Мо Янь. Жылқы туралы қазақтардай жаза алмаспын

141

Мо Янь. Жылқы туралы қазақтардай жаза алмаспын - adebiportal.kz

23 маусым күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында атақты қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесу өткен болтатын.

Жазушылар, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар жиналған кездесудің тізгінін ҚР Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов мырза ұстап, бүгінгі іс-шараның мән-жайын таныстырып өтті:

- Мо Янь шығармашылығы Қазақстанға өте танымал. Орыс аудармашыларының орыс баспасының арқасында бұл кісінің романдарының бәрін қазақтар оқыды деп есептейміз. Кейін қытай тілін білетін біздің қазақ аудармашылары да бұл кісінің бірнеше романын аударды және өте жақсы аударды. Біздің қазіргі қуанатынымыз – қазақ тіліне аударатын аудармашыларымыз өте жақсы көбейіп келе жатыр. Жақсы аудармалар жүзеге асып жатыр. Кеше біз бұл кісінің «Сарымсақ жыры» деген романын аударып шығардық. Осында алып келдік. Азғантай ғана дана. Сатып алуларыңызға болады. Сонымен бірге «Халіңіз қалай, Фолькнер ағай» деген ол кісінің бүкіл публицистикасын, Нобель сыйлығын алғанда сөйлеген сөзін біздің екі жас жігіт аударды. Біреуі Еділбек Дүйсен деген азамат орыс тілінен аударды. сосын Әлихан Мақаш деген жиырма екі жасар бала қытай тілінен аударды. Аудармалары өте жақсы, оқуға ыңғайлы. Сол екі кітапты бұл кісі Қазақстанға келерде біз дайындап алдына қойып қойдық.

Мо Янь туралы әрқайсысыңыз жақсы білесіздер. Бұл кісінің әкесі мен шешесінің қойған аты Мо Янь емес. Құймақұлақ қазақтың баласы сияқты, жас кезінде үлкен кісілердің қасынан кетпей, ескі әңгімені көп тыңдап отырып келіп, шешесіне ұзақ-ұзақ баяндап әңгіме айтады екен. Сосын шешесі жалығып кетіп: «Үндеме», - дейді екен. Сосын тағы қоймай біраз сөйлеп жатса, шешесі: «Сөйлеме», - дейді екен. Бұл мо янь деген сөз – «үндеме», «сөйлеме» деген сөздің баламасы екен. Бұл кісі соны өзіне Мо Янь деп лақап есім етіп алып отыр. 

Кеше Мәскеуге де барып келді. Мәскеуде Толстой сыйлығын алды. Кеше Қырғызстанда болды. Сөз сөйледі. Шыңғыс Айтматов шығармашылағынан хабары бар екен. Бұл кісіні біз үлкен қонағымыз деп есептейміз. Арнайы сіздермен кездесуге келіп отыр», - дей келе, залда отырған қазақ әдебиетінің Төлен Әбдік бастаған қаламгерлері мен әдебиеттанушы, сыншыларды қонаққа таныстырып өтіп,  бүгінгі кездесудің форматы емін-еркін әңгімелесу екендігін айта отырып, жазушының сөзін тыңдап, соңынан сұрақ қоюға және кітаптарына қолтаңба алуға болатындығын хабарлады.

Алғашқы сөз көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдікке берілді.

- Қадірлі достар! Әдебиет халықты өзгерте алады. Бүгінгі Еуропа халықтары әлемдегі ең зиялы, ең интеллектуалды халық болып есептелетін болса, соған Еуропа әдебиетінің қосқан зор үлесі бар. Соны жасаған ұлылар жазушылар бар. Бүгінгі мен осы қытай халқының да өзгеріп, жаңа халыққа айналып келе жатқанының ішінде осы әдебиеттің рөлі өте үлкен деп айтар едім. Соның ішінде мына Мо Яньнің шығармашылығы қазір бүкіл әлемге танылып отыр. Менің ойымда былай өзі: ұлы жазушылар бір ұлттың аясында қала алмайды. Мысалы, Шекспирді, Толстойды тек қана ағылшын немесе орыс та әдебиетінің жазушысы деп айта алмайсың. Олардың шығармашылығы әлемге ортақ. Осындай биікке көтеріліп келе жатқан жазушы – мына алдымызда отырған Мо Янь. Бұл кісімен кеше кездескенде орыс тіліндегі «Большая грудь, широкий зад» деген туындысын мен «Апайтөс, жалпақ бөксе» деп аударғанымды айтып едім. Бұл – керемет ғажайып роман. Оның ең кереметтігі сол – ішінде бірде бір жағымды қаһарман жоқ. Ананы оқып отырған кезде: «Бүгінгі қытай қауымы бұларды қалай қабылдады екен?  Баспаға қалай жіберді екен?» - деген ой келеді, адамға. Ал шын мәнінде өмірді солай жазу – бұл үлкен әдебиеттегі үлкен бір жетістік. Мысалы, ХХ ғасырдың басында дүниеге «Тынық Дон» романы келген кезде жұрттың бәрі алғашқы кезде қатты үріккен болуы керек. Өйткені өзінің әкесі зорлап кеткен Аксиньядан керемет героиня жасады. Оны қабылдау оңай болған жоқ алғашқы кезде. Бірақ романның көркемдігі өте күшті болғаннан кейін амал жоқ, қабылдады. Одан кейінгі Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» шықты. Онда да романның ішіндегі бүкіл натуралистикалық  эпизодтар, бір реалистік ұғымға сыймайтын толып жатқан мозаикалар – осының бәрі алғашқы кезде қабылдауға қиын болды. Өмірге мүлдем басқаша қараудан қорықпау, адамды өмірдің ең бір кәдімгі сорлысы қылып көрсетуден де именбеу – соның бәрі осы Мо Яньнің кітабында бар. Батылдық бар, қорықпайды. Халықты жақсы көру үшін оны тек мақтай беру қажет емес. Оның ішіндегі барлық былығына шейін көрсету, адамның сорлылығын көрсету дегеннің ішіндегі халыққа деген махаббат, сүйіспеншілік жатады. Сондықтан мен өзім мына Мо Яньнің ұстанымын өте жоғары бағалаймын. Бұл кісі – шын мәнінде үлкен адамзаттық деңгейге көтерілген жазушы. Мінезі қандай: кеше бір азғантай бірге болып отырғаны өзінде де бір ерекше бір қарапайымдылығы аңғарылды. Ешқандай көкірек жоқ, кісіге жақын тартып тұрғандай қарайды. Сондықтан мен бүгінгі кездесуді біздің Қазақстандағы үлкен бір тарихи кездесу деп білемін. Сұрақтарыңыз болса, беріңіздер. Кеше біз жақсы әңгімелестік. Екі халықтың арасын жалғастыратын үлкен қайраткер. Сондықтан: «Тек бұл жолы ғана кездесіп қоймайық, Мо Янь Қазақстанды жақсы көрсін, келіп тұрсын» - деген тілекпен сөзімді аяқтамақпын. 

ҚР Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: 

- Мо Янь мырза, сіз біздің әдебиетімізді сіз білмегеніңізбен, бізде мықты жазушылар көп. Соның бірі – осы Төлен ағамыз. Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкеев, Мұхтар Мағауин деген адамдар дүниеден өтіп кетті. Солардың ішінде біз өте жақсы көретін Әбіш Кекілбаев деген ғұламамыз, ғажайып жазушымыз болды. Сол кісі туралы «Абыз Әбіш» деген үлкен шығарма жазған қаламгер Сауытбек Абдырахманов мырза ортамызда отыр. Сол кісіге сөз берелік.

Жазушы Сауытбек Абдырахманов сөз алды:

- Рақмет, жаңағы Төлен ағамыздың «бүгін тарихи күн» деген сөзін қолдаймын. Өйткені Нобель сыйлығы әлем әдебиетіндегі ең басты өлшеу ретінде қабылданған. Оның өзі де шартты нәрсе. Бірақ бәрібір негізгі өлшеу ретінде қабылданған, оны біз мойындаймыз. Және Нобель сыйлығының кейінгі кезде саясиланып кеткенін де білеміз. Швед академиясының саяси көзқарасына байланысты Нобель сыйлығы берілген бірнеше авторды айтуға болады. Бірақ бұл айтылған әңгіме бүгінгі біздің қонағымызға келмейді. Өйткені 2012 жылы Нобельді алғаннан кейін Мо Янь одан кейінгі шығармаларымен сол биікте екенін нағыз дәлелдеді. Алғашқы кезде нМо Яньге Нобельдің берілуі Қытай жазушысының қытай жүйесін сынау үшін деген әңгімелер болды. Бірақ уақыт өзінің сөзін айтты: қазір біздің көз алдымызда әлем әдебиетінің уақыт таныған, мойындаған классигі отырғанын көріп отырмыз. Мен де бұл кісінің шығармашылығымен толық таныс емеспін. Менің оқығаным да – орыс тіліндегі «Большая грудь, широкий зад». «Салпы омырау, сал бөксе» деп аударылыпты, онда бір мәселелер бар. Бұл жердегі әңгіме – ешқандай тікелей дене туралы емес. Өйткені Мо Яньнің суреттеуінде әйелдің төсі – халықтың өзі. Мәселе сонда. Романды оқымаған адамдар болса айтайын: сегіз қыздан кейін ұл көреді. Сегіз қызға тура біздің қазақ сияқты, біз Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлдана деп атаймыз ғой, сондай аттар қойып алған. 

Тұңғыш қыз: Шаңгуэн Лэйди – Ұлкелсін

Екінші қыз: Шаңгуэн Жауди – Ұлшақыр

Үшінші қыз: Шаңгуэн Лиңди – Ұлерсін

Төртінші қыз: Шаңгуэн Шияңди – Ұлсағын

Бесінші қыз: Шаңгуэн Пэнди – Ұлберсін

Алтыншы қыз: Шаңгуэн Ниянди – Ұлбосын

Жетінші қыз: Шаңгуэн Чюди – Ұлтілеу.

Кенже қыз: Шаңгуэн Үйнүй – Гауһар, Алтынұлдың егізі.

Міне, осы дүниетаным – ұл бала күту, әулет жалғастыру деген идея Мо Янь мырза, біздің халқымызға өте жақын. Өйткені романдағы «ұрпақ жалғастыру – ол Қытайдың болашағын жалғастыру» деген идеямен келеді. Содан кейін өте поэтикалық образ – әйелдің төсі. Онда мысалы мынадай образдар бар: толқын судың төсі, шың-таудың төсі, төбе, ердің төсі.. осылай келе береді. Төске байланысты образдардың барлығы өте поэтикалық биіктікпен жасалған.

Біз үшін Мо Янь мырзаның Нобельді алуы – жалпы Шығыс адамы үшін үлкен мақтаныш. Біз сізге Шығыс әдебиетінің беделін көтергеніңіз үшін, қытай халқының рухани қуатын көрсеткеніңіз үшін қарыздармыз. Біздің ірі қаламгеріміз Ғабит Мүсірепов өлер шағында жанында отырған адамдарға: «Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайтынын ұмытпайықшы» деген аманатын айтып қалдырған. Қытай халқының қазіргі әлемді таңғалдырып отырған ғылым мен технологиядағы экономикадағы табыстарының үстіне қытай халқының рух жеңісі де қосылып отырғанына біз өте қуаныштымыз. Мо Яньнің романында, өкінішке орай мен тағы да айтамын, мояньтанушы емеспін, өйткені жалғыз романын оқығанмын, бір шығарма арқылы бүкіл Қытай ХХ ғасырда жүріп өткен жолды: ашаршылық кезеңді, зор секіріс, мәдени төңкеріс, Жапония интервенциясы барлығы бір романда, бір әулеттің басынан өткен оқиғасы арқылы суреттелген. Сіз Фольклердің Йокнапатофасы сияқты Гаоми уезіндей жеке әлем жасадыңыз. Енді мына планетада Мо Янь жасаған жеке жер бар. Оны сіз ойдан шығардыңыз. Ол адамдарды да ойдан шығардыңыз. Сол арқылы бүкіл әлем қытай халқының ғажайыбын көріп отыр. 

Баяғыда Наполеон айтқан: «Шығыста бір алып ұйықтап жатыр, оятпау керек ұйықтай берсін, ол алып оянса дүниені дүр сілкіндіреді», - деген сөзі бар. Наполеон – данышпан адам, бірақ ол сөз – бәрібір батыстағы астамсыған адамның сөзі. Өйткені Наполеон ол сөзді айтқан кезде қытайлар қағазды да, компасты да, оқ-дәріні де ойлап тауып қойған болатын, әлемдегі ұлы жаңалықтардың бәрін қытайлар жасап қойған болатын. Бірақ сан түрлі себептерге байланысты Қытайдың баяулап, кенжелеп келгені рас. Ал қазір біз философиядағы «сан міндетті түрде сапаға айналды» деген қарапайым қағиданы өзіміз нақты көріп отырмыз. Қытай халқы бүгінгі таңда Шығыс пен Батыс деген дилеммада Шығыстың өзінің басымдықтарын анық көрсетіп отыр. Шығыс дүниетанымы, Шығыстағы сабыр, Шығыстағы төзім, Шығыстағы әдеп, Шығыстағы әдет, дәстүр - бірте-бірте тек қана экономикада емес, рухта да ғажайып табыстар әкелетін бүкіл әлем көріп отыр. Біз сізге сол үшін қарыздармыз, біздің әдебиетімізді насихаттай жүріңіз деген тілек айтамыз. Рақмет!

Сөз кезегі әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлына берілді:

- Рақмет, кеше біраз әңгімелестік. Жалпы Мо Янь шығармашылығын Нобель сыйлығын алғаннан бастап оқыдық. Ең бастапқы, жаңағы айтқан романы «Салпы омырау, сал бөксе». Одан кейін «Шарап елі», басты романдардың бірі «Бақалар» туындысы. Әлем әдебиеті тақырыбын зерттеп жүргеннен кейін, Мо Янь шығармашылығы шынымды айтқан кезде, маған қатты әсер етті. Өйткені жалпы кез келген суреткердің қандай жағдайда болсын, қандай үлкен қиын-қыспақта жүрсе де, үлкен парызы бар. Ол – қоғамдағы шындықты жазу және қоғамдағы шындықты субъективті шеберлікпен, әртүрлі тәсілдермен, гротескілік әдістермен, сатирамен, сарказммен беру қытай әдебиетінде Мо Яньге дейін болды ма, болмады ма, білмеймін. Бірақ Мо Яньнің шығармаларын оқығаннан кейін біз үшін бір Қытайға, қытай әдебиетіне байланысты біздің дүниетанымымыз, көзқарасымыз мүлде жүз сексен градус өзгерді десек болады. Бұл шығармалардың осы Нобель сыйлығын зерттеп жүрген сыншылардың бірі ретінде айтайын, осы жиырма жылдың ішінде әртүрлі жазушылар алды, ішінде лайықтылары да бар, орташылар да бар, біздің көңілімізден шықпағандары да бар, мүмкін біз оларды түсінбегендіктен көңілімізден шықпаған шығар, бірақ мынау үлкен адамзаттық құндылықтарды, адамның ішкі жан дүниесіне терең үңіліп, оны үлкен философиялық астарымен жеткізген бірнеше жазушы бар. Әрине ол, бірінші – Марио Варгас Льоса, Орхан Памук одан кейін Мо Янь, әрине сонымен бірге тағы да осы бірнеше жыл бұрын ғана Нобель сыйлығын алған Хан Ган. Шындығында да біз өзіміз Астанаға Мо Янь келе жатқан кезде кәдімгідей толқыды. Өйткені біздің қазақ оқырмандарына құдайға шүкір, Мо Яньнің шығармашылығы басқа Нобель сыйлығы иегерлерімен салыстырғанда, етене таныс. Мо Янь келгеннен кейін, Қытайдан келген көптеген ақындар, жазушылар осы Мо Янь шығармашылығын қазақтарға, Қазақстанға кеңінен танытуға зор үлес қосты деп айтсақ болады. «Өмір мен өлім азабы» деген роман аударылды. Одан кейін де, мысал үшін «Әдебиет порталында» болсын, «Қазақ әдебиетінде» болсын, Мо Яньнің әр сөзі, әр жазған дүниесі, мысалы үшін, Орхан Памукпен сөйлескен сұхбатына дейін, бәрі біздің қазақ әдебиетінде, қазақтың рухани кеңістігінде, әсіресе мына жаңа парадигма, жаңа үлгі, жаңа форма алып келгісі келетін біздің талантты жастардың арасында жан-жақты таралып жатты. Мо Янь – мына үлкен дәстүрлі әдебиеттің ауқымында қалып қойған ірі суреткерлерімізден гөрі, қазіргі бір жаңашылдыққа ұмтылып, мына қалыпты бұзып жаңа бір дүние алып келіп жатқан жастарға етене жақын жазушы десек болады. Мо Янь шығармашылығы туралы сол екі мыңыншы жылдары ма әлде мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдары ма сонда Кендзабура Оэнің: «Бірден бір Нобель сыйлығына лайықты жазушы болса, ол – Мо Янь», - деп айтқан бір сөзі бар. 

Содан бастап Мо Янь шығармашылығы біздің Қазақстанда да бүкіл рухани кеңістігіміздің бәрінде жақсы талқыланып келе жатыр. Енді бір-ақ айтар ұсынысым бар: Мо Янь шығармашылығын бізге өте жан-жақты, терең, түсінікті қылып аударып беретін бір мықты-мықты аудармашылар керек. Мен әйтеуір Мо Яньнің орыста Егоров деген мықты аудармашысы болғанын білемін. Қазақта да осындай бір мықты аудармалар жасап, Мо Янь шығармашылығын біз кеңінен насихаттауымыз керек деп ойлаймын. Менің ойымша, еш уақытта да әдебиетті саясиландыруға болмайды. Әдебиет, ол – адамның ішкі жан дүниесіндегі, адамды бір-біріне жақындастыратын, бауырластыратын, қоғамның шындығын айта отырып, ішкі жан дүниесіндегі тереңдіктерді ашатын үлкен алтын көпір. Біз сол алтын, мынау үлкен әлем әдебиетіне алтын көпір болған сіздің шығармашылығыңызды сүйеміз, келешекте де осындай мықты романдар беретініңізге сенімдіміз. 

Нобель сыйлығының иегері, жазушы Мо Янь оқырмандар алдында сөз сөйледі:

- Құрметті Мереке мырза, құрметті Қазақстан жазушылары! Біріншіден, мен қазақ әдебиетін онша білген білмегеніме кешірім сұраймын. Бұған бір объективті себептер бар. Өйткені қазақ тілінен қытай тіліне аударылған шығармалар өте аз, жоқтың қасы. Мен осы жолы Бейжіңге қайтқаннан кейін, Әкпар ағамыздың арқасында осы бүкіл қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылған шығармаларын, бәрін іздеп тауып танысамын. Бірақ мен оқымасам да, осы жолғы сапардан кейін менде: «Қазақстан жазушылары көптеген ұлы шығармаларды дүниеге әкелді» деген ойда болдым. Өйткені бұл елдің өзінің көптеген ерекшеліктері бар. Қырғыздардың «Манас» эпосы бар. көшпенділер елінде ауыздан ауызға тараған көптеген шығармалар болады. Қазақстан Совет Одағы заманында көп жағдайды бастан кешірген. Жаңа алдында сөйлеген көптеген жазушылар болсын, редакторлар, зерттеушілер болсын - солардың бәрі профессоналдық түрде өз көзқарастарын тамаша жеткізіп айтып отыр. Әсіресе сіздердің ана «Салпы омырау, сал бөксе» романы туралы кешелі-бүгінгі талқылағандарыңыз өте керемет болды. Бұл кітапты 1994 жылы бастап жазған едім. Ол менің туған ауылым Гауми деген ауылда, кішкентай бір үйде шығармашылықпен шұғылданғанмын. Сол жылы мен анамнан айрылған едім. Сонда маған: «Анама арнап бір үлкен шығарма жазуым керек», - деген бір ой келді. Бірақ бүкіл дүниедегі ана туралы жазылған шығармалардың бәрі де «ана – ұлы», «ана – бауырмал», «анаңның көңілі Жер сияқты кең» дегендей, мақтап жазады ғой. Мен сонда: «Егер тағы да сол образбен жазсам, онда ол шығармам жақсы болмайды», - деген ойға келдім. Мұндай ананың образы бүкіл дүниеде солай. Бірақ ол вертикальді емес. Сондықтан мен осы кітабымда өте таласқа түсетін ана образын жаздым. Әсілі бұл ана басында – ақкөңіл, дәстүрлі құндылықтарға дұрыс қарайтын әйел образы. Одан кейін ол сегіз-тоғыз еркекпен қыдырады, олардан балалы болады, соның бәрі былайша айтқанда оны сондай жағдайға жеткізген – сол замандағы феодализмге қарсылық еді. Өйткені кітапта оның күйеуі белсіз. Бірақ ол заманда отбасында бала болмаса, оны еркектен емес, әйелден көретін. Бас кейіпкер келіншек отбасында жәбір көрді. Қытайдың бұрынғы феодалистік дәстүрі бойынша егер әйел кісі бала таппаса, оны төркініне қайтарып жіберуге болатын. Егер тек қана қыз бала тауып, ұл бала тумаса онда бұл әйелдің қоғамда ешқандай орын жоқ болатын. Өйткені құдай неше мың жылдық Конфуций мәдениетінің әсерінен, еркектерді жоғары қойып, әйелдерді көзге ілмейтін еді.

Сондықтан бас кейіпкер бала туу үшін әртүрлі ерлермен бірге болады, солардан бала туады. Сондықтан жеті рет құрсақ көтеріп, сегізінші жыл болғанда бір ұл бір қыз – егіз бала табады. Жаңа сіз атын ырымдап қойғанды айттыңыз: бұл екі халықта бірдей. Бұл кітаптың аты басында басқаша, «Ана-Жер» болған. Екінші аты – «Алтын ұл мен Күміс қыз» болды. бірақ мен ойланып, кітаптың атын басқаша, «Салпы омырау, сал бөксе» деп қойған едім. Бірақ әр ұлтта тарихтан бері ұрпағын өсіру, даму жағынан жыныстық органдарға табыну болған. Ал бұл жердегі үлкен омырау – сол бала туғаннан кейін оны емізу – әулетті көркейту мағынасында тұр. Бірақ бұл кітаптың атын осылай қойғаннан кейін үлкен таласқа қалдым. Мен: «Бұл кітапты Қытайға шығармауы, тыйым салынуы мүмкін», - деп ойладым. Бірақ мен осы кітаптың атауын осылай қалдырдым. Редакторға айттым, осылай қалдыруға келісті. редакторға келісті. Бірақ әр жолы журналға бергенде бас редактор маған: «Осы кітабыңыздың атын өзгертсеңіздерші!» - деп айтатын. Бірақ мен әр жолы өз көзқарасымда табанды тұрдым. Әрине бұл кітап не туралы жазылғанын бір-екі ауыз сөзбен жеткізу өте қиын. Ай даладағы, жүз жылдық тарихы бар кішкентай ауылдағы өмір жазылған. Ол ауыл немістердің, жапондардың басқыншылығын басынан кешіреді, одан кейін қырық тоғызыншы жылы Қытай Халық республикасы құрылғаннан кейінгі әр жылы саяси науқандардың бәрін басынан кешіреді. Адамның өмірі бейне Янцзы өзеніне түскен жапырақ сияқты, сонда қалқып сол жүреді. Бірақ өте қатігез, қатал болса да, өмір алға дами береді. Ол ауыл кейіннен осы заманғы керемет қалаға айналады.

Әрине бұл кітапта омырау жөнінде өте көп суреттеулер бар. Көп адамдар: «Бұл әйелдерге деген құрметсіздік», - деп жатады. Бірақ мен ең әдемі, көркем сөздермен омырауды суреттедім деп сенемін. Мен бұл жерде секс туралы ештеңе жазған жоқпын ғой. Өйткені әр баланың дүниеге келіп, өсіп-өнуі сол омыраудың сүті арқылы болады. Бұл былайша айтқанда, ұрпақтың ұрпаққа жалғасы. Бұл жерде бас кейіпкер  әйел образының анаға тән ұлы махаббаты жазылған. Одан соң айтарым: оның барлық қыздары әр түрлі таптың өкілдеріне күйеуге шыққан: кейбіреуі коммуниске тұрмысқа шықса, енді біреуі гоминданның капитанына күйеуге шықты. Тағы біреуі американ ұшқышына шықса, енді біреуі жапондықтарға көмектескен Қытайдың әскеріне күйеуге шығады. Әрине бұлар отбасылы болғаннан кейін бір-біріне жау. Ана қыздары мен күйеубалалар келсе, бір-бірімен соғысады. Бірақ олар қалай бір-біріне жау болса да, туылған балаларының бәрін әкеліп шешесінің құшағына салады. Ал ана сол немерелерінің бәрін өзінің құшағына басып қабылдайды. Өйткені бұл немерелерде ешқандай кінә жоқ  қой. Әрине бұл – ана. Ол бәрін соны өсіріп жетілдіреді. Мұның ішіндегі бірден-бір ер бала – Шаң Гуан Жин тунг – ол швециялық діни қызметкердің ұрпағы. Сегіз-тоғыз жасына дейін анасының сүтін емеді. Швециялық, сары шашты, ұзын бойлы, көк көзді, әдемі ұлына шешесі: «Омыраудан қашан шығасың?» - деп ұрсады ғой. Бұл бала – биологиялық жағынан Қытай мен Батыстың ортақ өнімі. Әдетте бұндай метис балалар өте керемет болады. Алайда ол – рухани жақтан өте әлсіз бала. 

Бірақ сол Шаң Гуан Житунг деген ұлдың қандай образ екенін мен айта алмаймын. Қытайдың бір философы: «Әрбір қытай еркегінің көңілінде жүрегінде көңілінде Шаң Гуан Житунг сияқты бір ер баланың образы болады», -деп еді. Бұл кітап шыққаннан кейін өте көп сынға ұшырады. Өте үлкен талқылау-тартыстар болды. Әзірге дейін әлеуметтік желілерде осы кітап туралы талас жүріп жатыр. Маған ең үлкен талас-талқылау әкелген – осы кітап. Оқырмандар көп таласады. Маған көп сын айтылды, атақ та алып келді. Әрине, бұл кітаптың көп жерін өзгертіп жазу керек еді. Мен бұл кітапты өзгертемін бе, жоқ па деп ойланып та жүрмін. Бірақ бұл кітаптан тоқсан бесінші жылғы жазушы Мо-Яньді көресіздер. Мен сол кезде солай жазғанмын. Ал егер өзгертер болсам, әзірге жиырма алтыншы жылдың Мо Яньінің стилімен жазамын. Бірақ ол үшін әзірге мен өзімнің көзқарасыммен ол кітапты жоқ қылуым керек. Қайта жазуым керек. Бұл – оқырмандар алдындағы адалдық емес деп санаймын. Мен мұны әзірге дейін ойланып жүрмін. Қайта қалай жазып шығу керек екенін. Творчество туралы тағы да көп айтуға болады, бірақ мен осы жерде аяқтайын деп отырмын. Сіздерден қандай бір сұрақ болса, мен жауап беруге дайынмын.

ҚР Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов:

- 1905 жылдан Нобель сыйлығы беріле бастады. Сол сыйлықты алған адам дәріс оқиды, сөз сөйлейді. Сол сөздің мен біразын оқығанмын. Бірақ бірде-бір жазушы өзінің анасы туралы айтпаған. Тұңғыш рет Мо Янь ғана анасы туралы айтқан, жаңағы Сауытбектің сөзінің жаны бар. Осы роман – шынында да аналардың жан дүниесі арқылы бүкіл әлемді көрсетуге арналған шығарма. Сондықтан біз жақсы көреміз. Өйткені ана мен баланың ортасындағы махаббат әлемді түзейді, әлемге жақсылық әкеледі деп есептейміз», - дей келе сұрақ берушілерге мүмкіндік ұсынды. 
Оқырмандардың жазушыға қоған сұрағы әрқилы болды. 

- Мо Янь мырза, сіздің жұмыс істеу режиміңіз қандай? Тәуліктің қай жерінде жұмыс істейсіз және жұмыстан кейін ермегіңіз қандай? 

- Мен жас уақытымда күндіз ұйықтап, түнде шығармашылықпен шұғылданатынмын. Ал қазір кәдімгі қалпына келдім: күндіз шұғылданып, кешке демаламын. Менің ермегім – кезінде темекі шегу болатын, қазір оны қойдым. Қазір аздап арақ ішемін.

- Лу Шүңге қалай қарайсыз? 1927 жылы ол кісіні Нобель сыйлығына ұсынған кезде, бас тартты ғой.

- Жалпы солай айтады. 1927 жылы бір швециялық Лу Шүң мырзаға: «Сізді Нобель сыйлығына ұсынайық», - деп айтқан екен. Сонда Лу Шүң мырза: «Мен оған әлі лайықты емеспін. Қытай әдебиеті оған әлі лайық емес», - деп жауап берген екен. Бірақ қазір Қытайдағы әлеуметтік желідегі көптеген оқырмандар осыны айтып: «Лу шүң кезінде алуға келісім бермеген, сіз неге Нобель аласыз?» - деп тиісіп те жатады. Лу шүң мырзаны мен өте қадірлеймін, ол кісінің шығармашылығын ұнатамын. Сол кездегі оның: «Лайықты емеспін», - дегеніне де келісемін. Өйткені ол кезде Нобель комитеті оған: «Сіз Нобель сыйлығын аласыз», - деп ұсыныс айтқан жоқ. «Ұсынайық деген ойымыз бар» деген бір швециялықтың айтқаны ғана ғой.

- Шығармаларыңызға арқау болған дүниелерді қайдан аласыз? Ата-аналарыңыздан естідіңіз бе? Әлде басқа жақтан іздеп табасыз ба?

- Әдеби шығармадағы өмір шындығы мен шынайы өмірдегі өмір шындығын бірдей деуге болмайды. Жазушы деген халық  былайша айтқанда сол өмірден аттап өтіп, үшінші түрлі өмірді жазуы керек. Ал жазушының жасампаздығы негізінен материалдық қамтамасыздықтың негізінде болады. 

ал менің шығармамды, мен өзім Шаньдуньде өскенмін, сол Шаньдуньдегі ауылда көрген әр түрлі хайуандарды: есек, доңыз, жылқы – сол көрген-білгенімді жаздым. Ал негізінде қазақ көшпенді халық қой. Шығармаларында кең сахара, жылқы туралы кеңінен жазылады ғой деп ойлаймын.

- Сұрағым: сіздің бір шығармаңызды аударған едім. Соның ішінде «Қорқыныш және үміт» деген алғысөзіңіз болатын. Қазіргі адамзат үшін қорқыныш пен үміттің қайсысы күш береді? Екінші, сіз әдеби Нобель сыйлығын алғаннан кейін сізде жауапкершілік тұрғысында өзгешелік болды ма, әлде бұрынғы қалпыңыздасыз ба?

- Үрей мен іүміт әр адамда туылғаннан бастап, өмірінің соңына дейін болады. Үрей деген – әлсіздердің мықтыларға деген қорқынышы. Адамның өзі білмейтін бір ғажайып, өзі басқара алмайтын күштерге деген қиялы. Ал үміт деген негізінен – нәпсінің негізінде болған, «алға» деген сенім, үлкейе береді, үлкейе береді.. Сондықтан адамның нәпсісі тоқтамайды, адамның үміті де әрқашан өзгереді. Меніңше жазушының миссиясы – өзінің адалдығы арқылы осы өмірді суреттеу.

Нобель сыйлығын алғанға дейін де, алғанда да менде өзгеріс жоқ қой деп ойлаймын.

- Бірінші сұрағым: жуңголықтардың өз топырағындағы жапон басқыншыларынан зорлық-зомбылық көргенін өте жақсы оқып өстіңіз. Жуңго топырағында екінші бір қауымның дәл сондай, жапон басқыншыларынан зәбір көргендей зәбір көріп жатқаны жайлы бұл кісі біле ме? Екінші сұрағым: бұл кісі – мықты қаламгер. Қаламгердің қалам қуатының мықтылығы көркем сюжеттен гөрі шынайылықта. Бұл кісі Шыңжандағы жаңағы аз ұлттар жайлы кітап жазғысы келе ме? Үшінші сұрағым: «Ана жайлы кітабымды кемелдендіріп жазғым келеді», - деді. Демек Шыңжандағы аналармен кеңессе, тіпті керемет шығарма болатынын бұл кісі түсіне ме? 

- Әділетсіздік, әр елде, әрқашан бүкіл дүниеде бар. Әдебиеттің күші мықты деуге болатын шығар. Бірақ кейде ол өте әлсіз болады. Ал әдебиет негізінен адамның көңіл күйін, өзгерісін, сол туралы жазады. Менің «Бақа» деген романым бар. Сонда Қытайдағы жоспарлы туыт туралы өте көп сын айтылған. Бұл Қытайдағы жоспарлы туыттың тоқтатылуына алып келді, қазір. Жазушы – саясаткер емес, сыншы емес, ол – тек қана адамның, халықтың өмірін, жан дүниесін жазады. Шаньдуньнің анасы болсын, Шыңжанның анасы болсын, бәрі – ана. Бәрінде ана образы болады. Мен әрқашан: «Қиыншылық болғанда әйел адам ер адамнан сан есе мықты, төзімді болады. Өйткені оның артында ананың үлкен махаббаты жатыр», - деп айтамын. Ал өмір – сол ананың денесі арқылы жалғасады. Аз санды ұлттардың өмірі жайлы шығарманы аз санды ұлт жазушыларының өзің жазғаны жақсы. Мысалы мен кітабымда жылқы туралы жаздым. Бірақ оны қазақ жазушылары сияқты жаза алмайтын шығармын. Өйткені сіздер аттың үстіндегі халықсыздар. Мен көргенде домалақ бір жануар сияқты сезіледі. 

- Мо Янь мырза, сіз шығармаларыңызды жазған кезде оны қаншалықты қайтадан түзетесіз?

- Мен әдетте алдыңғы нұсқасын тез жазамын. «Салпы омырау, сал бөксе» романын қырық сегіз күнде жазып шықтым. Бірақ оны жарты жыл түзеттім.

- Құрметті Мо Янь мырза! Біз әдебиеттануда сіздің шығармашылығыңызды магиялық реализммен байланыстырамыз. Және көп зерттеушілер сізді магиялық реализмде Маркестің жалғастырушысы ретінде мойындайды. Бұл сіздің тәжірибеңізде қаншалықты рас. Маркес немесе басқа латынамерикандық жазушылар сіздің шығармашылығыңызға қаншалықты әсер етті? Әрине қытайдың бай фольклоры, қытайдың біз білмейтін жазушылары сіздің шығармашылығыңызға әсер етіп, магиялық реализмнің поэтикасын құруға көмектескен болар?

- Нобель комитеті маған Нобель сыйлығын осы «магиялық реализм жөніндегі шығармасы үшін» деп берген болатын.  Магиялық пен реализм жөнінде екеуін бөлсе, олардың көп айырмашылығы бар. Менің көп шығармам негізінен балалардың түсі жөнінде, түсі арқылы жазылған. Әрине мен Маркестің көп шығармаларын оқыдым, ол кісінің маған әсері өте көп, оған келісемін. Маркес маған әсер жасады. Сексенінші жылдары Қытайда көп жазушылар сол Маркестің стилінде кітап жаза бастады. Бірақ мен сол кезде, оның стилінен кету керек, деп шығармаларымды жазғанмын. Біз өзіміздің өміріміз, өзіміздің салт-дәстүріміз арқылы бір жаңа стилді қалыптастыруымыз керек, шетелге еліктемеуіміз керек. Сонда жунго стиліндегі әдебиет қалыптасады.

Қазіргі қытай қаламгерлері мен оқырмандары жайлы сұраққа былай деп жауап берді:

- Бірінші ерекшелік – олар қытайша жазады. Ол өзінің ауылын жазады. Өзінің балалық шағын жазады. Ол қытайдың дәстүрлі идеялары негізінде қытай әдебиетін жазады. Әдебиет өзінің жерін, елін ерекшелігін, өмірін жазуы керек. Бірақ біз жазушы болғаннан кейін дүниежүзілік әдебиеттің бір ортақтығын көп ойлануымыз керек. Мысалы, менің шығармам қазақ тіліне аударылды. Егер оқырман оқып, оған әсерленсе, онда ол шығармалардың ішінде бір ортақтық бар. Ол – әлемге ортақ сезім. Қалғандары, тіл деген – сыртқы форма. 

Қытайлық жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Яньмен кездесудің соңы қолтаңба берумен жалғасып, естелік фототүсіріліммен аяқталды. Қонақ жазушының сапары АЛЖИР музейінде жалғасты.

Фотосуреттер Асантемір Қаршығаның жеке архивінен алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan