Күндер түгілі айлар мен жылдардың өзі сумен аққан жаңқадай жарысып мазмұнсыз сырғып жатты. Ол мұны іштей сезетін. Сезетін де табиғаттың белгілі құбылысы екеніне мойынсұнатын. Бірақ сол ақиқатты мойындаса, бірдеңені өзгерту керек болатынын да білді. «Әр пенденің басындағы күйбең тірлік қой, мен олардан ерекше ме едім?» – деп өзін-өзі алдауға тырысатын.
Әр таң егіздердей бір-біріне ұқсас басталатын. Құс төсектен денесін зорға суырып алып, жуыну бөлмесіне өтеді. Мұздай душтың астында есін жиған соң, айнаға қарайды. Сосын екі езуін сұқ саусақтарымен жоғары көтереді. Айнадағы бейне де соны айнытпай қайталайды. Бірақ ол күлкі тірі емес, жасанды. Тек бұлшықеттердің механикалық қозғалысы ғана.
Бұрын ол айнаға қарамаса да өзін бақытты сезінетін. Өнердің ортасында жүргенде, өмірдің дәмі де өзгеше еді. Ал қазір... Бәрі сұр, бәрі судың қос тамшысындай біркелкі. Іркес-тіркес қайталанған уақыт. Бүгін де ас бөлмесіне кіргісі келген, бірақ тық-тық еткен сағаттың тілі төбесінен таяқтап ұрғандай қысып, өзін-өзі үйінен қуып шықты.
Көшедегі аялдамада қоғамдық көлікке мініп, жұмысына тартты. Кабинетіне кірген бойда тағы да баяғы бітпейтін қағаздарына құрсалды да қалды. Бірін аяқтаса, екіншісі шығады. Анықтамалар, сұранымдар, есептер... Түбі көрінбейтін тунель секілді. Шаршаған сәттерінде тумбасының тартпасында жатқан кішкентай қол айнаны шығарып, тағы да езуін көтереді. Табиғи күлмегелі қашан. Сосын ештеңе болмағандай жұмысын жалғастыра береді.
Сол күні қағаздарын ақтарып отырып бір ерекше хат қолына түсті. Ашып қарады. Жіберушісі белгісіз. Сыртында оның есімі жазылып тұр. Ішінде – ертеңгі күннің датасы, түсініксіз мекенжай нөмірі және үлкен әріптермен жазылған бір ғана сөз. «ҮКІМ».
- Қызық... - деді ол жай ғана.
Бұрыштағы тар темір тордың ішінде бауырын жазып ұша алмай, бір орнында айнала беретін тотықұс та сөзін қайталады.
- Қызық... қызық...
- Дәл солай, Кройф, – деді ол.
Тотықұс кең жерге шықса тапырақтап ұша алмайтынын, тар торға, қолдан жем жеп үйренгенін біледі.
Ойы қайта-қайта сол хатқа орала берді. Әлгі сөз санасына мөрдей басылып қалған. Әр бес-жеті минут сайын тартпасын ашып, айнаға қарайды. Күледі. Жабады. Қайта ашады. Тотықұстың тағдыры да қиын деп ойлайды. Сағат түнгі тоғызға таяғанда ғана орнынан тұрды.
- Айнаға қарай бермей, сағатқа да қарап қою керек екен. Үйіңе қайт. Ертең тағы келесің, - деді өзіне жынды адамша.
- Ертең тағы келесің, – деді Кройф.
- Иә, тағы келемін. Ал саған ұшуды үйрену керек.
- Ұшуды үйрену керек, – деп құс тағы да үйреншікті торда сөзін жағы талмай қайталап айнала бастады.
Ол жымиып, кабинеттен шықпақ болды. Бірақ есікке жеткенде әлгі хат есіне түсіп, қайта қағаздарын қопарып іздеді. Табылмады. «Құрсын... ертең көрермін. Бармайтын да шығармын», – деп күбірледі. «Ұшып үйрену керек». Миында осы сөздер жатталып қалған.
Үйіне келген соң да портвельін ашып қағаздарын шығарды. Көзіне тілдей хат оттай басылды. Жоғалмаған. «Не болса да, барып көрейін...» – деді ол. Сол түні қалжырағаннан үстел басында отырып ұйықтап кеткенін аңғармай қалды.
Таңертең ерте оянды. Денесі құрысып, буын-буыны ұйып қалыпты. Әдеттегі әрекеттерін қайталап, үйден шықты. Терезеден азан дауысы баяу көтеріліп жатты. Ол таксиге отырып, хатта көрсетілген мекенжайға барды. Кірген бойда-ақ өзін айыпталушы орындығында отырғанын аңғарды. Сот қысқа өтті.
- Айыпталушы, Мұңайтпас Мұңсызов! – деді сот мырза. - Сіз өз еркіңізден тыс айнадағы бейнеңізді жымиюға күштегеніңіз үшін айыпты деп танылдыңыз. Үкім нақты, талқылауға жатпайды!
- Бұл не деген ақымақтық?! Олай болса барлық адамды жауапқа тартыңыздар! Бәрі де өз-өздерін алдап жүр!
Сөзін аяқтай алмай, жендеттер оны алып кетті.
«Бұл ақымақтық» деген өз дауысынан өзі шошып оянды. Түсі екен. Жуыну бөлмесіне кіріп, айнаға қарамақ болды. Бірақ... айнада бейнесі жоқ. Ол үй ішінде есеңгіреп жүгіріп, басқа айналарға қарады. Ешқайсысында көрінбейді. Күнге арналған қара шынылы көзілдірігіне қарады. Бейнесі жоқ. Жез каструльдің қақпағына бетін тосты. Онда да жоқ. Қайда?
- Бүгінгі күнге «настрой» бере алмайтын болдым... – деп ашуланып шұлығын аяғына ілгені сол еді, бастығынан қоңырау түсті.
- Сабыржан С. Тыңдап тұрмын. Иә, қазір жарты сағат. Жақсы, қазір 15 минут.
Жұмысқа қарай зымырап келеді. Кабинетіне кірді де тартпадағы айнаны шығарды. Онда да бос кеңістік. Түсінсе бұйырмасын. Құшақтап кірген қағаздарын бастығына берді.
- Түріңе не болған ісініп? Ішімдік пе?
- Жоқ! Аузыма алмаймын ғой.
Бастығы қағаздарды реттеп қарай бастады.
- Мынаның ішінде есеп қайда?
Ол әрі ақтарып, бері ақтарып таппады.
- Шеф, үйде қалған сияқты...
- Есің дұрыс па?! 20 минут уақыт беремін, алып кел!
- Қазір... – деді де есікке ұмтылды. Тұтқасына қолын созды да бұрылып бастығының көзіне тік қарады.
- Жетер енді. Дәретхана қағазының есебін мемлекеттік деңгейге көтерудің қажеті жоқ шығар!
Кабинет іші тына қалды.
- Жақсы. Ақылды болсаң бара бер, жұмыстан кет!
Ол бір парақ қағаз алды. «Өз еркіммен...» деп жазбақ болды да, тартынды.
- Осы күнге дейін мен өз еркіммен ештеңе істемеппін. Бұл жерде ешкім еркін емес. Бәрі осында жұмыс істеп жүргені үшін қуанышты деп ойлайсыз ба?! Бәрі де, механикалық түрде езу тартып жүр.
- Святое место пустым не бывает. Жолың ашық философ жолдас, – деп бастығы креслосынан семіз денесін көтеріп төніп келе жатқанда үстел үстінде тұрған қызыл телефон шыр ете қалды. Бір сәтте мүләйімсіп, шып-шып етіп маңдайына шыққан терін жейдесінің жеңімен сүртіп, дірілдеген қолымен телефон тұтқасын құлағына апарып жабыстыра ұстап, қатып қалды. - Иә, Гүлай Тасқайырқызы... Қабылданды Гүлай Тасқайырқызы... Жақсы Гүлай Тасқайырқызы... Қазір, бес минутта болады, Гүлай Тасқайырқызы... А, жақсы екі минутта жасаймыз, Гүлай Тасқайырқызы, – деп желі шыққан доптай болды.
- Дәретхана қағазының отчеты керек срочно, - деді сосын оған бұрылып. Әп-сәтте бәрін ұмытқан тәрізді. Жылап жіберетін баладай бейшара боп көрінді оған.
Мұңайтпас Мұңсызов кенет күліп жіберді. Қабырғаға ілінген үлкен айнаға мойын бұрып еді, бейнесі өзіне қарады. Бұл жолы - шынайы.
- Несіне жетісіп күлесің! – деді бастығы шайтаннан құтылған адам ұқсап тынысын терең алып.
- Осы жұмысқа тұрғалы бері алғаш рет өз еркіммен күліп тұрмын.
- Не? – деген бастықтың көзі шарасынан шығып кете жаздады.
- Қой, жарайды. Сізге берілген екі минутыңызды жемейін. Сау болыңыз!
***
Ол бастықтың кабинетінен оқтай ұшты. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз телефон тұтқасын көтеріп тұр екен.
- Жақсы Сабыржан С. Қазір Сабыржан С. Болды, болды, - деп тұтқаны қойды.
Ол хатшы қыздың жас үйірілген жанарына тік қарады. Қарашығынан өзінің шынайы күлкісін көрді. Есі ауысқан адамдай басын бір шайқады да кең дәлізге шықты. Көбелек қуған баладай мәз.
Кабинетінің табалдырығын аттай салды да үстелінің үстіндегі дудырап шашылып жатқан қағаздарды басынан асырып лақтырып жіберді. Тартпасынан айнасын алып тағы қарады. Қарқылдап күлді. Шынайы. Nurbullin деген әншінің «Сен қорқақсың» деген әнін қосты да билеп кетті. Тар тордағы тотықұс та шошына қарайды. Жақындады да тордың аузын ашып тастады. Кройф үрпиіп шықпайды.
- Шықпайды, - деді Мұңайтпас Мұңсызов.
- Шықпайды, - деп қайталады Кройф.
Тордың ішіне қолын сұғып жіберді де тотықұсты алып шықты. Төбеге қарай лақтырып жіберді. Байғұс құс еркіндікті ұмытқан екен, қағаздан жасаған самолет құсап қанатын қаға алмай құлдилап барып екпінімен терезенің жақтауына жалп ете қалды. Ол жақындап барып тағы да ұшырмақ болды. Кройф кеңістікте көсіле алмай торына әрең жетті де кіріп кетті. Тағы да шығармақ боп әрекеттеніп еді тұмсығымен тордың есігін өзі жауып алды.
- Сорлы, - деді ол. Кройф бұл жолы үндеген жоқ.
Бір парақ қағаз алды да өтініш жазды. Бірінші рет. Өз еркімен. Бірақ өтініш деген сөзді «өКініш» деп қате жазып қайған жоқпын ба деп қайта-қайта қарады.
Кеңседен шықса әрі-бері ырғалып жүрген адамдар. Бәрі асығулы. Бәрі бұйрықтың құлы секілді. Жабырқаулы. Бәрі ашулы сияқты. Алдынан ит жетектеген шал шықты. Ол иттің қарғы бауына қарады да мойынын сипады. Сосын еріксіз күлді. Шынайы күлді. Алаңсыз күлді...
