Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлт жанашырының жұлдызды жолы...

02.08.2023 1987

Ұлт жанашырының жұлдызды жолы 14+

Ұлт жанашырының жұлдызды жолы - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың бас кезінде ұлт зиялыларымен азаттық үшін тізе қосып күрескен, саналы ғұмырын елдің қоғамдық-саяси өміріне арнап, патша үкіметінің отарлау, шұрайлы жерлерді тартып алу және шоқындыру саясаттарына қарсы шыққан тұңғыш заңгер Райымжан Мәрсекұлы Мәрсековтің туғанына биыл 146 жыл толып отыр. Райымжанның халқының азаттық жолында жүріп өткен жолын, соңында қалған рухани мұрасын тану бүгінгі ұрпақ парызы. Осы орайда  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім үздігі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жеті бірдей жыр жинақтың, «Жалын мен оттан жаралып...» атты мақалалар мен эсселер жинағының авторы Бақытжан Райыс апайымызбен сұхбаттасқан едік. 

Осы кезеңге дейін ұлттық идеяның ұлт жадында ірімей, шашырап кетпей, ұйып тұратыныңың бірден-бір сыры Алаш арыстарының қалыптастырып кеткен азатшыл күрескерлігінде жатқаны айқын. Алаш қозғалысының сондай күрескерлерінің бірі, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Айыртаудың тумасы Райымжан Мәрсекұлы Мәрсековтің өмірі мен еңбегінің тым кеш зерттеле бастағаны замананың шешуі қиын бір жұмбағы. Қазақтың тұңғыш заңгері, кезінде «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» беттерінде ел мен жердің көкейкесті мәселелерін жеріне жеткізе қозғап, оқырманға ой салған, қазақтың санасына сілкініс жасай білген Райымжан Мәрсекұлы туралы зерттеулердің әлі күнге мардымсыздығы сол бір жұмбақ күрескердің кезінде «қызыл Шығыс» атанған құрсаулы аймағында туып-өскендігінен емес пе екен? Біз білетін бір шындық, ата қонысынан айырыла бастаған қазақ жайын, керектің керегі – білім екендігін, патшалық үкіметтің қазақ халқына келгенде озбырлық саясат жүргізіп отырғанын ашып айтқан Мәрсековтің Алаш зиялыларының арасында аты аталғанымен, осы күнге дейін қағажу көріп, лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны. 

- Райымжан Мәрсекұлы мұрасын зерттеу алаш баласы үшін дәйім өзекті де, өміршең дүние. Қайраткер тұлғаның публицистикасын зерделеп жүрсіз. Қандай ерекшеліктеріне тоқталар едіңіз?

- Алаш арысының мұрасы ретінде қолда бар бір топ публицистикалық мақалаларына жасаған азды-көпті талдауларымыз Райымжан Мәрсекұлын туған халқына қайтаруға зәредей үлес қосса, ол да игілік. Қайраткер тұлғаның публицистикалық мақалаларына талдау жасай келе, оның өміршең жазбаларының сол кезеңде өзі де қоян-қолтық біріге қызмет жасаған Алаш арыстарының еңбектерімен үндес, жалпы Алаш идеясы біртұтас екендігіне көз жеткізуге болады. Райымжан Мәрсековтің өмірі мен қызметін, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларын саралай келе, қайраткердің сол кездегі қоғамдық-саяси оқиғаларға өзіндік көзқарасының қалыптасуына, өмірлік ұстанымына еткен ықпал-әсерін пайымдауға болады. Сонымен қатар, Р. Мәрсековтің бір топ мақалаларын көзінің тірісінде ұлт көсемі атанған Ахмет Байтұрсыновтың қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өзекжарды көсемсөздерімен салыстыру, өзара үндестігін айқындау бірталай көмбе дүниенің көзін ашады.

- Райымжан Мәрсековтің ғибратты ғұмырын, тағдыр жолын зерттеу қай кезден бастау алды? Алғаш болып бұл арнаға бет бұрған кімдер еді?

- Р.Мәрсеков туралы деректер, оң пікірлер қазақ ғылымының ірі тұлғалары М.Қозыбаевтың, М.Қойгелдиевтің Алаш арыстарын зерттеген еңбектерінде алғаш рет ашық айтылды. Бұған дейін атын атауға тиым салынған, туған-туысқандарының барлығы дерлік жетпіс жыл бойы қорлық пен қуғын көріп келген қазақтың біртуар азаматы Р.Мәрсековті зерттеу мақалалары баспасөз беттерінде көріне бастады. Р. Мәрсековті жоқтау, іздеу салу, қайраткер туралы деректерді бір ізге түсіруге талпыныс 1991 жылы, «Семей таңында» жарияланған ардагер ұстаз Қарпық Егізбаетің «Жылдар бойғы бүркеншік алынды» атты көлемді мақаласынан басталған тәрізді. Р. Мәрсековтің өмірі мен еңбектері жөніндегі құнды деректердің авторы 1999 жылы «Қазақ тарихы» журналында жариялаған «Алаштың арысы – Райымжан Мәрсеков» атты мақаласында қайраткер туралы мәлімет берушілердің ауа жайылып, ақиқаттан алшақтап кетпеуіне шақырады. Мақала авторы өзінің Р.Мәрсеков туралы нақты деректерді марқұмның Қытайда қалған әйелі Нұржамалдың өз аузынан жазып алғанын айтады. Р.Мәрсековтің өмірі мен еңбегі жөніндегі негізгі мәліметтер М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бұрынғы ғылыми қызметкері Байғалиев Бейсенбай марқұмның 1997 жылы «Түркістан» газетінде жарияланған «Райымжан Мәрсеков» атты мақаласында келтірілген. Қолымызда бар деректер Р.Мәрсековтің 1922 жылға дейінгі өмірін былайша мәлімдейді. Р.Мәрсеков 1877 жылы Шығыс Қазақстан облысында (бұрынғы Өскемен уезі, Айыртау болысында) дүниеге келген. 1902 жылы Санк-Петербург университетінің заң факультетін бітірген, заңгер. Р Мәрсеков Санк-Петербургте оқып жүрген кезде студенттер толқуына қатысып, патша өкіметінің қудалауына ұшырайды. Бұл оқиға Р.Мәрсековтің жас кезінен-ақ саяси көзқарасы қалыптаса бастағанын көрсетеді. Петербург университетін бітірген соң қызметке шақырылған Р.Мәрсеков он жыл бойы Омбыда заңгер қызметін атқарады. 1912 ж. Семей қаласына келген қайраткер мұндағы заңгерлік және саяси қызметіне белсене кіріседі. Р.Мәрсековтің Семейге келуі қазақ қоғамы үшін үлкен оқиға болады. Өзінің терең білімін, қажымас қайрат-күшін туған халқына арнауды анық мақсат еткен Р.Мәрсеков заң, прокуротура, билер соты ісінде білгірлік танытып, елдің ризашылығына бөленеді. Қазақ халқының азаттығы үшін жалтақтамай, ашық күресуіне, бостандық пен еркіндік жолындағы азатшыл ойларын бүкпесіз білдіруіне Петербургтегі Император университетінің Заң факультетін бітіруі зор ықпал еткені көрінеді. 1997 жылдың 26 желтоқсанында «Егеменді Қазақстан» газетіне шыққан заң ғылымының кандидаты Сәкен Өзбекұлының «Жұмбақ жан» атты мақаласында  Р.Мәрсековтің Семей қаласында «кісі өлтірді» деп айыпталған жеті адамды дәлелді түрде, білгірлікпен түрмеден босатып алғанын қайраткердің өз мақаласына сүйеніп жазады. («Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен?) Мақала авторы осы орайда Р.Мәрсековтің сот ісі теориясын жетік меңгерген үздік заңгер болғандығына назар аударады. «Атап айтқанда, Р.Мәрсековтің заң ғылымынан, қылмыстық істің дәлелдеу теориясынан, сот психологиясынан терең білімі болғандығын айқын көрсетеді», – дейді автор. Р. Мәрсековті зерттеуді түбегейлі қолға алып жүрген зерттеуші ғалым Светлана Садуақасованың 2001 жылы «Арыс» баспасынан шығарылған «Қазақ қайда барасың?» атты кітабы Мәрсековтану саласының басында тұрған құнды еңбек екені аян. Зерттеуші ғалым С.Садуақасова жұртшылыққа тұңғыш рет Р Мәрсековтің өз заманында озық ойлардың жаршысы болған мақалаларын жинақтап, ұсынады. Қайраткер туралы сол кезге дейінгі деректерді айқындап, ғылыми пайымдауларын жасайды. «Заңгер, публицист, қоғам қайраткері аяулы алаш азаматы Райымжан Мәрсековтің артында қалдырған мұрасын жинақтап, халқымызға ұсынуды үлкен міндет көрдік. Бұл кітапта оның өмірі мен жазған еңбектері толық емес, әлі де зерттей түсетін тұстары көп»,- дей келіп, болашақта қайраткердің өмірі мен мұраларының жан-жақты зерттеле беретініне сенімін білдіреді.

 - Райымжан Мәрсекұлының азаттық үшін күрес жолы қалай өрбіді? Омбыдан Семейге келіп қандай істерге араласты?

- Зерттеушілер келтірген деректерді салыстыра келе, Алаш арысы Р. Мәрсековтің бүкіл саналы ғұмыры қазақ халқының Тәуелсіздігі жолындағы айнымас күрес жолы болғанына тағы да көз жете түседі. Ол 1902-1912 жылдары Омбыда арнайы шақыртумен қызмет істеп, заң қызметкері ретінде әбден шыңдалып келеді. 1912 жылы Мәрсековтің табаны сол кездегі қазақтың рухани астанасына айналған Семей қаласына тигенде, халық қатты қуанған екен. 1912 ж. «Айқап» журналында оның Семейге көшіп келуіне байланысты мынадай қуанышты мақала жазылады: «Присяжный поверенный адвокат Райымжан мырза үй ішімен Семейпалат қаласына келді. Райымжан мырза халқының ғұрпын, әдетін білу үстінде мұсылманша білікті кісі болғандықтан мұндағы мұсылман ағайындарға бек пайдалы кісі болар деп үміт етеді. Жұрттың көбі орысша білмегендіктен адвокаттарға бірер ісі түсе қалса өзінің жұмысын ұқтыра алмай азап шегуші еді. Қалайда Райымжан мырзаның жұртқа пайдасы тиер деп ойлаймыз». Шынында да, Р.Мәрсековтің келуімен Семейдегі сот ісіндегі былықтар аршылып, түрмедегі жазықсыз тұтқындар босай бастаған. Сондай мәселелердің біразын қайраткердің өзі «Айқап» журналына басқан «Қазақ қайда бара жатыр?», «Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен» атты мақалаларында ашып, талдап жазады. Заңгер ел ішіндегі құқық бұзушылыққа төзе алмай қарсы шығады. Заңсыздықтың патша әкімдері тарапынан болып отырғанын, сонымен қатар кейбір жергілікті билердің де заңды өрескел бұзып отырғанын ашық сынайды. Семейде қызмет істеп тұрғанда аса білімді де білікті адвокат ретіндегі Мәрсековтың беделі өте жоғары болғаны көрініп тұрады. Р.Мәрсековтің Алаш ұранды азамат атанып, келелі кеңес құрысып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай бастағаны да осы Семейде басталған. Елдің біртуар ұлдары, сол кездегі ақыл-ой көсемдері жартылай тәуелділік шырмауында есеңгіреп қалған ел санасын оятуға күш салды. «Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап», «Серке», «Айқап», «Шолпан» сияқты басылымдарда үзбей мақалалар жазып, халықтың «көзі мен құлағы һәм тілі» бола білді. Бір ғажабы, сол кездегі ел бастаған Алаш көсемдері шетінен көсемсөзші, ғалым, тіпті әдебиетші де бола білді. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құрып, бостандық үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Жаханша Сейдалин, Халел Досмұхамбетов секілді ұлт зиялыларының ортасында Райымжан Мәрсеков те бар еді. Бұл есім бертін келе, тек Мәрсеков Қытайға өткен 1922 жылдан бастап көмескілене бастағанын байқаймыз. Барлық Алаш арыстары сияқты Р. Мәрсеков те ұлт мүддесіне кереғар патша саясатына қарсы келгенін, Алаш партиясының белді мүшесі болғанын тарих бізден жасыра алмаған. Барлық Алаш арыстары сияқты, Р.Мәрсеков те сол кезеңде әлеумет ісіне белсене араласып, өзінің жұрт жадында жатталып қалатын «Қазақ қайтсе жерге ие болады?», «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы», «Керектің керегі – білім», «Бас қосудың керегі» сияқты мақалаларымен аты шықты. 

Оның Алаштың басты газеті боп саналған «Серкені» шығаруы, оған құрылтайшы болуы да үлкен қайраткерлікті көрсетеді. Алашорданың Семей облыстық комитетінің басшыларының бірі ретінде Р.Мәрсеков кезінде Алашорда үкіметін менсінбеген, оны өкімет деп танымаған Сібір өкіметіне наразылық білдіріп, ендігі жерде қазақ халқының оларға бағынбайтынын мәлімдеген екен. 

1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында бірінші жалпықазақ съезінің ойдағыдай өтуіне Р. Мәрсековтің сіңірген еңбегі зор болғаны байқалады. Съездің болуы керектігі туралы газет бетінде алғашқылардың бірі болып ортаға ой салған да Р. Мәрсеков еді. Ол өзінің «Бас қосудың керектігі» атты мақаласында былай дейді: «Ойлап қарағанда үш жүздің баласының басы бір жерге қосылуының өзі әлденелік емес пе? Басымызды қосқан соң ақылды бір келтіріп бізге не керек, не пайда, не зор соны айырсақ ол біздің жол тапқанымыз болмай ма? Ал енді жиыла қалғанда Русияға қараған қазақтар үшін орталық жер Оренбург шаһары болар дейміз». Көріп отырғанымыздай, бас қосып кеңес құратын, жер мен ел мәселелерін қарастыратын сьездің не үшін керектігін мақала авторы анық көрсеткен. Сонымен қатар, сьезге жиналатын жерді Орынбор шаһары болса деген. Семей қазақ облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде 1917 жылы сәуірде өткен Семей облыстық съезінде төраға серіктесі боп, басшылық жасайды. Райымжан Мәрсеков 1918-1919 жылдары Семей облыстық Жер басқармасының төрағасы қызметін атқарған. Алаш жайын ойлаған қайраткердің жер туралы мақалаларында қозғалған мәселелерді өзі де тікелей шешетін шақ туғанда, ол аянып қалмайды. Азамат соғысының ауыр жылдарында Райымжан халықты төніп келген аштықтан құтқарады. Азық-түлік жетіспей, киім-кешек тапшылығы әбден білінген шақта ол Семей Жер басқармасының атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап әкеліп, бұқара халықты күнделікті тұтынатын ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Р. Мәрсековтің зор қайраткерлігі оның 1918 жылы жаз айларында Семейден Қытайға шыққан іскерлік сапарынан да көрінеді. Ол бұл сапарға Алашорда басшыларының бірі ретінде аттануы да жайдан-жай емес екені белгілі. Делегация құрамында Алашорда басшыларынан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков болған. Мақалаларының бірінде егер патша үкіметі қазақтан әскер жасақтайтын күн туса, бізге атты әскер полкін құруға болар еді деп армандаған Райымжан ақыры сол мақсатқа да жеткендей болады. Ол 1918 жылы Ә.Бөкейхановтың басшылығымен құрылған Алашорда полкін жасақтауға қатысады. Азамат соғысы кезіндегі ақ пен қызылдар арасындағы соғыстың большевиктер пайдасына шешілуі алашордашылардың қазақ Ұлттық Автономиясын құру туралы мақсаттарын түбегейлі жойды. Шын мәнінде Алаш арыстарының ешбір көрші мемлекеттерге, ешбір ұлтқа қарсы арам пиғыл, жат ойы болмағаны ақиқат. Алашордалықтардың бар мақсаты халықтың саяси билігін өз қолына әперіп, тәуелсіз өкімет орнату болатын. Ұлтты сақтап қалудың басқа жолы қалмағанын жақсы түсінген Алаш зиялылары Кеңес өкіметіне қызмет етуге кіріседі. 1922 жылдары Райымжан Семей губерниялық атқару комитетіне ақпарат-нұсқаушысы бөлімінде инспектор тексеруші қызметін атқарады. Оны белсенді саяси қызметтен шеттетіп, соңына тыңшы қойғаны, қудалауға түскені белгілі болады. Зерттеуші Нұрбек Шаяхметов Р.Мәрсековтің қоғамдық-саяси қызметіндегі шыңдалу жолын үш кезеңге бөлуді ұсынады. 

1-кезең: ХХ ғасыр басынан 1914 жылға дейінгі кезеңде Санк-Петербург университетінің қабырғасында жүріп, студенттік қозғалыстарға қатыса отырып, саяси көзқарасы қалыптасты және бұл кезең – Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, С.Сыртановтармен ұлттық езгіні жою үшін күресте пікірлес, серіктес болған кезеңі. 

2-кезең: Саяси күресте Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатовтардың көзқарастарын дұрыс көріп, алаштық идеологияны ту етіп күрескен кезеңі – 1914-1918 жылдар, – дей келіп мақала авторы 

3-кезеңге 1918-1937 жылдар аралығындағы большевизммен ымырасыз күрес жылдарын жатқызады. Осы уақытқа дейінгі зерттеу мақалалар мен еңбектердің барлығы дерлік Алаш арысы Р. Мәрсековтің 1922 жылы Қытайға өткеннен кейінгі қайраткерлік қызметінің бәсеңдегенін, туған халқы үшін өзінің мол білімін, қажыр-қайратын толық жұмсай алмағанын дәлелдейді. Р.Мәрсековтің Қытайда өткен 14 жылы толық зерттелмеген. Қытайдағы ұрпақтарының, көз көргендердің айтуына қарағанда, Р.Мәрсеков өзімен бірге үнемі кітап пен қағазға толы екі сандықты тастамай көтеріп жүреді екен. Мәрсековтің Семей қаласында тұратын жиен немересі Қойгелдинов Кәкім Қаженұлы осы орайда өз өкінішін жасырмайды. Ол кісінің айтуы бойынша, Р.Мәрсековтің бізге белгісіз қолжазба еңбектері болуы әбден мүмкін. 

- Райымжан Мәрсековтің мақалалары азаттық жолындағы күрес пен Отанды сүюдің шынайы үлгісі екені даусыз. Азаттық жолындағы күресте Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатовтармен үнемі пікірлес, серіктес болғаны ақиқат. Сонымен қатар, ол газет беттерінде Алаш басшыларын үнемі қолдап, жабылған жалалардан арашалап отырыпты. Осы дүниелерді кеңінен тарқата түссеңіз... 

- Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың тұтқынға алынуына байланысты ел ішіндегі дүрбелеңді сынай отырып, Р.Мәрсеков былай дейді: «Олар не үшін тұтқында болғанына көз жіберу керек. Жамандық қылды ма, бұзақы, сотқар болды ма? Жоқ, жұрт үшін қайғырып, ел үшін күйініп жүрген ерлерге ондай іс батырдың басына соғыста салған жарадай болып, батырлық, қаһармандық белгісі деп айтамыз біз».  Осылайша, өз заманының білгір заңгері, қоғам қайраткері барлық заман адамдарына үлгі боларлықтай азаматтық көзқарасымен таңқалдырады. Қай мәселеде болмасын, Алаш зиялыларының берік қалыптасқан біртұтас көзқарасты берік ұстанғанын байқаймыз. Отаршылдықтың шектен асып бара жатқан зорлығы, жер мәселесі, 1916 жылғы көтерілістің халыққа ешбір пайда әкелмейтіндігі, білім, мәдениет істері. Тіпті қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаетың да тұңғыш зерттеушілері – Алаш арыстары. Әлихан Бөкейханов Абайдың қайтыс болуына бір жыл толуына байланысты тұңғыш рет Абайды зерттеген мақала жазса, Ахмет Байтұрсынов өзінің «Абай – қазақ халқының бас ақыны» атты мақаласымен Абайтанудың іргетасын қалап кетті. Р.Мәрсековтің Семейде тұңғыш қазақ әдеби кешін ұйымдастырғаны, онда өзі де қазақ әдебиеті жөнінде сөз сөйлегені белгілі. Қазақ әдебиетін кезеңдерге бөлген құнды ойларынан кейін Р.Мәрсеков те Абай шығармашылығына біраз тоқталады. Ахмет Байтұрсынов Абайды түсіну үшін алдымен оқырманға көп дайындық, білім керектігін ескертсе, Райымжан Мәрсеков сол кезеңдегі әбден шұбарланған кітаби тілден қазақ баласын Абай құтқарғаны жөнінде батыл пікір айтады. «Қазақ әдебиетін көркейтіп, көгертіп, түрлендіріп, сөз қадірі кетіп бара жатқан уақытта сыртына өң беріп, ішіне жан кіргізіп, сөз қадірін танытқан осы Абай болды», –дейді автор. Осылайша Алаш алыптары қазақтың біртуар ақынына алғаш рет зор баға берген. Олар, әрине, Абайдай ақыны бар халықтың отаршылдық тепкісінде бұдан былай қала алмайтынын жақсы түсінген. Сондықтан да Абай жайындағы келелі ойларын халық арасына кеңінен таратып отырған. 

- Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Райымжан Мәрсековтің мақалаларындағы үндестікті жиі байқаймыз. Осыған нақты дәлелдер келтіріп өтсеңіз? 

- Алаш қозғалысының басты себептерінің бірі – жер мәселесі болғандығы даусыз. Ресей патшалығынан қоныс аударушылардың жергілікті жерде үстемдікке ие бола бастауы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың зығырданын қайнатты. Олар саясаттың шамына тимей, әдептен озбай, халық мүддесін қорғап қалуға тырысты. Осы орайда жазылған қос арыстың мақалаларын салыстырып, олардың қандай ұстанымда болғанына көз жеткізуге болады. А.Байтұрсынов «Қазақтың өкпесі» (1911 ж.) атты мақаласында: «Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп хүкіметке өкпеледі. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген деп өткендерге өкпеледі». А.Байтұрсынов осының бәрі қазақтың білімсіздігінен болған жайлар екендігіне ашынады. Шұрайлы жерлерге мұжықтардың ие боп жатқандығы туралы ашық пікір білдірмейді. Автордың жер мәселесіндегі нәубетке жаны ауырады. Ал Р.Мәрсеков «Жер мәселесі» (1912 ж.), «Қазақ қайтсе жерге ие болады?» (1912 ж. «Айқап», №2) мақалаларында мәселеге әлдеқайда нақты қараған. Жер мәселесі жөніндегі әділетсіздіктерге ашық қарсы шығады Бұған қазақтың өзін кінәламайды. Қазақ халқының таулы, тасты, егістікке қолайсыз жерге ығыстырылуын нақты айғақтар келтіріп, дәлелдейді. Ол мұжыққа берілетін 15 десятина жердің қазақ тұрмысына аздық ететінін баса көрсетеді. Осы сұранысты ұлық қабыл алып, мәселені қазақ пайдасына шешер деген үмітін де жасырмайды. Бұл жерде Р.Мәрсековтің заңгер ретінде адам құқығының аяққа басылып жатқанына аса батылдықпен қарсы шыққанын көреміз. Кейін оның басқалардан алабөтен қудалануына да осындай батылдығы мен шыншылдығы себеп болса керек. «Көшпеліліктен отырықшылыққа айналу өте қиын мәселе һәм тіршілік мәселесі. Бұл мәселе, әсіресе қазақ даласына ішкі Русиядан мұжықтар ағыла бастағаннан бері қиындады», – дейді. Бұдан әрі мақала авторы мынадай шындықты жайып салады. «Жер кесуші төрелерде тағы бір үйреніс бар. Олар қазақ жерінің ең қоңдысын мұжықтарға, һәм казактарға алады да, қазақтарға ең нашарын қалдырады». А.Байтұрсынов «Шаруа жайынан»(1913ж.) мақаласында сол аз жерді құнарландырып, аз малды асылдандырып жағдайдан шығудың жолын көрсеткен. Бұл жерде Алаш көсемі империя саясатының озбырлығы жұрт ойлағаннан әлдеқайда тереңде жатқанын жақсы түсінгенін байқаймыз. Ол өзінің «Білім жарысы» мақаласында ұлт үшін ең керегі білім мен ғылым екенін, оған еркін қол жеткізу үшін не қажет екенін тап басып айқындап береді. Р.Мәрсековтей емес, А. Байтұрсынов қазақтың кемшілігін ұлы Абайша бетіне басып, сынайды. Ол ертелі-кеш қымыз ішіп, ет жеп, уақытты ас пен тойда өткізіп, «бекер мал шашатын» байлар өз қаржысының бір бөлігін білім жарысына арнамас па деген ұтымды ұсыныс жасайды. Жүз жыл өтіп кетсе де бұл пікірдің қазіргі заманға да қатысы бар. Р. Мәрсеков «Керектің керегі – ғылым» мақаласында дәл сол кезең үшін ең керегі ғылым мен білім екендігін нақты мысалдар келтіре отырып, ел санасына ұтымды жеткізе білген. Сонымен қатар, ол мектеп, медреселердің санын көбейтіп, шикізатты өңдеп, өз еңбегінің жемісін қазақ өзі көретін жолдарды ұсынады. Р. Мәрсековтің жер байлығын пайдалану жөніндегі пікірі әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпай отырғанына таң қалмасқа болмайды. Алаштың қос арысының халық мүддесіне келгенде пікірлері бір жерден шығып отырған. Олардың бір-бірінің мақалаларының талдай оқып, бір біріне ой қосып бірін бірі жалғастырып, дамытып отырғаны байқалады. Оған мысал ретінде зерттеуші Нұрбек Шаяхметовтың мына пікірін келтіруге болады. «Р.Мәрсеков отырықшылықтың пайдалылығын түсіндірді, алайда ол заңгер ретінде «Далалық Ережедегі» отырықшылық саясат пен отаршылдық саясаттың бір-бірімен астасып жатқандығын зерделей білді және сол тарихи кезеңде 15 десятинамен қазақ күн көре алмайтындығына көздерін жеткізді. «Мұжыққа лайықталған өлшем бізге лайық емес, – деді» бұл дәлелді пікірді А.Байтұрсынов қолдаған болатын:

«Біз қазаққа қала болма демейміз. Жақсы жеріңе жиналып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, 15 десятинамен қала болам десеңдер күн көре алмайсыңдар дейміз».

Сол кезде Р.Марсековтің көшпелі қазақ 15 десятинадан жер алып отырықшы болғанмен, күн көре алмайтындығын ескерткен пікірі халық арасынан кең қолдау тапқан көрегендік болатын. Оған 20-30 жылдар арасындағы ашаршылық анық дәлел болып шықты.

- Райымжан Мәрсековтің мақалалары – Тәуелсіздік тарихы үшін баға жетпес құнды мұра. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының отаршылдық езгіден есі шыққан халыққа тығырықтан шығар жол көрсетіп, қоғамның барлық салаларында жанқиярлық еңбек еткені анық. Олар қазақтың тәуелсіз ұлттық мемлекетін орнату үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасаған. Бүгін неге қайраткерді өз биігіне шығара алмай келеміз? 

- Қазақ жерінің шекарасын анықтап бекітіп алу, саяси теңдікке қол жеткізу, мал, егін шаруашылығын жолға қою, оқу-білім мәселелері, ғылымды дамыту және тағы басқа толып жатқан мәселелерді шешу-Алаш арыстары үшін өмірлік маңызға ие болған. Бұл туралы А.Байтұрсынов былай деп жазып кетті: «...жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін амал қылмай, қарын тойғанша мәз болып, мал өлімінде өлмейік». Алаш арыстарының осындай ауқымды тарихи миссиясы көп жағдайда баспасөз арқылы жүзеге асып отырды. Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің өкілдері өз ойларын «Қазақ», «Айқап», «Дала уалаяты», «Серке», «Шолпан», «Алаш» басылымдарында білдіріп, халыққа ұдайы жол сілтеп отырды. Райымжан Мәрсеков те Алаш партиясының белді бір мүшесі ретінде халық мүддесіне байланысты барлық мақсаттар мен міндеттерді орындауға араласып отырды. Р.Мәрсековтің публицистикалық мақалаларын өзі қозғаған мәселелері бойынша былайша топтастыруға болады:

 1. Жер мәселесі. Көшпенді халықтың отырықшылыққа көшу жайы. 

 

Мақалалары: «Ата қонысынан айрылған қазақ жайы», «Жер мәселесі», «Қазақ қайтсе жерге ие болады?».

 Бұл мақалалардың қай-қайсысында болмасын қайраткер өз ойын бүкпелемей, ашық айтады. Қазақ жерінің жыл өткен сайын тарылып бара жатқанын, жер қазынанікі болғандықтан, мұжық келіп жерді алмай тұрмайтынын айта келіп, Р.Мәрсеков: «Жер біздікі, бізге мужик жіберме деуге, жалғыз-ақ біздің айтуымызға сияды: «Біз дағы патшаға бағынған халық. Біз баяғыда Қытай патшасынан, бір жағынан ақ патшадан елшілер келіп, бізге қараңдар деп қол салғанда, біз ақ патшаға қараймыз, әділеті көп, халықты тыныштықпен билейді, кеңшілік мол деп қараған жұрт едік, оқ атып, қылыш суырмай, бар жерсуымызбенен. Енді бізді іске алғысыз қылып, көз жасымызға қалуға лайық па?», – дейді. Осыншама өткір, төтесінен қойылған сұрақтардан кейін Р.Мәрсековтің ерекше қудалауға түсіп, кейіннен «банда» атануы өз-өзінен түсінікті боп шығады. Жер мәселесінің туу тарихын осылай зерделей келе, Р.Мәрсеков қазақты отырықшылыққа көшірудің бейбіт, эволюциялық жолдарын ұсынады. Оған жоғарыда тоқталып өткенбіз. «Жер мәселесі» мақаласы да сол кездегі қоғам зәру боп отырған сұрақтарға жауап беру мақсатынан туындайды.Не қазына белгілеген кесімді жерді алып қала саларын, не жерді алмай, қала салмай көше берерін білмей дал болған қазақтың қамын жейді. Өскемен уезі, Айыртау болысында жер алуға арыз берген қазақтардың таутасты, шаруаға қолайсыз жерге ие болғанын, ал шұрайлы жердің қазына участогына қалдырылғанын ашып жазады. Сөйтіп, іс осылай жалғаса берсе, қазақ шаруасының күйрейтінін ескертеді.  Қазақ жеріндегі отаршылдық саясатты қайраткер Мәрсеков «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы» атты мақаласында мейілінше әшкерелеген. «Ата қонысынан айрылып барарға жер басарға тау болмай, дал ұрып отырған жер иелерін көзіміз сан көреді. Мұндайға қазақтың қылған айласы тапқан ақылы болмай жүргенін тағы көреміз. Осындай жайға ақыл табылары бар ма? Табылғандай болса біздің қолымыздан келер не?» дей келе мақала авторы Семей облысы Павлодар уезіндегі Басқұдықта 299 үйдің жері 1911 ж. «Айрықша қазына пайдасына ағаштыққа» алынғанын дәлел ретінде келтіреді. Үй иелеріне ақша беріп, атабабасының жерінен көшірмекші болған уездік комиссияның әрекеттерін жайып салады. Сонымен қатар, Р.Марсеков «Далалық Ереженің» 120- бабын сынға алады. «Көшпелі халықтан алынатын “артыларлық” жер туралы ережені талдайды: “артыларлық” деген сөздің мағынасы не? Мұнда “артылған” жер деп айтпай “артыларлық” дейді. Бұл арада біздің абайлауымызша артатындығы анық болған жер деп ұғыну керек. Өйткені жер өлшенбей тұрып, артылар-артылмасына кімнің көзі жетеді: Қыстауды, егіндікті, шабындықты, күзекті артық деген асылы болмайды. Жайлаудың да бәрін артылатын жер деп санауға және келмейді: Бұл жұмбақты шешетін кім? Жердің өлшеуін алып, артығын алатын кім? Осы араға келгенде мизамның бізге тауып берері жоқ», – деп ой түйеді. Осылайша, Р.Мәрсеков патша үкіметінің қазақ жеріне қол сұғуын мысалдар келтіре отырып, өкіметтен әлі де қайырымдылық күтеді. Дума қазақтан депутат алып, осындай зор мәселелерді шешеді деген үміттен, сенімнен айнымайды. Көріп отырғанымыздай көшпенді қазақтың өз жеріне ие болып отырықшылыққа бірте-бірте көшу тарихында Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековтің да зор үлесі болған. 

2. Заң, сот ісі, билер соты туралы мақалалар: «Қазақ қайда бара жатыр?», 

«Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен?», «Заң жобасын дайындайтын комиссия», «Келісімді малды алып беруге жауап алынды ма?» «Қазақ билерінің тексерулері» 

«Қазақ қайда бара жатыр?» атты мақаласында Семей уезі Айғыржал болысының Семей абақтысында 4 ай бойы жазықсыз отырған бір адамы туралы жаза келіп, сот ісіндегі заңсыздықтарды әшкерелейді. «Осы күнде екі жақсының бір ынтымақта болуы кемде кем болды. Жақсыларымыз жұртына қорған болып, елінің қамын ойлайын дегеннен қалып, мақсұттары бірін бірі мұқату болды. Біреу біреуден адал ақысын алып, қолы теңдікке жету деген қалды. Көбіндегі көретініміз-өтірік дауды билер көтермелеп, қисық кетіп жатқаны». Қазақ халқының тұңғыш заңгері Райымжан Мәрсеков сол кезеңдегі заң орындарында орын алған былық-шылықтарды әшкерелейді. Бұл пікірлердің біздің заманымыздағы қазіргі кездегі сот орындарындағы кейбір келеңсіздіктерге де қатысы бар. Тек шындықты, туралықты таңдайтын Р.Мәрсеков осы мақалада былай деп ой қорытады: «Адалдық бітіп, кісілік таусылып, нашарлар теңдікке жетпей, мал түгіл қатын-балаға ие болмас заманға біздің қазақ ұшырап тұр. Өстіп отырған жұрт осындай залымдыққа душар болып, ақыл таба алмай сандалған ел қайтіп күнін көрер, қайтіп ел болар?!». Мақала авторы осы тығырықтан құтылудың жолы оқу, өзгелерден үйрену, адал кәсіп істеу деген ұсыныс жасайды.

 3. Ғылым, білім, мәдениет мәселелері. Мақалалар: «Керектің керегі – ғылым», «Шын сөзге жан пида қылушыға», «Газетаға сөз жазушыларға», «Қазақ әдебиеті жайынан» 

«Керектің керегі – ғылым» атты мақаласында қайраткер адамға қару-жарақ қандай керек болса, ғылым білімнің де сондай керек екенін дүние жүзіндегі елдерден мысал келтіре отырып дәлелдейді. Бұл заманның ғылым заманы, ғылымсыз халық қарусыз адам сияқты кемтар болатынын айтады. Момын, аңқау қазақтың мал өнімдерін арзанға сатып, одан жасалатын заттарды тым қымбатқа сатып алатынын ашына жазады. Ұшан-теңіз жерінің байлығы өз аузына тимей отырған қазақтың бейшара күйін ғылым-білімнің кемдігінен деп санайды: «Ұмтылатын заман келді: Ерлердің қайраты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, бірлігі, ынтымағы сыналатын жорық болды. Қазағым ойлан, толған; Ғылымсыз күн қараңғы түн». «Қазақ әдебиеті жайынан» атты әдеби кеште сөйлеген сөзі Р.Мәрсековтың тек Алаш ұранды азамат қана емес, терең білімнің парасат-пайымның, сарабдал сананың иесі болғандығын дәлелдейді. Оның қазақ әдебиетін үш кезеңге бөліп қарастыруы, мысалдар арқылы талдауы сол кезеңдегі қазақ мәдениетіне қосылған зор үлесі еді. «Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шейінгісін 3 дәуірге бөлуге болады: 1-дәуірі-ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез: Сөз білген, өлең білгендер ол заманда ел ішінде қадірлі болған. Бұлардың қадірлі болу себебі сөз бағалы болып, өлең мен күй адам баласының өнерінің зорына саналған. Енді әдебиеттің 2-дәуірі келді. Бұл екінші дәуір жазудың халық арасына көбірек таралған заманы...» дей келіп Р.Мәрсеков кітаби тілдің дамыған кезіне талдау жасайды. Дәлірек айтқанда кітаби тілдің қазақтың ауызша әдеби тіліне орасан зор кедергі жасағанын ашып айтады. Ел арасына тараған араб-парсы тілдерімен шұбарланған кітапшалардың ән айтып, домбыра шертуге қарсы қойылғанын әдебиеттің төмендеп, тілдің кедейленіп кеткеніне себеп етіп көрсетеді. Автор қазақ әдебиетін 3-кезеңі ретінде Абай шығармашылығын қарастырады. Қазақ әдебиетінің өлшеусіз өсіп өркендеуіне Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин сияқты жаңашыл ақындардың ықпалы зор болғандығын дәлелдейді. Ол Абайдан үлгі алған жас ақындардың келешекте әдебиетті түзу жолға түсіріп, сөз қадірін, өлеңнің қасиетін одан әрі дамыта беретіндігіне сенім білдіреді.

 4. Саяси-әлеуметтік мәселелер. Мақалалар: «Бас қосудың керектігі», «Патшалықтар арасындағы заң», «Тек жатпау керек», «Сайлау хәм оның ақырғы заманы», «Бюроға кісі жіберу».

 Р. Мәрсеков барлық Алаш арыстары сияқты, саяси-әлеуметтік мәселелерге керек кезінде үн қосып, өз пікірін ашық білдіріп отырды. Ол 1917 жылғы желтоқсанда Орынбор қаласында өткізілген жалпықазақ сьезінің болуына ат салысқаны байқалады. Р.Мәрсеков съезде қаралатын мәселелерді анықтайды. Ең басты мәселе – жер мәселесі болатынына сенімділік танытады. Екіншіден, мемлекеттік Думаға қазақтан да депутаттар болатындығы туралы мәселе қозғалатын шығар деп тілейді. Үшінші, Петерборда қазақ жайынан еш нәрсе білмейтіндердің шығарған низамына түзету енгізілсе дейді. Медресе, емдеу орындарын ашу, егін, мал шаруашылығын ұлғайтып земство құру жайлары осы бас қосуда қозғалатынына үлкен үмітпен қарайды. Саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалаларында Р.Мәрсеков дүние жүзіндегі патшалықтар тарихынан мысалдар келтіре отырып, Ресей патшасының қазақ халқына әділ болуын, халықтың өсіп жетілуіне жағдай жасауын сұрағандай болады. Алайда патшалық заңның қазаққа келгенде әділетсіздікке бой алдыратынынан қынжылады. 

5. Әйел теңсіздігі мәселесі Мақалалар: «Әйел деген статья турасынан», «Қазақ қыздары», «Қазақ қайда бара жатыр?»

 Сол кезеңдегі барлық қазақ оқымыстылары сияқты Р.Мәрсеков те әйел теңсіздігі мәселесінен айналып өтпеген. «Қазақ қыздары» атты мақаласында қыздардың өз қалауынша тұрмысқа шыға алмай, ескіліктің құрбаны болып жүргеніне өзі көріп жүрген оқиғалардан мысал келтіреді. Алайда, Р.Мәрсековтің пікірінше, сол кездегі қыздардың бәрі малға сатыла бермеген. Осының дәлелі ретінде автор орташа ғана дәулеті бар бір кісінің қызын қорлыққа бермес үшін 70 қой санап беріп, қызын қайтарып алғанын келтіреді. Жұрттың бәрі осылайша қыздарын жылатпау үшін орта байлығынан бас тартып, кедей болуға риза болса бұл жұртқа үлгі боларлық іс қой дегенді айтады: «Құдай-ау шығара көр осындай қып, көбірек өз балаларын жақсы көретұғын ата-аналарды». «Әйел деген статья турасынан» мақаласында Р.Мәрсеков өз замандастарынан өзгеше оқшау пікір айтады. Ол өзінің «қазақ әйелдері үлкен қорлықта өмір сүріп жатыр» деген пікірге қосылмайтынын білдіреді. Ол әйелдің ерге тиген соң басынан билік кетіп күйеуінің меншігіндегі мүлікке айналатынын тілге тиек еткен жазушыға қарсы шығады: «Қазақ әйелінің басынан билік мүлде кетпейді, қайта көбі байының ақылдас серігі болып кетеді. Ері үй жамағатының бастығы, жалғыз онан үлкен емес. Шаруа жүріс-тұрысының көбін-ақ қатынымен ақылдасып істейді. Қырда қатыны шаруа жүріс-тұрысын билейтін ер көп жолығады». Бұдан кейін автор сол кезеңдегі ерлердің бұрынғыдай емес, шаруа ісіне араласып әйелімен бірге тұрмыс құрып жатқанын «Қазақ қатыны бәрін істейді, еркегі еріншек, дәнеме қылмайды» деген жазушының сөзіне қарсы қояды. Осы пікірлерге қарап, Райымжан Мәрсековтің әрқашанда өз ұстанымында қала білген бірбеткей, зор ақыл мен қайрат иесі болғанын көруге болады. 

- XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі – Райымжан Мәрсеков. Алайда белгілі бір себептермен Райымжан Мәрсековтің есімі Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін қоғамдық ғылымдарда жеткілікті түрде аталмай келді. Райымжан Мәрсеков туралы ғалымдар М.Қозыбаевтың, М.Қойгелдиевтің зерттеулерінде аталып өткенімен, қалың жұртшылыққа танымал зерттеу еңбектер мардымсыз еді. Мұның себебі неде?

- Р. Мәрсеков туралы «Ақиқат», «Қазақ тарихы» журналдарында, «Егеменді Қазақстан», «Түркістан», «Дидар» газеттерінде 1991 жылдардан бастап жазыла бастаған зерттеу, естелік мақалар мен 2001 жылы «Арыс» баспасынан шыққан ғалым Светлана Садуақасованың «Қазақ қайда бара жатыр?» атты кітабы – Мәрсектанудың басы болатын. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, Р.Мәрсековтің 1922 жылы Қытайға өтіп кеткенге дейінгі өмірі бір ізге түскен. Дегенмен, қайраткердің Қытайдағы өмірі мен қызметі, жазба мұралары әлі көп зерттеуді қажет етеді.

Бұл ретте жерлесіміз, зерттеуші, қаламгер Сиезхан Құдабаевтың  Райымжан Мәрсеков жайында зерттеулер жүргізіп, Қасым Қайсенов кентіндегі жалғыз қазақ мектебіне  Айыртаудан шыққан Алаш арысының есімін бергізгені ерлікке пара-пар іс деуге болады. 

Бұл сұхбатта Райымжан Мәрсековтің жұлдызды ғұмыры жайындағы қолда бар азды-көпті материалдарға талдау жасай келе, оның кезінде Қазақ ұлттық Автономиясын құруда еткен еңбегінің айнасы боп сақталып қалған мақалаларын Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерімен салыстырып, Алаш идеясының үндестігі мен тұтастығына көз жеткіздік. Р.Мәрсековтің ұлттық идея жолындағы қайраткерлік, азаматтық бейнесін даралап көрсетуге тырыстық. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Айыртау болысында дүниеге келген Райымжан Мәрсекұлы Мәрсековтің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі лайықты зерттеліп, Алаш қайраткерінің есімі төл тарихымыздан лайықты орнын алатыны сөзсіз. 

- Тұшымды әңгімеңізге рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар