«Поэзия - қаныңның сияға айналуы» дейді әйгілі Эллиот. Бүгін қазақ поэзиясының мэтрі, Фариза Оңғарсынованың туған күні. Ақынның бір өлеңіне қатысты жазылған мынабір қысқаша жазбамыз қаламгердің рух шәрфіне жасалған үшбу дұғамыз бен мәрсиямыз десек те болады...
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен...
Алған деміңді жиілетіп жүрегіңнің ырғағын бұзған мұндай құдіретке қалайша тәу етіп, ғазиз басыңды имейсің енді.
Кейде көкірегіңе мынадай бір ой келеді. Осы, қатыбас, қаныпезер жандар бір ғұмырында бір адамды ессіз жақсы көріп, оны өліп-өшіп сүйе алды ма екен деген. Әй, қайдам. Дәл осыған зор күмән бар.
Гүлді саусағымен сыйпап шын аялаған адамның алақанында сол гүлдің исі қалатыны секілді жақсы көрудің жұқанасы өз бойында болмаған жан исі адамзат нәсілін қалайша жақсы көріп, елжірей сүюі мүмкін?!
Ет жүрегі бір шым етіп ауырмастан дәл өзіндей ет пен сүйектен жаралған пенде баласына зор қиянат жасап, оны еш ойланбастан қанға бояуының астарында, айналып келгенде, бір түйір жан баласын жақсы көре алмауының сырқаты жатыр ма деймін...
Сөз авторын ұмыттым. Түпкі мағынасы мынаған саяды. «Сапарға кеткен жалғыз сен. Ал өзіңсіз күллі шаһар қаңырап бос қалғандай...».
Бұл құлазуды тек ғашық адам ғана жан-тәнімен етене түсіне алады емес пе? Рас, жақсы көрген адамың жаныңнан бір мезет ұзағанда көңілің күзгі ел еңкейген жайлаудай ерекше құлазиды. Ал жаныңда жарқырап жүрер болса ше? Енді бұл ахуалды поэзия тіліне көшіріп көрсек: «…Біреуді жақсы көрген қандай жақсы – нұрланып кетеді екен бар айналаң» (Фариза Оңғарсынова).
Қандай ғажайып таным. Шынымен-ақ, щедевр өлең.
«Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Осы орайда өз орындауымда Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтың әйгілі осыбір әнін назарларыңызға ұсына кетсем деймін.
Осы бір нұрланудың ішінде адам тілі айтып бере алмас мың сезімнің сырлы ағысы жатыр. Өміріңе ерекше мағына дарытқан сол мезеттердегі жұтқан ауа да, шығарған дем де бөлек. Шынымен-ақ, сол мезеттер – нағыз жүрек сыбдырының тілі... Бұл ғажайып халді тек өз өн бойынан өткізген, көңілінде бір мысқалдай да мейманасы жоқ парасатты адам ғана түсінеді.
Неге парасатты адам ғана түсінеді?
Себебі ғашықтық нәпсіге маталған либидолық тән құмарлығы емес. Ол – біз ойлағаннан әлдеқайда биік, әлдеқайда құдіретті ұғым.
Ғашықтық – асқақ ұғым. Ғашықтықта тек биіктеу мен құрбандық қана бар. Айталық, адам өзінен төмен жанға ешқашан ғашық болмайды. Ал құмарлықта керісінше, шалбарлық шекке дейін құлдырау мен төмендеу бар (Бірден айтайын, махаббат пәлсапасында ешқандай «неке қағидасы» мен «секс ұғымы» жоқ).
Ғашықтық жан қалауынан туса, құмарлық керісінше тән қалауынан туады. Абайдың «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол...» деп арасын ашалап айтып отырғаны да осы.
Ал осы бір ойдың түйіні іспетті төмендегі мына бір шумақ өмірді нұрландыруды, өшпенділікті тоқтатуды шын жүрекпен уағдаласқан ұлы декларациясы секілді.
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен...
Енді бұдан кейін көсемсіп, бір түйір сөз айтудың өзі тым әбестік болар...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты
қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған
жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.
Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.