Бұл «Замандас пікірі» айдарының кезекті шығарылымы. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс, Жанат Жанқашұлы, Қалқаман Сарин, Мерей Қарт, Динара Мәлік, Нұрболат Жолдасбектің шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік.
Ал «Замандас пікірі» айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Ербол Алшынбай.
Ербол – ақындығынан бөлек, өте ізденімпаз, білімді жігіт. Өткенде жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловты еске алуға арналған кештің тізгінін осы Ербол ұстады. Сонау ХІІ-ХІІІ ғасырдан бүгінге дейінгі күйлер мен күйшілердің тарихын өз дәуіріндегі оқиғалармен байланыстыра суреттеп, сахнада төгіліп сөйлеп отыр. Қасымда отырған бейтаныс кісі: «Мына жігіт тарихшы ма, күйші ме?» деп сұрады. Таңырқағаны, риза болғаны.
Бүгін Ерболдың еш жерде жарияланбаған жырлары мен замандастарының пікірін ұсынып отырмыз.
Айтқандай, бүгін Ербол ақынның дүние дидарын ашқан күні. Құтты жас болғай!

Кенесары жаңбыры
Піл сауырлы Сарарқаның жылда апталап жауатын күзгі қара жауыны бар. Мұны қазақтар Кенесарының жаңбыры деп те атайды. Себебі, сонау алағай заманда хан Кененің қалың әскері жаз бойы орыс әскерімен беттеспей, осы қара жаңбырды күтетін көрінеді. Ала жаздай сайын сахарада хан әскерінің ізінен еріп қажыған, аттары арып, аламаны мұқалған дұшпанды осы жауынға ұрындырып, қыратын болса керек. Сарарқаның қазанұрған қатты жауыны жаудың көзіне перде, дала ұлдарына қорған болады екен. Арқаның қара жауыны басталғанда жау әскері ажалды қалтырай күтетін болған. Әр жылы осы мезгілде қара жаңбырдың арасынан қаһарлы ерлер ұрандап шығатындай елегізіп тұрамын.
Сарарқаға күз келгенде сұржағал,
Кәрі аспанның қос жанары дымданар.
Сүңгі жауын сіберлеген сар(ы) дала,
Желді күнгі теңіздейін тұлданар.
Күн сөнгендей тұтасады жер, аспан,
Түннің демі бет қарыған алаптан.
Мың сан тамшы көшпендінің жебесі,
Мың сан сарбаз ғарыш жақтан бері атқан.
Аспан жасы құса кегін қозғаған,
Ерлік туы желбірген кезге алаң.
Түменбасы қол төңкеріп жатқандай,
Дүрілдейді, гуілдейді боз далам!
Өткенде ойлап көп өртенген өзегім,
Күз келгенде келгендей бір кезегім.
Қамал болып жан-жағымды қаптаған,
Қара жаңбыр жауған қырды кеземін.
Қара түннен тоғызтарау күй өрген,
Алқара аспан айналайын киеңнен,
Сарарқада күзгі қара жаңбырда,
Түмен сарбаз жүреді екен түнерген.
Үнсіз кезіп қара жаңбыр арасын,
Қара түнге төгіп шерлі наласын.
Оқтың орынын суға соққан көкжалдай,
Жүреді екен жаңбыр шайып жарасын.
Жаңбыр болып жүзін жуған ащы кек,
Қаһарлы ерлер түзге ұмтылған тастүлек.
Бозаң қырда, боғылт жаңбыр астында,
Әлде қайда бара жатар сап түзеп.
Құлағыма сарын жетіп не түрлі,
Құлазимын жаңбыр жуып бетімді.
Жер сабаған қара жаңбыр дауысы,
Көп қаржысқан қылыш үні секілді.
Сұсты сарын сөз емес бұл жат ұғар,
Бұл сарында өкініштің жасы бар.
Бір қапысыз сәтті күтер жүр олар,
Көшпендінің жебесіндей атылар.
Жау, сіркіре Сарарқаның жаңбыры,
Қазақтардың асқақ, қатал тағдыры.
Күз келгенде саған тосып жонымды,
Ерлер шығар сәтті күтем әр жылы...
Бізге асыққан өзендер
Көлбегенмен көп кермиық кезеңдер,
Табиғаттың дәл өзіндей кемеңгер.
Алыс қалған асқарлардан басталып,
Сары далаға асығады өзендер!
Тамшы аңсап талыққанда таға бел,
Солыққанда шөлден өліп қара жер.
Арнасында жылқы толқын дүркіреп,
Қос жағаға өмір сеуіп ағады ол.
Темір қырсау тарылтса да танабын,
Атырауы жамылса да қара құм.
Алқып асып кедергінің бәрінен,
Тамырына құйылады даланың.
Күй төгіліп толқындардан ыршыған,
Өң кіреді боз жусанға сыңсыған.
Тамырында сол өзендер сарқырап,
Буы балқып бусанады бұл Тұран.
Темір торлар, шекаралар, бөгендер,
Жолын кескен толқыған шер-шемендер!
Біздің шөлге ұмтылады бәрі бір,
Қазақтармен тағдыры бір өзендер!
Арғымақтай кесіп өткен кереден,
Ескі жырдай жеткен бізге көнеден.
Адасқан ұл асыққандай үйіне,
Асығады бізге қарай көп өзен.
Қырым
Шері қалың қара орманнан сыңсыған,
Ноғайлардың маңдайынан сусыған.
Ғасырлардың тұяғынан ыршыған,
Тас бораннан келешегі бұлыңғыр,
Қабырғасы қақыраған Қырым бұл!
Қиянатшыл қағанаттар кемірген,
Жат сайрандап кие қашқан жеріңнен.
Бақшасарай, жұртың қайда сөгілген.
Өксіп келіп жағаны ұрған айлы түн,
Қара теңіз біледі оның қайғысын.
Қара теңіз – ол бүгінде қара түн,
Толқи-толқи жарға соққан наласын.
Жаза алмаған қан шапшыған жарасын,
өзегінде көлкіген өрт тебіндеп,
қалың ноғай ыңыранды теңіз боп.
Шуға толы алақұйын замандар,
Айбатымен әлемді алған қағандар,
Айбынды әскер, түпсіз терең арандар,
Кесім айтпақ, бұл Қырымға талайдан,
Бірақ, ешкім сұрамайды ноғайдан.
Құдайды да қамап ұстап Хырамға,
Қан қасап қып жерді салған ылаңға.
Шараң болмай мынау соқыр тұманға,
Қайран Қырым, дертті Қырым боздашы,
Ер ноғайдың жалғыз тамшы көз жасы!
Тәңіржазған
Тағдырға қайралған жастайдан,
Болмаған егесер басқа айлам.
Еңсемнен жел соқса да иілмес,
Мен – қарағайда қарсы бұтақ қасқайған.
Қаншама боран ие алмай,
Қара балталар мұқалды мені қия алмай.
Тағдырдың өзін таң қалдырып,
Әлі де қасқайып тұрмын қиянда-ай.
Қасарған сайын көкке өрлеп,
Жапырағым жайқалды қанша көкпеңбек.
Қара жер саған табаныңнан сыз берер,
Себебі, иір тамырың, иіндеп төмен кеткен жоқ.
Күнге ұмтылып алғидың ала таңынан,
Егесе жүріп еселі несіпке жарығам.
Тамырымнан тағдырыма құт құйған,
Сол қара жер менің қазынам.
Тамырымды қара тастардан өткеріп,
Бұтағымды бұлыңғыр аспанға жеткеріп.
Алаштан асып тусаң апшыма,
тамырыңды көрейік қане тексеріп.
Ербол Алшынбай

Әдеби аудармашы, сыншы Қаһар Уайыс
Ербол Алшынбай поэзиясы – қазақ халқының сан мыңжылдық мәдени жадынан, тарихи тәжірибесінен, ұжымдық тағдырынан тамыр тартқан тұтас рухани құбылыс. Бұл поэзияны оқу – тек эстетикалық ләззат алу емес, сонымен бірге тарих сахнасынан өткен, бір кездері салтанаты асып, дүниетанымы кемелденген көшпелі өркениеттің ішкі рухымен қайта қауышу. Ақын қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін, сөздің семантикалық қатпарларын терең меңгерген ақын. Оның сөздік қорының байлығы мен тілдік интуициясының дәлдігі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп, көшпелі өмір салтын тек тарихи дерек ретінде емес, тірі тәжірибе, ішкі түйсік ретінде бойына сіңіріп өскен ақын болмысының нәтижесі. Мұндай табиғи тіл иесі болу – ақынға Тәңірдің берген сирек несібесі. Оның өлеңдерінде қазақтың сап-таза сөйлеу мәдениеті, архаикалық қабаттан бүгінгі тілдік санаға дейінгі табиғи жалғастық анық сезіледі.
Ақын үшін көшпелі өркениеттің әрбір деталі – жай этнографиялық белгі емес, құндылықтар жүйесінің алтын өзегі. Ербол Алшынбай поэзиясының өзегінде бір үлкен тарихи жара жатыр: тағдыр тәлкегіне түскен, рухы әлсіреген, қисапсыз мәдени қазынасынан айырылған халықтың қасіретті жады. Ақын осы жоғалған рухани байлықты жоқтаушы ғана емес, оны қайта тірілтуге ұмтылған рухани археолог іспетті. Ол «есте жоқ ескі замандардағы» ұмыт болған жәдігерлерге өз поэзиясы арқылы жан бітіріп, оларды қазіргі рухани кеңістікте қайта жарқырата көрсетуге талпынады. Алайда Ербол Алшынбай өткенді жалаң идеализациялаудан, бос ностальгиядан ада. Оның тарихи санасы – сыншыл, сергек әрі терең.
Ербол Алшынбай поэзиясын рухты поэзия деп атауға толық негіз бар. Ақын бабаларымыздың өмірге деген махаббатын, өлімге деген құрметін, кісілік пен асқақ болмысты пафосқа салмай, дәл әрі шынайы бейнелейді. Бұл жерде жасанды асқақтау, сыртқы эффект жоқ; керісінше, ішкі сабыр мен тереңдік басым. Ақын қазақ халқы бастан өткерген, адамзаттың өзге қауымдары көтере алмас ауыр тарихи сынақтарды трагедиялық салмақпен сезінгенімен, оның поэзиясында торығу түпкі нүкте емес. Қайта оралар «алтын ғасырға» деген сенім, рухтың қайта түлеу мүмкіндігі оның өлеңдерінде тұрақты оптимистік сарын ретінде көрініс табады. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қоғамға қажет рухани тірек, рухты сөз Ербол Алшынбай поэзиясынан анық байқалады.
Ербол Алшынбай – үздіксіз ізденіс үстіндегі ақын. Ол қол жеткізген поэтикалық деңгеймен шектеліп қалмайды, өзін-өзі үнемі қайта қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдап отырады. Ақынның шығармашылық табиғатына тән қасиет – жаңа кеңістікке шығуға, жаңа поэтикалық тыныс ашуға деген ішкі қажеттілік. Бұл оны замандастары арасынан даралап тұратын маңызды белгі.
Қазақ поэзиясында Ербол Алшынбай әуел бастан өз бағытын анық айқындаған, эстетикалық ұстанымы берік, қолтаңбасы қалыптасқан ақын ретінде танылды. Оның поэзиясы қазақ сөзінің кеңістігінде еркін шарлап, мифтік болмыстан батырлық дәуірге, одан бүгінгі қазақ баласының тағдырына дейінгі рухани сапарды басып өтеді. Бұл сапар жоқ іздеушінің жолына ұқсайды: ақын өткен мен бүгіннің, өрлік пен өкініштің арасындағы шекарада бір жоқты іздеп жүреді. Сондықтан Ербол Алшынбай өлеңдері сырттай өршіл, асқақ болып көрінгенімен, олардың терең қабатына бойлаған сайын бір өкініш пен бір мұңның тұңғиығына жетелейді. Дәл осы қарама-қайшылық – оның поэзиясының ішкі драматизмі мен көркемдік қуатының негізгі қайнар көзі.

Ақын Абылай Мауданов
Ерболмен «ерегесім» Арқалықта, Айбек Қалиев ағам үйінде, түскі асқа отыра бергенде басталды. Бір ғасыр «кейін кетіп» қалдық та, армансыз «айқастық». «Толассыз шайқас» кешкі аста да тоқтамай, жұрт жатуға айналды. Екеуміз кафеге барып «соғыстық». Кафе де жабылды. Қалған «майдан» кластасым Қуаныштың үйінде «жалғасты».
Келесі күні менің «оғым таусылған» еді. Амалсыз ақ жалау көтердім. Ер десе ер екен, құшағын жайды.
Одан кейін елордаға барғанда іздеп бір бардым. Үшінші кездесуіміз Торғайда, Көлқамыста екен. Қабырғаның жағасында отырып, тағы да таң атқанша армансыз көсілдік. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс, үш көрген туыс» деген қазақ сөзі ып-ырас екен, одан кейінгі қуаныш-тойынан қалдырған емес.
Мен оны әуелде тарихшы деп таныдым. Кейін «ей, сен менің ақын екенімді білесің бе?» деп қоңырау шалды өзіне тән өктемдікпен. Содан «Құлан ауғанын» сатып алдым да, құладым. Пікірімді өзіне айтқам.
Ербол – қуатты ақын. Алашшыл азамат. Ішкі тегеуріні мықты, әр тамған сиясын ұлттың игілігіне деп бағыттайды. Шығармасында үлкен мақсатты көздейді. Өйткені – таным көкжиегі кең, білмейтіні жоқ бір «пәле». Тереңнен ойлайды, ақындығын ақылы жүгендей алады. Жиған-тергенін елдік, мемлекеттік мүддеге жұмсайды. Үндемей жүріп ірі істерді атқарып жүргенін сырласқан шақтағы сөзінен аңдадық. Әйтпесе өзі кеуде қаққан емес. Үлкен ұстаздар алдын көрген ол қазір өзі де бір буынның ақылшысына айналғанын көріп жүрміз. «Тарымшысын» түсінбей, өзінен сұрағанымда «қалай түсіну сенің міндетің» деп қолын сілтей салғаны бар. Өзіне жарасатын мінез. Мен үшін бір кісімен амандаспай қойғанын айтып еді бірде. Бұл басынан сөз асырмайтын биіктігінің белгісі деп білемін.
Астана барғанда оған соқпай кеткен емеспін. Кейде жолым түспесе «қылмысымды» мойындап қоңырау шалатынмын. Сол кезде ол дөкей қызметтерде жүріпті ғой. Ал маған оның қайда істейтіні тіпті қызық емес еді. Маған оның пікірі, нақты деректермен айтатын құнды әңгімесі, тұжырымы қымбат. Бұрын бір есті әңгіме естісем, немесе жаңа бір анекдот шығарсам, алдымен Ерболға звондайтынмын. Кейде рахаттана тыңдайды, ұнамаса «ұрсып» тастайды да, «дұрыстау дүние тап» деп тапсырма береді. Қазір ондай «сыйластықтан» «жұрдай болдық». Бірде жаңа шығарған өлеңімді жіберсем, «жыр жазуға уақытың бар, неткен бақытты едің» деп жауап қатыпты. Содан бері мазаламаймын. Оның ел мүддесіне жұмсап жатқан минуттарын ұрлауға қақым жоқ деп ұқтым. Бүгін туған күні екенін естіп, хабарлама жазуға «ерініп» отыр едім. Жақсы себеп тауып берген сіздерге рахмет.
