Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сүндет Сейітов: Тәтті еріннен, тәтті түннен, тәтті...

07.11.2017 5971

Сүндет Сейітов: Тәтті еріннен, тәтті түннен, тәтті ойдан...

Сүндет Сейітов: Тәтті еріннен, тәтті түннен, тәтті ойдан... - adebiportal.kz

Махаббат бар!

Ал, менде жоқ ол мүлде,
Көзге ілінбес керек болды сол кімге?
Ғашықтарды ұрынбаған сор күнге,
Көрген сәтте махаббатты көрдім де!

Нәзіктіктің иісімен жан сарай,
Өмір көрсе көп ойланбай, шаршамай.
Хақты қалай сипаттасам жаныммен,
Махаббатты сипаттаймын дәл солай!

Тәтті еріннен, тәтті түннен, тәтті ойдан,
Құшағыма кіре салар бақ қайдан?
Мен іздеген ұлы арудың сезімі,
Ұлы Отанның соғысында қап қойған...

Жаманға еріп жалғанында жақсы өлер,
Тас төбемнен от оранып тас төнер...
Ләйлі менің құшағыма сия алмай,
Махаббаты Мәжнүннен қашса егер...

Түсініксіз әлемге кеп сенделдім,
Түсініксіз әр өңге кеп жөнделдім.
Мен көрмеген махаббатты сен көрмей,
Сен көрмеген махаббатты мен көрдім...

2017 жыл. Шымкент.

ЖАУАП

Вот где, Русь, твои добрые молодцы?

Сергей Есенин

Оянса да ақшаңқан бір кеш пейіл,
Менің тірі жүргеніме көш бейім.
Жүрегіммен жазып қойдым бір өлең,
Оқиын ба?
Жыртайын ба?
Не істейін?

Құшағына сия алмадым сайынның,
Көресің бе, қайда екенін жайымның?
Шыназ жақта арқан болса ілулі,
Асылуға ажалыммен дайынмын...

Көңілімнің кәусәрына тоймай мұң,
Мұң шеменнің тереңіне бойлаймын.
Өліп қалып туған күнім кезінде,
Есениннің туған күнін тойлаймын.

Елім қалды паналап бір пақырды,
Баласына ере салмай ақылды.
Ауылына жерлей алмай мен қалдым,
Мәскеу жақта өліп қалған ақынды...

Отауына бара алмады ол бәлкім,
Мен сияқты сағынышы оңған тым...
Ауылдағы жұмағы еді қоржынтам,
Тозағы еді тар қалада қонған күн.

Отан іздеп күн көрінді еңістен,
Көздерімнен мұң көрінді көп ішкен.
Туған жерсіз менің жерден нем биік?
Туған жұртсыз менің ерден нем үстем?

Ештеңем...

2017 жыл. Шымкент.

***

Мұңға біткен адаммын ба?
Бір қалыппен қыр асқан.
Обалмын ба, ар алдында,
Томармын ба, гүл ашқан?

Шағылусыз пәс төбемін,
Тәнім усыз жыланмын.
Мен бәрін де хош көремін,
Қыранмын ба, Қыранмын!

Қазылмаған байлықпын ба,
Жазымда мән жоқ титтей.
Мен ыңғайсыз жайды ұқтым ба,
Қорылдайсыз көп күтпей?!

Өлең оқып берейінші,
Төмен өтіп кетпеңіз!
Сыныңызға сенейінші,
Құнымызға жетпеңіз...

Қыз әкеліп беріңізші,
Күз әкеліп берейін.
Бағымызды көріңізші,
Әліңізді көрейін...

Қыркүйектен қазан кетті,
Сағат ұқсап, тықылдап.
Қарашада мазам кетті,
Қара желі құтымды ап.

Өмірді әлі кем білемін,
Балалығым үшін бе?
Он екі айға телміремін,
Түнгі он екі ішінде...

2017 жыл. Шымкент.

Бағыт



Айға бата бергізсем деп бір шалға,
Өтініп ем, өтінішім болып ән.
Оң жамбасы қалып қойып құрсауда,
Көктегі нұр туған екен солынан...

Ғарыш жақты еңсе жетпей көрерге,
Жүргендермен жүргендердің – бірімін.
”Көтерме” ауыл айын түзеп берер ме,
Көтермелеп, көкке ұлыған ұлының?..

Күн көзінен кілт тайдырып көзімді,
Ай жүзіне қарап қоям сүйсіне.
Қамап қоям ауызыма сөзімді,
Оқылғанда бақыт жайлы бір сүре.

Домбырамның ішегінен күй ақты,
Бастауынан сағаға кеп тынармын...
Айға ұлыған жетім бөрі сияқты,
Қайғылыдан туылмаған шығармын?

Ай бата алса, мен бата алған боламын,
Шал қолын ап, мен бе аталған бір белде?!
Өзім салған өзімшілдеу жолағым,
Ала барсын өлеңге зар мінберге...



2017 жыл. Шымкент.

Мінез



Мінезім де оңған емес,
Оңып көрсе мінезім.
Солыңқы жақ, солған өңеш
Көрсетеді жын өзін.

Жан әкемді дос дер едім,
Ескеремін мұны азбай.
Алматыны хош көремін,
Болмаса да Шыназдай.

Шана салып сұр айдынға,
Сырғып па едің, сұр өңім?
Күлгендерге жылаймын да,
Жылағанға күлемін.

Ұйқым менің құмар құсқа,
Күлкілі ме, бұқпағын?!
Сырт киіммен шығар тұсқа,
Іш киіммен шыққаным...

Күліп–күліп, күлемін де,
Жылап–жылап, жылаймын.
Мына менің мінезімде,
Мінезі бар мың айдың.

Солай–солай, солай дедім,
Солай–солай ұғарсың...
Ей, қырт мінез, арай ма едің?
Неге маған құмарсың?..



2017 жыл. Дача.

Жан



Кейде жаным қиналады, белгісіз…
Бұзық қыздың сор тағдыры, сол шығар…
Табанымды тесіп өткен сорлы сыз…
Жүрек,
Бауыр,
Бүйрек,
Һәм бір әлсіздік,
Бәлкім көзден мұз боп аққан тамшылар…

Қиналамын жаным шығып кетердей,
Иланамын шықпасына сол жанның.
Бір жұмысым қалғандай–ақ өтелмей,
Ақша,
Дүние,
Аманат,
қап қараусыз,
Кеткендеймін қалтасында арманның…

Балаңмын да биіктердің қасында,
Жан алдында орны толмас обалмын.
Бір адамның бақ бола алмай басында,
Кеше,
Бүгін,
Ертең,
Соның ертеңі,
Ақын болып оянбайтын боп алдым…

Мұңды өлшеп кім көріп еді ой салып,
Бір бөлшекпін сынып түскен іріден.
Ауыруым асқанғаны соншалық,
Күннен,
Түннен,
Қашқан қыздың көз жасын,
Саптаяққа құйып алып сімірем…

Көп күнім де көп қарайды көп көзбен,
Көп түнімнің құшағынан шығармай.
Көк түбінде қалқып жүрген көк кезбе ем
Тауды,
Қырды,
Кезіп кеткен аяғым,
Керзі етіктің уысында сынардай…

Мұның бәрі мендік болмас жадқа азық,
Пешенеме нұрын сепсін лағыл Ай.
Алқымымнан бұзып–жарып нәп–нәзік,
Мұңмен,
Жаспен,
Уыс Һәм бір үреймен,
Өлең болып шыққан өлең жаным–ай!



2017. Шымкент.

Бөрі



Тырмалай берсең саныңды жұлынар сіңір,
Шырыл мен сырды аз уақта кім ұғар шұғыл?
Күн ұя іздеп кеткенде, толысқан айға,
Ұлығың келсе ұлығым, ұлып алшы бір!..

Паршалай білер қасқырдың бүлікті аяғы,
Тырнақ пен тіске жабысып құлық баяғы.
Арланның қанын көтерген қабаған иттер,
Ұлығысы кеп, қорыққаннан үріп қояды...

Жараңа сенің жазылмас ем болып бөтен,
Тосын келгенім ең әділ пенделік пе екен?
Басыңа қарап апаннан қысыла шыққан,
Кіші лашықтан қашам да сенделіп кетем.

