Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Замандас пікірі». Ерланның поэзиясы әрі жаңашыл, ...

«Замандас пікірі». Ерланның поэзиясы әрі жаңашыл, әрі...

08.11.2025

5134

«Замандас пікірі». Ерланның поэзиясы әрі жаңашыл, әрі... - adebiportal.kz

Әдетте қаламгерлер өз замандастар туралы пікір айтуға аса сараң емес. Бірақ көбі оңаша басқосуларда, әдеби шараларда, әрісі мәйханаларда ғана ауызша айтылады да қалады. Ал ол пікірлерді хатқа түсіріп, қалыптап жатқаны некен саяқ. Әдебиет порталы сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Замандас пікірі» атты жаңа айдар ашып отыр. Болашақта әр аптаның аяғында жариялап отырсақ деген ниет бар. Алдағы уақытта сіз туралы да замандастарыңыздың пікірін жариялар отырамыз. Сондықтан сын пікірге де, шын пікірге де дайын жүріңіз дегіміз келеді.  

Бүгінгі пікір өз буынының алды болып, аға буынның да, кейінгі буынның да ықыласына бөленген ақын, Ерлан Жүніс туралы. Ерланның замандастарының көбі өлеңді тиіп-қашып жазып жүр. Себебі жан бағу, бала бағу сынды тұрмыстық қарбаластар қалай болғанда да бір уаққа болса да өлеңнен алшақтатпай қоймайды. Ал Ерлан сол қарбаластың арасында жүріп қаламын тастамайтын ақын. Бұл менің жеке пікірім. Өзге замандастарының пікірі қандай екен?.. 

***

Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады, 

Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны, 

Бала сынды қаңғалақтап, алып-ұшып мəз болады, 

Қуанғаны - тіпті мені жылата да жаздағаны, 

Мені күтіп тұрған сынды жылдар бойы сол бір маңда, 

Көшіп келген кезі ме екен Астана ма, Жамбылдан ба?!. 

Алатаудан ауған бұлтпен қала ішінде бірге көшіп,

Шаштарына құс ұя сап, иығына гүлдер өсіп 

Үлгеріпті! 

Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те, 

«Балқыбекке бармадық па, Зейіпханды көрмедік пе?», 

(дейді маған, білмей ме екен олар кетіп қалғандығын, 

Білмей ме екен ақындарға жалған – екі жалғандығын?!.), 

Мəйханаға ертіп барып, масайраған күйге енеді, 

«Алматыда қалам – дейді – маған – дейді – үй береді», 

Білмей ме екен талай жылды – талай жырды кешкендігін, 

Кешкендігін, өзінің де Жетісуға көшкендігін?!. 

Гегель мен Бэконды айтып, «ой мəнісін тапшы» дейді, 

Оқығаның – жаман емес, жыр жазғаның – жақсы деймін. 

Сұлуларды санап шығып, «ең сұлуын тапшы» дейді, 

Сұлулар да – жаман емес, сүйген жарың - жақсы деймін, 

Ақындарды тізіп беріп, "ең ұлысын тапшы" дейді, 

Ұлы ақындар - жаман емес, жас ақындар - жақсы деймін, 

Көздеріме тіктеп қарап, кейін күліп жібереді, 

Сол күлкіден еске түсер Лермонтовтың бір өлеңі... 

«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пəлі, ғашық Ерлан Жүніс, 

Қалған жұмыс – жаман емес, жақсы – деймін – барған жұмыс», 

Мен кетемін, ол қалады, беймəлім не аңсағаны, 

Əлденеге тамсанады, əлденеден томсарады… 

Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны, 

Алматыға барсам, мені Ерлан Жүніс қарсы алады…

                                                                              Ерлан Жүніс

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық

Ерлан Жүніс поэзиясы көп үнділігімен ерекше дер едім. Әдетте «автордың өз үні болуы керек» дегенді жиі айтамыз. Мұның қаншалықты дұрыс екенін білмеймін, бірақ Ерлан Жүніске бұл ой, бұл тұжырым жараспайды. Оның поэзиясы көп үнді: әрі дәстүршіл, әрі жаңашыл; әрі лирик, әрі эпик; әрі «ақымақ», әрі ойшыл; әрі нәзік, әрі қатқыл. Басқаларға жараса бермейтін мұндай қарама-қарсылықтар оның өлеңдерінде бірбүтіндікке айналады. Көп үнді оркестр секілді, оның әралуан құрылымның нұрына суарылған жырларының үні ұзақ уақыт ойыңнан кетпейді. 
Егер оқырманның көптігі бақыт болса, онда Ерлан, талассыз бақытты ақын!

 

Ақын Бақытгүл БАБАШ

..жаның бебеулеп кетеді кейде. 

Әсіресе дүн-дүние күрең түске еніп, ең бір қымбат бақытың уақыттың уысында жұтылып бара жатқандай сәттерде. Күнтізбеге көз салуға да құлқың кем кездерде мезгіл ауып баратынын мойындағың келмейді. Аспанды басқан зілмауыр қара бұлттай ауыр ой санаңды тұмшалап алады. Осындай сәттерде сіз кімді/нені іздейсіз, білмеймін. Мен Өлең іздеймін. 

 «Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы, 

Қош деуге қалай енді жан шыдайды?!

 Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні

жапырақтың көзінен тамшылайды».

Мүмкін жапырақ жанарындағы жас – біздің бастан өтіп бара жатқан дәурен шығар? Уақыт-әмірші. Кеше ғана жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарған жайтты бүгін сәл жымиып қана есіңе аласың. Уақыт естеліктің дәмін кетіре алмайды, тек сол дәмге таңдайыңда қалар мұң қосады. Кәдімгі кермек мұң. Осындай сәттерде сіз кімді/нені сағынасыз, білмеймін. Мен Өлеңді сағынамын. 

«Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,

себелекті келгендей өлең еткім,

жаңбыр иісі... ашылған терезеден

әнін шырқап қоямын көбелектің».

Көбелек салған ән – өмірдің шынайы музыкасы. Оның әуезі – үнсіздік симфониясы. Жаңбыр тамшысының уілі де, жапырақ сыбдыры да – сол үнсіздікке жұтылған ән. Адам да көбелекжанды: жарыққа ұмтылады, сосын өз отына өзі күйеді. Ол Жарық – арман, махаббат, ізгілік, шындық (қалай атасаңыз да еркіңіз), әйтеуір жандәрмен ұмтылыстың соңы – ғайып. Ғұмырдан бір ғажайып күткен кездерде сіз кімді/нені іздейсіз білмеймін. Мен Өлең іздеймін. 

«Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,

тезірек таң атқанын қалап тұрмын.

Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,

терезеден ешқайда қарап тұрмын...».

Өмір бояуы солғын тарта бастағанда Жан-ыңда бос кеңістік «пайда болады». Апатия деп әсіре сипатамасақ та сол бір хәл дауыл алдындағы тыныштығың болуы да ғажап емес қой? Ертең қайтадан қызыл арай күн шығады. Әлем сұлу кейіпке енеді. Жүрегіңді өзің де түсіне алмайтын бір керемет ән әлдилейді. Алдыңнан кезіккен адамның бәрін құшағыңа алғың келеді. Осындай сиқырлы сәттерде сіз кімді/нені іздейсіз, оны да білмеймін. Мен үнсіз ғана «Киелі түндердің дұғасын» ақтарамын, өйткені мәртебелі уақыттың жүрегінде соғып тұратын жалғыз мәңгілік маған Өлең секілді болып көрінеді және ол Ерлан – Ерлан Жүністің өлеңі!

                                                       

Ақын Бауыржан Қарағызұлы

Ерлан Жүністің поэзиясы – көбелек қанатындағы тозаңдай нәзік. Ұшып бара жатқан ғұмырдың деміндей… Сол нәзіктік – әлсіздік емес, керісінше жан дауысының ең жасырын, ең сырлы қуаты. Қазақ поэзиясының өрісіне түскен жарық деп есептеймін. Нақтырақ айтсам, ғасырлар бойы көңілдің тамырына сіңген болмыстың жаңа дәуірдегі көркем үнқайтарымы. Ерланның табиғаты қандай мәдениетті болса, өлеңі де сондай ұстамды, сұлу, тылсым сыпайылыққа оранған. Ол ақыл айтпайды, жүрекке ақырын ғана есік ашып, жанның інжелерін іңкәр нұсқайды. Ақыл сезімге айналады. Сөз емес, жүректің сазы сөйлейді. Әуен күбірлейді.

Өлеңдерде пафос жоқ, жалған айқай жоқ. Тармақтары – жібектей, таңданысы – тыныштыққа айналған іңкәр сәуле, жарықтың ең нәзік формасы.

Тараздың топырағынан көтерілген ғасырлардың үні бар онда. Шуы аз, тереңі мың қатпарлы, көп мінез. Тамыры – шығыста, тынысы – батыста, екі өркениеттің жұмсақ тоғысынан туған поэтикалық симфония тынысы. Шұғылалы. Ойы дәл нүктеге дөп түседі, жүректің ішіндегі көзге көрінбейтін жараға ғана тамады. Сұңғыла һәм бекзада сезім сөздері – дауасыз ауруға емес, жаныңда тырсылдап тұрған сағынышыңа дәру. Ерлан – қазақ лирикасындағы ең баяу түсетін қар секілді: үнсіз, қалықтаған, жүрекке жылы түсетін сезік мамығы. Оның поэзиясы – жарыққа қарай жүгірмей, сол жарықтың өзін жанның ішінен жағатын хас өнер. Көлеңкеңді де күрсіндіре білетін ақын сирек. Ерлан – сондайлардың бірі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan