Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Төлен Әбдік. Әдебиет тарихты жасай алмайды......

Төлен Әбдік. Әдебиет тарихты жасай алмайды...

06.11.2025

5256

Төлен Әбдік. Әдебиет тарихты жасай алмайды... - adebiportal.kz

5-7 қараша күндері Астана қаласында Орталық Азияның басты медиа алаңы – Astana Media Week 2025 өтуде. Сегізінші рет өтіп отырған іс-шараның биылғы тақырыбы – «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» болып отыр. Форум медиа индустрия кәсіби өкілдерін, халықаралық платформаларды және мемлекеттік органдарды бір алаңға біріктіреді.

Форум спикерлері қатарында Euronews, Anadolu Agency, TRT Avaz, «Хабар», «Qazaqstan», Atameken Business, NUR.KZ, сондай-ақ Өзбекстан, Түркия және Еуропадан келген сарапшылар бар.

Стримингтік платформалар нарығына арналған бөлек сессияға TV+, «Кинопоиск», Unico Play, Birge TV және Freedom Media қатысады.

Форум өткізіліп жатқан медиаорталық холлында екі күн бойы 50 метрлік LED-экранда Astana Media Week 2025 Контент-маркеті жұмыс істейді. Онда жаңа форматтар, копродукциялар және халықаралық серіктестіктер ұсынылады. Контент-маркет – продакшн-компаниялар, дистрибьюторлар және медиа платформалар арасындағы ынтымақтастық пен жаңа жобаларды талқылау алаңы. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай нарықтарына арналған пилоттық жобалар мен бірлескен өндіріс мүмкіндіктері таныстырылады.

Форумның белсенді қатысушылары үшін арнайы марапаттар қарастырылған: үздік сұрақ иелері жылдық жазылымдар және Самарқандқа саяхат жеңіп ала алады.

Форум аясында отандық әдебиеттің заманауи даму үрдістеріне қатысты іс-шаралар да жоспарланған екен. Сондай іс-шаралардың бірі – «Классикпен кездесу» Төлен Әбдік феномені.» Қазақстанның халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдікпен кездесуге форумға қатысушы қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер жастар қатысты. Іс-шараның модераторы Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы болды. Модератор бүгінгі кездесудің мәнісі туралы айтып өтті:

- Армысыздар, қадірлі ағайын, құрметті әріптестер! Қазақстан Жазушылар одағы, Астана қалалық филиалы биыл қыркүйек айынан бері «қаламгер ұстаханасы» атты жоба бастаған болатынбыз. Өкінішке қарай көптеген классиктеріміз өмірден озып кетті. Олармен де кезінде әр түрлі кездесулер болды, сұхбаттар жазылып алынды. Бірақ өкініштісі, біз ол кісілердің әдеби дәрістерін жазып ала алмаған екенбіз. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен біз осы «Қаламгер ұстаханасы» атты жобаны қолға алған болатынбыз. Ең алғашқы қонағымыз – қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік болды. Сонда біздің бір таңғалғанымыз – жұртшылық біз шақырған жерге сыймай қалғаны еді. Мұның өзі әдебиетке, Төлен ағамызға деген құрметтің көрінісі еді, қадірлі ағайын! Қазір біз сол жоба аясында жеті дәріс жазып алдық. Құдай қаласа ертең сегізінші дәріс оқылады. Дәріскеріміз – Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Роза Мұқанова. Егер қолдарыңыз тиіп жатса, Балалар кітапханасында болатын кездесуге келіп қатысуларыңызға болады.  

Ал қадірлі ағайын, бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы: «Төлен Әбдік феномені.» Шынында да қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен жазушының, классиктің, феноменінің сыры неде? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін біз Төлен ағаның шығармашылық лабораториясына үңіліп көрсек. Төлен аға, сөз өзіңізде!


Классик жазушы сөз алып,  бүгінгі әлемдегі саясат, әдебиет, мәдениет жөнінде кеңінен толғанды :

- Қадірлі достар! Астанада Жазушылар одағының филиалы бар. Бұған дейін мұндай үлкен жұмыстар жолға қойылған жоқ болатын. Бауыржан ініміз келгелі жазушылармен осындай кездесу ұйымдастыру үрдісі қалыптасып жатыр. Кездесуге көбіне келетін жастар екені байқалады. Бұл кездесулердің үлкен пайдасы болады. Себебі, өмірді түсіну үшін, заманды танып білу үшін адамдар көбіне білімді көп кітап оқығаннан емес, кездесулерден, қарым-қатынастан алады. Кездесулерде біздің әдебиетке қалай келгеніміз, әдеби тұлғалардың өмірбаяны т.б. қатысты жайттар көп айтылады. Қазір басқаша айтуға турал келеді. Мұнда отырғандардың көбі жазушы, журналистер көрінеді. Мен де сол журналистер қатарда жүрген адаммын. Жалпы журналистерге артылатын жүк үлкен. Өмірді өзгертетін, қоғамды жаңартатын әдебиет емес, ол – журналистика. Журналистика күнбе-күн өмірдің айнасы секілді, қоғамдық сананы өзгертетін, бірақ ол үшін журналистика тәуелсіз болуы керек. Пропагандашы ғана болуға болмайды. Жаңағыларды қарай отырып, жақсы бір бағыт-бағдарда екенін байқап отырмын. Ал әңгімені неде бастайын?

Қазір мынадай мәселе бар: «Әдебиет деген қоғамға қажет пе?» - деген сұрақ та қойылады. Қоғамға не керек? Қоғамға екі түрлі қорек керек. Бірінші – материалдық қорек, екіншісі – рухани қорек. Материалдық қоректі беретін – қолданбалы ғылым, Бізге керегі де осы. Ғылым керек, техника, технология керек. Оны біздің заманда ғана емес, сонау заманда Абай да, Алтынсарин де  айтып кеткен. 

Осы мәселе кейде ушығып кетеді. Теледидарды қарап отырсақ, дүниені бүлдіріп отырғанның бәрі де әдебиетшілер мен жазушылар секілді. Әдебиеттің айналасындағылар бір қияли секілді, Абайға тиісу, басқа да әлемдік классиктерге тиісу, солардың бойындағы кемістіктерді баса айту дейтін бір түрлі бағыт пайда болды қазір. Тіпті белгілі ғалымдардың ішінде де сондай пікірлер айтушыларды кездестіріп қаламыз. Иә, ғылым мен технология керек екені рас. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ олар рухани гуманистік сананы айырбастай алмайды ғой. Өйткені өмірді тану үшін даму керек және жүрек керек. Жүрек дегеніміз – сезім. Сезімнің жаңалығын, сезімнің білетін нәрселерін ақыл табуы мүмкін. Мысалы, махаббат деген не? Махаббат деген сезімді ғылыммен талдап айта алмайсың. Махаббат деген сезімді тек өнер арқылы, әдебиет арқылы ғана түсіндіре алуың мүмкін. Сондықтан бұл екеуінің орны бөлек. Рас, қазіргі таңда қазаққа керегі – ғылым мен білім. Өйткені жетпей жатқан сол, бізге. Адам өзіне не керек екенін білуі керек. Егер сенің аяғыңда аяқкиімің болмаса, сенің бірінші мақсатың ол – аяқкиім алу. Бұл – аяқкиім басқа киімдердің бәрінен артық деген сөз емес. Саған керек болғандығынан. Бүгінгі заманда бізде ғылым дамымай жатыр. Соған байланысты, өндіріс дамымай жатыр. Халықтың әл-ауқаты көтеріле алмай жатыр. Сондықтан біз сол өзімізде жоқ затқа ұмтылуымыз керек. Ал әдебиет, мәдениет, дәстүр - бар. Ертең керек десең аналарды сатып тұрып, әдебиет, мәдениеттерді қолға алған дұрыс. 

Ал әдебиет бұл адамды өмірді толық түсінуге адами қарым-қатынастың мәнін түсінуге, өмірді, ортаны тануға көмектеседі. Әдебиет деген бұл – адамгершілік туралы ілім. Бәріміз де бала кезімізде отандық әдебиетті, әлемдік әдебиетті оқыдық. Соларға еліктеп, қызығып, солай бала кезден бастап қалыптастық. Біздің адам ретіндегі азаматтық санамыз, адамгершілік санамыз қалыптасты. Қазір қарап отырсаңыз, мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосына, біреулер сегізінші ғасыр дейді, біреулер тіпті алтыншы ғасырға апарады, қаншама ғасыр өтті, әлі күнге дейін қазақ халқы іш тартып келеді. Сол екеуінің арасындағы қасірет, қайғылы өлім әлі күнге дейін жүрегімізді елжіретеді, жылатады. Неге? Қозы да Баян да елге танымал адамдар емес, көп жастардың бірі. Осының бәрі – әдебиеттің құдіреті. Әдебиетті білу, тану, шығарманы оқығаннан кейін солардан әсер ала білу – бұл да адам интеллектісінің бір белгісі. Сондықтан әдебиетті насихаттау керек. Халықты адал рухта тәрбиелеу керек. Сол үшін де әдебиет керек деп ойлаймын. 

Біз де бала кезімізде әдебиетке келгенде осының бәрін ойладық деп айта алмаймыз. Жас кезімізде әдеби шығармаларды оқимыз. Мысалы, мен өзім төртінші сыныпта Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» деген поэмасын оқыдым. Бұл бір ғажап туынды. Сәбит Мұқановқа мен өзім сын көзбен қараймын. Бірақ әлі күнге дейін оқылатын бірнеше шығармасы бар. Оның бірі – осы «Сұлушаш» поэмасы... Бұл – әдебиеттің құдіреті

Одан кейін жоғарғы сыныптарға келдік. Өзімізше біртіндеп өлең болдық, әңгіме жазған болып жүрдік. Сол кезде әдебиеттен сабақ беретін өте бір білімді жас жігіттер болды, Алматыдан оқу бітіріп келген. Солар бізге: «Алматыда Мұхтар Әуезовті көрдік, Ғабит Мүсіреповті, Сәбит Мұқановты көрдік», - деп әңгіме айтатын. Олар бізге баяғы гректің Олимп тауында тұратын құдайлары секілді сезілетін. 

Одан кейін университетке келдік. Бұл – әлем әдебиетінен хабардар бола бастаған кезіміз. Біз әдебиетке алпысыншы жылдары келдік деп айта аламыз. Біздің тұсымызда, 1964 жылы менің «Райхан» деген әңгімем Қазақстанның жас жазушыларының «Таңғы шық» деген жинағына енген болатын. Бұл кезде бізде екіге жарылу болды. Өйткені әлемдік әдебиетті оқи бастадық. Біздің өзіміздің әдебиет те көбінесе советтік шындық дейтін, бәрі де белгілі бір идеологияға бағынған, советтік системадан артық әлемде ешқандай мемлекет жоқ секілді, сондай рухта болды ғой. Әдебиетте, тарихта – бәрінде солай болды. Тек қана идеология болды. Ол идеологияға сәйкес келмеген зат баспа бетіне шықпайды. Сол кездерде бізде бір ояну пайда болды. «Осы бізде бәрі дұрыс па? Әлде бұл басқаша болуы керек пе?» - деген секілді бұл күмәнданушылы пайда болды. Бұл күмәндану – дамудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Біздің түсінгеніміз – мұнымен бірге тарихқа, өмірге сын көзбен қарамай, ешқандай даму болмайды. Біздер үшін ол қазір де өзекті мәселе. Біз сол түпкі психологиядан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Біз бүгінгі заманды айтсақ, мақтау керек секілді. Халықтың рухын көтереміз дейміз, кішігірім тарихты бір үлкен аңызға айналдырамыз. Тіпті халықтың қанын судай шашқан тирандарды мақтаймыз. Өмір деген, тарих деген – өте күрделі нәрсе ғой. Ағылшынның үлкен философы бар, Бертран Рассел деген. Соның: «Әлемдік тарих деген – жасамай-ақ қоюға болатын үлкен қателіктердің жиынтығы» («Всемирная история есть сумма всего того, чего можно было бы избежать.») деген сөзі бар. Тарихтағы соғыстар, әділетсіздіктер – соның бәрі ашылуы керек. Оны ақтаудың еш керегі жоқ. Ғалымдардың айтуынша, саны 40-60 миллион арасындағы, бүкіл адамзаттың он пайызын қырған Шыңғыс ханды көтерудің керегі жоқ. Тұтас өркениеттерді құртқан, тұтас халықтарды жер бетінен жойып жіберген тиранды бүгінгі біздер отырып аламыз да, ұлы қолбасшысы, сайыпқыран, қазақ дейміз, мақтаныш тұтамыз. Бұл – үлкен қате көзқарас. 

Бүгінгі Еуропа демократияға бір күнде келген жоқ. ХҮІІІ-ХІХ ғасырда Еуропа халықтары бүкіл әлемнің 84 пайызын басқыншылықпен басып алған болатын. Бірақ олар өздеріне сын көзбен қарай алды. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін өздерінің отарлау саясатынан бас тартты. Бүкіл Африка, басқа отар елдер бостандыққа жеткен уақытында, қазір Еуропа мемлекеттері бірыңғай демократиялық жүйеге ауысқан. Бірақ не ағылшындар, не француздар баяғыда осыншама жерді басып алғандарын қазір мақтаныш тұтпайды. Оған ұялады, олар. 

...Жарайды, біз кетерміз, біздің қате түсінігіміз болар. Бірақ кейінгі ұрпақ келе жатыр ғой. Біздің болашағымыз соларға байланысты. Соларға қандай көзқарас қалыптастырамыз? Соған байланысты, оларды қандай бағытта саламыз? Егер тирандарды аспанға көтеретін, тарихты аңызға айналдыратын, барлығынан идеологияны іздейтін көзқарас қалыптастыратын болсақ, мұның арты – фашизм. Бұлай жасауға болмайды. 

Көзқарастар майданы дегенде айтып қалдық қой. Соны аяқтағым келіп отыр. Мына ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Черчилльдің: «Мәңгілік достар да, мәңгілік дұшпандар жоқ, Тек мәңгілік ұлттық мүдде ғана бар» («Нет вечных друзей, нет вечных врагов. Есть только вечные национальные интересы»), - деп айтқан сөзі бар.

Осы сөзді бүкіл әлем «Құран» сөзіндей қабылдады. Оның шындығы да бар екені рас. Бірақ заман өзгереді. Заман өзгерген кезде құндылықтардың да орыны ауысады. Бір құндылықтар ілгері шығады. Басқа бір құндылықтар екінші-үшінші орындарға кетеді. Қазіргі жағдайда ұлттық мүддені абсолюттендіруге болмайды. Бүкіл соғыстар, қақтығыстар – бәрі-бәрі содан шығып жатыр. Тек өз мүддесін ғана ойлағаннан кейін солай болып отыр. Қазіргі Украинадағы соғысты осылай түсіндіруге болады. Сондықтан қазіргі заманда: «Тек қана менің мүддем емес, басқалардың да мүддесі бар, басқалардың да мүддесіне мен зиянымды тигізбеуім керек», - деген, осындай мәмілелік көзқарас керек. Әйтпесе жаңағы Черчилльдің сөзін барынша дөрекі формада айтуға болады. 

...Адамзатты ешбір дін біріктіре алмайды. Өйткені жергілікті дін көп. Әркім: «Бізде ғана керемет», - деп өзін ғана ойлайды. Адамзатты біріктіретін ол – гуманизм. Адамзатты біріктіретіндердің бірі – осы әдебиет. Мен мысалы, Жапонияның халқын сондай жақсы көремін. Мені жақсы көргізген – Кендзабуре Ое, Кобе Абе, Акутагава Рюнеске – осылар. Солардың кітабын оқу арқылы мен жапон халқының заңына түсіндім. Адамдарды, халықтарды біріктіру деген – осы. Сондықтан  ол бұл мынау журналистикаға да керек. Бұл – өмірді дұрыс түсіну, өмірге гуманистік көзбен қарау деген сөз. Өмірде зорлық-зомбылық дегендерді көкке көтеруге болмайды. Саяси салада осындай бағытты, көзқарасты қалыптастыруымыз керек. 

Ал енді мен өзімнің шығармашылығыма келсем: менің шығармашылығым біз екі бағытта жазылады. Біріншісі – белгілі реализм бағыты. Бұл – өзімізді қоршаған төңіректегі өмірді сол күйінде көрсету, сол арқылы идея айту. Менің «Әке» деген повесім бар. «Өліара» деген романым бар. Соларды оқысаңыздар, мұны түсінесіздер. Онда да үлкен идеяларды айтуға болады. Бірақ ол идеяны образдар, ситуациялар арқылы беру керек. Көркем әдебиеттің өзінің осындай тәсілдері бар. 

Екінші бағыты – бұл философиялық бағыт. Философия деген – өмірді тереңірек түсінуге көмектесетін нәрсе ғой. Себебі бұл өмір деген – бір үлкен бір мұхит секілді. Сен оның бетін ғана танисың, толық түсінбейсің. Оны толық түсіну үшін оның әр жағын терең деп ойлауың керек. Сол себепті алғаш мен «Ақиқат» деген повесть жаздым. «Ақиқат» деген повестің ерекшелігі: философия болғаннан кейін  мезгіл-мекендерден қаштым. Оқиға қандай бір тұрақты уақытта, нақты қай жерде болып жатыр, қай халықта болып жатыр? Ол маңызды емес. Яғни шартты ұғымдар дейді ғой, шартты ситуациялар жасайсың. Ол кезде мен философиямен қатты шұғылдандым. Әлемдегі барлық философтарды: Дени Дидро, Шопенгауэр, Ницше, бәрін де оқып зерттедік қой. Ондағы ой: біздің өмір сүрген кезіміз Совет үкіметі ғой. Совет үкіметі заманында болып жатқан әділетсіздіктерді ашып айта алмайтынсың. Болып жатқан оқиғаға сен өз көзіңмен қарай алмайсың. Сондықтан оны жасырып, басқаша бір формада беру үшін философияға бару керек болды. Сондай мәселелерді «Ақиқат» деген повесті оқысаңыздар аңғарасыздар. Онда сол кездегі заманға қарсы айтылған пәленбай сөз бар. Бірақ ол тікелей оған айтылмайды. Басқа объектіге байланысты айтылады. Сол повесть кезінде бағаланбады. Өзіме өте жақын бір достарым болды. Олар қатты жоғары бағалады. Бірақ халық, оқырман қабылдамады. Ешбір журнал баспады. «Осындай жағдайды жазудың қажеті де жоқ па?» - дегендей, аздап көңіл-күйім де түсті. 

Бірақ қазір одан бері мінеки, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Қазіргі жастар менен сұхбат алса, әр жерде кездессе, осы «Ақиқатты» айтады. Осы «Ақиқаттың» ішіндегі толып жатқан заттарды, детальдарды кәдімгідей талқылап тұрып сұрайды. Сондықтан мен бүгіндері: «Егер сен шын жан-тәніңмен беріліп бірдеңені жазсаң, ол дұрыс болып шықса, оған дәл сол моментте мақталмады, бағаланбады деп ренжудің қажеті жоқ. Ол өзінің орнын түбі табады», - деген ойға келдім. 

Қазіргі оқырман – бұрынғы оқырманнан бөлек. Қазіргі жастар сенің не беретініңді біледі. Сондықтан солардың шығармаңа тартылып, жаңағы повесті тікелей жақсы көріп, әр жерлерде талқылап, әңгіме қылып өмір сүріп жүргені мені қуантады. Сондықтан мен бұл өмірге кішкене оптимистік тұрғыдан қараймын. Ұрпақ өзгеріп келе жатыр. Бала әкеден бір қадам ілгері болуы керек. Кейінгі ұрпақтардың мүмкіндігі мол. Біз, мысалы, Совет үкімет тұсындағы біраз жағдайларды көрдік, үлкен үрейді бастан кешірген ұрпақпыз. Біздің ішімізде әлі де бостандық қой. Ал жастарда бар. Жастардың санасы таза. 

Сондықтан менің айтайын деп отырғаным мынау: қазір баспа беттерінде популистер деген қаптап кетті. Бұл популизм саясатта да, әдебиетте де, толып жатқан саланың бәрінде  етек алғаны соншама, бұл бүкіл әлем бойынша проблема болып отыр. Популизм деген не? Популизм деген бұл – халықты өзіне тарту, қызықтыру үшін өтірікке де бару деген сөз. Популист сол үшін де әр кез эмоциямен сөйлейді. 

Тарихтағы нөмірі бірінші популист ол – Гитлер. Популистер әрдайым халықты өзіне тарту үшін: «Ой, нағыз халыққа жаны ашитын осы екен ғой». - деп айтсын деп: «Құрып бара жатырмыз. Тіліміз құрыды, тарихымыз құрыды, дініміз құрыды, бәрі бітті, экономикада түк жоқ, осымен бәрі бітті, ештеңе қалған жоқ», - деген мәселелерді көп айтады. Ол кемшіліктер бар екені рас. Бірақ біз құрып бара жатқан жоқпыз, жолдастар! «Қазақ құриды» дегенге қазір еш сенуге болмайды. Қазақ 1965-жылдары қазақтың саны 28,9 пайыз болды. Бұл – статистика. Бүкіл басылымдар жабылды. Мектептердің бәрі орыс мектебіне айналды. Кейбір жерлерде араласып кеткені болды. Рас, жалпы халық бертінде өсті. Менің есімде, бір орыс жазушыларының: «Енді егер осы елде қазақтың саны 28,9 болса, онда оны Қазақстан деуге бола ма екен? Қазақстан емес, басқаша атау керек, оны», - деген сөзін де естігенмін. Тыңның кезінде қазақтың саны одан да төмендеп кеткен уақыт болған. Бірақ содан да аман қалдық. Құрыған жоқпыз. Халықты құрту деген оңай шаруа емес. Ендеше, бүгінгі тәуелсіздік алған кезде әлгіндей ойларға бас ауыртуға қажеті жоқ. Тілімізде кемшіліктер көп. Біз әлі мемлекеттік тілді орнына қоя алмай жатырмыз. ...Рас, оны мойындау керек. Бірақ, статистикаға қараңыз! Қазір бес мыңнан астам мектеп бар екен. Соның үш мыңнан астамы – қазақша. Орыс мектептері бір-ақ бір мыңнан асады. Арада қандай айырмашылық тұр? 

Орыс мектептері білімді жақсы береді деген, сөйтіп балаларды соған бергісі келіп тұратын бір аңыз бар ғой бізде. Өткенде «Абай.кз» сайтынан осы процесс қазір жойылды, қазақ мектептерінің статусы әлдеқайда жоғары көтерілді деген мазмұндағы мақала оқыдым. Ендеше жолдастар, қазақ тілі де, ділі де құрымайды! Бірақ біз бәріне де сын көзімен қарай білуіміз керек. Бұл – дамудың шартты. Баяғыда Жапония әлемдегі ең кәдімгі маңдай алды мемлекет болып тұрған кезде, Жапонияға барған орыстың бір журналисі: «Жапонияға барып, газеттерді оқи бастасақ, сол Жапониядан артта қалған халық жоқ секілді», - деп таңғалып мақала жазғаны бар. Оның себебі: олар бірін-бірі сынауды біледі. Бірақ оның пайдасы үлкен. Ол сынау анық дамуға әсер ете алады. 

Ал жалпы ашық мақтау өзіңді тоқыратады. Мысалы, өзіміз де сол шығарма жазып жүрген кезде бір шығармамызды біреу осынша мақтап биікке көтерсе, ары қарай жаза алмай қалатынбыз. Өйткені бірте-бірте тоқырау басталады. 

Әдебиетке жастар келе жатыр. Біздің тұсымызда тарихи тақырып – бір үлкен өзекті бағыт болды. Тарихи тақырыпқа жазған жазушылар мойындалатын болды. Қалған жазушылар екінші сортты секілді болатын. Мысалы, менің есімімде: алғаш  Ілияс Есенберлиннің Хан Кене туралы «Қаһар» деген роман шыққан кезде үлкен бір әлеуметтік құбылыс болды. Бірақ, меніңше, біздің әдебиетіміздегі тарихи жанрдың бір жақсылығы да, бір кемшілігі де болды. Жақсылығы – халықтың оянуына, халықтың өзінің тарихына қызығуына әсер етті. Халық әдебиетке көңіл бөле бастады. 

Бірақ мына бір затты түсінуіміз керек: әдебиет тарихты жасай алмайды. Тарихты тарих ғылымы ғана жасайды. Әдебиеттің рөлі бөлек. 

Ал екінші жағынан тарихқа арналған шығармалар бізде «тарихты қалпына келтіру» деген идеямен жасалынады. Оның ішінде этикалық мәселелер, сатқындық, адалдық, әділдік деген ұғымдар мұнда екінші, үшінші планға қалып тұрады. Мұнда тек сонау тарихты қалыпқа келтіреміз деген ой тұрады. Бұл үрдіс әлемде де болды. Сонау әлемдегі арлы-бергі әдебиеттің тарихына қарасаңыз, ана шотландиялық Вальтер Скотт немесе француздардың Дюмаларында да бұл бар. Вальтер Скотт туындыларында ол бөлегірек, ал Дюмада қызығушылық, шытырман оқиға құрушылық бар. Вальтер Скотт туындыларында да сол Шотландияның тарихын қалпына келтіру сипатында ғана болды. 

Ал енді сіз мына Шекспирдің шығармаларына көңіл бөліңіз. Шекспирдің «Король Лир», «Гамлет» туындыларына қарасаңыз, бұлар да тарихи оқиғаларға негізделген. Бірақ онда әлгі нақтылық (достоверенность), тарихтағы сол зұлымдықты көрсету деген ұғым жоқ. Керісінше, адамның бойындағы сатқындық, адамдардың арасындағы зұлымдық не болмаса махаббат – осындай заттарға көңіл бөледі. Адамның ішкі жан дүниесін көрсетуге көңіл бөледі. Әдебиеттің міндеті осы. Адамның ішкі жан дүниесін көрсету, сол арқылы қоғамды көрсету қажет. Сондықтан бұл тарихи тақырыпты көкке көтеру дегенді мен өзім басым, қолдай алмаймын. Тарихи тақырыпты жазған шығармалардың негізі – баяндау. Тарихи оқиғаларды баяндайды. 

Ал әдебиет – оқиғаны баяндамайды. Әдебиет – оқиғаны көрсетеді, суреттейді. Набоковтың осы мазмұндағы сөзі бар. 

Біздегі мынау публицистика деген мәселе ол өз алдына жатыр. Ал публицистика әдебиетке кірген кезде, одан жақсы шығарма тумайды. Әдебиеттің өзінің тілі бөлек. Әдебиеттің өзінің құралдары (средстволары) бөлек. 

Жастарды толық оқимын деп айта алмаймын. Жастарды бірен-сарандап оқимын. Бірақ олардың ішінде жақсы-жақсы шығармалар жазып, поэзияда да, прозада да жақсы шаруа тындырып жүргендері бар. Мұнда есекерерлігі: тек сол белгілі бір деңгейде жалғастыру керек, фрагментарность болмау керек. Әрі қарай жалғастырып, тұтас дүние жасау керек. Сондықтан мен өз басым әлгі әдебиетте алтын ғасыр өтіп кетті дегенге онша сене қоймаймын. Алтын ғасыр деген ол салыстырмалы нәрсе ғой. Мысалы, Совет үкіметі тұсында Мұхтар Әуезов әлемдік деңгейдегі жазушыға айналса, ол сол Совет үкіметінің еңбегі емес. Ол іштей Совет үкіметіне қарсы болып отырып жазған, жалпы. Иә, Мұхтар Әуезов неге сол кездегі сол заманның оқиғасына бармады? Неге сол жаңаша бүгінгі өмірді жазбады? Әдейі тарихқа келді. Осының бәрі қарсылық. Осының бәрі – сол заманғы саясат пен сол заманғы өмірдің салт-дәстүріне келіспеушілік. 

 Біздің өткен тарихты еске алған кезде біздің бір үлкен нық бағдарымыз (ориентиріміз) бар. Ол – Алаш, айналайындар! Қиялилықты қою керек. Бүгінгі біз үшін ең қымбат нәрсе не: ұлттың тағдыры. Бүгінгі ұлт қалай ел қатарына қосылады, қалай көштен қалмай, өркениет елдердің сапына кіреді? Осыдан басқа құнды тақырып жоқ. Осы төңіректе халыққа айтатын ақылың болса, айт. Ал бірақ баяғы орта ғасырды керемет қылып, сол орта ғасырда біздің қазақ халқының бір керемет бақытты өмір сүргеніндей, осы қияли бір идеяларды айту деген – бұл жақсы нәрсе емес. Қазақ ешқашан да жақсы өмір сүрген жоқ. Арғы тарихтағы – Ақтабан шұбырынды, бергі тарихтағы – үш жүз жылдық отарлық система. Қайдағы ол бақытты өмір? Қазақ ешқашан да өз-өзін билеп көрген жоқ. Соның бәрін Алаштық азаматтар айтып кеткен. Алаштық азаматтар сол үшін жандарын қиып, ұлттық проблеманы саяси тұрғыда күн тәртібіне қойған адамдар. Сол үшін жандарын берген адамдар. Біз бүгін біреуді көкке көтеретін болсақ, тек Алаштың азаматтарын көтеруіміз керек. Егер біз тарихты екіге бөлсек «Алашқа дейінгі тарих», «Алаштан кейінгі тарих» деп айтуымыз керек. Менің негізгі ұстанымым осы. 

Әлемде гуманизация деген бар. Мына Америкада «Өмірді гуманистік принципке көшіру» деген гуманистік үлкен бір теория жасалды. Үш рет хабарланып, жазылып жатыр. Зорлық-зомбылықты, агрессияны көкке көтеріп, біздің бүгінгі өміріміздің үлкен бір шартына айналдыру дегенді ауызша жек көргенімізбен, ол өмірден әлі кетпей жатыр. Сондықтан, әсіресе, біздің жастар гуманист болуы керек.


Гуманизм деген бұл – адамдардың өмірін, құнын, хақын, бостандығын ең жоғарғы құндылық деп тану. Гуманизм – адамға деген сүйіспеншілік, сол арқылы жер бетіндегі тек соғысты, текетірестерді тоқтату. 

Ал керісінше баяғы тирандарды көкке көтеріп, олардың жасағанды қылмыстарын насихаттағымыз келетін болса, онда бұл басқа бағыт. Жалпы үлкен зұлымдықты кінәламау, айыптамау – қатер. Сол зұлымдықтың өзін кінәламайтын адам – өзі де сол зұлымдыққа жаны жақын деген сөз. Біз жастарды бұдан сақтандыруымыз керек. Өткенде біреудің «Жошы хан» ба, бірдеңе туралы романын оқыдым. Бұл тіпті роман емес. Бұл – кәдімгі тарихи очерк. Және идеясы қандай? Өте жаман. Бұл – зұлымдықты дәріптеу. Мұны қою керек, ағайындар! Бұл – болмайтын, басқа бағыт. Сондықтан менің ойымда әдебиет деген бұл – адамдардың бойындағы адамгершілік сананы қалыптастыратын, адамды әділдік, тазалық, кісілік деген секілді құндылықтарға жақындататын бір үлкен құрал, үлкен ілім. 

Мен осы уақытта жиі жұмыс істей бермеймін. Қазір сексен төртке келіп тұрмын. Бұрынғыдай түні бойы жұмыс істейтін жағдайымыз жоқ. Денсаулық деген шамалы. Бірақ жазбай да отыра алмайсың. 

Шығармашылық машық жөнінде айтсам: «Оң қол» дегенді жазуға себеп болған нәрсе – Чезари деген итальяндық психиатр бар. Соның «Идеальность и помешательство» деген кітабы бар. Өзі Пушкин кітапханасындағы жалғыз дана кітап еді. Соны алып оқыңыздар. Психиатрдың жазбасында мынандай бір жер бар: онда да бір қыз бала ұйықтап кеткенде екіге жарылады.  Оның сол қолы кәдімгідей бір адам секілді жаңағы адамның түсіп қалған одеялын, көрпесін алып жазып, үстінде жауып қояды. Егер сол қол затқа жетпей қалса да, ол көрпеге жақында тұрған шешесін оятып көрсетеді. Сөйтіп жұрттың зәресін ұшырады. Ал қыздың көзі терең ұйқыда. Осы туындыны оқығанда маған идеяның сұлбасы көрінді. Шынында да қарап отырсаң, адамның ішкі жан дүниесі екіге жарылатыны рас. Мысалы, кешегі Совет үкіметі тұсындағы адамдарды алайықшы. Жиналыстарда қол көтеріп, айтылған идеялардың бәрін қолдаймыз деп жатқан адамдар кейін үйіне барған кезде басқаша ойлайды. Әлгі қолдауының дұрыс емес екен дегенді біледі. Қолдауды қорыққаннан кейін ғана істейді. Иә, сонда бір адамның бойындағы – екі адам. Біреуі – әділдіктен арыла қоймаған шын адам, екіншісі – сатқын. Осындай жағдайды дәл сол күйінде бере алмайсың ғой. Оны патологиялық бір ауру секілді көрсету – идея ретінде келді. Сосын адамның өзін-өзі тұншықтыруы, өзіне жасаған әдеті – жалпы үлкен нәрсе ғой. Қоғамда да солай. Қоғам да өзін-өзі құртады. Өзіне өзі жасайтын заттар. Осы оймен отырып, туындыны жазып бітірдім. Бірақ менің осы әңгімем керемет резонансты болады ғой деген ойым болған жоқ. «Жат перзент» деген әңгімеммен бірге алғаш «Жалын» журналына басылды. 
Сөйтіп жүргенде Сафуан Шәймерденов деген жазушы ағамыз болды. Тентек адам еді. Аяқ астынан сол кісі екеуіміз ұрсысып қалдық. Сонымен ол кісі менің сәлемімді де алмайтын, қарамайтын. Сөйтіп жүрген кезіміз еді. Ол кезде жылдың аяғында «жылдық қорытынды» деген болады. Бүкіл жазушылар қатынасады. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов – барылғы бар. Әрбір адам өзі сөз сөйлеп, өткен бір жылдың ішінде қандай жақсы, қандай жаман шығармалар болды, оның бәрін ашық айтады. Ол кезде өте қатты сынайды. Соның  орта тұсында Сафуан Шәймерденов шықты. Өзім де іштей сезіп: «Осы кісі бір кекшіл адам деп жүруші еді, қазір мені сынаса не істеймін?» - деп отырғанмын. Жанымда Қабдеш Жұмаділов бар, екеуміз отырғанбыз. Бір уақытта сөзінің ортасында мен туралы бастады: «Мына бір жігіт өзі кекірейіп сәлем бермейді. Осының әуселесін көрейін деп, шығармасын талқандағым келіп, бір-екі әңгімесі шыққан екен, соны оқыдым», - деді. «Содан кейін оқыдым да, - деді. - Мен өзімнің алғашқы ниетімнен ұялдым. Өйткені бұл бала мені жеңді», - деді. Содан бастап жазушы әңгімені мақтап ала жөнелді. Мен егер сынаса, оған дайын едім. Ал анандай мақтауға дайын емес екенмін. Қарадай моншадай болып терлеп, не істерімді білмей қысылғаным ғой, әлгі жерде. Содан басталды, осы «Оң қолдың» мақталуы. Одан кейін қаншама мақала жазылды. Бірде Жамбылдан бір кітапханашы келді. «Сіздің «Оң қол» деген әңгімеңізді оқып алған менің бір құрбым қорқып, қазір ауруханада жатыр», - дейді. «Ауруханада жатса, оның несі жақсы?» - демін ғой. Әсерлілігі болған шығар. Сонымен не керек, әйтеуір «Оң қол», барлық жерде «Оң қол». Бір күні бір журналист жігіт келіп сұрақтар бергенде: «Әй, осы «Оң қолдан» басқа шығармам жоқ па? «Қайырсыз жұма» деген әңгімем де бар ғой. Мен оны «Оң қолдан» да жоғары қоямын. Соны неге айтпайсыңдар?» - дегенім бар.  Бірақ солай басталса, болмайды екен. Әлі күнге дейін сол «Оң қол» жиі айтылады. Бірақ «Оң қолдың» менің шығармашылығыма жаңа бетбұрыс әкелгені рас. Менің «Ақиқат», «Парасат майданы» секілді басқа бір кеңістікке кетуіме себеп болған – осы «Оң қол» әңгімесі. Жалпы менің жастарға айтарым: егер ойыңа өзің ұнататын бір идея келсе, оны атқару қиын болар, ауыр болар деп жүрексінбей, ешкімнің, ешқандай кеңесін де тыңдамай, тек өзіңнің ойыңа алған заттарды орындауың керек. Ол қате болуы да мүмкін. Бірақ осы өзіңе деген сенім бәрібір жұмыс істейді, алып шығады. 

Мен өзім көп жазбаймын. Әбден ішіме пісіріп алмай, барлық детальдарды өзімше әбден айқындап алмай, жазуға отырмаймын. Совет үкіметі кезінде қаламақы деген болды ғой. Адам көп жазғанда, көп ақша алады. Егер жылына жиырма баспа табақ бір үлкен роман жазсаң, ол романың нашар болуы мүмкін. Бірақ ақшасы көп. Сөйтіп осыны кәсіпке айналдырғандар болды. Бірақ олардың қазір қайда екенін, шығармаларын ешкім де білмейді. 


Тарих – қатал. Бірақ тарих – әділ. Қалай болғанда тарих жақсы атты алып шығады. Мысалы, кешегі Алаштың азаматтары шетінен, қырылып, атылып жатқан кезде, жұрт: «Бұлар енді мәңгілікке тұтылды», - деп ойлаған болуы мүмкін. Халық тірі болса бәрібір олай болмайды екен. Солардың бәрі қайтадан тірілтті. Қазір бізге сол Алаштық азаматтардан қымбат ешкім жоқ. Сондықтан менің негізгі шығармашылық ұстанымым – жілікті жазу, не жазсам да жақсы жазу. Көп жазып жүрмін деп жар салмаймын, бар ынтам – тереңірек жазу, идеяны кішкене әріден бастау, сапасына көңіл аудару деген мәселелер болды. 

Ал кейде тезірек жазған кездерім де болды. Мысалы, «Өліара» романын жазған кезде, солай болды. Ол кездерде туындың жоспарда тұрады. Жоспар бойынша он бес күннің ішінде тапсыру керек болды. Соңғы жағы, жүз беттей жазылмаған болатын. Сол жүз бетті өліп-тіріліп он күнде жаздым. Кешкі сағат сегізде отырамын. Таңғы сағат сегізге шейін қозғалмай он екі сағат отырамын. Қазір қарап отырсам, әр күн сайын он беттен жаған екенмін. Кейін өзім: «Осылай жаза берсем қайтер еді?» - деп ойлаймын. Әрине көп жазу міндет емес, жақсы жазу – міндет… 

Жазушы бұдан әрі залдағы оқырмандардың қойған сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі әдеби үдеріс жайындағы ойларын бөлісті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan