Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сламхат Сейтхамзаұлы. Жайлау мынау... тау мынау......

31.07.2023 1929

Сламхат Сейтхамзаұлы. Жайлау мынау... тау мынау... 14+

Сламхат Сейтхамзаұлы. Жайлау мынау... тау мынау... - adebiportal.kz

Жайлау мынау... Тау мынау...

Жайлау мынау,

Дала мынау,

Тау мынау!

Жасаңға аунап бір жадырап қалдым-ау.

Тау дегенің жайнап тұрған жәннат қой,

Жасыл манап, күміс өзен, сал жырау.

Бал қарағай, балауса гүл, ну орман,

Ақын жігіт!

Шабыт шақыр, жыр ойлан.

Тауды есіме, 

Келді таудың тағысы.

Тағы болған жақсы екен-ау бір ойдан.

Сұлу мүсін, суретің тым һикмет,

Қатпарында жатыр қандай сыр түнеп.

Қарағайды қалың қолға ұқсаттым,

Жауды қуып бара жатқан дүркіреп.

Тағдыр жомарт пішіп беріп молынан,

Жаратты екен қай шебердің қолынан.

Сенің осы толықсыған тұлғаңды,

Табар екем қай сұлудың бойынан.

Ей, ағайын! 

Рахаттан, ән сал да.

Ырымдаймыз, таңқалма да, тамсанба,

Сезіледі туған жерім сияқты,

Қазағымның қай тауына барсам да.

Өмір деген күнде жаңа, ойлашы,

Асқақтама болғаныңа онбасы.

Қонақ боп қайт,

Ақыл сатпа бірақ та,

Өтпейді оның бір тиынға тоннасы.

Күн жаңарып, ел жаңарып тұрады,

Өз данасын, өз заманы туады.

Біздің заман,

Тек біздерге лайық,

Келер ұрпақ өз арманын қуады.

Тауға тартқан, тау мінезді адаммын,

Неге құмар, тауға тұман маған мұң.

Адасайын қазақ үшін адассам,

Адаспасам жолды қайтіп табармын.

Жаным інім, сатпа еліңді ақшаға,

Еркіндікті ту қып көтер бақ сана.

Қарғыс оғын уға қосып атқан жөн,

Атақ үшін жолдан тайған патшаға.

Қара жерге шықпастай қып көмген соң,

Нағыз бағаң жазылады өлген соң.

Ажырғыдай азаптайды басыңды,

Біреу саған өз қолымен берген шен.

Қалыспашы қайран халқым, қатардан,

Сезесің бе?

Сел келеді қаһарлан.

Жаны сірі, көңілі ұлпа халықпыз,

Тағдырымыз қара тауға маталған.

Мақтанайын, ата-бабам екен ер,

Ел қарызы азаматпен өтелер.

Таудай үлкен, азапты да бақытты,

Тау секілді халық ғана көтерер!

Ұлылардан туа бермес ұлылық,

Тіршіліктің мәнін зерттеп, сырын ұқ.

Жұртқа таныс, арзан шындық емес пе,

Алтын құмда жататыны тығылып.

Бізді өзгелер байлығы мол ел дейді,

Жеріміз де, көңіліміз де кең мейлі.

Атом бомбы жасау оңай болғанмен,

Тырнақтай жер жасау қолдан келмейді.

Ата-бабам берген жерді еншіге,

Көрінгенге үлестіріп кеңсіме.

Қазақ үшін жаратылған жәннат бұл,

Енді осыны меңгеретін ер тіле.

Қарапайым менің момын халқымды,

Ел өсекке қосып жүр ғой сан қилы.

Жауларыңмен жағаласып келемін,

Асырсам деп қасиетіңді, даңқыңды.

Жылы ұшырап тұратын бұл бет қандай,

Байырғы бір көне таныс дос жандай.

Қайдан көрсең аңқылдаған ақ жарқын,

Қазақ біткен бір қалыпқа соққандай.

Қазақ біткен арманшыл да батагөй,

Кеудесінде теңіз болып жатады ой.

Садаға кет менің сабаз халқымнан,

Таласпаймын менен ассаң аса ғой.

О, Қазағым! Пейілің кең далаңдай,

Кедейлікті мойындама далаң бай.

Шақырып тұр, ерлікке үндеп бірлікке,

Кенесары, Райымбек, Қабанбай!!!

 

Ей, бала, білмейсің -ау!

Ей, бала, білмейсің-ау, білмейсің-ау,

Өзіңдей «мәз болып жүр, күл» дейсің-ау.

«Қашан көрсең қар жауған қабағынан,

Не деген оңбаған!» – деп күндерсің-ау.

Мен сенен басқашамын, жүгім ауыр,

Сырым ғой саған айтқан мұным, бауыр.

Қара суға семірген балалығым,

Қайтейін, өтіп кетті қайран дәуір.

Ей, қарғам, «күл» дейсің-ау, «күл» дейсің-ау,

Қазірше мұң дегенді білмейсің-ау.

Мен деген семіп барам, кеміп барам,

Сен деген гүлдейсің-ау, гүлдейсің-ау.

Барамын ашық едім, тағы болып,

Барамын қағылез ем, жабы болып.

Білмеймін, бала, миым жете ала ма,

Қалғанын түсінуге ары жорып.

Ей, жаным, «күл» дейсің-ау, «күл» дейсің-ау,

«Жарқылдап ашық-жарқын жүр» дейсің-ау.

Күлкім келед, бірақ та күле алмаймын,

Не барын жүрегімде білмейсің-ау.

Көп болды күлкі қашты езуімнен,

Мұндай жан емес едім тегі бір мен.

Мұңы күшті жігітке қайғы – дәрі,

Мұнара тұрғызбақпын өмірімнен.

Жарқыным, «күл» дейсің-ау, «күл» дейсің-ау,

Ағаңның хал-жағдайын білмейсің-ау.

Қолы жетті бақытқа деп жорисың,

Буланып мансабына жүр дейсің-ау.

Немене, шабармандық мансап па еді,

Көрмеп едім бұл күнді аңсап тегі.

Елдің жоғын жоқтайтын азаматпын,

Түсіне көрме, қарғам, жаңсақ мені.

Жаным-ау, «жайнап жүру керек» дейсің,

Түнерген мына баста не жоқ дейсің.

Ісің де, күлгенің де – бәрі жалған,

Қорлық қой біреу үшін дедектейсің.

Жырыммен суара алмай сезім гүлін,

Дәптердің парағына төгілді мұң.

Қор болып қуыршақтық мансап үшін,

Селге ақты қайран алтын сегіз жылым.

Әлемнен бар азапты жидырып ап,

Жіберер ме еді біржола күйдіріп-ақ.

Немесе кетер ме едім дүниеден,

Бойыма бар пәлені сыйдырып ап.

Араға сыймай жүрген мінді болып, 

Қорықпа, жаным бауыр, бізді көріп.

Кім біледі, қайғыны көтере алмай,

Кете ме ағаң байғұс жынды болып.

Жазбасам құны қанша жырды мына,

Халықтың жоқшысы боп күй-мұңына.

Өйткені халқым жоқшы боп келеді,

Ден қойып менің әрбір қимылыма.

Бауырым, бақытыңа қызығамын,

Мұңаямын ойласам бұзыларын.

Түсінетін миым бар, ризамын,

Рақмет, өмірдің сыйына мың.

Ей, бала, «күл» дейсің-ау, күле алмаймын,

Күлем десем өзімді құр алдаймын.

Рас-ау, бала күнде күлуші едім,

Шын күлкі, соны есімнен шығармаймын.

Ол күлкі бақыт еді, шаттық еді,

Жанымды нұрға бөлеп шат қып еді.

Қуаныш отын жағып жүрегімде,

Келгенше он бес жасқа мас қып еді.

Бақытты еске алу да азап екен,

Балалық қайта толмас базар екен.

Өмірге несін келдің азабы көп,

Отырып ап өзімді мазақ етем.

Болса да, болмаса да заманақыр,

Бұл жалған бәрімізден қалады ақыр.

Қарап тұрып қалайша күрсінбейсің,

Тұлпарды ит жетелеп бара жатыр.

Тұлпарды ит жетелеп бара жатыр,

Осы ма болған деген заманақыр?

Болған соң елің бодан, бауырым-ау,

Сен-дағы күле алмайсың, қара да тұр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар