Қобыз
Ұлы, қане!..
Ақ бөрі,
Қара бөрі,
Көк бөрі,
Қыңсыласын қара жер,
Ай жыласын көктегі.
Жалын жұтқан жанартау қанын ішке тартады,
Жан-Арымның жартысын жасын жұлып кеткелі.
Ұлы, қане!..
Қарт емен,
Қара орманым шулашы.
Бура бұлттар жын бүркіп,
Жөңкілсін бір шудасы.
Күй дегенің Құдайдың қою қара сиясы,
Күй дегенің Тәңірдің көктен сауған көз жасы.
Сөйле, қане!..
Ақ қобыз,
Қара қобыз,
Көк қобыз,
Көнек іші күрең от –
Күміс жалды көк теңіз.
Күміс жалдың өзегін көсеп-көсеп алғандай,
Көтеріліп күллі аруақ алқа-қотан қонғандай.
Жан-Арымның жарығын жасын жұлып өткелі,
Қанатымның әр талын жүндей тұтып от демі.
Талай қобыз шаптым мен қарағайдан, қайыңнан,
Бәрі соның кетті ұшып, иесіне көктегі.
Көн шанағы қобыздың көр ішіндей қараңғы,
Қараңғыда сөйлейді ол қанға толып Жан-Ары.
Қараңғыда кім жүрер, қабір тілін кім білер?
Қара аспанның астында қалың елім дүрлігер.
Күншығыстың өксігі,
Күнбатыстың наласы,
Айдың беті сыздауық, күннің бітеу жарасы.
Өзіне-өзі дем салып, өзін-өзі аптайды,
Зікір айтып жеті күн, өзін-өзі жоқтайды.
Жеті бақсы иектеп, жеті жұртты адақтап,
Күллі әлемдік тартылыс қыл ішекте қонақтап.
Нұр мен сүтке илеген бебеу күйдің ішінде,
Отырамын көк тысты Тәңір сөзін парақтап.
Сөйле, қане!..
Қарт қобыз,
Қара қобыз,
Қаралы...
Күй дегенің Тәңірдің көктен түскен жамалы.
Не айтпады бұл таңдай,
Не көрмеді бұл маңдай?
Табытыңның ішінде бәрі күтіп тұрғандай...
Табыт үнін кім тыңдар, Тәңір тілін кім білер?
Қара аспанның астында қалың елім дүрлігер...
Сарын
Сәрсенғали Жүзбайға
Қобызға қайта қол артпа, –
Онсыз да ғұмыр бос маған.
Пенденің назы тиер деп,
Тереңге көміп тастағам.
Тым ауыр үкім білемін,
Жүрмейді бірақ басқа заң.
Өмір мен өлім бір ұғым,
Кім оны бөліп тастаған.
Қозыкөш емес, әудем жер,
Өмір мен өлім арасы.
Еңбегі сынды сәбидің,
Бүлкілдеп жатыр қарашы.
Бүлкілдеп жатыр бір әуен,
Тамырын тартып тылсымнан.
Өмір мен өлім – егіз құс,
Кім оны бөлек ұшырған.
Бір ішегі – бақилық,
Бір ішегі – фәниден.
Екі өмірді тел еміп,
Боздар сосын әулиең...
Боздар сосын дүние,
Кейде ашылып, бұйығып.
Бір ішектен сүт саулап,
Бір ішекте қан ұйып.
Бір ішектен у тамып,
Бір ішектен от өріп.
Сөйлер кәрі дүние,
Күрк-күрк жөтеліп.
Сөйлер кәрі қарағай,
Сөйлер қылы жылқының.
Кісінессек қарадай,
Мен де сенің тұқымың.
Мен де сенің тұқымың,
Кескілескен тұяғы.
Домбыраның – қоңыры,
Қыл қобыздың – қияғы.
Мен де сенің өркенің,
Өресі бір ағаштан.
Бір ішекте – қара жер,
Бір ішекте – көк аспан.
Көк аспан мен қара жер,
Ыңыранып, иініп.
Төрт құбылаң теңселер,
Бір тиекке түйіліп.
Екі өмірдің аңсарын,
Бөліп ішкен боздасым.
Қос ішекте сорғалап,
Құйылады көз жасым.
Қос ішекте сорғалап,
Сорам ағып барады.
Ажал емес түсімде,
Қобыз қуып барады.
Шырқырайды шыбын жан,
Бұлқынады құрықта.
Қуып жетіп қыл қобыз,
Мөңірейді тұлыпқа.
Абжыландай ысқырып,
Бұрқырайды бурадай.
Алқам-салқам ақымнан,
Апыл-ғұпыл тұрғандай.
Мен жазбадым бұл жырды,
Тарихта жоқ ізім.
Жеті қырдың астында,
Күтіп жатыр қобызым.
Жалғыздық
Қобызшы Ықыластың бір сәті
Шу бойына түмен бұлт түйедейін шөгеді,
Шу бойында жалғыз үй қалт-құлт еткен жүрегі.
Қамыс басы қобыздың қалқияды құлағы,
Құмның іші қобыздың сықырлайды сүйегі.
Шуламайды сабаз Шу тынып іштен ағады,
Шу бойында жалғыз үй – күй перісі, қағаны.
Ашай менен Әбікей, іздемейді Сүгірді,
Тоқсан тарау бұл күйдің толғағы ауыр бүгінгі.
Бебеулеген бір күйді белдер жұтып алады,
Шетінеген бір күйді шеңгел іліп алады.
Шамырқанса ащы күй, алды – тұйық, арты – жар,
Шанақ іші түйіліп, шеңберленіп алады.
Ту сыртында Қаратау түксиеді түнеріп,
Ұлы шөлі Бетпақтың көн шанақтай кезеріп.
Азабынан бұл күйдің ажал жеңіл болар-ау,
Мазағынан тірліктің мазар жеңіл болар-ау.
Кәрін төксе Қаратау аш бурадай ақырып,
Күйші отыр жағада аруағын сапырып.
Кере құлаш ысқыштан кескілескен от өріп,
Күйдің қызыл желкені көкжиекті көтеріп,
Жадыраса жұмақтай,
Тарылса бір тамұқтық,
Асасындай Құдайдың қобыз деген жарықтық.
Шу бойында жалғыз үй – Тәңірінің тағы ма?
Ықылымнан ілкі күй ыңыранды тағы да.
Татымайды тірлігің шалғысына қобыздың,
Арзымайды дүние қыл ішектің зарына.
Арқа тұтып піріңді, аруағыңа жылаймын,
Тезі де сен Тәңірдің, момыны өзің Құдайдың.
Жеркіндіктің ғаршыға аңқып соққан арзуын,
Күй аралас күп-күрең Құсжолына шылаймын.
Сыматай
Айхай, жыршым,
Айтар болсаң,
Сыматайдың қобызын айт,
Қоңыр үні – Тәңір тілін мөрлеген.
Шалғысын айт,
Шаңырақтан тік шаншылған сәуледей,
Өткірлігі – өзегіңді түйреген.
Шанағын айт,
Он сегіз мың ғаламның,
Құпиясын, қуатын,
Кепиетін, наласын,
Алдына алып көлденең,
Ең бір асыл дыбыстардың тамырын,
Тауып басып күйлеген,
Сәуегейлі ғасырлардың сарқытын,
Сауып-сауып сөйлеген.
Ол осынау, –
Паң,
Пәкизат,
Жұмбақ,
Бекзат қалпында
Қалай сиып келген біздің дәуірге...
Аңыздардың ішін жарып, ақтарып,
Бойлай алмай қатпар-қатпар сүрлеуін.
Әлмисақта Тәңір тұтып төбеге,
Шешкен ерте тағдырының күрмеуін.
Сол бір жанның қайтқан күні есімде, –
Аңыз өлді, абыз өлді демеді ел.
Су қараңғы тас көшеде теңселдік,
Тәңір текті төбе көзбен көреді Ол.
Жұбанышы,
Жылауы да өзгеше,
Пешенесін пері сүйген ғұмырдың.
Бір дәуірдің шымылдығын жабарда,
Нені жоқтап тұрды сенің тұғырың.
Сол абыздың қайтқан күні
Мен үшін, –
Жыл санаудың жаңа беті ашылған.
Ғайып ерен, қырық шілтен мысымен,
Алматының аспанына шашылған.
Ықыластан,
Әбікейден,
Сүгірден,
Жаппас,
Дәулет,
Сүмбілелі керуен.
Сол керуеннің жезбұйдасы үзіліп,
Бар дүние төңкерілген түбінен.
Сыматайдың қайтқан күні есімде, –
Қараша деп Құдай жазған хатында.
Ақы иесі – Қорқыт баба бас болып,
Күллі аруақ қолын жайған қатымға.
Ие өтті, кие кетті демеспін, –
Нала қалды жүрегімнің түбінде.
Әләулайын айта берсін ағайын,
Мен көшімді бұрдым ерте іңірге.
Мен көшімді бұрдым қара қорымға,
Аруақтар ағытады тиегін.
Түпиелі,
Нұрлы,
Ыстық қалпымда,
Сені құшсын сау-саламат сүйегім.
Айхай, жыршым,
Айтар болсаң,
Абыздардың алапатын айт маған,
Нар қобыздар жаудан беті қайтпаған.
Бір жұтым күй
Бейуаз ғана бір әуез
Қара тасты күл-парша ғып тастаған.
Сол абыздың қайтқан күні есімде, –
Аңыз өшті,
Дәуір көшті демеді ел.
Қарт қобызы қарт қырандай түйіліп,
Төбе көзбен бәрін бүгіп отыр Ол.
Бақсы
Мен – бақсымын.
Арғыәлемде – аңсарым,
Бергіәлемде – борышым,
Қос ғаламның қоршауында – менің қоңыр қонысым.
Иір-қиыр жолаушылып
жардым фәни құрсауын,
Үйір-үйір жын асырап
қалауымша жұмсадым.
Жынның басы Жоламанға
жон-арқадан қамшы бастым,
Тоқсан жерден ту көтеріп
тоқсан белден шаң шығардым.
Ақтұйғындай құс жынымды
томағасын күмістеттім,
Сол иығы – сәукелелі,
оң иығын – үкілеттім.
Маңдайы – қал, арқасы – жал
азабы ауыр арғымақтың,
Қарашұбар жолбарыстай
жылқы жынды азынаттым.
Айбалталы қанды орақ
айдаһарлы Айды орадым,
Қарағайлы қара қобыз
қаһарланса бар ма амалың?
Қара басты қабақтыға,
Жан жарасын жаршы дедім.
Ала шортан тамақтыға,
Іш мерезін алшы дедім.
Арқадағы алты көзбен,
Желкедегі жеті көзбен,
Отыз екі омыртқаға,
Қырық екі қабыртқаға,
Қоймай бәрін саралаттым...
Тоқсан қойдың терісінен
тон шықпаған, толғақтым-ау,
Жетпіс қойдың терісінен
жең шықпаған, кіл жақсым-ау,
Жан ышқынып қысылғанда
жеті қырдан жеттіңдер ме?
Жасыл бояу жан жұпарын
жаңбырлатып төктіңдер ме?
Мағырап пен Машырақтан
әулиелі ару ақ таң,
Ақшам туа ақ дұғасын
аспан жаққа жамыратқан.
Мен сол күміс дұғалардың
қанатына қондым ерте,
Көз жасынан тамған нұрдай
ғұмыр сұлу әрі келте.
Алдымызға қарауыл сап,
артымызда ақ шыңдауыл,
Бірте-бірте баршын табар
баба түкті біздің дәуір.
Мен де қайттым, ал сендер де
қайрылмаңдар қоңсыларым,
Күре жолдан көкжиекке
ары асатын жол шығардым.
Арғыәлемде – қалды аңсарым
бергіәлемде – борышым,
Жан-Ар оты жасығанда
созғайсыңдар қол ұшын.
Ал әзірге сен есен бол,
Түпиелі қонысым!
