Көктемнің жаңбырлы кеші. Терезеге тырсылдап тамған әр тамшы бөлме ішіндегі жалғыздықты одан сайын тереңдете түскендей. Айсәуле төсегінің шетінде үнсіз отыр. Қараңғы бөлмеде тек телефонның көгілдір жарығы ғана қыздың жанарына жарқырай төгіліп, көк түс қыздың мұңлы жүзін одан сайын солғын мұңға бояп тастағандай.
Оның өмірі соңғы уақытта осы екі елі қара шынының ар жағына көшіп кеткен. Таң атқаннан түн ауғанша, әлеуметтік желіні ақтарады. Ондағы өмір қандай сұлу! Біреу мұхит асып жүр, біреу гүл құшақтап мәз, бәрі бақытты, бәрі мінсіз. Айсәуле де солардан қалғысы келмейді. Әлеуметтік желіге бір сурет жүктеу үшін жарты күнін сарп етеді. Сүзгілерді қосады, жүзін өңдейді.
Бірақ ол бір нәрсені аңғарған жоқ еді. Ол экранның ар жағында өзінің «Екінші менін» - мінсіз, сұлу, еш уайымсыз жаратып жатқан болатын. Жылдар бойы әрбір лүпіл, әрбір мақтау сөз сол виртуалды қызды қоректендіріп келді. Желідегі Айсәуле күннен-күнге толысып, ажарланып, нағыз тірі адамға айнала бастады. Ал бөлмедегі ет пен сүйектен жаралған нағыз Айсәуле ше? Ол керісінше, сол «жылтырақ бейнені» асырау үшін бүкіл уақытын, қуатын, маңдай тері мен көз майын сарп ететін, күннен-күнге солып бара жатқан көлеңкеге айналып кеткен еді. Ол өзі жаратқан сиқырдың құлы еді.
Шырқау шегі ас үстінде басталды. Әкесі қызының үңірейген жанарына, аппақ қудай қуарған жүзіне қарап отырып:
- Қызым, шаршап жүрген жоқсың ба? - деді қоңыр дауысымен.
Айсәуле селт етті. Тіл қата алмады. Себебі ол шынымен де өліп бара жатқандай еді. Оның бүкіл өмірлік энергиясын анау телефонның ішіндегі «мінсіз Айсәуле» сорып тауысқан болатын. Жуынатын бөлмеге барып, бетін мұздай сумен жуды. Айнаға қадалды. Айнадан оған беті шүңірейген, көз асты қарайған, тірі өліктей бір бейшара қыз қарап тұрды. Ол бірден телефонын қосып, желідегі парақшасын ашты. Ондағы Айсәуле болса – аппақ тістері жарқырап, жүзінен нұр ойнап, мына шынайы өмірдегі иесіне келемеж қыла қарап тұрғандай сезінді. Желідегі бейне тірі, өзі өлі еді.
Қорқыныш буды. Қыз бөлмесіне жүгіріп кіріп, терезені айқара ашты. Сырттан жаңбыр себелеп өткен топырақтың, шынайы даланың аңсарлы иісі лап қойды. Сонда ғана ол бұл жалған жарыстың соңы немен бітетінін ұқты. Адамдар желіде бай, сұлу, танымал болған сайын, шынайы өмірде мүлдем жойылып, жалғыз қалады екен!
Айсәуле шешім қабылдады. Ол парақшасындағы «Өшіру» батырмасын басты. Сол сәтте... телефон экраны секундқа безілдеп, дірілдеп барып, тас қараңғы болып сөнді. Бөлме іші бір сәтте кеңіп, ауа тазарғандай болды.
Бірақ тура сол сәтте, тырс еткен дыбыс шықты. Айсәуле сескеніп, үстел үстінде жатқан қара шыныға қарады. Телефонның өшіп қалған, тас қараңғы экранының ар жағынан... әлдебір саусақтардың шыныны іштен дірілдетіп, тырнап жатқан дыбысы анық естілді. Экранның арғы жағында қалып қойған, торға қамалған «мінсіз сұлу» сыртқа шыққысы келіп, тұншығып жатқандай еді...
Айсәуле түршігіп, артқа шегінді де, бетін басып жылап жіберді. Бұл қорқыныштың емес, Көлеңкеден азат болған шынайы жанның тірілу көз жасы еді.