Басыма менің бақ болып басыңа сенің,
Ай туып тұрса лайым жасымас едім.
Қасым бар үнсіз бір елі, досым бес елі,
Досы бір елі, қанішер қасы бес елім!

Алыстау жүрем тағдырдан сыни алмай мін,
Шәйі мұң-шерім желбіреп дүрия қайғым.
Ұлығың келсе оңаша ұлып алшы бір,
Қайғыңа қосып қайғымды ұли алмаймын!



2017. Шымкент.

Ауыл жақ


Ауыл жақ қалай екен, кім бар сұрар?
Күн көзі қырға батып, қырдан тынар.
Жантағы жан тырнаған жан атамның,
Қабірі мені күтіп тұрған шығар...

Сұрайтын кім бар еді алып тәнді,
Ағадан, не әпкеден халықты әлгі.
Атамның көзін көрген Қаһар ақын,
Мені көрмей ауылда өліп қалды...

Мен туған жаман үйдің жақсылығы,
Біреудің жамбасында қап шіріді.
Жылатып, күлдіретін еді осында,
Әкемнің кейде ұстайтын бақсылығы...

Ауылым той қылады, сән құрады,
Би билеп, күй шертісіп жандылары.
Қаратүн аңғал итім бос қалыпты,
Өзіммен кеткен екен қарғыбауы...

Қаратүн итім де әлгі өлді ме екен,
Сезініп елді бөтен, жерді бөтен.
Отырып алашада, оңашада,
Іштегі бар сырымды белгілі етем.

Ауылда қалып кеткен бар мағына,
Жантағы әуес болып бармағыма.
Келгендей о дүниеден, бұ дүниеге,
Бозсудың қарап тұрмын ар жағына...

2017. Шымкент.

Бұл аулада...



Бұл аулада бақ болған, дүрмек болған,
Және мұнда тал бар-тын гүлдеп қалған.
Сол аулада жүретін күлегеш қыз,
Бірақ, оның арманы күлмепті алдан.

Бұл аулада ойнаған ел ағасы,
Бүркіт болған сарғайған томағасы.
Бір құт болған төрінде іздеп кіріп,
Шығарылған шалменен жаназасы...

Әжем бар-тын шілік бел сол аулада,
Ала шашын іріктер баяу ғана.
Жыртық киіз жататын көлеңкеде,
Жұрыны да келмейтін жамауға да.

Көлеңкесі кең еді өрік талдың,
Мейірімін сол сәтте көп ұққанмын.
Шәйі көйлек оранған жас келіннің,
Көлеңкеден етегін көріп қалдым.

Қалып қойған жалғанбай көпке ара тым,
Сорға біткен жаныма шоқ салатын.
Құмырсқаға таланып жүр бір бала,
Бес жыл бұрын бұл бала жоқ болатын...

Бағын тапса, жігерін құм қып алмай,
Бір ару қыз айтылған мұңды ұрандай.
Бес жастағы інісін күлдіреді,
Бес жыл бұрынғы арманын күлдіре алмай...



2017. Шымкент.

Ана


Бұл өмірге келе сап алданғалы,
Бір үзікке бір үзік жалғанғаны.
Бір көңілден бір көңіл қалғандағы,
Бұлыңғырлау кездердің жалған бәрі!

Анам еді өмірден көре алғаным,
Көре тұра көрместей көп алдадым...
Неге Құдай?
Сол жанның түн көрінер,
Көздеріне күн болып жаралмадым?!

Неге соның жаны қып жаратпадың?
Неге соның қаны қып таратпадың?
Жастық шағын елемей ары аттадың...
Кері аттағың келе ме Жаратқаным?

Бір еміме тақ болып, бір кеселім,
Өзгеге айтпай өзіммен тілдесемін.
Адам қорқар басуға жаңтақ болсам,
Табанына анамның кірмес едім…

Сәтсіздіктен құтқарар сенімі ұдай,
Әлдиіне сол жанның ерідім-ай.
Жарты көңіл анаға бала берген,
Бар әлеммен сүйемін сені Құдай!

Шымкент. 2017 жыл.

Бабалар-ай!



Тұлғаларың Қаратаудай,
Алатаудай жиғаның.
Ақ дұғамды алақандай,
Рухыңа силадым.

Сарайыңды бақтай жаңа,
Қия алмадым, кетпедім.
Алты құлаш ақ найзаңа,
Алты-ақ құлаш жетпедім…

Бой өлшетпес кесенелер,
Биіктіктен қарайды.
Пәс үйлермен өсе берем,
Сол биіктік жарайды...

Қолға ұстаған қаламын көп,
Адамдардың беделі ем.
Төбе тұстан қарағым жоқ,
Хабарым жоқ төбеден.

2017. Шымкент.

...Екенін

Қазаққа мынау қадірлі сыйланам ба әлі,
Сыйланар ма екен ақыны қираған бағы?
Ескендіріне орыстың ұқсатқан жұртым,
Құс қанат ғұмыр жолдарым тураланбады,
Ұқсамақ түгіл шашым да бұйраланбады…

Сарай салатын алтын бар көземде міне,
Көземді көріп, көз қанжар кезенгені ме?
Өзен-көліне қазақтың лақтырып бәрін,
Сезімсіз елден ғашықтық безем де еліне,
Гүлдесте тағып жатамын гөзелдеріме.

Балықтай басым тасада алыптай болса,
Айдар шашыма шешімсіз халық байланса…
Өзен-көліме лақтырған берекесі жоқ,
Жылап қалармын мұң шегім шарықтай қалса,
Алтын іздеген қазағым балыққа айналса…

Шаттықты әлде жоқтықты көрем бе алдағы,
Үзіліп түсіп қалғанын көген қолдағы…
Мен жылағанда Пушкинше, төрем болмады,
Ескендір бірақ мен құсап жаза алған ба екен?
Ескендір құсап жазғаным өлең болмады!

Шындығын білсе дүниенің керемет елім,
Тұнық сезімін жаныма қорек етемін.
Біліп те жүрген абзал ғой балық басты елім ,
Ескендір болған ақынның Сүндет екенін,
Қазақ іздеген алтынның өлең екенін...

2017 жыл. Шымкент.

Шер

Шыраздан кеткен Хафиздей Шыназдан кеттім,
Сәлемін арнап отанға кіназдау көптің.
Ақсақалынан бата алып өзбектің абыз,
Сағыныш басар мекенді көздеп мына біз,
Рұқсатын сұрап бел астық біраз дәулеттің.

Жабылды талай жолымыз салынып құрық,
Туған Отанның біздерге хәлін ұқтырып.
Егіз қолымды амалсыз бұра кісенге,
Оралман дейтін ор пейіл сынағыш елге,
Сағынбағандай көрінем сағынып тұрып…

Сағынып тұрып көрінем сағынбағандай,
Бақытым қонбай басыма, бағым да жанбай.
Оралман деген қазаққа темекі басып,
Шымкенттен бері Келестен келетін асып,
Көлікке мініп кетсем бе адырда қонбай?!

Мына мекенді ор кеуде оралған деген,
Мұңыма менің жолдас боп доғарды-ау деп ем...
Балақтарымнан тістелеп көгалдан көген,
Сынағыш елмен күнәмді көп алған менен,
Оралмайтындай алысқа жоғалды-ау өлең,
Жоғалып алып, азап қой оралмау деген...

Жалғыздық

Мұңдарым түн ұрлаған,

Сырларым ұғылмаған.

Тағы да көп күрсінген бір күн өтті,

Артына бұрылмаған...

Жанарға жас келеді,

Ақынның аңқылдаған пәс беделі.

Атағына елітіп күйгелек күн,

Шатағына бастады әсте мені.

Уақытымды сүйемін һәм қызғанам,

Өлеңіммен өрелі мән бұзбаған.

Жарты жанын бүтіндеп жан жолдастың,

Жарты көңіл боп сосын жалғыз қалам.

Бауырыммен жолықсам мұңды үркітіп,

Жалғыздықтың жанына құрдым бітіп.

Жалғыз талдың астында жалғыз қалып,

Жалғыз келер досымды тұрмын күтіп!

2016 жыл. Шымкент.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар