Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Үміт Битенова. Әйел жолы жіңішке...

Үміт Битенова. Әйел жолы жіңішке

23.12.2025

12642

Үміт Битенова. Әйел жолы жіңішке - adebiportal.kz

әңгіме

Осы уақытқа дейiн Нұрсипат бақытты едi...

Албырт шақтағы бұла сезiм, пәк махаббатын сағынышпен еске алатын. Одан үлкен iз қалды – бұлар биiк шаңырақты, кең керегелi, әжептәуiр өнегелі отбасы болды. Ешкімнiң ала жiбiн аттамай, адал, сұлу ғұмыр кешуде.

Қаншама көгiлдiр көктем өтiп, қанша жайдарлы жаз артта қалса да, Нұрсипат әлi талай  жарқын да жақсы күндердiң шуағы мен жылуына шомылып, мейiрленетiнiне сенiмдi болатын. Өйткенi оның арқа сүйер асқар тауы, ошақ отының бас иесi Алмабегi бар. Бiр кездегi ыстық, лапылдаған махаббаттың күйеуi екеуiнiң арасындағы мөлдiр ықылас пен кiршiксiз көңiл тазалығына айналғандығы Нұрсипаттың мерейiн өсiрген.

Бiр қарағанға, Алмабектiң алып бара жатқан көркi жоқ: қоңқақ мұрынды, сопақша бет. Өзiнiң өмiрiнде дөңгелек жүздi, әдемi мұрындыларды талай кездестiргенімен, Нұрсипаттың таңдауы осы Алмабекке түскен. Екеуі Қазақстандағы әйгілі желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылымық жылдардың бірінде отау құрды.

Шүкiр, күйеуi жақсы адам, балаларына қамқор әке, өзiне сүйiктi жар, бір сөзбен айтқанда – нағыз еркек десеңiз қателеспейсiз.

Амал қанша, Нұрсипаттың бiрқалыпты өмiрiнiң арнасы бiр-ақ күнде бұзылды. Сүттей ұйып отыр дейтін тату-тәтті шаңырағы тосыннан соққан дауылдан теңселіп ортасына түстi.

Жұмысынан күнде кештеу келетiн Алмабек сол күнi үйге оралмады. Ертеңiне Нұрсипаттың қолына қысқаша хат тидi.

«Нұрыш! Бұдан әрi сенi алдай алмаймын. Түсін. Мен Сандуғашпен тұрып жатырмын. Оны сүйетінімдi ендi жасырғым келмейдi. Балаларға ай сайын ақша жiберiп тұрам. Кешiр. А.»

Қағазға көз жүгiртiп шыққан Нұрсипат төбесiнен әлдекiм мұздай су құйып жiбергендей сiлейiп, тұрып қалды. Тынымсыз  түйсігі бiр сұмдықтың болғанын сезгенмен, өзі түкке түсiне алмады. Хатты тағы оқыды, үшiншi рет тағы оқыды. Санасының саңылауына жетiп үлгермеген хаттағы әрбiр сөз өзiнiң құпиясын бiрте-бiрте ашып жатты, ашылған сайын әрбiр құпия параққа жазылған жолдардан алыстай бердi, алыстай бердi...

Есеңгiреп көп отырған Нұрсипат селк еттi. Әлi толық оқып болмағандай хатқа жалма-жан қайта үңiлдi. Оның көзi расында да тың нәрсенi тауып алды: «алдай алмаймын. ... жасырғым келмейдi».

Сенiм мен үмiттiң буалдыр сәулесi бiр сәтке жалт етiп өштi де, әлгi суық, тас сезiмдi ендi ауыр қасiрет басты.

Алмабек, өзiнiң ғана Алмабегi. Өзi ғана арқа тұтып жүрген асқар таудай Алмабегi. Қалай ғана өзгеге оп-оңай айырбастай салды. Осы деп оянып, осы деп ұйықтамаушы ма едi?.. «Өмiр-бақи өзiң деп өтем. Өмiр-бақи өзiңе қарыздар боп өтем. Саған үйленген соң, арақ iшкендi қойдым, тойдан-тойды, ой мен қырды қоймай төбелес iздеп, кім көрінгенге ұрынғанды қойдым. Оқыттың. Адам болдым. Әке болдым. Бiр кездегi сырт айналып кеткендер алдыма келiп жығылуда. Нұрыш, сендей жарға кездестiрген тағдырға мың рахмет...», – деп үздiккен сөздерi желге ұшып кеткенi ме...

Ойына нелер келiп, нелер кетпедi. Миы әңкі-тәңкі, пәтерақы, жылудың, ыстық су мен суық судың төлемақысы, телефон мен газдың ақшасы, көршi-қолаң, таныстар, жұмыстағылар, кiтаптар, Алмабектiң киiмдерi, костюмi, шалбарлары... Екеуінiң бiрге жымиып түскен портреттерi...

Нұрсипат басын сiлкiп, шашырап кеткен ойын жинап алды. Құдайым–ау! Бәрiнен де сорақысы: мұны күйеуi тастап кеттi!.. Шынымен де тастап кеткені ме?! Балаларды да?!.

Шошып, жан-жағына алақтай қарады: әр зат орнында тұр. Жатын бөлмеде бес жасар Балнұры былдырлап ойнап отыр. Қабырғаларына әлдененi қағып жатқан көршiлерiнiң даусы келедi құлаққа. Нұрсипаттың тұла бойынан электр тогы жүрiп өткендей, бейне бiр мұны, Болат, Балнұр үшеуiн әлдекiм ескi, сарғайған ескi газетке орап қоқыс жәшiгiне лақтырып тастаған тәрiздi.

Өң мен түстiң арасында бiрнеше күн өттi. Бiрте-бiрте қалыпқа келе бастаған Нұрсипат ендi ас үйдегi орындықта қолы ештеңеге бармай, жағын таянып, үнсiз отырып алатын болды. Есесiне, ойы жүйелене бастады. Өкпе де, ашу да, қайғы да, алдынан кездесетiн қиындықтар да, Алмабекке деген асыл сезiмi... бәрi-бәрi көз алдында кезек-кезек көлбеңдейдi. Оларды ой елегiнен өткiзiп отырғанда  жұдырығы жұмылып, көзiнен ащы жастың ыршып түскенiн байқамай да қалды.

Дәл қасында қаннен-қаперсiз ойнап-күлiп балалары жүр. Нұрсипат ұрлығын жасырғандай үрке қарап, бойын тез жинап, оларға әлденелердi айтқан боп мағынасыз жымияды. Қанша бiлдiртпейiн дегенмен, балалары анасының көзiнен үрей мен мұңның көлеңкесiн көре бастады. Бiрiншi күнi-ақ балаларға әкесiнiң келмей жатқан себебiн түсiндiруге тырысқан ол аузына түскен сылтауды айта салған:

– Әкелерiң алысқа жол жүрiп кеттi. Жұмыс бабымен. Кө-ө-өп күнге...

Бес жасар Балнұрға «көп» пен «алыстың» айырмасы шамалы. Сыртқы есіктiң қоңырауы шырылдаған сайын жүгiрiп барады. Мамасын да мазалауын қоймайды:

Пап-пам қасан кел-ледi?

Қорқынышты түстей бұлдыр күндердің тұманы сейiле бастады. Емханадағы күнделiктi жұмысынан да қалған жоқ. Әрiптес құрбылары Алмабек пен Сандуғаштың арасындағы қарым-қатынасты баяғыдан бiлетiн болып шықты. Тек бұған бiлдiртуге ешқайсысы бата алмапты. «Достықтарыңа болайын. Сендер ертерек көзiмдi ашқанда, мен осыншалықты көр болып жүрер ме едiм? Қойшы, бiрақ, сендердiң кiнәларың не..?»

Нұрсипат таңертең шошып оянғанды қойды. Есесiне бұдан әрi не iстеу керек, бiрiншi кезекте қай затты қалай сату керек, ақшаны ауқат пен киiмнiң қайсысына, қалай жеткiзу керек деген мақсат туды. Ағыл-тегiл жылай бергендi де сиреттi.

Сегiз күн дегенде Алмабек бейтаныс бiр әйелден бiр жапырақ қағаз жiберiптi. Әнеукүнгiдей емес, мұның атын атамапты да:

«Мына кiсiден менiң киiм-кешектерiмдi, сақал қырғышымды, жұмысымдағылардың сыйлаған альбомын, қалың курткамды және үстелiмнiң суырмасында ораулы жатқан хаттарды берiп жiберуiңiздi өтiнемiн. А.»

«Сiз» деп сызылған сыпайы сөздiң суығын-ай. Нұрсипат шифоньер iшiндегi iлгiште iлулi тұрған үш костюмдi алып,   ені кең диванға орау үшiн бiрнеше газеттi төседi. Айтпақшы, iшкиiмдерi мен сақал алғышын, хаттарды қосу керек. Хат демекші, өзі шұқылап әңгімелемесе, Нұрсипат Алмабектің оны-мұны осындай қағаздарына, майда-шүйделеріне мән бере бермейтін. Ерінің рұқсатынсыз қалтасын ақтаруды да әбестік көруші еді. Өзіне дейінгі балалық, жасөспірімдік шақтағы хат алысып, хабарласып тұрған қыз-қырқындардан қалған «ескерткіш», арасында әскерден жолданған дос, жолдас жігіттерінің де хаттары жүретін. Ара-тұра соларды оқып, қайта қарап, есіне әлденелерді түсіріп, елеске айналған бал дәурендермен ойша қауышып отыру Алмабектің әдеті еді. Тіпті кейде болмашы бір нәрселерге шұқшиятын. Бір кластасының «Салатсың ба Алабек?» деп басталатын сәлемхатына көздері түскен сайын екеуі рахаттанып күліп алады. «Саламатсың ба, Алмабек?» дегендегісі ғой. «М» әріпін үнемдегіш сол кластасының әлі күнге дейін үйленбегенін де жиі айтатын. Сыртынан «үнемшіл» атанып кеткен оны «Демографияны көтерудің орнына семья санын үнемдеп жүр» деп әжуалайтын. Есiне әлдене түскендей Нұрсипат сiлейдi де қалды. Қасында анасының қимылынан көз айырмай қарап он жасар Болаты тұр едi. Оның абыржыған кейпiн байқаған Болат:

– Орайын ба? Мама, орайын ба?  – деп елгезектiк танытып жатыр.     

– Ойбу, құдайым-ай, – тамағына өксiк тiреле диванға отыра кеткен Нұрсипаттың үнi қыстыға шықты. Босағада үнсiз тұрған бейтаныс әйелдiң сұлбасына көзi түсiп, бойын тез жиып үлгердi де:

– Қолыңызға бiрдеңе қыстыра келмегенiңiз не? Ендi мен бұларды қайда орап салып берем?  – дедi жиырылып.

  Ол маған дипломатқа немесе жолға арналған үлкен сөмке бар, соған салып берер деп едi, – диван үстiнде жаюлы жатқандарға көз салған бейтаныс әйел күмiлжiп тiл қатты.

Болат ұшып тұра келді:

  Бәсе!  Мама, ол сумка... Мен бiлем қайда екенiн,.. шкафтың артында тұр. Әкелейiн бе, соны?

Нұрсипат Болаттың көзіне үңiлдi. Оның жанарында тек қана дәу сумканы алып келуге деген дайындық нышаны тұрды.

Нұрсипаттың жүрегi елжiреп кеттi:

 Сен қайдан әкелесiң! Дәу сөмкенiң жартысынан да келмейсiң. Шкафқа бойың жетпес. Ботам-ау, әшейiн!

Қолын созып икемделе берген баласының басынан иiскедi. Анасының құшағынан босай берген Болаттың ойында әлi дәу сөмке.

 Ол жеп-жеңiл! – Қуанышты дауысы қатты шықты.

Мама! Ол жеп-жеңiл! Өзiм-ақ ала-алам!

Абыр-дабырға ұйықтайтын бөлмеден қолында жұмсақ қонжығы бар Балнұр шығып сығалады. Шкаф тұратын алдыңғы бөлмеге жүгiрiп кеткен Болат әлденелердi тарсылдатып, таңқылдатып жатыр.

 – Құдайым-ау, – Нұрсипат бейтаныс әйелге абыржи қарады. – Құдай үшiн, ана сөмкенi әкелiсуге көмектесiңiзшi.

– «Тазы ашуын тырнадан алар». Өшiм бардай, құдайды айта бергенiм несi? Тілім тиiп кеттi-ау. Жасаған ием, кеше гөр.

Өйтiп-бүйтiп әкелiнген дәу сөмке дәл ортаға қойылды. Нұрсипат костюмдердi үлкен ыждағатпен қаттай бастады. Қалай болса солай салғаны ұят қой, екi жеңiн бүктеп, жағаларын қайырып, шалбардың оралып шығып тұрған қалтасын түзеп, галстуктердi жеке-жеке салды. Мамаларының қимылын баққан Болат пен Балнұр ерiндерiн жымқырып алыпты. Нұрсипат ендi сөмкеге iшкi киiмдердi сала бастап едi:

– Жөндеп салсаңызшы, мыжылды! Астыңғылары мыжылды ғой, – Болаттың жан даусы шықты. 

 – Ә, ә, иә, дұры-с... – деп күбiрледi шешесi. Iле-шала қаны бетiне шапшып, жыны келiп кеттi. Адам сияқты үйге келiп алып кетуiне бетi шыдамаған Алмабектiң арсыздығына күйiп тұр:

– Адыра қалсын! Немене, мен сонша. Үтiктеп алсын өздерi. Менiң жұмысым қанша?..

Болат оған аңтарыла қарады. Шешесi үш бума хат пен сақалқырғыштың қорабын сөмке түбiне ызалана ытқытты. Қораптың iшiндегi алмас, айна сияқты ұсақ-түйектерi ақтарыла шашылды.

– Шашылып қалды ғой! – деп ұмтылған Болат жалма-жан жинай бастады.

– Тұр, әрмен кет! Шаруаң қанша! Араласпа! – үнi қатқыл шыққан Нұрсипат баласының қолын қағып жiберiп, сөмкенiң ауызын күшпен жапты да, – Әкете берiңiз! – дедi бейтаныс әйелге.

– Записка жазбайсыз ба ? – деп сұрады әйел басын оң жағына қисайта бұрып.

 Қаяқтың запискасы? Қаяқтың запискасы? Барыңыз!

Бейтаныс әйел үнсiз еңкейiп дәу сөмкенi оң жақ иығына асыра көтерiп үйден шығып кеттi.

Әйелдiң соңынан самарқау көз салған Нұрсипат диванға сұлық отыра кетiп, жылап жiбердi. Ұлы мен қызы аңтарылып тұр. Болат танауын пышылдата тартқылап, жазу үстелiнiң үстiндегi баяғыда әкесiнiң  тартып отырған темекiсiнің күлі күйдiрген тесiктi сұқ саусағымен шұқылай бердi. Есiкке сүйенген Балнұр қолынан түсiп кеткен қонжығына қарайтын емес. Жылағаны басылған соң, анасына бұртия жақындаған Балнұры:

–Бұл кiсi кiм? Бұл әпке сс-сом-каны қайда апарады? Неге ол әкетiп қалды? – дедi.

Асқан шыдамдылықпен жауап күткен ол шешесi үндемеген соң:

 Папаның култкалалын, кастөмделiн бұл әпке неге әкетiп қалды? – деп қыңқылдады тағы да.

Қызының қыңқылынан балаларының әлi бәрiнен бейхабар екендiгi есiне түстi.

Киім-кешектердi берiп жiберу Балнұрдың өзiне де күдiк тудырды. Болат ендігi ауладағылардан-ақ естiп қойған шығар? Алмабектің көптен көрiнбеуi кiмдi болса да ойландырады.

Нұрсипат Болаттың бой-басын көзiмен тiнттi. Оның әлгi күйген тесiктi шұқылап тұрысында бiр мән бар. Шешесі басын көтергенде Болат көзiн төмен тайдырып әкеттi. Жауап тосқан Балнұрды кейiн шегiндiре, Нұрсипат Болаттың қолынан ұстап өзiне қарай тартты. Баласы бағынышты кейiппен қарсы алдына тоқтады.

  Сен бiрдеңе бiлесiң бе? – қобалжи сұрады Нұрсипат.

Болат көзін жыпылықтата ыржиды:

 – Ын... не? Не-нні?.. Сiздiң не сұрап тұрғаныңызды түсiнiп тұрғам жоқ... Не-ні бiлуiм керек?       

– Әкең туралы бiлесiң бе деймiн...

– Папам туралы?.. 

 Бала терезеге бұрып басын шайқады.                                                          

Балнұр шешесiнiң қолынан жұлқылап, қыңқылын жалғастырды:

 Мам-ма, айтшы! Папаның култкасын неге әкетiп қалды?

Диваннан жеңiл көтерiлген Нұрсипат бөлме iшiнде арлы-берлi жүрiп алды.

