Кеше Қарағанды қаласында қала әкімдігінің қолдауымен ақын жұп Ерқанат Кеңесбекұлы мен Салтанат Смағұлтегінің шығармашылық жыр кеші өтті. Орталық саябақтың ашық аспан астындағы сахнасында ұйымдастырылған әдеби-мәдени шараға қала тұрғындары, жастар, зиялы қауым өкілдері мен поэзия жанашырлары көптеп жиналды.
Шараның көркемдік деңгейін арттырған басты ерекшеліктердің бірі – соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мәдени ортада кең танымалдыққа ие болған «Тәттімбэнд» ансамблінің музыкалық сүйемелдеуі болды. Ұжым орындаған классикалық және ұлттық музыка туындылары поэзиямен үйлесім тауып, кештің әсерін күшейте түсті. Әуезді музыка мен көркем сөздің үндестігі көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
ҚР Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі, ақын Жанат Жанқашұлының айтуынша, мұндай әдеби-мәдени кездесулер тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, жастардың поэзияға жақын болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл шаралар өңірдегі әдеби үдерісті жандандырып, қаламгерлер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Ашық аспан астындағы «Жырла, ақын жүрегі» атты поэзия кешінде оқылған қос ақынның өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ерқанат Кеңесбекұлы – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келді. «Алиф», «Сағынышбасқан» атты жыр жинақтарының және бірнеше әдеби танымдық кітаптардың авторы.

Сәкішке
Секундтардың сыбыры,
кідіріссіз күндер-ай.
Күйкі тірлік күбірі
миығынан күлген –
Ай.
Қар қонақтап иыққа,
сұрамайды ол менен.
Сапарым –
жерұйықта, –
дүдамалдау жолменен.
Кеше тірі болған ем:
бүгін өліп барамын.
Мойын бұрып сонда әрең,
Жәудіредің қарағым!
Жүрек тоқтап қалады оқыс.
Алмасса да күз бен қыс.
Уақыт деген –
парадокс
Бақыт деген –
Сіз бен Біз.
Салтанат
Шашыңның иіскедім тозаңын да.
Сен барсың ғажабымда, азабымда.
Салтанат сені сүйіп үлгеріппін,
Тоғыз күндік жалғанның тозағында!
Өзіме баурап алып, қаратқаным.
Атыңды қайталадым алапқа мың.
Кетпейтін дәулет сыйлап болмысыңа,
өшпейтін есім берген жаратқаным!
Кез болса жүрегіңнен жырақтаған,
мен саған шақырымнан сыр ақтарам.
Ғажайып ғұмырымның Салтанаты
бұл тағдыр кімді құздан құлатпаған…
Аунатып жанарыңнан жалғанды әрман.
Көркіңе жан бар ма әсте таңданбаған.
Қабылтып ерендерді өз мұңыңа:
мендік жыр менен көшіп,
саған қалған!
Жүргендей зипа тұлғаң нұрға шомып.
Жан едім сөзге сараң,
сырға берік.
Өзіңді жоғалтып ап,
алдым тауып,
жырымды жетім қалған тыңда келіп…
Ығында есім жиып мәңгі ызғардың.
Уақытқа қақпақылдар қарыздармын.
Арманым адастырып айдалаға,
Жаным-ай,
мен қайыра жалғыз қалдым!
Қарасам,
тұтылып тұр аспан әлі…
Рәуішті аяқталмас дастан әрі.
Азадай мәрсиялы тұнжыраумен,
білмедім қандай күнім басталады.
***
Тәттісін шекер шақтың татып ең кіл.
Сен мендік махаббаттың атымен жүр.
Сал-дағы сан сарсаңға қызғаныштан,
ал-дағы ақиқатты
атып өлтір!
Ілімпаз секілденген ілгерідегі.
Тергейді жұлып жеумен күндер мені.
Ғасырым қателесіп келсе-дағы,
жасырын мұңымсың сен гүлдердегі.
Еңісте еліктей боп егілсе күн.
Бұл күн де бағы ма еді сенің,
менің.
Тәкәппар қалыпқа еніп былайғы елге,
Жүректе жалғызсырар
жетім сезім.
Бақыт кеп екеуміз де күлдік лекіп.
Біріміз бірімізден үздік кетіп,
Жарығым,
кетем бір күн көз алдыңнан,
Мәні жоқ мәңгілікке
сүңгіп кетіп!..
Алаулап менсіз, шіркін,
бір күн әріден.
Шарқ ұрып іздерсің бе,
жұлқынар ма ең.
Әйтеуір, жан жылуын сыйлағанмен,
Бұл жырым сенен өзге
кімге жәрдем?!
Түйсігің сәуегейдей білгір еді.
Қабағың найзағайдай күркіреді.
Күнәмді жіпке тізіп жүргеніңде,
жаңбырың жаныма ауып
сілбіледі.
***
Мен сені еркелетем «қарағым» деп.
Тұрады тап көзіме қарағың кеп.
Бір басым баршасына міндеткерсің,
Ал, былай,
сұрауым жоқ,
обалым жоқ!
Соңынан сұқсыр күннің қалыс қалмай.
Жүремін аласұрып арыстандай.
Керексіз еткеніңде шашылармын,
Шабылған басы шөптей
арыстардай…
Сыр іздеп сыралғыдай жанарымның,
Қабылдың сары мұңға қарағым мың.
Құлдилап шыңырауға кетсем бір күн,
Жарығым,
таба қылмай,
тоба қылғын.
Көз талар көкжиекке жол алғасын.
Сөндірдім сартап мұңның қоламтасын,
Салтанат, түсінеміз:
шерленеміз,
бір қате,
мың қатемен оңалмасын...
Назың да құстай болып ұшты маған.
Алқынып жазғытұры қыс құлаған.
Кембағал тіршілікке қайран қалам,
Көз емес бұла күнде
рух жылаған.
Момындай бүк түсерлік зынданында,
мұндайда табылады кім жанымда.
Бөлеп ап бейішіңе кетсеңші алып,
Ериін
құшағыңның
құндағында!
Сағыныш жауыны
Сені жаңбыр жасырды ма екен,
Әйтеуір, тағдырың бөлек.
Мен күткен көктем аһ ұрды ма екен,
Жатпайтын сабырымды елеп.
Тек осы жазғытұрымда
жел неге
көп күрсінді екен...
Кірпияз, кінәз аз ғұмырымда
іздейтінімді
сен білсін деп ем...
Ұйқы шақырар дәрі бар дейді,
Көзіңді ілгізер қайғысыз, қамсыз.
Гитараның бір
шегі бар дейді.
Мұңнан серпіліп айығысқанбыз.
Ештеңе маған дәру болмады,
жартас мұң жартас қалпында.
Қос тағдыр сөйтіп жолыға алмады,
сағыныш жылап артында.
Ақылман да көп жанымды жейтін,
Жалғанға жантақ
болып кір деген...
Ай сәулесінен тамырды үзбейтін
оңтүстік барып тұр деген.
Арландай зарып айға қарадым,
Қолым бұлғаған орамал – үміт.
Көзіңнен үнсіз аймалағаным,
есіңе бір күн
оралады кілт...
Сені іздеп табам
шартарабыңнан,
Қаймығып қайтпай дауылдардан да.
Аспан менен жер алты алабыңнан.
Жаурап жасымай жауындардан да.
Үрпек үмітті үзбейтінің де
Ол сенің еншілесің ғой.
Өзің де мені іздейтініңді –
Сен білесің ғой!..
Сағыну
Ымыртта жамылса жаның мұң,
басына келгендей қабірдің.
Іздедің білемін,
іздедің,
өйткені, өзіңді сағындың.
Ұйқысыз таңымды атырып,
Беймаза жаныммен аһ ұрып.
Махабат пәк сезім мен үшін, –
ешқашан жазбаған тақырып.
Суреткер салатын сурет пе ең?
Өзіңсің сүйюді үйреткен.
Мен сені сүйемін, сүйемін,
темірдей сұп суық жүрекпен.
Жаныммен, тәніммен сезінген,
мендегі оянған сезім бе ең?
Мен сені сүйемін,
сүйемін,
ешкімге сенбейтін көзіммен!
Жаным келсе…
Қала жақ.
Аспан ашық.
Шағын кеңсе.
Тіршілік бұлғаққа сап арымды өлше.
Әп-әйбәт монитордан қалқып шығып,
жанарын жәудіретіп,
жаным келсе...
Қабағы –
келіп жеткен қарлығаш мұң.
Жанары –
жүрегі ғой қарлығаштың.
Жүрегін...
жүрегін айт кәусәріндей,
Оңаша манаураған
таңғы бақтың.
Келеді.
Келер бір күн жаным менің...
Кеудемде күмбір қаққан әнім керім.
Келеді.
Келеді ол.
Келеді де,
атады бақытты боп
таңым менің!
Ее-ее-ей!
Жырла!
Егілші бір ақын жүрек!
Кешіккен көктемімді шақыршы кеп!
Мен сүйем.
Сүйем оны.
Сүйіп өтем.
Алғашқы рет.
Ал, сосын.
Ақырғы рет.
Тіршілік.
Үстел үсті.
Шағын кеңсе.
Телміріп терезеден сағым көрсе...
Ой,
Кенет!
Есік ашып сәл жымиып:
жанарын жәудіретіп,
жаным келсе!..
Салтанат (Кенесбекова) Смағұлтегі – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. ХV Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Жанарымдағы жазулар», «Қарашығымда сағыныш», «Таңсәрі», «Күз күмбірі» жыр жинақтарының авторы. Философия докторы (PhD), академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры.

Сезім жыр
Бөгде маған бар әлем,
Жапандағы арал ем.
Өлең жазып жүргенмін,
Тек сіз үшін ғана мен.
Сағындым ба?
Мұңайдым.
(Үкімі осы Құдайдың).
Аққу-қаздар ұшқанда,
Жетім қалар бір айдын.
Сізге сендім секемсіз.
Жарылқаушым екенсіз.
Ойда-қырда сезім жыр,
Сенделіп жүр мекенсіз.
Сізді ғана ойладым,
Жолды кесті жорға мұң.
Сізге өзімді бұным не?
Ынтық қылып қойғаным.
Сізді ғана іздедім,
Тағар ма екен бізге мін?
Сізді сүйген жүрекке,
Татымайды жүз керім.
Сіз жоқ сәтте жалғызбын,
Сіз бар шақта таңғы ізбін.
Менше сүю бар ме екен?
Жазмышында әр қыздың.
Күз көңілде наз барын,
Айта алады аз ғана үн.
Сәлем айта саларсыз,
Сізге жетсе жазғаным.
Менің сырым – өлеңде!
Мен сыйлаған кітаптар,
Қаттаулы тұр сөреңде.
Сағындырсам... жиі ақтар,
Менің сырым – өлеңде!
Өзекті жан емеспін,
..Кінәлайсың босқа сен.
Өмір деген елестің,
Өлең болған нұсқасы ем.
Жалт беретін ғұмырда,
Жарқ ететін – жасын жыр!
Құздан тартып тұғырға,
Бауырына басып жүр.
Жайым болды белгілі,
Жаннан досты таппасым.
...Елес еншім ендігі,
Күпірлікке жатпасын.
Таусылса да төзімің,
Мойындамай жүргенсің.
Жан сыздатар сезімің,
Ақылыңа күрмелсін.
Мен алыстап кеткем жоқ,
Қасыңдамын үнемі.
Жыр жазылған беттер боп,
Жаным өмір сүреді.
Мен сыйлаған кітаптар,
Қаттаулы тұр сөреңде.
Сағындырсам... жиі ақтар,
Менің сырым – өлеңде!
Аңсар
Сенің шерткенің домбыра,
Менің шеккенім шер ме екен?
Бір ғұмырды екі сорлыға,
Ортақ қып неге берді екен?
Сенің көңілің аспанда,
Менің өңірім – қара жер.
Аңсарың ауған асқарға,
Қош айтыспай-ақ бара бер.
Сен ұста бұлттың етегін,
Сүрлеуім менің мың сынақ.
Көрерге көніп кетермін,
Жүремін кімнен құн сұрап?
Күн боп шық алаң-елеңнен,
Жақсыға жоқ қой таласым.
Деліғұлылау дегенмен,
Желмен де табам жарасым.
Кетсең, кет енді желікпе,
Көк болсын сенің тұрағың.
Сорымды сүйген кейіпте,
Сары бел болып тұрамын.
Жұлдыз өмір деп лайық,
Үздіге бермей бар енді.
Бұдан соң мекен қылайық,
Екеуміз екі әлемді.
Сенің көңілің аспанда,
Менің өңірім – қара жер.
Аңсарың ауған асқарға,
Қош айтыспай-ақ бара бер!
Жүрек заңы
Өткергендей өмір күзін,
Өлең жазам «әттеңге»,
Алабұртып қоңыр жүзім,
Гүл құшақтар сәттерде.
Арамыз ба, бір-ақ адым,
«Сүйем» десең егер кеп.
Жанарымнан ұяламын,
Сағынышын төгер деп.
Түседі екен еңсем қалай?
Түсінгендер үндемес.
«Ұнатпаймын» десем талай,
«Сүймегенмен» бір емес.
Жүрек заңы тосынырақ,
Жас, жағдайға қарамас.
Наз бен нала қосылып ап,
Бір соғады аралас.
Танымасам «жарлы күй» деп,
Сертке берік болғаным.
Бойдан биік тағдырым деп,
Қабылдаймын қалғанын.
Ақ параққа жаза берем,
Сенем десең көктер ем.
Сезімімді жаза көрем,
Өткерем ғой, өткерем.
Десем-дағы, ардың құны,
Әйтеуір бір өр елес.
Жанның нұры, жанның мұңы,
Ел айтатын сөз емес!..
Өлеңімді құт дейін бе?
Жақын етті жырақты.
Жауап жазба, күтпеймін де,
Әсері аз сияқты...
Ең бақытты сәттерім
Төс қалтаңда жыр жазатын дәптерің,
Маған ғана бұйыратын бақ па едің?
Алма-кезек сыр ашамыз,
Ол менің –
Ең жақұтты, ең бақытты сәттерім.
Бағың басым,
Барым, нарым, еңселім.
Саған ғана жылап алам жеңсе мұң.
Қалам ұстап жүрдім, оңған кезім жоқ,
Қабырғаң боп қалам түбі мен сенің!
Күз де жақын...
Аңқып тұр ғой қыр жусан,
Кірбіңімді ақ жауынмен бір жусам...
Босағаға кие болар келін боп,
Домбыраңа ие болар ұл тусам.
Кім не дейді?!
Жарасқандар десе ме?!
Уыз ғана толтырамын кесеңе.
Менің сөзім – сезімім ғой, сезімім,
Алла қайыр қылар десең, еселе.
Таңым атты!
Тәубе қылдым Хаққа мың.
Жақыным – сен, көрінеді жатқа мін.
Жанарыңнан жыр оқыдым,
Ол менің
Ең шуақты, ең шырайлы шақтарым.
Көркем
Мақпал түн, Жұлдыз, Ай бәрі,
Болмайтын шығар бірі тең.
Жаның да сенің жайдары,
Не деген көркем жігіт ең!
Жаутаңдап жүрген жас жанар,
Табар ед сенен бар емін.
Бөтен ойларға тас қамал,
Тартымды неткен жан едің?!
Шуақты күннен бетерсің,
Үндемей тындым мен іштен.
Арманым сынды екенсің,
Түр-тұлғаң түгел келіскен.
Ізгі ойға Аллам жарытқан,
Тарылмас болар тынысың.
Жақсылық бойға дарытқан,
Құдайдың сүйген құлысың.
Сызылта әуен қосып ең,
Көңілдің тауып пернесін.
Бір медет менен тосасың,,
Қайтейін... Сен де пендесің.
Бақыт тұрса да басымда,
Дүбіріне ердім дүрмектің.
Жүрсең де күнде қасымда,
Осының бірін көрмеппін.
Шарықтап жүрген көңілдің,
Жалауын жерге түсірдім.
Қара мен ағын өмірдің,
Сен кеткен кезде түсіндім...
Кешірім
Тізеңді жерге тигізіп,
Аласармашы, арысым.
Басыңа қамыт кигізіп,
Әкелген күштің бары шын.
Бес күндік жалған бар соры,
Төлейді түбі құнын нұр.
Жүрегің менде, ал соны,
Үн-түнсіз жүріп ұғындыр.
Оң қол мен сол қол арасын,
Гүл қосып...
Маған сыйың ба?
Шолпының жасап жобасын,
Шашыма тағу қиын ба?
Назым бар, өкпем жоқ бірақ,
Кешірім сұрап не етесің?
Шығынның бәрін топшылап,
Уақыт мырза өтесін.
Жұматай жыры жебейді,
Уайым кештің бекер сен.
Менi ешкім арлы демейді,
Өзіңнен биік көтерсең.
Қолымнан ұстап аспанға,
Қарасаң қызбын кешipep.
«Ғұмырым» деген дастанғa,
Айналып кеткен есіл ер.
