ВЕРТИКАЛЬ
Шаңырақтан мазаң жауған құс үнін құлағыңа шалғанда,
Айдың ақша мүсінін ~ түндігіңнің жиегіне ілгенде,
қазандағы кілгейге малғанда;
Жөңки көшкен сұрғылт бұлттың пішіні ~ абат таңның сабағына
сіңгенде,
Мұң қабағын мұз құрсаған іш-үнің ~
кірпігіңнен тамғанда;
Күздің сұрқы ~ жарты күлкі, жарты мұң,
гейше қыздың сүлдеріндей көңілсіз,
қызыл білте жұлдыздардың жарқылы ~
сөнген гүлдей ~ өңі үнсіз...
Көлеңкеге жасырынған салқының
~ кебінсіз түн, күндіздердің көбі үнсіз...
Күздің сұрқы ~ жарты күлкі, жалқы мұң
түс көресің жабығып!
Шешілмеген жұмбағың, есіңдегі өткенің
Кешегі өшкен жүз жылдар, жүзі кепкен түз мұндар:
Көгілдірімен қайтып кеткен көктемің
ұяларда жұмыртқаның қабығы,
өміріңдей өтпелі!?
Көңіліңде шағаласыз ~ өңшең қара құзғындар,
пошымы мұз бүршігіндей көктегі
Уақыттың күрсінісі ~ күзгі ызғар!
*
Санасы дуалы, сағымдай алдамшы ой қашанғы,
Қол созым төбеңде құс жолы,
Қаламың қалыпты, жазуың жасанды,
төменде үстелің.
Ояусың, беймаза, меңзығыр күйкілі, ұйқылы,
Өңіңде түс көріп, іште мұң,
кәдімгі жағымсыз көлеңкең, қайғылы ~ сұйқымың,
Біреуге жағынып, біреуге бағынып, тістеніп,
итініп...
Терезе көзінде сиқырлы қыраудың қиқымы...
Жаңбырдың саумалы ішкенің
Сауалды сүгіреттер, санаулы сағаттар циклі...
Өтеді осылай, өтеді әрі де, бері де жөңкіген дәуірің
Жөтеліп, шашалып алайық: шараптан құйшы бір... Бауырым...
Ұмытып ғұмырдың тарлығын, ауырын,
еңсейік ең соңғы елестің иісіне сүйсініп!?
Шапқыла, тұяғы тағалы баяғы жайлақ ат,
жалықсаң күйсіреп,
Жайлауды құшақта, тауларға табынып, аймалат!
...Ойларың самалдай қаулаған, жаңбырдай саулаған,
Маңдайша үстінде ілмиген Ай қарап...
~!?
Қайтесің қайтасың өзіңе, қайтасың аулаңа,
Ғарышқа сіңеді кісінеп, жайлақ ат,
қалады таудағы ән...
Үстелің төменде, жазуың, шіркейлер іздерін иректеп,
Ақ, күлгін аралас түсі мың
билейді көбелек үймелеп өлімші жарыққа баудағы,
бір-бірін сүйреп кеп...
Сыраның күлімсі иісіне кеңсірік жұтынып,
Беймаза сәттерге ұшынып, бейдәуе кезекті тұшыным,
...Аршаның тұтамы, тезектің бықсыған түтіні...
Қабырға сағаты жер шарын айланып, қай зама-а-ан!?
Күтумен өтетін өңге ешсіз көңілсіз бұ Түнің,
қатыссыз өңгеге, көлбеген Айға да, дөңгелек айнаға;
Өз-өзін өлеңге байлаған бітімің...
&
Басыңды изейсің жай ғана!
*
Тоңған ойларды кешіп өтесің, таңның қоңырауында,
Сауыры жылтырап ~ салбырап ағады маусым бұлағы,
Бөз тұман шұлғып бусанған шыңның омырауында,
Сұлап жатасың құлзым нұрына дауысыңды малып.
Тағылып өлердей сағыныш ~ құс қанатында
Көкірегіңнен көшкен ойларға көлкіген маңың,
Қанталап нарттай шуақтар жауады бұлт қабатынан,
Үзім жалқылық ніліне ән шырмалады қалың.
Көркем өңірде өртеніп өлетін көбелек ~ ғұмырлар ~ жұпқа,
Үзім жарықтың нілінде жан шырағданы жалқы,
Айналаң анар сүтіндей айдынға шымырлап жұққан,
Айдың ала көлеңкесінде аққулар қалқып...
*
Суалып барады көл ~ қара көздер, жүзіп өтетін бүткіл жыл құсы,
Қуарып тарады нөл жапырақтар биыл да қызыл күздегі,
Ұртына су ұрттап бүрісіп сөнгенде
күңгірт үңгірге беттейтін бір уыс күннің сілбісі...
Сол тірі білтелер тәңірдің елшісі:
келіп, қайтатын көктемнің өңі, тізбегі,
тұңғиығы тұғын күллісі,
Ол қайтып кететін-ді, ғайыпқа ғайыптай саулап іздері,
Жапырақ солай: қаланың қызы сияқты күлкісі, иісі, бұрымы, сұлу үлгісі...
Формасыз бұлтқа сүңгіген,
жаңбыр тамшысы жұққан көзәйнегіндегі гүл мүсін ~
елесі болатын элегияның мүләйім, мұңлысы біздегі...
Сағым бейнелер жасыл жейдесін шешіп ғасырға жасырынғандағысы...
Ұмыт қалмаудың, құлыпталмаудың, үміт талғаудың ебі еді, оның сынық іздері,
Өз кеңістігінде өсіп, жоғалып, өзіне бас ұрғандары үшін,
Ғұмыр шегеді сары жапырақтар тегі сары күздегі.
Күйрейді күн етегінде түгел қырман бағысы
Сеземін осы айда түс екенімді, қайтқан құс екенімді,
Алғашқы әнімді мұңменен алмастырамын тағы тарғыл түздегі.
Күздегі...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.