Бұл «Замандас пікірі» айдарының кезекті шығарылымы. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс, Жанат Жанқашұлы, Қалқаман Сарин, Мерей Қарт, Динара Мәлік, Нұрболат Жолдасбек, Ербол Алшынбайдың шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік.
Ал «Замандас пікірі» айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Жәлел Қуандықұлы.

АЛМА ГҮЛІНІҢ ИІСІ...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, сағағында емі.
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Жұпарға бөлеп жан-жағым мені.
Сүйсіне қарап жымиған ару,
– Атың кім? – деп ем,
– Алмагүл! – деді.
Гүлдеді алма,
Гүлдеді алма.
Нәп-нәзік қауыз бүрледі таңда.
Сен де кел, баққа ертеңмен күнім,
Сағынышыңмен түрленіп ал да.
Құлағыңды тос жезтаңдай желге,
Тыңдайық балқып есті әнді-ай бірге.
Сескенбе менен Алмагүл қалқам,
Кегім жоқ менің ешқандай сенде.
«Сиықсыз сезім – сүйіссіз мүлде»,
Дегендер
Бекер тиісті бізге.
Өз құнын ұқса, түрленер ме еді,
Ұзақ жасайтын иіссіз гүлдер?.
Анықтайды әлі күз ақ-қарасын,
Сырларыңды кеп жүз ақтарасың.
Қысқа бұрымды хош иісіңмен,
Есімде менің ұзақ қаласың...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, Алмагүл ма еді?..
ДОСҚА ХАТ
(Мардан ӘЛЖАНҒА)
Мына өмірдің сездірген пәк, ғажабын,
Қара сия, ақ парақ – тәтті ажарың.
Қаламымды жап-жарық ойға малып,
Өзгеге емес, досыма хат жазамын.
Досым саған ақтарам сырдың бәрін,
Жасып келсем, жаныма құйдың жалын.
Шалыс басып, шамыңа тисем дағы,
Жекімедің, сағымды сындырмадың.
Досы барлар сөзіме сенбей көрсін,
Рух пен намыс жараны емдейді ол шын.
Шындық сүйсін жалғанда әр азамат,
Алдалдығы достыққа сендей болсын!
Жылтырына дүниенің арбалмаған,
Ірілігін ұсынған заңғар ғалам.
Сен далалық қазақсың, аңқылдаған,
Жаратқаным жеткізсін таңдарға аман!
Дүрбелеңнен тұрғанмен бала шағы,
Бірге кештік сан қызық, тамашаны,
Тектілік те тұлғаңнан көрінеді,
Серілік те тұмардай жарасады.
Бой алдырып қойсақ та, кейде үрейге,
Ақ армандар қол бұлғап, кел демей ме!?
Жүріп өткен жолыңа көз тастап көр,
Көкіректі өкініш кернемей ме?..
Келбетінен ғұмырдың сыр аңдап кіл,
Көкдөненін көңілдің сылаң қақтыр.
Қарбаластан қолың бір қалт еткенде,
Құрып кетпей, досым-ей, звандап тұр…
ЕВГЕНИЙДІҢ АНАСЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Аңқылдаған әріптесім Евнений,
Балаға да «Сіз!» дейтұғын, «Сен!» демей.
Қарапайым болмысынан көрмейсіз,
Титтей қулық-сұмдығын да пендеуи.
«Аңғал досым қалайсың?» деп хәл сұрап,
Келеді ылғи дабыр-дабыр, арқырап.
Айтатынын бетіңе айтып тынат та,
Жауабын да кете барар тартып ап.
Өз жұмысын аялайды, сүйеді,
Сыйлағанға дайын дәйім сый емі.
Түзу барып, түзу келіп жүреді,
Әділдіктен жаралған-ау, сүйегі.
Сағынышы жүрек шоғын көсей ме,
Алаңдай ма алыстағы шешейге?
Әр жыл сайын еңбек демалысында,
Тартып отырады көрші Ресейге.
Анасының түгел қылып бар-жоғын,
Перзенттігі қуаттайды ар жолын.
Бір ай бойы жинап беріп қайтады,
Пісіп тұрған, күтіп тұрған картобын.
Салса дағы сан сарсанға кей күз кеп,
Көктем көңіл жүрсе де өлең, ойды іздеп.
Әзілдесіп жүретінмін «Ауылыңның,
Картобынан қашан пюре жейміз?»” деп.
Биыл тағы елге кетті ол іркілмей,
Әдетіне сала басып, діңкілдей.
Ал, бірақ та, осы жолғы сапардан,
Мұңды оралды, үнсіз ғана, бір күлмей.
Көрген сәтте үрейленгем, қорыққам,
Бір мұңы бар жүрегінде соны ұққам.
Алпамсадай азаматтың титтей мұң,
Көңіл күйін түсіріпті тобықтан.
Ә дегеннен, үлгере алмай жанды ұғып,
«Картоп қайда?» дедім, даусым қарлығып.
«Ол картапты жей алмаймыз енді біз,
Жинауға да бара алмаймыз мәңгілік».
Деді дағы кетті шығып, адымдап,
Евгений жоқ, сөзбен түйрер жаныңды ап.
Анасынан айырылған адамға,
Қайдан күлкі табылмақ?..
Өлім жайлы ойламай-ақ ол мүлдем,
Жүргенімен күй аңқытып көңілден.
Ардақ тұтып, аялаған анасы,
Аяқ асты өткен екен өмірден.
Өр кеудесін кеулесе де сан сұрақ,
Солай болды тағдыр жазған заң бірақ.
Картоп емес қабір қазды бұл жолы,
Анасына, жан жүрегі қан жылап…
Өмір солай салып жанға жарасын,
Аямады бір аңқылдақ баласын.
Картоп қазу сылтау еді, шынында,
Сағынатын аңғал-саңғал анасын.
Ұясына асыққан бал арадай,
Уақытты да, бақытты да санамай.
Әр жыл сайын алып-ұшар жұртына,
Жүріп жатқан соғысқа да қарамай.
Естелік боп қалды осының бәрі енді,
Әрбір сәттен күй ағызды, ән емді.
Құстар ғана сырласы енді жанының,
Тек солардан жолдап тұрар сәлемді.
Көп сұраққа жауап іздеп көк белден,
Жүрсем дағы, бұл тағдырды жек көрмен.
Тек таң қалам сол аңқылдақ болмысқа,
Картобы мен ана жанын көп көрген.
Көңілсіздеу Евгенийдің сыртынан,
Қараймын да жабырқаумен бір тынам.
Картоп жайлы айтып қалып аңдаусыз,
Жан жарасын тырнамауға ұмтылам.
Жан-жағыңда қалмаса да бақ бөтен,
Мынау өмір аналармен тәтті екен.
Алыс-алыс қиырларда жүрсе де,
Жер бетінде бар болғаны жақсы екен.
Тағдыр тақсыр жалғай берер жорығын,
Бұл желісін бір шындыққа жорыдым.
Отан анаң шақырғанмен қол бұлғап,
Кәрі анаңның баса ала ма орынын?..
О, Жаратқан, құдіретіңді кеш білдім,
Жаңа тыныс орнын бассын ескі үннің.
Осы сәтте жалғыз ғана сұрарым –
Баласынан айырмашы ананы,
Анасына тиіспеші ешкімнің.
Панасына тиіспеші ешкімнің…
Жәлел Қуандықұлы

Ақын Хамит Есаман
Әдебиетке әркім әрқалай келеді. Әр таланттың мінезі әртүрлі. Мінез дегенде, адуынды, арқалы дейтіндер де мінез, алайда қарапайым қоңыр қалып – бұл да мінез. Шын ақын өзінің табиғатынан тыс өмір сүре алмайды, қолдан мінез, тағдыр жасай алмайды. Біз білетін Жәлел Қуандықұлы жаһанға жар салмай-ақ жақсы өлең жазатын, бірақ оны көп айтып, көзге көп түсе бермейтін қоңыр мінезді қарапайым ақын. Өлеңдері арманыңды аңсататын, сағынышқа жетелейтін бір әлем. Жуырда жарық көрген «Алма гүлінің иісі» өлеңдер жинағына көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай алғысөз жазыпты. «Оның поэзияға келуі де кездейсоқ емес. Онда тағдыр бар. Тағдырсыз талант болмайды», дейді ақын. Тағдырсыз таланттың болмайтынына аталған кітаптағы өлеңдерді оқып отырып көз жеткізуге болады.
Көкейіме көркіңді күй арна ғып,
Дүрбелеңге қаламын жиі алданып.
Сағыныштан сарғайып өтетіндей,
Қайтқан құсқа қараймын қиялданып... «Туған жер»
Бұл – Жәлелдің тағдыры. Туған жерін сағынбайтын, оны қадірлемейтін адам жоқ шығар. Ал, ақын үшін туған жердің жөні тіпті бөлек. Жәлел ақынның жырларынан аңғарғанымыздай, ол үшін туған жер мәңгілік сағыныш. Тағдыр жолы түрлі соқпаққа салғанымен, жүрек түкпіріндегі өзі ғана сезіне алатын әдемі әлем – ол туған жер.
«Көктем» өлеңінде ақын былай дейді:
Үлбір жүзін кең етек аспан өпкен,
Бар сиқыры кәріге, жасқа жеткен.
Қарай берме сүзіліп бұлай қалқам,
Менің күтіп жүргенім басқа көктем.
Ақын жүрегіндегі көктем арудың жұмбақ жанарында ма, өзі айтқандай, алма гүлінің иісінде ме, сәуірдің жылы жаңбырында ма, ол беймәлім. Бірақ, шайыр күткен көктем, ол басқа. Ақын жаны жабырқағанда, көңілі күрделі күй кешкенде, басқа әлем іздейді. Әр ақынның жүрегінде өзі күткен көктем болады, ол соған барғысы келеді.
Көктен жерге телміреді көп жарық,
Кеудем тұсын кернейді арман от қарып.
Тереземнен есеп сұрап тұрады,
Қап-қара түн оқталып, – деп басталады «Жарық» өлеңі. Көз ұшындағы жарыққа жету үшін ақын тағдырымен сан рет арпалысады, кедергілерге кезігеді. Ал, жарықты аңсау – жалған дүниенің көзді, көңілді арбайтын түрлі жарқылдарына жан тарту емес, ол әр ақынның өзіне тән ақиқатты іздеуі, соны табуы дер едік.
Маңдайыма жазылған тізбекпенен,
Әлі талай көктемді, күзді өткерем.
Әлемде бір жұмбақ бар мен шешетін,
Сол жұмбақтың шешуін іздеп келем... «Жұмбақ».
Бұл әрине адамның, ғаламның, қала берді қоғамның жұмбағы. Кейде адамның өз жаны өзіне жұмбақ. Бұл да әрине ақын ғана көріп, сезіне алатын жайт.
«Алма гүлінің иісі» қайта оралмас сәттерді еске салатын, арманыңды сағынтатын, албырт шағыңды көз алдыңа әкелетін жинақ. Әрине, барлық өлеңнің төрт құбыласы сай болуы мүмкін де емес. Ақын нені қалай айтамын десе де өз еркі. Ең бастысы – өлең жазу үшін жаза салмағаны көрініп тұр.

Ақын Ерқанат Кеңесбекұлы
Сіз маусымға емес, жанның қалауына бағынған алма ағашы гүлдеген бақта тұрсыз. Шекара бөліп тастаған шексіздік. Қарақалпақстаннан Сарыарқаның сәмиян сауырына созылған сағыныш туралы сыр шертеді бұл кітап. Сыршыл ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәлел Қуандықұлының «Алма гүлінің иісі…» шайырлар ғана қанат қаға алатын алыс та алғыс арқалатар аралға жүр-жүрлейді...
Жыр жинағын алхимиялық шәрбәт деп қабылдалық. Жәлел Қуандықұлы – асыл сөздің алхимигі. Ол туған жерінің құмдауытын алтын жолдарға айналдырады. Ерен-ғайып еңбектің алғы сөзінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақсамал ақын Ғалым Жайлыбай шамырқанған шайырды «Сағыныш сапарының сардары» деп бейнелейді. Сайып келгенде, сөзгер – осы дәуірдің көшпендісі. Оның жүрекжарды жырлары жөнекей лирика емес, жан шәрбаты.
Жәлел Қуандықұлының поэзиясы – өміршең өлеңге қонып алған сағынышты ғана емес, сағынышқа айналған атамекенді жазады. Қарақалпақтың құмы мен Сарыарқаның самалын бір тынысқа сыйдырып, шекара атаулыдан биік тұратын ішкі еркіндікті жыр етеді. Бұл – жағрапия емес, жүрек картасы. Мұндағы ауыл – сағым емес, тағдырдың темірқазығы, ал шаһар ғұмыры – сол темірқазықты сағындырған кенеусіз кеңістік.
Ақын сөзді салмақпен сөйлетеді. Артық бояу жоқ, бірақ, әр жолында алтынға бергісіз жырдың өзіндік дәстүрі бар. Сағыныш мұнда әлсіздік емес, алхимия: күйбеңді – кәусарға, шаршауды – шыраққа айналдыратын құпия үдеріс. Жәлелдің жырлары оқырманды өз-өзімен жолықтырады. Әсілі, «оқып шығатын» емес, «қайта-қайта оралатын» кітап.
«Кел, бауырым, айт, маған ауыл жайлы» дейтіні – Алматының урбанистік у-шуында жаңғырыққан үргедек үн. Ақын жаңашылдықты саф ауадай тілейді. Қолқа жүрегімен. Онсыз «тынысы ауырлайды». Тосын ба? Бұл кітап – фьюжн: шығыстық романтика (қазақ, өзбек пен қарақалпақ поэзиясының ықпалы, түркінің түбірі) қазақтың далалық минимализмімен тоғысады. Жырлары дендеген динамикаға толы. «Зулаған уақыт ағымы» – құм мен гүлді ілестіре аққан өзгеше өзендей. Сыр іздесек, нәзіктіктің нәурізек нышанын айтуға болар. Бірақ, мұның өзі сиқыр емес пе?
Егер бір мезет өміріңіз шөлге айналды деп сезіктенген болсаңыз, бұл кітап – төсқалтаңыздағы алма бағы. Оқыңыз да, ойға шомыңыз. Алла мен алманың арасындағы аралға көңіл көзін қыдыртыңыз.

Ақын Жанат Әбдіғожин
Жәкеңмен мен 2012 жылдан бері таныспын. Сол уақыттан бері пікірлес, сырлас ағалы-інілі араласып келеміз. Шығармашылық сұхбат, бір-бірімізге деген тілеулестік бар. Замандас ретінде оның өсу жолына, қаламының толысып, поэзиясының тереңдеп келе жатқанына куә болып жүрмін. Жәлелдің бүгінгі позиядағы бағындырған биігін сол жылдар бойғы ізденістің, ішкі толғаныстың, өмірді өлеңмен саралаудың нәтижесі деп білем.
Жәлел Қуандықұлын – қазіргі қазақ поэзиясында өз үні, өз өрнегі бар қаламгерлердің бірі ретінде танимын. Оның жақында жарық көрген «Алма гүлінің иісі…» атты жыр жинағы – ақынның шығармашылық әлемін, рухани болмысын тереңірек танытатын, оқырманды ой мен сезімге қатар жетелейтін ойлы өлеңдерден тұратынын байқау қиын емес. .
Алма гүлі – көктемнің, тазалықтың, сағыныштың символы болса, ақын өлеңдерінде ол балалық шақпен, өткен күндермен, жүрекке жақын естеліктермен астасып жатады. Жинақтағы жырлардан жасандылықты емес, шынайылықты, дабырадан гөрі терең тынысты, асығыстықтан гөрі сабырлы ойды аңғарамыз.
Жәлелдің өз оқырманын бірден баурап алатыны – оның сөзге жауапкершілікпен қарауында. Ол сезімді жалаң күйде емес, оймен өріп, бейнелеп жеткізеді. Махаббат, туған жер, уақыт, адам жаны сияқты мәңгілік тақырыптар ақын поэзиясында заманауи бояумен әсемделсе де, ұлттық дүниетаныммен түйінделетінін ойлы оқырман бірден аңғарады.
Бұл кітап – тек бір ақынның жеке шығармашылық олжасы емес, бүгінгі қазақ поэзиясына қосылған салиқалы да сүбелі үлес. «Алма гүлінің иісі…» оқырманды асықпай оқуға шақырады. Мұндай жинақтар әдебиетке де, оқырманға да аса қажет.
Жәлел Қуандықұлына алдағы шығармашылық жолында шабыт, қаламына қуат тілеймін. Ормандай оқырманын көбейтетін, жүрекке жететін жырлары әлі де көп боларына сенемін.
