Төлеужан Ысмайылов. Есіл

Төлеужан Ысмайылов – қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған, шығармашылық қуаты мен ізденісі өз дәуірінен озық тұрған қаламгер.

Төлеужан Ысмайылов. Есіл - adebiportal.kz

14 жасында мектепті, 19 жасында университетті тәмамдаған ақын туралы естігенсіз бе? Ол – қысқа ғана ғұмырында қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырып үлгерген ақын, аудармашы Төлеужан Ысмайылов еді.

Төлеужан Ысмайылов – қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған, шығармашылық қуаты мен ізденісі өз дәуірінен озық тұрған қаламгер. Алайда соңғы жылдары оның есімі әдеби ортада да тым сирек аталып жүр.

Төлеужанның ақындық болмысына зер салсақ, қазақ өлеңінің дәстүрлі арнасын сақтай отырып, оған жаңа ырғақ, жаңа ұйқас, өзгеше поэтикалық өрнек әкелуге ұмтылғанын байқауға болады. Ол қазақтың қара өлеңіне еуропа поэзиясының көркемдік үлгілерін еркін енгізуге талпынған. Бір сөзбен айтқанда Мәдениеті биік, интеллектуалдық тынысы кең поэзия жасауға ұмтылған. 

Осы тұрғыдан алғанда, ол қазақ поэзиясындағы жаңашыл ақындардың көш басында тұрғандардың бірі.

Ал оның ақындық қуатын, шеберлігін танытатын ірі шығармалары ретінде «Қойлар», «Есіл» секілді поэмаларын айтуға болады.

Алайда, Төлеужанның поэзиядағы ізденістері сол кезеңдегі әдеби орта үшін аса түсінікті бола қоймады. Оның қалыптасып қалған өлшемдерден тыс ізденістері мен жаңашыл тәжірибелерін қабылдай алмағандар да болды. Тіпті «өлең бұзар жаңалық» деп сынағандар да кездесті.

Төлеужанның тағы бір қыры – шебер аудармашылық қабілеті еді. Бұл туралы ақын Тұманбай Молдағалиев бір естелігінде: 

«Алыс ауылда туып-өссе де, орыс тілін керемет білетініне таңғалушы едік. Аударма жасаған кезімізде білмейтін сөзімді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған М.Ю. Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы – аудармадағы классика», – деп жоғары бағалаған.

Сондай-ақ Төлеужан сатира мен әдеби сын жанрында  да еркін қалам тербеді. Оның өлеңдеріне ән де жазылды.  Небары 40 жыл ғана ғұмыр кешке ақынның артында өлмейтін өміршең мұрасы қалды. 

Төлеужан Ысмайыловтың іргелі туындысының бірі 1957 жылы жазылған "Есіл" поэмасын назарларыңызға ұсынамыз.

 

ЕСІЛ

Бұлт демеңіз күркіреген қыста, сіз,

Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ.

Бұл – біздің болат құсымыз,

Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап.

 

Аспанның көгілдір құшағы,

Маған тұрақ болмаған.

Сағындырған аруға ұқсады,

Қиырдан қол бұлғап жер маған.

 

Жарымның көзі деп жұлдызды,

Мен емес аспанға қараған.

Сүйіктімнің қара торы жүзін тым ізгі,

Бозарған айға баламан.

 

Аспанға үйір боп Тайыр да,

«Айдың мүйізі» сүзіп қап құлаған.

Ақыры жерден тауып ол даңқ пен қайырды,

Өлеңнен құрыш құраған.

 

Неғылам сүңгіп көгілдір әлемге,

«Жеті қарақшысын» мақтаман.

Одан да түсіп төменге,

Мезозой қабатын ақтарам.

 

Бұлт демеңіз күркіреген,

Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ.

Бұл – біздің болат құсымыз,

Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап.

 

Сөгіліп бұлттардың арасы,

Көрінді

Жер – ұлы мекенім.

Есілдің алқасы,

Қызылжар даласы,

Саған тағзым етемін.

 

***

Уа, Жер!

Тиді табаным,

Сенің піл сауырлы арқаңа.

От, от...

Оттары қаланың,

Алтын алқаға

Ұқсайды,

Кімнің мойнына тағамын?