Екеуiне тағы көзi түстi. Олар ендi бiр-бiрiне қарап, Балнұр ағасын ойынға айналдыра бастапты. Өмiрде талай қиындық кездесетiнi қаперлерiне кiрiп те шықпайды, өздерiн әкелерi тастап кеткендiгiмен жұмысы жоқ. Кенет Нұрсипаттың ойына Сандуғаш түстi, өз күйеуімен ертеректе  ажырасып кеткен Сандуғаш ұрғашының толықша келген өңдi, тартымдысы, мұның күйеуiнiң «жүрегiн жаулап алған ашынасы», оның ылғи шатынап тұратын сұр көзi келдi көз алдына. Нұрсипат сұңғақ бойлы Алмабектi Сандуғашпен қатар қойып елестетiп көрдi: «бiлмеймiн, соншалық менен қай жерi артық екенiн...»

Бәрiнен де жанына бататыны, кiм-көрiнгенмен аты шыққан Сандуғаштың Алмабекке айдай көрiнгенi...

– Пап-пам қашан келедi? – Болаттың дауысы Нұрсипаттың ойын оқып қойғандай күтпеген жерден шықты. Ол да, Балнұр да шешелерiне қарап қалыпты. Нұрсипат бұлардан ендi жасыруға болмайтынын бiлдi:

 Ол енді келмейдi.

Бозарып кеткен Болат көзiн жыпылықтатты. Балнұр мына үнсiздiктен ештеңе түсiне алмаған сияқты:

–Сонда қашан келедi папам? Мам-ма?

Нұрсипат өзiн-өзi ұстап, салқын, қатаң дауыспен:

– Ол енді ешқашан келмейдi! Ешқашан!

– Сендерге ендi әке жоқ.Ендi әке жоқ сендерге, түсiнемiсiңдер? – дедi нықтап.

– Сонда, не, папам өлiп қалды ма ? – Болат үрке сұрады. Нұрсипат селк еттi.

 – Өлiп қалды?

Балнұр ағасының сөзiн жаңғырықша қайталады.

Нұрсипат екі баласын да бауырына алып, оларды әлпештей, аялай сөйлеген үнiндегi қайғы ағыл-тегiл моншақтаған көз жасымен бiрге төгiлiп жатты.

– Папа біздi тастап кеттi, түсiнемiсiңдер? Тастап кеттi! Ол бiзбен бiрге тұрғысы келмейдi. Ол ендi басқа әпкемен бiрге тұрады. Ал бiз ендi папасыз тұрамыз. Үшеуiмiз-ақ тұрамыз: мен, Болат, Балнұр, басқа ешкiм жоқ!

– Сонда, ол ... басқа келiншек алды ма? – дедi Болат ойлана.

– Иә.

– Сіз де ендi басқа күйеуге шығасыз ба? – Болат шешесiне үлкендердiң түсiнiксiз қылықтарын таза көңiлмен ұғуға тырысатын кiшкентай адамның көзқарасымен сұқтана сұрады.

– Жарықтарым-ау, мен сендерді өлсем де тастамаймын!

 Нұрсипат өкіре жылады. 

– Сендер қорықпаңдаршы, жарықтарым!.. Ол жылдам өзiне-өзi келдi де:

– Барыңдар, ойнаңдар. Балнұр, әне жатыр сенiң қонжығың, – дедi.

Балнұр үстiңгi ернiн саусағымен бұрай анасының тiзесiнен сырғанап түстi. Жатын бөлме жақтағы есiк алдында жатқан қонжығын еңкейiп, бiр аяғынан сүлесоқ көтерген қыз өзiнiң ойын бұрышына кiрдi де, үйiлген көп ойыншықтардың үстiне қонжығын да тастай салып, сырланған кiшкене орындығына отырып ойланып қалды. Ол қанша кiшкентай болса да, мамасының күйiн түсiндi, мамасының емiн-еркiн жылағысы келiп отырғанын түйсiндi, сондықтан ендi оған жақындап папасының қашан келетiнiн қайтып қайталап сұрауға болмайтынын ұқты. Қайсар шашын саусағымен салалап тарап Болат тұр үнсiз. Терезенiң әйнегiн күзгi жаңбыр тамшылары ұрады...

Түскi үзiлiс кезiнде балаларын тамақтандырып келген Нұрсипат тонын киiм iлгiшке ілiп, кабинетiнен шыға бергенде емхананың аптекасының алдында тұрған Алмабектi көрiп қалды. Айырылысқалы бергi кездестiрiп тұрғаны. Нұрсипат өзінің Алмабекті қаншалықты сағынғанын сезді. Көзi мен көзi түйiсiп қалса да Алмабек мұны байқамаған сыңай танытты. «Керек дәрiсi болса мен-ақ берер ем ғой». Амандасқысы да келмеген Алмабек бұған тым жүдеу көрiндi.

Бiр қаланың iшiнде тұрып жатса да Алмабек туралы Нұрсипат еш хабар бiлмейтiн. Бiрте-бiрте жалғыздыққа да етi үйренiп кеттi. Алмабектей күйеуi болғандығын да есiнен шығара бастаған.

Бiрақ көктемнiң көкөзек шағында, тағы бiр бейтаныс әйел хат әкелiп тастады. Алмабектен.

«Нұрыш! Менің жазамды Алланың өзi-ақ бердi. Сендерге iстеген қиянатым үшiн бұл жаза  – әдiл жаза болды. Балалар мендей әкесі болғанын бiлмей-ақ өтсiн. Сенен сұранарым осы. Кешір менi. Хош. Алмабек».

Түктi түсiнбесе де Нұрсипат ағыл-тегiл жылады.

Екі күн өткен соң дәрігер құрбысынан естiдi суық хабарды. Алмабек қайтыс болыпты. СПИД-тен. Денесi бұлардың топырақ салуға да шамасы келмейтiн жерде – Ресейде қалыпты дейді.

– «Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi» дейдi. «Басқа түскен–баспақшыл». Өзiңе-өзiң кел. Сенiң көзiңе шөп салған Алмабек Сандуғаш сайқалға да бұйырмапты ғой.

– Оның түбiне Сандуғаштың өзi жетiп отыр ғой.

Не десең де, жер барып хабар бермесiн, ұмыт ендi Алмабектi. Оның өмiрiнiң қайғылы аяқталуына сенiң титтей жазығың жоқ. 

Құрбысы Самал мұны қанша жұбатқанымен, Нұрсипат көпке дейiн өзіне-өзі келе алмады. Бiрақ, бiр күні масқара жағдайды естіді.

«СПИД-ке шалдығып, СПИД-тен өлiптi, өлiгi емделуге барған Ресей жерiнде қалыпты» деген Алмабек тiрi болып шықты. СПИД-ке шалдықпаса да соған жақын сырқатпен ауырғаны рас екен. Елге жайылып кетпей тұрғанда емделiп алайын деп Астрахань облысындағы курстасының диагностикалық-медициналық орталығына барып қайтыпты.

«Жаздым-жаңылдым, сендерге жасаған қиянатым үшiн Алланың қаһарына ұшырадым» деп өлердегi сөзiн айтып жазған бұдан бiр жарым ай бұрынғы хаты жаны мұрнының ұшына көрiнгендегi алғашқы қорқынышынан ғана туған болуы керек, бiрнеше жерде кездесiп, қарама-қарсы ұшырасып қалса да, Алмабек Нұрсипатқа бас изеп сәлемдесуге де жараған жоқ. Тым болмаса, балаларды сұрасашы. Өз кіндiгiнен емес пе едi... 

Нұрсипатты күйдiргенi күйеуiнiң мұның да өмiрiн – жас, әдемi де ақылды, мәдениеттi әйелдiң өмiрiн және сүйкiмдi, сабырлы, қабiлеттi сәбилердiң өмiрiн, бүтiн бiр отбасының өмiрiн, бүтiн бiр жанұяның мәндi де мағыналы қуанышы мен бақытын бүкiл қалаға аты шыққан қайдағы бiреу үшiн түкке тұрғысыз қылып талақ етуi. Неліктен? Алмабектің әйелқұмар, көрсеқызарлығынан ба осының бәрi? Айта берсе, Сандуғашқа жұғысам деп не опа тапты? Оны түсiнетiн Алмабек жоқ сияқты. Өзi iшетiн болыпты.

Нұрсипаттың өзiн тастап кеткен күйеуiне деген өкпесi бiрте-бiрте мұқтаждыққа ауысты.

Соның өзiнде Нұрсипат жоқшылық, жетiспеушiлiктен гөрi аяқ астына тапталған ар-намысын ауыр сезiндi.

Бiрге тұрған он екi жыл бойы жанұяның тұрмыстық билiгi Нұрсипаттың қолында болды. Нұрсипат күйеуiнiң ақшалай табысынан түгел хабары болмаса да, тiс дәрiгерi болып істейтін Алмабек Нұрсипатқа жеткiлiктi мөлшердi ұстатып отыратын. Өзі де қарап отырмаған, дәрі сататын Нұрсипат өзi мен екi баласын осы ақшаға ортақтасуға хақылы санайтын, бұларды асырау Алмабектiң тiкелей парызы екендiгiне шүбәсi жоқ едi. Дәріханадан түсетiн азды-көптi табысын жинақтауға тырысатын да, Амалбектiкiн азық-түлiк, киiм-кешекке ойланбай жұмсайтын.

Ендi ойлап отырса, бұл ақшаларды күйеуi Нұрсипатқа оның шексiз махаббаты үшiн, ортақ төсегi үшiн төлеп келген екен. Қалай жалықты, солай ол басқа төсекке ауып кеттi. Нұрсипат пен екi баланың құқығы бос сөз боп қалды, ол тек махаббатқа құрылған  жеңіл есеп болып шықты. Енді бүкiл парыз бен мiндет жалғыз шешенiң мойынына түстi, ол парыз бен қарызды сол әлсiз әйелдiң өмiрiмен, жастығымен, бақытымен өтеу керек.

Нұрсипатқа ендi, тiптi, Алмабектен ай сайын келiп тұратын азын-шоғын теңгесі өзi қорлау сияқтанып кеттi. «Инфляция деген мына, ақша күннен-күнге, жылдан-жылға құнсызданып...»

Ұйқысыз түндерде осылай терең ой құшағында жатып Алмабектiң бiрiншi хатындағы «Балаларға ай сайын екi мың теңге жiберiп тұрам» деген қысқа сөз есiне түскенде Нұрсипаттың қараптан-қарап қан қысымы көтерiледi. Ол балалардың құнын өзi-ақ белгiлеп қойыпты. Екi-ақ мың теңге! Бағып-қағып өсiрген ұйқысыз түндер мен күндер емес, жауапкершiлiктiң толқытқан, үрейлендiрген, қобалжытқан сезiмдерi емес, не ата-аналық махаббат, не тiрi жүрек, не ғұмыр емес, тек қана конверттегi бiр қорап несие.

Нұрсипат осы ақшаны бiрiншi рет әкелген адамнан қорлана отырып әзер алған кезiн, оның хат сыртына алдым деп қол қою туралы өтiнiшiн өте мұқият орындағанын, ол адам кете салысымен, дүкенге жүгiрiп барып, кешке қарай арсыз қуанышпен балаларды тәттi тортқа тойдырғанын әр түн сайын ойға алады. Ол сонда балаларға қарап мәз болып едi. Тәкаппарлық, адами, әйелдiк қасиет-қадiр балаларының қуанышының тасасында жасырынып қалды. Беттiң арын белбеуге түйген ар-намыс Нұрсипаттың өзiн сол дәмдi торттан ауыз тиюге ғана жiбермедi.

Күн  жылжып, ай өткен сайын Алмабектiң екi мың теңгесi кәдiмгi қалыпты жайға айналды. Қорланған ар-намыстан гөрi жұбанышы көп ащы шындық басым бола берді: шынында да, неге Алмабектiң бақыттан басы айналуы керек, тым болмаса, ай сайын төлесiн, немене, әлгi сұлуы Сандуғаштан жырып төлесін! Нарық заманы. Инфляция. Егемендігіне ие болған елдің тұрмыс-тіршілігіне жаңа қоғамдық формациямен жағаласа енген ол экономикалық терминді қазір еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін біледі. 

Жалпы, Алмабектiң жай-күйi бұларға жұмбақ, тiптi, ол туралы ойлауға мұрша да болған жоқ. Оған деген жылы жақындық баяғы да-ақ жоғалған. Еркек ретінде де, ерi ретiнде де ол ендi Нұрсипатты ойландырмайды. Алмабектiң оңбағандығына, опасыздығына, сараң, iштарлығына, сезiмсiздiгi мен қасиетсiздiгiне күмән жоқ. Нұрсипат оның бағасын осылай берiп қойған. Кейде таң қалатын, бұл адамның кiсi сүйер де қылығы жоқ екен-ау. Қайта мұндай сұмпайыдан ертерек қол үзгенi де дұрыс болды!

Өзiн-өзi тоқтатып, көңiлiн тоқ санады Нұрсипат.

Сөйтiп жүргенде, бұлардың мекемесiнде оңды өзгерiстер болып, Нұрсипаттың да айлық жалақысы көтерiлдi. Емханалары бір қалталының қолына өтіп жекешелендірілді. Кадрлар іріктелінді. Алғашқы мол жалақыға қолы жеткенде Нұрсипат үшiн Алмабектiң бейнесi қайғы мен мұңнан сейiлген тұмандай бұлдыр елеске айналды. Нұрсипат оны ойлауды қойды. Болаты мен Балнұры үшiн жiберiп тұратын екi мың теңгенiң де ендi бұрынғыдай мәнi болмай қалды. Үйге қалыпты түсiп тұрған қосымша кiрiстiң бiрi ғана.

Айлар өте берді. Үйi мен дәрiхананың, дәрiхана мен үйiнiң екi арасын жол қылатын Нұрсипат үшiн бiрiнен бiрi айнымайтын күндер мен түндер. Азық-түлiктi де, күнделiктi ұсақ-түйектердi де жол бойындағы дүңгiршектер мен дүкендерден ала салады. Кейде нан мен сүтке Болатты жүгiрте қояды. Әкесi кеткелi Болат тiптi есейiп кеткендей. Көп сөйлемейдi. Анасының айтпағын қабағынан-ақ ұғады. Бір тәуiрi – елгезек. Қарындасының да тілін табады, анасының да көңілiн аулайды. 

Балабақшалардың дені жабылып,  бала күтуші жалдауға жағдайы көтермеген соң, Балнұрды жақын жердегi мектептiң дайындық сыныбына берген. Үйде iшi пысқанша, бiр мезгiл ағасына iлесiп барып келедi.

Нұрсипат өзiнiң айналдыратын тұрақты жұмысы болғанына шүкiршiлiк етедi. Бес-алты  жыл көз майын тауысып оқыған оқуының нанын жеп жүр. Әйтпесе, қап арқалап, базарға шығып, сауда жасау қолынан келер ме едi, келмес пе едi. Аяқтан аяқ қалмай, қолдары тiлiм-тiлiм, ернi кезерген күпәйкелi таныс құрбылары  келдi көз алдына. Көбісі мектепті тастап кеткен мұғалімдер еді.

Нұрсипат жалма-жан оң жақ босағада iлулi тұрған айнаға қарады. Жасы небары отыз үште. Нағыз гүлденетiн шағында көп қиындықпен беттесiп үлгердi. Баяғы балауса ажардың иiсi де жоқ. Көздерi ғана әлi әдемi. Жүзiнде кекселiктiң көлеңкесi бар. Айтпақшы, кешке Самалдың үйiне баруы керек екен-ау. Олар бүгiн азын-аулақ дастархан жайып, ауызашар бермекшi. Бұл да көршiлерiн келесi сенбiде шақырмақшы. Самал мен жұбайы Жұмабайдың қолдары бос болатын күндi әдейi келiсiп белгiлеген.

Нұрсипат араласатын жора-жолдастарының iшiнде осы Жұмабай мен Самалдың отбасын өзiне үнемi үлгi тұтып жүредi. Самал – мұғалiм, күйеуi – «КамАЗ» көлiгiнiң жүргiзушiсi. О баста Алмабек арқылы танысып едi бұлармен. Алмабек стоматологияның меңгерушiсi едi де, Жұмабай оның шопыры болатын. Бір-бiр бастықтың астына өкiметтiң бiр-бiр машинасын жегiп қоятын молшылық заман да өттi-ау бiр кезде.

Ет желiнiп, шай iшiлiп, арқа-жарқа боп молынан отырған қонақтар кетiп, Жұмабай апарып тастайтындықтан кiдiрiп қалған Нұрсипат осы екi арада қолайсыз жағдайға тап болғаны. Тiлiнен қағынып несi бар едi.  

  Сағат көрiнбейдi ғой. Бiр жаққа кетiп пе едi? – деп сұрай салды көзiне түсе қоймаған соң Жұмабайлардың үлкен ұлын.

Қыздарына дастархан жинатып жүрген Самал төбесiнен әлдекім  мұздай су құйып жiбергендей сұлқ отырып қалды. Жұмабай күрсiндi. Түкке түсiнбей Самалға бұрыла берген Нұрсипат оның көзiнен моншақтаған жасты көрдi. Бұлар да мұңаяды екен-ау... Не де болса, айтып өлтiрсешi. Нұрсипаттың жүрегі шым еттi.

Үнсiздiктi Самал бұзды.

– Нұрсипат, «емшінiң емi өзiне жүрмейдi» дейтiн емес пе ем? Саған үнемі ақылды мен айтамын. Өзiң де бiзге әбден арқа сүйейсiң. Өз ақылым өзiме жетедi десем, менiң де қателесетiн жерiм болады екен.

– Педагог деген де қателесе ме? – Нұрсипаттың қалжыңдаған түрі.

– Е-е, педагогтер пенде емес деп кiм айтты саған? Мұғалім де ет пен сүйектен жаралған...– Самал мысқыл араластыра ауыр жымиды.

–  Өзiң бiлесiң, қыздардың iшiндегi жалғыз ұл, оның үстiне үлкенiмiз болған соң, мен Сағаттың әр қадамына терең психологиялық талдау жасай отырып, қолымнан «тәрбие құралы – кiтапты» түсiрмей, қадағалап өсiрiп келдiм. Дұрыс бағыт берiп жүргенiме Жұмабай да қосылатын. Бір күнi...

– Бұдан бiр ай бұрын, – деп түзеттi Жұмабай.

– Иә, бүгiн тура бiр ай толады Сағатты уысымыздан шығарып алғанымызға.

– Уысың не? – Нұрсипат әлi түкке түсiне алған жоқ. Осы Самал досының сөйлесе ұстаздығы ұстап ұзағынан орағытып кететіні-ай.

  Дастархан басында Сағат әкесiне қарсы сөйледi. Қарсы дегенiм жұмсақтау, екілене өктем-өктем сөз қайтарады. Жұмабайдың да дауысы қаттырақ шығып кеттi. Басу айтқан маған да тiл тигiздi Сағат. «Анам екен-ау, әкем екен-ау» жоқ. Екеуімiздi де ұрарманға барардай өршеленедi.

Қаным басыма шапты да, баламды үш қарындасының және әкесiнiң көзiнше шапалақпен сойдым келіп, сойдым келiп. Жылап жiберiп, жүнi жығылып қалған балам кешiрiм сұрай бердi. Сабама түссем де болар едi. Сабама түскенiм сол – одан сайын бүлдірдім,әмиянымнан екi жүз теңгелiк алдым да балама ұстатып тұрып:

–Түнемелiкке үйге келiп қонасың. Ал күндiз көзiме көрiнбе. Мынау ертеңгi тамағыңа жетедi. Күнде екi жүз теңге берем, қайдан тамақтансаң, онан тамақтан. Әкең екеуімiзбен дастархан басында отыруыңа ендi рұқсат жоқ! – дедiм қатқыл дауыспен. Мен ет қызуымен мұнымның үлкен қате екенiн сезiнгем жоқ. Жұмабай да, неге екенiн, тоқтатпады менi. – Самал көзiнiң қиығымен күйеуiне қарап қойды. Жұмекең жанарын төмен салып үнсiз отыр.

  Мектептi бiтiрсе де, әлi күнге еш жерге жұмысқа орналаса алмай, бос жүрген, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғанын өзiң бiлесiң, уақытын босқа өткiзiп жүрген баламды екi-үш күн өтпей, арып-ашып, жылап-еңiреп, аяғымызға жығылады деп ойлағам. Екi жүз теңгелiктi қолына ұстап, тiстенiп шығып кеткен Сағатым сол кеткеннен мол кетті. Түнде, бiз жатып қалғанда келедi, таңертең бiз оянбай, тұрып кетедi. Сөйтсек, Сағатымызға кафелер мен барлардан, мейрамханалардан тамақтану ұнап қалыпты. Мен күнделiктi екi жүз теңгесiн, айтқанымда тұрып, – Самал мысқылмен күлдi, – мына теледидардың  үстiне қойып қоям. Қоймайын десем, принциптiлiгiмдi жоғалтпауым керек деген жалған намыс жiбермейдi.

Бара-бара баламыз екi жүз теңгеге қанағаттанбайтынға шығыпты. Бiр күнi таңертең әкесi жаңа костюмi мен шалбарын таппай қалды. Бiр күнi менiң суырма iшiндегi әмиянымдағы ақшма жоқ болып шықты. Бір күнi баламыз үйге удай мас болып келдi.

Мiне, бiздiң «бала тәрбиесi» туралы хикаямыз осындай, Нұрсипат. Тым болмаса, бүгiн тыныш келсе болар едi деп, алаңдап отырған жайымыз бар, – жүзiн жуған жасты қол орамалымен мұрнын пышылдата сүртiп жатқан Самалдың, өзiнiң сүйенiшi  Самалының көзiнен үлкен шарасыздық күйiн ұқты Нұрсипат.

Есіне Болаты түстi. Кішкентай ғой әлi. Бiрақ, дәл қазiр, осы қазiр жетпесе, Болаттан айрылып қалатындай үрей пайда болды Нұрсипатқа. Тезiрек кеткiсi келiп кеттi. Баласы мен қызын бара салып бауырына қыспаса ма. Кенет, Нұрсипаттың жүрегi тағы бiр шым еттi де, дүрсiлдей жөнелдi... 

Иығына iшiгiн Жұмабай жауып, қолына тәттi-пәттi салынған целлофан қалтаны ұстатып, бетiнен сүйген Самалға әлдене дегенi есiнде.  Қоштасты ма. Ертең телефон соғам дедi ме. Анығын бiлмейдi...

Үйдiң қасына жарығын түсiре тоқтаған машинаның алдынан түнгi ызғарға қарамай көйлекшең жүгiре шыққан Ботаны көргенде Нұрсипаттың әлгi жүрегi тоқтап қала жаздады.

– Тірi ме? Не болды? Болат қайда? Балнұр аман ба? – бiр сұмдықты сезгендей Нұрсипат көршiнiң қызын жұлқылай бердi. Жұмабай есiн жиғызды.

Көршiнiң қызы Ботаның да үрейi ұшып кетсе керек. Абырой болғанда, тыныштық екен. Болаты өксiп-өксiп қояды. Ботаның сөзiнен мән-жайдың бәрiне қанды.

 Жаттаған жарамазанын Болат әдемi ашық дауыспен орындай алатын болған соң, балалығы ұстап кеткен Бота Балнұр екеуiн ертiп алып бiраз үйлерге жарамазан айтқыздырып, аралатады. 

  Жарамазан айтамын- оу, есiгiңе-е,

Құт-береке орнасын бесiгiңе...

Бiрi тәттiсiн, бiрi бауырсағын, ендi бiрi тиын-тебенi мен бар жылы-жұмсағын бұлардың аузына тосқан соң,  рахмет айтып, бата берудi ұмытпаған жарапазаншылар қызды-қыздымен бiрнеше көшенi қиып, алыс бiр кварталдан оралып қайтады. 

Екi қабатты көп пәтерлi үйдiң жарығы бар подъезiнде өлеңдетiп тұрған бұларға үш пәтердiң бiрiнiң есiгiн ашып, iштен басын ғана шығарған әйел дүрсе қоя бередi:

  Әй, жүгермектер! Жоғалыңдар ары! Қарашы, бұларды, ораза деп сылтауратып, қайыр сұрап жүргендерiн. Сендер-ақ бәле болдыңдар осы. Кетiңдер, мазамды алмай! Ө-өй, қайыршылар өңшең!

Екі бала түгiлi Ботаның өзi қорқып кетедi. Жалт бұрылып, айнала берген олар баспалдақпен жоғары теңселе көтерiлiп келе жатқан Алмабекпен соқтығысып қалыпты. Удай мас әкелерi ұлы мен қызын байқамапты да. Әлгi есiктен дода-дода шашын жалбыратып, басын шығарып тұрған шапыраш көздi әйел үйiне ене берген Алмабекке бажылдап, айқайлап жатты:

 Қайда жүрсiң, сүмелек?! Сенен-ақ өлетiн болдым-ау, осы...

Көршiнiң қызын үйiне жiберiп, екi баласын көрiп Нұрсипаттың көңiлi орнына түскен соң, Жұмабай «КамАЗ»-ын оталдырып, үйiне қайтты. 

Болат пен Балнұрдың көрпелерiн қымтап, томпиған түрлерiне тоймай қарап ұзақ отырды Нұрсипат. Тірi жетiм атанғаны аздай, балаларына «қайыршы» деген сөздi де естiрткен тағдырына, «папалаған»  балаларын танымай, сәби сағыныштарын су сепкендей басқан Алмабекке бiрiншi рет нәлет айтты Нұрсипат. Бірiншi рет...

Тыныштық. Терезеден жұқа пердеге білінер-бiлiнбес көмескi айдың сәулесi түсiп тұр.

Екi жағындағы екi баласын маңдайларынан иiскедi. 

Орталарында жатып ойға шомды. Ұйқысы шайдай ашылды. Қатты ұйқыда жатқан Болаты әлі өксiп-өксiп қояды...

Бiрiнен-бiрi айнымайтын күндердiң тағы да бiр таңы атты. Әкелерi тiрi жетiм атандырып тастап кеткелi өңдерiнен балалықтың бақытты табы сезiле бермейтiн Болаты мен Балнұрын Нұрсипат әлдилеп оятты. Балнұрының бетi-қолын жуғыздырып ваннаның суын сарылдатып жатқан Нұрсипатқа өзiнiң бөлмесiнде киiнiп болған баласы дауыстады:

– Мама-а!

– О не, Болатжан?

–Маған ақша берудi ұмытпаңыз, мақұл ма?

 Ә-ә, иә. Дайындап қойдым. Ас үйдегi үстелдiң үстiнде тұр. Ала қой!

Түнде ескерткен Болаты. Сегізінші наурызға қыздарға кiшiгiрiм концерт әзiрлеп, сыйлықтар алмақшы боп келiсiптi балалармен. Олардың сынып жетекшілерi де қыз бала едi. 

– Болатжан, алдың ба ақшаны?

  Алдым, мама, рахмет!

«Рахмет!» Кiшкентай Болатының сыпайы жауабына жүрегi елжiреп кеттi. Ақша дегеннен ойына түстi. Қазiрден балаларының ақшаға дүрыс көзқарасын қалыптастыруы керек. Бiрақ қайтiп?

Нұрсипат бiлетiн екi жанұяның мүшелерi ақша туралы екi түрлi бағыт ұстайды. Қайсысынiкi дұрыс? Көршiлерi, Бота қыздың ата-анасынікi ме, әлде Самал мен Жұмабайдың тәсiлi ме?..

Жұмабай мен Самалдың үйi мүлiк пен жиһазға бай. Бір-бiрiне сәйкестендiре сатып алынған шетелдiк мебельдер, люстралар мен жапонның теледидары, қабырғалардағы қымбат тұсқағаздар қанша мөлдiреп, көз тартқанымен, бар бөлмесiнен үй егелерiнiң мысы басып тұратындай сезiлiп тұрады. Тым сабырлы, тым салқын көңiл-күй. Үйге кiрген бөгде жан болса Жұмабай да, Самал да жымиып қарсы алатыны рас. Қонаққа күлiмдеп сөйлеп отырып, дауысын қатқылдандыра, қабағынан қар жауғызып балаларын сөге салуы оңай.

Үлкен ұл Сағаттан кейiнгi үш қыздың жас мөлшерлерi жақын: Салтанат сегiзiншi, Жанат жетiншi, Перизат алтыншы сыныпта оқиды.

Самалдың үйімен жиі араласатын болғандықтан Нұрсипат мынадай әңгiменiң үстiнен талай түсетiн:

– Көке, жиырма теңге беріңізші.

– Не үшін?

– Дәптер алуым керек.

– Қандай дәптер?

– Есеп дәптер.

– Не, демде тауысып қойдыңдар ма есеп дәптерді?

– Бүгiнгi сабаққа бiр-ақ бетi қалды жазылмаған...

– Мен ертең екі дәптер сатып әкеліп берем.

Немесе мынадай әңгімеге де еті үйренген бұлардың:

– Апа, (Самал өзін осылай ататады), бiз Жанат екеуiмiз концертке барайықшы.

– Барыңдар, не дейсіңдер.

– Онда ақша берсеңiзшi!

аншадан концерттiң билетi?

– Бағасы сексен теңгеден.

– Жетпіс теңге емес пе еді?

– Жоқ, сексен теңгеден. Бізге мұғалiмдер таратты ғой.

Самал ерiнбей жатын бөлмесiндегi шкафқа барып, суырмасын ашып, әмиянынан алған тұп-тура жүз алпыс теңгенi әкелiп үстел үстiне қояды. Қыздары ақшаны алып, есептеп, алақанына қысып, рахмет айтып, шығып кетедi.

Бүкiл осы операцияға үш минуттай уақыт өтедi. Бiрдеңесiн ұмытқан ба, қыздардың бiрi қайтып келiп:

– Апа, он теңге керек, – дейдi ентiгiп.

– Автобусқа ма?

– Автобусқа.

Самал тағы да сол бөлмесіне барады, шкафының суырмасын ашады. Әмиянынан керектi ақшаны есептеп алады да қызына бередi. Қызы рахмет айтып шығып кетедi...

Бiрде Салтанат он емес жиырма теңге сұрады, екiншi он теңгенiң автобусқа Перизат үшiн керек екенiн түсiндiрдi.

Самал жатын бөлмесіне қарай бұрыла берiп үлкен қызына:

– Сіңлің үшiн сенiң сұрағаның дұрыс емес, қызым. Не, оның өзінің тілi жоқ па? – дедi.

Салтанат қызарып кеттi.

– Ол сабағын оқып жатыр.

  Бәрiбiр дұрыс емес, қызым. Өзiне керек пе, Перизаттың өзi сұрасын. Сен кассир ме едiң? Мүмкiн саған әмиян сатып алу керек шығар? Ақша салып жүресiң. Бұл болмайды. Өзiң еңбектенiп тапсаң, бiр сәрi. Мә, саған өзiңе он теңге. Ал Перизат өзi келiп айтсын.

Бес минут өткенде Нұрсипаттар отырған бөлменiң босағасына басын көтерместен Перизат келiп тұрды... Он теңгенi мұрнының астынан шыққан әлсiз дауыспен әзер сұраған Перизат шығып кеткен соң, Самал кәдiмгiдей ренжiдi:

– Қайтiп адам болатынын осылардың! Сағат анау күнi-түнi үй көрмейдi. Өңшең оңбаған балаларға қосылып алып. Сенiң балаларың әлi жас қой, Нұрсипат, ештеңенi бiлмейдi... Шiркiн, ана сендердiң көршiлерiңнiң балалары қандай тәрбиелi! Көп балалы десең көп балалы. Соған қарамастан бәрі әке-шешесiнiң айтқанынан шықпайды.

– Сенiң балаларың да айтқандарыңнан шықпайды ғой.

– I-i-и, құрысыншы. Бүйтiп, бала туғанша!..

  Қой, Самал, не болды саған. Маған басу айтып ұстамды бол деуші еңөзіңе не жорық! – Нұрсипат құрбысын иығынан құшақтады...

Болат пен Балнұрды сабақтарына жiберiп, есiктi сыртынан құлыптаған соң, Нұрсипат жұмысына жүгiрдi. Бүгiн жаңа дәрi-дәрмектер түседi. Тізiм-тiзiммен қабылдап алуы керек. Ертерек бара берейін дегенi ғой. Дәрiхананың есiгiн ашып, әйнек, үстел үстерiнiң шаңын бiр сүртiп шыққанда да Нұрсипаттың ойынан «ақшаға көзқарас» кетпей қойды...

Нұрсипат Самалдың қолына кiтап ұстамай жүрген кезiн көп көрген емес. Ол өзiн бүкiл өмiрiн кiтап үшiн құрбан етуге бар адам санайды. Нұрсипаттың ойынша, Самал қанша тәжiрибелi мұғалiм болса да, балаларының адымын кең аштырмай, қысып, қатал ұстайтын тәрiздi. Әрине, бұл оның iшкi ойы. Әйтпесе, өзi педагог құрбысын жөнге салатындай Нұрсипат өле алмай жүр дейсiз бе.

– Перизат! – деп кенже қызын шақырып алды бiрде Самал өзiнiң қасына. Монтиып қалған сүйкiмдi Перизат Нұрсипат әпкесiне көзiн бiр төңкере қарап қойды да, апасының қасына имене жайғасты.

– Перизат, сен неге өтiрiк сөйлейсiң? Ылғи шындықты айту керек деп қанша айтам саған? Өтiрiк қосқан адамның iшi харам болады демеп пе ем? Ақиқаттан артық ештеңе жоқ өмірде! Ал сен болсаң ана Қали көршiнiң баласына бiзде күмiс құман бар депсiң. Күмiс емес никель ғой.

  Ап-па, сіз өзiңiз ылғи өңiн айналдырып жiбересiз менiң сөзiмнiң. Мен Сәдуге күмiс деген жоқпын құманды, әшейiн, құманның түсi күмiс сияқты дегенмiн. Сәдудің өзі ғой, күміс сияқты түс болмайды деп... Мен айттым. Сонда қандай болады дедім. Сәду айтады: құманның түсi никель деп. Мен никельдiң аудармасын бiлмейтiнiмдi жасырғым келдi де, бұл құман никельден жасалған, бiрақ түсi күмiс сияқты дедiм...

Нұрсипат әңгiменiң ауанын басқа жаққа аударып:

Никель деген қалайы ма едi өзi? – деп едi, Самал сұрақты жауапсыз қалдырды...

Жатын бөлмедегі шкафтағы тарағына жұмсаған Перизаты анасына жасыл тарақты әкеліп берiп тұрып:

 Апа, сiздiң әмианыңыздағы ақша таусылған ба? – деп күңк еттi.

Елең еткен Самал теледидардан спорт туралы хабарды тамашалап отырған Жұмабайға: – Бар ақшаны жаратып қойдық па бiз? – дедi аңтарыла.

– Жүз елу теңгедей қалып едi ғой, – дедi Жұмабай мән бермей.

– Апа, мен ертең сабаққа елу теңге апаруым керек деп ем ғой. Ағылшын тілі оқулығына төлейміз. Енді қайттім? – Перизат әжептәуір абыржып тұр.

– Қызым, көр, көкең айтады ғой жүз елу теңгедей бар деп, - қолы босамай жатқан Самал Перизатты қайта жұмсады. Нұрсипат, Жұмабай үшеуi қонаққа бармақшы.

–Жоқ дедiм ғой. Әмияныңызда түк жоқ. Бос тұр.

– Не болды соншама даурығып! – төргi бөлмеден Сағаттың дауысы гүр еткенде, Нұрсипат өзiнiң iштей жиырылып қалғанын сездi. – Мен алдым жүз елу теңгенi. Маған қажет!

 Бәрiн алып, түк қалдырмапсыз. Оныңыз болмайды ғой, – дедi Перизат бәсең дауыспен.

Жұмабай Самалға, Самал Жұмабайға қарады. Нұрсипат басын теледидар экранына бұра салды«Осындай қолайсыз сәтке тап келетiнiм-ай осы».

Не iстерiн бiлмей бұртия шығып кеткен Перизаттың соңына көз салған Жұмабай:

– Самал, ақша таусылды ма? Әлi айлығыңа дейiн бес күн бар ғой. Не істейміз? – дедi дағдарып әйелiне.

Жатын бөлмедегі босап қалған әмиянды ұстап тұрып:

– Осы бір, үйдегi қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны туралы дәптер ме, бiр нәрсе арнап қою керек екен, не керек, не керек емес, жазып жүретiн..., –дедi тағы да.

Самал мырс еттi:

– Немене, сен – Моцарт, мен – Моцарттың әйелi ме ем? – Самалдың шарасыздықтан айтқан әзiлi екенiн ерi де, Нұрсипат та түсiндi. Моцарттың өмірі жайлы мұның да оқығаны бар. Әйелі жанұялық қаражаттың жұмсалуы туралы есеп-қисап жүргізіп отырған.

  Ештеңе қылмас! Құдай өзi берген жанын өзi алар. Болмаса «өлмегенге өлi балық кездесер» –дедi Жұмабай күрсiнiп.  – Әлгi Перизат өкпелеп кеттi-ау. Ертең мұғалімi де ренжiп жүрер.

Сағат жатқан бөлменiң есiгiнен басын сұғып:

– Балам, ақша бар ма? – деп дауыстады әкесi.

– Көп керек пе? – Жастықтан басын көтерген баласы самарқау сұрады.

– Ж-жоқ. Перизатқа. Елу-ақ теңге...

– Қашан қайтарасыз?

  Бес күннен кейін апаң айлық алып қалатын шығар. 

Орнынан тұрып, шалбарының қалтасындағы буда-буда қағаздардың арасынан жүз теңгелiктi шығарып:

 Майда жоқ, – деп әкесiне бердi Сағат.

Осынша мәдениеттi, осынша өнегелi отбасынан безбүйрек болып өсiп келе жатқан Сағаттың мына қылығын көрiп Нұрсипат iшегiн тартып, тiксiнiп қалды. Қонаққа барғалы жарқырап киiнiп, жасанып жатқан ерлi-зайыптының осы бiр сәттегi мүсәпiр күйiне куә болған Нұрсипат оларды аяп кеттi. «Арқа сүйейтiн күйеудiң түрi анау болды. Жалғыз, бiр жақты өсiрген менiң балаларым ертең қандай болмақ...»

Айтпақшы, iстеп жүрген жұмысы жоқ. Бұл үлкен ұл ақшаны қалай тауып жүр? 

Ақшаны жұмсасаң көршi қыз Ботаның әке-шешесiндей жұмса, шiркiн! Баласы мен қызы Ботаның үйi, Ботаның мама-папасы, Ботаның сiңлiсi, iнiлерi деп сөйлеген соң, Нұрсипаттың да ауызы солай үйренiп кеткен. Әйтпесе, Ботаның әке-шешесiнiң аты Қасқырбай мен Сәуле.

Қасқырбай ағайдың негiзгi мамандығы бухгалтер. Ал әйелi Сәуле мектептiң еденiн жуады.

Бота олардың жеті баласының үлкенi. Бiрiнен бiрi аумай қалған майда-майда ұлдар мен қыздардың қайсысы үлкенi, қайсысы кiшiсi, қайсысы Айнұр, қайсысы Гүлнұр, қайсысы Абзал немесе Ғабдол екенiн Нұрсипат көршi отырғандарына тоғыз жыл өтсе де, әлi ажырата алмайды. «Айнұр» десең кез-келген қызы, «Абзал» десең кез-келген баласы «әу» деп жетiп келедi, әйтеуiр. Қайта мұның Болаты мен Балнұры жақсы таниды. Бірге ойнаған соң да, әрине. Асан-Үсен деген егiздерi Болатпен бiрге оқиды. Үшеуi тату. Нұрсипат соған да қуанады. «Балаң өссе баласы жақсымен көршi бол» деген осы шығар.

Мiне, осы көршiлердiң Қасқырбай ағай мен Сәуле апайдың ақша жаратудағы үлгiсiне тәнтi Нұрсипат. Бірде тiптi Қасқырбай көршiден суыртпақтап сұрағаны да бар.

– Мұнда ешқандай сыр жоқ! – деп көңiлдене жауап берген Қасқырбай ағай.

– «Семья деген шағын мемлекет» демейміз бе? Ендеше, кіріс кiрсе, шығыс шығады. 

Мұны біз ойлап тапқан жоқпыз. Ақша жүрген жерде қалай да тәртіп болуы керек. Оның үстіне ақшаны бала үшiн жұмсайсың. Сонда балаларға ақшаны дұрыс жұмсауды қазiр үйретпесең, кейiн кеш болады.

 Рас,  – деп басын шұлғыған Нұрсипат. Қасқырбай ағайды тыңдай бергiң келедi. Өзi ашық. Үнемi жайдары жүредi. Балаларын да сұмдық жақсы көредi. Жұмыстан келе жатқан әкелерiнiң алдынан шұбыра жүгiрiп шығатын ұл-қыздарының бiрi мойнына жармасса, бiрi қолына жармасады. Мәре-сәре, мәз –мейрам Қасқырбай ағай тау көтерген Толағайдай денесiмен алшаң басып, кiрiп келе жатады аулаға.

Балкондағы кiрлерiн жинап тұрып, осы көрiнiстi талай тамашалаған Нұрсипат бала-шағасын тастап, қаңғып кеткен күйеуi Алмабектi есiне алып, көзiнiң жасын бiр сығып алады. «Ақымақ болмаса, осылай балаларының ортасында бақыттан басы айналып жүрер едi-ау...»

Қасқырбай ағай ұсақ-түйекке күнделiктi жарататын ақшаны демалыс күнi, төрт көзi түгел үстел басында отырғанда үлестiретiн. «Біздің бала кезіміз, қазіргідей емес,  бай мен кедейді теңестірген Кеңес өкіметінің тегін мектебінде білім алумен өтті ғой. Ал бүгінде тиын-тебенсіз аттап шыға алмайсың – нарық заманы» - деп бастайды ондайда.

Тамақ пен шайдан жиналған дастархан басында ұлдары мен қыздары әке-шешелерiн ортаға ала жайғасады.

  Қалай, Ботагөзiм, кешегi аптаға жеттi ме ақшаң?

Үлкендерi Бота, қыз емес пе бойжетiп қалған, кiшкентай түймелi жылтыр әмиянын ашып көрсетедi:

Жиырма бес теңгем қалды.

Екiншi бала Абзал, мұрнын тартып қойып, өз бюджетi туралы есеп беруге асықпайды. 

Себебi, ендiгi кезек – балабақша жасындағы ең кенжелерi Ғабдолдiкi.

Айнұр әкпесi еңбек сабағынан тiгiп әкелiп берген шүберек қалтасының бауын пысылдай шешiп жатқан оған тете әкпесi Гүлнұр күдiктене қарайды:

– Ғабоктiң ақшасы тағы да сүр татиды.

–Тағы да сүрлендiрдiң бе? – дейдi көзiн бақырайтып, таңданысын жасыра алмаған Қасқырбай ағай. – Мәш-шқар-ра! Сондай да бола ма екен? Қанша болды ендi ақшаң?

– Ақшам ба? 

Ғабок-Ғабдол бар ынта-шынтасымен тиындарын санап жатыр. – Міне, жүз теңге. Жиырма, жиырмаға жиырма - қырық, қырыққа елу –i-i-iм.., тоқ-с-сан, тоқсанға он –жүз. Жүз теңгеге жүз теңгенi қосқанда екi жүз болады. Және, мiне, жиырма теңге. Екi жүз жиырма теңге!

– Оһ-һо! – деп мойнын созады Айнұр.

– Ғабок ақшасын курортқа жинап жатқан шығар? – деп қағытады қу тiлдi Асан.

– Мүмкiн, Америкаға шығар? – Үсен де шағып қояды.

– Иә, саған! Иә, саған! Мен ақшамды лимузин машинаға жинап жатырмын. – Ғабок-Ғабдол шынын айтып қойғанын бiлмей қалды.       

– Лимузин машина қанша тұрады екен? –дедi шешесi.

– Алты жүз теңге.

– Мақұл, мақұл! Жөн-жөн, Ғабок! Дегеніңе жете ғой, жаным! – дейдi әкесi мейiрлене. Балаларының «есебiн» түгел тыңдап болған соң, Қасқырбай ағай әйелiнiң сөмкесiндегi алдын ала ұсақталған ақшаларды бөле бастайды:

Мә, мынау саған – елу теңге. Мынау саған – елу теңге. Жоғалтып алсаңдар, обалдарың өздерiңе. Санап алыңдар.

Кiшкентай Ғабдол мен Гүлнұр ыждағатпен тиындарын санап жатыр. Ғабок қайта-қайта санады да ойланып қалды. Iле-шала, мәз боп күлiп жiбердi.

– Көк-ке, кө-ке! Ойнамаңыз. Бес тиыным кем. Әкелiңiз!

– Қой, мүмкiн емес, түгел едi ғой.

– Мiне, қараңыз: он, он бес, жиырма бес, отыз бес, қырық бес...

Қасқырбай ағайдың қулығын ересектер түсiнсе де, дымдарын iшiне алып отыр.

Қанеки, мен санайыншы, - тиындарды жылдам өзiне саусақтарымен сырғыта Қасқырбай ағай санай жөнелдi,- он, он бес, жиырма, жиырма бес, отыз, отызға –он бес – елу. Елу ғой?

Алданып қалған Ғабдол өзiнiң қалай қателескенiн тексеру үшiн тағы санай бастады. Ал Гүлнұр әкесiн сөзiнен ұстап алды:

Өтiрiк! Өтiрiк! Ғабок, көкем отызға он бестi қосқанда елу дейдi. Отызға он бес – қырық бес болады! – деп қуана болысып жатыр iнiсiне.

Бәрi ду күлдi. Бөлменiң iшi осынша күлкiнiң мөлдiреген тазалығынан бұрынғыдан да жап-жарық боп кеткендей. Әйтеуір,Сәуле апайға көрпешесiне құрақ құрасуға келiп отырған Нұрсипатқа дәл сол сәтте осылай сезiлдi.

Күнделiктi ұсақ-түйекке деген тиын-тебендi қылдай бөлiп берiп отырып Қасекең балаларымен алдағы күндi бiрге жоспарласады: 

Ендi былай. Шешелерiңнiң азық-түлiк пен ұсақ-түйек шаруасына мың жүз елу теңге керек екен. Сендердiң әр қайсысыңа сабақ арасында жейтiн бәлiштерiңе бердiм. Ендi барлық қалғаны – екi мың жетi жүз. Болды ма? Тағы не керек? Ештеңе ұмыт қалған жоқ па?

Жылы батареяға арқасын төсеп  манадан берi әңгімеге араласпай отырған   Балым әжесiнiң дауысы шықты:

Ә-әй, көкесi-ау, осылар көптен берi дендидiң кассетасы, дендидiң кассетасы деп жүр едi. Ол кассетасы құрғыр, көп ақша тұратын ба едi өзi? 

Ғабдол-Ғабок қуанғанынан ұшып тұрды:

– Ур-ра! Аламыз ба, көк-ке ?

– Екi жүз елу теңгеге футбольный кассета келедi. – Абзалдың да сөзiнен Қасқырбай ағай кассетаға деген құмарлықты аңғарды. 

Отбасылық қаржы туралы комиссия дэндидiң кассетасына бюджеттен екi жүз елу теңге бөлу туралы бiрауыздан қаулы қабылдады! – дедi асқан шабытты үнмен отағасы.

Нұрсипат жұмыстан бүгiн кеш қайтса да, шаршамаған сияқты. Алагеуiм шақ. Жерде едәуiр қар бар. Кешкi ызғар бойды тоңазытып, қалың киiнсе де Нұрсипат өзiнiң тайғақ көше бойымен бүрсеңдей басып келе жатқанын байқамай қалды.

Шаң-шұң шыққан әйелдер дауысына жалт қарап едi. Көшенiң сол жағындағы тротуар үстiнде бiрi құлап, бiрi сүйеп тұрғыза алмай жатқан екi әйел екен. «Мiскiн, бiр жерiн сындырып алмаса игi едi». Нұрсипат оларға жылдам басып жеттi де, құлап жатқан әйелдiң екiншi қолтығынан демей бердi. Мұнша салмақты болар ма, қасындағымен екеулесiп жүрiп әзер тұрғызды. Құлаған әйелдiң өте ауыр болуын ендi түсiндi: үстiнен арақтың айкәпір иiсi мүңк ете қалды. Нұрсипатты көрiп көзi шарасынан шығып кеттi.

 «Р-ры-рахм-ет! Нұрсипат!» – дедi тiлi күрмеле жаутаңдап. Қасындағысы да удай мас. Ащы иiс қолқасын алып бара жатқасын Нұрсипат жирене бұрылып кеттi. Иә, бұл Сандуғаш едi. Кәдiмгi, аты мен сыры мәлiм Сандуғаш. Нұрсипаттың әжептәуiр қызмет iстеп, адал беделiмен бүкiл қалаға танылып қалған аяулы жары Алмабектi өзіне қаратып алып, атышулы алқашқа айналдырған Сандуғаш. Үрiп ауызға салғандай сүйкімді ұлы Болатты, қызы Балнұрды тiрiдей әкелерiнен айырған Сандуғаш. Ораза айында жарамазан айтып жүрген Болаттарды қайыршы деп балағаттаған... Сандуғаш...

Тоңазыған денесi лезде қызып, ыси жөнелген Нұрсипат басын шалқайта, бойын тiктеп алды да, адымдай жүрiп кеттi. Өзiнiң ширегiне де келмейтiн, әбден азғындаған, былапыт ауызды, маскүнем күндесi Сандуғашқа қол ұшын созғанына өкiнген жоқ. Бiрақ, намыстан жарыла жаздап келедi.

Сандуғаш өзi екiқабат па қалай? Нұрсипатқа солай көрiндi.

Үйінiң есiгi алдына жеткенде, тоқтап, терең тыныс алды. «Шiркiн, дүние, неткен кең едiң! «Ал мен болсам балаларымды ақша ұстауға қалай үйретсем» деп күнi бойы бас қатырдым».

Нұрсипат өзiнен-өзi күлiп жiбердi. Бірiншi рет рақаттана күлгенi осы. Алмабек тастап кеткелі емен-жарқын күлгені бірiншi рет. Бірақ ешкiмге көрсеткен жоқ. Дыбыссыз күлдi.

Есiктi ашқан кішкентай Болаты мен Балнұрының алдында көзiнен ағыл-тегiл аққан жасты сүрте алмай аяулы анасы Нұрсипат тұрды...

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan