Тазалық апай
Денім сау, ақыл-есім дұрыс, әйтеуір бір күн менің де үйленіп, біреумен тағдыр қосарым анық қой. Бірақ ондай жауапты іске асығып керегі не? Менің өз ұғымымда әйел – қамыт. Некеден кейін кейбір еркектердің ерік-жігерін әйелінің билеп алатыны өз алдына, батпандап басқа түсер отбасы тауқыметі ше?! Өліп-өшіп табысып, артынша не бастарына пана таппай, не ішіп асқа жарымай иіні түсіп, ақырында бордай тозып азып кеткен талайды көріп жүрміз ғой.
Автобус табаны қала шетіндегі қисық көпірге іліккені сол еді, қарқыны бірте-бірте баяулай бастады: көпір асты пойыз өтетін үңғыл, соның күжірейген жон арқасына иек артқанша, қабырғалары сөгіліп кетердей ышқынып-ақ кетеді.
Моторға түскен күш жолаушыларға да әсер еткен болар, жаңа ғана бірінің аузындағы сөзді бірі қағып алып, араның ұясындай гуілдесіп отырған жұрт дереу тыныштала қалды. Алға мойындарын созып, енді біреулері терезеге қарағыштап әркім өзімен-өзі болып кетті. Жолаушының мұндайда сыры мәлім, оның сапардан оралуын асыға күткен отбасы, жақын-жуық, достары бар дегендей, соларды ойлайды. Несін айтасың, ұзақ сапардан өз үйің өтеніңе аман-есен оралғаныңда алдыңнан қарсы алып тұрар адамыңның болуы да шексіз бір бақыт қой білген құлға.
Бұрындары мына менің басымдағы тірлігіме, келген-кеткеніме қуанатын екі адамым болды: Мира және тазалық апай – Жәміш. Мирамен аразбын. Көріспегенімізге көп болды. Ойнап-күлгеніміз, ыстық-ыстық сүйістер – бәрі ұмытылды. Бір-бірімізді көріп тұрып та көрмегендей боламыз. Ал тазалық апай, топырағы торқа болғай, биыл көктем шыға мәңгіге көз жұмған еді.
ххх
Сыртқы есікті кілттеп жаптым да, басқыш алаңында бүгежектеп еден жуып жатқан кісіге назар салмастан тұсынын асығыс өте берген едім, ол бойын тіктеп маған күлімсірей қарап:
- Қайырлы таң, балам, - деді, үлкен кісінің ықыласын аттауға болмайды, еріксіз кідірдім. Шынымды айтсам, елемегені дұрыс еді. Қатарым емес. Алпысты алқымдаған шүйкедей ғана кәрі кемпір. Мен одан тезірек құтылғым келіп:
- Қайырлы таң, - дей салдым тіл ұшынан.
- Қарап отырғанша деп еден сыпырушы болуға келістім. Зейнетақым аз болса да бір басыма жетеді ғой. Әйтеуір ермек болсын дегенім ғой. Ал өзің қайда істейсің, балам? - дейді кемпірің.
«Мына кемпір мылжың шығар. Тергеушідей ес жиғызар түрі жоқ қой.»
- Құрылысшымын, шеше, үй саламын. - Менің асығып тұрғанымды, асығып емес-ау, өзімен әңгімелесуге зауқым жоғын ол қаперіне де алмады.
- Үй тұрғызсаң, кәсібің жақсы екен, балам. Ал келін ше, ол қайда істейді?
- Қайдағы келінді айтасыз? - деп таңдандым мен.
- Жаңа ғана сенің алдыңда осы есіктен бір жас келіншек көрдім ғой. Өзі де бір ақ мақтадай үлпілдеген сүйкімді бала екен. Кеңсе қызметкері шығар деп ойладым. Апырай, ә, келіншегім емес деймісің?
- Замандас құрбы, жақсы танысым ғой.
- Білем, білем, - деп ол сәл ойланып тұрды да: - Жасың нешеде, балам? - деп сұрады сосын.
- Біраз жерге келдік қой. – Мен еріксіз күліп жібердім. – Отызға тақап қалдым.
- Үйлену керек, - деді ол тап бір өз баласына айтып тұрғандай бұйрықты үнмен. Сосын теріс айналды да, еден жуғыш шүберекті шелектегі суға батырып алып, басқыштардың цемент тасын ысқылап сүртіп жұмысына кірісіп кетті. Жаңа ғана жолымды бөгеп әңгімеге тартқанын жақтырмай қалып едім, адам деген қызықпыз ғой, енді тағы бірдеңе айтпас па екен дегендей күтіңкіреп қалыппын. Бірақ ол маған қайтып назар аудармады. Жауырын тұсы бүлкілдеп, еңкеңдеп, еденнен бас көтермей өз шауруасымен бола берді. Мен де жөніме кеттім.
Денім сау, ақыл-есім дұрыс, әйтеуір бір күн менің де үйленіп, біреумен тағдыр қосарым анық қой. Бірақ ондай жауапты іске асығып керегі не? Менің өз ұғымымда әйел – қамыт. Некеден кейін кейбір еркектердің ерік-жігерін әйелінің билеп алатыны өз алдына, батпандап басқа түсер отбасы тауқыметі ше?! Өліп-өшіп табысып, артынша не бастарына пана таппай, не ішіп асқа жарымай иіні түсіп, ақырында бордай тозып азып кеткен талайды көріп жүрміз ғой. Ендеше басыңда панаң, ай сайын санап алар қомақты жалақың болсын. Сонда ғана үйлену жайында ойлануға болады. Менде осының екеуі де бар. Бірақ...
ххх
Мира менің жаңа пәтерімді қызықтап қарап көріп жүр. Бір бөлмелі, ас пісіретін жері бөлек, балконы күн бетке қараған.
- Бопты, жарап жатыр, - деді ол балаша мәз болып. - Дегенмен өзің есепке жүйріксің-ау, біраз дүние кіргізіп қойыпсың: диван-тахта, үстел, телевизор, мұздатқыш. Енді... басына орамал байлаған бір бұраңбел бәлекейің болса... - Ол рақаттана сылқ-сылқ күлді. - Шаңырағы биік іргелі үйлердің бірі болғалы тұрсың.
Бөлменің бір жақ қабырғасы толған сурет: шетелдік журналдардан қиып алынған кино жұлдыздары, аты-жөндері белгісіз жай сұлулар да аз емес еді. Мира олардың ешқайсына бөгелген жоқ: әуесқой суретші, яғни мына мен өзім түсірген, қолаң шашы иығын тұтас жапқан қыз бейнесі алдына келіп тоқтады. Бұл – Мираның өзі еді. Шалқар теңіз, сонау арғы жақ қабақтан алтын табақтай жарқырап күн шығып келеді, су бетінде күміс сәуле ойнайды.Бергі жағада әдемі томпақ башайлары сусылдаған шеге құмға жартылай батып, шапақтанған таң нұрына жүзін тосып, марғау керіліп Мира тұр. Таң оятқан табиғат, бой жетіп толықсыған қыз...
Мен Мираның иығына асылдым. Ол бойына түскен ауыр самақтан белі сәл бүгіліп барып, денесін тез тіктеп алды.
- Есеп білмеген – есек, - деймін мен оған дәл құлағы түбінен. Үлбіреген самай шашы танауымды қытықтап, жаныма майдай жағып барады.- Сол себепті кітап жинамаймын. Кітаптағының бәрі біреудің қияли сандырағы іспетті. Ондағы ғашықтар бір-бірін бір күн көрмесе, естерінен айрылып, отқа түсіп, суға кетіп жүреді. Ал өмірде олай емес. Құрғақ махаббатпен қарын тоқ болмайды. Қарашы, мына қабырғадағы әр суреттің бір өзі бөспебай жүз кітапқа татиды емес пе?! Менің білуімше, жер бетінде әйел денесінен сұлу ештеңе жоқ.
- Жарайды, кітап жайын түсіндірдің. Ал бәлекей мәселесі ше?
- Асықпайық. Бәлекей оқып жүр.Ол химик-технолог болып шыққанша әлі бақандай екі жыл бар. Мен Мираны қолыма көтеріп алдым да, тахтаға әкеп отырғыздым.
- Пәтер алған соң үйленеміз деуші ең ғой, тағы айныдың ба, Ермек?
- Айнығаным емес. Ақылдың әмірі солай... Жарайды, үйлендік делік. Одан сен не ұтасың? Дүкеннен дүкенге, одан қалды базарға жүгіресің. Кір жуасың, тамақ пісіресің. Анау керек, мынау керек, жалғыз менің табысым бірде жетсе, бірде жетпес. Арамызға реніш кіреді. Оқуды ұмытасың. Оның үстіне мен әмір жүргізгенді ұнатам, мінезім сондай.
- Кей-кейде мен сені жек көргім келіп кетеді, - деді Мира аз-кем үнсіздіктен кейін. - Бірақ нендей сиқырың барын білмеймін, қанша бұлқынайын десем де уысыңнан шыға алмаймын. Тағы сен жеңдің. - Ол отырған жерінде бұрылып қабырғадағы суреттерге қарады. - Сенен тек бір өтінішім бар, бишара кейпімнен түңіліп кетпей тұрғаныңда, суретімді алып тасташы қабырғадан.
- Қой, бүлінбе өйтіп. - Мен Мираны құшақтап бауырыма тарттым. - Нервіңді сақтамасаң ерте қартайып қаласың. Қол жетпес аспандағы жұлдыздан, қолтығымдағы сен артықсың мен үшін. Сен бәрінен сұлусың. Шарап ішеміз бе?
- Тойғанша... - Жұп-жұмсақ ақ торғын білек мойныма оратыла кетті.
ххх
Жәміш апайды жиі-жиі көріп жүрдім. Үлкен қалада, үлкен үйлерде қарсы есік тұрып та, адамдар бір-бірін көрмек түгіл, білмейді де ғой. Ал бұ кісіні күніне ең кемі бір көрмеу мүмкін емес.Таң елең-алаңнан тұрып, содан қас қарайғанша бір тыным таппайды. Аула сыпырады. Басқыштарды жуады. Тентек, ерке балалардың есік-терезе жақтауларындағы шимайларын қырнайды, сүртеді. Сосын да біз тұратын үлкен үйдің маңайынан шашау жатқан қылау көрмейсің. Сонысы үшін үлкен де, кіші де Жәмішті жақсы көріп Тазалық апай атап кеткенбіз ғой.
Тазалық апай тек Дусяға ғана жақпады. Дуся келесі көрші дарбазада тұрады. Жасы сол қырық пен елулердің бел ортасындағы, денесін қалың май басқан, қабағы зілді сұсты әйел. Өмірі еш жерде жұмыс істеп көрмеген. Бар ермегі – есік алдындағы ұзынша орындықтан күн бойы бір түспейді. Сол маңайдан олай-бұлай өткендерді көзімен ұзатып салып тапжылмай отыра береді. Қай уақытта тынығып, қай уақытта тамақ ішіп үлгереді деп таңданады көршілер. Сосын да шығар, жалғыз біздің үй емес, бүкіл сол орамның бар жаңалығы алдымен Дуся арқылы тарайды. Осы Дуся ғана:
- Қу басына не керек, пенсиясы жетпей ме? - деп қасына жолап кеткенге жармаса сөйлеп, бір күңкілдеп қалар еді.
Ал сөйткен Дусяға Тазалық апай қабақ шытыпты дегенді көрмек түгіл, естіген де емеспін. Қайта оған алдымен өзі сәлем беріп, от басының амандығын сұрап білмей өтпейтін. Өзін құдды бір араларынан қыл өтпейтін тату жанша ұстайтын.
Шынымды айтсам, Жәміш апайдың бұл тынымсыздығын жалғызбастылығынан көретінмін. Ертелі-кеш қаңыраған абажа үйде кәрі адамға жалғыз отыру оңай емес шығар. Ері шахта апатынан тым жас өлген. Ерімнің ошақ отын сөндірмеймін деп басқа адамға тұрмысқа шықпай отырып қалыпты байғұс. Бала жоқ. Е, жазмыштан – озмыш жоқ деген, Алланың басқа салғаны да. Ендеше Дуся сияқтыларға жалпаңдап керегі не? Менің байқауымда, Тазалық апайды қаласа, кез-келген адам ренжіте алатын секілді көрінеді. Бірде осы ойымды мен оған айтып та салдым.
- Ии, балам-ай, - деді ол сәл мұңайыңқырап, - адамның күні адаммен деген. Күш-қуатым барда, қолымнан келер жақсылығымды кімнен аядым. Әу басында әйел болып жаралған соң, біреуге мейірім төгіп, маңдайынан сипағың кеп тұрады екен, шырағым...
ххх
Жәміш апай Мирамен де қоян-қолтық жақындасып алды. Ол келгенде шайға шақырып, екеуі мәре-сәре болысады да қалады. Бірі жас, бірі кәрі демесең, заты әйел адамдарға өзара тіл табысу қиын емес білем. Бірақ мен Мираның бұл қылығын онша құптай қоймадым. Жәміш оның қатары, не теңі емес. Бәрінен бұрын Мираштың мінезі өзгеріп барады, Жәміштің ықпалы болар деп қорқамын. Мираш бұрынғыдай ыңғайыма бірден құлай кетпейді, тіпті кейда айтқаныма көнбей тіресетінді шығарды.
Әдеттегідей бүгін де кешкі сағат жетінің кезінде жұмысымнан келдім. Үстіме таза киім ауыстырдым. Сағат тілі сегізді көрсетті. Осыдан жарты сағат бұрын келуге тиіс Мира әлі жоқ. Мана түсте кезекті айлығымды алған соң, Мираға телефон шалып, кешкісін жастар кафесіне бірге бармақшы болып келіскенмін... Біреу қоңырау соғып тұр. Есік ашсам, Мира екен. Түріне қарасам, кешіктім-ау деп қымсынған қалпы байқалмайды.
- Тым көп күттірдің, - дедім ренішімді жасырмай, суықтау тіл қатып.
- Сен үйде жоқ болған соң, Жәміш апайға барып, отырыңқырап қалыппын.
Мираның жайбарақат жүрісі менің шын ызамды келтірді.
- Жақын жерден жақсы подруга таптың білем.
- Жәміш апай шынында жақсы адам.
- Бірақ ол сенің жігітің емес шығар?
- Шешемдей ғой. Ол маған теріс жолға түс демейді.
- Сірә, мен сені теріс жолға бастап жүрген болдым ғой?
- Мүмкін адал шығарсың, Ермек. Бірақ алған бағытың маған ұнамайды. Жәміш апай да осыны айтады.
Ішім қылп етіп сезе қойды. Үйлену мәселесін кейінге шегеріп, Мираны ақыр көндірген едім. Ол уәдесінен айнып қалып тұр.
- Солай ма?- дедім мен ашуымды оған білдірмеуге тырысып. - Бәрібір біз қазір үйлене алмаймыз.
- Сен мені шын жақсы көресің бе? – деді Мира төтесінен.
- Ұнатамын, - дей салдым мен.
- Ұнатасың. Бар болғаны сол, - деді ол қамыға күрсініп. - Әйтпесе, не жетпейді? Бәрі бар емес пе?!
- Ал жарайды, заңды түрде үйлендік. Сосын не болады, білдің бе? - деп мен де түлкі бұлаңды қойып, турасына көштім. - Сен күтуші әйел рөліне енесің. Жоқ, маған кухарка емес, өзіммен терезесі тең салиқалы әйел керек.
- Сырттай бөлімге ауысайын, жұмыс істейін.
- Бәрібір әзірге болмайды.
- Иә, тек қана ұнатасың. - деді Мира біртүрлі жеңілген адамша мұңайып. - Одан артыққа сенің жүрегіңде қуат жоқ. Ендеше сен де енді мені іздеме, мен кеттім, қош бол.
Бұрылды да, үйден шығып кетті.
Мираның мінезі өзіме аян ғой. Әуелде өстіп бұлқан-талқан болады да, бірер күн өткен соң, сабасына түседі. Бәрі де менің айтқанымдай болады. Ал бұл жолы... Апта күттім, ай күттім, келмеді.
ххх
Тазалық апай сырқаттанып қалыпты дегенді естігенмін. Барсам, төсек тартып ауыр хал үстінде жатыр екен.
- Маған енді ем-дом қона қоймас, - деді ол басын зорға көтеріп. - Бар дертім менің жүрегімде ғой. Сол тозды білем.
- Олай демеңіз, Тазалық апай, әлі-ақ жазылып кетесіз ғой.
- Көңіл аулап, жұбатқаныңа рақмет, балам. - Ол жымимақ болып еді, күші жетпеді. - Бірақ жаратқанның жазасы күшті ғой, көнбесіңе қоймайды. Сен де, балам, тіршіліктің қалыпты ағымын бұзба, Мираға үйлен...
Одан әрі сөйлеуге шамасы келмей қалды, жүзі сұрланып, кең ашылған аузымен бос ауаны қармана бергені...
Жазғытұрымғы еріген қар сулары тартылып, ағаштар көктеп бүр жара бастағанда, сүйтіп Тазалық апай да дүниеден озған еді...
Осының артынша мені шалғайдағы алыс ауылға құрылыс салуға жұмсап жіберді. Дәл қазір ондағы шаруам біткен соң, автобуспен өзімнің туған қалама оралып келе жатқан бетім ғой бұл. Кейде осылай өзіммен-өзім оңаша қалғанда, кезінде Тазалық апайдың ақыл ғып айтқан кейбір үлкендік сөздері ойыма өстіп шырмауықтай орала кететіні бар.
ххх
Біздің көп пәтерлі биік үйдің ауласы тап-тұйнақтай. Жолдар сыпырылған. Ағаштар түбі қопсытылып, діңгектері әктелген. Гүлдер жаңа бір әзірде ғана суарылған болар, үлпілдеп, елпілдеп күнге қарап ауыздарын аша қалыпты. Мен жолға шығарда бәрі басқаша еді. Тазалық апайдан кейін иелік етер жан табылмай аяқ жолдарды үгінді құм, қағаз қиындылары басып, азып-тозып кеткен-ді... Шынымен, иелік етер басқа ұқыпты жан табылғаны ма? Өмір деген осы-ау, біреу кетсе, орнына басқа біреу келіп тұра қалады.
Дарбаза алдында маған Дуся қарсы жолыға кетті. Қолында су шүберек. Есіктегі әлдебір шимайды не сүртіп тастаудың, не сүртпеудің ретін таппай қиналып-ақ тұр. Ол мені көре салып:
- Мынаны қарашы, бала тентектің ісі ғой, - деп есіктегі шимайларды нұсқады. - Не адамға, не басқадай біз білетін мақұлықтарға ұқсамайды... Арнаулы сауыт киіп, айда жүрген адамдар ғой деп Жәміш апайларың сүртпей кетуші еді. Сол үшін де өзіне талай-талай тілімнің бізін қададым-ау аямастан. О, бұл пендешілік дегенді қой, қаншама тұрмыс тауқыметін тартып жүрсе де, ештеңеден мойымай, айналасына жүрек жылуын тарата білгені, бақытты бола білгені үшін қарадан қарап қаным қайнап, ызаланушы ем мен оған. Сонда да бір қабақ шытпастан кетті-ау маған, жарықтық! - Дуся кенет кемсеңдеп көзіне жас алды. - Қой, тұрсыншы солай. Сүртіп тастауға Тазалық апайдың қолы бармағанда, маған не жорық. - Дуся шелегін көтеріп, басқа бір бітпей жатқан жұмыстарына қарай кете барды.
Кенет менің жан дүнием біртүрлі болды да кетті. Осынау кең аспанның аясында, абыр-сабыры күндіз-түн бір толастамайтын мына үлкен қалада, дамылсыз біреу кіріп, біреу шығып жатқан мына алдымдағы көп қабатты зәулім үйде өзімнің адам айтқысыз аянышты халде жалғыз қалғанымды сездім. Дереу бір жағдайын жасамасам, бұл жалғыздық мені түбі бір жарға апарып соғады, не қайтып шықпас түпсіз тереңге батырады. Жүрегім шымыр ете түсіп, дүрсілдей жөнелді. Есіме Мира оралды. Қолымдағы бақыт құсым екен ғой ол менің. Іздеймін. Табармын да. Бірақ қолыма қайыра қонар ма екен, пенде басқа бір келер махаббатым...
