(әңгіме)
Үш айлығында өлі анасын еміп жатып шетінеген бауырымның жылаған дауысы естіледі. Мен қашан өлген едім?
Сыртқа асығып, шіріген есікті сықырлата аштым. Алдымда қураған орман. Аспанда жалғыз қарға шақалақты тістеп ұшып барады. Анадай жерге барып, құмырысқалардың илеуіне тастап жіберді. Алғашында қарсыласып баққан нәресте біраз уақыттан соң көп жәндіктің біріне айналды. Осы көрініске өлі құдайлар жансыз денесін көтере алмай, шарасыздықпен қарап тұр... Осы сәтте оянып кеттім.
Күн сөнгелі осындай түстерді жиі көре бастадым. «Менің өмірімде аз ғана бақытты күндер болған екен, мен оларды да байқамаппын»,- деген хатты тағы бір оқып шықтым да, жалпылдап сөнгелі тұрған шамның әлсіз жарығында қараутып қана көрініп тұрған үстел үстіне тастай салдым. Хат жартылай бүктеліп, жартылай ашық күйінде қала берді. Ызғар сезілетін бөлмемнің қабырғалары мені екі бүйірден қысқандай болған соң, бөлмеден шығып барамын. Кешкі көшеде аяқ алып жүруге жарық жеткілікті жанатын еді. Ол жарықтың арғы жағы үлкен бос кеңістік. Біз сол кеңістікте не барын ұзақ қарап бағатын едік. Ол жерде бітпес шексіздікпен өлі тыныштық ғана. Көшеге жарық табылғанымен адамдар үйге жарық таба алмай қалды. Түн болғанда олар жасанды жарықтың нұрына жүзін тоса шомылып алып, қараңғы түнектеріне кіріп кететін. Себебі сағат он екіні қаққанда көшенің жарықтары да өшеді. Сол себепті қаланың көп бөлігі көзге түртсе көргісіз түнек. Егер түнгі шаһарда қыдыруға бел бусаңыз ашық терезеден адамның жан айқайын еститін едіңіз. Бөлмесінде қараңғылық пен жалғыздықтан есі ауған адамдар шыңғырып әлдекімді көмекее шақыратын. Суық қабырғалар оларды қысып, тұмсығынан қан аққанша қинайтын. Оған шыдай алмағандар алғашында айқайлай күлетін. Сосын оларға ашық терезеден әлдекім қолын созғандай болады, олар созылған қолға ере қоймаған соң жаңағы қолдың дүрбиген саусақтары бөлмеге кіріп адамдардың дәл жүрегінен бассалады. Адам төзгісіз аурудан кейін олардың не жүректері тоқтап қалады, не терезеден ұшып өледі. Майшамы біткен адамның көрген күні осы. Ол майшамның қашан, қалай бітетінін ешкім болжап білмейді де. Кеше ғана үлкен боп тұрған майшам, бүгін-ақ бітіп қалуы мүмкін. Немесе кішкентай майшамдар тоқтаусыз жануы да ықтимал... Таңғы сағат алтыда көшеде жарық жанған соң адамдар далаға шыққанда, боп-боз болып, көзі бадырайған, қаусап құр сүйегі қалған адамды тауып алатын. Оны тану да мүмкін емес еді. Кейін бірнеше күн өткен соң, түнгі қараңғыда олардың тәні ғайып болады. Біз өз арамызда оларды «Мейірімділер» алып кетті деп күбірлесетін едік.
Таңғы жарық жанып, терезеден әлсін сәуле сығалағанда ояндым. Қаланың тіршілігі сәл ғана білініп, аяқ тыпыры естіледі. Тұрып терезеге көз салғанымда көбісі енді оянып, суалған жақтарын салпитып, қалаға, анығырақ айтқанда, қаланың қалдығына, қабағын түсіре мәнсіз меңірейіп қалыпты. Жалғыз терезе, денеге тігіліп жалғанған секілді жалғыз бас... Есікті біреу тынымсыз тарсылдатты. «Ерик!»-дейді көршімнің дауысы, мазасызданып.
– Ерік, - дедім есікті аша салып .
– Ау?
– Атым – Ерік.
– Кешір, сол бір әріпті ұмытып қала беремін.
– Иә, сонда да...
– Қаламың бар ма? - деді көршім бір қолымен кеудесіндегі түймені жұлқылай бұрмалап тұрып.
– Оны қайтпексің?
– Жазамын.
– Нені?
– Күніміз бар кезді. Ұмытпау үшін.
– Иә, күн аңызға айналып барады. Сол күн шынымен-ақ болған ба екен? Кейде ол кез тек елес секілді боп кетеді. Тіпті, ол кезде жынды болған шығармыз, енді айығып ақиқатты көрген болармыз...
– Бәлкім, күн әлі бар шығар, тек бізге көрінбейді... Ол бір иығын қисайтып ойланғандай болды. Жанары үстелдің аяғына қадалып қалыпты.
– Бәлкім, - дедім де, тартпадан қалам іздей бастадым.
– Әріптерді ұмытып қалмасам, - деп күбірледі көршім.- Түртіп отырмасам өткенімді ұмытып барамын...
– Ұста,- деп қолына тапқан қарындашымды бердім. Ол саусақтарымды жұлып алардай қолымнан күшпен тартып алды да есікті беттеп, асығыс кеттіп бара жатты.
– Қай жерге жазасың? - деп айқай салдым артынан.
– Қабырғаға! - деп айқайлады да, жоқ болды.
– Әдеттегідей... - дедім ішімнен, барлығы қабырғаларға өткенін жазып жатқаны есіме түсіп.
***
Таңғы ас ішу үшін «шатырға» жиналдық. «Шатыр» деп ас ішетін жерді айтамыз. Неге олай аталып кеткенін білмеймін, бірақ түрі шатырға мүлде ұқсамайды. Сырты темірмен қоршалған кәдімгі ұзын үй дерсің. Асхананың ішіне менімен бірге ілесіп бірнеше танысым кірді. Қатар- қатар орналасқан орындықтарға көз тастадым да өзіме жаттанды көрінген орынға бет алдым. Кеше қай жерге отырып едім? Осында. Жаныма бейтаныс адам келіп жайғасты. Жасы отыз бестердегі мұртты жігіт. Ол да үстіне бәрі секілді көк халат іліп алған. Бірақ... Басым дыңылдап сала берді. Құлақтарым ақырын шыңылдаған секілді... Кеше оның орынында басқа біреу отырған ба еді?.. Кеше ғана емес, ылғи да Дархан отыратын еді ғой...
Біз келгенге дейін дайындап қойған бір стакан су мен бір кесек еттен асай бастадық. Жартылай шикі етті құмарлана жейміз. Тістеген сайын ерніміздің жан-жағы білінер-білінбес қызғылт түске боялды.
Бүгін аптаның үшінші күні. Демек таңғы астан соң «Мейірімділерге» ғибадат етуге баруымыз керек. Бұл күні бәріміз бір-бірімізге «Күндердің сұлтаны мүгер-хақ болсын!»- деп тілек айтамыз. Осы сөздің мағынасын білмесек те Мейрімділер сол тілде сөйлейді дейтін. Асты барлығымыз бір мезетте ішіп болған соң, бірдей тұрып, есікке кезек-кезек ұмтылдық.
Соңғы күндері әлденеге көңілім толмай жүргенін сеземін. Бірақ не үшін? Әлдекімге ренжіген секілдімін. Өзімді қоярға жер таппай, ішімдегі қуысты толтырғым келеді. Басқа адамдарға қараймын, олар да еш өзгеріс байқалмайды. Күндердің қайталана беретінін сезбейтін секілді. Бірақ, маған неге олай көрінеді? Кеше не болғаны есімде жоқ...
Түнімен көршімнің айқайын тыңдап шықтым. Майшамы таусылған болар деп ойладым. Жазылмаған заңға сәйкес түнде бақилық болған адамдардың қаңыраған үйіне кіруге болмайтын. Тіпті бақсам, бір адам қайтыс болған соң оның өлгенін басқалар сезбейтін де секілді. Ол жайында әңгіме де айтылмайды, бос тұрған пәтеріне де ешкім мән бермейді. Сол туралы айта қалсаң жын көргендей өзіңе таңырқай қарап қалады. Көршімнің үйінен тіршілік нышаны байқалмаған соң өзім кіріп шығуды ұйғардым. Есігінің суық тұтқасын ұстап итеріп кеп қалып ем, тым оңай ашыла салды. Пәтердің ішінен түсініксіз иіс шығады. Түтіндікі секілді. Ақырын басып ішке ендім. Жалғыз бөлме, шетте тұрған төсек. Басқа ештеңе жоқ. Қабырғаларға әлденелер шимайланыпты. Көбісі түсініксіз. Бірақ бір сөйлем ап-анық, тап-таза әдемі жазылған екен. Басынан бастап оқи жөнелдім:
«Басы мен аяғы көрінбейтін ұзын-сонар ирелеңдеген жолдың бойын жағалап белгісіз жан келеді. Арқасы күжірейіп, көзі шарасынан шығардай бадырайып, қолдары қайсібір маймылдың қолындай ебедейсіз салбырап, аяғын сүйрете басады. Оның бұл түрін көрген есі дұрыс адам бұл бейбақты еріксіз келе жатқан жан дер еді.
Жол бойын жағалап көп жүрді ме, аз жүрді ме, әйтеуір қаңыраған жалғыз темір аялдамаға жетіп қалды. Ол аялдаманың ішіне кіремін дегенше қыс түсіп кеткен еді. Қар аз ғана қылаулағандай болғанымен, ызғарлы жел сүйектен өтіп кетердей боп тұрды. Аялдаманың ішінде ұзын орындық бар екен. Ол жерде орамал таққан, бет терісі салбыраған жасы беймәлім әйел мен шал отыр. Белгісіз жанды көргенде шал бірден тіксініп қалды да, ашудан от ұшқындаған жанары мұның бетін шарпып өтті. Ешкім де тіс жармады. Белгісіз жан да басқалар сияқты орындыққа жайғасып, автобус күте бастады. Жанында отырған келіншек қалтасынан айнасын алып жүзіне тосқаны сол еді, бірден бар даусымен шыңғырып жылай бастады. Айнаны төмен түсіреді де ыңырсып қалады, біраз уақыттан соң жүзіне тосып қайта шыңғырып жылайды. Белгісіз жан бұл уақытта ұйқының құшағына еніп бара жатты. Оған мән беруге шамасы жетпеді.
Ол оянып, келіншектің жылауын қойғанын көрді. Жолдай сарқылған күші қайта толысқандай болды. Оның жанында қимылсыз отырған шалдың түрі мүсінге ұқсайтын. Белгісіз жан шалға қарады да:
– Кімді күтіп отырсыздар?-деді. Шалдың жүзінде еш өзгеріс байқалмай, қойған сұрағы кеңістікті кезіп кеткендей болып, біраз уақыттан соң ғана:
– Автобус, - деді.
– Қашан келеді?
– Білмеймін.
– Келетінін қайдан білдіңіз?
– Солай айтқан.
– Кім?
– Мейрімділер.
– Олар қазір қайда?
– …
Шал үнсіз қалды.
– Мүсінмен неге сөйлесіп отырсыз? Оның жаны жоқ қой,-деді осы кезде келіншек. - Ол жансыз мүсін.
– Неге жансыз? - деп таңырқады бейтаныс жан. - Онымен қазір ғана сөйлестім ғой…
– Өтірік сөйлемеңіз… - дей беріп айнасын ашып жіберген келіншек қайта көз жасына ерік берді.
– Ол айнаға қарағанда неге жылайды? - деп сұрады шалдан.
– Себебі ол шын болмысын көреді.
– Сонда...Шын болмысы не болғаны?
– Жәндік. Жиіркенішті, кішкентай ғана жәндік.
– Ол сізді мүсін дейді ғой…
– Иә? Біреу үшін мүсін, біреу үшін тірі жанмын. Бұл түйсігіңе байланысты ғой.
Ол жауап қатпады. Сабасына түсіп, жасын сүртіп отырған келіншек әндете бастады:
Өлі құдай денесі,
Тербеледі желменен.
Өлі ана денесі,
Жерленеді елменен...
Осы кезде автобустың дауысы естілі. Аялдаманың алдына жүгіріп шыққан бейтаныс жан жолдың екі жағына жалтақтап қарап еді, ештеңе көрінбеді. Бірақ автобус дауысы дәл жолмен келе жатқандай жақындай берді, жақындай берді. Ол шарасыздықтан жан жағына көз салып, шыр көбелек айнала бастады. Дыбысты тыңдасаң, міне, тура алдыңнан өтіп бара жатқандай, бірақ көзге көрінбейді, қолға сезілмейді. Енді дауыс алыстады... Біртіндеп алыстап барады. Ол орнына қайтып келді...» Осы жерден сөйлем үзіледі. Мағынасын түсінуге біраз талпынғандай болдым. Маған терең ойға түсу өте қиын. Ойлана бастасам болғаны, әлдене басымды қысқандай боп, көзім бұлдырап кетеді. Басымда арпалыс басталып, екі күш бірін бірі өлтірмекке ұмтылатындай.
Миымда бір сөз айналып жүр: сенім, сенім, сенім!Әлдене айтқым келетіндей. Бірақ кімге? Бәлкім өзіме... Түспен өңді ажырата алмас күйге түстім білем. Көз алдыма әр-кез шалдың бейнесі келе береді. Түсімде де көретінім сол шал. Аяғын сілтіп басып теңіздің жағасына келеді де, «Коба! Коба!»-деп бар дауысымен айқай салады. Сол шалдың жан-дүниесі, сезімі маған өте таныс, өте жақын көрінеді. Ішкі диалогын естіп тұрғандай боламын. Оның жанын ауыртқан өткен заман елесі шекісз-шетсіз теңізді кезіп кеткендей. Ол кез шал үшін өте ауыр болса да, шал сол кезді сүйеді. Оған кішірейе, бас иіп, әлдекімге қызмет еткен ұнайды. Ол басшыға зәру...
***
Бес ай өтті. Тұп тура бес ай. Осы уақыт аралығында күн санап үйрендім. Меніңше бұл жерде уақыт та, басқасы да жоқ. Тек жасанды шамдардың жанып өшкенімен өлшеймін. Өткенге көз салсам, кім екенімді, не істеп жүргенімді білмейді екенмін. Бұл жерге қашан, қалай тап болдым, оны да білмеймін. Өмір бойы осы жерде жүріппін. Басы да, соңы да жоқ.
Бүгінгі күн әдеттегідей өтті. Енді толық көзім жетті, жай ғана әдеттегі күн. Таңғы ас кезінде басымда бір төңкеріс болғандай санама сан ойлар мен естеліктер сап ете қалғанын сездім. Ойлар, ойлар, ойлар... Тіпті бір сәтке төбімізде күн жарқ еткендей болды. Шын, жап-жарық, ыстық, алып күн нұрын төккендей. Бір сәтке ғана. Мен кіммін? Не істеп жүрмін?
Түнде аяқ дыбыстарынан ояндым. Тықыр, тықыр, тықыр... Есіктің алыднда бірнеше адам топырлап жүр. Бір алыстайды, бір жақындайды. Демімді ішіме тартып, есіктен көз алмай қарап жатырмын. Сонда байқадым, шамым сөніп қалған екен...
Бір кезде есік тарс етіп ашылды да, ішке топырлаған бір топ адам кіріп келді. Үстілерінде аппақ халат бар секілді. Мен төсектен көтеріле алмай жатырмын, тұру мүмкін емес. Олардың бойындағы белгісіз күш менің санам мен тәнімді бастырып ұстап алғандай. Төбемнен төніп келіп, мәйтті бақылаған дәрігердей аса суық жүзбен біраз уақыт қарап тұрды. Кейін иығымнан бассалып сүйрей жөнелді. Дыбыс шығаруға да шамам келген жоқ.
***
Есімді жисам суық орындықта отырмын. Екі қолым қысып байланған. Қарсы алдымда әскери киім киген еңгезердей біреу тұр.
– Устав бойынша мен саған түсіндіру жұмысын жүргізуім керек, - деді ол.
– Сіздер кімсіздер?
– Құдайыңмын, жаратушыңмын! - Ол мысқылдай күлді.
– Не түсіндірмексіз?
– Дарханды білесің ғой?
– Жо-оқ...
– Өтірік мәймеңкөлеме,-деп бақырып қалды ол,- танығанда қандай. Оны жиі ойлайсың. Есіңе ол жайында еміс-еміс ойлар оралады.
– Иә... Бірақ қайдан білесіз?
– Мен сен жайында бәрін білемін. Сені жаратқан біз ғой. Сонымен,түсіндіру жұмысын жүргізейін... Сен F-166-сың. Сен көріп жүргеннің барлығын жасап қойған біз! Әлемің де жасанды. Біздің кім екенімізге үңілмей-ақ қой. Атымыз көп, затымыз бір. Ол сенің санаң жететін дүние емес. Жай ғана жаратушы деп танығаның жетеді. Біз сендерді ұйқылы-ояу жағдайда ұстадық. Бақыладық. Миларыңды бұғаттадық, саналарыңды тазалап отырдық. Тек кейбір ойларды ғана қалдырдық. Біз сендерден «Мінсіз адам» жасамақпыз. Бірақ араларыңнан сен сияқты заңға бағынбайтындар шығып тұрады. Ондайлаға біз «Қателіктер» деп ат қойдық,-дауысын біраз үзіп барып,-тым ақылдылар,-деді. Олар шамасы жетпейтін жерге ұмтылып, біздің, яғни жаратушының жоспарын құртуға тырысады. Сендерді vivifica iterum-ге жібереміз. Айтпақшы, Дархан да соған кеткен еді. Қалай, еті дәмді ме екен? - Дымға түсіне алмай бетіне аңырып тұрып қалдым. Ол соны байқап, vivifica iterum - C-132 сияқтыларды ұйықтатып, денесін бөлшектеп, сендерге ас қылып беру, ал санасы мен миын қайта дүниеге алып келу үшін сақтап қалу.
– Құсқым келіп кетті де, лоқсып жібердім.
– Қалай? Неге? - дедім ышқынып. Дәліздегі жарықтан көлеңкеленіп тұрған жүзі жылып сала бергендей болды. Көзінен әлдененің жалт еткенін сездім.
– Біз... Сендерге әсерін көруіміз керек...- деді бағанағы қатқыл үн ғайып болып, енді бір жұмсақ дауыспен. Тап бір екінші қыры ашылғандай. Біраздан соң,- vivifica iterum-ге алып кетіңдер!-деп айқайлады тағы да қатқыл үнмен. Есікте тұрған екеуі екі иығымнан ұстады да, сүйрей жөнелді.
– Неге? - деп ақырдым бар дауысыммен. – Неге? Не мәнісі бар?
– Түсінесің бе, біз сезімге берілмейтін, бұйрықтан артық зат ойламайтын «Мінсіз адам» жасап шығуымыз керек, - деді, күбірлегендей болып.
– Бізді неге мұнша қинайсыңдар? - дедім тағы да.
– Себебі біз сендерді шексіз сүйеміз, - деді миығынан мысқылдай күліп.
Ұзын әрі тар дәліздегі қараңғы бөлменің есігі алыстай берді...
* vivifica iterum (лат.)- Қайта өмірге келу
Думан Терлікбаев
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.