Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Жаңа ғасырдағы әдебиет көңіліңізден шыға ма?...

Жаңа ғасырдағы әдебиет көңіліңізден шыға ма?

09.02.2026

3826

Жаңа ғасырдағы әдебиет көңіліңізден шыға ма? - adebiportal.kz

Әдеби үдерістің табиғатына үңілсек, әр он-он бес жыл сайын әдебиетке жаңа буынның келіп отыруы – қалыптасқан заңдылық. Қазақтың жазба әдебиеті тарихи өлшеммен алғанда жас болғанымен, алдыңғы толқынның кейінгі буынға көз қырын салып, шығармашылық бағыт-бағдарын бағалап, тіпті рухани бата беріп отыру дәстүрі бар еді.

Осы тұрғыда Мұхтар Әуезовтің өзінен кейін жас қаламгерлер қалыптасып келе жатқан тұста жазған әйгілі «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» атты мақаласы – бір буынға берілген тарихи баға ғана емес, әдеби сабақтастықтың айқын көрінісі болатын. Кейін жеке қаламгерлерге қатысты пікірлер айтылғанымен, тұтас бір толқынға дәл сондай салмақты баға берілген сәттер сирек ұшырасты.

Тәуелсіздік кезеңінде бұл дәстүрге ақын Темірхан Медетбек қайта оралып, егемендікпен бірге келген қаламгерлерді «Алтын көпірліктер» деп атап, әдебиет тарихында өзіндік орны бар тұжырым ұсынды. Содан бері де отыз бес жылға жуық уақыт өтті.

Ал 2000 жылдан кейін қазақ әдебиетіне бірнеше буын келіп үлгерді. Сол кезеңде әдебиетке қадам басқан қаламгерлердің алды бүгінде қырықтың қырқасына шықты, елуге таяғандары да бар. Алайда осы жаңа ғасырда қалыптасқан тұтас әдеби буынға қатысты ортақ баға, жүйелі пайым әлі де айтыла қойған жоқ. Ал «жаңа буын» ұғымы –тек жас ерекшелігі емес, ол жаңа ой, жаңа эстетика, жаңа көркемдік таным, тіпті кей жағдайда жаңа әдеби құбылыс деген сөз.

Осы орайда төмендегі сауалдар төңірегінде пікір білдірсеңіз:

         1.      2000 жылдан кейін әдебиетке келген буынның шығармашылық келбеті Сіздің көңіліңізден шыға ма? Жалпы жаңа ғасырдағы әдеби үдеріске көзқарасыңыз қандай?

         2.      Бүгінгі қоғам қандай әдебиетке зәру деп ойлайсыз? Қазіргі заманның рухани сұранысына жауап беретін әдебиет қандай болуы керек?

         3.      Сіздің пайымыңызша, бүгінге дейін жеткілікті деңгейде бағаланбай келе жатқан қаламгер немесе шығарма бар ма? Егер бар болса, атап өтсеңіз.

         4.      Жастар әдебиетіне қатысты аға буынның ең басты ескертуі немесе ақ тілегі қандай болуға тиіс деп ойлайсыз?                                                   

Ақын Мейірхан АҚДӘУЛЕТ

1. Жаңа дәуірдің басталғанына да ширек ғасыр өтті. Бұл аз уақыт емес. Қазақ ақын-жазушыларының дәл осы дәуір ішінде ұлттық әдебиетті түгелдей түлетіп жіберуі де... немесе жалпы әдеби деңгейді — өзіміздің қазақы деңгейді! — құлдыратып алуы да әбден мүмкін еді. Шүкір, мұндай ұшқарылықтан аманбыз. Әдебиет күллі әлемді таңғалдыра қоймағанымен, мықтап жаңарды, жаңғырды, тіпті, едәуір көркейе түсті. Негізгі себеп — біз, жазушылар, бұрынғы ұрпақтардың түсіне де кірмеген еркіндікке — ойлаудың, шынайы сезінудің, түйсіну мен түсіне білудің адами еркіндігіне жеттік, қым-қуыт дүниенің сырын қапысыз көре, сезе, түйсіне алатын деңгейге көтерілдік.

Өткен дәуірді қанша мақтағанымызбен, біздің халықтың үздіксіз тексіздене келіп, құлақкесті құлға айналып кетуіне көп уақыт қалған жоқ еді. Енді бір елу жылда, сол күйімізде қала бергенімізде, біл-дағы қарынның тоқтығына, қоржынның молдығына мәз дүбаралардың қатарына қосылар едік. Құдіреті күшті тәңір бізге ұлы мүмкіндіктер сайлады – еркіндік пен қуат берді. Сол еркіндік пен қуатты қай салада болса да, қалдықсыз жұмсаудың мүмкіндігін берді. Біздің ұлы әдебиетіміз бұл кезеңнен бұрын да, заманның ауыр кезеңдерінде де қиыншылықтың бәрін көтере жүріп, қорлық пен азаптың талай түрін көре жүріп қазір өзіміз арқа сүйейтін тамаша шығармалар тудырды, халықтың есін еселеп жиғызды. Бұл үшін бұрынғы ақын-жазушыларымызды, әдебиет үшін жан салып күрескен айтулы ғалымдарымызды біз кие тұтуға тиіспіз. Жол сонда ғана үзілмейді, әдебиет тек сол арқылы ғана үздіксіз көркейе береді.

Аллаға шүкір, көне жол, ескі сүрлеу үздіксіз жаңарып, көркейіп, көркемделіп келеді. Мүмкін, басым көпшілігін бергі буындардың өкілдеренің бірсыпырасын атасам, солардың өздері-ақ тұтас үдеріс болып шығатын шығар. Қалғандары ренжімесін, есіме қапелімде түскені ғана: прозашылар Есболат Айдабосын, Әлихан Жақсылық, Қанат Әбілқайыр, Жадыра Шамұратова, Серік Сағынтай... ақындар Азамат Тасқара, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Ақберен Елгезек... мүмкін үдерісті іздеп те қажеті жоқ шығар – жаңғырған әдебиет іріктелгенде ғана, уақыт өте келе мықтыларды жұрт  мақтар...

2. Бәріне және үнемі зәру заманда рухани сұраныс жоқ, тек руханияттың, әдебиеттің осалдау тұстары болуы мүмкін. Ол өз-өзінен толығатын нәрсе, тек әдебиеттің қадірі төмендемеуге тиіс. Әдебиеттің оқырманының деңгейі күн санап, жыл санап өсе берсе, жазарман азайып, жазушы көбейеді. Қазіргі әдебиетте кейде ұсақтық, бәкенелік көбейіп кеткендей көрінеді. Есесіне ... есті әдебиет бар ғой.

3. Шығармашылық адамы дұрыс жазса, ерте ме, кеш пе, түбі бағаланады. Әрине, кешікпегені дұрыс. Бәрібір нағыз әдебиет түптің түбінде, ғасыр өтсе де, бағасын алады. Ол үшін есті, білімді де білікті сыншы, әдебиетші-ғалым қауым көбеюі керек.

4. Әдебиет деген «есі дұрыс еместеу» адамдар ғана айналысатын жұмыс. Шамаң келмесе, өзге саланың қай-қайсысы да адамды биікке көтере алады. Осыны болашақ данышпандар ұмытпаса екен...

Жазушы Қуаныш ЖИЕНБАЙ

1. 2000-жылдан кейін әдебиетке келген жастарға көңіліңіз тола ма? -- дейсіз. Жылдармен өлшегенде бұл менің түсінігімше көл-көсір уақыт. Бірақ жақсы шығарманың өмірге келуі – уақыт шеңберіне бағынбайтын құбылыс. Әдебиетіміздің классигі Ә. Нұрпейісовтің бір шығармасына табандаған жиырма-отыз жылын арнағандығын түрлі басылымдардан оқып жүрміз ғой. Ал М. Мағауиннің сәті түскенде бір әңгімесін бір түнде ұйықтамай отырып жазып тастайтындығын да білетінбіз, оны сан-түрлі сұхбаттарында өзі де жеріне жеткізіп айтқан-ды. Сондықтан шығарманың дүниеге келуі – «мидың мың градустық домнасында пісіп-жетілген» идеяның жемісіне тікелей байланысты. Сосын көңіл-күйді, шабытты, өзіңіз сезінген дүниетанымды қосыңыз. Абай данышпан айтпақшы, «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң, айтпа сөз!..» Отыра қалып, бір дүние жазып тастайыншы деп, бекерге тыраштанудың қажеті шамалы. Және өзім байқаған әрі шығармашыл пенделерге керек-ау деген мына әдемі әсерді де тілге тиек ете кетейін, тамсандыратындай тың дүние оқысаң, өзіңнің ой-орманың да астаң-кестең күйге түсетіні анық. Бұл – түкке керегі жоқ қызғаныш емес, өзіңді-өзің қамшылау, қайрау,  керек десеңіз, «мен неге сондай дүниені жаза алмағанмын» дейтін шын мағынасындағы «уәйім».  Осы күндері ауыздан - ауызға көшіп жүретін Мо Яныңыздың: «Фолкнерді оқығаннан кейін, шырт ұйқыдан шошып оянғандай болдым...» дейтіні бар. Ал ойсыз жазылған шығарма өткінші жауын секілді әсері болмайды, әрі тез ұмытылады.

Ақылгөйсіп кеттім білем, қысқартайын. Жаңа ғасырымыздың басында, не онан кейін  жазылған дүниелерді түгелге жуық оқыдым, қарап шықтық деп өтірік айта алмаймын. Қазір күн сайын өтіп тұратын және  «бауырым, ақылшы ағам, ұстазым едіңіз...» деп, әрбір сөзі жүрегіңді елжірететіндей шақыртуы бар  «тұсау кесерлерден» амалын тауып, қашып құтылуға айналдық. Көп, соған қарағанда кітаптардың дүниеге келу жағына көңілің тояттайды. Ал оқылу жағы ше? Жиырма миллионнан астам халқымыздың қаншасы кітап оқиды десе, бірден жауап бере алмас ем.

Осы уақыт аралығында түгел болмаса да, көзге түскен дүниелерін қалт жібермей оқып шығуыма итермелейтін «мына толқынның» аты-жөндерін  атайын. Олар: Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай (қаламдары қатайғандықтан, бұларды жас деп айдар тағуымыз орынды болмас). Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Бақыткүл Сәрмек, Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахмет,  Өміржан Әбдіхалықұлы, Дүйсенәлі Әлімақын, Абай Аймағамбет, Әлібек Байбол, Жадыра Шамұратова, Бағашар Тұрсынбайұлы, Бегебат Ұзақов... Еске түспей, аты аталмағандар жасы келген бізге өкпелей қоймас. Қуатпен анда-санда хабарласып тұрамын. Қанат пен Бақыткүл қарындасымның туындыларымен сонау «Шабыттан» таныспын. Өміржан інімнің ілгеріде «Құдай» дейтін алақандай әңгімесін оқып, өзіне ризашылығымды білдіргенмін. Жадыраның әңгімелері ұнайды, ешкімге ұқсағысы келмейді, өзінше жазуға тырысады. Дүйсенәлінің аудармаларын, мақалаларын оқып тұрамын. Бағашар мен Бегебаттың  әдеби сындары мірдің оғындай, Абай жақында «Толқынды күткен бала» дейтін кітабын әкеліп берді. Тақырып ортақ, Арал тағдыры болған  соң, қадалып оқып жатырмын. Сөз саптауы, эпизодтарды жарқыратын беруі ойдан шықты.

Қазір қаламгерлер баяғы «кірпіш кітаптардан» аяқтарын тарта бастады. Аз сөзбен көп ойды аңғартуға машықтану, шұбалаңқы құрмалас сөйлемдерді орнысыз тықпаламай, етікшіге де, министрге де түсінікті етіп жазу – тенденциясы  біртіндеп күнтәртібіне еніп келеді. (Өкініштісі – біздің министрлердің кітап оқулары қиын-ау!..)

2. Заман біз бұрын-соңды көріп-білмеген таңғажайып құбылысқа толы. Бүгін адамзаттың таңдайын қақтырған және тосын деп, атақ-даңқын аспандатқан жаңалығыңыз, келесі күні  жаңалық болудан қалады, дұрысы-ескіреді. Оған ешкім мойын бұрып жатпайды. Ақыл-есіңіз, құлағыңыз сіздің айтқаныңызға бағынбай, дереу басқа ендіктер мен бойлықтарға, басқа бағыттарға бұрылып кетеді. Қарамауға шама келтірмейді. Жасанды интеллект,  интернет, елді толықтай цифрландыру – терминдері біздің еркімізден тыс ой-санамызға «қоныстана» бастады. Әлем – апың-гүпің, жақсы жақтары мен кесепатты кеселдерін ажыратуға да бір арба жан керек. Ғылыми-технология жетістіктері дүние жүзіне өз үстемдігін «жерсіндіріп» үлгерді. Роботтар роман жазуға көшті. Илон Масктың мәшинелері мен мотоциклдері аспанда «ұшып» жүр. Ай планетасына әлдекімдер «қонақ үй» құрлысын салуға кірісті. Және оған «қоныстанғысы келетіндер осы қазірден тапсырыс берсін» дейтін айқұлақтанған жарнамалардан көз сүрінеді.

Біздің елімізде де күн сайын өмірімізге дем беретін қанатты реформалар тіршілігімізге тынымсыз қан жүргізеді. Ал қаламгер осы түбірлі және тұс-тұстан «қабырғаны сыға бастаған» күрделі өзгерістер ішінен өзіне лайықты әрі шамасы келетін оңтайлы тақырыптарды шатыспай таңдай ала ма? Дәлірегі – оқырманға ой салатын, ұлтымыздың келешегіне иненің жасуындай болса да ықпал ететін, яғни бүгінгі күннің қажетіне керекті шығармаларды майдан қыл суырғандай ептілікпен жаза ала ма? Адам психологиясындағы бұрқ-сарқ еткен арпалысты сезімдерді әлгі біз айтқан «реформалардың» арасына кірістіре ала ма,  кірістіре алса ол қандай шеберлік пен әрі қандай алымдылық пен шалымдылықтың арқасында жүзеге асады?  Міне, мәселенің ауырлық нүктесі! Сұрақ ұшан-теңіз. Ендігі жерде қоғам да елдің жарақаттарын жамауға тырысқан мойны озық шығармалар болмаса, мың жерден алтынмен апталып, күміспен күптелсе де, көп «шедеврлерді» қабылдай бермейді...

3. Ойымда бір қаламгер ағамыздың шығармашылық әлеуеті бағаланбай, айтылмай қалды-ау деп күдіктенемін. Ол талантты жазушыларымыздың бірі --  Мұқадес Есламғалиұлы ағамыз еді.  «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш», «Әйтеке би» кітаптары оқырман есінде болар. Көп ізденетін, романдары да, көркем әңгімелері де сыншылардың назарына көп ілікпеді-ау...

4. Жас жазушыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық ауыз толып айтарлықтай. Түрлі-түрлі орайлы сыйлық-марапаттарды айтпағанда, былтыр «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» сериясымен, Жазушылар одағының қолдауымен қатты мұқабамен басылып шыққан жиырмадан астам жас қаламгерлердің кітаптарына қызыға да, қызғана да қарадым. Оның тұсаукесері Астанада өтті. Ондай жаста біз мұндай қамқорлықтың  жұқанасын да көрмеген едік.

Жас «сайыпқырандарға» не деп тілек айтуға болады? Жақсы шығарма жазуға жағдай да, мүмкіндік те туып отыр. Тек бүгін қағазға түскен дүниені ертең баспаға ала жүгіретін асығыстықтан аман болса игі!..

Жазушы-драматург Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

1. Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегі адамзаттың рухани азығы – әдебиет әлеміне соны сілкіністер мен жаңа мүмкіндіктер ала келгені даусыз ақиқат. Көркем әдебиеттің тақырып аясы  мейлінше кеңи түсті. Ойды шұңғып, тұңғиықтап айту мен идеялық  шыңырау тереңдік бірінші кезекке шықты. Адам мінезін жан-жақты ашу мен әдеби кейіпкер ретінде сомдауда мүлде бөлек ұстаным туындады, «жағымды-жағымсыз образ» деген ұғым ескірді. Ең бастысы – көркем әдебиетте «салмақты тақырыптар»  мен «қиын тәсілдерге» мойын бұру молынан байқалды. Оның, әлбетте, бірнеше себептері бар. Бірінші себеп – әлемде  кісі ойына келмеген таң қаларлық бетбұрыстар, оның ішінде шұғыл өзгерістер мен қат-қабат шиеленістер пайда болды. Екінші себеп – ғылым мен техниканың  жылдам дамуы мен ЖИ-дың өмірімізге бойлап енуі. Бұлардан басқа да толып жатқан  өмір сүруге әсерін тигізбей қоймайтын түрлі  иірімдердің куәсі болуға тура келгендіктен, қалам ұстаған ағайындардың ойлау жүйесінде де елеулі өзгерістер өрнек салды. Соның себебінен, көркем әдебиеттің  «теориялық түзілімі», нақтыласақ, бағыт-бағдары, оқиға өрбітуі, жазылуы, баяндалуы, образ сомдауы, т.б. жағдайларда мүлде бөлек сонылық сипат белең алғанын аңғару  қиын емес.

Ал, сол жаһандық әдебиеттің бір тармағы есепті қазақ әдебиетінде де жаңа, тосын көркемдік пайымдауларға жол ашқан – әлемде басталып кеткен үдерістер мен үрдістер ғана емес, сонымен бірге еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі мен «жоғары жақтың» қысымынан  біржола  басазат болып, аяқтағы кісеннен ажырап, құтылып шығуы еді. Қаламын еркін сілтеуге мүмкіндік алғаны еді.

Міне, осындай объективті себептер жиырма бірінші ғасыр басындағы «жаңа дәуір  әдебиетіне» тікелей өз «үлесін» қосқанын анықтап айтуға тиіспіз. Соның нәтижесінде, қазақ қаламгерлері, әсіресе жас буын, жаңа ізденістерге түрен салды, әртүрлі әдіс-тәсілдерге баруға тәуекел етті. Прозада болсын, поэзияда болсын, драматургияда болсын – формалық, жанрлық ізденістер біршама деңгейде көрінді дей аламыз. Бұл – құптарлық құбылыс. Алайда, олардың  сәтті-сәтсіз шығуы өз алдына бөлек әңгіме.

2. Бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан оқырман кешегі Кеңестік кезеңдегі «жұмысшы табы», «шаруа образы» деген секілді қасаң талап қою арқылы жазылатын кітаптардан бойын аулақ салды, жаңаша жазылған шығармаларға сусап отырғаны байқалды. Көркем дүние – ең алдымен адам жанының терең қатпарлары мен ішкі иірімдерін зерттеп, оның құпия-қалтарыстарын ашып көрсетуді басты нысана етуін қалайтыны анық сезілді. Қысқасы, әр адам көркем шығармадан өзін іздеді, өз болмысын көруге ынтықты, жеке  басындағы «текетірес ойларға» жауап тапқысы келді. Міне, осы себепті жаңа шығармаларға қойылатын талап та күрт күшейді. Жеңіл-желпі, сыдырта жазылған дүниелер оқылмайтын халге жетті немесе бағаланбады. Әсіресе: 1.Тарихи тақырыпта жазылған кітаптардан тарихи қасаң деректерді емес, сол тарихи кезеңдегі жеке тұлғалардың  «қанды әрекетіне» қаныға отырып, оның жан әлемінің құпиясы мен буырқанған сана бұлқынысын танып-білгісі келді; 2. Әбден жауыр болған, бір-бірін қайталайтын жаттанды тақырыптарды (алдамшы махаббат, ажырасу, баланы жетімсірету, т.б.) өзек еткен шығармалар оқылмады, есесіне ешкімнің ойына келе бермейтін, санаңды сан-саққа жүгіртер соны шиеленістерге құрылған дүниелерге қызығушылық артты; 3.Өте көлемді көркем дүниелер (мысалы, 500-беттен асатын романдар) оқылмайтын болды, есесіне шағын да ықшам романдар, повестерге сұраныс арта түскені анық байқалды; 4.Детектив, фэнтези, әфсана, т.б. секілді «таңсық тақырыптарға» бейім қаламгерлер (аз да болса) тобы жасақталды, алайда олардың жазбаларында көбіне жалаң оқиға қуалаушылық басым болды,  сосын да оқырмандары терең ой айта отырып, сананы «сүзгілейтін» кітаптар іздей бастады. 

Міне, осындай теориялық һәм практикалық талап шеңберінде сөйлер болсақ,  әрине, соңғы 25 жылда таңдай қағып, таң қаларлық көркем дүниелер  молынан жазылды дей алмаспыз. Мәселе - жаңашылдықта! Ешкімді қайталамауда! Жаңаша ой түюде! Сөйтіп, өзіндік әдеби бағыт қалыптастыруда! Ал, ол – екінің бірінің қолынан келе берер ме? 

3. Соңғы 25 жылда қазақ қаламгерлері, үлкені бар, жасы бар, біршама көңіл аударуға тұрарлық көркем туындылар тудыра алғанына менің шүбәм жоқ. Поэзия алға шықты. Маралтай бастаған мықты-мықты ақындар келді әдебиетке. Проза да қалыса қоймаған сыңайлы. Нұржан Қуантайұлының  соңынан ілескен прозашы інілерім қысқа да ойлы, жақсы романдар, повестер, әңгімелер топтамасы туғызды, туғызып та жатыр. Драматургия саласы да, салыстырмалы түрде алып қарағанда, көп ілгеріледі. Аға буынмен қабат  кейінгі толқын арасында да шалымды драматургтер пайда болды. Сол алғырлар тобының басында Думан Рамазан інім тұрғандай. Ашығын айту керек, проза мен поэзия өмірге «есесін» жіберіп жатпағанына сенімдімін, ал ескерусіздеу қалып жатса, ол – осы драматургия. Өйткені, драмалық шығарманы  қашан сахнаға шығып, көрерменге жеткенше толыққанды көркем дүние деп қабылдау, өкінішке орай, дәстүрімізге енбеген. Сол себепті де мен өз басым көптеген «пысықтығы» жетпей жатқан драматургтердің «қоржынында» жап-жақсы пьесалар сүрленіп жатқанын іштей сеземін. Бұл жерде театр ұжымы мен режиссерлердің байқампаздығы мен ортақ мақсатқа деген ұмтылысы өте қажет. 

4. Жастар – жаңа күш! Соны екпін! Мағжан айтпақшы, біз де жастарға сенеміз, үмітімізді үкілейміз әрине. Жас буын қаламгерлер батыл ізденістерге барғаны және кез келген тақырыпта сескенбей жазғаны өте-мөте керек, үнемі жаңалыққа деген ұмтылысы болғаны мақұл. Шын ізденіс қана соны дүниелерді, кесек туындыларды тудыратыны шындық. Бірақ, жаңалық іздеудің жолы сол екен деп, «абстракция аулында» адасып, «измдермен» шатасып, тым шектен шығып, оқырманнан алшақтап кетпегенін қалар едік. Қайталап айтамын, көркем әдебиет әлемінде эксперимент деген керек-ақ, алайда оны да «он өлшеп барып, бір рет кескен» дұрыс. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan