Естеріңізде болса, өткен сенбіде «Әдебиет порталы» «Замандас пікірі» атты жаңа айдар ашып отырғаны туралы жазған едік. Ол жолғы пікір, өз буынының алды болып, аға буынның да, кейінгі буынның да ықыласына бөленіп жүрген ақын, Ерлан Жүніс туралы болған еді. Болашақта әр аптаның аяғында жариялап отырсақ деген уәде бойынша бүгін де қазақтың арынды ақын ұлы, Жанат Жанқашұлының поэзиясы туралы замандастарының пікірін білдік. Егер біз жарияларған пікірлерге алып-қосарыңыз болса, мархабат… хат жолдаңыз.
Алдағы уақытта сіз туралы да замандастарыңыздың пікірін жариялап отырамыз. Сондықтан сын пікірге де, шын пікірге де дайын жүріңіз дегіміз келеді.

Метафизикалық өлең
Бөлмедегі орындыққа
Үнсіз келіп отырдым,
Мен Тән болсам Руһ әлемде соқырмын.
Менің жаным орындықтың нұрына кеп жайғасты,
Екі әлемнің арасында көрінбейтін көпірмін.
Бөлмедегі әрбір заттың үні менен нұры бар,
Ой ішінде дүние бұл бір қауызға сығылар.
Әу басында бұл орындық бір шебердің ойы ғана болатын,
Ойы затқа айналған соң Ұлы атанған Ұлылар.
Жаным менен ойым менің басқа әлем,
Тән дегенің Руһың үшін тас керең.
Өмір оймен өлшенгені дұрыс қой,
Бізде неге өлшенеді жаспенен?
Бұл өлеңге көзіменен қараған жөн соқырдың,
Орындықтың сәулесіне жаныммен кеп отырдым.
Тән дегенің ғарышкердің киіміндей қалып құр,
Мен жанмын, екі әлемнің ортасында көпірмін.
Мен де бәлкім затқа айналған Тәңірімнің ойымын,
(Құдайдың көп соғатыным содан шығар сойылын).
Бәлкім жерде менен басқа ештеңе де жоқ шығар,
Бәлкім бәрі ойымдағы алдамшы бір қойылым?
Өмір де бұл күдігі көп, көп және де секемі,
Жандар болса түбіне сол үрей мен ой жетеді.
Адам деген өз ойына тұншыққан соң өледі,
Өлгеннен соң ойға айналып кетеді…
***
Жұлдыздарды жұтып алып таңсəрім,
Көмейінен күн шығып...
Мен түнектің əуенінен шаршадым,
Айта алмайтын тұншығып.
Көлбақа да керіп салып əукесін,
Опера айтқан сиқы əні...
Қап-қара түн шолп-шолп еміп тау төсін,
Шымырлатты-ау құйқаны.
Ит кеміріп ақжем болған жіліктей,
Мыж-мыж мына өкшемен.
Сілекейінен сырғанақ тепкен сүліктей,
Бір із салам деп сенем.
Суретшідей көкті сипап қанаты,
Періштеден түскен əлем хат алса.
Үш жүз алпыс күндегі бір таң аты,
Не болады, есіміммен аталса?
Өлер еді қызғаныштан,
Біраз ақын қапалы.
...Кометасы мұздап ұшқан,
Олар түннің үмметіне жатады.
Ал мен таңмын!
Аң-таңмын мен бұларға,
Өлең-жырмен от өріп.
О, сорлылық,
Шыңға біткен шынарға,
Сарығысы келеді,
Қу сирағын көтеріп.
Жошының жұрты
Жошының жұрты – сен аспан секілдісің,
Күннің күркірін,
Бұлттың сіркірін өткерген,
Жошының жұрты – сен Жер секілдісің,
Зеңбіректердің зіркілін,
Тұяқтардың дүркірін көп көрген.
Сенің аспан болмысың,
Бұлтқа жұтылса да,
Күн тұтылса да – Аспан боп қалады,
Сенің Жер болмысың,
Құйын құтырса да,
Жұртыңды жұт ұрса да дастан боп қалады.
Жошының жұрты – сен мұхит секілдісің,
Ішкі ағысыңды жасырған,
Толқын боп тулап басылған.
Жошының жұрты – сен жанартау секілдісің,
Өзіңді өртеп, шашылған,
Оянған жаңа қара басқан ғасырдан.
Сенің Мұхит болмысың —
Сырыңды ешкім білмейді,
Тіліңді ешкім білмейді.
Сенің Жанартау болмысың —
Ұйықтап кетсең үстіңе кім мінбейді?
Оянсаң Күн гүлдейді.
Жошыны құлан тепкенде,
Батыйдан бақ кеткенде,
Жұртыңды жұт жұтқанда,
Тұлғаларыңды тұтқанда,
Сен Аспан құсап гүрілдемедің,
Жер құсап дірілдемедің,
Мұхит құсап сыр бермедің,
Жанартау едің,
Оянып үлгермедің.
Біз аспандай аңырайған жұртпыз,
Жердей қоңырайған жұртпыз.
Мұхиттай тынған жұртпыз,
Жанартаудай қалғыған ұлтпыз.
Жошының жұрты,
Аспан болмысыңмен күркіре,
Жер болмысыңмен сілкіле.
Мұхит болмысыңмен тасынып бір күре,
Жанартау болмысыңмен оян,
Көз ілгендей ілкіде.
Сен аспан секілдісің,
Тұнжырап ұзақ бұлттаған,
Сен жер секілдісің,
Төскейіңді жебір тесіп, құрттаған.
Сен Мұхит секілдісің,
Өзін-өзі жұта жаздап, жұтпаған,
Сен Жанартаусың.
Сыздауықтай әлі өзегі шықпаған.
Жошының жұрты – сен аспан секілдісің,
Күннің күркірін,
Бұлттың сіркірін өткерген,
Жошының жұрты – сен Жер секілдісің,
Зеңбіректердің зіркілін,
Тұяқтардың дүркірін көп көрген.
Сен Мұхит секілдісің,
Өз суына шөлдеген,
Көкке қарап кезерген, өз тереңін көрмеген.
Сен Жанартау секілдісің,
Ыза-кегің отқа айналып, мелдеген,
Оянарсың бір күні,
О, жанартау, шерлі өлең!
Жанат Жанқашұлы

Ақын Ербол Алшынбай
Тасқын
Жанат – туған өлкесіне апаратын қасқа жолды өзінің күретамырынан салған ақын. Оның жырларындағы адамды еріксіз атқа қондырардай андағайлаған алабайрақ рух, Кең дүниеге сыймаған қазақтың қайғысын көкірегіне құйған асқақ шер, кірпігіңе қылау қондыратын бедеу даланың мұңлы сарыны, бәрі қосылып келіп алапат тасқын болып өріледі. Содан кейін бөгеу бермес сол дүлей тасқын жаныңның әрбір ұсақ тамырын кеулеп, алдындағы бөгесін атаулыны бұзып, қара қуыс атаулыны жарып, шайып бара жатады. Оның жырын оқыған соң, жаңбыр күткен сары даланың нөсерден кейінгі төлежігеніндей бір барақат күй кешіп отырасың.
Мен жоғарыда тасқын жайлы тегіннен айтқан жоқпын. Құба бел мен құмар дала, ай астындағы ескі жұрт дүбірлі кезін сағынып, құлазып жатқалы қашан! Бұдырсыз беткейге қарап тұрып, құлайзисың. Осы баба күлдіктің көкірегін бітеген бодандықтың кірін, жүрегінде тот басқан кісені бар, бірақ, өзін еркінмін деп ойлайтын адамдардың құлпын ашатын бір тасқын бізге керек болғалы қашан?! Оман дарияның өзінің табанын тітіретіп, озалғы жұрттың жүрегін шайып өтетін сол тасқын келеді. Ешбір бөгеу оны тоса алмайды. Жанаттың жырында сол дүлей тасқынның демі бар.
Ол үнемі қозғалыста болғанды ұнатады. Өлеңі де, ойы да ешқашан енжарлыққа бой алдырмайды. Содан да болар, оның эксперименттері де көп. Теңеуі де тосын. Суреті де оқыс. Ол «жапырағы түскен сайын дірдектеген ағаштың» тілін түйсінеді. «Түнгі аспанның ауыр күрсініп, жұлдыздардың сүйектері сықырлағанын» естиді. «Әукесін керіп салып, опера айтқан көлбақаның» сазына елітеді. Бірақ, ол экспериментті айғайлатып жасамайды. Оның өлеңіндегі үзіліссіз ізденісті «Тәңір таңбасынан» «Ойтамғанға» дейін тұтас шарлаған адам ғана ұғар еді. Егер де ұға алмасаңыз, ол Жанаттың емес, сіздің кемшілігіңіз. Мүмкін қайта оқып көрерсіз.
Сөз соңында Жанаттың «Метафизикалық өлең» деген шағын ғана бір өлеңіне тоқтала кетейін.
«Бөлмедегі орындыққа
Үнсіз келіп отырдым,
Мен Тән болсам Руһ әлемде соқырмын.
Менің жаным орындықтың нұрына кеп жайғасты,
Екі әлемнің арасында көрінбейтін көпірмін», – дейді ол. Рух пен тән әлеміне поэтикалық қуатпен көпір болған ақынның бұл жыры Юнгтік архетипті еске салады. Адамның ішкі тұтастыққа жету жолындағы өз ішіндегі күресі осындай терең толғанысқа жеткізді. Шәкерімше айтсақ, бұл ұжданның қайта оянуы, рухтың тазаруы.
Жыр соңында ол «Адам деген өз ойына тұншыққан соң өледі, өлгеннен соң ойға айналып кетеді» деп түйеді. Бұл рухтың мәңгі айналысын, материя мен ойдың үздіксіз байланысын білдіреді.
Біз бұл жазбада, Жанаттың жырының рухы мен болмысын шолғандай болдық. Ал қалғаны, жақсыға құмар оқырманның өз еншісінде.

Ақын Мирас Асан
Жанаттың өлеңдерінен рухтың жұпары, даланың демі, шалдың иісі аңқып тұрады. Ойлы шумақтарды оқи жөнелгеніңде қырдың ащы жусаны бірден кеңсірігіңді жарып, сарайыңды да, санаңды да шайдай ашады.
Өлеңнің жалғыз миссиясы сол – шымыр шумақтар «шымырлап бойға жайылып», оқырманның түпсана-түйсігін түйреу ғой. Жанаттың отты жырлары осылай ойқастайды. Кей ақындар оқшау ойды қалың суреттің арасына қымтап, көркемдікке көп мән үстеп, көмескілеп тастайды. Сол сияқты кей шайырлар айтылар ойдың арнасын тым жалаңаштап, туынды тұспалын бетке ұрып, оқырманға «өлеңнің осы жерін одағайлап оқы» дегендей шығарманың сәтті шумағын танауыңа тықпалайды.
Ал енді Жанаттың жүрдек қаламы осы екеуінің арасынан жаңа жол тауып, көркем ойды көлегейлемей, жаңа ойды жалаңаштамай, бөлек бір бұрылыстармен жүрек қылыңды қозғап, санаңа сапарлайды.
Ол бәлкім «данышпан құмырсқа», я болмаса аяғының ұшымен қызмет қылып жүрген «даяшы маса», шайыр құсап жастық шағында балыққа келіп, өзеннің жарқабағында мәңгілікке қалғып кеткен «кәрі тал», бөрі тотемі, ат дүбірі, қымыз дәмі һәм тылсым кеңістік. Осының барлығы Жанаттың қуатты қаламына қызмет етеді. Жанаттың сәтсіз шыққан шумақтарының өзі мыжғыланған қағаз қалпында жұлдыз сорғалағандай қоқыс жәшігіне өлең боп ағады. Қандай сурет деп таңдай қағасың, қайран қаласың...
Репрессияның қанды кезеңі, аштықтың айтуға адам ауызы бармайтын үрейлі алапаты, хандық дәуірі, тәуелсіздік жылдары да Жанаттың жыр-жүрегінен өлең боп төгіледі.
Жанат жалпы, күрескер-ақын. Қай мағынасында да ақиқатты арашалап, әділетсіздікке қарсы майдан ашып тұрады. Өлеңде де, өмірде де болмысын құбылтпайды. «Ол менің жеке өмірім, сен шығармама ғана баға бер» деп еш сауалдан басын алып қашпайды.
Қалың даудың ортасына атойлап жалғыз кіре береді.
Өлеңде де солай. Дөкейлерге, бай-бағыландарға осы сөзім жақпай қалмасын деп тізгін тартпайды. Тіліп өтеді.
Жанаттың оқырмандары әр таптан, әр топтан жиылған. Бірі оның осындай жалаулы жырларын сүйеді, бірі пәлсапаға толы поэзиясына шөл қандырады, бірі суреткерлігіне сүйсініп, шығарма шуағына жанын жылытады.
Жалпы, Жанатты оқу қызық. Ең бастысы, бір сарынға салып алып, өлеңді де, оқырманды да мезі қылмайды.
Кейде ғылыми бір таңқаларлық жаңалықтың өзін қазаққа қара өлең формасында алып келеді. Бейнелеп айтқанда сол жаңалықты қазақ қылып жібереді, қазақтың мұңы, қазақтың тағдыры қылып жырға телиді.
Еріксіз езу тартасың, ризалық кейіппен қошемет қыласың.

Ақын Хамит Есаман
Кеңістігі көркем ақын!
Жанат Жаңқашұлы осы күнге дейін әдеби ортаға да, қара өлеңнің қадірін білетін қауымға да танылған ақын. Әдетте, танылу бір бөлек те, шынайы шығарма жазу бір басқа дүние. Қай кезде де шынайы шығарманың шындығы өлмейді.
Жанаттың жақсы өлеңдері баршылық. Алдында «Тәңір таңбасы» кітабын оқығанбыз. Ал, кейіннен ақынның өзіне де біршама абырой әкелген, бүгінгі қазақ өлеңінің де бір жетістігі саналатын «Көзімнен сүй, көбелек» өлеңдер топтамасының жөні де, жолы да басқа.
«Еһ, көбелек, кел маған, көзіме қон,
Өзім шерлі тарихпын, өзім өлең», - деп басталған кезден-ақ ұлттың тарихын айта отырып, трагедиясын да қоса жырлайды. Мұнда бос баяндау, құрғақ ұран, жосықсыз жоқтау деген сияқты нәрселер жоқ. Керісінше, нақты ой, ең бастысы - ұлттың өткенін сезіну бар. Шын мәнінде, ақын өзінің елінің, ұлтының өткенін саралап, болашағын бағдарлай алмаса болмайды.
«Шіркін ауыл, шіркін боран, пеш түбі,
Санамызда барады екен ескіріп.
Қалаға кеп қағып әппақ қырауын,
Естеліктер келіп тұрар кешкілік».
Бұл тек қана ауыл туралы өлең емес, ауылмен бірге кетіп бара жатқан қазақтың мінезі, болмысы туралы өлең. Себебі, қазір біздің мінезіміз де, болмысымыз да өзгеріп бара жатыр. Осы топтамада Жанат ұлы ақын туралы жазады. Шынында да ұлы ақын деген кім өзі десек, мұнда ақын былай дейді;
«Тәңір өзі сейілткен секеміңді,
Ойлап көрмеген жан едің жеке мұңды.
Олар қайдан білсін,
Сенің Құдайға ең жақын,
Ең тақуа әулие екеніңді».
Ақын туралы аңыз көп. Ақиқат та жетерлік. Ұлы ақын деген сөзді көбіміз жақсы көреміз. Бірақ, шын ақын, ұлы ақын деген Құдайға ең жақын, әулие болуы керек қой. Олай болмаса бәрі бекер сияқты. Бұл жерде діннің қатысы жоқ. Бірақ, ұлы ақындар өлгенде ешкім жыламайды. Өйткені, ешкім сағынбайды. Аталған топтамада біздің қоғамның біраз шындығы бар…

Ақын Мерей Қарт
«Қарқаралы,
Қазылық,
Шөккен нарым,
Қара орманым – тау киген шекпен қалың.
Басыңнан бұлт кетпеді мен қайтейін,
Ойымда ойнақ салып от пен жалын», – деп, туған елі жайында жырлаған Жанат Жаңқашұлының өлеңдерінде өзіне тән мінез бар. Орта буынға аяқ басқан ақын өлеңдерінде төл мәдениеттің аясында қалыптасқан өзіндік ұяңдық та бар.
Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші – ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Ақын өзінің төл этникалық ортасында, төл мәдениетінің аясында қалыптасса, ұлт құдіретін ұғынады. Бұл қасиеттер Жанаттың өз басында да, поэзиясында да көрініс табады. Жалпы Жанат замандасымыз өз қатарының арасында адами тұлға ретінде де, поэзия арнасында да шоқтығы ерекше тұлға деп айта аламыз. Оның лирикаларынан кейде асқақтықты, кейде кешірімшілдікті, кейде сағынышты, кейде азаттықты көреміз. Бұл ақынның поэзияда толып піскенін, сол арнада қайда бағыттаса да кез келген асуды алатынын көрсетеді. Өйткені, оған ортаның бәрі етене жақын, адамдардың бәрі бірге туған туысындай көрінеді. Бәрін өзіне жақын тартады. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады.
Ақын шығармашылығында елжандылыққа басымдық бар. Яғни, өз елінің, жерінің ұлтжанды азаматы. Өлеңдерінде өрмінезділігі мен ұлтжандылығын аңғарамыз. Қайсарлықты сезінеміз. Бұндай ақындардың жырлары халқына қуат, рухани болмыстарына қанат бітірері анық.
