Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ТҰТЫНУШЫ ТАНЫМ: тойға тәуелді болуымыздың себебі н...

ТҰТЫНУШЫ ТАНЫМ: тойға тәуелді болуымыздың себебі не?

06.04.2026

242

ТҰТЫНУШЫ ТАНЫМ: тойға тәуелді болуымыздың себебі не? - adebiportal.kz

(немесе Сәбит Дөнентаевтың қос шумақ өлеңі хақында)

 

Біз егемен ел болғалы  табиғи ресурстан басқа неліктен сыртқа  бір нәрсе өндіріп сата алмадық? Экономикамыз қалайша импорттық кіріптарлыққа ұрынды? Осының  себебіне үңіліп, байыбына ендеп бара алдық па? Біз мұның жауабын басқадан іздейтін секілдіміз. 

Айтар уәжіміз, бүгінгі қазақ бұрынғы қазаққа еш ұқсамағандықтан ұсақталып кетті, әгәрәки, ата-бабаларымыздың жолынан еш айнымағанда  айымыз оңынан туатын еді деген секілді жауаптармен өз-өзімізді  алдарқататын сияқтымыз. 

Ағылшын философы Роджер Бэконның «Қандай да бір көзқарасты растау үшін ата-бабаның даналығына,  әбден әдет болып кеткен дағдыға жүгінудің нендей қажеті болды екен» деп отырғаны да осы емес пе? 

Енді тақырыбымыздың негізгі мәніне  үңіліп, бірден «тұтынушы таным» ұғымына қарай ойысып көрсем деймін. Мен «өндіруші сана» мен «тұтушы сана» арасына қадери-қалімше тоқталып «ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ФИЛОСОФИЯ КЕРЕК?» деген» көлемді дүние жазғандықтан, бұл жолы тек Сәбит Дөнентаевтың қос шумақ өлеңінен туындаған идея төңірегінде ғана ой өрбіткенді жөн санап отырмын. Сонымен тұтынушы таным қазығына байланып, одан шықпастай шырмалғанымыздың тағы бір дәлелі – той мен томалақ мәселесі.  Жалпы бөгде бір жанның автономды  көзқарасы мен  оның өмірге деген  жекелей ұстанымын талқылап ештеңе де айта алмаймын. Себебі кез келген адамның дербес түсінігі деген болады емес пе? 

Ал өз тәуелсіз түсінігім  жайында, оны  оқырманға кеңінен таратып айтып  беруге толықтай  қақым бар деп есептеймін. Өз басым қандайда бір атқарған қызмет орыныма  қатысты шаруаның  ешбірінен  ерінген  де  қажыған да  емеспін. Тек соның өтіріктер мен түкке тұрғысыз ұрандарына маталған  мағынасыздығынан  шаршадым. Әсіресе уақыттан  ұтылған ел танымының кертартпалығынан  қатты қалжырадым. Адам ғұмырының негізгі мәнін жастық жалыны  құрайды десек, сол қуаттың қаншасын біз нендей дүниелерге бола  сарп етіп отырмыз.  

Мәселе сонда?  Әрине, біздің  энергияның біршама бөлігі  ырыздық  табуға оның ішінде  той мен томалаққа көбірек жұмсалатыны еш жасырын емес қой. 

Ілгерідегі бір жазбамда «Көкек айын «сәуір» деп өзгертіп алғанымыз секілді апталық күнтізбе соңында тұрған  сенбі мен жексенбі атауларын да түбірімен құртып «той» мен «томалақ» деп атасақ жарар еді» деп ашына жазған едім.

Рас, қазақ танымы үшін сауық пен сайран, той мен томалақ ғұмырдың басты қағидасына айналып, ол ең әуелі, дипломатия деңгейіне дейін «кемелденіп» кетіп отыр. Бұл, әрине, өте қорқынышты жағдай. Қазақ тойының негізгі мотиві – тамақ, ал мұны «тұтынушы таным» кіріптарлығының ең  үлкені деп  мойындамай  көріңіз енді. Сонымен «тұтынушы таным» шырмауына маталып тойға тәуелді болуымыздың себебі не? 

Біріншіден, бұл біздің кешегі тарихи, терең жарақатымыздың салдары. Жалпы, жоқшылық көрген кешегі психологиялық сырқатымыздың «Міне, көрдіңіздер ме, біздің де қолымыз өз ауызымызға жетті, ал енді не істейсіңдер?» деген секілді мақтаныш сезімінің  (бейсана) оянуы.

Бұл құлдың  өзін бір мезетке  болсын «бақытты»  қожайын сезініп, маңайынан мадақ сөз естіп ерекше марқаю әрекетіне көбірек ұқсайды. 

АЛ ЕНДІ РУХАНИ ҚҰЛДЫРАУЫМЫЗДЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ДӘЛЕЛІНЕ КЕЛСЕК, БІЗ АДАМ ӨМІРІН АС-СУМЕН  ҒАНА БАЙЛАНЫСТЫРЫП, ОНЫ ТЕК ТАМАҚ ЖЕЙТІН АППАРАТ РЕТІНДЕ ҒАНА ЕЛЕСТЕТУІМІЗДЕ БОЛЫП ОТЫР.

Бір-ақ мысал. Ең алдымен астау-астау ет ұсынып, оның артынан тәтті торт беруіміздің өзі  әлгі адамды келекелеу мен қорлауды былай қойғанда тірідей өлтіру деп түсіндірсек те болады...

Шынымен-ақ  біздің халық, етке  келгенде есінен тана жаздайды. 

Дәл қазір де дастархан басы қарапайым халықтың саяси тақырыптарды қызу талқылайтын  жасырын алаңына айналғаны қашан... 

Ал автономды, азаматтық көзқарасымызды ашық айтуға келгенде ауызын буған өгіздейміз…

Демократиялық қоғам құндылықтарына қатысты  «жетілген  азаматтық» дауыстарымыз  тек дастархан басында  ғана жарқын-жарқын  шыға бастағанымен, әлгі Дөнентаев айтқандай етке келгенде елшіл, әділетшіл әрекеттеріміз, астан кейін бәрі де ұмыт болып, бәрі де  жайына қалады. 

Сонымен XX ғасыр басында ғұмыр кешкен, қазақ қаламгерінің бірі, Сәбит Дөнентаев өзінің 1918 жылы жазған «Қаулы» атты өлеңінде былай дейді.

 Сөз бітті, ет желінді, қаулы қалды,

Халықта кінә бар ма, ауызына алды.

Еттің де, елдің-дағы мерейі өсіп,

Ермектік бір әңгіме болды, қалды...

 

Сонымен жұрт тарайды асын ішіп, 

Таң атса таз қалыпқа қалған түсіп. 

Қаулыны күнде-күнде жасайтұғын, 

Ет бар ма қазан-қазан тұрған пісіп.

Өлеңнен көріп отырғанымыздай ақын, қазақтың көп дүниесі етке дейін ермек үшін ғана айтылады. Әлгі буы бұрқыраған жал мен жая ортаға қойылып, ет желініп, сүйек мүжілгеннен кейін, манағы ел жайында айтылған сөздердің барлығы бір демде ұмыт болып, қарын тойған соң бәрі де жайына қалады дегенді меңзейді. Рас, қазір де дәл осылай ғой.

Сонымен, ет дедік, еремек дедік... Осы орайда мына бір дүниені де айта кеткеніміз жөн секілді. Жалпы бүгінгі  қазақ өмірін қазан-қазан етпен, оның ішінде малмен бірге байланыстыру көзқарасына жаңаша тәпсір керек тәрізді. Бұрынғы  ата-бабаларымыз мал баққан, ендеше қазақтың малсыз күні жоқ, немесе экс президентіміз жиі айтатын «Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра»  ұрандары  қалайда  қазақты  тұқырту мен есейтпеудің ескі тәсілі-тұғын. 

Кешірерсіз, бұл енді ата бабаларымыздың емес, біздің өз дәуіріміз  емес пе?  Біз де күн ертең болғанда, келер ұрпақтың ата-бабасына айналатынымыз анық емес пе? Әйгілі француз тарихшысы Л.Феврдың зиялы адам «барлық дәуірдің адамы бола білуі керек» деп отырғаны да осы болар.

Керісінше қазақтың сайын даласы мен топырағын қыруар малға емес, түрлі көкеністер мен технологияға толтырып, кем деген де біз жүз, (100) я болмаса жүз елу (150) жыл алға озып ойлаудың  аумағына  өтуіміз  керек шығар. Озық ойлы  ел  танымы өз  болашағын, қалаберді адамзат қамын   ойлаумен  ғана ұшпаққа шықпақ.  

Бәріңіз де білесіз, әлемнің  жылыну үдерісі мен адам санының күн санап қауырт өсуі бүгінгі ғалымның негізгі бас ауруына айналып отыр. Ең үлкен мәселе салт пен сананың ертеңгі уақыт стандарттарына барынша сәйкес, барынша үйлесімді болумен тікелей байланысты. Біздің ел ретіндегі есендігіміз бен саулығымыздың  кепілі де осы болмақ. Мінекей, біздің жысыл экономика деп сөз шығындап отыруымыздың мәнісі де осы-тұғын.

Рас,  ілгеріде қазақ дастарханында етті алмастыратын өзге де тағам түрлерінің тапшылығынан еріксіз етке деген сұранысымыз жоғары болды.

Ал бүгінгі өмір сүру салтымызда сол тәуелділікті ата салты ретінде ары қарай дәріптеп,  қайыра қорғаштаудың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз? 

Әрине, бұл  түбегейлі еттен тиылайық  деген тұжырым емес. Дұрыс түсініңіз! Бұл тұрғыдан келсек, біз «соғым» мен «құрбан айт» ұғымдарына да су жаңа интерпретация бергеніміз  жөн. 

Бүгін  бұл түсінігім жеке басты әжуалау мен келеке етудің алуан түрлі амалына айналғанымен,  келер  уақыттың қақпасын дәл осындай жаңа түсініктердің қағарына менің титтей де күмәнім жоқ... 

 

***

Ал енді өндіруші  (экспорттық) сана дегеніміз не? Ақыл мен таным бұл категорияға ауысқанда  нендей жетістіктері жолға қойылады? Сөз жоқ, өндіруші сана өркениетке қосылудың ең негізігі алғы шарты болып саналады.  Өндіруші сана әлемнен кез келген ұлттың өз орынын ойып тұрып анықтауға, олардың  бір-бірімен  кәсіби бәсекеге түсуіне  мүмкіндік береді. 

Осылайша « тұтынушы таным» дұрысы өлкелік өлшем өз кезегінде күзгі жапырақтай селдіреп, өркениеттік танымның біртіндеп өрістеуіне  жол ашады.  Біз  сонда  ғана сана  аумағымыздың соншалықты  тары екеніне, оның негізгі кісені мен кедергісі ортағасырлық  діни догматизммен астасқан көне көзқарасымыз бен  мен социалистік жүйе  сіңіріп тастаған кешегі стереотиптер екеніне   көзімізді жеткізер едік. 

Айталық,  жершілдік пен рушылдықтың барып тұрған өркениеттің  басты  жауы екенін,  кешегі кеңестік жүйеден үйренген микроқулықтарымыз бен сұмдықтарымыздың, сондай-ақ құрыққа сырық жалғап жүріп итшілеп алған бүгінгі мемлекеттік сыйлығымыздың  кәсіби әдебиет пен  өнерге титтей де  қатысы жоқ екенін, ең бастысы, әлемдік стандарттың бар екенін, оның  негізгі өлшемі Нобель мен Канн,  Пулитцер мен  Букер екенін бірауыздан  мойындар едік. 

Қайыра айтайын,  біз әлемді осы стандарттар мен өндіруші (экспорттық) сана өлшеміне  өтіп қана  өзімізбен  санастыра аламыз.  

Кері кетпейік, керісінше ел болып көгерейік десек, бұдан басқа біздің ешқандай да таңдар жолымыз жоқ. Кешегі қанды қаңтар оқиғасынан кейін елімізде «Жаңа Қазақстан» ұғымы айналымға түсті. Бұл жаңа таным, тың көзқарас туралы уақыттың өз дауысы болса керек. Ең бастысы, жаңа уақыттың өзі  «Жаңа Қазақстанның» бұдан кейінгі ұстанар жолы мен тұтынар танымы қандай болу керек деген онтологиялық сұрақты қойып отыр. Міне, мәселенің үлкені де осы…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan