Жасанды интеллект дәуірінде көркем әдебиет әлсірей ме?
Өткенде, Алматыдан бір топ жазушы Балқаш ауданына, классик жазушы Бек Тоғысбайдың мерейтойына бардық. Жол қысқарсын деп түрлі әңгіме айттық. Қызу талқы. Сондай бір дау жасанды зерде, яғни жасанды интеллект төңірегінде өрбіді. Техникалық мамандықтың профессоры, белгілі ақын Бауыржан Қарабеков ағамыз жасанды зерденің зейінін, игілігін айтып, нанымды дәлел келтірді. Содан терең ойға қалдық... Соны қағаз бетіне түсірген болдық.
Иә, бүгінгі әлем бұрын-соңды болмаған технологиялық төңкерісті бастан кешіп жатыр. Техногенез заманы. Жасанды зерде бірнеше секундтың ішінде өлең де жазады, әңгіме де құрастырады, романның жоспарын да жасап береді. Ол ғылыми мақала жазуға, сценарий әзірлеуге, тіпті белгілі бір жазушының стиліне еліктеуге де қабілетті. Осындай өзгерістер қоғамда бір маңызды сұрақты күн тәртібіне шығарды: жасанды интеллект дамыған сайын көркем әдебиеттің рөлі әлсірей ме? Ал жазушының орнын машина баса ала ма? Бұл – тек әдебиеттің ғана емес, адамзат өркениетінің болашағына қатысты зор мәселе.
Өткен тарихқа қарасақ, жаңа технология пайда болған сайын дәл осындай күмән туындаған екен. Алғаш фотоаппарат шыққанда суретшілер жоғалады, бейнелеу өнері құриды деп байбалам салыпты. Теледидар келгенде театрдың күні бітті деген. Интернет тарағанда кітап оқылмайды деген пікірлер айтылды. Бірақ олардың ешқайсысы толығымен жоғалып кеткен жоқ. Керісінше, жаңа жағдайға бейімделіп, жаңа қызмет атқара бастады. Жасанды интеллектке қатысты да дәл осындай үдеріс жүріп жатыр.
Рас, ЖИ мәтінді жақсы жаза алады. Ол миллиондаған кітапты, мақаланы, сценарийді талдап, солардың негізінде жаңа мәтін құрастырады. Оның жылдамдығы адамнан әлдеқайда жоғары. Бірнеше минутта бірнеше нұсқа да дайындай алады. Бұл журналистика, жарнама, техникалық сипаттамалы құжат жазуда немесе қарапайым ақпараттық мәтін әзірлеуде үлкен көмек бере алады. Десе де көркем әдебиеттің орны бір бөлек.
Көрркем әдебиет – қарпайым мәтін жинағы емес. Әдеби шығарма – адамның өмірден түйген тәжірибесі, жүрек наласы, жарасы, қуанышы, өкініші, сағынышы мен үмітінің көркем бейнеге айналған көрінісі. Мысалы, ЖИ машина сөзді біріктіре алатын шығар, бірақ баласын жоғалтқан ананың жанайқайын сезіне алмайды. Ол соғыстың қорқынышын, туған жерден айырылудың қасіретін немесе алғашқы махаббаттың толқынын бастан кешірген жоқ. Сондықтан оның жазған мәтінінде композиция болуы мүмкін, бірақ өмірдің кермек дәмі, тағдыр тезі, түрлі сезім шырғалаңын дәл бере алмайды. ЖИ жазған мәтін толғантпайды, толқытпайды.
Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» немесе Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнін» ұлы шығарма еткен нәрсе – суреткерлік өнер. Аталған біртуар жазушылардың өмірлік тәжірибесі, тарихи танымы, философиялық көзқарасы және адам жанына үңілу қабілеті көркем өнер тудырды. Әдебиет деген – бекзада жанр, ақсүйек өнер.
Анықтап қарасаңыз, жасанды интеллект көбіне өткенді қайта құрастырады. Ал жазушы жаңа дүниені тудырады. Әдебиет тарихындағы ұлы шығармалар өз дәуірінде ешқандай үлгіге ұқсамаған. Франц Кафка, Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Оралхан Бөкей немесе Төлен Әбдік қалыптасқан әдеби қалыпты бұзып, жаңа көркемдік кеңістік ашты. ЖИ болса көбіне бұрын жазылған дүниелердің заңдылықтарын жалпылап, соларға сүйеніп мәтін құрайды. Демек, ол жаңашылдықты емес, жинақталған тәжірибені жақсы меңгереді.
Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Жасанды интеллекттің кең таралуы әдебиетке қауіп төндіретін негізгі фактордың өзі емес. Нағыз қауіп – адамның ойлануға деген қажеттілігінің азаюы. Егер оқырман қысқа жауапқа, бірнеше секундтық бейнероликке және дайын мазмұнға ғана үйреніп кетсе, күрделі романды оқуға деген шыдамы да азаяды. Бұл жағдайда мәселе ЖИ-де емес, оқу мәдениетінің әлсіреуінде. Қазіргі жасөспірімдер мен балалардың дайынға әуес болуы ойлантпай қоймайды.
Тағы бір маңызды мәселе – шығармашылық ісінің арзандауы. Қазір бірнеше минуттың ішінде жүздеген өлең немесе ондаған әңгіме жасауға болады. Соның салдарынан жасымық мәтін көбейеді, бірақ сапалы әдебиет автоматты түрде көбеймейді. Керісінше, шынайы көркем шығарма ақпарат тасқынының арасында көзге көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан болашақтағы ең үлкен құндылық жасынды мәтіннің көптігі емес, оның көркемдік деңгейі мен шынайылығы болады. Болашақта кәсіби жазушының құны артады, әлеуетті әдебиеттің бәсі биіктейді.
Жасанды интеллект жазушыға қарсы бәсекелес емес, керісінше, көмекші құралға айналуы да ықтимал. Бүгінде көптеген қаламгерлер оны дерек іздеуге, жоспар жасауға, аудармаға немесе редакциялауға пайдаланады. Бұл бұрын жазу машинкасы немесе компьютердің пайда болуына ұқсайды. Компьютер ақынды алмастырған жоқ, бірақ оның жұмысын жеңілдетті. ЖИ де дәл осындай қызмет атқара алады.
Алайда әдебиетте ешқашан алгоритм өлшей алмайтын құндылықтар бар. Ол – ар-ождан, моральдық таңдау, ішкі қайшылық, сағыныш, өкініш, кешірім, махаббат, ұлттық жады және тарихи жауапкершілік. Бұлар тек сөз емес, адамның өмір сүрген тәжірибесінен туатын рухани құбылыстар. Сондықтан жазушының басты күші – сөз жазуында емес, адамды тануында, көңіліне оң ықпал етуінде.
Қазақ әдебиеті үшін бұл мәселе тіпті маңызды. Біз технологиялық жарысқа қатысып қана қоймай, ұлттық дүниетанымды, қазақы ойлау жүйесін, тарихи жадты және тілдің көркемдігін сақтап қалуымыз керек. Егер болашақ ұрпақ көркем әдебиетті емес, тек жасанды интеллекттің қысқаша мазмұнын ғана оқитын болса, онда олар қазақ тілінің бейнелілігін, мақал-мәтелдің тереңдігін, шешендік өнердің қуатын толық сезіне алмайды. Бұл – тек әдеби мәселе емес, ұлттық мәдениеттің мәселесі.
Сондықтан бүгінгі күннің басты сұрағы «Жасанды интеллект жазушыны алмастыра ма?» деген мәселе емес. Негізгі сұрақ – адамзат көркем әдебиетке деген қажеттілігін сақтай ала ма? Егер адам өмірдің мәнін, өзін және өзгені тануға ұмтылса, әдебиет ешқашан жоғалмайды. Өйткені әдебиет – ақпарат жеткізудің құралы емес, адамды адам ететін рухани тәжірибе. Сондықтан болашақта жазушының кәсібі жоғалмайды, бірақ оның миссиясы өзгереді. Ақпарат өндіретін адам емес, адам жанының зерттеушісі ретінде оның маңызы бұрынғыдан да арта түсуі мүмкін... Өйткені жасанды интеллект дамыған сайын адамзатқа адамның өз үні, өз тәжірибесі және шынайы сөзі бұрынғыдан да қымбат бола бастайды. Қайталап айтамын: таяу болашақта интеллектуалды еңбектің шынайы бағасы артып, сұраныс көбейеді. Соны ұмытпайық!
