Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Заманның мұңы - бар мұңым...

25.06.2020 4460

Заманның мұңы - бар мұңым 12+

Заманның мұңы - бар мұңым - adebiportal.kz

Бүгінгі ақындар патриоттық сарында жыр жазбайды, азаматтық лирикаға қалам тербегісі келмейді, жырлап жүргендері сол сарқылмас махаббат тақырыбы деп базына айтатын қауымға, ақын Толқын Қабылшаның толғанысынан әр жылдары туындаған топтамасын ұсынамыз.

Толқын Қабылша

***

Қазақ дейтін қасиетті қаныммен,
Қанша сырға қанықтым.
Ғасырлардың қойнауына үңіліп,
Ғаламатын жаңа ұқтым.
«Еңкейге еңкей»дейтін ұлтыммен
Дараланған халықпын.
Ел шетіне жау тигенде барласаң,
Алпамсадай алыппын.
Еңбек дейтін тәңір сүйген ісіммен,
Жаратқанға жағыппын.
Шүкірлік қып шаңырақтың шаттығын,
Шырағымды жағыппын.
Қыпша белді қынағанда үзілмес,
Қыл арқанды тағыппын.
Иманы мен ибасынан айырсаң,
Еңіреген ғаріппін.
Ұлтым дейтін ұландарым тұрғанда,
Мәңгі сөнбес жарықпын.

*****

Көкжиектен күн боп қолын созған нұр,
Құлагер боп керім сыннан озған жыр.
Қиянатты қара қылдай қақ жарып,
Мұңсыздарға салшы бүгін қозғау бір.

Қарғаларды қара жолда қалдырып,
Қырандарға қанат берген таңғы үміт.
Қандықолын қиып тастап қаскөйдің,
Қалың елге қуаныш бол мәңгілік.

Қара сөзді қалықтат та көгімнен,
Қасиет бол құзар шыңнан төгілген.
Қаламымды қозғар болсаң құдірет,
Қайғы –мұңның қабырғасы сөгілген.

Адастырмас ақ туындай өткелдің,
Алдаспандай көзі сенсің өткеннің.
Ары үшін жанын қиған ерлерден,
Аманат боп қазағыма жеткен мұң.

Қиылған сәт қара түннің семсері,
Құба жолда үмітім бол еңселі.
Құт дарыған қара өлеңі қазақтың,
Қасық қанмен қорғап өтем мен сені.

«Заманның мұңы - бар мұңым»

Жалаңаш қоғам келбетін,

Жасыра алмас шымылдық.

Жетім мұң кезсе жер бетін,

Жезөкшелері мұрындық.

Жартыкеш байдың бір күні,

Жалғанды телір жұмаққа.

Жарлының жарым тірлігі,

Жанпида үні құлақта.

Жесірі желпіп етегін,

Желменен желкен ашылып.

Жан емес тәнде жетегің,

Жарымес нәпсі бас ұрып.

Жаутаңдап көзі мұңлықтар,

Жетімек тағдыр құн сұрар.

Жасыра алмас шындыққа,

Жалғыздық дейтін сыншы бар.

Жазмыш па осы ,жарық күн?!

Заманның мұңы -бар мұңым.

Жансауға сұрап жалықтым,

Жахандануда тағдырым.

Жырақта, желдің өтінде,

Жаратқанына сиынып.

Жаяды үнсіз саусағын,

Жансебіл болған бір үміт.

Толғаныс

Жөңкіліп бұлттай көшкен мың,
Жаныммен жалғыз кешкем мұң.
Жап-жарық жұлдыз ғаламнан,
Жарқ етіп жерге түскен күн.
Ойлы боп туып анамнан,

Ойсыздың күйін кешкенмін.

Қасірет құшып зіл батпан,
Қоңырқай жүзін күн қаққан.
Қауқарсыз қара шал сынды,
Қасиетсізге тіл қатқан.
Халін көр қайран жұртымның,
Қамкөңіл болған құндақтан.

Қаныммен қорғап қамал мың.
Қайғыға қанша қамалдым.
Қасиетім мен қаупім тұр,
Қарашығында жанардың.
Қадірі қойдай халқым жүр,
Қасқырға іздеп амал мың.

Бұлдыр да бұлдыр күн кешкен,
Баласы бұлтпен тілдескен.
Бақырға қиып байлығын,
Бақытқа қолдан құн кескен,
Ғайыптай ұшқыр заман бұл,
Ғаламторменен үндескен.

Түлкі боп қашқан заман-мұң,
Тазы боп қуған адам –мың.
Тірлігі үшін түн қатқан,
Тағдырға сансыз алаңмын.
Теңіздей жаным тасынып,
Толасссыз ойға қамалдым.

Киесі ұшып даламның,
Қуаты кеміп қаламның,
Қара сөз болды қадірсіз,
Каражат қуып алаңмын.
Аңқасы кеуіп, жыр жатыр
Аманатындай анамның,
Міз бақпай, мінсіз қоғам тұр,
Тауқыметіммен алаңмын.

Қалайша амал табармын?
Қалайша амал табармын?

******

Жер мен Көктей таныдым ба алыпты?
Кеудемдегі сүйемін бе жарықты?

Ізгілікте бар ма менің үлесім?
Кім жеңеді кереғарлық күресін?

Күллі әлем алақандай ап-анық,
Күллі жанар бір нүктеге қадалып,

Күрсінеді ғалам іштен тынғандай,
Күнтізбеден күліп шығар күн қандай?

Көзді арбаған бақ па, сор ма, маңызды?
Жаратақаным тіл қататын тәрізді.

Жер бетіне жетпей бәлкім, мейірім?
Сынап жатыр адамзаттың пейілін.

Күбірлейді жахан үні құлақта,
Күмілжіген жан менен тән сынақта.

Күллі әлемді қауызына сыйдырып,
Батқан күнді базынасыз сый қылып,

Бір тамшыдан мына мені жаратқан,
Құдіретпен сәтім көп пе санасқан?

Аспан үнсіз тағылымын төккенде,
Шұғыласы маңдайымнан өбкенде,

Өтедім бе жер ананың қарызын?
Өтедім бе адамзаттың парызын?

Қарашыққа үміт жасын тұндырып,
Көлбеңдейді ғұмыр дейтін құндылық.

-Жер ананың сақтай гөр,- деп бесігін,
Тәңірімнен сұрап тұрмын кешірім...

Етпегей енді асылық!

Қанатын қақса,
Қазақтың қайсар құстары,
Күдік туғызбас шыңдарды көздеп ұшқаны.
Қас пенен көздің арасы сынды қашықтық,
Құладүздер мен құбабелдерді құшқаным.

Қас-қағым сәтте,
Қаракөз үміт ақталып.
Құлагер аттай қадамдар бастық шаққа нық.
Көре алмағанның қаскөй ниеті көкке ұшып,
Қылкөпірлерден қаперсіз өттік, бақ дарып.

Аманатымды
Алатаңдардан арқалап.
Аласұрғанда, ақиқат тұрды анталап.
Азаншы сынды ах ұрып айтқан арманның,
Айна қатесіз куәсі мына шартарап.

Тәуелсіз елдің,
Тарихы тасқа басылып.
Танымағандар, таңдайын қақты бас ұрып.
Тұяғы бүтін тұлпардың тілеп саулығын
Тәубе дескендер ,етпегей енді асылық!

****

Туған халқым!

Саған айтам барлығын,

Сен арқылы өлшенеді ар-мұңым.

Сен жасысаң,мендік жүрек уанбас,

Сенімен ортақ менің тағдырым.

Қара түгілі ханға да өзің төреші,

Мерген де өзің дөп тиетін жебесі.

«Қазақ» дейтін қазыналы ұлтымның,

Ұлан-байтақ мекенінің егесі.

Жалындасам,сендік отпен жаныппын,

Сәулесімін сен ұсынған жарықтың.

Аяласаң алпамсадай алыппын,

Елемесең, еңіреген ғаріппін.

Сен қуансаң, мен де қалам марқайып,

Дұшпаныма дес бермеймін шалқайып.

Сендегі ұлы тыныштықтың арқасы,

Кең төсіңде дамылдасам, шалқайып.

Анам да өзің,

Ақын туған арқалы,

Ақынға ел қашанда үміт артады.

Анам артқан аманатым тұрғанда,

Кешірілмес кеңге салу арқаны.

Аманат

Азаттық аңсап ақ таңнан,
Ах ұрып жеткен аманат.
Өтінде желдің сақталғам,
Өткенге енді салауат!

Талай да талай от кештік,
Тәу етіп тұрып жалғанға .
Тәңірдің өзін жоқ дестік,
Тағдырым басқа салғанда.

Тақсіретінде зар-мұңның,
Таптаурын болып басылып.
Тастүлектейін сан ұлдың,
Сүйегі қалды шашылып.

Тартса да талай тауқымет,
Тарихтың ұлы көшінде.
Тағдырым менің жаужүрек,
Тұлпар боп шапқан төсіңде.

Тәу етем бүгін Тәңірге,
Тәуелсіздігім- байлығым!
Тәубесін айтқан өңірге,
Төгеді күн мен ай нұрын.

Көк жүзін құшып, қалықтап,
Қыран боп қанша самғадым.
Құдірет құйған қалып па?
Қанағатымнан танбадым .

Бойтұмарымдай туған тіл,
Баянды бақтың өлшемі
Болсыншы дәйім туған ел,
Егемендігің еңселі!

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар