Астана. Оң жағалау. Желтоқсанның соңы. Кешқұрым.
Үйдің маңындағы Zebra кофеханасына жұмыстан соң бір соғып кету дағдылы әдетім. Кофе ішіп отырып кітап оқыған, жаңалықтарды қарап, кино көрген, ән тыңдаған ұнайды. Мен үшін ең жақсы демалыс – осы. Жаным сергіп, күйбең тірліктің бар ауыртпалығы бір сәт болсын ұмыт болады. Уақыт озып, өмірге деген көзқарасың өзгерген сайын жалғыздықты көксей түседі екенсің. Жалғыздық қана ең сенімді, сырлас досың болып қала бермек.
Бүгін күндегі уақыттан ерте келдім. Жылдың соңы болған соң жұмыстан екі-үш сағат бұрын қайттық. Бірақ шағын кофеханада кісі қарасы көп. Бос орын шыға қоймады. Қайтуға оқталып тұр едім, «мына орын бос» деді жүзі таныс даяшы. Жартылай желінген торт пен кофенің ыдысын көріп кісі бар болар деп едім. Отыра бергенде бір шетте тұрған кітапты байқадым. Иесі келіп қалар, мүмкін. Ыдысты алақаныммен қыстым, кофенің жартысы бар, бірақ суып қалған. Асығыс шығып кеткен сыңайлы.
Кітапқа көз жүгірттім: Авторы – Ділда Уәлибек, атауы – «Дегелең».
Таныс әрі соны атау. Мұқабаның сол жақ шетінде «Абай облысы» деген жазуды, жатаған тау мен сары даланың суретін көріп өзіміз білетін Дегелең екеніне күмәнім қалмады. Абай облысына сыбай қонған аймақтан болған соң елең ете қалдым.
Қаламгер болмасам да өзімді жақсы оқырман санаймын. 15 жыл бойы әдеби газет-журналға арнайы жазылып, оқып жүрдім. Әкем үйреткен әдет. Кітапханаға түскен жаңа кітаптарды да қалт жібермеуге тырысатынмын. Соңғы 3-4 жыл мұғдарында жұмысбасты болып, кітап оқуға көп уақыт бөле алмай жүрген маған мынау көлденең олжа болды.
Кітапты аялай сипап бірінші бетін аштым. Автордың суреті басылған. Қазақтың қаракөз қызы. Жас ақын. Биыл ғана (2025 ж.) Алматыдан жарық көрген кітабына өлеңдері, балладалар мен поэмалары еніпті. Енді соңғы беттерін ашып, мазмұнына зер салдым. Төрт бөлімнен тұрады екен: бірінші – «Шыңғыстау», екінші – «Дегелең», үшінші – «Туған жер этюдтері», төртінші – «Шеңбер». Аннотацияда әр бөлімде не жазылғаны туралы шағын мәлімет бар.
Кітапты оқымас бұрын автордың өмірімен жетік танысқан жақсы. Ділда да Семей топырағының қызы тәрізді. Интернетті ақтардым. Дәл солай. Тіпті Қарауылда туған. Автор көзіме жылы ұшырай берді. Бір жерден көрген сияқтымын. Қайдан? Көз алдыма дәл осы кофеханада әр кеш сайын жазу жазып отыратын жұдырықтай қыз келе қалды. Тура өзі. Қара күзден қыстың басына дейін аяқ суытпай келген. Күн сайын не жазады деп әрі қызығып, әрі таңданатынмын. Көп жыл көрмеген досыммен кездескендей қуанып кеттім. Жинақты оқуға бір әуестік жетелей түсті. Кофеге тапсырыс бердім де жыр-тұмаға бас қойдым.
Бірінші бөлім – «Шыңғыстау».
Топырағы құт, құрсағы алтын Шыңғыстауға ұдайы барып, зиярат етіп тұрам. Әр жолы жаным жасарып, рухым нұрланып қайтқандай күй кешетінмін. Дегенмен Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар туған мекеннің жүдеу кейпі, жадау күйі көңілді мұздататын. Бұл өлкеде ақын болып туу оңай шығар, бірақ оны жырлау қиын. Себебі сенен де бұрын қаншама сөз зергері, жыр дүлдүлі, ой алыбы қарт Шыңғысты қаламымен тербетті. Ендігілер не айтпақ? Әлде бұрынғылар салған соқпаққа түсіп, сапарын қайталай ма? Жоқ, жастардың өз өні, өзгеше өрнегі болуы тиіс.
Алғашқы өлең «Абай жолын» оқығанда-ақ ойға шырмалдым. «Расымен де, уақыт өтпейді, тек дәуірлер кезегімен алмасып отырады екен-ау!» деймін күбірлеп. Кітап бірден өзіне баурады. Келесі өлең – «Балта-Орақ». Семейден Жидебайға бастайтын жол үстінен Балтатарақ деген ауылды көріп, ол жайлы аз-кем аңыз да естіп едім. Соны жырлапты. Жүректі солқ еткізіп, қамырыққа бөлейді. Шыңғыстауда қосылмаған ғашықтар хикаясы аз айтылмаған шығар. Ал Орақ пен Толқынның тағдырын – қара Ертіске «Тұншығып барып толқын боп соққан жүректер» дейді ақын.
Мен кітапты сызып, өзім ғана түсінетін белгілер қойып оқығанды тәуір көрем. Мына жинақ маған тиесілі болмаса да, өзіме ұнаған жерін сызып отырмасам бірдеңені ұмыт қалдырғандай көңіліме алаң кірді. Неде болса деп сөмкемнен қарындаш алып шықтым.
Міне, Әуезов жадымызға сіңірген әйгілі «Күшікбай асуына» келдік. Әуелі «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаны өлеңнен іздедік, таптық. Оқушысына шер жұтқызған мұңлы әңгімені ақын өзгеше тәпсірлейді.
«...Ең сұмпайы ажал емес, тегінде,
Ең қатігез өлім емес, шынында». Уақыт өтер. Боздағаның басылып, боз төбеге шөп шығар. Сонда қасіреттің орнында сабырлы ақыл қалар. Бұл жырды да бойына сіңген ойды төгілте сөйлеткен, ақылды жүректің сөзі дер едік.
Әуезовтің «Мұңлы қоңыр» Бөрілісін жырлағанда өшкен жұртты – «қоңыр күндер қорымы», ал туған үйінің шам жарығы енді түспейтін терезесін «суырылған жүректің үңірейген орыны» дейді. Көбіне жер аттарымен аталатын одан кейінгі өлеңдерден де «қалам ұшын көкіректің көктемі гүлдеткенін» көресіз. «Ойқұдық» оқулықта тұратын-ақ өлең.
Ділда туған өлкесінің тамыр соғысын, өткен күннің иірімдерін жетік біледі. Бірақ қанша шерлі болса да, қайғы мен мұңды үйіп-төкпей, тәп-тәтті ғып, керек жерін жүрек таразысына салып үнеммен пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда қарапайым, шыншыл, әсіресе бояусыз мөлдір өлеңдер. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, айтпай жеткізері көп.
Әуелгі сезім бастан-аяқ үзілмейді. Әр өлеңде уақыттың бәрін жеңетін жемірлігі, баянсыз дәуреннің жаңғырығы бар. Бірақ оған бас имейді, күйремейді. Өмірге деген іңкәрлік алға жетелеп отырады. Тарих қатпарына бойлап, сарғайған парағын ашқысы келгенімен уақыттың үгіндісі сусып, қолға тұрмайды. Сол арқылы ақын өзін іздейді. Өз жанына үңіледі.
«Құм менен тас қазақ ұғымында ежелден жазудың, еске сақтаудың т.б. символы болып саналады». Бұл туралы жазушы Таласбек Әсемқұлов бір мақаласында таратып айтады. Онда: «Кибернетика ғалымдары жалтақтап отырып мынадай пікір айтады: құм, бұл дүниеде не оқиға болды, соның барлығын кванттық деңгейде («квантавая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осы кванттық суреттерді сыртқа шығарады» дейді. Қысқасы, құм мен тас бәріне куәгер, ештеңені, ешқашан ұмытпайды. Күндердің күнінде осы далаға тіл бітіп, бәрін айтып берсе ғой деп көксейтініміз рас (Бұл тарихқа есесі көп кеткен, хақ шындығы бүркемеленген халықтың ұрпағына ортақ менталитет шығар, бәлкім).
Өлеңге қайта оралайықшы. Ділда да Шәкәрім жайлы шындықты іздейді. Әрине, таппайды. Сосын «Керегетаспен» тілдеседі. «Барлығы сенің есіңде, сандығыңа сақтай бермей сол ақиқатты ашшы» дейді. «Көп жендеттен кемеңгерді қорғап қалмадым деп өзіңді-өзің мүжитін де шығарсың» деп жұбату айтады. Шәкәрімнің сүйегі отыз жыл жатқан «Құрқұдық – біздің шерменде, көрдей көкірек, Көмусіз қалған мұң менен зардың мекені» дейді. Бұдан артық не айта алмақпыз?!
Кітаптағы ең арналы саланың бірі – Шәкәрім хақындағы жырлар. «Аскеза» өлеңінің тақырыбы-ақ рухани кемелдікке жеткен ғұламаның болмысын аңғартқандай. «Саятқора емес бұл, Ұлы, мәңгі, мәртебелі Жалғыздық». Жалғыздық феномені таратып айтқанға таусылмас тақырып. Мен ол туралы жеткізіп айта алмаймын, тек осындай оңаша сәттерде сол күйді сезінуге ұмтылам...
Ақын ойының түйіні іспетті, бірінші бөлімдегі салмақты шығарма – «Шәкәрімнің суреті» поэмасы. Жастар поэмадай соқталы жанрға қалай тіс батырды деп тосаңсып бастағам. Бірақ поэмадағы Шәукен отқа жаққан қап-қап қағаздай өзегім қоса өртеніп бара жатқанын сезіп те үлгермедім. Әрине, ауылдарында болған оқиға шығар. Ділданың әке-шешесі Шәкәрімнің көзін көрген кісілерді көрді ғой. Қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы, жүректі өртейтін, дәмі таңдайда қалатын әсерлі поэма. Өткен ғасырдың атаусыз қалған шындығы мен айтылмаған қасіреті – бұл. «Тілі жоқ», әлденені ымдап қаншама Шәукендер өтті. Өз шындығын бірге ала кетті. Ең өкініштісі оларды ұғына алмадық. Одан да өкініштісі біздің ортамызда да көптеген Шәукен әлі бар...
Бірінші бөлімнің соңына жетіппін. Екінші бөлім – «Дегелең». Семей сынақ полигонында 1949-1989 жылдары 468 ядролық сынақ өткізгені жайлы кіріспесін оқып-ақ жүрегім шайлығып қалды. Жақсы, ойлы өлеңдерді оқыған ауыр. Жүрекке салмақ салады. Бір сергіп, темекі шегіп қайтпаққа сыртқа беттедім. Бағанағыдай емес кофехана тынышталып қалыпты. Қас қарайған. Көшеде сабылыс көп. Бәрі жаңа жылды күтіп әлектеніп жүрсе керек. Мен алдымнан ашылған бейтаныс ақынның жауһар жырынан тағы да баһра алмаққа асығып ішке кірдім.
Екінші бөлім «Жарық» атты көлемді поэмамен басталады. Өзіме ұнаған жолдарды сызып отыратынымды жаңа айттым емес пе. Бұл жолы маған 56 беттік поэманы түгел сызуға тура келді (Автордан кешірім сұраймын).
Соңына: «Көңілді мың толқытқан, бастан аяқ мөлдір қасіретімен, буырқанған қуатымен ішіңді алай-дүлей күйге бөлеген тамаша поэма. Рақмет!» деп жазыппын.
Оқып біткенше демімді ішіме тартып, орнымнан үш-төрт рет тұрып та кеттім. Жақсы туындының сарқылмас әсері ғой. Бекежан Тілегеновтің «Қара жел» романын оқығанда Дегелең дерті кеудені күйдіріп еді. Мына поэма одан да асып түсті-ау!
Поэма 6 бөлімнен және пролог пен эпилогтан тұрады. Әуелі «Жарық» сөйлейді: атом сынағы жарылған мезетте шыққан, «тағдырдың тезіне айналған» Жарық.
«Ол түнек еді көз қарықтыратын,
Ол көздің өзі еді,
адамның өзіне қарап жанып тұратын»...
Екінші бөлімде түн сайын сөйлейтін, тісін қайрайтын, жылайтын, қамығатын, жалынатын, «тамыры бүлкілдеп соғатын» тастарға тіл бітеді;
«Өлім мен өмірдің бірін құшақтап, бірін арқалаған» топырақ мұңға бөленеді;
«Күл мен жас аралас иіс» шыққан даланың қабырғасы қайысады;
«Содан бері жауғысы келмейтін, Дегелең жаққа барғысы келмейтін» бұлт күрсінеді;
«Мен жарқ еткен соң аспан у төгіп жыламайтын, Құстар қанаты өртеніп құламайтын» деп найзағай назаланады;
«Күлтесінен, қауызынан, бүршігінен мүлдем өмірдің иісі сезілмейтін» гүл күрсінеді;
«Қасіретті жуып кетіретіндей қауқарым қане?» деп судың сілесі қатады;
«Бір басымен у, бір басымен су жұтқан» екі басты балық торығады;
«Содан бері маған өртеніп кеткеннің бәрі – туыс» деп ағаш егіледі;
«Күйікпен күйікті емдеген» құс құсаланады;
«Мен тіршілікті бастап бердім, Сен аяқтауға шақ қалдың» деп күн күңіренеді;
«Мен аман қалдым, бірақ тірі емеспін» деп тау егіледі...
Ділданың жазу стилі де ұнамды. Қара өлең мен қазіргі жаңашыл поэзияның арасын тоғыстырған леп бар. Поэма аққан судай оқушыны жетелеп алып кетеді. Жасандылықтан, ұйқас үшін де құрылатын артық-ауыс сөзден ада.
Үшінші бөлімдегі «Құрсақ», «Ұрпақ», «Бесік», «Ана», «Әке», «Ойын» атты өлеңдер – полигонның зардабына тереңірек үңіліп, «жарықтың баласы» саналатын ұрпақтарға жырмен ескерткіш соғады. «Ең алғаш адамды емес ажалды көрген, жерге табаны емес алғаш жамбасы тиген, жөргекке емес алғаш кебінге оранған» ұрпақтың тағдырын оқығанда кеудеңнен бірдеңе үзіліп түскендей болады. «Жап-жас ақын мынандай қасіретті қалай жаза алды?» дейсің.
Сонда барып есіме «Атом улаған дала» кітабы түсті. Авторы Тоғжан Қасенова бұрынғы полигон аумағын зерттеп, ондағы адамдармен сұхбат құрғанда қасіретті тарихты, тіпті баласының асылып өлгенін ауызекі әңгімедей айтқанына таңғалатыны бар. «Сұмдық трагедияны жай оқиғадай айтып отырған жандарды көріп, жүрегім езілді, олар айқайлап жыласа, бұлай әсер етпес еді деп ойладым... Тек бір таңғаларлығы – олар қиындыққа мойымаған, өмірдің әр сәтіне қуана алады және туған жерін мақтан тұтады» дейді.
Әбден сүйегіне сіңісті болды емес пе. Жылап та, өкініп те, үміт күтіп те шаршаған олар. Қарауыл да сынақ аймағына тиіп тұр. Ділданың қаламынан да сондай суық сабыр мен нұрлы ақыл анық көрінеді. Дегелеңнің дерті жүрегіне сіңбесе, көңіліне хатталмаса осылай жаза алсын ба? Әрбір жолды айтып тамсануға болады. Бірақ оны мысал ретінде келтіріп емес, үнсіз ғана сезіну лазым.
Кеудесіне қасық қойып, медаль тағатын «магнит балалардың» ойынына қайта бір қараңызшы. Мұндай шынайы, мөлдір қасіреттер әдебиетте сирек кездесер.
Поэманың төртінші бөлімі – «Тән», «Өкпе», «Сүйек», «Ұйқы», «Күлкі»;
Бесінші бөлімі – «Сезімдер», «Жылу», «Арқан», «Шеге», «Күнделік»;
Алтыншы бөлімі – «Ғалым», «Сарбаз», «Жан», «Жарық», «Кешірім» сынды өлеңдерден тұрады.
Әрбір өлеңді оқығанда ішіңді «Жарық» өртеп кеткендей күйге түсесің. Автор бейтарап тұрып сөйлейді. Ешкімді кінәламайды, кіжінбейді. Бірақ сол байсалды қалпымен-ақ қасіреттің иіріміне шым батырады. Мысалы, «Сарбаз» өлеңінде:
«Бізге тек бұйрық береді,
Біз тек есеп береміз,
Одан өзгеге қауқарымыз жетпейді.
Мен ешкімді өлтірмедім» дейді ол,
«Атпадым».
Бірақ мылтығының ұңғысынан
Жарық пен ажалдың иісі кетпейді» дейді.
Міне, осындай сүйекті, ойлы шығармаға қанша тамсанса да жарасардай. Қазақ поэзиясына «Жарық» келгеніне қуанамыз. Жастардың ішкі жарылысын, жан дүниесіндегі ғаламат күйді көбірек сезіне түскіміз келеді.
Поэмаға елітіп Zebra кофеханасында отырғанымды ұмытып та кетіппін. Тағы да далаға шығып, шылым тарттым. Кісі азайыпты.
Кітап ары қарай «Мыс іздегендер», «Қырық жігіт» балладаларымен жалғасады. Екеуі де полигон жабылғанымен, ол салған жара әлі айықпағанын көрсетеді. Сонда қашанғы жалғаспақ? Ашылмақ жұмбақ көп. Генетикамызда, жадымызда қалған бұл жараны қалай емдей аламыз?
Кітаптың аяқталуына бір-екі бет қалғанда даяшы қыз келіп:
– Аға, біз жабылағалы жатырмыз. Бүгін кішкене ерте қайтайық деп едік! – деді сыпайы тіл қатып. Айналамда менен басқа ешкім қалмапты.
Соңғы екі бөлімде де сөздің мінезін, болмысын, жанын жақсы сезінген өлеңдер аз емес екен.
– Мына кітапты мен алып кетемін. Ертең біреу іздеп келсе айтарсың, бірер күннен соң әкеп тастармын, – дедім.
Арқаның аязды түнінде көксауыр аспанға қарап көкірек кере тыныс алдым. Тамыр-тамырымды «жарық» кезіп жүргендей. Бұрын бір жақсы кітапты аяқтаған соң кеудемді осындай қуаныш кернеп, жападан жалғыз ұзақ-ұзақ жүргенді жақсы көруші едім. Сол күндер еске түсті.
Ділданың «Қарауыл төбе» өлеңіндегі мына шумақтар тіл ұшына орала бергені:
«Бала кезде тау еді,
Кейін білдік, төбе екен.
Қыр-қыраттан, адырдан
бір бас биік жер екен.
Артқа тастап жылдарды
қайырыла кеп байқаған,
Құзар шың боп көзіме,
көрінсең ғой қайтадан...».
Кітапты тәмамдағанда сол кіршіксіз балалық шаққа қайта оралғандай күй кештім. Бұл да болса жаныңды нұрға бөлейтін поэзияның құдіреті.
Мен үйге келгенде сырт тарсыл-гүрсілге толып кетті. «Дегелеңнің» әсерінен айықпаған мен не болды екен деп шошып кеттім. Сөйтсем сағат тура 00:00 болыпты. Ел жылқы жылын қарсы алып жатыр. Терезеден қарап тұрдым. Астананың аспаны отшашуға толды. Бір кездері ядролық «саңырауқұлақ бұлтын» көрген, зардабын шеккен ел, міне, жаңа өмірді қарсы алып жатыр. Осы бейбіт күнге тәубе дейміз. Ал ұлттың жадындағы жараны Ділда секілді зерделі жастар әлі де ашар, ұмытпас.
Әдебиетке қуатты толқын қосылса, көлеңкеде жүріп кітап оқитын біз сияқты қарапайым оқырман қабағат қуанады. Қолынан келсе осылай әсерімен бөлісер. Ал шын бағасын сыншылар айта жатар.
Жыр бәйгесінде жолың болсын, Ділда!
Жанайдар ДӘМЕУ
