Зағип ақынның екі жинағы қатар жарық көрді

Мұратбек Тоқайұлының өлеңдері тақырып ауқымының кеңдігімен, ойының жинақылығымен, тілінің табиғилығымен және поэзияға қойылатын классикалық талаптарға жауап берер шымырлығымен ерекшеленеді.
Ақын Мұратбек Тоқайұлының «Тау бұлағының сылдыры» және «Бір жұтым ауа» атты екі жыр жинағы қатарынан жарық көріп, өз оқырмандарына жол тартты.
Әдебиет әлеміне сан алуан тағдырлар мен түрлі үндер келіп жатады.
Солардың қатарында Қобда бетінің қазақ жастарының ішінде сексенінші жылдардың дүмпуімен, жастықтың жалынды жігерімен, өзіндік өрнегі мен табиғи бояуымен келген жас толқынның шоқтығы биік өкілдерінің бірі – ақын Мұратбек Тоқайұлы.
Мұратбек Тоқайұлының өлеңдері тақырып ауқымының кеңдігімен, ойының жинақылығымен, тілінің табиғилығымен және поэзияға қойылатын классикалық талаптарға жауап берер шымырлығымен ерекшеленеді.
Ақын Мұратбек Тоқайұлы 1960 жылы 22 желтоқсанда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Өлгий қаласында дүниеге келген. Тегі – абақ керейдің ителі-дәулет руынан. Қазақтың атақты абыз-ақын, жырауларының бірі Даниял Дікейұлының немерелес інісі.
Өмірдің жазу-сызуын да, есеп-қисабын да қатар меңгерген ол 1968-1978 жылдары Өлгий қалалық орта мектебінде білім алып, 1978-1980 жылдары Ұланбатыр қаласындағы Қаржы-экономика техникумында оқып, есепші-экономист мамандығын игерді.
Туған жерінде еңбек жолын бастап, кейін атажұртқа оралған қаламгер бүгінде Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қоянды өңірінде ғұмыр кешіп келеді.
Көп жылдан бері ақын екі жанарынан қатар айырылған тағдырдың тауқыметін кешіп, бүгінде жанашыр ағайын-туыстарының қамқорлығында. Бұл өз алдына бөлек әңгіме!
Мұратбек Тоқайұлы 1980 жылдары алғашқы туындыларын «Шұғыла» әдеби журналында, «Жаңа-Өмір» газетінде және республикалық басылымдарда жариялай бастады.
1993 жылы Өлгий қаласындағы баспадан «Жанарымда жастығым» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.
Қазақ еліне қоныс аударғаннан кейін де ақын өзінің шығармашылық байланысын үзбей, өлең өлкесіндегі ізденісін жалғастыра түсті. Туған жерден атажұртқа ұласқан өмір жолы оның шығармашылығына жаңа тыныс, жаңа тақырыптар әкелді.
Уақыт керуені толассыз алға жылжып, жылдар тізбегі бірін-бірі алмастырған сайын Мұратбек Тоқайұлы да қазақ поэзиясының ақсақалдық биік тұғырына көтерілді.
Белгілі ақын, жыр әлеміне жалынды жастықпен келіп, өзіндік өрнегін қалдырған Мұратбек Тоқайұлының оқырманымен қайта қауышқан бұл жаңа жыр жинақтары оның жүрек пен заманның үндестігінен туған асыл қазыналары.
Аталмыш екі жинақта ақын Мұратбек Тоқайұлының әр жылдарда жазылған жырларын топтастырылған. Кітапта туған жерге деген сағыныш, балалық шақтың бұлдыр елестері, ата-баба аманаты, атажұртқа оралу, адам тағдыры мен уақыт тынысы, өмірдің өткіншілігі мен адамдық парыз секілді өзекті тақырыптар кеңінен өріс алады. Ақын өлеңдерінен туған жерге деген шексіз сағынышты, қазақы салт-сананың иісін және адам жанының пәктігін айқын аңғарасыз. Ақынның өмір жолындағы ізденістері, мұң мен қуанышқа толы ой-толғамдары оқырман жүрегіне жол тауып, рухани әлемін байыта түседі.

Белгілі бір дәуірде өмір сүрген, туған жерден алыстап, атажұртқа оралған, талай тарихи-әлеуметтік өзгерістерді көрген буынның рухани әлеміне де үңіледі. Осы мағынада ақынның бүгінгі поэзиясы жеке адамның шығармашылық жолынан әлдеқайда кең ұғымға ие. Ол – туған жерден басталып, тағдырлы көштер мен уақыт белестерін басып өткен бір буынның рухани шежіресі.
Кешегі жас ақынның жүрек тебіренісінен басталған жыр жолы бүгін ел мен жерді, уақыт пен адамды, өткен мен бүгінді сабақтастыратын кең арнаға ұласты. Ал сол күре жолдың бойында ақынның туған жерге деген сағынышы да, адамға деген махаббаты да, ұлтқа деген азаматтық үні де бірге келеді. «Тау бұлағының сылдыры» – ақынның шығармашылық ғұмырындағы белгілі бір кезеңнің ғана қорытындысы емес. Ол – жылдар бойы жүректе жиналған сырдың, ойдың, сағыныштың, қуаныш пен мұңның көркем шежіресі.
«Бір жұтым ауа» атты жинағы – ақынның шығармашылық жолындағы тағы бір белес. Бірақ оның мәні белестің биіктігінде емес, сол белеске көтерілген адамның жүрегінде жатқан сырда.
Өмірдің иір-қиыр жолдарын артқа тастап, маңдай терімен ізденіп, ой қуған сәттерін ол өлеңмен былайша өрнектейді:
Жазу-сызу...
Ой іздеп еңбектенем,
Маңдайымнан толастап тер кеппеген.
Иір-қиыр жолдарды артқа тастап,
Соқпағыммен өзімнің өрлеп келем!
Кетпесе егер өмірде күлкім жүдеп,
Ақын көңіл шығады бір күн түлеп!
Тыным таппай кеудемде дүрс-дүрс соққан,
Сен бәріне куәсің, шіркін жүрек!
Бұл – ақынның шығармашылық кредосындай қабылданатын жолдар. Өлең оның өмірінде ермек те, уақытша әуестік те емес, жүректің үздіксіз соғуы секілді табиғи құбылыс.
Шарлауменен шиырлап ой алабын,
Кейде олжасыз аңшыдай ораламын.
Осындай бір жабырқау сәттерімде,
Жаңғырықтан беймәлім оянамын.
Ақынның шығармашылық табиғаты да осында жатыр. Ол ойдың соңынан жүреді, көңілдің қалтарысына үңіледі, кейде жауабы табылмаған сауалмен оралады. Бірақ сол ізденістің өзі оны жаңа жырға бастайды.
Өйткені шынайы поэзияның мекені – ақынның ғана жүрегі емес. Оқырманның жүрегі.
Тау бұлағының сылдыры секілді ақын жыры да бірде баяу, бірде арынды ағады. Бірде балалық шаққа жетелейді, бірде туған жердің төріне апарады, енді бірде адам мен уақыттың алдына келіп тоқтайды. Сол сылдыры үзілмесін. Жырдың бұлағы тартылмасын.
Ақынның жүрегіндегі тау бұлағының суындай мөлдір, бір жұтым ауадай таза сезім, туған жерге деген сағыныш, адамға деген құрмет, сөзге деген адалдық ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін. Өйткені адамға кейде бір жұтым ауа ғана емес, бір жұтым таза сөз де керек.
Мұратбек Тоқайұлының бұл жинақтары сондай таза сөздің бір арнасы. Оқырманға жол тартқан осы жыр керуенінің ғұмыры ұзақ болары сөзсіз...
Өйткені бұл жырлар өмірді көрген адамның сөзі.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
