның мәдени құбылыс ретіндегі маңызын талдап жазатын журналистің айырмасы үлкен. Журналистика кәсіби деңгей мен шеберлікті талап етсе, блогерлік негізінен жеке қабілетке байланысты табыс көзі болып қала береді.

Мөлдір Асқарқызы, «Baq.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы

1. Өз ойым: жазып жүрген әр журналист жазушы болғысы келетін сияқты. Жұмыс бабымен ел аралайсың, түрлі тағдыр, эмоция барлығын бойыңнан өткізесің. Кейде шаршайсың, кейде шабыт аласың. Іштегі мөлдір сырыңды сол бір қойын дәптерге ақтарасың. Күндердің бір күнінде сол қойын дәптер кітап боп жарыққа шығуы да бек мүмкін. Жазушы мен журналист – егіз ұғым. Бір адамда жазушылығы басым болса, біреуде журналистік қабілет өткір болады. Бірақ олардың мақсаты бір – қоғамға пайдасын тигізу.

2. Күнделікті ақпарат  саласында жұмыс істейтін әріптестерге қатысты тұжырым деуге болады. Бүгін Мәжілісте заңды депутаттармен бірге талқыласа, ертең зауыт аралап фоторепортаж, сюжет жасауы мүмкін. Дегенмен елімізде салалық журналистика жақсы дамып келеді. Түрлі тақырыптық сайттар, газет-журналдар, телеарналар да бар. Осы «Qazcontent»-тің өзінде тарихты зерттейтін «Тарих порталы», әдебиеттен сыр шертетін «Әдебиет порталы», жастардың тынысымен таныстыратын «EL.kz» сайты бар.

3. Журналистикада өтірік айту біреуді еш мүмкіндік бермей өлім жазасына кесумен тең деуге болады. Жалпы қазіргі заманда өтірік айту тіптен қиын. Бүгінде барлығы бейне, аудиожазбаға түсіріледі. Фактчекинг жасау да оп-оңай. Оның үстіне жасанды интеллект журналистиканы айналып өткен жоқ. Күнделікті жұмыс барысында қолданыс аясы кеңейіп келеді. Сондықтан журналист бола тұра жалған ақпарат таратуды сол адамның адамгершілік болмысына тәуелді мінез деген дұрыс шығар. Рас, пайда табамын деп тапсырыспен даттап, я болмаса мақтап жазатындар бар. Әйтсе де ол азаматтардың сыйы жоқ.

4. Бүгінде блогерлер мен журналистерді шатастырып жататындар көп. Тіпті кейбіреулер блогерлерді артық көреді. Шынтуайтына келгенде блогерлік – жеке бренд қалыптастыру, әлеуметтік желілерде танымалдылықты арттыру,  бизнесің болса жарнамалау жолы. Ал журналистика, қанша пафосты болып естілгенімен, халықтың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын кәсіп. Жеке тәжірибемнен мысал айтып кетейін. Редакциямызға Астанада 7 баласымен вагонда тұратын отбасы хабарласты.  Қыс, далада -30 градус аяз, вагонның ішінде құрттай жылытқыш. Отағасы КАМАЗ айдап жұмыс істеп жүрген, кейін қысқарту болып жұмыссыз қалған. Пәтердің жалдау ақысын төлей алмай вагонға көшкен. Құр жатпайын деп жалданып жұмыс істейді екен. Алайда шиеттей 7 баланы жеткізу оңай емес қой. Рахила Бекназарқызы деген тілшіміз отбасының жағдайымен танысты, әкімдік тарапынан не себепті лайықты қолдау жоқ екенін білді. Осы жерде әкімдік заң жүзінде әрекет еткенін баса айтқым келеді. Сонымен біздің материал сайтымызға шықты. Оқырманның бірі өзі хабарласып, осы отбасыға Астанадан 2 бөлмелі үй, балаларына қажетті киім-кешекке дейін түгендеп берді. Редакция болып қатты қуандық. Біреудің қуанышына қуана білу екі есе бақыт сыйлайды екен адамға...
Осыдан кейін журналистиканы қалайша бағаламайсың?!

Олжас Сәндібек, ақын, «El.kz» ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы

1. Бұл пікірде үлкен шындық бар. Журналистика – өмірдің қаз-қалпындағы шындығын қағазға түсіруге үйрететін мектеп. Ал жазушы сол шындықты қорытып, көркем оймен қайта қалыптайтын тұлға. Журналист – дерекке, жазушы – түйсікке сүйенеді. Журналистикадан шыққан мықты жазушылар аз емес, бірақ әрбір журналист мықты жазушы бола алмайтыны тағы бар. Өйткені жазушылық – тек техника емес, болмыс.

2. Бұл сөзбен де келіспеске шара жоқ. Себебі, журналистің бір күнде саясат, медицина, білім, мәдениет, құқық, экология сияқты сан салаға үңілуіне тура келеді. Әрине, бұл саланың бәрін меңгеріп үлгеру мүмкін емес. Бірақ кәсіби журналистің парызы – кез келген тақырыпты зерттеп, ең кемі сол саланың терминдері мен логикасын игеріп, сұрақ қоя алатындай деңгейге жету. Сондықтан «білмегенін білетін» журналистің өзі – мықты журналист. Ал, салалық журналистика туралы сөз бөлек. Себебі, салалық журналистикаға бейімделген әріптестерімді сол саланың маманынан кем көрмеймін. 

3. Бұл – журналистің ең үлкен қаруы да, жауапкершілігі де шындық екенін меңзеген қанатты сөз деп түсінемін. Қалам иесі жалған ақпарат таратса, абырой, беделіне дақ түседі. Ал сенімнен айырылған журналистің сөзі сұйық, үні солғын шығады. Сондықтан әрбір сөйлем, әрбір дерек – тексерілген, ақиқатты ашатын болуға тиіс. Бұл – мамандыққа адалдық.

4. Бұл тұжырым – бүгінгі заман талғамына дөп түсіп тұр екен. Блогерлерді қоғам «өз кеңістігінде ойын ашық айтатын тұлға» деп қабылдайды. Себебі олар көбіне аудитория көңіліне қарап жұмыс істейді. Ал журналист – кәсіби стандарттар, этика, редакциялық жауапкершілікке бағынады. Журналистика – дәлдік, бейтараптық, теңгерімділік секілді қағидаларға негізделген сала. Екеуінің айырмашылығы – бірінде кәсіптік міндет, екіншісінде – жеке бастың еркі. Бірақ екеуі де қоғамға әсер ететін күш екенін ұмытпауымыз керек шығар.

Мөлдір Дарханбаева, ақын, «El.kz» ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы

https://media-hel3-1.cdn.whatsapp.net/v/t61.24694-24/473410976_1638563160095480_7451229085615908994_n.jpg?ccb=11-4&oh=01_Q5Aa1wHK5kxtrfK1na7qO3HMvWDou4V_dhyaR8_jrTeaAn6VEw&oe=686A3E3A&_nc_sid=5e03e0&_nc_cat=105

1. Журналистика – шындықты іздеудің, ал әдебиет – сол шындықты көркем түрде бейнелеудің жолы. Меніңше, жақсы жазушы болу үшін, ең алдымен, жақсы журналист бола білу керек. Себебі журналистік тәжірибе – өмірдің нақтылығын, адамның ішкі әлемін, қоғамдық құбылыстарды терең түсінуге үйретеді. Журналист ретінде адамды тыңдайсың, қоғамның тамырын ұстайсың, түрлі тағдырлармен бетпе-бет келесің – мұның бәрі кейін жазушы ретіндегі шығармаңа жан бітіріп, шынайылық сыйлайды.

Иә, жазушылардың көпшілігі журналистикадан бастайды. Бұл – кездейсоқтық емес. Журналист – ақпарат жинаушы ғана емес, ол – сөз шебері. Ал жазушы – сол сөз арқылы адам жанын қозғайтын суреткер. Жазушыдан журналист шықпайды деген пікірмен толық келіспеймін, бірақ расында бұл сирек құбылыс. Себебі жазушы көбіне өз әлемінде өмір сүреді, ал журналист қоғамдық кеңістікте белсенді. Бұл – екі түрлі темперамент, екі түрлі ырғақ. Дегенмен, олардың түпкі мақсаты – адам болмысына үңілу.

Сондықтан мен «жазушының арғы атасы – журналист» деген пікірмен келісемін. Журналистика – жазушылықтың бастауы, ал әдебиет – сол бастаудың тереңге тартқан жалғасы.

2. Бұл анықтама сәл мысқылмен айтылғандай көрінгенімен, оның астарында шындықтың үлесі бар. Журналист – түрлі салаға үңілетін әмбебап ізденуші. Бүгін мәдениет туралы жазса, ертең саясатты талдайды, келесі күні экологияны қаузайды. Яғни, журналисттің кәсіби табиғаты – жан-жақты болуды талап етеді. Бірақ бұл «шала-шарпы» білу дегенді білдіре ме?

Меніңше, бұл жерде журналистің терең емес, кең көлемде қамтуы айтылып отыр. Ол әр саланың маманы болмауы мүмкін, бірақ кез келген тақырыпты түсініп, халыққа түсінікті етіп жеткізе алатын деңгейде білуі – нағыз шеберлік. Журналист ақпаратты тез игеріп, сұрыптап, дөп жеткізуге машықтанады. Бұл – шала білім емес, шапшаң ойлау мен нақты іріктеудің нәтижесі.

3. Әзілхан ағаның бұл тұжырымы – журналистің ең басты қаруы шындық екенін еске салады. Өтірік айту – кез келген адам үшін қателік болса, журналист үшін бұл – кәсіби сатқындық. Себебі журналист – жұрттың сенімін арқалаған адам. Оның әр сөзі, әр дерегі – көпшілікке жол көрсететін бағдаршам іспетті.

Журналисттің өтірігін жұрт біледі, себебі ол жұрт үшін жазады. Оның жазғаны қоғамға таралады, саналарға әсер етеді. Бір ауыз жалған ақпарат бүтін бір топқа, тіпті елге зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бұл кәсіби адалдық пен жауапкершілік туралы ескерту іспетті.

 Өтірікке сүйенген сөз ұзақ өмір сүрмейді. Ал журналист үшін сөздің ғұмыры – оның беделімен өлшенеді. Беделің жоғалса – қаламыңнан қадір кетеді. Бұл афоризм – соны еске салатын тағылымды ереже.

4. Бүгінгі медиақоғамда блогерлер мен журналистердің рөлі жиі салыстырылады. Рас, блогерлер қазір көп және олар жақсы табыс табады. Бірақ бұл екеуін тең қоюға болмайды, себебі миссиясы бөлек, жауапкершілік өлшемі де әртүрлі.

Блогерлік – көбіне жеке пікір, тәжірибе немесе қызығушылыққа негізделген контент жасау. Бұл – адамның өз ортасына әсер ету құралы. Ал журналистика – қоғамдық маңызы бар ақпаратты шынайы, бейтарап әрі кәсіби тұрғыда жеткізу міндеті жүктелген сала. Бұл жерде әр сөз, әр дерек – жауапкершілікке толы. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар