Бүгін танымал жазушы, журналист Жұмабай Шаштайұлының туған күні.
Ұлттық әдебиет пен журналистикада айқын қолтаңбасын қалдырып, өзінен кейінгі бірнеше буынға тәлімгер ретінде танылған қарымды қаламгердің туғанына 75 жыл толды. 2024 жылы 12 наурызда мәңгілік сапарға аттанған жазушының мерейлі жасын қалың елі еске алып, атап өтері сөзсіз.
Жазушылық пен журналистік қызметті қатар алып жүріп шығармашылық ғұмырын жасаған қаламгердің өмірдерегіне аз-кем тоқталып өтелік. 1950 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген Жұмабай Шаштайұлы орта мектепті бітірген соң Жамбыл облысы, Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жұмыс істейді. Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін сырттай оқып бітіреді. 1980 жылы наурыз айында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке келеді. 1987 жылға дейін осы басылымда және «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде журналистік қызмет атқарады. 1987-1990 жылдары республикалық «Жалын» жастар журналында жұмыс істейді.
Ұлттық діл, тілде ояну, жаңғыру дәуірі басталған кезеңде, 1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. 1992-1996 жылдары республикалық «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген Жұмабай Шаштайұлы 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болып, аталған газеттің еліміздегі оқылымды, танымал басылымдар қатарынан табылуына қажыр-жігер, қабілет-қарымын жұмсайды.
Қазақ радиосында да жемісті еңбек етіп, 2002-2006 жылдары бас редактор ретінде өз қолтаңбасын қалдырған Жұмабай Шаштайұлы. 2008 жылдан 2017 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
Әдеби шығармашылық жолын проза жанрында бастаған қаламгер «Қызыл су» хикаятымен Жалын» баспасының дәстүрлі бәйгесінде 1979 жылы жүлдегерлер қатарынан көрінеді. «Қияда» атты хикаяты 1982 жылы «Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа енгеннен бергі кезеңде, әр жылдары «Қызыл қар» (1984), «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс» (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық», «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» т.б. туындылары жарық көрді. Коммунистік дәуірдің жасанды мұраттарына, таптаурын сүрдегіне сыни көзбен, сергек санамен қарай білген жас қаламгердің 1984 жылы «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы саяси қырағы көздердің назарына ілініп, қатал сынға алынады.
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің стипендиаты Жұмабай Шаштайұлы
әдеби туындыларынан өзге, республикалық басылымдарда жарияланып тұрған мақалаларындағы жаһандану дәуіріндегі ұлттық мұрат, елдік сана, ұрпақтар сабақтастығы т.б. жайындағы өзекті ойлары оқырмандар тарапынан әрдайым қызығушылыққа ие болды.
Жұмабай Шаштайұлы қазақ телевизиясында да айшықты із қалдырды. «Қазақстан» ұлттық арнасында 2002-2005 жылдар үздіксіз көрермендерге ұсынылған, қазіргі күні де ғаламтор бетінде көптеген шығарылымдары жүктеулі тұрған «Үзеңгі жолдас» бағдарламасы арқылы қазақтың небір асылдарымен пойыз вагонында, шай үстінде сұхбат құрып, көрерменді тарихи тағылымның тереңіне бастайтын, рухани құнды мұра.
Жұмабай Шаштайұлының әдеби мұралары туралы көзінің тірісінде-ақ көп пікірлер айтылып, қызу талқыланып, лайықты баға беріліп жатуы – туындыларының шынайылығының, оқырман көңілінен шыға алғандығының айғағы. 2020 жылы «Әдебиет порталының» «Кітапқұмар» бағдарламасында белгілі қаламгер, сыншы, әдебиеттанушылар Айгүл Кемелбаева мен Амангелді Кеңшілікұлының қатысумен жазушының «Аяз би» туындысы талданған еді. Жазба ғаламторға жүктелгеннен кейін Жұмабай аға хабарласып, рақметін айтып еді. Бұл – аз да болса еңбегіңді бағалаған кісілік-кішіліктің көрінісі ғой.
Жұмабай Шаштайұлының әдеби көркем туындылары мен бейнебаяндарында, әр жылдары берген сұхбаттарында елдің, тілдің, ділдің ертеңіне деген алаң көңіл анық аңдалып тұратыны бар.
Жазушының өзі бірде «Қазақ әдебиетіне» берген сұхбатында: «Ең қорқыныштысы сол, жазған дүниең қолма-қол ескіріп, түкке де татымай қалатындай көріне береді. «Кешегі оқылымды шығарма бүгінгі оқырманды тебіренте ме?» деген ой қазір ешкімді алаңдатпайтындай. Бүгінгі оқушы бейнесін елестеткен кезде сериалдарды үзбей көріп, елігетін жұртшылықтан көп алыстап кетпегендей. «Оқырман қазір де аз, бұрын да солай болған, таңдаулы оқырман әрқашан сирек» деген тоқтамды желеу етіп, жанымызды жұбататын сықылдымыз. Талантты жазушы, одан бөлек талантты оқырман да болады. Оқырмандық қабілет төмендеп кеткендей. Бұрынырақта оқырмандардың мынадай түрі болатын: оқи береді, оқи береді, бірақ өз пікірлері жоқ. Қазір тіпті оқымайды да ғой. Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да – жетім.», - деген екен. Расымен де жазушы бүгінгі өмірдің ащы шындығы болушы осы қорқынышты тап басып айтып отыр.
«Қазақ тілінің бүкіл шаруасы журналист, жазушы, филологтардың мойнында да, қалғандардың онда мүлде қатысы жоқтай құлық қазақ жанын жайлап алған тәрізді.»
Жұмабай Шаштайұлы бүгінгі қазақтың бойындағы бейғамдық бойкүйездік туралы ашына жазып та, айтып та өтті. Селт етер сана, елеңдеп естір есті құлақ болса игі деп, бүгін мен ертеңнен үміт етеміз. Осы ретте ойымызды тағы да жазушының өз сөзімен өрнектейміз:
«Өзі өлсе де орны үңірейе білініп, өнегесі ұмытылмай – талғам-танымына жүгіндірмей қоймайтынының арқасында, есімі әрдайым аталып, әруағы санада әрқашан жаңғырып тұратын тұлғалар сирек, сирек те болса барына шүкіршілік етудің өзі біле-білген адамға бір ғанибет екен!»
Иә Жұмабай Шаштайұлы – өзі айтып кеткеніндей, әруағы санада жаңғырып тұратын, жазған, түсірген дүниелерін туған халқы оқып, түйсініп, одан рухани нәр алып, кәдесіне жарата берер туындыгер тұлғалардың бірі ретінде қазағымен бірге жасай беретін мәңгілік ғұмырлы қаламгер.
