Тылсымы терең, тағылымы мол туындылардың дүниеге келуінің бір-біріне ұқсамайтын өз жолы бар. Шалқыған шабыт үстінде ағын судай сезім екпінімен қолыңдағы қаламың ойыңа ілесе алмай жылдам жазылып тасталатын шығармалар да болады. Ал, енді бір кітаптардың өмірге келу мехнаты ұзаққа созылып, автор балды қасықпен аузыңа тамызғандай жыл сайын дәмелендіріп, келесі тарауын ноқталағанша, төзіміңді тауысып, ынтықтырып қояды. «Құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) ізденіспен жазылған ондай туындыларды оқу жансарайыңды жадыратып, көңіліңді ерекше сезімге бөлейді.
Мемлекеттік қызметте жүріп, ой еңбегінен де қол үзбеген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа кітабымен сырласып, ой қыдыртқанымда тап осындай күйді кешкенімді жасыра алмаймын. Дархан пейілін жайып салып, оқырманды ой орманына жетектей жөнелетін естелік-кітаптардың жазылуы соңғы жылдары тым сиреп кетіп еді. Тіпті, жұрт кейіпкерінен гөрі өзін қызықтап кететін қаламгерлердің шығармаларынан жалыға да бастаған. Өмір теңізінен адамгершілік пен парасаттың, тереңдік пен данышпандықтың жұмбағын іздеген мына еңбек осы олқылықтың орнын толтырғандай болыпты.
Мұндағы дүниелермен баспасөз бетінен алғаш танысқанымда, аяулы ағаларымыздың адамдық бейнесі жарқырай ашылған эсселердің түбі бір кітапқа айналарын ішіміз сезген. Сеніміміз алдамапты. Расында да мінезі кесек, істері ірі тұлғаларымыздың ғибратты ғұмыры мен өнегелі тәрбиесінен үлгі алатын мазмұнға да, мағынаға да бай кітап өмірге келіпті.
«Менің ағаларым» алдын-ала жоспарланып, ұзақ жыл бойы ойластырылып, қазан-мида қорытылып, идеясы әбден пісіп-жетілген соң барып жазылуы қолға алынған еңбек емес. Кездейсоқ жағдайда басталып, сәруар сезімнің жетегімен жалғасып кете берген бұл эсселердің өмірге келуінің өз тарихы бар.
2005 жылдың наурызында жазушы, публицист, қоғам қайраткері Камал Смаиловтың рухани мұрасын түгендеп жүрген жары Надля апамыз Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен жүздесіп, қабылдауында болады.
Надля апамыз зиялы отбасында туған, жауапты қызметтерді атқарған Шмановтар әулетінің қызы. Білімі терең, арғы-бергі әдебиетті бүге-шігесіне дейін зерттеген филолог маман.
Кино өнері мен журналистикада тыңнан түрен салып, ел сүйіспеншілігіне бөленген Камал Смайловты санасында сәулесі бар қазақтардың бәрі біледі. Көзі тірісінде 15 кітабы шығып, өзекті мәселелерді көтерген 350-ден астам көркем очерктері мен мақалалары жарық көрген қаламгердің ұлттық мұраты жазумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ұлттық намысымызды қамшылайтын парасат майдандарында көзге түсіп, мемлекеттің мүддесін қорғап алғы шепте жүрді. Көрермен көкірегінің көркемдік әлемін байытқан ізгі құбылысы «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» кинофильмдерін түсіруге мұрындық болды. Камал Смайылов басқарған жылдар «Қазақфильмнің» алтын дәуірі болды. «Атамекен», «Ән қанатында», «Артымызда Москва», «Тақиялы періште», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мәншүк туралы ән», «Шоқ пен шер», «Көксерек», «Трансібір экспресі» сынды көркем фильмдердің жұлдызды шоғыры көрерменге жол тартып, тұңғыш қазақ мультфильмі жарыққа шықты. Телевидениенің екі тізгін бір шылбырын Кәмекең қолына ұстаған кезеңде «Алатау» каналы ашылып, «Айтыс», «Терме», «Шабыт», «Халық таланттары», «Асыл мұра» хабарлары, көпшілікке арналған «Тамаша» бағдарламасы дүниеге келді.
Мұхтар Абрарұлы отыз жас үлкен ел ағасымен Қазақ энциклопедиясында қатардағы редактор болып жұмыс істеп жүргенде танысты. 1985 жылы Камал Сейітжанұлы Қазақ КСР мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы болып тұрғанда екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың ерлігі туралы фильмдер циклы түсірілді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев ауқымды жобаның бас кеңесшісі болып бекітіліп, «Қазақ қыздары Ұлы Отан соғысында» деп аталатын фильмнің сценарийін жазуды шәкірті Мұхтарға тапсырды. Міне, осы кезде Камал Смайловпен жақынырақ танысып, соңы риясыз достыққа, аға мен іні арасында болатын сыйластыққа ұласты. Сол достық, сол сыйластықтың ғұмыры жиырма жылға созылып, Кәмекең өмірден өткенше өрмегі үзілген жоқ.
Осылардың бәрін жақсы білетін Надля апамыз: «Камалдың бір кітабын шығарайық деп жатырмыз. Осыған бір естелік жазып берсең» деп күтпеген жерден министрге қолқа салады.
Шаруасы шаш етектен болып жататын министрлікті басқарып отырған мемлекеттік қызметкерге қол-аяғыңды жіпсіз тұсаулайтын қыруар жұмыстың бәрін бір шетке ысырып қойып, естелік жазуға кірісіп кетуге уақыт табу қиынның қиыны. «Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі» деген атауына сай үш саланың міндеті жүктелгенімен, бұл өз алдына үлкен құрылым еді. Атап айтсақ, Совет заманындағы мәдениет министрлігі, мемтеларадио, мемкино, жастар ісі жөніндегі мемкомитет, мемлекеттік баспа ісі, дін істері жөніндегі басқарма, архив істері жөніндегі басқарма сияқты жеті бірдей министрлік деңгейіндегі мемлекеттік комитеттердің басын біріктірген үлкен мекеме болды. Әр саласы тағдыр жолындай тармақталып жатқан мұндай ірі ұйымға басшылық ететін лауазымы жоғары шенеуніктің естелік жазбақ түгіл, мұрын сіңбіруге уақыты бола бермейді. Әйткенмен, аға алдындағы парызды өтеу - ініге сын. Екіойлы болып жүрген ол ақыр соңында тәуекелге барып, бірі бітсе, екіншісінің құлағы қылтиып шыға келетін министрліктің мың-сан шаруасын реттеп бола салысымен, бөлмесінде қалып, естелікке кірісіп кетті. Ондаған жылдардан соң зәулім ғимарат сынды монументалды туындыға айналатын «Менің ағаларымның» іргетасы осылай қаланды.
Алғашқы мақаланың аты да өздігінен тіл ұшына үйіріле кетті. «Ақжарылқап». Үнемі күлімдеп, күндей жарқырап, айналасындағы адамдарға шуақ шашып, қу тіршілікке жан бітіріп жүретін, өмірі бір ашуланбайтын ол кісінің болмысын ашуға осыдан артық теңеу табу қиын еді.
Таланттардың алақанында аяланған Камал Смайлов тағдырға өкпесі жоқ - бақытты қаламгер. Аты аңызға айналған Баубек Бұлқышевпен туыс болу екі адамның бірінің пешенесіне жазыла бермейді. Міне осы тағдыр сыйы оны «Заман біздікі» шығармасын жастанып оқыған талай қазақтармен табыстырды. Солардың ішінде Мұхтар да бар.
Шындығында да, жас кезінде Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықты еншілеп, бұл аяулы есім жүрегіне жылылық ұялатқан азаматтың ойламаған жерден оның туысымен жүздесіп, ол таныстықтың уақыт өте келе аға мен інінің риясыз достығына ұласуы тағдырдың ісі емей немене?
Естелік жазуға ниеттеніп, ойға шомғанда Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Камал Смайловтың қалай қабылдап, қолын алып жүздескен сәті күні кеше ғана болған оқиғадай есіне түсті. Сол кезде оны министр лауазымындағы төрағаның жылы қарсы алып, өмірінде бірінші рет үлкен мекеменің табалдырығын қобалжып, жүрексініп аттаған жас жігітке зор ілтифат танытып, орнынан тұрып амандасқан кішіпейілділігі мен ізеттілігі таң қалдырған. Амандасқан адамының министр екеніне сенер-сенбесін білмей аңтарылып қалған оған жымиып «Ия, қал қалай Мұхтар?» - деп бұрыннан жақсы білетін ескі танысындай күлімсіреп сөйлеген қарапайымдылығы оны мүлде састырып жіберген.
Ағамен басталған таныстық тоқсаныншы жылдарда үлкен достыққа ұласты. Ол кезде «Қазақстан комунисі» журналының басшылығына келген Камал Смайлов лезде оның тулақтай тозып әбден ескірген атын өзгертіп, заман талабына сай безендіріп «Ақиқат» атты жұрт қызыға оқитын басылымға айналдырып үлгерген еді. Орыс энциклопедияларындағы қазақтың арғы-бергі тарихына қатысты Мұхтардың зерттеулеріне көзі түсіп жүрген ол тың тақырыптың аясын кеңейтуге ақыл-кеңесін берді. Міне, осылайша ғылымдағы қадамына жанашырлықпен қараған Камалдай ағасының арқасында еңбегі толығып ағылшынның «Британника», американдық «Американа», немістің «Брокгауз», француздың «Ларусс», испанның «Эспаса» сияқты әлем энциклопедияларындағы қазақ тақырыбын індетіп, қазымырланып зерттеген мақалаларына ұласты.
Сүйегі асыл Кәмекеңнің туған інісіндей жақсы көріп, бауырына тартқан азаматқа көрсеткен жанашырлығы ағалық ақыл-кеңеспен ғана тәмәмдалып қалған жоқ. 1999 жылы академик М.Қозыбаев, Ә.Қайдаров, Ғ.Сапарғалиевтермен бірге оны сенаторлыққа ұсынып, Президентке хат та жазды. Қолынан келген жақсылығын аямағанымен, еш уақытта да онысын бұлдамаған Камал ағаның кісілігінде иненің жасуындай мін болған жоқ. Министр қызметіне тағайындалғанда елден бұрын құттықтап, сын сағаттарда қолтығынан демеген қамқорлығы бір төбе. Естелікті жазу барысында Камал Смайловтың өмір шежіресін зерттеп, біраз мәліметтерді шолып шығып, көптеген деректерді ой елегінен өткізіп, талай жайттарға қанықты.
«Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны», - депті Бекасыл әулие. Аға болмысындағы бірден көзге көрініп, менмұндалап тұратын тектілік Камал Смайловтың бойына - ата-баба қанымен дарыған қасиет. Олай дейтін себебіміз, ол от тілді, орақ ауызды шешен, қол бастаған көсем болған даңқты Бабыр Бөкенбиұлының - төртінші ұрпағы. Батыр дүние салғанда оған ханға лайық құрмет көрсетіліп, сүйегі Түркістанға Қожа Ахмет Яссауидің іргесіне жерленген. Кейін кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенде құлпытасы табылып, қазақтың хан сұлтандары, батыр-бағландарымен бірге Ақсарайға арулап қойылады.
Әкесі Сейітжан да өз заманының зиялы азаматы, әйгілі Баубек Бұлқышевтің - немере ағасы. ХХ ғасыр басында Троицкідегі медресені, кейін орысша-қазақша мектепті тәмәмдаған.
Өмірдегі ұстазы болған ағасына деген сағынышын төгіп жазған естелікті жұрт жылы қабылдады. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көре салысымен Камал Смайловтың замандастары бірінен соң бірі хабарласып ризашылығын білдіріп жатты. Әсіресе, академик Төрегелді Шарманов балаша қуанып, эссені оқи салысымен хабарласып, Камалмен бір сыныпта оқығанын, тай құлындай тебісіп өскен өмірлік досымен соңғы сәтке дейін бірге болғанын тілге тиек етіп, жан сырын ақтарып, екеуі ұзақ әңгімелесті.
Академик Шарманов та - ерекше жақсы көретін ағасы. Үлкенмен де кішімен де сыпайы сөйлесіп, әңгімешілдігімен тыңдаушысын үйіріп әкетіп, инабаттылығы магнитше тартып тұратын азаматпен ол тоқсаныншы жылдары Ыстықкөлде танысқан. Алатаудың алақан шұңқырындағы жер жұмағынан басталған таныстық құр әншейін сыйластыққа ғана емес, аға мен іні арасында болатын шынайы достыққа айналды. Жаны жақын, жайлауы ортақ, ойы бір, өрісі бірге жандар шүйіркелесе танысып, шұрқыраса табысып кетті.
Төрегелді Шармановпен болған әңгіме оны қатты толғандырып, ой теңізіне шомылдырды. Аға мейірін қандырған бұлақтан, інінің көңілі де су ішіп ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады. Кейінгі толқын інілер жақсы істеріне елі сүйсінетін азаматқа айналуы үшін алдыңғы буын ағалар тағылымы мазмұнды да, мағыналы болуы тиіс.
Кемеңгер Абайдың «Дүние - үлкен көл, Заман - соққан жел, Алдыңғы толқын - ағалар, Артқы толқын - інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер» дегені осындайда еріксіз есіңе түседі.
Ия, алдыңғы толқын ағалар! Біздің заманымызға көне эпостардан жеткен батырлардай тұрпаты бөлек, тұлғасы ерен, тілі шешен, алдына келген адамды мысы басып тұратын сол ағалардың қай-қайсысы жөнінде де таңды таңға ұрып әңгіме соқсақ та, сөзіміздің суаты сарқылмайтын шығар. Сөзі де, ісі де ірі, мінезі көркем ағалардың әр қайсысы өз алдына бір мектеп болыпты. Солардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі Төрегелді Шарманов емес пе? Ендеше аты аңызға айналған үлкен азаматтың лайықты бағасын ең алдымен өзі беріп, неге басқаларға өнеге көрсетпеске. Азаматтың ірілігін айту үшін міндетті түрде оның мерейтойын күту шарт емес шығар.
Мамандығы мүлде басқа саланың адамы болғанымен бір көргеннен тіл табысып кеткен Төрегелді Шармановты ол рух жағынан өзіне ең жақын жандардың бірі санайтын. Тіпті, туған әкесіндей құрметтеген сыйластықтың арқасында Төкеңнің өзімен түйдей құрдас ұлы Алмас Шарманмен танысып, достасып кетті.
Өмірден өткен адам туралы жазғанда әр сөзіңе абайлап, елдің көңіліне қарайлап, мүсіндеген кейіпкеріңнің тұлғалық даралығын ашатын маңызды дүниелерге ғана тоқталып, көп нәрсені ашық айта алмайсың. Ал, тіршілікте тонның ішкі бауындай араласып, жүрегіңнің түбіне кір жасырмай сырласып жүрген азамат жайында сөз айтуға тура келгенде, еш іркілмей, еркін көсілесің. Оның үстіне аты аңызға айналған ағалардың алдын көріп, талай қыжыртпа әңгімелерін естіп өскен Төкең інінің риясыз қалжыңын жақсы түсінетін көшелі кісі.
Академик Төрегелді Шарманов туралы екінші эссе осылай жазыла бастады. Бұл кісінің өмір тарихынан хабары жоқ адам 300-ден астам ғылыми еңбек жазып, 15 монография жариялаған, отызға жуық өнертапқыштық ұсыныс жасап, оларды ғылыми айналымға енгізген академик жөнінде жұрт білмейтіндей не айтуға болады деп ойлауы да әсте мүмкін. Міне осындай сезіммен эссені оқи бастағанда бірте-бірте ол ойыңнан айнып, тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмаған азаматтың жаңа қырларын тани түсесің. Ұлы Абай айтатын бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымды ұштастырып, парасат биігіне көтерілген азаматқа сүйсініп, құрметің артады.
Тақырыбын жан-жақты зерттеп барып қана қолына қалам алатын Мұхтар Абрарұлы кім туралы жазса да өзін суда жүзген балықтай еркін сезінеді. Әңгімесін оқырмандарға тартымдырақ ете түсу үшін кей тұстарында әзіл-қалжың араластырып, кейіпкердің жұрттың бәрі біле бермейтін қырларын сипаттап, жан әлемінің жұмбағына бойлап, болмыс-бітімін мүсіндеп, мінезін ашуға айрықша ден қояды.
Академик Төрегелді Шарманов туралы эсседе езу тартқызатын әдемі оқиға да, отбасылық ауыр трагедия да, қайғыға мүжіліп кетпей, оны жеңе білген азаматтың қайсарлығы да, бастаған істі аяғына жеткізбейінше тыным таппайтын күрескерлігі де, тәуекелшіл батырлығы да шыныдай таза шынайы сезімнің жібімен кестеленген. Оймақтай ғана әңгімені аяқтап болғанша Төрегелдінің әкесі мен шешесінің махаббат хикаялары суреттелетін жерлерінде ішегің түйіліп қала жаздап күліп, ал, ақ жұмыртқа, сары уыздай әлпештеп қолда өсірген, тұла бойы тұңғышы, аяулы қыздары Алма аяқ астынан дүние салған кездегі отбасылық трагедиясы баяндалатын тұсына келгенде жүрегің сыздап кетеді. Ата-ана үшін баласының өлімін көзбен көргеннен асқан қандай ауыр қасірет болушы еді. Алайда, Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған Жаратушының әміріне, тағдырдың жазуына тірі пенденің көрсетер дәрмені қайсы. Амал нешік, денсаулық сақтау министрі де тура келген ажалдан туған қызын арашалап қала алмапты.
Тағдырдың Төрегелді Шармановқа дайындап қойған бұдан да зор сынағы бар екен. Қызының қазасы аздай, Күлзия апамыздың да сырқаты меңдеп, тағдыры қыл үстінде тұрды. Тағдырдың дауылы соққан ауыр күндерде сезімін сабырға көндірген доктор Шарманов операцияны өз жетекшілігімен өткізіп, тәңір қолдауымен жарына тағы да жиырма жыл ғұмыр сыйлады. Алланың сынағына шыдай жүріп, қайсарлығын жоғалтпаған, адамгершілігінен айырылмаған Төкең өмірдің бұралаң соқпағында кездескен қиыншылықтардың бәрін еңсеріп, көздеген мақсат-мұратына жетіп, абыройы артып, мәртебесі өсті. Міне осындайда француз философы Жозеф де Меестрдің «бұл – ұлы азамат» деген сөзі есіңе түсіп, оны Төрегелді Шармановтай тұлғаларға қаратып айтқымыз келіп тұратыны бар.
Академик Төрегелді Шарманов туралы жазылған екінші эссені де жұрт ықыласпен оқыды. Мемлекетіміздегі өзге ұлт өкілдеріне де ел ағаларының өнегелі ісін жан-жақты таныту үшін жазылған дүниелерді орыс тіліне тәржімалап, олар «Казахстанская правда» газетінде жарық көріп жатты. «Гражданин» деген атпен шыққан эссені оқып, дән риза болған академиктің ұлы Алмас Шарман оны ағылшын тіліне аудартып, Америкадағы беделді басылымдардың бірінде жарияланды. Дерегі мол, ішінде езу тартқызатын юморы да бар эссені америкалықтар да қызыға оқыпты.
***
«Менің ағаларым» - тағдырлы туынды. Кітапты оқи отырып, ұлт мақтанышына айналған ел ағаларының ғана емес, үлкен әулеттен шыққан азаматтың да тұлға болып қалыптасуы жолындағы саналы күресінің соқпағын көресің. Осы орайда автордың өз туындысы арқылы айтпақ болған ойының төркінін түсіну үшін әкесі жайында жазған «Асылзадасы» эссесіне тоқталмасқа амал кем.
Әкесі туралы болғанымен, бұл дүние ағалар тақырыбына арналған эсселер топтамасының мазмұнып байытып, әдемі үйлесіп тұр. Өйткені, Абрар ақсақал бір әулеттің тірегі болғанымен, қиын-қыстау замандарды талай адамдардың арқа сүйеген ағасы да болған азамат.
Адам өмірге тұлға болып келмейді. Тұлғалық қасиеттердің бәрі де адам бойына ананың ақ сүтімен дарып, әке тәрбиесімен мәпеленіп, діңгегі мықты алып бәйтерекке айналады. «Асылзаданы» оқығанда осы бір қарапайым шындыққа кезекті мәрте көз жеткізе түсесің.
Әке! Бәріміздің де жүрегімізді елжіретіп, сезімімізді солқылдатып, құлағымызға құдды құдіреттің әміріндей болып естілетін – аяулы сөз. Бұл сөз айтылғанда әкесі жоқтардың жанарларына жас үйіріліп, әкелері тірі пенделер шүкіршілік етіп, өздерін әлемдегі ең бақытты жандардай сезінеді.
Әке тақырыбын жеріне жеткізіп толғаған өлең-жырлар да, көркемдік шеберлігі мөлдір сағыныштың кірпішімен өрілген прозалық туындылар да, мақалалар мен эсселер де әдебиетімізде жеткілікті. Қолына қалам ұстаған ақын-жазушының мөлдір махаббаты төгіліп, әкесіне сөзбен ескерткіш орнатып кеткісі келетін ниеті бәрімізге таныс сезім болғандықтан, ондай дүниелерден пәлендей жаңалық іздей қоймайтынымыз да рас. Алайда, «Асылзада» күні бүгінге дейінгі жазылған еңбектердің ешқайсысына да ұқсамайтын, ондағы ойларды қайталамайтын, әке тақырыбын жаңаша түрлендірген, өрнегі өзгеше тоқылған, танымдық тұрғыдан да, тағылымдық жағынан да, тәрбиелік мәнімен де оқырманға берері мол - ұлттық эссеистикамыздың зор табысы.
Адам тағдырының шексіз кеңістігінің тылсымын тануға тарта түсетін көркем туындыдай тебірентіп, қызыққа батырып жіберетін еңбектің жаңалығы көп, онда автор нарраталогия, яғни, әңгімелеу мәнерінің сан-алуан үлгілерін пайдаланып, әкесінің адами болмыс-бітімін асқан шеберлікпен мүсіндейді. Іргетасы ғылыми стильмен қаланған дүние бірте-бірте көркем шығарманың әдісіне ауысып, енді бір сәтте публицистикалық баяндауға жол берген эссенің формасы ғұлама Аристотель заманынан бері келе жатқан сөз өнерінің қағидаларына бағынбай, бір еңбектің ішінде бірнеше тәсілдер қолтықтасып, жанрдың шекарасы жойылып кетіп жатады.
Біздер сияқты әкеге деген сезім қынабындағы сартап сағынышын бірден жарқ еткізіп суырып алмай, келелі әңгімесін қаламгер тым әріден, өз әулетінің шежіресінен де алыстан өрбітіп, қазақ жеріне ислам дінінің шуағын шашқан қожалар тарихына қысқаша шолу жасаудан бастайды.
Зады, қандай да бір кейіпкердің бейнесін кескіндеуде жазушы атаулының тарихқа жүгінуден жүрексінетіні бар. Себебі түсінікті де, өйткені, тарих құмырсқаша қаптаған мәліметтермен жұмыс істеуді талап ететін машақаты мол, мехнаты көп еңбек. Ал, ұшы-қиыры жоқ, бір ақпаратты екіншісі терістеп жататын телегей-теңіз деректерді құмнан алтын іздегендей сүзіп алып, ақыл таразысына салып ғылыми талдау жасаудың қандай тозақ екенін менен емес, азабын тартқан ғалымнан сұраңыз.
Жеке адамның өмірін тарихпен шендестіре зерттеп баяндаудың тақырыптан ауытқып, көпсөзділікке әкеліп соқтыруы ықтимал қаупінің де бар екенін жасырмаймыз. Шығармасын мұндай әдіспен жазуға тәуекел еткен қаламгер мың-сан жаңалықтардың ішінен өзіне керектілерін ғана маржандай теріп, тілдің көркемдігіне нұқсан келтірмей, әңгіменің әуезділігін сақтап, ұзын арқан, кең тұсауға жол бермей, сөзін мейлінше ықшамдап, майдан қыл суырғандай қылып ойын оқырманға түсінікті етіп жеткізе білгені ғанибет. Ғажайып ақындардың тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдеріндей жұп-жұмыр болып шыққан ондай шықтың тазалығындай шынайы шығармаларды газеттер алаулатып, журналдар жалаулатып әкетпесе де көзі қарақты оқырман өзі іздеп жүріп оқиды.
Атам қазақтың сонау ықылым заманнан бері азаматтың шыққан тегіне қатты мән беріп, шаңырақ бақытын байлықпен емес, отау иелерінің тегімен бағалағаны әмбеге аян. Байлық –бір жұттық. Ал, текті азамат жалғыз отбасы немесе үлкен әулеттің ғана емес, кейде, тіпті, исі адамзаттың мақтанышы болып, тұтас бір ұлттың бағын жаққан бақытына да айналады. Сондықтан да үш жүздің бәрімен де кіндігі байланған қарға тамырлы халқымыз мәпелеп өсірген қызын текті жерге беруге ұмтылып, текті жерден қыз алуға тырысқан. Академик Мырзатай Жолдасбековтың дәл байқағанындай, қазақ халқының жақсы болуы, қазақтан даналардың, кемеңгерлердің, ақылмандардың, шешендер мен көсемдердің, ақындар мен жыраулардың, батырлардың көп шығатындығы сол тектілігінен.
Пайым-парасатына қарап, алғаш көргеннен-ақ Мұхтар ағаның шыққан тегінің осал емес екенін ішім сезген. Түйсігім алдамапты. Арғы аталары ғасырда бір туатын Мұхтар Әуезовтей кемеңгерді халқымызға берген Бақсайыс қожалардың тұқымы болып шықты. Бесінші атаға дейінгі бабалары Шығыс Қазақстан өңірінде өсіп-өнсе, кейінгілері қасиетті Түркістан жерінен екен.
«Асылзадағы» келтірілген деректерге жүгінсек, Мұхаммед пайғамбарымыздың көзі тірі кезінде-ақ дүниенің төрт бұрышына шеру тарта бастаған мүбарак дінімізге кірушілер қатары тура жолды халифтер (хулафа ар-рашидин): Әбубәкір, Омар, Осман және Әлилердің тұсында барынша көбейіп, бүгінгі Мысыр, Сирия, Ирак, Иранға, уақыт ағысымен Әму мен Сырдың жағасына да жетіпті.
Омейядтар халифаты (661-750) дәуірінде исламның жасыл туы Сайрам, Түркістан, Тараз қалаларында да желбірейді. Хорасан билеушісі болып тағайындалған дарынды қолбасшы Құтайба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны, 712 жылы Хорезм мен Самарқандты, 713 жылы Шашты (Ташкент) алып, ежелгі Түркістан төңірегін түгелдей сәждеге жығады. Түбі араб болса да, кейін жергілікті халық арасына балдай батып, судай сіңіп кеткен қожалар әулетінің алғашқы легі қазақ жеріне мұсылман дінін әкелген Құтайбаның жорықтары кезінде келіпті.
«Қожалар» деп бүгінде екі миллиардтан астам ислам уммасына құрамындағы түрлі ұлттар мен ұлыстар арасына қасиетті дініміздің шуағын шашуға келген Мұхаммед пайғамбарымыз бен оның төрт халифы – Әбубәкір, Омар, Осман және Әлиден тарайтын ұрпақтарды айтады. Шығу тегі және таралған халықтардың тілі мен салт-дәстүрлеріне сай «қожа», «сейіт», «махтым», «шәріп», «ишан», «ашраф», «садат», «әулет» т. б. түрде аталғанымен, барлығының ата-тектері пайғамбарымыз бен оның киелі жолын жалғаған төрт халифтен (парысша «шар йар») өрбіген....
Шежіреде есімдері аталатын Иасауидің әкесі Ыбырайым мен жары Қарашаш туралы біздің заманымызға дейін үлгі-өнегеге толы талай хикаяттар жеткендігін және олардың қазақ дәстүріне сай түрлі нұсқаларда айтылатынын жақсы білеміз.
Иасауидің артында ұл қалмағаны тарихтан мәлім. Сондықтан Мұхаммед-Ханафия ұрпағы ары қарай оның ағасы Садырдың ұлы Данышпан Мұхаммед қожа (Зарнуқи) арқылы жалғасады. Данышпаннан өрбіген ұрпақ Мухиддин шайх – Аладдин шайх – Жамаладдин шайх арқылы Камаладдин шайхқа келіп тіреледі.
Хазірет Камаладдин шайхтың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қазақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шыққан.
Шежіреге қайта оралар болсақ Бақсайыс ұрпағы ары қарай: Насыраддин шайх – Хабиболла шайх – Уахидолла шайх – Қожа Мұхаммеддин шайх – Исмайыл шайх – Қожа Қасым шайх – Мұса қожа – Хәкім қожа – Ахмад қожа – Әбдікәрім қожа – Арыслан қожа – Әбдірақым қожа – Әбдіжәлел қожа болып 13 атаға жалғасады.
С.Саттаров, Ә.Муминов деректері бойынша М.Әуезовтің аталары дәл осы тұста Әбдіжәлелдің үлкен ұлы Ибрахим қожадан тараса, Мұхтар Абрарұлының әулеті Мұзаффар шайхтың тұқымы арқылы тамырын тереңге жіберген.
Бабалар шежіресі ары қарай Сейіт Мұзаффар шайхтың ұрпағы: Сейіт Зейнелғабиден шайх – Жамаладдин шайх – Сеид Хашим шах –– Мырза шах – Ғұдда шах – Сейіт Мірхалид шах – Шейхұл Сейіт (шежіредегі толық ныспысы: Хадим ғұлама-и шейх уль-машайх Сеид әулие қожа) – Құл-Мұхаммед қожа – Сейіт Әкірам қожа («Әкетай») – Абрар қожа болып Мұхтардың әкесі Абрар Әкетайұлына жетеді. Егер Әзірет Әлиден бастап, Мұхтардың әкесіне дейінгі аралықты санасақ, тұп-тура 48 ата болып шығады екен*
Алланың сөзінің де, өзінің де растығына күмән келтірмей, жүректерін иман сәулесі жылындырған киелі шаңырақта туған ұлдың парасатты болып өсіп, білімге құштар келетіні әке тәрбиесімен ғана емес, ана сүтімен де бойға даритын асыл қасиет. (Олай дейтін себебіміз Мұхаңның ардақты әкесі ғана емес, аяулы анасы да текті әулеттен шыққан жан. Гүлғасыл анамыз арғын-тарақтының сөз ұстаған биі Нүсіптің тоғыз ұлының ішінде еркелеп өскен жалғыз қызы. Тарбағатай баурайындағы Тасты өзенінің жағасында орналасқан әкесінің қара шаңырағында дүниеге келген ол таза қазақы тәрбие алған. Ауыл мектебінен хат танып, Құран оқитындай дәрежеге жеткен соң ары қарай оқуын жалғастырмапты).
Алланың ақ жолынан адаспаған қасиетті әулеттен шыққан мықтылардың бәрін шетінен тізе берсем, әңгімеміздің тым ұзаққа созылып кететін сыңайы бар. Дей тұрсақ та айтудың реті де, жөні де келген мүмкіндікті пайдаланып Абрар ақсақалдың атасы Құл-Мұхаммед пен әкесі Әкетайдың өмір тарихына қысқаша тоқтала кетейін.
Құл-Мұхаммед ақсақал төңірегіне шетінен өнерлі, білімді жастарды жинаған көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Жанына жақын тартқандардың ішінде анау-мынау емес, өзінен жиырма жастай кіші аталас інісі Жүсіпбек Шайхысламұлы да бар. Жастайынан Құл-Мұхаммедтің тәлім-тәрбиесін көріп өскен ол ағасының ақыл-кеңесіне құлақ асып «Шәкір-Шәкірат», «Жүсіп-Зылиқа», «Дариға қыз», «Сал-сал» атты діни дастандар жазып, оны Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында жариялайды. Жалғыз өзі тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының қызметін атқарып, соңына өлмейтін мұра қалдырған Жүсекеңнің халқымыздың ен даласында тарыдай шашылып жатқан рухани мұрасын түгендеуге қосқан үлесі де өлшеусіз зор. Ол, ауыз әдебиетіміздің құнды қазынасы, інжу-маржаны «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Айман-Шолпан», «Кенесары-Наурызбай» т.б. жырларын ел аузынан жинап жазып алып, бастырып шығарып, халықтың игілігіне жаратқызды.
Ешкімге қара сөзден дес бермеген атақты ақын, әрі әнші-композитор Әсет Найманбаев та әулеттің абызы болған Құл-Мұхаммедтің батасын алып, ақыл-кеңесіне құлақ асқан өнер тарландарының бірі. Белгілі тарихшы, «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халидидің да ақсақалмен араласқанын мына жұрт біле бермеуі ықтимал. Алтай, Тарбағатай қазақтарының ақылгөйі болып, ақиқаттың арқанынан аттап кетпейтін әділеттілігімен, тура билігімен даңқы шыққан қазыналы қарияны шекараның бергі бетіндегі қазақтар да ерекше сыйлаған.
Құл-Мұхаммедтің төрт ұлының ішіндегі сүт кенжесі - Әкетай. Мұхтар Абрарұлының айтуынша, әкесінің даңқы шарықтап тұрған кезде дүниеге келген ол бала кезінен-ақ бүкіл әулеттің алақанға салған еркесі атаныпты. Шәуешек медресесін тәмәмдаған соң ары қарай оқуды да, ағасының соңына еріп, сауда-саттықпен айналысуды да көңілі қаламапты. Ерке жиенді Шеруші Керейдің небір құсбегі, аңшы, мергендері шыққан Ұзынмылтық атасының рубасы саналатын Бұршақбай нағашысы да ерекше жақсы көрген екен. Сондықтан Әкетай уақытының көпшілігін қаланың қым-қуыт тірлігінен гөрі сейіл-серуен құруға қолайлы қырда, жайлауда Бұршақбай нағашысына қоныс болған сай-саласында мөлдір сулы өзендері сарқырап, сыңсыған қарағай-самырсындары көкке өрлеген жаннат өлке – Майлы Жайырда өткізіп, ит жүгіртіп, құс салып, серілеу ғұмыр кешіпті.
Әкетай дүние салған соң әулеттің тізгіні Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әкесі Абрардың қолына тиеді. Бұл есім арабшадан тәржімалағанда «асыл сөз» деген мағынаны береді.
Абрар Әкетайұлы 1926 жылдың 1-ші желтоқсанында ата қоныстан жырақта Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әуелі туған шаһарындағы орта мектепте білім алып, жоғарғы сыныптарда гимназияға ауысады. Тіл сындырып, қытайша, орысшаны жылдам үйренген алғыр жастың гимназияны тәмәмдап, жоғарғы оқу орнына түсуге әрекет етуі Шығыс Түркістанды оттай шарпыған «үш аймақ» көтерілісі деген атпен тарихта қалған ұлт-азаттық қозғалысымен тұспа-тұс келіп, әкесінің өмірінде күтпеген жағдайлар басталып кетеді. Бұл деректердің бәрі «Асылзадада» жан-жақты баяндалғандықтан сөзді көбейте бермей Абрар ақсақалдың ХХ ғасырдың жуан ортасында «елімайлап» ата қонысына жеткенін жұрттың есіне салып, енді, негізгі әңгімемізге көшейік.
Әкесінің есте сақтау қабілетінің мықтылығы, сан-алуан хикаялар мен дастандарды майын тамызып суреттейтін әңгімешілдігі зерек ұлының қиялына қанат бітіріп, оны кітап әлеміне қарай жетелей түсті. Бастауыш сыныпты бітірерде «Абай жолының» төрт кітабын тауысып, ұмытылмас әсер алып, оны Мақаншының мақпал кештерінде әкесіне мәнерлеп оқып беретін болды. Есіңді алып, еліктіріп әкететін көркем туындының қызығына батып, жау қуып келе жатқандай зауылдатып оқи жөнелгенде кілт тоқтатқан әкесі «кез келген кітапты асықпай, аптықпай, бабына келтіре оқысаң, өзің де ләззат аласың, тыңдаған адам да рахатқа батады, есіңе де жақсы сақтайсың», - деп шығарманы көңілге ықыласпен тоқудың оқудан да маңыздырақ екенін әрдайым ұлының құлағына құйып, ертеңіне «анау жері қалай болды, өзі?» деп жорта сұрап, баласының зеректігін сынап, романды қаншалықты түсінгенін тексеріп қоюды да ұмытпайды.
Балалық шақтың терезесін еш уақытта да шаң баспайды. Ақыл-ой мен тұнық сезім әппақ қардай таза кезде оқылып, тыңдалып, көбейту кестесіндей жадымызда жатталып қалатын әңгімелер қанша уақыт өтсе де ұмытылмай, әрдайым санамызда жаңғырып тұрады.
Ғажап! Абыз әкенің белінен туған перзентін ізгілікке баулып, ең әуелі имандылық әліппесімен жүрегін жуындырып, іштегі кірін тазалатқан даналығы таң қалдырады. Тілі шыға салысымен баласына «Құран» аяттарын үйретіп, айт-арафа, оразада қара шаңыраққа бас сұққан қонақтарға «Фатиха» мен «әл-Ихласты» жатқа айтқызып, жаны жадырап, ұлына мейірлене қарап қояды екен, жарықтық. Күн ұясына батып, жұлдыздардың жарығы сәбилік қиялының арман-бесігін тербеткен түндерде Үміт әжесі әкесінің айтқандарын қайталатқызып, немересінің жанын иман сәулесінің нұрына шомылдырады. Міне, осылайша мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ қара таныған бала Құран аяттарымен сусындап, батырлар жыры, ғашықтық дастандармен жан әлемінің алқабын суарып өседі.
Есейе келе әкесі оны «насабнама» деп аталатын бабалар шежіресімен таныстырып, бұл оқиға қатты әсер етіп, бала көңілінде өшпестей ізін қалдырды. Әжесінің қойнында жатып әсершіл болып өскен сезімтал Мұхтардың ұзындығы 5-6 метрге дейін жететін шиыршықталған пергамент тектес қағазға басылған, әр ата-бабасының есімі қазақтың оюындай әдемі каллиграфиялық қаріптермен қызыл шеңбердің ішіне қара сиямен жазылған, терімен қапталған дөңгелек қорапқа салынған шежірені алғаш қолына алған сәттегі төбесі көкке тие жаздаған қуанышын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Кілт салғанда қоңыраулата ашылатын ескі сандықтың ішінде бір құпия заттың бар екенін сәби күнінен жүрегі сезетін. Енді міне әулетінің ең құнды жәдігерін қолына ұстап, ата-баба аруағына құран бағыштаған күндерде ғана әкесі сандықтан шығарып, бабаларының есімін дауыстап оқитын насабнамамен танысқанына жүрегі жарыла жаздап қуанып, бақыттан басы айналып тұр.
Насабнаманы қолына ұстаған күннен бастап әкесі баласына айтатын әңгімесінің аясын кеңейтіп, есі кіріп қалған ұлын бабаларының шежірелерімен және соған қатысты діни дастандармен таныстыруға көшті. Жұрт Құдайды ауызға алуға қорыққан қиын заманда еш жерде басылмаған, ешбір оқулықтарда атымен жоқ Мұхаммед пайғамбар, Әзірет Әли, Мұхаммед-Ханафия туралы дастандарды тұңғыш рет әкесінен естіген бозбаланың таңданысында шек болмады. Таныстырып қана қоймай «Бұлардың бәрі сенің ата-бабаң. Сондықтан сен оны міндетті түрде білуге тиіссің», - деген әке сөзі жанын жылытып, жатса да, тұрса да есінен кетпей көңілінің бір түкпіріне мықтап орнығып алды.
Діни дастандар есейіп қалғаны бозбаланы шабыттандырып, жүрегін иман сәулесімен арайландырып, Шығыс әлемінің жұмбағын, тылсымы терең ислам тарихын танып-білуге деген құлшынысын арттырып, сиқырлы қолымен қатпары мен құпиясы көп араб дүниесіне қарай жетектей жөнелді.
Дүние қумай, рухани байлық жинауға құмбыл әкесі ән мен күй, өлең мен жыр десе ішкен асын жерге қоятын. Оңаша қалғанда көзінің алдын кіреуке мұңның кірбіңі шалып, Алтай, Тарбағатай қазақтары ерекше жақсы көріп, тебіреніп тыңдайтын «Сарыөзен», «Телқоңыр», Байжігіттің «Көкбалақ» күйлерін бабын келтіріп орындайтын. Радиодан Уәли Бекеновтың орындауындағы күйлерді ықыластана тыңдағанда қарияның көңілі тасып «Біздің жақтың күйлерін осындай таза шертетін күйші жоқ» деп марқайып қалатын.
Әкесінің домбыраны ғана емес, Шәуешекте жүргенде татар досынан үйренген құшағы сала құлаш гармонды да тәп-тәуір тартатын өнері бар-тын. Бірақ ол еркіндікті сүйетін халық әндерін гармонға қор қылғысы келмей, онда тек татар әндерін орындады.
Ел-жұрттың бәрі жақсы білетін ол кісінің тағы бір ерекше қасиеті – шежірешілдігі болды. Әсіресе, найман мен абақ керейдің шежіресін тарихи тұлғалардың өмір жолымен байланыстыра отырып, тілдің майын тамызып әңгімелеп бергенде талай білгіштердің аузына құм құйылып, мысы басылып қалатын. Аталар тарихының кейбір дүдамал тұстарына байланысты дау туып кеткенде, замандастары қазыналы қарияның қисынды дәлелі мен уәжіне жүгініп, әңгімені көбейтпей, сөзді доғаратын.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», - демеуші ме еді халқымыз. Әке-шеше өнегесінен үлгі алған, дініне де, діліне де шаң жуытпаған шаңырақ келін түсіру, қыз ұзату, құда күту, оларға сый-сияпат көрсету сияқты тағы да басқа үлкенді-кішілі отбасылық қуаныштарда бабалардың дәстүр-салтын берік ұстады. Тіпті, әкесі балаларына жарапазан жаттатқызып, оразада оны қалай айту керектігіне дейін үйретіп қойды. Алайда, қолдың бес саусағындай ауылдағы адамдардың бәрі де бірдей емес. Заман да басқа. Орнатқан заңы діншілдік пен дәстүр атаулыға түбегейлі қарсы - коммунистік қоғам. Оңды-солын әлі толық танып үлгермеген балдырғандар әкесі үйреткен жарапазанды бәлшебектеу мұғалімнің үйіне барып айтып бергенде, іс насырға щауып, ертесіне әкесін мектепте шақыртады. Бірақ, даналықтың әліппесін коммунистік тәрбиеден емес, Алланың сөздері жазылған Құраннан, ата-бабаның салт дәстүрінен, діни дастандардан, батырлар жырынан, қазақтың ән-күйінен үйренген қария еш саспай «қарағым, бұл – менің ғана емес, сіздің де әкеңіз, атаңыз айтқан өлең. Сондықтан ата-салтын ұстанған балаға сөгіс емес, алғыс жариялау керек» деп түсінігі таяздау мұғалімді ұялтып, баласын қолынан жетектеп, мектептен шығып кетеді. .
Ұлдары мен қыздарының амандығын тілеп, бір Аллаға сиынып өскен әкесі еш уақытта да асыл дінін идеология жолына құрбан етпеді. Әрқашан иманы кәміл болып, ар-ұятына кір жұқтырмаған ақсақал екі бірдей коммунистік империяда өмір сүрсе де партия қатарына өтпей қойды.
Рухани байлықтан басқаға қызықпай, ұрпағына ұлағатты тәрбие берген қарияның ерекше қастерлеген екі құнды дүниесі болды, біреуісі – Құран, екіншісі – ұлы Абайдың шығармалары. 1961 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен, Ә. Жиреншиннің құрастыруымен Абайдың қалың бір томдығының басылып шығуы, ел ішіндегі елеулі оқиға болды. Хәкімнің сол бір томдығы әкесінің Құраннан кейін қолынан тастамай, жастанып оқитын сүйікті кітабына айналды.
Кемеңгердің әр сөзіне мән беріп, сан мәрте қайталап оқып, аузының суы құрып ризашылық сезіммен «Абайдан бар сұрағыңа жауап табасың. Осыншама данышпандық бір адамға қалай ғана бітті екен. Абай туралы жазғанда Мұхаңның қаламын данышпанның аруағы жетелеп отырған ғой. Әйтпесе, мұндай ғажайып кітап дүниеге келер ме еді», - деп тамсанып отырды. Баласы орта мектепті бітіріп, білім қуып, жүрегі дүрсілдеп Алматыға аттанғанда Абайдың бір томдығын қимастық сезіммен ұлының қолына ұстатып «Қысылсаң да, қиналсаң да, өссең де, өркендесең де бар сұрақты осы кітаптан табасың» деп әкелік ақылын айтты.
Әкесінің Абайды сүйген шексіз махаббаты ұлына да беріліп, ол да танымын тереңдете түсетін мәңгі өлмейтін құндылықтардың бәрін ұлы ақынның мұрасынан іздеп тапты. Алаштану тақырыбына алып келген ұстазы академик Рымғали Нұрғалидың тапсырысымен, қара шалдың әруағы қолдап тәуелсіздіктің жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілердей болған алғашқы жылдарында қаржы тапшылығына қарамастан «Абай» энциклопедиясын шығаруға бел буды.
Айтуға ғана жеңіл болғанымен, шынтуайтында энциклопедия шығару мәселесі оны қолға алған ғалымнан мол білімді ғана емес, қиындықтарға мойымайтын табандылықты да талап ететін ауыр іс болды. Тиыннан теңге құралмай жатқан заманда жығылған үстіне жұдырық жегізгендей болып «Мәскеу әлі Пушкинді шығарған жоқ» деген сылтауды желеу етіп, Орталық Комитет те оған қарсылық білдірді. Ал, ұстазы академик Рымғали Нұрғали болса заман қиындығына қарамастан оған «Абай» тек әдеби энциклопедия ғана емес, қазақ руханиятының айнасындай кітап болып шықсын» деген зор талап қойып, шегінетін жер қалдырмады. Ұстазының талабын орындау - шәкіртке сын. «Айттым – бітті, кестім – үзілдімен» қысқа қайырылған академиктің сөзінен соң шәкірті энциклопедияны дайындауға бар күш-жігерін салып, білек сыбана кірісті.
Болашақ басылымның сөзтізбесі жасала бастаған кезде энциклопедия жөнінде елді құлғадар ету мақсатымен академик Рымғали Нұрғали, абайтанушы профессор Мекемтас Мырзахметовпен бірге Абай еліне аттанды. Іс-сапар барысында Абайдың дидарын көріп, сарқытын ішкен қазақтың ғасыр жасаған ақыны Шәкір Әбенов, ұлы Мұхаңның бар мейір-шапағатына бөленген адал шәкірті, әйгілі абайтанушы, әуезовтанудың негізін қалаған профессор Қайым Мұхамедханов, Абай рухын ардақтаған қайраткер Хафиз Матаев, Абай мұражайының шырақшысы, әрі жанашыр жоқшысы Төкен Ибрагимов сынды елдің небір жақсы-жайсаңдарымен жақын танысып, кейін сыйластығы жарасқан аға-інідей болып кетті. Ал, Жидебай, Бөрілі, Күшікбай, Қасбұлақ, Таңбалы тас, Қоңыр әулие басындағы кездесулер Мұхтардың жүрегіндегі әкесі жаққан мәңгі сөнбес Абай шырағын одан әрі маздатты. Әкесінің сәби күнінен ұлының санасына қасиетті қара шалдың қанша қанып ішсең де айтары таусылмайтын ғибратын құйып өсірген тағылымының арқасында Абай енді оның ұлы құндылығына ғана емес, қолтығынан демеп, аруағымен жебейтін піріне де айналады. Қаржы тапшылығынан тоқтап қалған «Абай» энциклопедиясын шығарудың басқалардың емес, Мұхтардың таланына жазылуын осыдан кейін Құдайдың қалауымен болған, тағдырдың ісі демегенде не дейсің.
Іргелі еңбек жарық көре салысымен лайықты бағасын алып, республика мемлекеттік сыйлығын еншіледі. Кемеңгердің өмір жолы ғана емес, философиялық, психологиялық, тарихи, құқықтық т.б. көзқарастары да көрініс тапқан энциклопедияның намысты қолдан бермейтін өзбектердің «Науаи», әзірбайжандардың «Низами», түрікменнің «Махтымқұлы», қырғыздың «Манасы», ежелден қазақтың алдын орап кететін Кавказ жұрты халықтарының есімнамалық энциклопедияларының бәрінен бұрын жарық көруі аузымызды толтырып мақтанышпен айтуға тұрарлық тәуелсіздік жылдарындағы зор жетістігіміз болды.
Ұяда көрген өнеге, адам болып қалудың асыл қағидасын үйреткен әке тәрбиесі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің танымын тереңдетіп қана қоймай, өмір-мұхиттың дауылында адастырмай, темірқазық жұлдызындай жарқырап жол көрсетіп отырды. Қазақ жеріне асыл дініміз Ислам ілімінің жарығын әкеліп, жанымызды Алланың нұрымен арайландырып, жүрегімізге иман сәулесін ұялатқан ұлылар ұрпағының ұлағатты ісін жалғастырған тектінің тұяғы бүгінгі таңда танымал тұлғаға айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елге адал қызмет етіп келеді. Соңғы 20 жылда қатарынан төрт рет мәдениет саласына қатысты министрлікті басқарды, ҚР Президентінің кеңесшісі, Баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, сияқты лауазымы жоғары қызметтердің тізгінін ұстап, ел тәуелсіздігінің нығая түсуіне зор үлесін қосты. Қандай лауазымы жоғары қызметте жүрсе де қарапайымдылығынан танбай, елтұтқа ағалардан үйренген адамгершіліктің өнегесін жалғастырып келеді.
***
«Адамның алғашқы мұраты адам болу еді, соңғы мұраты да адам болып қалу болады. Адамзат дамуының барлық белесінде бір-ақ ұлы мұрат бар – ол адам болып қалу» дейді әйгілі жазушы Фазиль Искандер. Ұлы Абай да өлеңдері мен қара сөздерінде адам болу тақырыбына қайта-қайта оралып, одан асқан кемелдіктің, одан асқан кемеңгерліктің, одан асқан даналықтың жоқ екенін айтудан танбайды.
Бәлкім сондықтан ба екен, дүние-жалғанда адам болып қалудан ұлы мақсаттың жоқ екенін үйрететін шығармалар елге ерекше қуаныш сыйлайды. Ондай еңбектерді оқығанда көңіліңдегі күздің тұманы тарқап, күн көзіне шығып, жаның байыз тауып демалғандай рахаттанасың.
«Менің ағаларымды» оқығанда сондай бір әдемі әсердің ләззатына бөленіп, мына қатігезденіп бара жатқан әлемнің ызғарын ұмытып, адамдық сәуленің сағынышына көңілің жылынады. Кей тұстарында қуанып, кей тұстарында мұңайып, кей тұстарында ойға шомылып, тіпті, кей тұстарында жанарыңа жас үйіріліп, жүрегің елжірейді.
Жер басып, тірі жүргенде қадірін білмеген, қандай ғажап адамдар еді, біздің ағаларымыз. Әр қайсысы «теңізшінің тарланына жеткізбейтін мұхиттың тұңғиық түбіндей» (Т.Әлімқұлов) ғұлама ғалым, көрнекті жазушы, сұңғыла саясаткер еді ғой. Олар тек өз дәуірінің талантты перзенті ғана емес, өз заманының көш бастаған күрескері, кемеңгері, батыры, қайраткері, һәм абызы да болды. Ғаделет жолын іздеген інілеріне бағыт сілтеген осындай ізгі жандардың алдын көрген азаматтың да осал болуға қақысы жоқ.
Мұхтар Құл-Мұхаммед те Құдай тілеуін беріп, жақсы ағалардың өнегесінен үлгі алу бақытынан сыбаға бұйырған азамат. Ұлтымыздың аты аңызға айналған қабырғалы қаламгерлері, мүйізі қарағайдай ғалымдары, мемлекеттілігін нығайтқан қайраткерлерінің көзін көріп қана қоймай, бірге жұмыс істеп, елтұтқа ағалардың жақсы інісі болып, ризашылығын алу елдің бәрінің пешенесіне бұйыра бермейтін – тағдырдың ұлы сыйы.
Кітаптың әр бетінде, әр сөзінде жазушының сәруар сағынышы менмұндалап, ағаларына деген мөлдір махаббаты айқұлақтанып тұр. Замандастарын мақтауға келгенде тиын санаған тіленшідей сараңдығы ұстап қалатын ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың өзі ағынан ақтарылып, ағалар туралы эсселерді сүйсініп оқығанын айтып, іштегі сырын бүгіп қала алмапты.
«Мұхтардың Қалтай Мұхамеджанов, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ұлтымыздың айтулы тұлғалары туралы «Менің ағаларым» атты жалпы тақырып пен роман-хикаятқа бергісіз бірнеше эссе толғаныстары – жан жүрегіңді жаулап, ұйқыдағы сезіміңді сергітетін классикалық дүниелер».
Газет бетінен Фариза апамыздың осындай бір жүрекжарды лебізін көзім шалып қалғаннан кейін, мен де Мұхтар ағамның республикалық басылымдарда жарық көріп жатқан мемуарларын жібермей оқи бастадым. Міне, бүгін сол дүниелерді қайталап оқып, ақын апамыздың айтқан сөзінің шындық екеніне көзім жетті. Расында да бұл дүниелер - мемуар жазудың классикалық үлгісі.
Мемуар баяндау мәнері де берілу формасы өте күрделі жанр. Сырт көзге бұл саладағы табыстарымыз зор болып көрінгенімен, оны жазудың классикалық үлгісі ретінде мойындалған дүниелер әдебиетімізде некен-саяқ. Айтулы қаламгерлеріміздің өзі көзбен көрген оқиғаларын баяндап берумен ғана шектеліп, сөзінің растығын дәйектейтін құжаттық деректермен жұмыс істеуге мән бермей, ондағы шындықтардың сенімнен гөрі, оқырман көңіліне күдік ұялататын кездері көп,
Аламзат тарихында мемуар жазудың алтын дәуірі XVII—XVIII ғасыр болып саналады, алғашқы қарлығаштары - орта ғасырдағы француз тарихының жылнамашылары Виллардуэн, Жуанвил, Комминалар. Францияда дүниеге келіп, кіндігі кесілген жанр уақыт өте әдебиеттің де маңызды саласына айналып, тамырын тереңге жіберіп, қанатын кеңге жайды. Әлем әдебиетінде бұл жанрды індетіп, кемелдендіріп, өмірін мемуар жазуға арнаған Ларашфуко мен Герцендей ұлы қаламгерлер де болды.
Көптеген құндылықтар өзгерген ХХ –шы ғасырда да мемуар жазуға деген қаламгерлердің құлшынысы арта түспесе, саябырсыған жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың басында Ресейдің мәдени өмірінде құбылыс болған Күміс ғасыры туралы толғанған В. Ходасевичтің кітабы - орыс әдебиетінің зор табысы. Тағылымы терең жанрдың сөз өнеріне дендеп еніп, ажырамас бөлігіне айналып кеткені соншама, әлем әдебиетінде қара сөздің жаңа түрі - мемуарлық прозаны жандандырған Владимир Набоков, Жан Жене, Генри Миллер, Ален Роб-Грийе секілді таланттардың үркердей шоғыры қалыптасты.
Қазақ әдебиетінде де мемуарлық еңбектердің көркем туындылардан да қызық оқылатын шығармаларға айналғаны айдай ақиқат. Алаш қаламгерлерінің оң жамбасына келген бұл жанр Совет заманында қалай зор сұранысқа ие болса, бүгінгі таңда да мемуарлық шығармалардың асығы алшысынан түсіп, оны жата-жастанып оқитындардың қатары сирегені шамалы. Қайта керісінше, күні кеше елдің бәрі қызығып оқыған көптеген көркем туындылар ұмытылып бара жатса да мемуарлық шығармаларға деген сұраныс азаймай тұр.
Тәуелсіздіктің таңы атып, сөз бостандығына жол ашылғаннан бері жарық көрген аса көрнекті жазушыларымыз Мұхтар Мағауиннің «Мен», Қабдеш Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние», Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» т.б. мемуарлары кірпіштей қалың кітап болып шыққанына қарамастан халық арасында ең көп оқылып, пікірталас туғызып, әдеби өмірдің көрігін қыздыра түсуде. Талантты ақындарымыз Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулеттер де мемуар жазудан қалыс қалмай кітап жазып үлгерді.
Әдебиеттану ғылымынан біз мемуарлық туындыда да көркем прозадағыдай өмірлік материалдың екшеліп, жинақтауға түсетінін жақсы білеміз. Көркемдік және мемуарлық әдебиет арасындағы басты айырмашылық – бірінде автордың араласуы белсендірек, екіншісінде әлсіздеу болады. Бірінде кейіпкерге еркіндік аз берілсе, екіншісіне молдау бұйырады. Мемуарист автор, ұлы жазушы Лев Толстой сияқты «Анна Каренина менің еркімнен шығып кетті» деген сөздерді айта алмайды. Мемуардағы шындық ойдан шығарылмайды, өмірдің өзінен ойып алынады. Алайда, осыған қарап, мемуарлық шығармада автор өмірлік материалды екшемейді, сол қалпында сипаттай береді деген тұрғыдағы келте түсінік қалыптаспауы тиіс. Мемуар көркемдік жинақтаудан тым тысқары тұрмайды. Роман мен хикаядағыдай тым еркін болмағанымен, өзіне лайық көркемдік жинақтауды мемуарлық шығарма да бастан кешеді.
Әдебиеттің бұл жанрға қоятын жоғары талабы тұрғысынан бағалағанда «Менің ағаларым» кітабында жарық көрген еңбектер классикалық мемуаристиканың талабына толық жауап береді. Тіпті, автордың шығармашылық шеберханасынан шыққан әдеби портреттерді мемуарлық көркем прозаға жатқызсақ та шындықтың ауылынан тым алыстап кетпейміз. Себебі, автордың жазу мәнерінде публицистикалық баяндаумен қатар көркем прозаның әдіс-тәсілдері де еркін қолданылады. Әр эсседегі әңгіменің жазылу формасы, баяндау тәсілі де көркем прозадағыдай бір-біріне ұқсамайды.
Кітапты оқу барысында ел ағалары атанған Камал Смаилов, Манаш Қозыбаев, Төрегелді Шарманов, Рымғали Нұрғали, Салық Зиманов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шаһмардан Есенов, Рақымжан Қошқарбаев, Темірбек Қожакеев, Қасым Қайсенов, Темірхан Досмұхамбетов, Шот-Аман-Уалиханның тұлғалық табиғатына тереңдеген кездегі автордың тек сол адамдардың ғана мінезіне тән ерекшеліктерін байқаған қыранның көзіндей суреткерлік қырағылығына тәнті боласың. Көркем мінезден кенде емес әр тұлғаның қарапайымдылығын, азаматтығын, кішіпейілдігін, инбаттылығын, кейде, тіпті баладай аңғалдығын суреттегенде автор үнемі жаңа деталь тауып отырады. Ал, марқұм болып кеткен асыл ағалары жөнінде толғанған эсселерінің кей тұстары тіпті жібектей нәзік лиризмімен етжүрегіңді елжіретіп жібереді. Елге сіңірген еңбектеріне сүйсініп, сен де ол адамдарды қимас туысыңдай, туған бауырыңдай жақсы көріп кетесің.
***
Кітаптан үш үлкен ерекшелік байқадым. Біріншіден автор ұзын арқау, кең тұсауға жол бермей, мейлінше ойын сығымдап, аз сөзге көп мағына сиғызып, тұлғаның даралық сипатын танытатын детальдарға қатты көңіл бөледі. Кейіпкердің кескін-келбеті, кесек мінезі, күрескерлік әрекетінің мәні оқиға барысында айқындалып, адамдық табиғаты әрекет үстінде ашыла түседі.
Екіншіден тақырыбын бүге-шігесіне дейін зерттеген жазушы дерекке қатты мән береді. Шындығын дәлелдеу мақсатында мол мәлімет жинағанымен, солардың ішінен ең маңыздыларын ғана сүзіп алып, ұтымды пайдаланады.
Үшіншіден туындысының шынайы болып шығуына баса назар аударып, кейіпкерінің жан әлемін аша отырып, керек жерінде сезімге де ерік беріп, оқырманнан сыр жасырмай, ағыл-тегіл ақтарылып та алады.
Кітапты оқу үстінде кемел адамға айналуға ниет еткен азаматтың өмір мектебімен танысып, ұяда берген әке тәрбиесінің ағалар тағылымымен ұштасқан заңдылығын көресің. Сондықтан да тағылымы терең бұл еңбекті тағдырлы туындылардың қатарын толықтырып тұрған кітаптардың санатына жатқызсақ та болады. Өйткені, кітаптың кейіпкерлеріне айналған ағалар Мұхтардың тағдырына тікелей ықпал етіп, күресінің кесек, келешегінің баянды болуына шарапатын тигізген тұлғалар.
Парасаты биік, танымы терең, адамгершілігі мол, күрескер тұлғалармен араласа жүріп, аялы алақанын көрген ол қызметі өсіп, дәурені дәуірлегенде ағаларының атын ерттеп, қолтықтарынан демеп, оны Алла-Тағаланың берген бақыты санады. Расында да өзінен қырық жас үлкен Салық Зимановтай азаматтардың көзін көріп қана қоймай, туған әкесіндей құрметтеп, араласу мүмкіндігін берген тағдыр сыйын бақыт демегенде не дейміз? Жаны жайсаң ағалардың бәрі де оның азамат атанып, ұлтшыл болып қалыптасуына өнеге көрсеткен - өмірлік ұстаздары. Ұлтын шексіз сүйіп, тек сүйіп қана қоймай, қиын-қыстау замандарда да өз халқына жан-тәнімен беріле қызмет ете отырып санасын оятуға болатын көш бастайтын көсемдікті де, сөз бастайтын шешендікті де ол өмірлік ұстаздары болған ағаларынан үйренді.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» дейді философ Жан-Жак Руссо. Бақытын аялап, тереңдік тағылымын санасына сыналап сіңірген ұлы ұстаздар Мұхаңның өмірінде аз болған жоқ. Солардың ішінде, әлі буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған шағында жұмысқа алып, жетектеп жүріп тәрбиелеген ұстазы академик Манаш Қозыбаевтың орны ерекше. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда есімі көп ауызға алына бермейтін, ғұмырын ғылымға арнаған Манаш Қозыбаев шынында да ғұлама ғалым болды. Отандық тарихнамада жеке ғылыми мектеп қалыптастырды. 90-ға жуық шәкірт тәрбиеледі. Еңбектері Ресей, Украина, Қытай, Түркия, Иран, АҚШ, Корея, Армения, Беларуссия, тағыда басқа елдерде жарық көрді. Әрине, мұның бәрі де жұртқа мәлім деректер.
Адамгершілігі мол, азаматтығы бір төбе академик туралы Мұхтардың эссесін оқығанда Манаш Қозыбаевты мүлде басқа қырынан танып, оның ғалымдығымен қатар күрескерлігіне де тәнті боласың. Отыз сегізінде ғылым докторы, отыз тоғызында профессор атанған ғалымның ұлттық мүдде жолында жанын шүберекке түйіп күрескен кемеңгерлігіне сүйсіне бастайсың. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған 1983 жылдары есімдерін айтуға тиым салынған кезеңде репрессияға ілігіп, жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жұсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқайлардың өмірбаянын «Қазақ КСР» энциклопедиясына енгізудің жолын іздеп әрекет етуі кемеңгерлік емей немене? Ғұлама ғалымның күрескерлігі тәуелсіздік жылдарында жарқырап көрінді. 1932-33 жылдардағы қазақ жеріндегі ашаршылық трагедиясын ашып көрсеткен «Шындық тағылымы», халқымызды қанға бөктірген патшаның баскесер жендеті Ермактың жауыздығын әшкерелеген «Аңыз бен ақиқат» т.б. сүбелі ғылыми еңбектерін жазып ұлттық санаға қозғау салды.
Тереңдік тағылымын үйреткен ұстаздар Мұхаңның өмірінде аз болған жоқ. Сондай жанына ерекше ыстық адамдардың тағы бірі академик Рымғали Нұрғали нағыз алашшыл тұлға болды. 1986 жылы ол Қазақ энциклопедиясына бас редактор болып келді. Сол жылы ол кісінің қарамағында жұмыс істеген Мұхтар Абрарұлы бар-жоғы 26 жастағы жігіт еді.
Келе сала жұмысты жандандырып жіберген ұстазы энциклопедияға Алаштың рухын алып келді. Кең құлашты энциклопедиялық білімі бар, әдебиеттанумен, драматургиямен, театртанумен шектеліп қалмай, сөз өнерін философиямен, тарихпен, педагогикамен ұштастырған ол нағыз принципшіл ғалым болды. Кандидаттық немесе докторлық жұмыстың бір қайнауы жетпей жатса, қорғаушының асқақтаған атағына, дүрілдеген даңқын қарамастан диссертациясын қорғатпай тастайтын. Ғылымға келгенде дұшпан түгіл досының да көңіліне қарамай әділін айтатын, адал болды.
Мысалы, ғылымға бет бұрмай жатып-ақ прозалық туындыларымен әдеби ортаны мойындатып, «Күңгір-күңгір күмбездер», «Сонар» т.б. тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген жазушы Ақселеу Сейдімбек екеуі араларынан қыл өтпейтін дос болды. Бір қызығы өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін бірге татып келе жатқан ескі досы ең алғаш рет докторлық диссертациясын қорғайтын кезде, еңбегінің ғылыми негізге сүйеніп жазылғанына күмәнданып оны құлатып жіберді. Ғылыми кеңестің мүшесі ретінде шу шығарып, күй туралы жазылған диссертацияны нотаны білмейтін адам қалай жазуы мүмкін деп докторлық еңбекті сынап тастады. Әрине, ғылыми көзқарас тұрғысынан алғанда Рымғали Нұрғалидың айтып отырған сыны орынды. Ал, енді екінші жағынан алып қарасақ, ғажайып күйлерді шығарған Құрманғазы да, Тәттімбет те, Сүгір де нота білмей өтті ғой, өмірден. Ендеше нота білмесе де, бала күнінен сол ғажайып күйлерді құлағына құйып өскен, әр күйшінің өмір тарихын, музыкалық шығармасының дүниеге келуінің тарихын егжей-тегжейлі зерттеген Ақселеу Сейдімбектің бұл тақырыпты жазуға толық қақысы бар емес пе.
Қазақ әдебиетінің тарихында өзіне лайық орны бар екі үлкен тұлғаның ғылымға келген кезде қылыштасуға, шайқасуға әзір екендігі бұл шын мәнісінде ғылымға деген үлкен адалдықтың белгісі. Әрине, бірнеше жылдан соң Ақселеу Сейдімбек қарсыласы Рымғали Нұрғалидың кедергі келтірмеуі мәселесін інісі Мұхтарға шегелеп тұрып тапсырып, докторлық диссертацияын жоғары деңгейде қорғап шықты.
Өмірде қездейсоқ ештеңе жоқ. Дүниедегі кез-келген құбылыстың өз заңдылығы бар. Ғылымға өз дініне берілген тақуадай адал Рымғали Нұрғалидың алашшыл болып қалыптасуының тамыры тереңде жатыр. Оның кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғауда жетекші болып, жол көрсеткен ұстазы Бейсембай Кенжебаев. Шәкірттерінің бойында ұлттық рухты дарытып, саналарына сыналап кіргізген ғұлама ғалым Мағжанды да, Жүсіпбекті де, Ахметті де көрген. Маңдайы жарқырап туған Алаш арыстарымен бірге жұмыс істеген. Алдымен Құдайдың сақтауының, сосын өзінің момындығының арқасында атылып кетпей аман қалған.
Ұлы Әуезов университетте сабақ берген кезде ол сол кафедраның меңгерушісі болған. Міне, осындай данышпанның -тәлім-тәрбиесін көрген Рымғали Нұрғали кейін өзі де үлкен ғалым болғанда өз шәкірттерін алашшыл рухта тәрбиелеуге бар күш-жігерін салды. Мұхтардың да жүрегіндегі отын жандырып, Алаш тақырыбына алып келген Рымғали ағасы еді.
Ұстазының арқасында ол Санкт-Петербург университетін үздік бітіріп, қазақтан шыққан алғаш право магистрі болған, бүкіл өмірі әуелі патшалық Ресейдің отаршылдық аппараты тарапынан, кейін Кеңес Одағының сталиндің сұрқия саясатынан қуғын-сүргінде өткен алаш ардақтысы Жақып Ақбаев тақырыбын зерттеуді қолға алды. Бұл тараптағы ізденісі танымдық мақалалар мен монографияларға жалғасып, ақыр соңында «Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарасы» атты докторлық диссертацияға ұласты.
Мемлекет тарихының өткен жолдарының, даму белестерін, Алаш қайраткерлерінің тарихымен қосып зерделеген бұл еңбекті алаштанудың көшбасын бастаған зерттеулердің қатарына қосуға әбден болады. Мұндай күрмеуі күрделі тақырыптың тамырын басып көруге ол саналы түрде келді.
Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы құқықтанушысы, заңгер Жақып Ақбаевты қалың қазағымен қауыштырып, саяси өмірі мен күресінің әрбір кезеңін, күреске толы жылдарын, тартқан тауқыметі мен өршіл бейнесін тану арқылы, мемлекетшіл адамның өзі де кемелдене түседі, керегін алады, тұжырым жасайды. Ұлтшылдық қасиеттерін бойына сіңіреді. Аруақты ерлердің рухына жанасқан сайын, өзінің жүрегіне де сәуле құйылып, сол жолмен жүріп өткендей болады.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің кемелдік жолына түсіп, мемлекетшіл азамат атанып, саналы ғұмырын елдің рухани-мәдени өмірінің жаңғыруға арнап, бір қазақтың бойында болсашы шіркін дегендейін өршілдіктің, әділдік, күрескерлік пен іскерлік, кісілік пен парасаттылықтың үлгісі болып қалыптасуында алаш арыстарының өнегесі, солардың асыл армандарымен біте қайнап, асыл мұратының қазақ елінің көгінде ұштасуында жатыр десем артық айтпағаным болар.
Құнды еңбекте қазақтың тұңғыш құқық магистрі, әмбебап тарихшы, энциклопедиялық білімі бар ғалым, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күрескер Жақып Ақбаев пен оның үзеңгілес замандастарының қайраткерлігінің деректері ғана емес, қиын-қыстау кезеңдегі саяси өзгерістер мен замана шерлерінің шеңберіндегі жанкештілігі баяндалып, боздақтардың бейнесін жан-жақты ашылған.
Мұхтар Абрарұлының сөзімен айтқанда, Жақып Ақбаев тағдыры патша өкіметі жылдарында өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күресіп, полицияның қуғындауына ұшыраған, ал «Ұлы Қазаннан» кейін өз үміттерінің жүзеге асуы орнына одан да өткен арсыз да қанқұйлы «қызыл» отаршылдықты көріп, соның салдарынан, өздері үшін патша каторгасын лениндік-сталиндік концлагер алмастырған көптеген ұлттық зиялылар өкілдерінің тағдырына ұқсас. Олардың орасан зор интеллектуалдық мүмкіндігі, сарқылмас жұмыс қабілеті, асқан жоғары жауапкершілігі мен адамгершілік тазалығы «социализмнің жарқын патшалығына» керек болмай шықты, өйткені тоталитарлық құбыжыққа жеке тұлғалар, ойшылдар –халықтың ар-ожданы болған адамдар керек болмады.
Бұл еңбектің артықшылығы – Ж.Ақбаевтың қазақ мемлекеті мен халқының пайда болуы тарихына көзқарастарының талданылуы. Құқықтанушының «тарих-халықтардың мәдени жағдайына байланысты олардың құқылық-саяси тағдыры туралы ғылым. Халықтардың өмірінде кейде жекелеген данышпан тұлғалар немесе шағын тайпа (маңызды рөл) атқарады» деген сөзін таратып, автор оны сол кезеңдегі қазақ тарихын зерттеушілердің еңбектерімен салыстыра келе артықшылықтарын, маңыздылығын дәл сипаттайды.
Монографияның маңызды арнасы – Қазақ өлкесінде отаршыл-құқықтық жүйенің орнығуына қатысты мәліметтердің, дереккөздерінің молынан қамтылуында. 1868-1917 жылдарды қамтыған кезеңдегі Ресей империясының Қазақстандағы отарлық заңдарының сипатты белгілеріне тоқталып, жік-жіктеп талдап береді. Яғни, отарлық заңдар қазақтардың тарихи этникалық қауымдастық ретінде өмір сүру құқығынан айырды. Одан басқа бұл заңдар қазақ халқының саяси өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыруды болдырмауға негізделді. Бұл заңдар жергілікті халықты болыстықтан басқа жоғары деңгейдегі басқару орындарына енгізу қарастырылмай, барлық даулы мәселелерді отарлау аппаратының қатаң бақылауына байлап қойды. Және отарлық заңдар миллитаристік рухта жазылып, жазалаушылық сипатымен ерекшеленді. Билеушілер «байырғы халықты» саяси қуғын –сүргінге салуға құқықты болды. Олардың іс-әрекетіне жауапкершілікті міндеттемеді.
Қазақ елінің орыс оташыларынан азаттығы үшін күрестің басында тұрған тұрған Жақып Ақбаев пен оның үзеңгілестерінің еңбегі бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасы болып қаланды. Монография туралы қысқаша тұжырымымызды осымен тәмәмдап, үзіліп кеткен әңгімемізді жалғап «Менің ағаларыма» қайтып оралайын.
***
«Менің ағаларымдағы» еңбектер жазылу формасы бір-бірін қайталамайтын шытырман оқиғалы шығармалардай оқылады. Егер де ұстазы Рымғали Нұрғали жөніндегі әңгіме бірден адамды еліктіріп әкететін оқиғадан басталса, академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков туралы хикаясын автор «Тастан қашап жасалғандай кесек тұлға, арыстанның жалындай бұйраланған қою қара шашпен көмкерілген қазандай үлкен бас, құлжа мойын, келістіре пішілген кең иық, қай жаққа бұрылса да сом денеге өршелене жол салатын өрдеш төс және бұған бұдырайған екі шеке мен үнемі күреңітіп тұратын дөңгелек жүзді қосар болсаңыз, азаматтың арыстаны осындай-ақ болар дейтін адамның келбеті келмей ме көз алдыңызға» деп, көркем туынды жазуға әбден ысылған романистердей сөзінің «біссімілләсін» прозаның тілімен бастап, құйындата жөнеледі. Бірақ, суреткерліктің қызығын қуып кетпей, кестелі көркем тілімен сезіміңді баурап алған соң сөзбұйдаға салмай, бірден оқырманды оқиғаның ішіне енгізіп жібереді. Үнемі кейіпкерінің шынайы бет-бейнесін суреттейтін айшықты бояулар, жан дүниесін ашатын әдемі детальдар тауып, елік сезіміңді еліктіре түседі.
Зады, Мұхтар Құл-Мұхаммед тұлғалық даралығын ашу үшін өз кейіпкерінің өмір жолын бүге-шігесіне дейін зерттеп, мол мәлімет жинап, оларды сұрыптап, шығармашылық шеберханасында тыным таппай еңбектенуден әсте жалықпайтын қаламгерлердің сойынан. Ой жұмысының жүйкені тоздыратын азабын тартып келе жатқан ол әр деректің шындығын егжей-тегжейлі тексеріп қана қоймай, басы артық дүниелердің болмағанына да қатты мән береді. Елдің көңілін алдарқатып, сөз қуып кеткенді суқаны сүймейді. Бір жазғанын қайта-қайта үстінен қарап, сан мәрте өңдеп, сөйлем түгіл, әр сөздің өз орнында кетігін тапқан кірпіштей қаланып тұрғанына айрықша көңіл бөледі.
Тұлғаның әдеби портретін мүсіндеп, даралығын тануда отбасылық, қызметтік, тарихи деректердің атқаратын рөлі орасан зор. Әйткенмен, қолда бар ақпараттардың өтірік-шындығын мұқият тексеріп, анықтағандарыңның ішінен керектілерін ғана іріктеп, ол материалдарды ел қызығып оқитындай етіп пайдалану кейде тіпті, ірі суреткерлердің де қолынан келмей, жазылған дүние шынайлығын жоғалтып жатады.
Ақиқатында кәдеге асатын ұшан-теңіз деректерді сұрыптаудың жұмысы шығарма жазғаннан да ауыр бейнет. Дерек тапшылығы еңбегіңді қалай тұзы аз сорпадай дәмсіз қылса, қажетті, қажетсіз материалдарды іріктемей шығармаға жөн-жосықсыз тықпалай беру де тұзы көп болып кеткен тамақтай өңештен өтпей қояды. Қолға түскен ұшан-теңіз мәліметтермен сауатты жұмыс істеу үшін мол білім, терең таным, ғылыми зерде керек. Әр қайсысы өз орнында тұрған дерегі көп еңбек оқуға сұранып, бармағынан бал тамған шын шебердің қолынан өңделіп шыққан гауһардай жұтынып тұрады.
Құдай аузына салды ма Фариза апамыз бұл еңбектердің роман-хикаятқа бергісіз дүниелер екенін айтыпты. Шындығында да солай. Әрине, біздің сөзімізге қарсы шығып «шағын эссені тұтас бір романмен салыстыруға бола ма?» деп дау айтушылар да табылып қалар. Біз мұндай қитұрқы сауалға болады деген жауапты толық сеніммен айта аламыз. Жазушы Герольд Белгердің сөзімен айтатын болсақ, рухани байлықтың құны еш уақытта да көлеммен белгіленбейді. Өйткені, көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе, сөздің көптігінде емес – сыбағалы салмағында.
Кітабының қалыңдығы кірпіштей, көлемі кере қарыс мемуарларды оқып шығып, кейде мазмұнына көңіліміз толмай жататын жағдайымыз да бар. Дерек тапшы болғандықтан, мазмұнды немен толтырарын білмеген қаламгерлер өз кейіпкерінің шынайы бет-бейнесін кескіндегеннен гөрі, кейде өзінің тұлғалық даралығын тамашалап, адамдық қадыр-қасиетін, кесек мінезін қызықтап кетіп жатады. Немесе, елге танымал тұлғаның өмірінде болған бір кішкентей пендешілігіне соншама қатты мән беріп, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, сенсация жасағысы келіп, жеңіл сөздің желін қуа жөнеледі.
Өкінішке қарай, мемуар жазу мәдениеті әдебиетімізде әлі қалыптаса алмай, ақсап жатыр. Тұлғаның адамдық кескін-келбетін ашатын деректер ұтымды пайдаланылып, үлкен ізденіспен жазылған «Менің ағаларым» осы олқылықтың орнын толтырыпты. Айталық, академик Өмірзақ Жолдасбеков туралы көлемі отыз беттей ғана эсседе қаншама біз білмейтін мәлімет бар. 1970 жылдың тамызында Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындала салысымен, ондағы мүлгіген тыныштықты оятып, өзгеше арнаға түсіріп жіберген арыстан азаматтың табандылығы қалай шынайы, әрі нанымды суреттелген. Расында да университет өміріне өзгеше өрнек, соны серпін әкеліп, тың тыныс бітірген кезең Өмекеңнің тұсында басталған жоқ па еді.
Ректордың шіреніп қалған шенеунік емес, қарапайым азамат, әділетті тұлға, мейірбан жан, қайраткер басшы болғаны қара мақаланың емес, көркем прозаның тілімен, суреткерлік шеберлікпен баяндалып, КазГУ-дің абыройын арттырып, беделін көтерген еңбекқорлығы нақты деректермен дәйектеледі. Шағын ғана эсседе жұмысты жандандырып, гүлдей жайнатып жіберетін Жолдасбековтың іскерлік, керек, болса тіпті, күрескерлік табандылығының арқасында университет өмірінің жансыздана бастаған тамырына қан жүгіргенін дәлелдейтін мәліметтер көп.
***
Біз Абайтану ғылымының негізін салған қазақтың кемеңгері, ұлттық әдебиетіміздің іргетасын қалаған ардақты тұлғаларымыздың бірі, «Абай жолы» роман-эпопеясымен әлемді аузына қаратқан ұлы суреткеріміз Мұхтар Әуезовтың көзін көрген жоқпыз. Бірақ біз сол ұлы ойшылдың, ұлы өнертанушының, ұлы жазушының, ұлы ғалымның, ұлы қайраткердің, хәм ұлы ұстаздың шәкірті болып, терең тағылымын бойына сіңіріп, ғибратын кейінгі ұрпаққа жеткізген Зейнолла Қабдоловтай данышпанның дәрісін тыңдап, жүздесіп, дастархандас болу бақыты маңдайымызға бұйырған ұрпақпыз.
«Шебер» әр сөзінің астарында терең мағына жататын, мақтаған болып отырып, кейде мақтамен бауыздап жіберетін сөз шебері Зейнолла Қабдоловтың келбетін айна-қатесіз көз алдыма елестетіп жіберді. Сағыныштың сазды әуенін естігендей шабыттанып, студент кезімізде дәрісін ұйып тыңдаған ұстазымыздың майдақоңыр дауысы құлағыма шалынғандай болды. Зекеңдей сөз шеберінің дәрісін тыңдаған біз шынында да бақытты ұрпақ екенбіз ғой.
Қабдоловтың қандай ұлы ұстаз болғанын суреттеу үшін Мұхаң әңгімесін тым алыстан, көктен түскен төрт кітаптың бірі Жоханнан жеткен «Ізгі хабардағы» «В начале было Слово, и Слово было с Богом, и Слово было Бог» деген сөздің мән-мағынасын түсіндіріп беруден бастайды. Әрі қарай дүние сөзден тұратынын, ал, сөздің Ұлы Жаратушының өзімен келген құдірет екенін дәлелдеп, сезіміңді сүргілеген сауалдардың жауабын іздеткізіп, жаныңды әуре-сарсаңға салып қояды. Ия, шындығында да Сөз құдірет болса, ең құдіретті кие «сөз өнері» болмағанда не болады?
Мұхаңның дәл байқағанындай сөздің өнер екендігін адамзат дамуының әр кезеңінде батыс пен шығыстың Аристотель мен Абайға дейінгі талай данышпандары айтқан, бірақ, «сөз өнері» деген саф алтындай сом атауды қазақ топырағында тудырған Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынов болатын. Ахаңның атын қойып, шығармасын да атауға тыйым салған кезеңде бұл терминді қазақ әдебиетінде жаңа заманға сай жаңа мазмұн беріп түрленткен шебер Зейнолла Қабдолов екеніне қазір ешкім де дауласа алмайды.
Басталған сәттен-ақ адамды толғандырып, терең ойдың тұңғиығына тастап жіберетін эсседе басы артық бір ауыз сынық сөйлем жоқ. Автор әр сөзін нақты мысалдармен, деректермен негіздеп, шегелеп отырып шындығын дәлелдейді. Жалған пафостарға, желбуаз мақтауларға жол бермейді. Ұстаз өмірінің маңызды белестерінің бәрі де ескеріліп, ой ықшамдалып, сөз сығымдалып әр еңбегінің нақты бағасы беріледі. Мысалы, Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабы жөнінде толғанғанда Мұхаңның өзі де шебердің тәсіліне салып, аз сөзге терең мағына сиғызып жібереді.
«Менің Әуезовім» - көркем ойдың жемісінен туған көп романдардың бірі емес, өмірдің өзінен, тіпті өзегінен алынған келісті туынды.
«Менің Әуезовім» - романға қойылатын қатаң талаппен шектеуге болмайтын шығарма. Мұнда Моруа айтқандай естелік, эссе, әңгіме, очерк, рецензия, мақалаға дейін мидай араласып кеткен. Дәл осындай жанрлық жігін ажырату қиынға соғатын «Стамбул: естеліктер мен шаһар» атты шығармасы үшін түрік жазушысы Орхан Памук Нобель сыйлығын алды...
«Менің Әуезовімнің» басты тақырыбы – махаббат. Махаббат болғанда, әдебиеттегі екі шығарманың бірі арналған әшейін «күйдім-жандымға» құрылған махаббат емес, шәкірттің ұстазға деген ең ізгі, ең іңкәр көңілден туған тұмадай тұнық махаббаты....
Байқайсыз ба, кітапта ұштасқан үш ұғым: ұстаз, университет, шәкірт шебердің өзі тудырған «бүтін бітімге» айналып кеткен...
«Менің Әуезовім» - алуан түрлі адамдардың ғажайып портреттер галереясы. Ойдан шығарылған біреуі жоқ. Өмірде болған, кейбіреуі әлі күнге дейін ортамызда жүрген кейіпкерлер».
Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары туралы сөз болғанда Мұхаң қолтығына қанат біткендей шабыттанып, тасыған өзендей кемеріне симай шалқып төгіледі. «Ұлтымыздың ұланғайыр күлкісі» атанған жазушы, дарабоз драмматург, публицист Қалтай Мұхамеджановтың пошымын, жүріс-тұрысын, сөзден жеңілмейтін шешендігін айнытпай суреттеген эсседе тырнақалды туындысының өзімен-ақ Мұхтар Әуезов бастаған ұлт әдебиеті ұлыларын дән риза еткен классиктің біз білмейтін көптеген қырлары жарқырай ашылыпты.
Қалтай ағаның дегдар ғана емес, әрісі Таурат, Забурдан бастап, берісі Інжілге дейін түгел талдап, қасиетті Құранның аяттары мен пайғамбарымыздың хадистерін жатқа соққан дін ғұламасы да, Әбубәкір ас-Сыдықтан басталып, Зүнүн, Аттар, Әл-Ғазали, Әл-Бистами, Әл-Ансари, Ибн-Араби, Руми, Нақшбанди. Қожа-Ахмед Ясауимен ұштасатын, Абай жырларымен әдіптеліп, Шәкәрім шығармаларымен көмкерілген білім бұлағын, суфизмнің нақшбандия, маулауия, кассирия, маламатия, чиштия, құбрауия сияқты сан-алуан мектептерді, арғы-бергі сопылардың тарихын жақсы білген интеллектуал да болғанын мына еңбекпен танысқаннан кейін біліп, таң қалғаннан аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Абыздың білімділігіне, парасатына, жазушылық шеберлігіне ғана емес, шешендігіне, ұлттық мақсат-мұрат жолындағы күрескерлігіне де дән риза болып, марқайып қалдық. Әсіресе, Қалекеңнің қоғам дертін кәнігі тамыршыдай тап баса білген драматург болғаны жазушының «Бөлтірік бөрік астында», «Жет елде», «Көктөбедегі кездесу» шығармаларына жан-жақта сараптама, терең талдау жасау арқылы баяндалады. Жалғыз «Көктөбедегі кездесумен» ғана Қалтай Мұхамеджановтың әлемдік драматургияның ең таңдаулы тұлғалары қатарынан ойып тұрып орын алғанына біздің де көзіміз жетіп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді.
Кітаптағы қай еңбекті алсаңыз да одан Мұхаңның ағаларына деген адалдығы айдарланып тұрады. Тіпті, өмірде опық жегізе жаздаған ағаларының да жақсы жағын ғана көріп, кемшілікті өзгенің емес, өз бойынан байқап, кінәні өз мінезінен іздейді. Бұл шындығында да адамды адам ететін, ірі азамат ететін - ұлы қасиет. Айталық, журналистика факультетінде темірдей тәртіп орнатқан дарабоз декан Темірбек Қожакеевтің қаталдығының артында, өз шәкірттеріне шын тіршіліктің өгей шешедей қатыгез болатынын, ал, өмірдің ананың аялы алақаны емес екенін әу бастан үйреткісі келген әкелік қамқорлығы жатқанын көре біліп, оқудан шығарып жібере жаздағанына қарамастан ұстазының ол ісін әділ бағалап, жылы сөз арнауы - үлкен парасаттылық. Ал, 86-шы жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін ұстазының басына қара аспан төнгенде арыз жаздыртқысы келген арам пиғылды жандардың әрекетіне көнбей, қайта керісінше оларға тойтарыс беруі – нағыз азаматтық.
Советтік билік журналистика факультетін ана тілі, ата дәстүрі үшін отқа да, суға да түсетін ұлтжанды азаматтардың ұстаханасына айналдырған деканға өшігудің орнына, өсіру керек еді. Алайда, амал нешік? Бәрі керісінше болып, Қожакеев қызметінен алынды, университеттен қуылды, партиядан шығарылды. Бірақ, шәкірттерін ғана емес, өзін де темірдей тәртіпке үйреткен декан жүні жығылып, мойыған жоқ. Тура келген қатерге қасқая қарсы тұрып, қайтпас қайсарлығы, болаттай беріктігінің арқасында қиындықтың бәрін жеңіп шықты.
Тағдырдың сынағынан сүрінбей өтіп, адамды адам ететін тәртіп пен еңбек екенін сөзбен емес, ісімен дәлелдеді. Күні-түні кітапханадан шықпай, көз майын тауысып, «Қазақ», «Алаш», Сарыарқа» газеттері мен «Айқап», «Абай» журналдарының сарғайған сарыала беттерінен сарыла іздеп Б.Сүлеев, Қ.Тоқтабаев, Ы.Жайнақов, Б.Сыртанов, М.Сералин, Қ.Кемеңгеров, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ғ.Тоғжанов, Ш.Тоқжігітов, М.Жолдыбаев т.б. қазақ зиялыларының 20-30-шы жылдардағы әдеби-публицистикалық мұраларын зерттеп, ғылыми-танымдық мақалалар сериясын жариялады.
Асылы, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің дарабоз декан туралы эссесі Қожакеев сияқты жекелеген азаматтардың басынан өткерген трагедиясын сипаттаған дүние ғана емес, ХХ ғасыр басында белең алған қазақтың бас көтерер зиялы қауымын қуғын-сүргінге ұшырату ісінің кезең-кезеңмен ғасыр соңына дейін жалғасқанын айдан анық етіп көрсетіп берген, философиялық астары терең - тарихи еңбек. Бұл тарих әлі талай рет зерттеліп, әлі талай шындықтардың беті ашылып, келер ұрпақ оған байланысты өз көзқарасын білдіретініне кәміл сенемін. Міне, сол кезде дарабоз декан Темірбек Қожакеевтің адалдығының, азаматтығының, қайсарлығының шын бағасы беріліп, ұлт аспанындағы жұлдызы биіктеп, екі дүниедегі жүзі де жарқын бола түседі.
Кітаптың әр бетін парақтап отырып, бұрын еш жерден естімеген тың деректермен танысып, соңына жеткенше құмарың қынбай қызыға оқисың. Тарихтан ойып тұрып алатын өз орны бар тұлғаның жеке басынан бөлек, әке-шешесінің өмірі де мұқият зерттеліп, маңызы зор мәліметтердің бірде-біреуі ұмыт қалмай талданып, тексеріліп, ой елегінен өткізіледі.
Қазақтың біртуар азаматы, академик Шаһмардан Есенов туралы эсседен біз қайраткер тұлғаның даралығымен бірге, даналығына да тәнті бола түстік. Тақырыбын түбін түсіріп зерттейтін Мұхтар Абрарұлы көп адамның көзіне ұсақ-түйек болып көрінетін мәліметтің өзіне қатты мән беріп, Шаһмардан Есеновтың өмірбаянында жазылып жүргендей 1927 жылы емес, 1926 жылы туғанын Қызылорда педучилещесіндегі деректерге сүйеніп дәлелдейді.
Шаһаңның ата-тегі, әкесінің батырлығы, серілігі, шешендігі, білімдарлығы, орысша сауатының мықтылығы туралы деректердің ешқайсысы назардан тыс қалмай, дала қыранының ұясында тәрбиеленген жанның болмыс-бітімін көзбен көргендей әсер аламыз. 1962 жылы Никита Хрущев Маңғыстау түбегін мұнай өндірудегі тәжірибесі мол Түркменстанға беру жөнінде мәселе көтергенде Шаһмардан Есеновтың орда бұзар отыз жасында қазақ жерінің тұтастығын қорғап қалған ерлігін Мұхаңның еңбегінен оқып, Әлімхан Ермековтың ерлігін қайталаған азаматқа деген құрметіміз бұрынғыдан да бетер арта түсті. Шаһмардан Есеновтың бұл ерлігін өз естеліктерінде академик Сұлтан Сартаев пен академик Әбдірахман Нұрлыбаевтар және тау-кен саласының ардагері, техника ғылымдарының докторы Ибрагим Баймұратұлы Еділбаев та растапты.
Мемлекетіміздің айшықты рәмізі Елтаңбамыздың авторы Шот-Аман Уәлиханды да білмейтін қазақ жоқ. Алайда, «Ханзаданы» оқып шыққанымызда, аға буын Абылай хан әулетінің үлкені ретінде ардақ тұтқан, зиялы қауым сәулетші, тарихшы, әдебиетші ретінде құрметтеген тұлғаның ел білмейтін қырларының көп екеніне көзім жете түсті. Бұл еңбекті әдеби портрет қана емес, тарихи эссе ретінде де бағалауға болады. Іргелі зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады. «Ұлы ханның ұрпақтары» бөлімінде Шот-Аман Уәлиханның тегінің мықтылығы сөз болып, Абылай ханның алтыншы ұрпағы екені айтылып, тарихы баяндалады. Кеңес заманында Абылай ханға байланысты отаршылар таңған сыңаржақ бағаның қате екенін 1895 жылы жарық көрген «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиялық сөздігінің 29-томындағы сөздерге сүйене отырып дәлелдейді. Абылай ханнан тараған ұрпақтарын тарата келіп, Мұхаң өз еңбегінде атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне байланысты тың деректерді жария ете отырып, әңгімесін сабақтайды. Шот-Аман ағамыз Шоқанның інісі Мақы Уәлихановтың үлкен ұлы Ыдырыстан тарайды екен.
Бірнеше тараудан тұратын еңбектің екінші бөлімінде Шот-Аман Уәлиханның сәулет өнеріндегі жетістіктері сөз болады. Өз кейіпкерінің тұлғалық даралығын ашу үшін Мұқаң сәулет өнері тарихын, қыры мен сырын зерттеп, таңдаған тақырыбына терең үңіледі. Кеңестік дәуірдегі Шот-Аман қаламынан туған щедевр Ұлттық Ғылым академиясының алдына 1969 жылы орнатылған Шоқанға арналған монументалды кешеніне тамсанып қана қоймай, ерекшелігін өнер тілімен түсіндіріп береді. Мұхаң өз еңбегінде атақты сәулетшінің Киев, Тбилиси, Вильнюс, Душанбе қалаларының архитектуралық келбетіне қатысты пікірлеріне сүйеніп, Шот-Аманның ұлттық дәстүрден қуат алатын өзіндік туындыларды қолдап отырғанын алдыға тартады. Әсіресе, еліміз азаттығын алып, өнер адамдарының еңсесін басқан түрлі идеологиялық, шығармашылық шектеулер жойылған кездегі Шот-Аман Ыдырысұлының екінші тынысы ашылғаны өте әсерлі баяндалады. Ол еліміздің бас символы Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасын жасап, мемлекет тарихының жылнамасына орасан зор үлес қосты.
Әсіресе Шот-Аман Ыдырысұлының басқаруымен бір топ мүсіншілер мен сәулетшілер, құрылысшылар мен инженерлер жасап шығарған Алматыдағы Тәуелсіздік монументі – шоғыр ескерткіштердің ішіндегі шоқтығы биігі болды. Ол сәулет, мүсін және инженерлік өнерді тоғыстырған сәулеттік кешен. 1996 жылы тұрғызылған бұл монумент Париждегі Эйфель мұнарасы сияқты бүкіл әлемге әйгілі ескерткіштің біріне айналды.
***
«Менің ағаларымдағы» әдеби портреттердің ішінен өзіме қатты ұнаған екі еңбекке ерекше тоқталғым келеді. Олар қазақтың аты аңызға айналған батырлары Рақымжан Қошқарбаев пен партизан-жазушы Қасым Қайсенов туралы дүниелер.
Екінші дүнниежүзілік соғыс қазақтардың шын мәнісінде де батырлар жырларында айтылатындай ержүрек, қаһарман халық екенін дәлелдеп берді. Сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түскен Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Нүркен Әбдіров, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовалар халқымыздың батырлық даңқын асқақтата түсті.
Бір ғана Қазақстаннан 500-ден астам адамның Кеңес Одағының Батыры атағын иеленуі біздің батыр халық екеніміздің айқын дәлелі емей немене. Шындығында Батыр атағын еншілегендердің қатары бұдан сан есе көп болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, батырларға тән ерлік жасаған ондаған қазақтардың ерлігі ескерілмей қалды. Сондай өзіне лайық бағасын ала алмаған қаһармандардың қатарына Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсеновті қосуға болады.
Советтік империяның ыңғайына орай күні кешеге дейін көптеген тарихи деректер қасақана бұрмаланып келді. Соның кесірінен біз ұзақ жылдар бойы Рейхстагқа ең алғашқы болып ту тіккен жауынгердің Рақымжан Қошқарбаев есімді қазақ екенін білмей, Егоров пен Кантарияның ерлігіне тамсанып келдік. 1958 жылы аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаевқа тапсырма беруінің арқасында Қазақстанды дүр сілкіндірген «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты сенсациялық мақала жарық көріп, бұл мәселе қоғамдағы өзекті тақырыптардың біріне айналып, қазақстандық зиялы қауым атынан Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанына қарамастан Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көзі тірісінде өз деңгейінде бағаланған жоқ.
Әрине, аты аңызға айналған батыр болған соң ол туралы жазылған өлең-жырлар да, мақалалар да, естеліктер де толып жатыр. Әсіресе, оны өз ұлтына қайыра таныстыруға мұрындық болған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін ерекше атап өткен ләзім. Қайраткер-қаламгер Кәкімжан Қазыбаев пен талантты журналист Жанболат Аупбаевтың да Қошқарбаевтың атын ұлықтап, ерлігін дәріптеуге қосқан үлестері зор.
Мұхтар Абрарұлы Құлмұхаммедтің бұл көлемді зерттеуін осы күнге дейінгі жазылған мақалалардың, естеліктердің, тарихи деректердің бәрін сұрыптап, әр қайсысына терең талдау жасап, оның ерлігін мұрағаттық материалдарға сүйене отырып дәлелдеген еңбек ретінде бағалауға әбден болады. Бұл еңбекпен танысқан соң Рақымжан Қошқарбаевтың ең алғашқы болып Рейхстагқа ту тіккеніне байланысты көңілдегі күмәннің бәрі шайылып кетеді. Соғыс кезінде болған ситуацияларды жан-жақты зерттеп, оқиғаға қатысты мәліметтердің бәрін егжей-тегжейлі саралап, әр түрлі ақпараттардың бәрін тарихи жағдаймен салыстыра отырып талдап, көптеген мұрағаттық деректерді мысалға келтіріп, сөзінің шындық екенін мойындамасыңа амал қалдырмайды. Неліктен тарихи шындықтың бұрмаланып, Егоров пен Кантарияның қалайша Жеңіс туының авторы атанып, Рейхстагқа шабуылдың әр сәтін «Гимлер үйінен» бақылап тұрған бүкіл командирлердің көз алдында алғаш ту тіккен Рақымжан мен Григорийдің ерлігі өз дәрежесінде бағаланбауының сыры неде екенін бірнеше дерек көздерінен алынған материалдарға сүйене отырып, соқырға таяқ ұстатқандай етіп дәлелдеп береді. Ақиқатында Кантария мен Егоровтың туы Рейхстаг төбесіне тігілген төртінші ту болған екен.
Мұхтар Абрарұлының ерлігі бағаланбаған батырға байланысты әділдікті қалпына келтіру үшін тыным таппай ізденіп, мұрағаттардың шаңын жұтып, жылдар бойы еңбектенген өз ісіне адалдығы сүйсіндіреді. Берлинді алардағы жойқын соғысқа қатысы бар маңызды ақпараттардың бәрін мұқият зерттеп, ол аздай, шындықты тарих тереңінен аршып алу үшін бір кездегі КСРО Қорғаныс министрлігінің, қазір РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына (РФ ҚМОМ) арнайы өтініш жолдап, батырға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған әскери құжаттарды алдырады. Полк командирі Плеходановтың алғашқы баянатын, әскери іс-қимыл журналындағы жазбаларды т.б. т Рақымжанның ерлігін дәлелдейтін көптеген тарихи деректерді мысалға келтіреді. Тіпті, әйгілі совет жазушысы Борис Горбатовтың 1948 жылдың желтоқсанында өткен пленумында Қошқарбаевтың ерлігін растайтын сөздерін «Литературная газетадан» тауып алады.
Рейхстагқа ең алғашқы болып ту тіккендердің Григорий Булатов пен Рақымжан Қошқарбаев екенін соңғы жылдары орыс баспасөзі де жаза бастады. Шындықты жазғаны үшін Ресей билігіне жақпайтын «Новая газета» өткен жылы осы оқиғаға байланысты тағы да бір үлкен материал жариялады. Онда былай делінген: «9 мамырда еліміз ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеді. Сол күні теледидар Рейхстагтың шежіресін көрсетеді және оның күмбезіне Қызыл туды кімдердің ілгені тілге тиек етіледі. Сол кезде Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияның есімдері аталады. Көптеген жылдар бойы осылай болып келеді. Өкінішке қарай, биылғы жылы да ресми тұлғалардың немесе тележүргізушілердің бірде біреуі Жеңістің алғашқы туын Рейхстагқа тіккендердің 19 жастағы қатардағы жауынгер Григорий Булатов пен 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев болғаны туралы шындықты айта алмайды. Олар Рейхстагқа бірінші болып кіріп, оның төбесіне Қызыл туды 1945 жылдың 30 сәуірінде, соғыстың ресми аяқталуынан 10 күн бұрын іліп қойды. Олардың ерлігі Кеңес тарихына қажет емес еді, бүгінгі Ресей тарихы да олардың ерлігін керек қылып тұрған жоқ.»
Қазақтың көзі тірісінде өз бағасын алмай кеткен тағы бір қаһарманы - партизан-жазушы Қасым Қайсенов. «Жоғалған пышақтың сабы алтын еді» деген қазақшылығымызға салынып, өкінішке қарай, біз енді ғана қандай дарабоз батырымыздан, қайсар ұлымыздан айырылғанымызды шын түсініп, азаматтың қадірін енді ғана біле бастадық. Біз түгіл Ресейдің өзі Қасым Қайсеновтің ерлігіне табынып, көп сериялы көркем фильм түсіріп, орыстың ең мықты актерлары онда басты рөлдерді ойнап, мақтаныш сезімімізді оятты. Әйткенмен, ұлттық прозамызда айшықты ізін қалдырып кеткен майдангер-қаламгердің шығармаларын бала күнімізден сүйсініп оқысақ та, екінші дүниежүзілік соғыстың шындығын, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін майын тамызып әңгімелеген суреткердің көркем туындыларын әлемге кеңінен таныстыруға аса қатты мән бермеппіз. Белорусь халқының жазушысы Василь Быковтың шығармалары кітап болып шыға салысымен, ізін суытпай кина түсіріліп жатты. Соның арқасында Совет Одағының құрамында болған халықтардың бәрі Быковтың хикаяларының негізінде түсірілген көркем фильмдерді тамашалап, оның кітаптарының оқырмандары жыл сайын еселеп, көбейіп отырды. Бізге де Қасым Қайсеновтың қаламынан туған ««Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» сияқты шығармаларының негізінде көркем фильмдер түсіріп, қазақтан басқа жұртқа да батырымызды танытып, ерлігін насихаттауға болар еді. Ал, біз болсақ аты аңызға айналған батырымыздың шығармаларын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға да сараңдық жасаппыз.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Қаһарманын» оқып шыққанымда осындай бір көңілсіз ойлардың қамсауында қалып, жанымның тыныштығы бұзылды. Эссені оқып отырып даңқы қазақ даласын шарлап кеткен хас батырдың балалық шағынан бастап, бүкіл өмірін кинодан көргендей болдым.
Партизан жазушыны ең алғаш рет ол мектепте оқып жүрген кезінде көріпті. Аңыз адаммен жүздесіп қана қоймай, батырдың ризашылығына бөленіп, «Мұхтар балама! Өс, өркенде, үлкен азамат бол!» - деп жазып шиыршықтата қолын қойған «Жау тылында» кітабын сыйға алған арманшыл сәбидің жүрегі дүрсілдеп, қуанышы қойнына симай кетеді.
Классик жазушымыз Сайын Мұратбековтың жүректің нәзік қылын шерте отырып баяндалатын, сыршыл новеллаларындай болып басталған «Қаһарманды» бір деммен оқып шығып, сол бір алыс ауылдағы әсерлі жүздесудің ақыры ағалы-інілі, әкелі-балалы адамдар арасында ғана болатын ерекше сыйластыққа ұласып, ұзақ жылдарға жалғасқанының куәсі болдым.
Оқырманын үнемі таң қалдыруды әдетке айналдырған автор кезекті еңбегінде де тыным таппай ізденіп, тақырыбын жанкештілікпен зерттеген. Ресей Федерациясы Орталық архивінде, В.И.Вернадский атындағы Украина Ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында сағаттар бойы тапжылмай отырып, шаң басқан құжаттардың арасынан шындықтың ашуға себептесетін тың деректерді, маңызды мәліметтерді тапқан.
Эссені оқу барысында батырдың өмір жолымен ғана танысып қоймай, түбі бір түркі жұртының алтын бесігі – қарт Алтайдың табиғаты тамылжыған ең бір көрікті жері Асубұлақ ауылын көзбен көргендей әсер алдық. Бала кезінен маңдайын желге беріп – бәйгеге, белін буып – күреске, балағын түріп жарысқа түскен дала қыранының қайсарлығына тәнті болдық.
Аңызға айналған майдангер-қаламгердің тұлғалық даралығын, баладай аңғалдығын, сұрапыл соғыс уақытында да түрлі әділетсіздіктердің бола беретінін көрсету үшін ізденген Мұхтардың еңбекқорлығын айрықша атап өткім келеді. Батырдың сан қырлы табиғаты жан-жақты ашылған еңбекті жазып шығу үшін ондаған еңбектер оқылған. Автордың мұрағаттардан табылған ұщы-қиыры жоқ деректермен жұмыс істеген жанкештілігінің сыртында, сараланып, ғылым тұрғыда талдау жасалған соғыс құжаттары мен естеліктерде есеп жоқ. Қаһарманның балалық шағынан бастап, өмір жолының бұралаң соқпақтарының бәрі ықтиятты зерттелген еңбекте қаншама жаңалық бар.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украина жерінде 53 партизан құрамасы, 2145 партизан отряды мен 1807 партизан топтары шайқасты. Олардың құрамында 220 мыңнан астам партизан болды. Ерлігімен көзге түскен батыр партизандардың қатарында Қасым Қайсенов те бар еді. Өкінішке қарай, Днепр үшін шайқастағы дала батырының асқан ерлігі бағаланған жоқ. Күні кешеге дейін Украина ормандарында фашистермен шайқасқан партизан командирлері, екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары С.А.Ковпак, А.Н.Сабуров пен П.П.Вершигорлардың ерліктері дәріптеліп, қаншама кинотуындылар түсірілді, кітаптар жазылып, есімдері мектеп оқулықтарына дейін енгізілді. Қазақтың қайсар ұлы Қасымға сол бақыттың бірі бұйырмады. «Қаһарманда» партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің Кеңес Одағының Батыры атағын алуға аса ынталанбаған қарапайымдылығы мен аңғалдығы да суреткерлік шеберлікпен баяндалыпты.
Ұлт намысын бәрінен биік қойып, ел намысын жоқтап, топты жарып ту көтерген халқымыздың біртуар азаматы Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовті сонау кеңес заманынан жақсы білеміз. Сол кезде Шоқыр Бөлтекұлы, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Амангелді Ғабсаттаровтармен бірге Темірхан Мыңайдарұлының да аты дүркіреп тұрды.
«Намыскерді» оқи бастағанымда қазақты әлемге танытқан балуандарымыз туралы бала күнімде естіген аңызға бергісіз әңгімелер ойыма оралды.
Ия, расында да ол жылдары Қазақстанның маңдайына біткен жалғыз университеті ҚазМУ-дің атағы жер жарып тұрды. Қай жағынан алсақ та мемлекетіміздегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы да онымен жарыса алмайтын. Міне, осы білім ордасының атын шығарған азаматтардың бірі Темірхан Досмұхамбетов болды.
Университеттің спорт кафедрасын басқарған азамат жұмысты жандандырып жіберді. Досмұхамбетовтің тұсында ҚазМУ-дің денешынықтыру және спорт кафедрасының атын шығарып, республика түгіл, Одаққа танытты. Кей спорт түрлерінен университет Алматыдағы физкультура институтынан да басым түсіп кетті. Досмұхамбетов баптаған самбошылар әлемді мойындатты. Еуропа және КСРО чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы Айтжан Шаңғараев, дзюдодан КСРО-ның күміс жүлдегері Бостан Жаңбырбаев, Кеңес Одағы чемпионатының жүлдегері Қайрат Шаңғараев, Кеңес Одағы чемпионатының және «Буревестник» спорт қоғамы одақтық біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Зиядин Исабеков, Валентин Погодин, Владимир Мукамелов секілді жігіттер Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.
Мұхтар Абрарұлы өз еңбегінде аты аңызға айналған тұлғаның жетістіктеріне тоқтала отырып, өткен ғасырдың алашапқынында қазақ баласы ана сүтімен бірге ауызданған күрес өнерінің қағыс қалып, ұзақ жылдардан соң қайта жанданған тарихына да шолу жасайды. Жұрт ұмыта бастаған қазақ балуандарының жойқын жеңістерін саралап, оларды егжей-тегжейлі зерттейді. Күрес өнерінің қыры мен сырын жілік майын шағып талдап, көптеген шындықтардың бетін ашып, спорт өнерінің ойын ғана емес, сонымен бірге ұлттың рухы, намысы екеніне көзіңді жеткізе түседі. Шындығында да Кеңес заманында сан мәрте теперіш көріп, қуғын-сүргінге ұшырап, жігері жаншылған халқымыздың рухын көтеріп, намысын қайраған Темірхан түлеткен қырандардың жеңістері талай қазақ жастарының жүрегіне от бергенін қалай ұмытуға болады.
«Талантты адам, барлық істе де талантты» деген қағидат бар. «Намыскерді» оқып отырып, осы сөзді Темірхан Досмұхамбетовке арнап айтса жарасатындай болып көрінеді маған. Неге десеңіз, шетінен сайдың тасындай жігіттерді таңдап алып, күрес өнерінің қыры мен сырын үйреткен жаттықтырушы алып империя құлаған кезде асып-сасқан жоқ. Қолынан іс келетін азамат екенін дәлелдеп, кетеуі кете бастаған «Интурист Қазақстан» ұлттық компаниясын, туризммен айналысатын «Яссауи» акционерлік қоғамын аяғынан тік тұрғызып, бизнесті дөңгелетіп әкетті. Көп уақыт өтпей-ақ атағы дүрілдеген компания басшысы Елбасы назарына ілігіп, Темірхан Досмұхамбетов мемлекеттік қызметтің де дәмін татып, бұл салада да толайым табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның Жастар ісі, туризм және спорт министрі, Президенттің іс басқарушысы, Астана қаласы әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Осыған орай 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қазақ спортшыларының ел тарихында тұңғыш рет 11 медальді жеңіп алып, жалпы есепте 22 орынға табан тіреген оқиғаның Досмұхамбетов министр қызметін атқарған жылы болғанын еске түсіргеннің айыбы жоқ. Алғаш рет ұлттық құрамамен Олимпиадаға қатысқан қазақ елінің мұндай зор табысқа жетуіне Темірхан Мыңайдарұлының қосқан үлесінің көп болғанын айтпай кетпеске тағы да амал кем. Күш-жігерін сарқа жұмсап, қандай істі де ұршықтай үйіріп әкететін азаматтың еңбекқорлығына тәнті болған Елбасы оны басқа қызметтерге де тағайындап, сынап көрді. Ол сынақтардан да Темірхан Досмұхамбетов сүрінбей өтіп, адал қызметімен, ел сенімін ақтай алды.
«Менің ағаларым» ұзақ жылдар бойғы мехнатты еңбектің - мәуелі жемісі. Өз басым бұл кітапты ұрпақтар сабақтастығының өнегесін үйрететін еңбек ретінде бағалаймын. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы ғана қоғамымыздың жақсарып, мемлекеттігімздің нығая түсетінін ұмытуға болмайды. Өйткені, ол – ғасырлар бойы аға буын мен жас ұрпақтың өзара байланысын жалғастырып келе жатқан өріс жібі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп зиялы қауымды толғандыратын ой тастаған болатын.
Міне осы тұрғыдан алғанда «Менің ағаларым» тәуелсіздігімізді нығайтуға зор үлес қосқан ағаларымыздың еңбегін ұлттық мүдде тұрғысынан бағалаған – ұрпақтар сабақтастығының шежіресі. Танымдықтан бөлек, бұл еңбектің ұрпақтардың өзара достығын, бір-біріне деген сыйын, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуін дәріптейтін тағылымы да терең.
Амангелді Кеңшілікұлы
*Мақалада келтірілген деректер «Асылзада» кітабынан алынды.