Менің дүниеде ең жек көретін мақұлығым – мысық. Мысығы бар үйде ұйықтай алмайтынымды достарым біледі. Осы Ерболдың арқасында мысық менің «негізгі тақырыбыма» айналып кетті. Қазір қоржынымда он шақты пародия бар. Соның ең алғашқысын ұсынайын. Жасыратыны жоқ, Ерболдың тікелей «тапсырмасымен» жазған осы бір дүнием өзіме де ұнап жүр.
Мысық жыры
(Мұхтар Шахановтың ізімен)
Тышқан-тірлік топастықтың бас көтермес салты ма?
Інге тасу індет болып жалпыға,
Дақ түсіріп Диогеннің үнемшілдік даңқына,
Болмағасын тыйым салар бір мысық,
Тышқан біткен тою үшін тырмысып,
Зиянкестен қауіп төнді күллі Эллада халқына.
Ырду-дырду жүрер əркез еріп бірге шаттықпен,
Той көп жерде болары анық сақтық кем.
Жан сарайын тек ішу мен жеу мүддесі жылытқан,
Зиянкеске қақпан құру керектігін ұмытқан,
Эзоп елі жұрдай болды ерліктен һəм мəрттіктен.
Аламандар алып жатты,
Көртышқандар сорып жатты
Шұрқ-шұрқ шұлыққа ұқсап сұлады бос қап біткен.
Тағдырыңды теңіз жұтар
Тышқан тессе кемені,
Неге, неге кері кетті
Аристидтің өр елі?!
Бұл қатерден құтқаратын қажет-ау бір Геркулес,
Дендеп алған қоғамыңды, берер емес дертің дес, —
Деп дана Эзоп күні-түні ойдан зардап шегеді,
Тышқандарды тұздай құртпай,
Тыныштық жоқ себебі!
Ірі апатқа соқтыра ма, ұсақ мүдде əлегі,
Эзоппенен бір қиналды Элладаның нар елі.
Сол заманның маңдай алды данасы,
Анарыспен теңдес білім шамасы
Тағдыр-жырын асқақ өрген,
126 жасқа келген,
Афиныда бір қария бар еді.
Сол қария сұрқай тартқан күндерде,
Шығып тұрып ең бір биік мінберге,
Қалың елге ақыл айтты əдемі:
Сөйледі қарт (қос қабағы түйіле):
"Қапаландым бұл шарасыз күйіңе,
Зиянкесті жою үшін,
Оған шектеу қою үшін,
Тыю үшін тышқандардың зардабын,
Сақтық, үнем, қанағатпен шегенделіп жан-жағың,
Бір-бір мысық асыраңдар үйіңе!"
Жүректерге жетіп қамқор, есіл үн,
Құп алды ел дана қарттың шешімін.
Афиныда жан қалмай бір разы емес,
Сақтық үшін не төбет, не тазы емес,
Мысық ғана күзетті үйдің есігін.
Тоқтық күліп жанарларда,
Толып қапшық қанарлар да,
Тоқшылықпен тербелді елдің бесігі!
Тарих-сабақ, оқымасаң обал-ды,
Жетеді онда жосықпенен жоралғы.
"Ақындықтың атын мініп ойқастап,
Мысық жайлы жазшы", – деп бір ой тастап,
Бір тəмсілмен толықсын деп ел көгі,
Ой салғанда Алшынбайдың Ерболы,
Көкірегіме осы аңыз оралды!
Елім мынау қиялында жүрген арай, нұр құшып,
Ерім жүр-ау отыздыққа енем деген тырмысып.
Кілең тышқан ін түбінде қарын қамын күйттеген,
Надандықтың түнегінде сасып, құрттап биттеген,
Қара бастан биік ойлау ұстанымы жоғалған,
Көңіл қалып мынау қарау қоғамнан,
Нар тұлға деп арзу айтып, наз артар,
Мемлекетті мешеулерден тазартар
Қазір бізге керек боп тұр бір мысық!

Дәстүрлі әнші Саян Мұздыбай
«Азбанағым қаз мойын,
Қайтейін, қалды-ау жаз кейін...»
4 жыл бұрын ақын Ербол Алшынбайдың «Азбанақ» атты өлеңіндегі осы жолдарды оқығанда әсерінен болар, ойыма бірден әуен келіп, артынан ән жазып шықтым. Азбанағына мұң айтқан Ербол Құлагерімен сырласқан Ақан серідей болып көрінді. Ал ән перісі Ақанның көкірегінен қандай дүниелер өмірге келді десеңші! Ақан ақын болмаса «Қараторғай», «Құлагер», «Маңмаңгер», «Майда қоңыр», «Балқадиша» т.б кесекті әндері осы күнге жетер ме еді?! Ербол Алшынбайдың да бойында, жырларында осы бабаларымыздан қалған тектілік, елге, жерге, ұлттық болмысымызға тән не дүние бар, соның бәріне сүйіспеншілік байқалады. Соларға еліктеу бар. Әсіресе ұлы бабаларымыздың бойындағы бекзаттықты аңсауда, күтуде! «Сары жұрт» өлеңінде:
«Айбарлы жаудың басын да,
Айдарлы ұлың кескен жұрт.
Күлтелі кілем далаңды,
Алмауыт тұяқ тескен жұрт.
Тауда өскен тарлан бабамыз,
Бір шымшым топырағыңа
Жанымыз пида дескен жұрт...
Тапсам бір соны сары жұрт,
Алмауыт жырды қамшылап,
Жайдай-ақ қылсам деп едім.
Оты бар ұлды тұтатып,
Аймадет қылсам деп едім.
Сарылып жатқан сары белде,
Ақала орда қондырып,
Айға бет бұрсам деп едім!».
Ақын бүгінгі қазақтың бойынан рух іздеуде, өлең арқылы соған үндеуде. Мысалы: «Мен сенемін ертеңгі ұлдың өзегін, Қариды от боп бүгін менен аққан қан», «Ұлтан құлға кегім кетіп барады, Қашан туар Алпамыстай бір ерім?» деп Ер Доспамбет, Қазтуған, Ақтамберділерше толғайды.
Менің Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» жинағынан оқып түсінгенім осы.
Ерболдың бір артықшылығы – тарихты, оның ішінде қазақтың ән мен күйінің тарихын терең білетіндігі. Және оны тарқатып айтқаны да ғажап! Сол ғажап тарихты өлеңге айналдырып «Сандуғаш» атты баллада жазып шыққаны да бар. Ол да бір құнды дүние. Естайдың «Сандуғаш» әнінің шығу тарихына негізделген. Бұл өлеңді әсіресе әншілер оқыса ғой дейсің. Ән-күйге байланысты тарихты, ескі қолданыста қалып бара жатқан сөздерді, табиғат заңын білетінін шебер көрсете білген. Естай жұбайы Зағишаға:
«Ей , Зағиша! Алғыншым сен тағдырлас,
Әннен басқа менде қандай бар мұңдас.
Қара жерде балапандай қорғансыз,
Менің жаным аспанда ұшқан сандуғаш.
Аспан туыс, түн сырласым, таң құрдас,
Мен қарлы асқар ешкімге асу алдырмас.
Жұмыртқа үшін қара жерге жылына,
Бір-ақ рет қонады екен сандуғаш».
Байқасаңыз үш биіктік.
Естайдың «Қорланы» мен «Сандуғашы» сияқты ән жаза алмай талай саңлақ арманда кетті. Ал Ербол Алшынбайдың өлеңдері де сандуғаштай болатынына кәміл сенемін!
«Әзелден басқа қонған құтым өлең
Менде бар сөз серісі іші кенен» деп жырлаған ақын да өзіне сенімді.
Ер-аға ішінде сөз серісі бар өлеңдеріңіз көп болсын!