 

Таңғалам солтүстік қысына,

Бораны бір жылап, бір күліп.

Ұқсайды долы қатынға.

Салатын еріне,

Бір күнде мың бүлік.

Тасы, Есіл!

Күтірлет мұз-қарды!

 

Құшамын

Толқынды ызғарлы.

Тасы,

Есіл!

Сал сүрен!

Несіне бәлсінем,

Келгенім – бұл тұңғыш.

 

Татар мен қазақтың қыздары,

Ән-жырмен кел, қарсы ал мені.

Лебіңе шөлдедім,

Жүрегім дүрсілдеп бұлқынғыш.

 

Келгенім –

Бұл тұңғыш.

Қаланың

Бейтаныс сұлуы,

Жөн бе үнсіз тұруың?

Аяулы,

Аяулы

Аруым

Қайда, айт ауылың?

 

О, сенен... озды ғой бораным,

Қастерлеп қонағын,

Бетімнен өбеді,

Ақылды тентегім – бораным,

Жол нұсқап келеді.

 

Мен өзім –

Семейдің ұланы.

Қысы оның үскірік.

Бұл жердің бораны,

Соны әлде ұғады,

Мені қорғаған секілді болады.

 

Уа, Есіл, тасып ақ!

Мұз көрпе бүркеніп,

Жатпа сен, - ырғы, атыл

Тасырлап!

Толқындар, құшақ аш

Бұрқатып!

Кетейік жарасып, асыр сап!

 

Ұланы Ертістің

Келгенде жағаңа,

Киіп ап мұз көйлек сұр түсті,

Ұйқыға шомғаның жаға ма?!

 

Қабыл ал,

Есіл сен

Ертістің сәлемін,

Қалың ну орманның шуылын.

Естайша шырқап ән саламын,

Қос соған сыңғырын суыңның!

 

***

Келемін бойлап мен көшеңді,

Атақты қаласы Арқаның.

Борандай ой ұйтқып көшеді,

Тарихың туралы кешегі,

Шұбатып арқанын.

Атамыз ағаштан ағашқа секіріп,

Жамылып жүрді ғой жапырақ.

Несіне айтамыз өтірік,

Кеп-кеше емес пе ек, күс табан батырақ.

 

Мұнда жоқ шамданар намыс түк,

Арғы атақ қосылып аңдарға.

Тақпақ түгілі галстук,

Кимеген шалбар да.

 

Сол шақта Есілдің алқасын, даласын,

Билеген азулы,

Тырнақты тағылық.

Ақтар жер қабатын – осыма нансаң,

Мамонттың сүйегі табылып,

Ол кезде құлдар болмаған,

Баба десек те,

Феодал демейміз маймылды.

Фашистен емес қой, барыстан қорғанған,

Жүндес адамдар байырғы.

Ол кезде

басталмай сапары,

Толқынын атпаған Есіл тік.

Кәрі сахараның сияқты сақалы,

Болған тек субтропикалық өсімдік.

 

Тыпыршып күтсең де сен қанша,

Уақыт түйелі керуенін қумайды.

Балқыған жер

Қатайып болғанша.

Хауа ана бәрібір тумайды.

Қырсау көк өгіз – замана кешегі,

Құйымшағын қанатқан

Мезгілдің бишігі.

Уақыттың өрінде митіңдеп көшеді,

Артқаны – бақыттың үйшігі.

Шаңырақтан көк түтін бұлтқа асты,

Бұл маңды сан ру қоныстап.

Аптап күн қақтады қу басты,

Жоңғарлар дамылсыз соғыс сап.

Бесікті арта сап түйеге,

Бабамыз қырларда жөңкілді,

Тарихқа тек қағаз ие ме,

Соқпағын сақтаған жер күллі.

 

Толқындар жол тартып асыға,

Есілдің тік жарын сабалап өтеді.

Жылдардай ұласқан ғасырға,

Тоқтамай теңізге кетеді.

 

Заман да осылай ағады,

Келешек күндерге тіреліп арнасы.

Каптиал күймеге қоңырау тағады,

Шиқылдап жылжиды феодализм арбасы.

Бәрін жер келеді өткеріп,

Сіңірдің,

О, Адам қаныңды теріңді.

Мұжықтың егінін жалмады өрт келіп,

Дүбірлеп өткенде

әскері Темірдің.

Басылып бұл күнде жорықтың шаңдары,

Жердің тек қабатын құрады.

200 жыл өтті міне, оған

(Екі-ақ күн сияқты жерге бұл):

Орнады айбарлы тас қорған

Есілдің жарына – өрге бір.

Сол қорған созылып арқандай,

Тау,

Көлді қоршады – өр сұсты,

Дүркіреп киіктер

Арқада,

Шапқан ат дүбірінен

Шошысты.

 

... Арала жас ару, жас құрбым,

Менімен сырт жағын қаланың:

Көресің сынығын тастардың,

Тамтығы ол айбарлы қамалдың.

 

Орыстың көне бұл қамалы,

Құлаған түбіне ел жауы.

Уақытпен егесіп тұр әлі,
Жел соғып, шайса да сел, жауын.

Қап-қара тастардың жүзінде,
Әжімдей бар терең сызықтар,
Белгісіз мұнысы.
Жаңбыр мен тамшының ізі ме,
Салды ма не жаудың қылышы.

Жарқылдап садағы, семсері,
Шыңғыстық нояндар дүбірлеп.
Көшпелі xалықты еңсерді,
Жол қылып тұяқтар қырды көп.

Сонда осы қамалы орыстың,
Қазақтың арқасын сүйеген.
Жоңғарға қыздырып соғысты,
Жылқымен, түйемен…

 

***

...Ақтарсам топырақ қабатын,

Ноянның сұр болат қылышын,

Табамын,

Қайралған суарылып қаны үшін

Менің көшпелі бабамның!

 

Иесі осы өткір қылыштың,

Жатаған атынан жеріме.

Тік құлап түспесе оғынан орыстың,

Бәлкім мен келмес те ем өмірге…

 

***

Топталып, күркіреп жыл ақты,

Есілдің толқыны сияқты.

Капитал алды да феодалды сақалдан,

Жас жігіт қарт шалды құлатты.

 

Мертікті сорлы шал бүкеңдеп,

Сырқырап сегізкөз, шонданай.

Сұм жігіт сыйламай үлкен деп,

Өкпеге теуіп тұр сонда да.

Ол және тонады кәріні,

Ақтарып қалтасын, ышқырын.

Қиырда қазақтың даласы көрінді,

Капитал жол тартты әндетіп, ысқырып.

Капитал кездесіп көшпелі қазаққа,

Мал сат,- деп ақшасын ұсынды.

Қой, жаным, мұның не, мазақ па?

Қағазды қайтемін бұл сынды...

Жігітім, аялда, жоқ әлі...

Көзім түсіп тұр көкшіл бөркіңе,

Бер соны бір қойға, тоқалым

Киіп барсын төркінге...

Сонымен қызды осы алапта,

Сауданың көрігі.

Хиуалық, цейлондық манаптар

Жол салды ту қырға көлігі…

***

Феодализм – түйе ғой,

«шөк десең – «бық» деген»,

Оған жоқ тіреліс.

Құмменен жылжыса –

Капитализм жете алмай қалам деп жүкпенен,

Далаға төседі рельс.

Буржуа – кербез де, сылқым да,

Феодализм жарғағын кимеді.

Заводтың түтінін ұшырып бұлтыңа,

Теріні жақсылап иледі...

Ереуіл, ереуіл, ереуіл...

Жұмысшы сап құрып шығады.

Буржуа суыры,

Ініңе бұқ өзің!

***

Қым-қиғаш сан тарау соқпақтың,

Үлкен жол – түйісер аяғы.

Толқынды толқын кеп соқпақ та,

Өзендер теңізге саяды.

 

Заманның шартарап ағымы,

Бірде өр, бірде еңіс соқпағы.

Маркстік формула күшіне бағынды,

Келешек торабы – олардың тоқтамы.

 

Келешек деген ол немене?

Қыз ба екен түйреуіш қадаған?

Жігіт пе әлде ол сом дене,

Бикештер сүйсініп қараған?

 

Демеймін, әрине, ол – жігіт,

Таныстыр,-

деп қыздар еліктер.

Келешек дегенді ал ұғыпғ

Ол – социализм плюс электр!

 

Даласы Есілдің көлбеген,

Дұшпанға көнбеген.

Батырлар ақ алмас, қылышын сермеген,

Намысты бермеген,

Қазақтың Асқан данасы.

Мұңлы үнмен тербеген,

Есілдің даласы

Көлбеген!

 

Есілдің кең жалпақ жаясы,

Түгінен май тамған шөбіңді,

Құшырмен асаған

Асан атамның Желмаясы.

 

Есілдің толқынын,

Сұлудың көзіндей көліңді,

Асан қайғы,

Әкетем, - деп еді,

Торсығына сыймайтын көрінді.

 

Дариға!

Адамның көзі бұл,

Тойымсыз, - деген ғой қазағым

кемеңгер.

 

Бір уыс топырақ құйылса өзі бір,

Жұмылмай қалады, демеңдер.

Қалайша менің оймақтай жанарым,

Шарасына сыйғызды Есілдің құдиған,

қып-қызыл жарларын?

 

Көне бір батырдай көтерген аспанға,

айбарлы жарағын,

Көзімде зәулім мұнара,

еңселі үйлері қаланың.

Есіл көл,

Есіл көл,

Деп жас төгіп қайғылы есіл ер,

Есіл көл!..-

Асан бабамыз сонда осы

бұлқынған Есілдің,

Кім білсін, өзі ойлап қойды ма есімін?!

Мен Асан атама ұқсаман,

Қой егіліп жыламан!

Толқынның шашынан ұстаман!

Торсықты сайламан,

Құйып алмаймын мен сені,

Өр Есіл, өзіңнің жарыңда қал аман!

 

Жарыңды сабалап аға бер,

Келешек қақпасын дамылсыз қаға бер!

Тартыла көрмесін толқының ешқашан!

Татар мен қазақтың қыздары

Шомылсын,

Жуынсын ақ тәнін

Түсіндей мақтаның!

 

Есілдің үніне күлкілі,

Қорқыт қобызын қосыпты бір күні.

Толқынға кілемін жайыпты,

Жарына көз жасын төгіпті.

Бұл күнде қызыл жалаулы

баржа мен қайықты,

Толқындар сүйсініп өбіпті…

***

Атығай, Қарауыл мекені, -

Құлагер өткен жер –

дүбірлеп олжа сап.

«Сайқал дүние кімді еркелетеді»,

Ақанды сабапты мол жасақ!

Ерлер мен серілер Отаны:

Жүйріктер тұяғы боратқан

қап-қара шудалы шаңдары.

Аяп сол қайғылы Ақанды,

Сұрасаң – егілген шалдары.

 

Біржан сал ән-жыры қанатын

Аққу боп қағатын,

көтеріп, жаңғырып қосылған

Адамша құаттап,

сар жайлау, тау іші,

Ақ тәнін сабаздың

жұтқа да қара жер қабаты,

Сол елдің аспанын шарықтап,

кезіп жүр дауысы!

Көкірегінде сақтап қалды ма өр Есіл

Сиқырлы дауысын Естай данамның?

Кешқұрым сыршыл су күміс үн төккенде

сыңғырлап, есіліп,

Бабамның әні деп қаламын.

Ерлер мен серілер Отаны – бұл жерде туыпты,

«Кәдімгі Сәбит Мұқанов»,-аспаннан

салбырап түспеген,

«Ет пенен сүйектен жаралған».

Есілдің толқыны

сол қарттың жастығын қуыпты,

Жоғалған өлеңін табам деп қай аралдан.

 

Қу жанды ол емес әлпештеп, аңдыған.

Құйғытып тұлпарын жау жерден,

Ерленіп шығатын Отанды

қорқақтау торыған бандаға

Өлеңмен,

қылышпен,

маузермен!..

Жетекке өзі алып Ғабитің,

бұл тұсқа

Ертерек келіпті

«Талпақ танау» да.

Бойы ұзын, құйрығы тым қысқа

Түйені үйреніп туыс деп санауға!..

***

Есілдің даласы көлбеген,

Топталған киіктер шегіне жетпеген.

Сен тұлпар шалдығып, терлеген,

Татпаса майсасын көктеген.

 

Қыранның қанаты секілді теп-тегіс,

Есілдің даласы көлбеген.

Кеткенде өктем қыс,

Жеткенде көктем қыз,

Сағынып шәрбатын,

аққулар сұңқылдап, шөлдеген.

Өр Есіл,

зор Есіл,

жан Есіл, өзенім,

Сағынармын мен де өзіңнің зәмзәм суыңды.

Алыста мен сені ойласам –

өртенер өзегім,

Татардың қызымен шарлаған нуыңды.

 

Сол ару кезіп ну жағаңды,

мұңайып мен жоқта

қарақат көзіне жас алса,

Мен болып аймала, жалынам

Есілдің самалы,

Тағзым ет иіліп, жас қайың, жас арша...

 

Аруым, оралам мен саған,

дөңдер мен сайларға мұңайып қарама.

Жыл құсы сықылды

Есілдің айдынын аңсаған,

Оралам, аруым, мен саған,

әзірше нуларды жалғыз-ақ арала,

Гүлдер мен шыршаға мұңайып қарама...

 

Өр Есіл!

Шілдеде мен сенің жағаңнан жырақтап,

Балалық шағымда жүзбедім төсіңде.

Тереңнен күмбірлеп естілген

сырлы үнің, бірақ та,

Мен туған Ертісті түсірді есіме.

 

Сезгендей толқының жалынын кеудемнің,

Еміреніп, аймалап қарсы алдың,

Есілім!

Айбынды Ертістің

ерке ару сіңлісі сен едің,

Арқада ағатын жарысып, көсіліп.

Мен сені емеспін жырлаған,

Ғафу ет, қария Ертісім.

Балапан шағымда қатпаған бұғана,

Мейірлі қойныңнан

ұшырдың алысқа ерте сен.

Өзің айт, айт кәне,

Ертісім-анашым,

Жол түсіп барсам мен жағаңа,

қорқамын анасы

ержетіп сағынып келген бұл баласын

деп әлде танымай қала ма.

 

Қоп-қою шаштарым сұйылып,

Үлкен, ақ маңдайға түсті әжім.

Сақтай да алдмадым

сен берген жастықтың көркін мен,

Кешір сен,

Ертісім –

жан анам – ұстазым!

Сағындым мен

сені, балалық пәк шағым,

толқынмен ақтың ба

сабалап Ертістің арнасын;

Сықылды таңдағы көк сағым,

Жас дәурен, қайда ұзап барасың?!
Ұялып пәк жүзім от болып жанатын,

Қыздарға арналған бере алмай хатымды.

Мен едім –

көзіме жас толып таматын,

«Бала ақын» дегенде атымды.

О, ғажап!

Бал қылық тым жырақ қалды ма,

Мақтадым мен бүгін жырымды шала үйткен.

Түспесем қайтушы ед әкенің алдына,

Несіне таталастым Сәбитпен!!!

***

Достарым, кешірім өтінем,

Әуелі әрине, қыздардан.

Өбіп менің албыртқан бетімнен,

Қорғады бір ару аязды ызғардан!

 

Жастықтың қоңыраулы күймесі,

Ерте ғой тоқтайтын күн әлі.

Жұлынып бітті ме

Жүректің гүлі әлі?!

 

Шіркін, әлгі боздауық түйенің бойы ұзын,

Бірақ та құйрығы қысқа ғой.

Маңынан жүрмейтін аршын төс,

Сұп-сұңғақ жұғысқыш кей қыздың,

Шашы ұзын, ақылы қысқа ,ой.

 

Жасырып неғылам сырымды,

Ұнатты десеңдер: бұл кімді?

Тағдырым тап қылып ұялшақ,

төменшек сұлуды,

Кеудемді бұзбаққа жүрегім бұлқынды!

 

Жар іздеп қыр бардым, құз бардым:

Ол –

сенсің аруым, сенемін!

Ерітіп кеудемнің мұз-қарын,

Бер маған жылуын денеңнің!

 

Кейде ақын адам ғой ұялшақ,

Кейде оны данышпан дейді де.

Соны айтып

татардың аруы,

Құшқан-ақ,

Жұп-жұмсақ мақтадай кеудеге.

 

Топырақ көзімнің шырағын өшірсе,

Алып қал нұрларын, аруым,

сауытым, беренім!

Қазақтың қарақат көздері, кешір сен,

Татардың қызына гүл үзіп беремін...

 

Апырау, мұның не?

Мен қалай жырладым,

Өзіме-өзім ұқсамай.

Қой өйткенше,

заман паровозымен зырлайын,

Жауыр Пегастың құйрығынан ұстамай!..

***

Жұмыр Жер – доп емес,

Дегенді айтамыз әрқашан.

Сонда да жасы оның көп емес,

Космос өмірін санасаң,

Миллиард жыл деген немене?

Әлемге ол – сәбидің өмірі.

Сонша жас жасар ма шабытты өлең де,

Бір күнде-ақ өледі небірі.

Уақыт шексіз ғой, достарым,

Бір адам өмірі жетер ме?

Шақырам, сондықтан замана жастарын,

Уақыттан есені өтеуге?

 

Соқ барабан, дабылы еңбектің

қыздырып жыр-әнін,

Жас жігер теңелсін, жасынға!

Тастаймыз артқа біз «уақыт пырағын»,

Секундты айналдыр ғасырға!

 

Есеңді жұтпасын космос түнегі,

Өмірің тең болсын жұлдыздың жасына,

Секундты айналдыр ғасырға!

 

Көпірлі керуен секілді ұласып,

Есілдің дөңдері сұлаған.

Қанша мың ғасырлар жатса да құлазып,

Бұл жердің жасын кім сұраған.

 

Жаттың-ау, туған жер,

келгенше әр ұрпағың,

Кінәлайын демеймін атаны,

Қаңсыдың,

түтедің, шаңдатып бұрқадың,

Кәрі ғасырдың сүртер ме сақалы?!

 

Обалар тұр әлі де бабалар рухын күзетіп,

Кімдерге топырақ төседің

Жер-ана.

Түгіңді шалып жеп кеткендей тез өтіп,

Ботасыз аруана секілді замана,

Кәрі жер, көне жер түк үнсіз.

 

Жатыр ол – көп істің кепілі.

Ойланып басамыз топырағын бүгін біз,

Абайлап сипаймыз ақ қайың кекілін.

Көк жайқын өзенім – өр Есіл,

өміріңді ұрлады-ау.

 

Қарақшы керуені жылдардың.

Сырнайлы толқының қандай жыр жырлады,

Талдардың кімге айтты сырларын?

 

Жоқ, жаңа ұрпақ осыған көнер ме,

Дабыл қақ, толқындар, сілкінші,

Есілім!

Жаңартып

өміріңді көнерген,

Күнібұрын ашты олар келешек есігін!

 

Уа, Жер!

Туған Жер!

Қасиетіңді

тап біздей кім ұқты?

Бесіктей тербейсің шабыт пен ойды да,

Бейне бір әжемдей ұқыпты,

Сақтапсың не асыл қойңыңда.

 

Құланның ізінен көремін ескіні,

Бабамның жолындай

«Ақтабан шұбырынды».

Байқамай өтіпті-ау олардың ешкімі

Тереңге тығылған сырыңды.

 

Садақтың жебесі зуылдап ұшады да,

Бірақ та...

нөпірлі дұшпаннан ол қай бір қорғасын.

Жатты ғой сонда жер құшағында,

Күркіреп жауға ұшар қорғасын!

 

Жерді бабамыз ұнатқан,

Қарап тек шалғынға масаты:

Шалдықса су ішіп бұлақтан,

Жүйрігі майсасын асады.

 

Ойлаған бабамыз болды ма

Жер-ана өзгерер дегенді,

Шешкендей батырақ

қаудырлақ тонды да,

өзгеше киінді жер енді!

 

Есілдің даласы майсалы

Күнді де орманға батырған.

Егіннің

шалқыма қиялдай мұхиты ой салып,

Жолаушы қиялын шақырған!..

 

Ракетамен барсақ біз бір кеште,

Марс – мейманханамыз.

Тартуға есілдік бикешке

Айдың сырғасын аламыз.

 

Әжемнің үйі екен – Жер беті,

Тартылды аспан көшесі!

Жер құрсағының перзенті,

Атом техникасы ержетті,

Ғылым – кіндік шешесі?

 

Есілдің күмбезді көгі де

Жаңа бір дүние мекені:

Аспан өкпесіне –

«Орбита проспектісіне»

Осы арамен өтеді

«Ақыл самұрығы»-

Жер серігі,

Күн серігі...

 

...Ашулы толқындар айбынды Есілде,

Тебісіп, сүзісіп,

Арқырап, тулаған.

Сонда бір сырды алам есіме:

Басталған бұл өзен бір кіші тұмадан!

 

Елеусіз сол тұма шықты ытқып жартастан,

Сағынышты ғашықтың жасындай мөлдіреп.

Жол-жолдан бұлақтар арнада табысқан,

жалғасқан,

күмбірлеп, сүйісіп, елжіреп.

 

Ғажайып күшінен олардың біріккен

Өр өзен – Ұлы Есіл құралған.

Тасқынды себеле құландай үріккен,-

Қаймықпай тұрады кім алдан!

 

Жол салып ойлардан, еңістен,

Сауырын тілгілеп даланың көсілген.

Шу асау толқындар күркіреп,

жар салған, тебіскен,

Дегендей

«Есіл – мен!

Есіл! – мен!».

 

Көз салам:

Есілдің даласы көлбеген,

Соқпақтар тоғысып соқпаққа,

Далдиып кетеді жол деген,

Ол да өзен,

жүргінші толқынын тоқтатпа!

 

Бұлақтар тоғысса арнада,

Туады әр өзен тасқынды.

Соқпақтар тоғысса далада,

Жол түсер – қамшы бас атыңа, ас қырды!..

 

Кең жазық даланы, белдерді,

Ораған қара жол, даңғыл жол.

Шаншылып биік пен ерлерде,

Құлдырап құлайды ылдида ол.

 

Жол, жол, сырларың ғажайып,

Бейне бір жердегі дастансың.

Шалқыса зор өмір, құшағын кең жайып,

Арнасын әуелі сен өзің бастайсың.

Жол,

Жол,

Төсінде даланың,

Қиянға көсілген, тауларды белбеулеп.

Күтесің, уа, достым, ең жақын адамың

Осынау жолменен келер деп.

Талдырдың сен, бәлкім, көзіңді,

Қарап көп жол асқан кезеңге.

 

Қаншама достарым

шығарып салды алыс өзімді,

Жол десе толқимын,

Ұқсаймын тебіреніп өзенге...

Жол, жол! Көтеріп сен құрыш арқаңда,

Машина тасқынып, арбалар легін,

Жан-жақтан құйылып жатырсың Арқаға.

 

Көбейтіп достарды, білемін.

Есіңе ал, аяулым, айтайын:

Табыстың сен маған жолда осы.

Кей ақын жыланға теңесе қайтейін,

Мен үшін жол – адам жолдасы!

Шарлаған Есілдің даласын көлбеген

Қара жол, даңғыл жол,

қасқа жол,

көсілген,

Алыста жатсаң да тап қазір сен менен,

Шықпайсың әсте бір есімнен,

Қанша алыс айдайды арбасын,

Бабамыз Меккеден әрі ұзап бармаған.

 

Тартылды ал бүгін даңғыл жол,

темір жол – өмірдің арнасы,-

Ту қырға ат аяқ салмаған.

Жол,

жол, әкелген Есілге сен едің,

Молдован жігіті, беларусь қыздарын...

Шегі жоқ жолдардың,-

тартылған Айға да сенемін,

Астымен теңіздің,

Үстімен құздардың!..

Аңсадым Есілдің даласын күн санап,

Гүлдердің жұпарлы иісін сеземін.

Дариға, жетермін өзіңе

жол түсіп бір замат,

қаһарлы, мейірлі, ашулы жайдары өзенім!!!

***

Мен бүгін мінбеймін күймеге,

Тарантас ескірді, асылы,

Бабамның арқасы тимеген,

Көлікке отырғызды ракета ғасыры.

 

Көлігім – электр, нажағай ілеспес.

Менің дауысым – мотор гүрілі.

Замана жастары, батыл, ер лекте өс!

Сенің қолыңда – жаңа өмір кіндігі.

 

Кім бізге болады тосқауыл,

Жолымыз – келешек рельсі.

Иыққа батпан жүк таста ауыр,

Жастық қуатты күтіп тұр ел ісі!

 

Бүркеніп Жер-ана топырағын,

Ғасырлар жатты үнсіз көк темір,

Қорғасын.

Ал бүгін ол менің ұшқыр көлігім,-

Неғылам «Итбайдың жорғасын?!».

 

Тоздырса ер Төстік сапарда

Темір етік пен темір таяғын»,-

Зула, экспресс, зула, от арба,

Керек пе таяғың? – электр - аяғым!

 

Келешек – ол менің өз ісім жоспарлы,

Бабам теңесе де толқыған сағымға.

Туған жер,

сүйемін

мен сені, құшамын,

Дермін:

-Өзіңсің өмірдің жаннаты, -

Шырқатса да аспанға көк сеңгір

Ракета – заманның қанаты!

Тартамыз біз одан

Баллистикалы жол саған,

Өгейсітер біз бе екен,

қасиетті Жер, сені?!

Бас имек

«аспан әулиелері» - жұлдыздар самсаған,

Қайна, жастықтың тасқынды өр селі!

Ағыттық уақыттың шідерін,

Әр күнім,

сағатым – ғасырдан айбарлы.

Соқтырып заманның электрлі жүрегін.

Кел, қыздар, даңқты жеті жыл,

дүбірлі майданды!

***

Кербез өзенім –

ару даланың бұрымы!

Шымылдық – көк орман, мол сағым.

Ескінің бұл емес ырымы –

Тағыпсың ГОЭЛРО моншағын!

 

ГОЭЛРО моншағы – кеудеңде,

Сыйлаған дәуірдің ұл-қызы.

Көк аспан байғазы деген бе,

Түбіңе тастапты ай, жұлдызын!

 

Қос жағаң – атлас, - кимеген жер үсті,

Сыйлаған өмірдің Май жазы.

Көп ақын өзіңе борышты,

Бермеген өлең-жыр байғазы!

 

Уақа емес деп, Есіл, күлімдеп ағасың,

Сараң жұрт емес қой ақындар – қарыздар қалмас та.

Жете алмай жүрген ғой шамасы,

Біразы кетіп ед... Парнасқа!..

 

...Өтсе де жағаңда аз күнім,

Қалды деп айта алам жастығым Есілде.

Сыңғырлап естілген

арманды назды үнің,

Сәулемнің күлкісін салады есіме.

 

Күлгендей болады еркешім,

Толқыннан сыңғырын сүйемін...

Тілгілеп даланың жоны мен өркешін,

Иіріліп ағасың мойнындай түйенің,

Иіріліп орайсың даланың дөңдерін, нуын да,

Жолшыбай бұлақтар құйылып,

Береді қуатын арнаңа.

Уа, дариға, тап солай...

тамшы екеш тамшы боп қосылса суыңа,

Осы жыр өзіңнің атыңа арналған!

 

Дамылсыз ойлармен ұзатам көп күнді,

Кеудемде толқиды жастықтың арманы.

Өзіңнің толқының сияқты екпінді,

Кемерін соғатын арнаңның!

 

Арманым: жанымның айнасы – жырларым,

Кетпесе денеммен салқын жер қойнына.

Қария есіне ол түсірсін

думанды жас дәурен жылдарын,

Алқа боп тағылсын арудың мойнына!

 

Татардың жас қызы ұмытар ма ол күнді,

Жанарын қадар көп сол ізгі жан саған...

Жыр емес, ұғын бұл – сағыныш толқыны

Төгілген жүректен өзіңді аңсаған!

 

Кім өмір сүреді мәңгілік,

Ал жырым – шағала!

Қалқысын төбеңде.

Бір биік шыңынан қарайын мен күліп,

Шақырсаң,

Уа, Есіл, жағаңа кеп қонған өлеңге!..

Жол салып бұтақтардың арасынан,

Күркіреп,

Уа, Есіл, жетермін тағы да.

Толтырып даланы көзімнің шарасына,

Топырағыңды сүйермін, еміреніп, сағына!!!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan