Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Хуан Рулфо. Иттің үргенін естідің бе?...

Хуан Рулфо. Иттің үргенін естідің бе?

19.12.2025

4330

Хуан Рулфо. Иттің үргенін естідің бе? - adebiportal.kz

Латын Америкасы әдебиеті үшін Хуан Рулфоның есімі – қастерлі есім. Гарсиа Маркестің: «Хуан Рулфомен танысу, Франц Кафкамен танысқанға ұқсас, менің естеліктерімнің  ішіндегі ең маңызды тараулардың бірі», – деген еді. 

Маркес шығармашылықта тығырыққа тірелген сәтінде, осы жазушының оған шығар бағытты нұсқап жібергенін жазған болатын. Мексиканың ауыл өмірін Хуан Рулфо түгелдей жазып тастаған – , дейтін сөздер бар. Ол көп жазбаған қаламгер. Артында «Педро Парамо» атты романы, «Жазықтағы от жалыны» атты әңгімелер жинағы қалған. Бүгін сол жинақтан бір әңгімесін (қытайшадан тәржімалап)  назарларыңызға  ұсынып отырмыз. 

–Эгнасио, арқамдасың - ғой, әлде нені естісең, болмаса жарықты көзің шалса маған айт.
– Ештеңе көрмедім.
– Жетейін деп қалдық.
– Иә , бірақ ештеңе естімедім.
– Анықтап қара.
  – Ешнәрсе көрінбейді.
  – Неткен сорлы еді, Эгнасио.
   Екі адамның қараңдаған көлеңкесі, шағын өзен бойындағы жартаста бірі биік, бірі аласа болып қозғалып, бірде ұзарып, бірде қысқарып, арлы-берлі ырғаңдаған қара сұлба құраған.  Ай қып-қызыл от шар сияқтанып жер бетінен көтеріліп келеді .
–Эгнасио, әлгі қыстаққа жетіп қалдық, құлағыңа сақ бол, иттің үргені естіле ме екен. Есіңдеме, біреулер бізге Тонияға таудан ассаңдар жетесіңдер деп еді ғой. Таудан асқанымызға қанша болды, ойлашы, Эгнасио.
   – Иә, бірақ мен ештеңеде көрмедім.
   – Шаршадым.
   – Онда мені түсірші.
   Қария артына қарай шегініп, үлкен тасқа артын сүйеп тоқтады, арқасындағы адамды түсірген жоқ, қайта жоғары қарай көтеріп-көтеріп қойды. Аяқтары ауырып, дірілдеп тұрсада, отырғысы келмеді, бір отырып қалса ұлын арқасына қайта көтеретін шамасы жоғын білді. Ұлын бірнеше сағаттың алдында басқалар көмектесіп арқасына салып берген. Содан бері түсірмей арқалап келеді.
   – Қандайсың?
   – Жаман.
   Ұлының сөзі аз еді, енді тіпті азайып барады. Кейде ұйықтап кеткен тәрізді, кейде суықтан қалтырағандай. Ұлының қай сәтте өзінің қозғауынан дірілдеп кететінін әбден біледі, өйткені оның қос сирағы үзеңгі сияқты оның құймышағында салақтап келеді, мойынын құшақтап алған қолдары басының екі жағында қамшыдай салаңдайды.
Тілін тістеп алмау үшін, тісін-тісіне басып сұрады:
   – Қатты ауырып келе ме?
   – Азырақ, – деды ұлы.
   Әсілі, ұлы оған: «Мені түсір, осында қалдыр... Өзің кете бер! Ертең азырақ жақсы болсам сені қуып жетемін», – деген. Бұл сөздерді кем дегенде елу рет қайталаған шығар. Енді айтуды да қойыпты.
   Ай оларға қарсы көкте ілініп тұр. Бұл қызара толған жарқ ай еді, ай нұры көздерін жарқыратып, жердегі көлеңкелерін одан арман ұзартып, қап-қара қып көрсетеді.
– Жолды анық көре алмай қалдым – , деді ол.
    Бірақ ешкім жауап қатқан жоқ.
   Оның арқасындағы жігіттің тұтас тұлғасын ай нұры жарқыратып жіберді, әппақ жүзінде қан-сөл жоқ, қоңырқай нұр шағылысқандай .

 Денесі қайта-қайта төмен қарай сырғи береді.
   – Эгнасио, сөзімді тыңдап келесің бе? Жолды көре алмай қалдым деймін.
   Ұлында үн-түн жоқ.
   Ол адымын әрең-әрең алып алға жылжып келеді. Еңкейеді, қайта түзеледі, бір басып, екі басып алға аттайды.
– Мына жол емес ғой. Адамдар бізге таудан ассаңдар ғана Тония деген. Таудан асқалы қашан, Тония әлі жоқ, қарасы да көрінбейді. Сен арқадасың, не көргеніңді маған неге айтпайсың?
   – Мені түсірші, әке!
   – Бір жерің ауырды ма?
   – Жоқ.
   – Не болсада, сені, сөзсіз, Тонияға арқалап апарамын. Сол жерден адам тауып емдетемін. Онда бір дәрігер бар деген, соған жеткіземін. Сені неше сағат көтердім, енді бұл араға тастап, біреулердің жазым еткеніне қарап тұра алмаймын.
   Ол теңселіп кетті, өрге қарап екі, үш аттап барып денесін түзеп алды.
   – Сені, сөзсіз, Тонияға арқалап апарамын.
   – Мені түсірші!
   Оның дауысы тым ақырын, күбірге жақын:
   – Азырақ ұйқтасам деймін.
   – Арқамда ұйықтай бер! Сені құлатып жібермеймін.
   Енді тіпті де жарқыраған ай көкке қарай тырмысып барады. Ай астында қарияның жүзін тер айғыздап, жалт-жалт етеді. Басын ұлының қолдары қысып алғандықтан, төмен қарай алмай, көздерін сығырайтып, ай нұрынан жасқанады.
   – Бұның барлығы сен үшін, сенің қаза болған анаң үшін. Оның ұлы болғаның үшін ғана осылай істеп келемін. Саған жолыққан жерден-ақ, қарамай кетсем, дәл қазіргі сияқты дәрігерге апарып көрсетпесем, ол мені жазғырады. Маған күш берген сен емес, анаң. Сен маған азап, әуіре және ұяттан басқа ештеңе бермедің.
   Ол ақ тер, көк тер болып сөйлеп келеді. Түнгі жел терін құрғатқанымен тер артынан тер саулайды.
   – Омыртқам үзілетін шығар, бірақ сені Тонияға арқалап апарып, басқалар зақымдап кеткен жарақаттарыңды емдетуім керек. Жазыла сала жамандық істейтініңді де білемін. Оларды айтып отыратын мұрсат қайда. Менен аулақ кетіп жамандықтарыңды маған сездірмесең ғана болды. Осы жетеді... Өйткені менің сендей ұлым жоқ. Сенің бойыңда ағып жатқан қаныма қарғыс айтқанмын, маған тән сол қанды қарғағанмын. 

« …Менің қаным сенің тәніңде шірісін», – деп айтқамын. Бұл сөздерді сен жол торып, қарақшылық қылып, адам өлтіргенде... Оның үстіне жақсы адамды өлтіргеніңді білген соң айттым. Сенбесең, поп Тарантинодан сұра. Сені шоқындырып, ат қойған сол. Саған жолыққан соң, оны да қара басты. Сол сәттен бастап: «ол менің ұлым емес», -дегемін.
   – Қарашы, бірдеңе көріне ме екен, әлде естіле ме екен. Арқадан анық еститін шығарсың, менің құлағым естімей қалды.
   – Ештеңе көре алмадым.
   – Сен маған ұқсамайсың, Эгнасио.
   – Шөлдедім.
   – Шыда! Жетейін дедік. Түн болды, қыстақтың шырақтары сөніп қалған болар. Дегенмен иттің үрген үнін ести алатын шығарсың. 

Жақсылап тыңда.
   – Маған азырақ су берші.
   – Бұл арада су жоқ, тас ғана бар. Шыда. Су болған күнде де, сені түсіріп су ішкізе алмаймын. Маған көмектесіп көтертіп беретін ешкім жоқ, өзім жалғыз көтере алмаймын .
   – Шөлдедім, шаршадым.
   – Туған кезіңдегі бейнең әлі есімде. Ол кезде де осындай болатынсың. Ашықсаң оянып кетесің, тойсаң ұйықтап қаласың. Анаң саған су беретін, өйткені оның омырауын түгел сарқып еміп тастайтынсың. Үнемі құрсағың тоймайтын, шарқая, жылауық едің, сол ашкөз мінезің ай аунап, жылдар өткен соң басыңа пәле болып жабысарын мен тіпті ойлап көрмеппін... Не деймін, болары болды, марқұм анаң сенің сау-саламат өсуіңді тіледі. Азамат болғанда арқа тірегім болсын деді. Жалғыз сені ғана туды.  Екінші ұлға босанар да дүниеден өтті. Ол тірі болған күнде де, сен оны ызадан өлтірер едің.
   Ол арқалап келе жатқан адамының тізесі босап кеткенін сезді, аяқтары да түзеліп, салаңдап бос қалды. Басы да жылаған сынды шайқалып келе жатқанын байқады. Шашына су тамшылары бірден-бірден тамып жатқанын сезінді, көз жасы сияқты .
   – Эгнасио, жылап келесің бе? Анаң туралы айтылған сөздер сені жылатты, солай ма? Бірақ сен оған еш жақсылық істеген жоқсың! 

Асыл үмітіміз ақталған жоқ, біздің саған бергеніміз ата-аналық сезім емес, ыза толы жүрек болған сияқты. Енді көзің жеткен болар. Өзгелер сені таяққа жықты. Достарың түгелдей өлді. Олар әке-шешесіз тұл жетім, бұрыннан-ақ «біздің кімге жанымыз ашиды?», – дейтін. 

Ал сен ше Эгнасио?
Қыстақ көрінді, үй төбелері ай нұрымен жарқырайды. Қыстаққа кірер кезде, ол белі үзіліп кететіндей ауырсынды, ұлының зілдей денесі оны басып жығатындай көрінді .
   Бірінші үйдің алдына жетіп, жол бойындағы шарбаққа қырындай сүйеніп, ұлын әрең түсірді, өн-бойындағы қаңқа сүйектері түгелдей салдырап қалған секілді.
   Мойынын тас қып құшақтап алған ұлының саусақтарын зорға ажыратты, бар салмақтан босаған кезде, жан-жақтан үрген иттің үні естілді.
 – Иттің үргенін естідің бе? –, деді ол.

– Осы болмашы үмітті де маған қалдырмадың-ау.

Әңгімені қытай тілінен тәржімалаған Құсыман Құмашұлы

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan