Бірде, көзқарасы да, ойы да, болмысы да өзгеше ақын, ғалым Файзулла Төлтаймен кофе ішіп отырғанда, сөзден сөз шығып, тек, әулет династиясы туралы сөйлестік.
Екеуіміз де Түркияда тұрдық, ол елдің тарихындағы күні бүгінге дейін есімдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әулеттер бар. Соларды айтып тамсандық. Осы мәселемен бірнеше күн терең ойға батып жүріп, ақыры қолға қалам алдық.
Қазақ тарихында тұтас бір дәуірдің тағдырын арқалаған әулеттер болған-тын. Олар тек өз шаңырағының ғана емес, ұлттың жүгін көтерді.
Бүгін біз көбіне жеке тұлғаларды зерттейміз. Солар туралы жиі айтамыз. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы т.с.с. санаулы арыстарды ғана айтамыз. Бірақ ұлт тарихын жасаған тек жеке тұлғалар емес. Ұлт тарихын кейде тұтас әулеттер жасайды. Құнанбай әулеті қандай еді!
Бір ғана анық мысал айтайық: Шақшақ Жәнібек батырдан басталған жол Шеген би әулетінен өнген тармақты көз алдыңызға елестетіңізші. Бірімжан әулеті – соның жарқын дәлелі. Заманында бұл әулеттен би де, болыс та, заңгер де, ағартушылар да шықты. Қазақ даласының саяси, құқықтық және рухани өміріне ықпал еткен бірнеше буын өсіп шықты. Ахмет Бірімжанның өзі ғана қазақтың ұлттық элитасының қандай деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Ресей империясының жоғары оқу орнын тәмамдап, Мемлекеттік Дума депутаты болған, заң ғылымын меңгерген тұлға кездейсоқ пайда болған жоқ. Оның артында бірнеше ғасырлық отбасылық тәрбиесі, қоғамдық тәжірибесі, әулеттік жады тұрды.
Қазақ қоғамында бұрын «тектілік» деген ұғым болған. Бұл бүгінгі түсініктегі әлеуметтік артықшылық емес еді. Бұл – жауапкершілік институты болатын. Белгілі әулеттің баласына ел ерекше талап қойды. Ол білімді болуы керек, әділ болуы керек, сөз ұстай білуі керек, халықтың қамын ойлауы керек. Сондықтан қазақ арасында жақсы әулеттердің бірнеше ұрпақ бойы мемлекет ісіне араласуы қалыпты құбылыс саналды. Шеген бидің ұрпақтары сондай ортадан шықты.
Бірақ ХХ ғасырдың басында қазақтың табиғи элитасының тағдыры күрт өзгерді. Совет билігі орнаған соң қазақ қоғамындағы тарихи сабақтастыққа ауыр соққы жасалды. Алдымен байлар мен билер қуғындалды. Кейін Алаш зиялылары атылды. Артынша ашаршылық келді. Соғыс келді. Бірнеше буын бойы қалыптасқан әлеуметтік тәжірибе үзілді. Бірімжан әулетінің ғана емес, қазақтың ондаған, жүздеген тарихи әулеттерінің шежіресі қасіретке ұшырады. Біреу атылды. Біреу айдалды. Біреу аштан өлді. Біреу соғыстан қайтпады. Нәтижесінде қазақ қоғамы өзінің табиғи элитасынан айырылды.
Біз осы мәселе туралы әлі күнге дейін ашық айтпай келеміз. Советтік кезең қазаққа тек адам шығынын ғана әкелген жоқ. Ол қазақтың тарихи династияларын жойды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын білімді, мемлекеттік тәжірибені, басқару мәдениетін үзді.
Еуропа халықтарына қараңызшы: Ұлыбританияда бірнеше ғасыр бойы ғылыммен айналысқан әулеттер бар. Францияда саясаткерлер династиясы бар. Германияда өнеркәсіпшілер династиясы бар. Жапонияда мың жылдық әулеттік дәстүр сақталған.
Ал қазақ қоғамында мұндай сабақтастық бірнеше мәрте күшпен үзілді. Сондықтан бүгінгі мәселе Бірімжан әулетін дәріптеу ғана емес. Мәселе – қазақ қоғамындағы тарихи сабақтастық институтын қайта ойлау. Бізге тарихи әулеттердің энциклопедиясы керек. Бізге қазақ династияларының картасы керек. Бізге Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарын зерттеу керек. Бізге ұлтқа қызмет еткен әулеттердің тағдырын жинақтау керек. Өйткені ұлттың тарихы тек батырлар тарихынан тұрмайды. Ұлттың тарихы – ұрпақтар тарихы. Егер біз Бірімжан әулетін зерттесек, бір ғана отбасының шежіресін жазбаймыз. Біз қазақ қоғамының қалай қалыптасқанын, қалай кемелденгенін және қалай күйретілгенін түсінеміз. Бұл – тарихи әділет үшін қажет. Бұл – ұлттық жады үшін қажет. Бұл – келешек үшін қажет.
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Қатерге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды, –
деген аталы сөздің мән-мағынасын жіті түсінейік.
Қазаққа бүгінде жаңа элита қалыптастыру туралы көп айтылады. Бірақ жаңа элита деген өздігінен аспаннан салбырап түспейді. Ол тарихи жадыдан, білімнен, дәстүрден, отбасылық тәрбиеден, ұрпақтар сабақтастығынан қалыптасады. Шеген биден академик Батырбек Бірімжанға дейін жалғасқан жол бізге осыны үйретеді. Ендеше бүгінгі міндет – тек Алаш арыстарын жоқтау емес, соларды дүниеге әкелген ортаны, соларды тәрбиелеген әулеттерді, солардың ұрпақтық тәжірибесін қайта жаңғырту. Өйткені ұлттың болашағы бір күнде жасалмайды. Ол бірнеше буынның еңбегімен қалыптасады.
Қыздар! Жігіттер! «Тек», «текті әулет» дегенді бейжай оқымай, сондай әлеуетті отбасы құрайық! Ойланыңдар! Сөз түйінін айтқанда, текті әулетің болмаса, көшің алға оза ма?!
