Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Уахид Асадтың әңгімелері (Сирия)...

12.04.2017 4663

Уахид Асадтың әңгімелері (Сирия)

Уахид Асадтың әңгімелері (Сирия) - adebiportal.kz

Қуыс дененің айғайы

Ақ мамық қар сүйектен өтер ызғарда қалықтап жүр. Пештің оты сөнген. Шай суып, нанды жел кептіріп тастаған. Түсінесің бе, досым. Сен мені естимісің?!

Ол екі көзі шарасынан шыға бақырайып, иегіндегі бес тал сақалы сапсиып, қол-аяқтары керіліп, шалқасынан жатыр. Шыбын жаны бар, кеудесі бір көтеріліп, бір басылады. Мен қолымдағы пышақты жасырып, оған еппен жақын бардым да, жүрегінің тұсынан бойлатып сұғып алдым. Оның бір көтеріліп, бір басылып жатқан көкірегі бірте-бірте саябыр тартты да, тынып қалды. Мен оны көшеге сүйреп шықтым. Аласұрған ақ көбелектердей ақ қар өлі денені құшып, жамырай қонып жатыр. Жүрегінің тұсына қадалып тұрған қанжар қауашағын жарған бір сабақ қызғылт розаға ұқсайды. Сырттағылар шуласып, қардан адам жасап ойнап жүр. Мен мүрдені сүйрей жөнелдім. Балалар шулап соңымнан өкшелеп қалмай келеді. Мен мəйтті тамның түбіне апарып сүйеп тұрғыздым. Балалар бізді айнала қоршап алды. Ақ көбелекке ұқсаған ақша қар олардың төбесінде де қалықтап жүр.

Бүгінгі сабақтың тақырыбының өзі бір мəселе...

Мен саусағымды пышақтың алмастай өткір жүзіне апардым. Нобайлап, əуеде сурет салдым:

Адамның басы...?

– Көрген түс... Тағы да түс. Ашылған ауыз...?

– Үңірейген... Жартастағы үңгірдің аузы. Кеуде...

– Құс қамайтын тор... Қапас. Жүрек...?

– Бір кесек... Тас!! Қарын...?

– Аштық... Бұралған аштықтың дəл өзі!! Сынған омыртқа...

– Үзілген шынжыр... Мүрде...?

– Өліпті, мына адам өліп қалыпты. Мынау кісі өлтірген! Балалар азынап қоя берген оркестрға ұқсап, жабылып шулап кетті.

– Өліпті, мына адам өліп қалыпты. Мынау кісі өлтірді!!

Қашан да қасірет пен күлкі жан-тəнімен аймаласады. Мен мүрдені құшақтаған бетімде кері алып қайттым. Құлаққа түрпідей тиетін жоқтау сарындас жалықтырарлық əуен соңымнан еріп келеді. Балалар бас-көз деместен қармен төпеп ұрып жатыр. Мен тездеп басып үйге жеттім де, есікті іштен тас бекітіп, іліп алдым. Мүрдені қабырғаға сүйеп тұрғыздым. Даланың үйді тітіреткен үні менің де миымды кернеп, кеулеп барады. Ол əуендер де ақ қармен жуылған өліктей бозарған. Ақша қарға оранған қала ақ киімді жаназашыға ұқсайды. Аққа ораған...

– Жо, жоқ, сені өлтірген мен емеспін, сені өлтірген аналар. Түсінесің бе? Саған айтам! Досым, естимісің?!

– Сен түс көріп жатырмысың?

– Не дедің, сен сонда тірі ме едің?

Рухтың дегені болды

І

Мен көздерім бақырайып қарап жатырмын... Ол жұтқырынып алды да, сөзін жалғады: «Балам, түсімде мен сені бауыздап жатыр екенмін!» Ол осылай деді де егіліп жылап кетті.

– Жылама, əке.

– Алайда...

– Аллаһ менің орныма көкқошқар сыйлайды, Əке!

II

Əкем пышағын қайрап болды, жүзінен абдырағандық байқалады. Ол аяғын сүйрете басып қасыма келді де, мені жерге алып ұрды, басымды қыбылаға қаратып, алқымымды арыққа туралады. Тізесімен кеудемнен нығыздай басып отырды. Пышағының жүзінен қыстағы аяздың қылаудай ызғары жалт етіп барып өшті. Баса көктеген үрей жүрегімді тепкілеп, кеудемді кернеп барады. Тобымен аспанға көтерілген құстардай мамырлаған күйініштің елесі əкемнің төбесінде айналып, қалықтап жүр. «Аллаһ сенің орныңа көкқошқар сыйлайды, ұлым... Бауырларың қуанады... Олар ет жейді...» Көзімді тас жұмдым. Жалғандыққа бой алғызған қасіреттің үнін де, құстардың азалы əнін де естігім жоқ. Көзімді жұмған үстіне жұма түстім. Көзімді ашқанымда назарыма бірден ағаш бұтақтарының арасынан алабұртқан аспан көрінді. Бұл ағаштың бұтақтары замандар бойында біздің үйге мейірімін төгіп, ауламызға көлеңке мен салқын сыйлап келген. Бұтақтар аспанға созылған салалы саусақтардай, менің орныма келетін көкқошқарға ұмсынып тұрғандай. Менің бойымды қуаныш керней бастады. Тамағыма тақалған пышақ қозғалды да, орып жіберді. Ыстық қан бұрқ етіп атылып шықты. Басым денемнен ажырап, біршетке домалап кетті. Көздерім жаудырап аспаннан түсер шапағатты күтіп жатырмын. Үрей мен өзін жазғырған дəрменсіз сезімге бой алдырып, қалтыраған əкем аспанға телміре қарайды. Менің бассыз денем қор-қор етіп қозғалып жатыр. Рухтың дегені болды. Басы жоқ денем орнынан тік тұрды, тұрған орнында шыркөбелек айналды да, одан көшеге қарай жүгіріп кетті. Мен жүгіріп келемін, адамға да, ағашқа да, жол жиегіндегі бағаналарға да соғыла беремін.

Əлсін əлі сүрініп жығылам. Рух мені орнымнан тік тұрғызды, тік тұрғызып қана қоймай, тыным алмай жүгірткізіп қойды...

III

Мен осылай зыр жүгіріп өмір сүріп жатырмын... Жүгіріп жүріп бас құрадым, жүгіріп жүріп балалы-шағалы болдым, қазірде зыр жүгіріп өмір сүремін. Басым жоқ, рухтың дегенімен зыр жүгіріп жүрмін.

IV

Мен рухтың қалауымен дедек қағушымын. Үлкен ұлыма:

– Балам, мен түсімде сені құрбандыққа шалып жатыр екенмін, – дедім. Ол да зыр жүгіріп жүр, жүгірмей қайтсін. Ол сонда маған:

– Əке, қалай ойлайсыз, менің кесе қоятын басым жоқ қой! – деді.

Жұлым-жұлымы шыққан суреттің екі паршасы

Қараңғылық бізге жақындап келеді. Қай мезгіл, қай уақыт екенін білуге болмайды. Бұл өзі қай уақыт, біз сірə қайдамыз?... Біртіндеп айқындала түсті. Бүркелген бетперде ашылды, біздер айырылмастай бірге екенімізді аңғардық... Біз... Біргеміз.

– «Сендер оны табасыңдар... Мынаны алыңдар!» Бір буда кілт қолымызға топ етті.

– Ақымақтық, ол өліп қалған?! Кілт жерге түсіп кетті. Үн де өшті. Бала шөпке ұқсап біртіндеп өседі. Сілкініп алып ұшуға талпынған құстың қызыл шақа балапанына да ұқсайды.

– Əй... бала, сен мына бейуаз жəндікті неге өлтірдің?

– Құстың бəрі жезөкше! Біздер тітіреп тұрмыз, жылап тұрмыз...

Бала ғайып болып кетті, балапанға жүн өсіп келеді. Баланың есейгені ағаштың өскеніне ұқсайды. Ағаштың басында қауашағын ашқан гүл сияқтанып бір буда кілт асулы тұр. Біздер əн сала бастадық, торғай кілтті қағып алды да алыс жаққа ұшып кетті... «Кілттер, қалсаңшы мұнда, біз сені қимаймыз. Біз сен үшін бəрін істейміз... барымызды арнаймыз. Қалсаңшы! Біз сені сүйеміз, сен үшін барлық есікті ашамыз... Барлық есікті!» Біздер біртіндеп түсіне бастадық, біздер бір қатарда... Шұбалған жолда... Қатарда екенбіз.

II

– «Бұл қай кез, қай жер?»

– «Сендер оны табасыңдар . . . Оны сөз жоқ табасыңдар...» Діңкем құрып шаршадым. Жігерім жасып, жалғызсырадым... Аһ... о... дүние. Кел, оңалып жат, екі қолыңды кеудеңе қой, көзіңді уқалайын, кірпігің айқасар, ауызыңды жабайын, оңалып, көсіліп жат. Əйелің еңіреуін қояр емес, балаларың да жылап тұр, сен болсаң бірін естімейсің. Достарың, көршілерің де осында, сен ғана жоқ сияқтысың. Алаңдама, мен бəріне жауапты боламын. Мен сені жуындырамын...

– Су жоқ. «Жақсы, қуыстарды мақтамен тығындайық.»

– Мақта да жоқ. «Азғантай бұлдың қиындысы болса да жарап жатыр, аздап əтір сепсек...»

– Əтір де жоқ. «Ол да жоқ болса, мейлі, тіпті əтірдің де қажеті шамалы... Мен сені оларсыз-ақ арулаймын.»

– Ахиреттік бұл жоқ. «Досым, кебінсіз де мүрде болады. Сен табыт тақтайым жоқ дейтін де шығарсың, жоқ бола берсін. Менің дегеніме көнсең ғана болды. Осы маңда бір зираттың бар екенін білесің ғой. Ештемеден алаңдамасаң да болады... Міне біз де жетіп келдік. Енді кір де жата бер, бұл сенің көрің, қарашы қандай тамаша, абайла, еппен қозғал. Дұрыс, дəл солай, керіліп жат, алаңсыз ұйықтай бер. Сен қазір бостандықтасың, ноқта-жүгеннен біржола босадың, еріктісің, еркінсің, ашсың, десе де үнсіз жата бересің. Саған арнап кішкентай тесік қалтырайын, қаласаң содан сыртқа қарап жат. Не дейсің? Қажеті жоқ па? Болды, ендеше. ашуланбай-ақ қой, қажеті жоқ болса мейлі, тыныш қана жата бер.

Аласұрған біреу өз мүрдесін өзі көтеріп жүр

Əлгі, менің денемнің ішінде өлтірілген адамның бүгін жерленетінін біле ме өзі??! Білсе, ол неге басын шайқап күледі, «Қайда барасың?» деп неге сұрамайды.

I

Мені шыр айналып, көлеңкем сияқты соңымнан қалмай, бетімнен осып, намысыма тиіп, абыройымды айрандай төгіп жүрген кім? Шамасы ол менің ішімдегі адамды өлтірмекші тəрізді. Жұрттың иығындағы табытта жатып мен өз намысыма қорған болатын өлең жолдарын есіме түсірдім. Үйге қайтар жолда қашанда шабытыма шабыт қосатын сондай əуенді ыңылдап айтушы едім. Бұл жолы да басқаны ойлаған жоқпын, тек əйелімді есіме алдым. Бір сабақ роза гүлін сатып алып ойға шомам: «Есіктен кірісімен оны құшағыма алып аймаласам, иіскеп тұрып, бұрын былай істей алмағаныма өкінетінімді айтсам. Оған «Мен сені сүйемін!», «Бұрынғының бəрі шарасыздықтан болды...» десем... Көз алдымнан осы көрініс ақырласпай жатып мен үйге де жетіп келдім. Қораны өлітыныштық жайлапты. Қорғалаған бала сияқты есіктің саңлауынан сығалап, ақырын ғана əйелімнің атын атап шақырдым. Дауысым үй ішін шарлап жаңғырды да, жоғалып кетті. Қайта-қайта дауыстағаныммен, бəрібір ештеме өнетін емес, қолымдағы гүлге тамсанып қарадым, оның сиқырлы түсінен қуат алғандаймын... Дауысым əлде қайдан жаңғырып қайта оралды. Мүмкін ұйықтап жатқан болар... Олай болса тіптен жақсы. Ұйқы құшағында баяу тыныстап жатқан оны гүл иіскетіп оятып аламын. Жабулы тұрған ішкі есікті еппен ғана итеріп аштым да, ішке үңілдім. Қайдағы бір мазасыз ой басымды бұлттай торлап алды. Мен оны көз тартар көркем көріністермен

тұншықтыруға тырыстым... Мүмкін, ас үйде болар. «Жоқ!» деп айна маған тіл қатты: қарсыдағы қабырғаға ілінген айнадан өзімді көрдім. «Жоқ!» Əлде кім айнадағы жазуды менің құлағыма дауыстап оқып бергендей болды. «Сенімен бірге тұруға енді төзе алмаймын!... Қош!». «Қош!» деген сөз бадырайып көрінеді. Ерін креммен батпитып жазылған. Атылған оқтың қаңсыған жезіне ұқсаған крем айнаның алдында жатыр. «Сенімен бірге тұруға төзе алмаймын» деген сөз бен «Қош» деген сөздің арасында тұрған көп нүкте əлі кеуіп үлгірмеген қан дақтарына ұқсайды. Айнаға таяп барып, ондағы қан шапшыған өз бейнеме үңіле қарадым. Қолыма ұстаған гүлім төмен салбырап, аспаққа асылған адамды елестетіп тұр. Мені біреулер қоршап алған. Сурет сызылып болайын деді... Қолымдағы гүлім түсіп кетті... Мен үйден далаға атып шықтым.

II

«Оқып, жазып жатырсың ба? Менің тілімді алсаң бəрін таста, ол саған қайыршылық пен бас аурудан басқа түк те сыйламайды.» Досым Мусаба Керей...

Ол поэзияны терең түсінеді, алайда одан ат тонын ала қашады, поэзия деген ауру немесе ақ қағаздың бетіне төгілген көк сия дейді...

– Қонақжəйдің біріне барсақ қайтеді? Ол осылай деді, ойын іріккен жоқ. – Бүгін мен басымды қалай істетуді білемін.

– Бас істете білу дегенің ұрлық қой!

– «Қарақшыны бандының тонауы, баланың əкеден мирас алғаны сияқты».

– Бұларды қайдан үйреніп жүрсің?

– Əлгілер үйретті...

III

Жолда келе жатып, ол сөзін тоқтатты да, лоторея билетін сатқан адамның қасына кідіріп, бір билет суырды, нөміріне қарап жатпай-ақ билетті қалтасына сүңгіте салды. Темекі тұтатты да, өз жолымен жүре берді.

– Саған ұтыс шықпайды.

– Оны білемін.

– Онда неге сатып аласың?

Ол астыңғы еріндерін тістеп сəл тұрды да, темекісін құмарлана сорды: Мен осы арадағы бір Қонақжайды білемін, «Əрі арзан, əрі тамаша» дегендей, не қаласаң сол бар... Бүгін менің бір негр əйелмен болғым кеп тұр... Түнде...

– Негр əйел дедің бе?

– Иə, негр əйел... Қаралығы мына біздің өмір сияқты қап-қара. Сен қалай қарайсың?

– Маған бəрібір, менің тілейтінім...

IV

– Енді қайда барамыз?

Ол күрсінді:

– Қайда болушы еді, үйге қайтамыз да...

Мен де күлдім.

– Ал мен, үйге қайта алмаймын... Ол күлімсіреген бойда басын шайқады. Мен оның көздеріне қарап тұрып сезіктене бастадым. Əлде ол... Біліп қалды ма екен?! Мен оны сол арада қалтырдым... Өз мүрдемді өзім көтеріп кетіп барамын.

Аударған Ардақ Нұрғазы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар