Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 10...

14.04.2019 4066

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 10

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 10 - adebiportal.kz


КУЛАК-ТЕРРОРИСТЕРДІҢ АТЫЛУЫ

Петропавл округтік соты Кеңес мүшелерін, белсенді қызметкерлерді, астық дайындау жөніндегі уәкілдерді соққыға жыққаны үшін кулактар тобын әлеуметтік қорғаудың жоғарғы шарасы – ату жазасына кескен үкім шығарды. Орал округтік соты ықпалды бай Өмірәлиев Рахманды ату жазасына кесті... Ол астық дайындауға көмек комиссиясының мүшесі жолдас Ханхажинді өлтіру мақсатында қастандық жасады.

Кулак Ваганов Иван белсенді қоғамшыл – батырақ Саянинді өзенге батырып өлтіруге тырысты...

Орал округтік соты Вагановқа ату жазасын беруге үкім шығарды.

Барлығына қатысты үкім орындалды”.

...Өкімет тіпті қан төккені үшін емес, жұдырықпен ұрғаны үшін, қан төгуге тырысып, әрекет еткені үшін де қан төкті (ал бұл әрекет қандай болды: егер бай Өмірәлиев пен кулак Ваганов болмаса, басқа ешкім де белсенділерді өлтірген жоқ, суға да батырған жоқ).

“Астық сығып алушыларды” қорқыту үшін, оларға ескерту жасау үшін ғана шапалақпен тартып жіберген мұндай “лаңкестер” саны қанша болып еді?!.

“Үздік лениншіл жолдас Сталин” бастаған сенімді лениншілдер ЖЭС-ті келмеске кетірді; Голощекин, өлкелік комитеттің жаңадан сайланған екінші хатшысы Ізмұқан Құрамысовпен (32 жаста, ақтөбелік диқанның отбасынан, бұрынғы батырақ, Орынбордағы қасапта жұмысшы болған, 25 жасынан партия қызметкері) және Халком Кеңесінің жаңа төрағасы Ораз Исаевпен (30 жаста, оралдық батырақтың отбасынан, бұрынғы милиционер, 20 жасынан партия қызметкері) бірге астық жоспарының орындалмаған бөлігінен қалай құтылуды және көшпенділерді ұжымшарға қуып әкеліп, отырықтанып өмір сүруге мәжбүрлеуді ойластырды.

Халықтың арқа-жонын опырудың “ұлы жоспары” белгіленді, машақат жеткілікті еді.

Қазақстанда ұжымшар қозғалысын дамыту жоспары бойынша, 1929 жылы ұжымшар санын 2315-тен 3215-ке жеткізу, бірлескен шаруашылықтарға 34 000 жаны бар 18 668 отбасын тарту ұсынылды. Жылдың соңына қарай ұжымшарларда 194 490 жаны бар 41 700 отбасы немесе өлкенің бүкіл тұрғындарының 1928 жылғы 1,6%-дың орнына 3,1 %-ы болуға тиіс болды. Алғашында 1933 жылы крестьяндық шаруашылықтардың 4%-ы біріктіру үшін бесжылдық ішінде ұжымшар санын екі есе ұлғайту белгіленді. Алайда жоғарыда мұндай қарқынды большевиктік емес деп санағандықтан, көп ұзамай жоспар өзгеріп, шаруашылықтардың 16-18 %-ын ұжымдастыруға, яғни ұжымшар санын он есе арттыруға шешім қабылдады. Ұжымшар құрылысының еріктілігі мен біртіндеп жүруі туралы тіпті сөз де болған жоқ.

Бүкіл ел үшін белгіленген ұжымдастыру қарқыны, әсіресе Қазақстан үшін және оған ұқсас тұрғындарының жартысы көшпенді немесе жартылай көшпенді болған аудандар үшін жарамсыз болды. Бірақ нұсқау билік алған жерде заң, парасатты адамдық пайым болған жоқ. 1929 жылдың өзінде алдын ала межеленген бесжылдық жоспар екі есе асыра орындалды: ауыл шаруашылығындағы ұжымдастыру пайызы 6,9-ға жетті.

Қарқын тым үдеп, күніне емес, сағат санап өсіп отырды.

Социалистік Қазақстанның кезекті тоғызыншы жылдығын әдеттегідей 4 қазанда атап өтті. Қазақстан күнтізбесіндегі қызыл цифрлы күні, қарапайымдылықпен өзінің есімін “П.З-й” деген әріптермен белгілеген кезекші өлең шығарғыш “Мерейтой иесі – дала” (“Степь – именинница”) деген ода құрастырды:

Берілтті онда жас, мұңға,

Алаштың жолы болмаған.

Жасыл туының астында

Ақсақалдары қолдаған.

Жұт келіп жатты қиналып,

Қызығы болмай көретін...

Анау да мынау қалып,

Масақты ғана теретін.

Азапты ауыл жататын

Жылғасы тиіп иекке.

Домбыра мұңға бататын

Жатақтық батып сүйекке.

Арада өтті жыл, ай да,

Бұл емес жанға батқаны.

Рақат қандай, ұнай ма,

Теміржол тулап жатқаны?

Теміржол бойы ілесіп,

Киіздей ұйлыққан азапқа.

Келеді Октябрь күресіп,

Бақыты үшін қазаққа.

(Өлеңді аударған — Аманхан Әлім)

Бұл екі арада нұсқаулар шың-құзынан “Кремль бүркіті” мен оның құзғындары құлатқан қар көшкіндері төмен қарай тау қопарғандай сұрапыл екпінмен құлдырады: республика ұжымдастыру құйынының астында қалды. “Ұлы бетбұрыс” өзінің тоқтаусыз топалаң күшіне мінді...

Х

Қамбадағы астық қалдықтарымен бірге адамдардың жүрегінен Жаратушы Иені де жұлып тастады – болашақ ұжымшарларда дәл қаладағыдай Оған орын қалдырған жоқ. Құдайсыздар басшысы Емельян Ярославский, ол әрі Губельман және сондықтан Емельян емес, Мәскеуде отырып басқарған бұл науқанға Каганович жетекшілік етті. Олардың түсінігіндегі ар-ұждан бостандығы бойынша, егер Құдай үйін құртып жібермейтін болса, соның өзінде оны сауда ләпкесіне немесе клубқа айналдыру керек болды. Әрине, шын берілген лениншілдер үшін ең бастысы басқада – орыс халқын және ең алдымен оның, тіпті өз атауын христиандық ғұрпынан алған байырғы әлеуметтік қабаты крестьяндықты толығымен ар-ұждан сенімінен айыру болды. Крестьяндықтың арқа-жонын опырардың алдында оның басын алуға шешім қабылдады. 1929 жылдың басында Каганович бүкіл елге діни ұйымдарды бірден-бір жасырын өмір сүріп жатқан контрреволюциялық күш деп жариялаған нұсқауын таратты. Сонымен бір уақытта Ярославский ел тұтасымен атеистік болып шығуы үшін құдайсыздық бесжылдығын жариялады. Шіркеу, часовня (кішкентай шіркеу), иконды... қысқасы, әскери коммунизм уақытынан бері бүлінбей аман келе жатқанның бәрін жаппай жауып, құрту осылай басталды.

Партияның көмекшілеріне сылтау табыла кетті. Михаил Кольцов (Фридлянд) алты ғасырдан астам уақыттан бері тұрған ұлттық және әлемдік мәдениеттің ескерткіші – Мәскеудегі Симонов монастырын талқандау туралы ұсыныс енгізді. Ол газеттерде насихаттық шу көтергеннен кейін Бас ғылым басқармасы орыс сәулетінің алты мың ескерткішін (сегіз мыңның ішінен) есептен шығарды, яғни жоюға үкім етті. Орыс ұлттық мәдениеті мен православияны ойрандаудың мән-мағынасы М.Кольцовтың Симонов монастырының талқандалуы туралы репортажынан анық көрінеді:

“...Пироксилин (қопарғыш зат – ауд.) салынған құтыларды қойып шықты... Одан соң тарсыл-гүрсіл... күткендегіден сәл бәсеңдеу... тағы бір соққы....

Тап-таза, аппақ мәрмәр төбешік жоғары қарай тік көтерілді... Жоқ, бұл ғажап! Собордың кірпіштері бүтін қалпында жан-жаққа шашырап түсіп жатты. Олар бейне бір шақпақ қант тауына ұқсайды...

Лениндік түннің* (монастырь 1930 жылдың 21 қаңтарына қараған түні талқандалды) алты жылдығында Сталин және онымен бірге бүкіл партия пироксилин құтыларының жаңа қатарын қойып шықты: ескі деревняның орнына, оның сансыз көп кішкентай капиталистерінің қалдығының үстіне (ерекшелеген автор. – В.М.); оның ескі теріс салттарының ең терең тамырларының арасына – оның орнында жаңа, қоғамдасқан, социалистік салт-дәстүр құру үшін. Он бесінші съезд де бетбұрыс жағында, біз ашық теңізбен, он алтыншының оттарымен кездесу үшін одан әрі барамыз. Жаңа жарылыстар және онымен бірге күні бүгінге дейін өмір сүріп келген және осы монастырьдың қабырғасы секілді берік тұтас бір тап жерден ажырап, аспанға ұшады”.

Айлық таралымы жүздеген мың данаға жеткен антидіни баспасөз “бір бүтін тұтас таптан” тек “босанып шыққан молекулалардан” өзге бүтін ештеме қалмауы үшін құлшына күш салды.

Кейін, неміс кеңірдекке пышағын тақаған кезде, бұрынғы семинарист Сосо Джугашвили өзі қыспаққа алып, жойған, аштықпен қырған “бауырлар мен қарындастар” туралы еске алды. Дана Коба (оның өз басын құтқаруы керек болғанын да ұмытпайық) сонда шіркеушілерге аздап кеңшілік жасады: “Дұға оқыңыздар, бірақ сіздердің дінге сенетін адамдарыңыз жақсырақ соғыссын... Ал әзірше сөз жолдас Губельманға берілді” (Жолдас Маузер өзінің сөзін ондаған жылдар бұрын айтты – 1919 жылдың соңында ресейлік 360000 діни қызметкерден 40 000-ы қалды). ОК-дегi антидіни кеңесте (1929 жыл.) Ем.Ярославский әскери әрекеттердің басты бағыттарын тұжырымдады: “Жуықтағы жылдарда, 1917-1921 жылдардағыға қарағанда, біздің басқа түрдегі капиталистік элементтерді КСРО-да түп тамырымен құртуымызға тура келеді. Егер біз бұрын бірнеше ондаған мың помещиктермен және бірнеше ондаған мың капиталистермен істес болған болсақ, онда енді діни ұйымдардың негізгі белсенділерін құрайтын 3-4 миллион кулактармен күресеміз... Олармен күрес шіркеулік ұйымдардың қолдауына ие помещиктермен күрестен жеңіл емес, тіпті одан күрделірек”.

3-4 миллион адамды, оның үстіне, отбасымен бірге “түп тамырымен құрту”, яғни большевиктік тілден аударғанда – жою бірнеше ондаған мыңға қарағанда күрделірек екені, әрине, түсінікті. Бірақ Ем.Ярославский Сталинге ұнау тілегінен бе, әлде тағы басқа себептен бе, бұрын істелінген талқандаушылық жұмыстарды көпе-көрінеу азайтып көрсетті.

* * *

Осы заманғы публицист И.Ачильдиев жұртшылыққа танымал “Юность” журналында сендіріп айтқанындай, “Сталин шіркеумен саяси күрес жолын, дүниетанымдар тайталасын саяси текетірес арқылы жою бағытын таңдады”, ал Лениннің кезінде “Кеңес өкіметі шіркеу мен дінге сенушілерге қатысты ойланылған, дұрыс ниетті саясат ұстанды-мыс”. Алайда мұның ойланылған және дұрыс ниеттен туған саясат негізіндегі дүниетанымдардың нендей тайталасы екеніне көңіл аударып көрейік.

Ленин және оның ұстазы Маркс Құдай туралы бір ауыз сөз айтылғанның өзінде-ақ тістерін шықырлатты. Бұл тұжырымның әрбір әрпіне дейін дұрыс екеніне көз жеткізу үшін оның “мұрасына” үстірт көз жүгіртіп өтудің өзі-ақ аздық етпейді.

Міне, Ильич Гегельді конспектілейді. Сезім толқыны кеудесін кернеген ол: “Материалист құдайды және оны қорғаушы философиялық сволочьты* (“Оңбаған” мағынасында. – ауд.) жуынды төгетін шұңқырға тастап, материяның, табиғаттың білімін биікке көтереді”, – деп, өз тарапынан әлденелерді қосады. Оған қоса, қаптаған сұрақ белгілердің арасына мынадай жолдарды кірістірген: “Құдайға аянышты-ақ! Идеалистік сволочь!” “Христиандықтың маңыздылығы туралы әдепсіз-поптық идеалистік мылжың (Евангелиядан келтірілген үзінділері бар!). Жексұрын, сасық!”

Ал Горькийге хатында былай дейді: “...кез келген кішкентай Құдай – құндақтағы мәйіт, бейне бір бұл ең таза, мінсіз секілді... Кез келген діни идея, кез келген Құдай туралы кез келген идея... айтып жеткізуге болмайтын оңбағандық болып табылады... ең қауіпті жексұрындық, ең пасық жұқпалы індет...”

Егер Ильичтің қағазға жазғандары осындай болса, онда оның өз серіктестеріне бұл тақырыпта дауыстап не айтқанын көз алдыға елестету қиын емес.

Дін мен шіркеуге деген фанатикалық өшпенділігі Лениннің тактикалық тұрғыдан діни сенімге сырттай төзіммен қарау арқылы “қараңғы” халықты алдауына бөгет болған жоқ. Мәселен, ол Қазан төңкерісіне дейін жұмысшыларды “діни тұманмен” “таза идеялық және тек қана идеялық қару арқылы” күресуге шақырды. Және тіпті партиялық жұмысты адал атқарған жағдайда священниктің социал-демократиялық қатарда болуына рұқсат етті. Амал қанша, діни сенімдегілер әлі өте көп еді, сондықтан жүректерін материалистік жіптермен тігіп, осы бір кертартпа зорлықпен санасуларына тура келді. Осы себептен 1918 жылғы конституцияда діни насихатқа құқықтылық туралы айтылды. (Шындығында, бұл құқық священниктер мен дінге сенушілерді аяусыз соққының астына алу жолымен бірден жоққа шығарылды.) “Ең адамгершіл адам” шіркеудің қайырымдылық қызметіне тыйым салды; ол “некенің толық бостандығын” және “шіркеулік некемен” күресуді насихаттады; адамгершілік “жаппай ынтымақты тәртіпте және қанаушыларға қарсы бұқаралық саналы күресте”, яғни іс жүзінде екі сөзге келмей олардың көзін жоюда және большевиктер кімдерді қанаушылар деп атаса, солардың бәрін басып-жаншуда деп тұжырымдады. Владимир Ильич “Діни қызметкерлердің өтірігін әшкерелеу үшін “киелі күштердің” шынайы бейнесін ашып көрсетуді ұсынған еңбекшілер тілегіне қызу қолдау білдірді”. (Яғни, православиялық сенушілердің – ел тұрғындарының көпшілігінің сезімін қорлайтын, Құдайға тіл тигізу науқанын кеңінен жүргізуге бұйрық берді. Соның салдарынан Сергей Радонежский секілді көрнекті орыс әулиесінен бастап, 60-тан аса киелі адамдардың ар-ұжданы қорланды.)

Мінбер-ақын Маяковский “Аузында – дұғасы, қолында – күнәсі” деген орыс мақалын білді ме, білмеді ме, бірақ ол “Ойымызда – Ленин бар, қолымызда – бесатар” деп, бұл мақалды большевиктік тілге өте дәлме-дәл аударды.

“Суға батырылды”, “сүңгіге шаншылды”, “мылтық дүмімен ұрып өлтірілді”, “атылды және аязда қалдырылды”, “қылышпен туралды” – бұлар көп ретте священниктердің тағдыры туралы айтылған хабарламалардың ең соңғы сөзі болды. Ал не үшін өлтірілді? – “Уағыз айтқаны үшін”, “Шіркеу қоңырауының сыңғыры үшін...” Және “Совдептерге” де жаңа адамдар керек болды, бірақ мүлде басқа – басына жын-Ленин кіріп алған (партиялық ұрандарды меңгеру үшін дәл осы бас керек) және қолында бесатар-наганы бар (партияның шақыруы бойынша қиратуға, тонауға, өлтіруге дайын) құдайсыздар, құлақкесті құлдар қажет болды. Және “жұтуға” ыңғайлы әнді де – “Собачая вальстің” әуеніне жазылған “Қиратушылар әнін” таңдап алды, алғашында партиялық гимн “Интернационал” дәл осылай аталған болатын:

“Біз бәрін де өртейміз, күйретеміз,

Жер бетінен бәрін де жоқ етеміз.

Ескі Күнді біржола өшіреміз,

Жаңа Күнді орнына көшіреміз”.

(Тіпті ескі Күн де “жаңа” Әлемге жарамсыз болып шықты...)

Большевиктер өздерінің не істеп жатқандарын жақсы білді: сенімнен жұрдай болған халықты басқару оңай болды. Оны қайда болса да, тіпті өлімге де айдауға болады, мысалы, жалаң материализмнің рухсыз қара құрдымында нұрлы болашақ бар деп сендіріп, тиісті нұсқау берсе болғаны...

Ал, бірақ құдаймен күресуші атеизм – адамдармен ертеден бірге жасасып келе жатқан ежелгі діни соғыстың бетпердесі емес пе екен? Өйткені Қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай, большевиктердің әртүрлі қалаларда тұңғыш христиандық сатқын Иудаға ескерткіштер орнатуы тегіннен-тегін бе? Қасиетті Синод обер-прокурорының бұрынғы серігі (орынбасары) князь Н.Д.Жевахов өзінің естеліктерінде Ресейдегі революция қарсаңындағы қоғамның жай-күйі Патшаның және Оның үкіметінің жіберген қателіктерінің қорытындысы ретінде туындағанын теріске шығарудың қажеттілігі жоқ деп жазды. Алайда Н.Д.Жеваховтың пікірі бойынша, барлық мемлекеттердің христиандық басшылары және барлық уақыттар бойына, тұтастай алғанда, халықтың дәл өзі секілді революцияға тікелей де, жанама түрде де қатыспағаны былай тұрсын, керісінше, жиі-жиі оның құрбандығы бола отырып, әрқашан да онымен күрес жүргізді.

Сонымен қатар Жеваховтың христиан халықтарының революцияға қатыспағандығы және оған қарсы күрес жүргізгендігі туралы соңғы тұжырымымен бұрынғы кеңестік диссидент, эмигрант М.Бернштам секілді осы заман тарихшысы да толығымен келіседі. “Орыс революциясы” деп аталатын жалған аңызды дәйекті түрде жоққа шығара отырып, Бернштам: “Бәлкім, бірде-бір елдің халқы тарихтағы бірде-бір революцияда, революцияны жүзеге асыру үшін өзінің өкілдерін осынша аз, ал оған қарсылық білдіруге соншама көп бермеген болар. “Орыс революциясы” ұғымы, біздің ойымызша, жалпы, ғылыми қолданыстан алынып тасталынуы тиіс. Дәл осылайша Ресейдегі “жұмысшы” және “крестьяндық” революциялар да ғылыми айналымнан шығарылуы қажет”, – деген қорытынды жасады.

“Ленинизм – басынан аяғына дейін соғысқұмар. Ал соғыс қулықсыз, айла-тәсілсіз, жауды алдаусыз ешбір мағынаға ие емес. Жеңімпаз әскери қулық лениндік саясатқа оның қажетті элементі болып кіреді. Бірақ соның өзінде де, ленинизм дегеніміз – партия мен тап алдындағы жоғары революциялық адалдық болып табылады. Ешқандай жалғандық, көпірмелілік, жасанды тұлға деген жоқ”, – деп анықтама береді адал лениншіл Троцкий.

Әрине, жоғары революциялық адалдық, дәл сол қисын бойынша партия мен таптан тыс құпияларды да қамтығаны сөзсіз. 1922 жылдың 19 наурызында Ленин “Толық шығармалар жинағына” енбеген – Саяси бюро мүшелеріне арналған қатаң түрдегі құпия хатын жазды. Әңгіме шіркеу құндылықтарын қолданыстан алып тастау туралы болды.

“...Реакциялық буржуазия мен реакциялық діни қауымдастық өкілдерінің саны қанша көп болған сайын, осы себепті де оларды біздің атуымызға мүмкіндіктің туатыны тіптен жақсы. Бірнеше ондаған жылдар бойы ешқандай да қарсылық көрсетуді ойларына да ала алмауы үшін бұл қауымды дәл қазір осылай үйретуіміз керек”.

“Ең адамгершіл адам” ашыққандарға қандай да бір көмек көрсету туралы тіпті қаперіне де алған жоқ: адам айтқысыз аштық Орыс Православиелік Шіркеуін, анығы – оның қалдықтарын тонау, кемсіту, қорқыту және таптап-жаныштау үшін табылған қолайлы сылтау ғана болды. Бұқара халыққа, ашыққандарға шіркеулердің көмектескісі келмейді деген жалған ұран тасталады.

Тайынбас талаушылық құмарлығы бойын кернеген Ленин орайлы сәтті пайдаланып Шіркеуді тақыр жерге отырғызғанша тонауға құнықты. Ол “қаражүздік діни қауымға” қарсы соққы беруге шақырған “батыл да аяусыз шайқасқа” келер болсақ, мұнда қисыннан гөрі христиандыққа деген туабітті сұрапыл өшпенділік көбірек сөз алды: орыс діни қауымының, шынында да, тек “бір шөкімі” ғана қалды...

Шындығына келгенде, тонайтын да ештеме қалмаған еді: Троцкий Красиковқа басты шіркеу құндылықтары “революция жылдары жойылып кетті” және “тек қана құны арзан күмістің рабайсыз үлкен үйіндісі ғана қалды” деп шағынды.

* * *

Көріп отырғанымыздай, мейлінше адамгершіл Владимир Ильич өзінің туабітті және жылдар бойғы тәрбие негізінде өсіп-өршіген христиандыққа деген өшпенділігі себепті Орыс Православиелік Шіркеуіне қатысты ешқандай да “дүниетанымдық пікірталасына” жол бермеді. Кеңестік публицист И.Ачильдиев, егер “Юность” оқырмандарын саналы түрде алдамаған болса, онда қателескен болуы керек. Сталин тіпті де шіркеумен саяси текетірес жолын таңдаған жоқ, тек Лениннің оны жою жөніндегі ісін жалғастырды .

...Ал енді... Сірә, бір ғана мақсатпен: халықты өзінің туысқандық тегін есінде сақтамаған, Құдайды білмейтін мүсәпір Иванға (немесе Аманға) айналдыру үшін және таңғаларлық түрде Кеңестер Елінің ең жақсы достарының қатарынан табыла кеткен жау-капиталистер өз қалталарын, жеке мұражайларын, байлықтан шіріп жатқан елдерінің мұражайларын біздің құндылықтарымызбен, өнер туындыларымызбен, картиналарымызбен сықап­ толтыруы үшін – тоқтаусыз тонап, ойсырата кедей лендіріп, рухани қасиетті заттар мен сәулетшілік ескерткіштерін жойғаны секілді, шетелдерге арзан бағамен сатылуы үшін шіркеу алтындары мен күмістерінің қайта қорытылуға эшелон-эшелон болып қалай ағылып кеткені туралы енді не деуге болады? Әрине, бұл бір ғана Ем.Ярославскийдің ғана емес, бүкіл партиялық жоғары басшылықтың қолымен, “ақыл-ой, ар-ұжданымен” жасалған іс... Қорытындысы қандай?

“Отызыншы жылдардың соңына қарай, – деп жазады тарихшы О.Платонов, – өршеленген құдайсыздардың ұйымдастырушылық жұмыстары “таңғаларлық табыстарға” жеткізді. Елу мың православиялық шіркеуден тек бірнеше жүзі ғана қызмет көрсетті, яғни “еңбекшілер талабы бойынша”, ғибадатханалардың 98-99 пайызы жабылып қалды. Егер 1928 жылы төрт жүзге жуық шіркеу, 1929 жылы мыңға тарта шіркеу жабылған болса, ал 1930 жылдан 1940 жылға дейінгі есеп жылына ондаған мыңға жетті. Шіркеулердің кемінде­ үштен бірі талқандалып, жұқанасы қалмастан талап алынды. Миллиондаған икондар мен кітаптар, төрт жүз мың шіркеу қоңырауы және көптеген басқа нәрселер өртелді, жойылды. Мұндай ауқымдағы мәдени ойранды әлемдік өркениет бұрын­соңды білген жоқ.

Сірә, дәл осы “жетістіктері” үшін 1938 жылы Ярославскийді Ленин орденімен марапаттады.

Икондарды отқа жақты, тамызық отын орнына пайдаланды. Құдай бейнелерінен-икондардан алтын түйіршіктерін теріп-жинаушылар пайда болды – икондарды қышқыл құйылған күбіге батырғанда, алтын кесектері кеспектің түбінде қалды...

Күмбездердің қаптамасынан асыл металдың бөлшектерін шайып алу арқылы химиктер де “алтын жинаудың” жаңа түрін ойлап тапты. Каганович бұзып талқандаған Мәскеудегі Христ Спаситель ғибадатханасы өз күмбездерінен мемлекетке 422 келі алтын берді, ал барлық мәскеулік ғибадатханалардан бірнеше тонна алтын “шайып” алынды.

Ресейдің жоғалтқан мәдени құндылықтарының ауқымы қандай?

Ең азайтылған есеп бойынша, 25-30 мың шіркеу мен соборлар, 500-ге жуық монастырь, кемінде 50 мың қалалық қымбат ғимараттар (палаталар, особняктар және сондайлар), 2 мыңдай бау-бақшалы үй-жайлар жойылған немесе қираған үйінділерге айналған. Тек Мәскеуде ғана 700-дей сәулет­ ескерткіштері мен 3 мыңға жуық тарихи құрылыс­ғимараттары қиратылды. Жүз мыңдаған қолданбалы өнер бұйымдары, ондаған мың көркем кескіндеме шығармалар, фреска, росписьтер (үй, ғимарат қабырғаларындағы көркем суреттер – ауд.), 20 миллионнан кем емес икондар жойылды. Ақшаға бағалағанда, Ресейдің жойылған мәдени қазыналарының құны, аз болғанда, бір триллион сомнан (рубль) кем емес немесе әлемдік өлшеммен алғанда, үлкен еуропалық мемлекеттің мәдени құндылықтарының құнымен бірдей болды”.

Басқыншы-құдайсыздардың шектен шыққандығы сонша, орыс мәдени құндылықтарын жоюдағы фашизмнің үлесі оның үш пайызына да жетпейді...

* * *

Мұхаммед үмбеттеріне де жетті...

“Орыс бағыныстылығына енгенге дейін қырғыздардың (қазақтардың – ауд.) тек аты ғана мұсылман болды”, – деп жазды Шоқан Уәлиханов. Осы заманғы “исламның діни ықпалымен” күресушілер қазақ ағартушысының бұл пікірін өз жұмыстарында ықыластана келтіреді. Осы бір мысқылшыл ақсүйекке кейде мейлінше өткір пайымдаулар тән болатынына қарамастан, бәлкім, Уәлихановтікі дұрыс та шығар. Қазақтардың Абылай хан дәуіріндегі діншілдік деңгейін біз анықтамаймыз, әйтсе де, бірақ Ресей бодандығын қабылдағаннан кейін далалықтардың Мұхаммед пайғамбардың дініне деген сенімі айтарлықтай беки түскені анық. Мұны құдайсыздардың өздері де мойындайды:

“Патша самодержавиесінің қазақтар арасында христиандықты таратуға тырысқан әрекетінен ештеме шықпағаннан кейін исламнан өзінің отаршылдық саясатын жүргізудегі сенімді одақтасын көрген царизм исламды ашық қолдауға көшті. Мешіттер тұрғызып, оны молдалармен қамтамасыз ету туралы жарлық шығарылды, өлкеде мүфтилік құрылды. Шығыс баспаханасының Петербургтен Қазанға көшірілуімен бірге, оған исламды тарату орталығын жүргізушінің рөлі бекітілді. Мұнда Қазақстанға да таратылатын діни әдебиеттердің үлкен таралымы басылды.

Ұлы Октябрь революциясының қарсаңында Қазақстанда болған мұсылман қауымының кейбір тармақтары консервативті көзқарас ұстанып, “ислам мен шариғатты қорғау” туы астында революциялық өзгерістерге қарсы әрекет етті”.

Одан әрі, әрине, достық бетпердесімен әрекет еткен, біресе бейне бір партиялық өткірлікпен “дінге сенетіндердің діннің таптық мәнін, оның күшін және қанаушы таптармен дәстүрлі байланысын тезірек сезінуі үшін көмектесу керек болды” деп хабарланады. Бейне бір миында Ленин, қолында наганы бар большевиктер дінге сенушілерге қалай көмектескені осы заманғы авторға беймәлім секілді.

Көсемдердің өркөкіректік тіл безеуімен бүркемеленген ар-ұждан бостандығы деп аталатын саясат бостандықты да, ар-ұжданды да құртып-жоюға алып келді. Бірақ билік басына келген Құдаймен тайталасушы жыртқыш алғашында бетін дінге төзімділік пердесімен бүркемеледі. 1917 жылдың 3 желтоқсанында Джугашвили-Сталин мен В.Ульянов (Ленин) қол қойған РСФСР Халком кеңесінің үндеуінде былай делінді:

“Ресей мұсылмандары... Ресей патшасы мен қанаушылары мешіттері мен намазханаларын қиратып, әдет-ғұрып, дәстүрлерін аяққа таптағандардың барлығы! (Ал царизмнің “исламды ашық қолдауы” және мешіттер салу туралы жарлықтары қайда қалады?! – В.М.)

Осыдан былай сіздердің сенімдеріңіз бен дәстүрлеріңіз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз еркін өмір сүреді және оған қол сұғуға болмайды деп жарияланады. Сіздердің құқықтарыңыз, Ресейдің барлық халықтарының құқықтары секілді, революцияның және оның органдарының бүкіл күш-қуатымен қорғалатынын біліңіздер...”

(Иә, қорғалды!.. Ресей империясы тұсында болған 25 мың мешіттен 1986 жылы 376-сы ғана қалды. Қалаларды айтпағанда, әрбір ауылының өз мешіті болған қазіргі Қазақстан аумағында санаулы ғана мешіт қалды, басқалары қиратылды). Ильич, православие дініне жасағаны секілді, мұсылман дінін де тез арада жойып жібере алмағанына қатты өкінді. Бұл оның 1919 жылдың 19 наурызындағы РК(б)П-ның VIII съезінде жасаған баяндамасынан анық көрінеді:

“...Осы уақытқа дейін өздерінің молдаларының ықпалында отырған қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен секілді халықтарға қатысты біз не істей аламыз? Бізде, Ресейде, тұрғындар поптармен болған ұзақ тәжірибеден кейін біздің оларды лақтырып тастауымызға көмектесті. Бірақ сіздер азаматтық неке туралы декрет өмірге қандай қиындықпен енгенін білесіздер. (Иә, некесі кеңестік кеңседе емес, шіркеулік құпиялармен бекіген отбасы әлі жеткілікті шапшаңдықпен, большевиктік қарқынмен ыдыраған жоқ еді, осы жағдай оларды мазасыздандырды. – В.М.) Біз осы халықтарға келіп: “Біз сіздердің қанаушыларыңызды лақтырып тастаймыз!” деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар тұтасымен өз молдаларының ықпалында. Бұл жерде осы ұлттардың дамуын, пролетариаттың буржуазиядан болмай қоймайтын бөлінуін күту қажет”.

Алайда күтуді, әрине, ешкім ойына да алған жоқ: сол VIII-съездің өзі діни уағыз түріндегі контрреволюциялық насихаттың кез келген әрекетінің жолын қию туралы қаулы қабылдады. Діңкені құртатын бұл баптың қармағына ілікпей қалу адал священник үшін мүмкін емес жағдай екені айтпаса да түсінікті және революцияның жергілікті тәжірибелері мұны дәлелдеді де.

Жолын қию тәсілдері әртүрлі болды: партияның орталық комитеті кеңес еткеніндей, тікелей күштеуден бастап, “грамоталар тарату, мектептер, клубтар, оқу залдарын ашу” т.с.с. жолдармен дінді “қалжырату” әдістері қолданылды. РСФСР Ішкі Істер Халкомы 1920 жылдың 10 маусымындағы өзінің өкім хатында лениндік декретке сәйкес, ғибадатханалар мен намазханалар дінге сенушілер қоғамының емес, бүкіл халықтың меншігі болып табылады деп үйретті.

Олай болса, “егер орын жетпеген жағдайда ғибадатханалар мен намазханалар сонымен қатар мәдени-ағарту және қоғамдық-саяси мақсаттар үшін пайдаланылатын болса, онда бұдан заңға қайшы келетін және діни сезімдерді қорлайтындай ештеме болмайды” екен.

Дінге қарсы “жұмыс” былайша екі деңгейде жүргізілді: жазалау органдары діни қызметкерлерді құпия түрде тұтқындап, соттады (ату жазасына дейін), құдайсыздардың айғай-шулы науқаны әр түрлі комсомолдық пасхалар мен рождестволар, “жемір­молда” (түпнұсқада – “муллоедство” – ауд.) деп аталған комсомолдық ораза және айт (бұл молдаларды сынау мен әшкерелеудің түрі болды) ашық жүргізілді.

Исламға шешуші шабуыл ұлы “бетбұрыспен” бірге басталды.

“Джетысуйский безбожник” 1928 жылдың 24 желтоқсанында мынаны хабарлады:

КЛУБҚА АЙНАЛҒАН МЕШІТ

Жаркент ауданы Үлкен Очинахо қыстағының қоғамы ешкім бармайтын жалғыз мешітті клубқа беруге және оны жабдықтау үшін өзара салықтан (“самообложение”: жергілікті мұқтаждар үшін халықтың өз еркімен қаражат жинауы – ауд.) 200 сом (рубль) бөлуге қаулы етті.

Біздің қыстақтарымыздың көпшілігінде жүйелі мәдени-ағарту жұмыстары жүрмейтініне қарамастан, мұндай факт біздің қыстақтың алға басып келе жатқанынан хабар береді”.

Және одан әрі қарай:

БАСЫП АЛЫНҒАН ТАҒЫ БІР МЕШІТ

Шелек ауданы, Құрамыс ауылының диқандары жақында мешітке клубты орналастыру жөнінде қаулы шығарды. Құрамыстық диқандар мешітке босқа барып жүргенше хат танып, сауатын ашуды ұйғарды.

Тек қана “жарайсыңдар” деп айту керек және басқа қыстақтарды, ауыл, селоларды олардан үлгі алуға шақыруға болады”.

Соңғы шағын хабардың авторы тартып алынған мешітті “басып алынған” (түпнұсқада: “отвоеванная” – ауд.) деп өте дәлме-дәл атаған, шындығында бұл – соғыс! Аудандық комитеттер мен ГПУ-лардан ауызша бұйрықтар мен құпия өкім-нұсқаулар шығып жатты, газеттер “майданнан” мәліметтер жариялады және насихаттық артиллериялық атқылаулар жасады. Газеттер күн сайын:

“Діни алдаушылыққа қатаң соғыс жариялаймыз!”, “Діни меңдуананы жұлып тастайық!” деген секілді ұрандарды басып тұрды. 1929 жылдың 6 мамырында “Советская степь” әлдебір “Г” дейтіннің репортажын жариялады:

ДІНДІ ЖЕРЛЕЙІК

(Комсомолдар карнавалы)

Баспаханалық комсомол мүшелері кешкі іңірде теміржол клубына табыт әкелген кезде қартаң діндар әйел тоқтай қалып шоқынды да, тәтті күлшелерін асығыс шығара бастады.

– Жанын қинамай ал, Жаратқан Ием...

Сәлден кейін жағдайды түсінген ол түкірігін

шашыратты. Ашудан еріндері дірілдеп шыға келді:

– Антихристер! Жауыздар!

...Қолдан жасалған шырақтар сорайып тұр... Карнавалға қатысушылардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанады.

...Ортада “Дінді жерлейік” деген жазуы бар табыт тұр. Табыттың айналасында: “поптар”, “диакондар” (діни қызметкер, священниктің көмекшісі – ауд.), маңызданған месқарын молда, раввин (еврейлердің діни қауымының рухани басшысы – ауд.), ұстамалы ауруы бар әйелдер. Кулактар, офицерлер, монахтар, сектанттар (діни секта мүшелері – ауд.).

Қызылордалық діндарлар үстіне ақ риза (шіркеу киімі – ауд.) киген, өзінен басқа жан жоқтай болып орнығып отырған салпаңқұлақ меңіреуге ұқсаған, бірақ сымбатты жануар секілденіп көрінетін, жан-жағын толып жатқан ақ ризалы “апостолдар” қоршаған “Иисустың өзін” көре алады. Шылымның көк түтінінше көзге жарқ етіп көрінген бұл – сол “христос”.

Ленин көшесіндегі алаулар. Қалалық бақтағы... Энгельс, Карл Маркс көшелеріндегі... Оркестрдің тасқынды, қызба үні.

...Поптардың маңыраған ешкідей зарлы үнімен қосыла комсомолдар дінді жерлеуде”.

1929 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстанның соғысқұмар құдайсыздар одағы өздерінің жергілікті ұяларына “дінге қарсы насихатты күшейтуді” талап еткен хат жолдады.

1 қарашада “Советская степь”: “Алматының еңбек етуші тұрғындарының собор мен мешітті жабу туралы талабы қанағаттандырылды” деп хабарлады. Осы орайда, қалалық өкіметтің бейне бір 1917 жылдан кейінгі он екі жыл бойы демегеннің өзінде де, осы күнге дейінгі ұзақ уақыт бойы еңбекшілердің ардақты тілегін орындамай келгендігі айтылады. Газет өз ақпаратының соңында шағын, бірақ барынша сенімді талдау жасаған. Оның авторы бұл хабарламасында “Собор мен мешіт неліктен жабылды?” деген сұрақ төңірегінде өз ойын білдірген:

“Еңбекшілерге поп пен молда қандай пайда берді? Алдаудан өзге ештеме бермегені айқын. Агроном, зоотехник және мал дәрігері болса (мұны қазір бәрі біліп болды), өнімді қандай жолмен арттыруға болатынын, малдан қалай көбірек пайда түсетінін т.с.с. үйретеді.

Собор мен мешіттің жабылуы – Октябрь революциясының 12 жылдығына жасалған жақсы тарту”.

Шындықтың аты – шындық: большевиктік өкімет өзі үшін ең қымбаттыны – құдайсыздықты сыйлады...

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар