Тарихи Қапал. Ақын Сара. Тамшыбұлақ (Фотохроника)
Жетісудың көркем өлкесі – Қапал ауылы табиғат пен руханият үндескен киелі мекен. Бұл өңір қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің дара тұлғасы Сара Тастанбекқызы өмір сүріп, шығармашылық мұрасын қалыптастырған тарихи аймақ ретінде белгілі.
Жол түсіп тарихи Қапал шаһарына бардық. Иә, көзден бұлбұл ұшқан сонау ескі заманда Қапал деген шаһар болатын. Ақ шатырлы бөрене үйлер қалашығы еді. Сұлу шәрдің келіскен үйлеріне қызыға, ынтыға қарайтын едік. Қазір ол үйлердің өзі де саусақпен санарлық халде екен... Өкінішті.
Жетісудың көркем өлкесі – Қапал ауылы табиғат пен руханият үндескен киелі мекен. Бұл өңір қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің дара тұлғасы Сара Тастанбекқызы өмір сүріп, шығармашылық мұрасын қалыптастырған тарихи аймақ ретінде белгілі.
Бүгінде Қапал ауылында орналасқан Ақын Сара мемориалдық музейі – ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін маңызды мәдени-рухани орталық. Музей қорында Сараның өмір жолына, әдеби мұрасына, қазақтың айтыс өнеріне қатысты сирек жәдігерлер мен тарихи құжаттар сақталған. Бұл музей – қазақ әдебиетінің тарихын танып-білгісі келетін әрбір оқырман үшін тағылымды орын. Ең қызығы осы музей тұрған үй бұрынғы патша әскерінің лазереті болған -тын. Қашқар сапарына бара жатқан сапарында Шоқан Уәлиханов аялдап, Тәнеке батыр бастаған Қапалдағы жұрт жақсыларымен кездесіп, ел аузындағы ескі жырларды хатқа түсіргенін білесіздер.

Қапалдың табиғи символына айналған Тамшыбұлақ та осы өлкенің ерекше құндылығы саналады. Жартастан үздіксіз тамшылап ағатын бұл бұлақтың суы ғасырлар бойы сарқылмай келеді. Халық арасында оның шипалы қасиеті мен шығу төркіні туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Тамшыбұлақ – табиғаттың ғана емес, Жетісу тарихының да ажырамас бір бөлігі.

Ақын Сара мен Тамшыбұлақ – Қапалдың қос рухани белгісі. Бірі – туған өлкенің сөз өнерін әлемге танытқан ақын болса, екіншісі – сол өлкенің мәңгілік тіршілігін бейнелейтін табиғат ескерткіші. Тамшыбұлақтың тоқтаусыз тамшылаған мөлдір суы қалай сарқылмаса, Сараның жырлары да ұлт жадында мәңгі жаңғырып келеді. Сондықтан Қапалға келген әрбір жан алдымен Ақын Сара музейіне тағзым етіп, кейін Тамшыбұлаққа барып, Жетісудың табиғаты мен әдеби мұрасының өзара сабақтастығын терең сезіне алады. Қапал – Ақын Сараның асыл мұрасы мен Тамшыбұлақтың тылсым табиғатын тоғыстырған, қазақ руханиятының ерекше киелі мекендерінің бірі.

Сара Тастанбекқызы (1853–1907) – қазақтың көрнекті ақыны, суырыпсалма айтыс өнерінің ең ірі өкілдерінің бірегейі. Жастайынан зеректігімен, ақындық дарынымен танылып, ел ішіндегі айтыстарға қатысып, үлкен беделге ие болды.
Сараның есімін қазақ әдебиеті тарихында мәңгілікке қалдырған шығарма – оның «Біржан мен Сара» айтысы. Ешкіөлмес тауының етегінде өткен айтыста ақын әйелдің тағдыры, еркіндікке ұмтылысы, әділетсіздікке қарсылығы мен сөз өнерінің қуаты айқын көрінеді. Сара өз шығармаларында әйел теңдігі, адамгершілік, адалдық, ел бірлігі сияқты маңызды тақырыптарды жырлады.
Ақын Сара қазақ әдебиетінде әйел ақындардың шығармашылық мүмкіндігін танытып, ұлттық сөз өнерінің дамуына зор үлес қосқан тарихи тұлға ретінде бағаланады.
Оқырман назарына Сараның «Жүрек» деген толғауын ұсынамыз. Бұл өлеңде Қапалдағы Сайынбөлек, Баянжүрек, Тамшыбұлақ атауларының шығу тарихы баяндалған.

Жүректен жанға жылы сөз бар ма елде,
Жүрексіз тірлік бар ма суда, жерде?
Қашанда өмір жыры – жүрек сыры
Біреуін сол жүректің айтам мен де.
Аяулы болғандықтан асыл жүрек,
Өз орнын кеудеден кең алып бөлек.
Шаң-қоқыс, тозаң-топырақ кіре алмайтын,
Күмбезде берік, жылы өмір сүред.
Бəрінде мұндай жүрек жан-жануар,
Жұрт білед, тулай соғып тұрары бар.
Жерде де мұндай жүрек бар деп айтсам,
Көрмеген көп адам-ақ күлед шығар.
Түстіктен орай жатқан Жоңғар жоны,
Қоңырау тау терістікте қорған-қобы.
Қапалдың жанға жайлы аясының,
Төрінде жер жүрегі біткен орны.
Не болмақ жер жүрегі жерден бөлек,
Жүректің бəріне ортақ шерден бөлек.
Кəдімгі жүрек қандай – ол да сондай,
Сипаттап айтары жоқ елден бөлек.
Жалғыз тау жазықтағы басы мұнар,
Талай сыр, қойнын ашсаң асылы бар.
Көзіңмен көргің келсе жер жүрегін,
Қапалға келіп қайтуға асығыңдар.

Осындай ерек біткен Жүрек тауын,
Жағалай біткен жасыл алма бауын.
Күн сайын жылы леппен жауып тұрад,
Кербез шың – «Кер» бұлтынан сепкен жауын.
Күз келіп демін алды суық леппен,
Алғашқы ызғарлы шық шымшып беттен.
Жаз бойы жайнай өскен жасыл гүлдер,
Құнысып қорыққан жандай дір-дір еткен.

Қайрылмай кетіп барад жайдары жаз,
Көбі өтті өмірінің, қалғаны аз.
Дегендей бүрін бүркей жасыл шешек,
Жаутаңдап жаныма кеп айтады наз:
Түн іші. Күзетте жоқ, Сара қайда?
Еш жерден көрінбейді бұл маңайда.
Жүректің үстінде ол жүресінен,
Отырған арыз айтып аспанда айға.

Мұңдасып жер мен адам – екі жүрек,
Сыр тыңдап бір-біріне құлақ түред.
Бұлардың қайғысынан қараңғылап,
Аспанда жұлдыз жымып, ай мүдіред.
Белгілі, – дейді Сара, – менің дертім,
Ақ жүрек адамым бар берген сертім.
Душар боп қажы ауылының қақпанында,
Таба алмай босанудың жүрмін ретін.

Бүгін күн мойыныма түспек тұзақ,
Өмірім өспес болды бұдан ұзақ.
Ақтарып жүрегімді саған қосып,
Атанып өлсем деймін «Жынды қыз-ақ!».
Өзіңдей менде де бар біткен жүрек,
Жаралы жалындаған жадап-жүдеп.
«Жаманға басыңды жар етпе!» – дейді,
Асаудай арманымды алға сүйреп.

Сенің де қызғалдағың қурап бүгін,
Жоғалтқан қыстан қорқып қызыл гүлін.
Кəрідей көрге кіруге əзірленген,
Күңкілдеп естілмейді күңгірт үнің.
Айтатын ақылың бар ма, кəрі жүрек?
Дертіме бермейсің бе дəрі, жүрек.
Жер болып қалуыңның жəйі қалай,
Көп ғасыр тұрмақпысың жадап-жүдеп?

«Жүрек пен жүрек сыры бір емес пе,
Сыр ұрлау бір-бірінен мін емес пе?
Жөніңді айт, жөнге сілте, өлген жүрек,
Мендегі тыңдар сені тірі емес пе?
Қозғала бүлк-бүлк етіп жер жүрегі,
Жас қызға жаны аши елжіреді.
«Жүрегі ем мен де өзіңдей бір сұлудың
Жер болдым, тыңда, – дейді, – енді мені!»

Заманда сонау, сонау өтіп кеткен,
Бір қыздың Баян деген жүрегі ем мен.
Арманым өз өмірімде азат жан боп,
Өтпекші ем өзім сүйген жігітіммен.
Қоңтəжі деген ханның қызы Баян,
Ару ед аты шыққан əлемге аян.
Хандығы, əкесінің қыруар малы,
Аруды шаққан ақыр болды шаян.

Болғанмен алтын, күміс, дүние көп,
Жыл сайын аза берді Баян жүдеп,
Көрікті дүниеден пайда қанша,
Жай таппай жана берсе жалғыз жүрек.
Дейтұғын қалмақ жігіт Сайын-Бөлек,
Кедейден кесек туып өсті ерек,
Баянның бар арманы болды сол жан,
Айттырып алмағанмен қалың төлеп.
Арманды бір-біріне болды екі жас,
Бəз-бəзда сəті түсіп қосылса бас, –
Жастардың елжіреген мейірімінен,
Еріткен қорғасындай балқитын тас.
Жастардың бір-біріне құмары артып,
Тұтанды ғашық оты жалын шарпып.
Сайынға қызын бермей, көшемін деп,
Бір күні хан бұзылды жүгін артып.
Ханның бір батыры еді қалмақ Сайын,
Қашанда қажетіне тұрған дайын.
Елінің арқа сүйер ері сол еді,
Өзгелер қалмақ жерін шапқан сайын.
Айыбы жалғыз еді, кедей еді,
Еңіреген ер ішінде егей еді.
Атса оқ, шапса қылыш өтпес күшін
Қоңтəжі қоңыр қойға теңемеді.
«Қызымды жан алмайды ханнан басқа!
Қалыңға берген қазына, малдан басқа.
Ендеше атсыз, затсыз кедейлерге,
Тиісті Баян қызым алданбасқа!».

Қоңтəжі сол кеткеннен «Қораны» асып,
Өрмелеп тау басына кетті қашық.
Жоңғардың мəңгі қарлы жотасына,
Шығарды қашырға артып, жүгін тасып.
Көшірмек болғанында қызын зорлап,
Қозғалмай Баян көрін қаздырды орлап.
Жары үшін – Бөлек үшін жан тапсырып,
Қалды ол ақ жүректің сертін қорғап.

Осыдан түстік жерде Бөлек өлген,
Оны да тау басына бөлек көмген.
Екі тау: Сайынбөлек, Баянжүрек,
Өзгеден сондықтан да еректенген.
Ару қыз ақ жүрегін қорғап өлген,
Өзінің жүрегін де жерге көмген:
«Жан сүйген Сайын-Бөлек жар қабірін,
Көріп тұр мəңгі бақи, – деген, – көзбен!»

Қыз өлді, жүрегі оның жерге айналды,
Арманы таудай тола шерге айналды.
Күйіктен қайнап шыққан ыстық жасы,
Толтырған «Жүрек» астын селге айналды.
«Жер болып сол жүректің сырты қатқан,
Сақталып түскен жалын махаббаттан.
Қазіргі «Арасандағы» ыстық бұлақ,
Жас еді сол жалыннан қайнап аққан.

Баянның сол жүрегі болып бір тау,
Жоңғардың саласынан тұрады оқшау.
Қасында Сайынбөлек шоқысы бар,
Әлікүн қарауылдап тұрғандай жау.
Қорадан мойын созып Қоңтəжі тұр,
Ызғарлы тілсіз, мылқау ақ шоқы құр.
Баянды көктей солған бір көре алмай,
Зарланад, деп: «Балам, бір мойныңды бұр!»

Осылай сырын айтып «Баян-жүрек»,
Кеудесін бір күрсінді кере уһілеп.
Кеше мен, ал бүгін сен, дертіміз тең,
Ғасырлар ашылмайтын неткен түнек.
Бəрі бір: қалмақ па, əлде, ұлты қазақ,
Осылай қыздарының көргені азап.
Қосылмай жүрек сүйген жігітіне,
Өтеді махаббаты болып мазақ.

Сара қыз, еліктеме Баянға сен,
Шыдай тұр бұл өмірден қаяу көрсең.
Өзгеріс ел салтында болмай қалмас,
Өлме əзір, қорға өзіңді, аялда сен!
Саңқ еткен таудың үні осылай деп,
Сабыр боп жүрегіме ұйыды кеп.
Мен сергіп орынымнан тұра келдім,
Жүректен өз өміріме алғандай леп.
Түн жарымы, ел ұйқыда, ауыл жым-жырт,
Маужырап жусаған мал күйсеп бырт-бырт,
Өзгенің бəрі үйінде, өз орнында,
Бұл рахат тыныштықтан тек Сара сырт...
Фотосуреттер автордың жеке архивінен ұсынылды.
